21 Сәуір 2018   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Құран оқылмайтын үйдің қайыры азаяды

Құран оқылмайтын үйдің қайыры азаяды

Құран кәрім оқуды үйрену, үйрету және оқып тұру үлкен сауап. Ғұламаларымыз: «Бір үйде жатқа болса да Құран кәрім оқылмайтын болса, ол үй мазар сияқты болады» деген.

Хадис шәрифте айтылған: «Үйлеріңде Құран оқуды арттырыңдар! Құран оқылмайтын үйдің қайыры азаяды, жамандығы артады, сол үйдегілерге таршылық келеді.»

Құранды кітапқа қарап оқудың сауабы жаттанды түрде оқудан көбірек. Ал намазда оқудың сауабы Құранға қарап оқудан да көп.

Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) былай деген:

«Намазда оқылған Құран кәрімнің әрбір әрпіне жүз сауап беріледі. Намаздан басқа уақытта дәретпен оқылса, әрбір әрпіне жиырма бес сауап, дәретсіз оқылса, он сауап беріледі. Жүріп бара жатқанда және жұмыс істеп жатқанда оқылса, сауабы одан да азырақ болады.»

Білетін адамның мағынасын ойлап бір аят оқуы басқа нәрсені ойлап бүкіл Құранды хатым етуінен де сауаптырақ.

 

Имам Ғазали хазреттері айтқан:

«Құран кәрімді оқудан бұрын Аллаһу та'аланың ұлылығын, кімнің сөзі екенін ойлау керек. Құран кітапты ұстау үшін таза қол керек болғанындай, оны оқу үшін таза жүрек керек. Аллаһу та'аланың ұлылығын білмейтін адам Құран кәрімнің ұлылығын түсіне алмайды. Аллаһу та'аланың ұлылығын түсіну үшін Оның сипаттарын және жаратқандарын ойлау қажет. Бүкіл жаратылыстың иесінің, қожайынының сөзі екенін ойлап отырып оқу керек. Оқыған кезде басқа нәрселер ойламауға тырысқан жөн.»

 

Әбу Мүслим Сафтар – үлкен әулиелердің бірі болатын. Бір күні кемемен теңізге сапарға шықты. Қасында көптеген адамдар бар еді. Кенеттен дауыл шықты. Толқындар биіктеп көтерілді. Кеме батып кететіндей болды. Адамдар кемедегі жүктерді теңізге тастап, жан-жағынан көмек сұрап жатты.

Әбу Мүслим айтады:

«Бізбен бірге кемеде бейтаныс, бірақ сырттан қарағанда салих, тақуа екені аңғарылып тұрған бір кісі бар еді. Қасында Құраны бар еді. Тұрып Құран кәрімді қолына алды да, былай дұға етті:

"Йа, Раббым! Егер бір адамның қолында бүкіл әлемнің сұлтанынан келген хат бар болса, ешкім оған тиісе алмайды, зиянын тигізе алмайды. Ол бәле-жаладан сақ болады. Йа, Раббым! Бұл сенің кітабың, мұны бізге сен бердің. Қолдарында сенің кітабың бар болған құлдарыңды суға батыру сенің рақымдылығыңа жараспайды. Бізді қауіптен құтқара гөр!"

Сол сәтте толқындар бірден тоқтап, теңіз тынышталды, біз әрі қарай амандықта жолымызды жалғастырдық.