20 - Шәууал, 1445 жыл.
     29 - Сәуір, 2024 жыл.   


КЕРБЕЛА ОҚИҒАСЫ

Кербела оқиғасын тарих кітаптары әртүрлі жазуда. Әсіресе кейбір кітаптар қайғылы оқиғалар ойлап шығарып, оқырмандарын адастыруда. Сенімдерін, ойларын араластыруда. Өтірік, ойдан құрастырылған жазбаларымен оқырмандарын өздерінің қате сеніміне жетелеуге тырысуда. Сондықтан Кербела оқиғасы туралы әр уақытта әркімнің ойы әртүрлі болған, әркім өз ойының дұрыс екеніне сенген. Үндістанның үлкен тарих ғалымы Мұхаммед Абдушшәкур Мирзапури (рахимә-һуллаһу та'ала) бұл тақырыпты жылдар бойы зерттеген, дұрысын шығарып, «Шаһадат-и Хусейн» атты теңдессіз кітап жазған. Пәкістанда Қарашиде ислам медресесінің шәкірттерінен Ғұлам Хайдар Фаруқи (рахимә-һуллаһу та'ала) бұл кітапты урду тілінен парсы тіліне аударып, «Рәфақат-и Хусейн» деп атаған, кітап 1395 (м.1975) жылы Қарашиде басылған. Кітаптың кіріспесінде былай жазылған:

Ислам дінінде ең алғаш шығарылған және бұл дінге зияны өте көп болған әрі осы күнге дейін миллиондаған мұсылманның діннен шығуына, адасуына себеп болған фитна, ертергілер, қиялдар, ойдан құрастырмалар және арнайы мақсаттар үшін құрылған, мұсылмандыққа мүлде сай келмейтін нәрселер. Бұл фитнаны Яқуб Куләйнидің ұлы шығарған. Бұл бала Абдуллаһ бин Сәбә есімді яһудидің адасқан, қате сөздеріне алданғандардың бірі. Ислам дінін іштен құлату, мұсылмандарды алдау үшін көп нәрсе ойдан құрастырып, өтіріктерінен бір кітап қалыптастырған. Ол кітапқа «Кафи» деген атау берген. Кейіннен пайда болған ТУСИ, МӘЖЛИСИ және басқа да азғын адасушылар Кафи кітабындағы түпнегізді таратуға тырысып, мұсылмандар арасына бөліну мен араңдату отын алаулатқан. Олар «Тақийя» деп аталатын екі жүзділікті діндерінің негізі қылып ұстанған. Барлық құлдыратуларын, дұшпандықтарын Тақийя жамылғысының астында жүзеге асырған. Тақийяларының ең атақтысы «Әһли бәйт»-ті жақсы көретіндігін айтуы. Олар осы сөздерімен миллиондаған мұсылманды тура жолдан шығарған, пәлекетке жетелеген. Мұсылмандарды олардың тұзағына түсуден қорғау үшін бәрінен бұрын «Әһли бәйтке деген махаббат» тақийясының шынайы бет пердесін ашу қажет.

Мұхаммед алейһиссаламның жолын ұстанатын және асхаби кирамның жолымен жүретін шынайы мұсылмандар «Әһли сүннет» деп аталады. Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) «Әһли бәйтке деген махаббат» сөзінің мағынасына тек жақсы деумен шектелмеген, әһли бәйтті жақсы көрудің иманның бір бөлігі екенін айтқан. Адасушылар сенімдерінің негізі әһли бәйтті жақсы көру екенін әрдайым жиі-жиі айтқанымен, олардың әрбір ісі, әрбір әрекеті олардың әһли бәйтке дұшпан екенін көрсетуде. Бұл сөзімізді жақсы түсіну үшін хазреті Хусейнді сүннилер шәһид етті ме, әлде адасушылар ма? Мұны жақсылап зерттеу керек. Олардың кітаптарын оқыған ақылы бар адамның шәһид еткендердің сүнни екеніне сенуі мүмкін емес. Білімсіздерді алдау үшін хазреті Муауияның және Язидтің есімдерін алға шығарады. Алайда бұл оқиғаны баяндайтын кітаптардың ешбірінде сол екі халифаның хазреті Хусейннің мүбәрәк қанымен қол бұлғағаны анық жазылмаған. Хазреті Муауияның хазреті Хусейннің шәһид етілуіне араласқаны мүлде жазылмауымен қатар, ондай бұйрық бергені де жазылмаған. Хазреті Хусейннің шәһид болуы хазреті Муауияның заманында болмағаны бір ауыздан хабар берілген. Жоғарыда аты аталған молда Бақыр Мәжлиси хазреті Муауияның қайтыс боларында ұлы Язидке айтқан өсиетін былай жазған:

