3 - Зүл-қада, 1446 жыл.
     1 - Мамыр, 2025 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Тәкәппар адамның жанашыры жоқ!

Тәкәппар адамның жанашыры жоқ!

Тәкәппарлық – ауру, әрі өте қауіпті ауру. Өйткені денемізде туындаған аурулар өткінші, дүние өмірімен байланысты. Өте ауыр болса да, ақыр соңында өткінші өміріміздің үзілуіне себеп болуы мүмкін.

Біз онсыз да бұл дүниеде қонақ емеспіз бе? Бұл жерде мәңгі қалу үшін жіберілмедік қой! Үш-бес күндік өмір ғана... Ниғметтер өткінші болғанындай, қиыншылықтар да өткінші. Тәкәппарлық ауруын қауіпті қылатын нәрсе – оның мәңгі өмірде беретін қиыншылықтары. Не болса да өткінші болғандарға емес, мәңгі қалатындарға мән беру керек.

Керемет айтылған сөз: «Тәкәппарлық – бәле, ауру, бірақ ешкімнің оған жаны ашымайды. Ал қарапайымдылық – ниғмет, ешкім оны қызғанбайды (көре алмаушылық танытпайды)».

Біреудің басына қиыншылық келсе, дұшпандары қуанады, ал достары мұңаяды, оған жанашырлар табылады, бірақ тәкәппарлық ауруына ешкімнің жаны ашымайды. Ниғметтер келгенде де көре алмайтындар шығады, бірақ қарапайымдылық ниғметін қызғанатындар жоқ.

Ауруды емдей алу үшін алдымен сол ауруға себеп болған микробты анықтап, оны бейтараптандыру қажет. Болмаса ауруды емдеу мүмкін емес. Тәкәппарлық ауруына шалдықтыратын себептер өте көп, олардың ең маңыздылары төмендегілер, олардың біреуі немесе бірнешеуі бойында бар адамға, егер нәпсі де тәрбие көрмеген болса, ауру келді деген сөз.

Біріншісі: Білім иесі болу, білім алудан бұрын әдептілікті үйренбеген болса бұл қауіпті. Өйткені білімдегі өркөкіректік пен тәкәппарлық мансаптан, абыройдан және ақшадан көбірек. Бұрынғы замандарда ғұламаларымыз әуелі әдептілікті үйрететін, кейіннен білім беретін.

Ғалым болғандар шынайы мағынасында Аллаһу та'аладан қорқатындар. Алдымен адам өз-өзін тануы керек. «Өзін таныған адам Раббысын таниды» делінген. Адам өзін таныса, барлық нәрсеге шамасы жетпейтінін түсінеді, әлсіздігін біледі, осылайша қарапайым адам болады. Раббысын таныған адам кибрия (тәкәппарлық) және азамәттің (ұлылықтың) тек қана Оған лайықты екенін түсінеді.

Тақуа болмай тұрып білім иесі болудың ешбір қадірі жоқ. Тек қана білім адамды қадірлі қылса, шайтанды қадірлі ететін еді. Шайтанның білімі өте көп болған.

Екіншісі: Сұлулықпен мақтану. Мұның емдеу жолы тек сыртқы келбетке емес, ішкі дүниесіне де қарау. Ішкі дүниесіне қараған кезде сұлулығымен мақтануына көлеңке түсіретін бірқатар ұсқынсыздықтарды байқайды. Бүкіл мүшелерінде ластық бар. Күніне бір немесе екі рет нәжісін өз қолымен тазалайды.

Үшіншісі: Күш-қуатына сеніп тәкәппарлану. Көзбен көре алмайтын өте кішкентай микробтардан жеңіліп ауру болатын, шынашағындай шаянның шағуымен күндер бойы қиналып жататын, тіпті өте улы болса өліміне де себеп болатын адам қай күшіне сенеді?

Төртіншісі: Байлығымен, дүние-мүлкімен, жанұясының үлкендігімен және адамдарының көптігімен жасалатын тәкәппарлық. Бұлар сұлулық, күш-қуат және білім секілді өзінің бойында болмаған нәрселермен тәкәппарлану, бұл тәкәппарлықтың ең жаманы.

Демек құлдың міндеті кім болса да ешкімнің алдында тәкәппарланбау. Емделуі қиын болса да, міндетті түрде емін қолдану керек, әйтпесе басымызға келетін қиыншылықтарға көнуге мәжбүр боламыз.