1 - Рабиул-ахир, 1447 жыл.
     23 - Қыркүйек, 2025 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Парыздан қарызы бар адамның нәпіл намазы

Парыздан қарызы бар адамның нәпіл намазы

Сұрақ: Парыз намаздан қарызы бар адамның оқыған нәпіл намаздары қабыл бола ма?

Жауап: Абдулқадир Гейлани хазрет «Футух-ул ғайб» кітабында былай дейді:

«Мұсылман адам әуелі парыздарды орындауы қажет. Парыздар біткен соң сүннеттерді орындайды. Одан кейін басқа нәпілдермен айналысады. Парыздан қарызы бар кезде сүннетпен айналысу ақымақтық. Парыздан қарызы бар адамның сүннеттері қабыл болмайды. Хазреті Әли хабар берген хадис шәрифте айтылған:

«Мойнында парыз намаздан қарызы бар адам оның қазасын өтеместен нәпіл оқыса, босқа әуреленген болады. Ол адам қазасын өтемейінше Аллаһу та'ала оның нәпіл намаздарын қабыл етпейді».

Абдулқадир Гейлани хазрет жазған бұл хадис шәрифті шәрһ еткен (түсіндірген) ханафи мазһабының ғалымдарынан Абдулхақ Деһлеуи былай дейді:

«Бұл хабар парыздан қарызы бар адамның сүннеттерінің және нәпілдерінің қабыл болмайтынын көрсетеді. Сүннеттердің парыздарды толықтыратынын білеміз. Мұның мағынасы парыз орындалғанда оның кемеліне себеп болатын бір амал қалып кетсе, сүннеттер оқылған парыздың кемелденуіне себеп болады. Парыздан қарызы бар адамның қабыл етілмеген сүннеттері ештеңеге жарамайды».

Футух-ул ғайбтың бұл шәрһі парсы тілінде жазылып, Стамбұлда «Баязид мемлекеттік кітапханасында» 3866 нөмірде бар.

Ибн Абидин хазрет те нәпіл тақырыбында былай дейді:

«Хадис шәрифте: «Толық орындалмаған намаз, зекет және басқа да парыздар нәпілдер арқылы толықтанады» делінген. Имам Бәйһақи хазрет «Бұл хадис шәриф орындалған парыздардың ішіндегі сүннеттер нұқсан болса, нәпілдер арқылы бұл нұқсандық толықтанатынын көрсетеді. Болмаса орындалмаған парыздардың орнына нәпілдердің өтетінін көрсетпейді» деді. Өйткені басқа хадис шәрифте:

«Бір адам намазын толықтырмаған болса, ол намаздың үстіне толықтанғанша нәпіл намаздар қосылады» делінген.

Бұл хадис шәриф нәпілдердің орындалмаған парызды емес, нұқсандықпен орындалған парызды толықтыратынын көрсетеді деді».

Имдадтың Тахтауи хашиясында да бұл хадис шәриф аталып, сүннеттердің оқылған парыздағы кемшіліктерді толықтыратыны айтылған. Имам Ғазали мен Ибн Араби хазреттер секілді ханафи мазһабында болмаған ғалымдар болса нәпілдердің үзірмен жіберіп алған парыздардың орнына қойылатынын мәлімдеген».