«Имам Хусейннің (радиаллаһу анһ) Расулуллаһқа жақындығын білесің. Ол ұлы хазреттің мүбәрәк денесінің бір бөлшегі. Ол хазреттің еті мен қанынан пайда болған. Мен түсініп тұрмын, Ирак халқы оны өздеріне шақырады. Бірақ көмектеспей жалғыз қалдырады. Егер сенің қолыңа түсетін болса, Оның қадірін, құрметін біл! Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Оған деген жақындығын және махаббатын есіңе ал! Оның істегендеріне жауап қайтарма! Онымен біздің арамызда құрған берік бауларымды сен үзбе! Оны ренжітуден, Оны өкпелетуден өте сақ бол!». Хазреті Муауияның Язидке қалдырған бұл өсиеті «Жилаул уюн» кітабының 321-ші бетінде жазулы. Бұл кітапты шии көсемдерінен Мұхаммед Бақыр бин Мұртада Фәйзи Хорасани жазған. Молда Мухсин атымен танымал болып, 1091 [м.1679] жылы өлген. Шии ахундарынан Мұхаммед Тақи Хан жазған парсы тіліндегі «Насих-ут тауарих» кітабында жазылуы бойынша, Муауия Язид ұлына мына өсиетті де қалдырған: «Ұлым, нәпсіңе, құмарыңа берілме! Өзіңді Хусейннің хақысынан аса қорға! Ертең Хақтың алдына шығатын кезіңде Хусейн бин Әлидің қаны сенің мойныңда болмауына аса мұқият бол! Әйтпесе ол күні саған рахаттық пен бақыт жоқ. Шексіз азапқа душар боласың!». Бұдан кейін кітабының 6-шы томының 111-ші бетінде Абдуллаһ бин Аббас хабар берген хадис шәрифті былай жазған: «Йа, Раббым, Хусейннің құрметін және абыройын қорғауда немқұрайлы қарайтындарға берекет берме!». Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) хазреті Хусейнге қарата айтқан барлық сөздерін әдеппен, құрметпен айтқанындай, жазбаларында да Оған әдепсіздік мүлде жасамаған. Алайда Имам Хусейн Оған жазған хаттарында қатаң сөздер қолданатын. Тіпті Язид пен Абдуллаһ сондай сөздерді көргенде хазреті Муауияға «Сіз де солай қатаң жауап беріңіз!» дегендерінде оларға хазреті Муауия күліп: «Екеуің де қателесіп жатырсыңдар. Мен Хусейн бин Әлиді қалай айыптай аламын? Мен сияқты адамның біреуді айыптауы және бәрін осыған сендіруге тырысуы ақылды адамның ісі емес. Хусейнді қалай айыптай аламын? Аллаһқа ант етемін, Оның айыпталатын жері жоқ. Оған хат жазамын. Бірақ Оны қорқытатын, ренжітетін сөздер жазбаймын» деді. Шии автор «Насих-ут тауарих» кітабының 6-шы томы, 78-ші бетінде: «Қысқасы, Хусейнді ренжітетін ештеңе жазбаған» деген.

Хазреті Муауия хазреті Хусейнге үлкен әдеппен және құрметпен қарауымен қатар Оған қызмет те көрсететін. «Насих-ут тауарих» кітабында ашық түрде: «Хазреті Хусейнге жыл сайын мыңдаған дирхам күміс жіберуді ол әдетке айналдырған. Одан басқа құнды заттар мен сыйлықтар да жіберіп тұратын» делінген. Осыншалықты әдебіне және қызметіне қарамай хазреті Хусейннен қорлық, қиындық көрген кезде оларға еш мән бермейтін.

