19 - Шәууал, 1445 жыл.
     28 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Адамға қарай харам мен халал өзгереді ме?

Адамға қарай харам мен халал өзгереді ме?

Сұрақ: Кейбір азықтар зиянын тигізетіндерге, аллергия тудыратындарға харам, ал зиянын тигізбейтіндерге халал болатынын жазыпсыз. Сонда халал-харам адамға қарай өзгере ме? Біреуге харам болған нәрсе басқасына халал бола ма?

Жауап: Ондай ерекше жағдайлар көп. Біреуге халал болған нәрсе басқасына харам болуы мүмкін. Ал дәлелдері төмендегілер:

1) Бай кісіге зекет беру парыз, ал кедейге парыз емес. Қажылық та баршаға бірдей парыз емес. Құрбандық шалуда да адамның кедей немесе бай болуына қарай өзгешеленеді. Пітір садақасы да сондай. (Дүрәр)

Демек, біреуге парыз болған ғибадат басқа біреуге парыз емес.

 

2) Тұрып намаз оқу (қиям) парыз. Бірақ науқастарға парыз емес. (Жәуһәра)

Демек, біреуге парыз болған жағдай басқа біреуіне парыз болмауы мүмкін.

 

3) Уақыты кірмесе намаз парыз болмайды. Полюстарға жақын аймақтарда құптан мен таң намаздары парыз болмауда. Бірақ оқыған жақсы болады. (Тахтауи)

Демек, барлық бұйрық баршаға бірдей емес.

 

4) Дәреттің төрт парызы бар. Ал аяғы жоқ адамға үшеу. (Халеби)

Демек, дәреттің парызы да сау-мүгедек болуға қарай өзгереді.

 

5) Төрт рәкатты парыздарды төрт рәкат қылып оқу парыз. Бірақ жолаушыға парыз емес. Тіпті екі рәкат қылып оқуы уәжіп. (Ибн Абидин)

 

6) Еркін әйелдің қолы мен жүзінен басқа денесін толықтай жабуы парыз, ашуы, көрсетуі харам, бірақ күң (құл әйел) үшін ондай емес. Күң басын, қолын, тіпті тізеден төмен аяғын аша алады. (Хиндия)

 

7) Өз бауырымен үйлену харам, басқаларымен үйлену харам емес. (Бахрур-раиқ)

 

8) Бай адамның қайыр сұрауы, тіпті зекет алуы харам. Бірақ мұның да ерекше тұстары бар. Мысалы хадис шәрифте былай делінеді:

«Ілім үйреніп жүрген адамның 40 жылдық напақасы болса да, ондай бай шәкіртке зекет беруге болады». (Рәддул мухтар)

Демек, бай адамға харам болған нәрсе басқа бай кісіге халал болуы мүмкін.

 

9) Өлексе және шарап харам. Аштықтан және шөлден өлетін адамдарға харам емес. (Бәззаззия)

 

10) Кейбір дәрілер, мысалы пенициллин кей адамдарға аллергия тудырып, өліміне себеп болады. Аллергия тудыратын дәрілерді қолдану харам болады. Бірақ бұл дәрілер басқаларға харам емес. (Бәриқа)

Дәрі сияқты азық-түліктердің, көкөністердің және шөптердің де аллергия тудыратындары бар. Ішкі ағзаларында ақауы болғандарға зиянды нәрселер сау адамдарға зиянды емес. Кейбір адамдарға балық, сүт, жұмыртқа, бұрыш, құлпынай сияқтылар зиянды. Бұлар тек зиянын тигізетіндерге ғана харам немесе мәкрух болады. Ал зиянды болмағандарға халал. Апиын және басқа да улы шөптердің көп мөлшерін қолдану харам, бірақ дәрі ретінде аз мөлшерде қолдану рұқсат. (Хадиқа, Зәуажир)

(Шайдағы теин және кофедегі кофеин – екеуі бір зат. Шайда %2,5, ал кофеде %1,3 шамада кофеин бар. Кофеин зейінді ашады, қан айналымды жақсартады, денені қыздырады, шаршағанды басады, асқорытуды оңайлатады. Ал артығы жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді. Жүрек ауруларына, жүйкелері әлсіз адамдарға және балаларға аз мөлшердегі кофенің өзі кері әсерін тигізуі мүмкін). (Азық-түлік химиясы, 658-бет)

Медициналық кітаптарда дәл ислам ғалымдары хабар бергендей жазылған. Яғни бір нәрсе, мәселен кофеин, никотин сияқты нәрселер біреулерге зиянын тигізсе, біреулерге зиянын тигізбейді. Зиянын тигізетіндерге әлбетте харам болады. Бірақ, зиянын тигізбейтіндерге харам болады деу дінді өзгерту болып табылады.

Шылым шегу де зиянын тигізбейтін адамдарға мубах. (Әл-уқуд-уд-дурия)

 

Шекер де зиянды ма?

Сұрақ: Шылым шегудің зиянын жазған ғалымдар енді шекердің зияндарын да тізіп жазып жатыр. «British Medical Journal» журналында жарияланған ғылыми мақалада шекердің жүзге жуық зияндары аталып, «Шекер темекідей зиянды, оны есірткі қатарына қосу керек» деп жазылған. Осыншалықты зиянды шекерді тұтыну да харам болмай ма?

Жауап: Шекер де басқа зиянды азықтар секілді баршаға бірдей мөлшерде әсер етпейді. Сусамыр (диабет) науқасына тигізетін зияны мен басқа адамдарға тигізетін зияны бірдей емес. Кезкелген нәрсенің көбі зиянды болғанындай, шекердің де көп мөлшері зиянды болуы мүмкін. Зиянын тигізбейтін шамада шекер тұтыну харам болмайды. Шылым шегу де осындай. Зиянын тигізсе, харам болады.

 

Сұрақ: Ауырып қалған адамның құрамында спирт сияқты харам болған дәріні қолдануының діни тұрғыда зияны бар ма?

Жауап: Бұл туралы Ибн Абидин былай дейді:

«Қолданылуы харам болған бір нәрсені таза болсын, лас болсын, дәрі ретінде қолдану харам. Бірақ, ауруға пайдалы болатыны мәлім болса және одан басқа дәрі табылмаса, қолданылуына рұқсат берілген».