7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Бауырыңның құрметіне сен де құтылдың!

Бауырыңның құрметіне сен де құтылдың!

Ата-анаға жақсылық жасап, сый-сияпат көрсету – баланың мойнындағы парыз. Ата-ана залым болса да, зұлымдық көрсетсе де, баласы оларды ренжітпеуі керек.

Ата-ананың алдында кішіпейіл, қарапайым болу керек, өмірінің соңына дейін оларға қызмет етіп, разылықтарын алу қажет.

Бала ата-анасына мейіріммен, қамқорлықпен және сүйіспеншілікпен қараса, оған осы қарағанына қабыл болған қажылықтың сауабы жазылады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Әкесіне және анасына мейіріммен қараған балаға қажылық пен умра сауабы жазылады» деді. Мұны естігендер: «Күніне мың рет қараса да осындай сауап па?» деп сұрағанда: «Күніне жүз мың рет қараса да...» деп жауап берді.

Дін ғұламалары да айтқан: «Ата-анаға, қайын ене мен қайын атаға құрмет көрсету, қызмет етуді ең маңызды міндет деп білу қажет».

Ата-ананы зиярат етпеу, яғни оларға бармау, хабарласпау үлкен күнә болады. Егер алыста болса, ең болмағанда сәлем жолдап, жылы хат жазып, телефон соғып көңілдерін аулау керек.

Аллаһу та'аланың разылығы дінін ұстанатын ата-ананың разылығында, Аллаһу та'аланың ашуы дінін ұстанатын ата-ананың ашуында...

Ата-ананың перзентіне жасаған дұғасы пайғамбардың үмбетіне жасаған дұғасы секілді екенін еш ұмытпаған жөн.

Бір кездері ағайынды екі бауыр бар еді. Төсек тартып жатқан аналарына бір түні бірі, бір түні екіншісі кезектесіп қарайтын. Өзара солай келіскен болатын. Көп ғибадат ететін бауыры нәпіл ғибадатқа беріліп, таңға дейін ғибадат жасайтын. Сол үшін бауырына «Бүгін анама менің орныма сен қызмет етші, мен ғибадатымды жасай берейін» дейтін. Осылайша анасына қарау кезегі оған мүлде келмейтін. Бауыры оның да сауап алуы үшін көп ғибадат ететін бауырына кейде «Бүгін сенің кезегің» дейтін. Ол болса тағы өтініш жасап, таңға дейін ғибадатпен айналысатын.

Сондай бір түні таңға дейін ғибадат етудің ләззатынан бауырына әдеттегідей кезегін беріп «Бұл түні де сен қарашы, мен ғибадат етейін» деді. Бауыры келісіп, анасына қызмет етуге барды, ол ғибадатына кірісті.

Бір кезде көзі ілініп ұйықтап кетіп, түс көрді. Түсінде нұрлы жүзді бір кісі оған:

- Бауырың кешірілді, - деді. Жігіт таңқалып сұрады:

- Ал мен неге кешірілмедім?

- Сен де кешірілдің, бірақ бауырыңның құрметіне кешірілдің.

- Мен Аллаһу та'алаға ғибадат етемін. Ал бауырым анама қызмет етеді. Бірақ менің оның құрметіне кешірілуімнің хикметі неде?

- Аллаһу та'ала сендерге нәпіл ғибадатты парыз етпеді, бірақ ата-анаға қызмет етуді парыз қылды. Оның үстіне сенің анаң қызметке мұқтаж. Бауырың әмірге бағынғаны үшін кешірілді және дәрежесі көтерілді. Оның арқасында сен де кешірілдің, - деген екен.