18 - Шәууал, 1445 жыл.
     27 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Күншіл адам үнемі мазасыз жүреді

Күншіл адам үнемі мазасыз жүреді

Сұрақ: Күншіл адамдар психологиялық тұрғыда мазасыз, көңілі ауру адамдар ма?

Жауап: Біреудің өзінен үстем болған барлық нәрсесін көре алмайтын, яғни ондағы үстемдіктің тек қана өзінде болуын қалайтын адамды «Күншіл» деп атайды. Бұл жағдай адам баласының ең жаман мінездерінің бірі.

Күншіл адам өмірі бойы мазасыз жүреді. Ондай іші тар адамдар өзінен төмендерді көрмейді, өзінен үстем және әл-ауқаты жоғары адамның барлық нәрсесіне қарап, оны көре алмайды.

Күншіл адам – Аллаһу та'аланың оған берген нәрселеріне разы болмаған адам деген сөз. Аллаһу та'аланың бергеніне разы болмаған адамға Аллаһу та'ала да разы болмайды. Ал Аллаһу та'аланың біреуге разы болмауы пәлекеттердің ең үлкені. Ондай адам дүниеде де, ахиретте де зиянда.

Сондықтан, өзінің бойында күншілдік және көре алмаушылық байқағандар ақырындап бұл мінездерінен тыйылуы керек. Адамдар өздерін қалағанша түзетуі мүмкін. Көре алмаушылықтан құтылғандар рахаттық пен шаттыққа бөленеді. Бұл байлық пен кедейлік мәселесі емес. Бұл көңілдің, пейілдің байлығы мен кедейлігі мәселесі. Қаншама кедейлер бар, бір үзім нан тапқан кезде Аллаһу та'алаға шүкір етеді, байлардың жағдайын ойына да алмайды. Қаншама байлар бар, миллиондаған ақшаларына тағы бірнеше миллион қоса алмағанына қайғырып, мұңға түседі.

Күншіл адам басқа біреудің өзінен жақсы киінгенін, жақсы өмір сүргенін көтере алмайды, қабылдай алмайды. Яғни оның бет-әлпетін, дене бітімін, сұлулығын, еңбекқорлығын, жетістіктерін көре алмайды. Одан да жаманы, оның басына келген жамандыққа, бәлеге қуанады. Бұл күншілдіктің ең жаман дәрежесі. Ондай адамға Аллаһу та'аланың жәрдемі тоқтауы мүмкін. Одан бетер жағдайға түсуі мүмкін.

Ақкөңіл, кең пейілді және баршаға жақсылық тілеп жүретін адам Аллаһу та'аланың қамқорлығында болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):

«Мұсылман кісі өзіне қалайтын жақсылықты өзге мұсылманға қаламаса және мұсылман кісі басына келген жамандықты өзі қаламай тұра басқа мұсылманға қаласа, оның иманы толық емес» деген.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тек қана өзін ойлайтындарды жақтырмайды. Өзге мұсылмандарды ойлайтындарды ұнатып, солай істегенді қалайды. Ал енді елестетіп көрейік, бүкіл әлем пайғамбарымыздың осы бұйрықтарын орындайтын болса, әлемде ұрыс-керіс пен түсініспеушілік қала ма?