6 - Жамазиәл-әууәл, 1448 жыл.
     17 - Қазан, 2026 жыл.   


ПАЙДАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР - КІРІСПЕ

ПАЙДАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР

КІРІСПЕ

Бисмиллаһпен бастайық бұл кітапты,

Аллаһ аты ең жақсы сыйынарымыз.

Ниғметтері шексіз мұхит сияқты,

Аса қамқор, кешірімді Раббымыз!

 

Аллаһу та'ала дүниеде барша адамзатқа жанашыр болып, пайдалы нәрселерді жаратып жіберуде. Дүниеде жүргенде күнәларына тәубе еткен мұсылмандардың күнәлары қаншалықты үлкен болса да, ахиретте бұларды міндетті түрде кешіреді. Тәубе етпестен өлген, тозаққа түсуі керек болған мұсылмандардан қалағанын кешіреді де, жәннатқа кіргізеді. Барлық жандыны жаратқан, әр болмысты әр сәтте бар қылып ұстап тұрған, баршаны қорқыныш пен үрейден қорғайтын жалғыз Ол. Осындай Аллаһтың құрметті есіміне сыйынып бұл кітапты жазуды бастаймыз.

Аллаһу та'алаға шүкір мен мақтау болсын! Расулуллаһқа дұға мен сәлем болсын! Оның пәк әһли бәйтіне және әділ, адал сахабаларының (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) барлығына қайыр дұғалар болсын!

«Дүние – күрес» сөзін қажетсіз деп санамау керек. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың ызғарлы суығы секілді табиғат күштерімен және жаман адамдардың, кәпірлердің айласы мен жалаларына қарсы және материалдық шабуылдарына қарсы күрес күйіндеміз. Дұшпанмен күресу үшін әуелі дұшпанды жақсылап тану керек. Әйтпесе өзімізді қорғаймыз деп көршімізге, досымызға зиян тигізуіміз мүмкін. Адамның тыныш өмір сүруіне қажетті нәрселерді «Мал-мүлік» деп атайды. Ине-жіптен үйге, ғимаратқа дейін барлығы мал-мүлікке жатады. Аллаһу та'ала кейбір адамдарға және қоғамдарға кейбір мал-мүлікті қолдануға рұқсат берген. Бұл мал-мүлік және адамның әйелі, бала-шағасы, көршілері, туыстары оның қамқоршылары. Әркім мал-мүлкін Аллаһу та'ала рұқсат берген шамада қолданады. Одан артығын қолдану және біреудің мүлкін қолдануға мүлде рұқсат жоқ. «Мал-мүлкіңе мастанып, өзіңді биік санама. Дауыл тұрса бар дәулетің шашылады далаға!» сөзі мәшһүр. Харам жолмен келген мал-мүлікке «Дүние» делінеді. Дүние, яғни харам мен мәкрухтар зиянды. Бір нәрсенің пайдалы, зиянды екені кітаптарда басқа түрде көрсетілген. Олардың дұрысы – Аллаһу та'аланың ажыратқаны.

Аллаһу та'аланың бұйрықтарына «Парыз», тыйым салғандарына «Харам» делінеді. Пайғабардың бұйрықтарына «Сүннет», тыйымдарына «Мәкрух» делінеді. Бұл төртеуін «Ислам діні» деп атайды. Жүректе иманның бар болуының белгісі – ислам үкімдерін ұнату, қабылдау. Тіпті бір сүннетті ұнатпаған адамның иманы кетіп, кәпір болады. Иман бар кезде исламның бір үкімін ұстанбаған адамды «Пасық» деп атайды. Исламға бағынбау «Күнә» болады. Кәпір тозақта шексіз жанады, пасық күнәсі шамасында жанып, кейін жәннатқа кіргізіледі. Иманы болып, исламды ұстанатын адамды «Салих құл» деп атайды. Тауда, шөл далада өмір сүріп, діннен, исламнан хабарсыз болған адам кәпір және пасық болмайды. Қияметте есептескеннен кейін жәннатқа немесе тозаққа бармайды. Жануарлар секілді жоқ етіледі. Илаһи діндерден ислам діні үлкен бақытқа себеп болатын үлкен ниғмет. Бұл ниғметтің қадірін түсіне алмағандар жазаларын тартады.