Муауияға (радиаллаһу та'ала анһ) Йеменнен хараж (салық) мүлкі жіберілген болатын. Ол керуен Шамға барарда жолда Мәдинаға кірді. Хазреті Хусейн (радиаллаһу та'ала анһ) олардың бәрін алып қойып, әһли бәйтке және сүйіктілеріне үлестірді де, хазреті Муауияға былай жазды: «Үстіне мал-мүлік пен мускус жүктелген түйелерді Йеменнен Шамға апара жатқан еді. Сендерге апара жатыр, «Бәйт-ул мал» қазынасына қояды деп түсіндім. Маған қажет болғандықтан, бәрін алдым. Уәссәләм!». Хазреті Муауия хазреті Хусейнге (радиаллаһу анһума) былай жауап жазып жіберді: «Ол түйе керуеніне тиіспегеніңде, маған әкелген кезде сенің үлесіңді өзіңе берер едім. Бірақ ей, бауырым, сенің жағымпазданатын адам емес екеніңді білемін. Менің дәуірімде саған ешкімнен зиян келмейді. Өйткені сенің қадіріңді, жоғары дәрежеңді білемін. Әр ісіңе қош қараймын». Бұл хаттар «Насих-ут тауарих» кітабының 57-ші бетінде жазулы.

Әмір Муауия (радиаллаһу та'ала анһ) Шамға келіп оны балағаттайтындарға да қош қарайтын. Оларға мал-мүлік, ақша сыйлайтын. Жоғарыдағы шии кітабы мұны былай баяндайды: «Хазреті Әлидің жағынан Шамға келгендер Муауияға жаман сөздер айтып балағаттайтын. Оны ренжітетін. Хазреті Муауия оларға да бәйт-ул малдан (қазынадан) сыйлықтар беретін. Олар зиян көрмей, қиындықсыз қайтып кететін». (38-ші бет). Бұл жазбалардан аңғарылатыны, хазреті Хусейнді шәһид еткізді деп хазреті Муауияны жамандау өте жаман жала және үлкен өтірік болуда.

Муауия (радиаллаһу та'ала анһ) туралы хазреті Хасанды (радиаллаһу та'ала анһ) улап өлтірді деп жамандауға тырысу да мүмкін емес. Өйткені шиилердің «Жила-ул уюн» кітабының 323-ші бетінде де жазылғанындай, хазреті Хасан «Аллаһқа ант етемін, мен үшін Муауия олардан жақсырақ. Олар шии екендіктерін айтуда. Алайда олар мені өлтіруге тырысты және мал-мүлкімді тонады» деген.

Шии кітаптары Язидтің де бұл қылмысқа араласпағанын және бәрі ойлайтындай жаман емес екенін әр түрлі жолдармен жазған. Әкесінің хазреті Хусейн туралы жазған өсиетін еш ұмытпады. Шәһид етілуіне бұйрық бермеді. Шәһид етілген кезде қуанбады. Тіпті қатты қайғырып жылады. Ол үшін аза тұтуға бұйрық берді. Шәһид еткендерге қаталдықпен қарады. Хазреті Хусейннің әһли бәйтіне көп құрмет көрсетті. Имам Хусейннің әһли бәйтінің (жанұясының) Шамнан Мәдинаға бару қалауын қабылдап, құрметпен, сияпатпен және арнайы қорғаумен жіберді. Бұл мәліметтер шии кітаптарында ұзақ жазылған.

Атақты шии ахуны Молда Бақыр Мәжлиси «Жила-ул уюн» кітабының 424-ші бетінде былай дейді: «Язид әһли бәйтке деген жақсылығымен танылған Уәлид бин Уқбә бин Әбу Суфянды Мәдинаға әкім қылып тағайындады. Имам Хусейннің және балаларының (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) дұшпаны болған Мәруан бин Хакемді қызметінен босатты». 432-ші бетінде: «Язид Имам Хусейннің дұшпаны болса, Оның дұшпанын әкімдіктен босатып, орнына Оның досын тағайындамайтын еді» деп жазылған. 424-ші бетінде: «Уәлид бір түні Имам Хусейнді шақырды да, Язид жіберген хатты оған көрсетті. Хатта хазреті Муауияның қайтыс болғаны және бәрінің Язидке бағынғаны жазылған еді. Имам Хусейн мұны көргенінде «Инна лиллаһ» аятын оқыды» деп жазылған. Бұл жазба да хазреті Хусейннің хазреті Муауияға дұшпан болмағанын және оны шынайы мұсылман деп білгенін көрсетуде. Олай деп санамағанда Оның қайтыс болғанын естігенде «Инна лиллаһ» аятын оқымас еді.