11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Иман / Иман және исламның шарттары

Иман және исламның шарттары

Сұрақ: Иман турасында әрбір мұсылманның білуі міндетті болған нәрселерді қысқаша айтып бересіз бе?

Жауап: Әрбір мұсылманның білуі міндетті болған иман ілімдері – иманның шарттары және исламның шарттары болып табылады.

Иманның шарттары мыналар:

 

1- Аллаһу та’алаға сену

Аллаһу та’ала уажиб-ул-ужуд (бар болуы қажет болған) бүкіл болмыстардың жаратушысы. Одан басқа илаһ жоқ. Аллаһу та’ала уақытқа, мекенге мұқтаж емес. Ешнәрсеге ұқсамайды.

 

Аллаһу та’аланың заттық сипаты алты:

Ужуд

Қидем

Бақи

Уаһданиет

Мухалафатун лил-хауадис

Қиям би-нәфсиһи

 

(Ужуд-бар болу, Қидем-бар болуының бастауы жоқ, Бақи-бар болуының соңы жоқ, мәңгі бар, Уаһданиет-ұқсасы, ортағы жоқ, Мухалафатун лил-хауадис-жаратылыстардың еш біріне ұқсамайды, Қиям би-нәфсиһи-заты мен сипатында, істерінде ешнәрсеге мұқтаж емес.)

 

Субути сипаттары сегіз:

Хаят

Ілім

Сәм

Басар

Құдірет

Ирада

Кәлам

Тәкуин

(Хаят-тірі болу, Ілім-білу, Сәм-есту, Басар-көру, Құдірет-күші жету, Ирада-қалау, Кәлам-сөйлеу, Тәкуин-жарату) Бұл сипаттарының да бастауы жоқ, шексізден бері бар.

 

2- Періштелерге сену

Періштелер тірі, жанды, нұрдан жаратылған және ақылды жаратылыс. Аллаһу та’аланың сүйікті және қадірлі құлдары болып табылады. Серіктері немесе қыздары емес. Аллаһу та’аланың әміріне мойынсұнады, күнә істемейді. Өздеріне тапсырылған әмірлерден басқа атқаратын істері жоқ. Еркек әйел болып бөлінбейді, үйленбейді, тумайды, көбеймейді, балалары болмайды, ішіп-жемейді. Олардың қанаттары бар, алайда қандай екендігін білмейміз.

 

3- Кітаптарға сену

Аллаһу та’аланың жіберген кітаптары көп. Діни кітаптарда бұлардың 104 білдірілген. Олардан 100 данасы шағын кітапшалар, бұлар сухуф деп аталады.

100 сухуф мына пайғамбарларға түскен:

10 сухуф Адам алейһиссаламға,

50 сухуф Шит алейһиссаламға,

30 сухуф Идрис алейһиссаламға,

10 сухуф Ибраһим алейһиссаламға.

 

Ал төрт үлкен кітаптар мына пайғамбарларға түскен:

Тәурат Мұса алейһиссаламға,

Зәбур Дәуіт алейһиссаламға,

Інжіл Иса алейһиссаламға,

Құран кәрім Мұхаммед алейһиссаламға жіберілген.

 

Құран кәрім барлық илаһи кітаптардың үкімдерін жойған, яғни қолданысын тоқтатқан және бұл үкімдерді өзінде жинақтаған кітап. Қазіргі таңда барлық адамзат құрандағы әмірлерге бағынулары тиіс. Құран кәрімде “расулыма бағыныңдар!” деп бұйырылған. Сондықтан хадис шәрифтерге де бағынуы керек. Қазіргі күні еш қандай мемлекетте шынайы тәурат және інжіл жоқ. Бұзылған інжілдер бар. Негіздері, мәтіндері адамдар тарапынан өзгертілген. Өзгертілмеген болған күнде де Аллаһу та’ала тарапынан күші жойылған болып табылады.

 

Құран кәрім аят түрінде 23 жылда түсті. Құран кәрімнің үкімі қияметке дейін жалғасады. Үкімі тоқтаудан және адамдар тарапынан жасалатын өзгертулер мен енгізулерден сақтанған. Құранда кемшілік бар немесе тым асырушылық бар деп сенгендер, Аллаһу та’алаға да сенбеген болады. Бір аят-и кәримада былай бұйырады:

“Құранды біз түсірдік, әлбетте оны біз қорғаймыз.” (Хижр 9)

 

“Құран ұқсасы, теңі болмаған кітап. Оған алдынан, артынан (еш жағынан, ешқандай түрде) бұрыс нәрсе кірмейді (ешқандай нәрсе қосылмайды, ешнәрсе алынбайды. Өйткені) ол ғаламның хамд еткен үкім және хикмет иесі Аллаһ тарапынан түсірілген” (Фуссилат 41-42)

 

4- Пайғамбарларға сену.