Әр мұсылманның күнде бес уақыт «намаз оқуы» қажет. Бұл намаз жүректе иманның бар екенінің белгісі. Бұл намазға сенбейтін адам «Кәпір» болады. Бұзылған сәмәуи дінге сенетін кәпірге «Әһли кітап», яғни «Кітапты кәпір» дейді. Бұған сенбейтін кәпірге «Мүшрик» делінеді. Кәпірлерден яһудилердің кейбірлері және христиандардың көбі мүшрик. Қазір жер бетінде мүшрик болмаған кәпір жоқтай. Мұхаммед алейһиссаламның кейбір сөздерін қате түсінген және қате айтатын мұсылманға «Бидғатшы» делінеді. Шиилер мен уаһһабилер бидғатшы мұсылмандар. Олардан Мұхаммед алейһиссаламның тіпті бір сөзіне сенбегендер кәпір болады. Мұхаммед алейһиссаламның сөздерін еш өзгертпестен сенген мұсылмандар «Әһли сүннет» болған шынайы мұсылман деп аталады. Бұл шынайы мұсылмандардың көсемі Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит. Әһли сүннет сенімінде болған шынайы мұсылмандар ғибадат етуде төрт мазһабқа бөліген: «Ханафи, Шафии, Малики және Ханбали» мазһабтары. Бұл төрт мазһаб бір-бірін бауыр деп біледі. Бір-біріне ұйып намаз оқиды. Бұл шынайы мұсылмандарды бұзылған бидғатшылармен шатастырмау керек. Бидғатшылар ислам дінін іштен құлатуда. Әлхамдулиллаһ! Қазіргі таңда жер жүзіндегі мұсылмандардың көбі тура жол болған «Әһли сүннет» мазһабында. Адасқан жолдағы уаһһабилер мен шиилер азаюда.

Өздерін мұсылман атайтындар үш топқа бөлінген. Бірінші топ, асхаби кирамның жолында болған шынайы мұсылмандар. Олар «Әһли сүннет», «Сүнни» және «Фырқа-и нажия», яғни тозақтан құтылған топ деп аталады. Екінші топ, асхаби кирамға дұшпан болғандар. Олар «Рафизи», «Шии» және «Фырқа-и даллә», яғни адасқан топ деп аталады. Үшіншісі, сүннилерге және шиилерге дұшпан болғандар. Олар «Уаһһаби» (Сәләфи) және «Нәжди» деп аталады. Өйткені олар алғаш рет Арабстанның Нәжд қаласында пайда болды. Оларды «Фырқа-и мәлунә» деп те атайды. Себебі олардың мұсылмандарға мүшрик дейтіні «Қиямет және Ахирет» пен «Саадәти Әбәдия» кітаптарымызда жазылған. Мұсылмандарға кәпір дейтіндерді пайғамбарымыз лағнеттеген. Мұсылмандарды осы үш топқа бөлгендер яһудилер мен британдықтар.

Ислам дінінің сенімдерін, бұйрықтары мен тыйымдарын дұрыс күйде жеткізетін мыңдаған құнды кітап жазылған, олардың көбі шет тілдерге аударылып, әр елге тараған. Бұл дұрыс кітаптарды жазған ислам ғалымдарын «Әһли сүннет ғалымы» дейді (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин). Бұған қарсы тек қана өз рахатын ойлайтын, ой-өрісі шектеулі адамдар және мансапқа, ақшаға британдықтарға сатылған ақымақтар әрдайым исламның пайдалы, фәйз-берекелі және жарқын жолына шабуылдап, әһли сүннет ғалымдарының атына дақ түсіруге, ислам дінін өзгертуге, мұсылмандарды алдауға тырысқан. Мұсылмандар мен дінсіздер арасындағы бұл күрес барлық уақытта болған және қияметке дейін болады. Аллаһу та'ала осылай болатынын ежелден қалады.

Әһли сүннет ғалымдары бүкіл білімін асхаби кирамнан алды. Ал асхаби кирам Расулуллаһтан алды. Асхаби кирам ислам дінін жеткізу үшін алыс елдерге барып жан-жаққа тарады. Сондықтан кітап жазуға уақыттары болмады. Екі жүз жылдан кейін келген ғалымдар арасында діни білімдерге өз ойларын, өз заманының ғылыми білімдерін және көне философтардың сөздерін араластыратындар шықты. Осылайша жетпіс екі адасқан «Бидғатшы» топ пайда болды. Бидғатшы топтардың пайда болуына яһудилер мен британдықтардың көп әсері болды.

Қай топтан болса да, нәпсіне ерген және жүрегі бұзық адам тозаққа түседі. Әр мұсылман нәпсін тәрбиелеу үшін, яғни нәпсінің жаратылысындағы күпірді, күнәларды тазалау үшін әр уақытта көп «Лә илаһа иллаллаһ» айтуы әрі жүрегін тазалау, яғни нәпістен, шайтаннан, жаман достардан және зиянды бұзылған кітаптардан келген күпірден, күнәлардан құтылу үшін «Әстағфируллаһ» оқуы керек. Ислам үкімдерін ұстанатын адамның дұғалары міндетті түрде қабыл болады. Намаз оқымайтын және ашық әйелдерге, әурет жері ашық адамдарға қарайтын, харам ішіп-жейтін адамның ислам үкімдерін ұстанбайтыны аңғарылады. Олардың дұғасы қабыл болмайды.

