19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Мүмин мүминді көргенде...

Мүмин мүминді көргенде...

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Қағбаны алғаш рет көрген кезде мүмин не деп дұға етсе де, Аллаһу та'ала қабыл етеді. Мүминнің жүрегі қағбадан да қадірлі. Қағбаны алғаш көргенде жасалған дұғаны Аллаһу та'ала қалай қайтарып жібермей қабыл ететін болса, бір мүминмен кездескен кезде де жасалған дұғаны Аллаһ қабыл етеді.

Мүминнің басқа мүминмен кездескен кезде жасайтын дұғасы бәрінен бұрын «Әссаламу алейкум» болу керек.

Әссаламу алейкум дегеніміз – Аллаһу та'ала саған әрі дүниеде, әрі ахиретте саламаттық берсін, сені жәннатына кіргізсін деген сөз. Ол «Уа алейкум салам» немесе «Уа алейкум-ус-салам» десе, «Аллаһу та'ала саған да әрі дүниеде, әрі ахиретте саламаттық берсін» деп дұғасын жауаптаған болады. Жалғастырып «Уа рахматуллаһи» десе, «Раббым саған мейірімді болсын» деген болады. «Уа баракатуһу» деп те қосса, «Аллаһу та'ала табысыңа, өміріңе және денсаулығыңа берекет берсін» деп дұға еткен болады. Сондықтан да мүминнің өзге мүминді көрген кезде жасауы керек болған ең жақсы дұғасы – сәлемдесу.

 

Әулиелер ұмытпайды

Әулиелер оларды жақсы көргендерді және қызмет еткендерді ахиретте де ұмытпайды. Бір әулие кісі айтады:

- Аллаһу та'ала осы қызметтер үшін иншаллаһ біздерге көп үлкен ниғметтер береді, жәннатты нәсіп етеді. Егер Аллаһу та'ала бізге осындай мүмкіндік нәсіп етсе, мен жәннаттың есігінде «Йа, Раббым, бұл қызметтерді мен жалғыз атқармадым. Дүниеде бауырларым бар еді, достарым бар еді, шәкірттерім бар еді, олармен бірге атқардым. Оларды да сұраймын, жәннатқа олармен бірге кіруді қалаймын» деп дұға етемін.

Сонда бір шәкірті сұрайды:

- Ұстазым, ол жер махшар алаңы, Аллаһ сақтасын, адамдар бөлек қалып кетсе, оларды ол жақта табу мүмкін емес. Егер ол жақта біреу адасып, бір жерде жоғалып қалса, келе алмаса, онда не болады?

Әулие кісі бұл сұраққа мынадай жауап береді:

- Адамдардың ісі аралас-құралас болады, бірақ Аллаһу та'аланың ісі аралас-құралас болмайды. Махшарда әркім жақсы көргендерімен бірге болады. Ол жақта жоғалып қалу да, адасу да, аралас-құралас та жоқ. Бәрі бір жерде болады, еш уайымдамаңдар! Аллаһу та'аланың істерінде тәртіп болады. Ешкім жоғалмайды. Дүниеде сол әулиелерді жақсы көріп, олармен бірге болсын, соның өзі жетеді.

Отқа жанудың азабын жақсырақ түсінгің келсе, қолыңды оттың алауында ұста немесе бір нәрсені жағып, оттың сұмдығын көр, кейін тозақ отының күшін және ол жақта мәңгі қалуды ойла, Аллаһ сақтасын. Адам бір том кітап оқығанша, пештің ішіндегі қызып тұрған отқа қолын бір рет сұғып алса, ғалым болады. Неге? Өйткені өмірінің соңына дейін соның ауруын сезіп тұрады.