Пайғамбарлардың алғашқысы Адам алейһиссалам және соңғысы біздің пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам. Бұл екеуінің арасында көптеген пайғамбарлар келіп кеткен. Нақты сандары белгісіз. 124 мыңнан көп болғаны туралы хабар мәшһүр.

 

Пайғамбарларға сену – олардың ешбірін бөлектемей, бәрінің Аллаһу та’ала тарапынан таңдалған, сенімді, турашыл, шыншыл екендігіне сену деген сөз. Олардың ішінде біреуіне сенбеген адам, ешқайсысына сенбеген болады.

 

Адам алейһиссаламнан Мұхаммед алейһиссаламға дейінгі бүкіл пайғамбарлардың барлығы бір иманды түсіндірген, үмбеттеріне білдірген иман мәселесі бәрінде бірдей болған. Яһудилер Мұса алейһиссаламға сеніп, Иса алейһиссалам мен Мұхаммед алейһиссаламға сенбейді. Христиандар Иса алейһиссаламға сеніп, Мұхаммед алейһиссаламға сенбейді. Ал мұсылмандар бүкіл пайғамбарларға сенеді.

 

            Пайғамбарлардың сипаттары:

Аманат:  Аманатқа қиянат жасамайды. Садық: Істерінде турашыл, сөздерінде тұрады, өтірік айтпайды. Тәблиғ: Дінді кемшіліксіз үйретеді. Әділдет: Барлық пайғамбарлар әділ болған. Исмет: Мүлдем күнә істемейді. Фатанат: Өте ақылды, зерек, түсінігі мол болады. Әмнул-азл: Пайғамбарлықтан шықпайды.

 

Аллаһу та’ала алғашқы адам және алғашқы пайғамбар Адам алейһиссаламнан бері әрбір мың жылда Расулдар арқылы жаңа дін жіберген. Олар арқылы адамдардың дүниеде рахат әрі тыныш өмірсүрулерін, ақыретте де шексіз бақытқа қауышу жолдарын білдірген. Жаңа дін әкелген пайғамбарларға “расул” деп атайды. Расулдардың ең үстемдері “улул-азм” пайғамбарлар деп аталады. Олар: Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса және Мұхаммед «алейһимуссалату уәссалам». Жаңа дін әкелмей адамдарға өзінен бұрын келген дінді насихаттайтын пайғамбарлар “нәби” деп аталады.

 

            Пайғамбарымыздан кейін ешбқандай пайғамбар келмейді. Құран кәрімде Ахзап сүресінің 40 аятында бұйырған: “Мұхаммед (алейһиссалам) – Аллаһтың расулы және пайғамбарлардың ең соңғысы” 5- Ақырет күніне сену

Барлық адамдар өлгеннен соң қайта тіріледі, есептен кейін жұмақ немесе тозаққа кетеді. Жұмақ пен тозақ қазірден бар. Екеуіде мәңгі. Мұсылмандар жұмақта мәңгі қалады, кәпірлер де мәңгілік тозақта қалады.

 

Қияметтің қашан болатындығы білдірілген жоқ. Бірақ пайғамбарымыз қияметтің бірнеше белгілері мен бастамалары туралы хабар берді:

 

«Хазреті Маһди келеді. Иса «алейһиссалам» көктен түседі. Дәжжал шығады. Йажуж-мажуж деп аталатын қауым барлық жерді қиратады. Күн батыстан туады. Үлкен зілзалалар болады. Дін ілімдері ұмытылады,  жамандық көбейеді.

6- Тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһу та’аладан екендігіне сену.

Адамдарға келетін жақсылық пен жамандық, пайда мен залал, табыс пен зиян барлығы да Аллаһу та’аланың қалауымен болады. Аллаһу та'аланың әзәли ілімімен адамдардың және басқа да махлұқтардың жасайтын істерін алдын ала білуі және оны қалауы «тағдыр» деп аталады. Оның жүзеге асуына «қаза» деп айтылады, екеуіне бірге қаза және тағдыр деп атайды.

