19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Үмбетім жетпіс үш топқа бөлінеді

Үмбетім жетпіс үш топқа бөлінеді

Сұрақ: Мұсылмандардың әр түрлі топтарға, ағымдарға бөлінетінін пайғамбарымыз алейһиссалам білген бе еді?

Жауап: Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үмбетінің басына келетіндерді білдіріп:

«Бәни Исраил жетпіс екі халыққа бөлінді. Үмбетім де жетпіс үш топқа бөлінеді. Бұлардан тек бір топ қана құтылады, қалғандарының бәрі тозаққа түседі» деген. Асхаби кирам:

- Ол қай топ, Йа Расулаллаһ? – деп сұрағанда:

- Менің және Асхабымның жолында болғандар, – деп жауаптады. Бұл хадис шәрифті Имам Тирмизи хазреттері Абдуллаһ бин Омар хазреттерінің хабар бергенін білдіруде. Имам Ахмед пен Әбу Дауд хазреттерінің жеткізгендері бойынша:

«Бұлардың жетпіс екісі тозақта, ал қалған біреуі жәннатта. Бұл да бір жамағат» деді.

Бұл хадис шәрифте білдірілген жалғыз құтылу жолын және олардың жәннатқа кіруге себеп болған ақидаларын (сенімдерін) іздеп табу, олардың сенімдеріне сай болмаған адасқан ағымдардан сақтану қажет. Осы жолмен тозақ отынан құтылуға тырысу керек. Абдулқадир Гейлани хазреттері екінші хадисте білдірілген жамағатты және бірінші хадис шәрифті былай түсіндірген:

«Мүминнің сүннетке және жамағатқа бағынышты болуы керек. Сүннет – Расулуллаһ көрсеткен жол. Ал жамағат – Хулефа-и рашидин деп аталатын төрт халифа заманындағы Асхаби кирамның сөз бірлігімен шығарылған үкімдері. Мұсылманның бидғатшылардың көбеюіне тосқауыл болуы, олардан аулақ болуы керек.»

Ахмед ибн Хажәр-ул-Хәйтәми хазреттері «Сауаиқ-ул-мухриқа» кітабында:

«Әһли сүннет сенімінен айрылғандар Мүбтәди (бидғатшы-адасқан) деп аталады. Олар бірінші ғасырда шыға бастады» деген. «Фәтһ-ул-жәуад» кітабында былай дейді:

«Мүбтәди – Әһли сүннет сөз бірлігімен білдірген ақиданы ұстанбайтын адам деген сөз. Бұл сөз бірлігін Әбул Хасан Әшари мен Әбу Мансұр Матуриди хазреттері және олардың жолында болған ғалымдар білдірді. Шафии ғалымдарынан Ахмед Шихабуддин Қалюби Мысри «Кәнз-ур-рағибин» хашиясында былай дейді:

«Әбул Хасан Әшаридің және Әбу Мансұр Матуридидің білдіргендерінен айрылған адам Сүнни емес. Бұл екі имам Расулуллаһтың және сахабаларының жолында.»

Бұлардың бәрінен аңғарылып тұр, бұл үмбет жетпіс үш топқа бөлінеді, бұлардың тек біреуі ғана тозақтан құтылады. Әрбір мүминнің осы жалғыз топты іздеп табуы және оларға бағынуы уәжіп.