 

Барлық нәрсені және адамдардың жасаған жақсы немесе жаман істерін Аллаһу та’ала жаратқанымен адамдарға «қалау» еркіндігін берген. Адам қалау еркіндігін қолданып жақсылық жасалуын қаласа сауап, жамандық жасалуын қаласа күнә жинайды. Адам күнә істесе жазасын тартады, ал сауап жинаса керісінше сыйапатына қауышады. Яғни Аллаһу та’ала ешкімге зорлап күнә жасатпайды.

 

 

Исламның шарттары

1- Калимаи шаһадат айту

«Әшһәду әллә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ». Мағынасы: «мен шәһәдат (куәлік) етемін: (яғни көргендей білемін және білдіремін) Аллаһтан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед «алейһиссалам» Оның құлы және расулы. «Расуллуллаһқа сену дегеніміз оның білдіргендерін толығымен қабылдау, сену және барлығын ұнату деген сөз.»

 

2- Намаз оқу

Балиғат жасына толған әрбір мұсылманның күніне бес уақыт намаз оқуы өте маңызды парыз болып табылады. Намаз – діннің тірегі. Намаз оқымау – ең үлкен күнәлардың бірі. Намаз оқымайтын адамның иманды болып өлуі өте қиын. Хадис шәрифте бұйырылған: «Намаз оқыған адам қияметте азаптан құтылады, ал оқымағандар қатты қиналады.» (Табарани)

 

3- Зекет беру             Нисап деп аталатын белгілі мөлшерде, яғни қарыздарын жауып, алатындарын қосып есептегенде қолында (96 гр алтын) құнында ақша немесе саудадағы сатылатын заттың қырықта бір бөлігін беруі парыз. Жеміс-жидек пен егіндіктің оннан бір бөлігін кедейлерге беруі парыз. Бұл зекеттің оннан бір бөлігі Ушр деп аталады.

«Зекет бермеген адамға Аллаһу та’ала лағнет етеді.» (Нәсаи)

 

4- Ораза ұстау.

Рамазан айында бір ай ораза ұстау парыз. Ораза тұтпау үлкен күнә болады.

            5- Қажыға бару             Меккеге барып келгенше үйінде қалған бала-шағасына жететіндей мал-мүліктен артылған ақшамен барып келе алатын адамның, өмірінде бір рет қағбаны зиярат етуі және Арафат тауында тұруы парыз болып табылады.

 

Сендім деу жеткілікті ме?

Сұрақ: Хадис шәрифтерде калима-и шаһадатты айтқан адам мұсылман болады делінген. Егер сенбестен калима-и шаһадатты айтса немесе сенсе бірақ иманның алты шартындағы негіздерге сенбейтін болса мұсылман болады ма?

Жауап: Иманның анықтамасында тілмен айтып, жүрекпен бекіту керектігі айтылған. Жүрегімен бекітпейінше (көңілімен сенбейінше) мұсылман бола алмайды.

 

Калима-и шаһадат– Аллаһу та’аланың бар және бір екендігіне, Одан басқа жаратушының жоқ екендігіне және Мұхаммед «алейһиссалам» Оның расулы әрі соңғы пайғамбары екендігіне және білдіргендерінің барлығына сеніп, ұнату керектігін білдіреді. Әйтпесе бір тарихи оқиғаны айтқандай, осындай бір пайғамбар болған екен деп сену болмайды. Мен осы ұлы пайғамбарға және білдіргендерінің барлығына сендім, барлығын ұнаттым, айтқандарының барлығы дұрыс, қате болу ықтималдығы жоқ деп нақты, кесімді түрде сену керек. Сондықтан да иманның алты шартындағы барлық негіздерге сену керек. Сенбейінше, тіпті сеніп тұрып бірақ ұнатпаса да мұсылман бола алмайды. Иманның шарттарының бірін қабылдамаған яки діндегі мәшһүр бір парызды не сүннетті немесе бір харамды қабылдамаған, ұнатпаған адам мұсылман болмайды. Исламды толығымен қабылдауы және ұнатуы тиіс.

 

Хадис-шәрифтерді ислам ғалымдарының түсіндіруінсіз (ашықтаусыз) оқып түсінуге тырысу өте қауіпті, адамды күпірлікке апаруы мүмкін. Мәселен төмендегі хадисті жоғарыда айтылғандармен бірге түсіну керек:

«Аллаһу та’алаға, дін ретінде исламға, (соңғы) расул ретінде Мұхаммед алейһиссаламға (оның айтқандарының барлығына) сеніп разы болған, ұнатқан адам (мұсылман және осы иманымен өлсе) жұмақты иеленеді.» (Муслим, Нәсаи)