Мұсылмандар екіге бөлінеді: Хауас [ғалымдар] және ауам [діни сауаты жоқтар]. Түрік тіліндегі «Дурри Якта» кітабында жазылған: «Ауам – сарф, нахв және әдебиет ілімдерінің ережелерін, қағидаларын білмейтін адамдар. Олар фиқһ және фәтуа кітаптарын түсіне алмайды. Олардың иман және ғибадат білімдерін әһли сүннет ғалымдарынан сұрап білуі парыз. Ал ғалымдар өз кезегінде сөздерімен, уағыздарымен және жазбаларымен әуелі иман, кейін діннің негізі болған бес ғибадатты үйретуі парыз. «Захира» және «Татархания» кітаптарында иманның шарттарын және әһли сүннет сенімін үйретудің бәрінен бұрын қажет екені айтылған». Сондықтан да ұлы ғұлама, захир және батын ілімдерінің маманы сәйид Абдулхаким хазрет (рахметуллаһи алейһ) қайтыс болуына жақын «Стамбұл мешіттерінде отыз жылға жуық тек қана иманды, әһли сүннет сенімін және исламның көркем мінезін түсіндіруге тырыстым» деген. Сондықтан біз де бүкіл кітаптарымызда әһли сүннет сенімін, исламның көркем мінезін, баршаға жақсылық жасау, мемлекетке қызмет пен көмек көрсету қажет екенін айтамыз. Дін надандарының және мазһабсыздардың [дүмшелердің] мемлекетке қарсы айдап салатын, бауырды бауырға дұшпан ететін, арандатушы жазбаларын дұрыс деп санамаймыз. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Дін қылыштың көлеңкесінде» деп мұсылмандардың мемлекет пен заңның қорғауында тыныш өмір сүре алатынын хабар берді. Мемлекет күшті болған сайын тыныштық пен бақыт артады. Еуропа, Америка секілді кәпір мемлекеттерде тыныш өмір сүретін, діни міндеттерін еркін атқара алатын мұсылмандар да оларға еркіндік берген үкіметке, заңға қарсы шықпауы, фитнаға, бүлікке құрал болмауы керек. Әһли сүннет ғалымдары осындай болуымызды әмір етті. Төрт мазһабтың бірінің ғалымдарына «Әһли сүннет ғалымы» делінеді.

[1] Сәйид Абдулхаким Арваси 1362 [м.1943] жылы Анкарада қайтыс болды.

Назар аударыңыз: Әлемнің әр жерінде әр түрлі көрікті жерлер, әсем табиғаттар бар. Адам қарағанда көзі тоймайды. Бұлар өздігінен пайда болған ба? Әр болмыс есеппен, тәртіппен, бәрі бір станоктан шыққандай көрінеді. Барлық нәрсе физика, химия, биология, астрономия заңдарына бағынады. Әсіресе адамның жаратылысындағы ұйқасым мен реттілік! Ішіміздегі мүшелеріміздің тұтас машинаның бөлшектері секілді бірге жұмыс істеуі мұны түсінгендерді қайран қалдыруда. Атақты ағылшын кәпірі Дарвиннің өзі «Көздің құрылымындағы реттілігін, нәзіктігін ойлаған сайын таңданыстан төбе шашым тік тұрады» деген. Бүкіл болмыстар бір-біріне өзгермейтін заңдылықтармен байланысқан. Дін ұстанушылар «бұларды жаратқан, білетін бір Жаратушы бар» дейді. Ал ешбір дінге сенбейтін кәпірлер «барлығы кездейсоқтықтан жазатайым пайда болды» дейді. Жаратушы пайғамбарлары арқылы хабар жіберген. «Барлығын мен жараттым. Бәріңнің иесі менмін. Маған сенсеңдер сендерді жәннатқа кіргіземін. Шексіз нығметтер беремін. Шексіз зауық пен бақытта өмір сүресіңдер. Пайғамбарларыма сенбейтіндерді тозақта шексіз жағамын» дейді. Жәннат пен тозақ жоқ болса, пайғамбарларға сенгендер алданған болса, олар ешқандай зиян көрмейді. Бірақ пайғамбарлардың сөзі рас болғандықтан, оларға сенбейтіндер және олардың сөзін өзгерткендер шексіз жанады.

Асыл отанымыздың барлық жерінде дін адамдарының тек осы дұрыс әһли сүннет жолын ғана жаюға, қорғауға тырысқаны байқалуда. Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын оқымаған немесе түсіне алмаған бірен-саран надандардың сандырақтап сөйлегенін және жазғанын естіп жатқан болсақ та, олар халықтың берік иманына және бір-бірін бауырдай жақсы көргеніне қарсы зая кетуде, сөз иесінің надандығы мен бейшаралығын көрсетуден басқа әсері болмауда.

Мұсылмандарды бөлетін, бұзатын жолда олар әһли сүннет ғалымдарының, тасаууф ғұламаларының (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин) атына дақ түсіруге тырысуда. Бүкіл әһли сүннет ғалымдары секілді Ахмед Жевдет Паша және ғылыми ұжымымыз да оларға қажетті жауаптарын берген, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Құран кәрімнен шығарған дұрыс мағыналарды өзгертілуден қорғаған. Біз бұл кітабымызда хақ жол мен қате жолды бөлек-бөлек жазамыз. Қадірлі оқырмандарымызды ақли сәлиммен және таза ожданмен бұл кітапты зерттеп, әділ үкім беруін және ақиқат бойынша дұрыс жолды көрсететін кітабымызға берік байланып бірігуін, өтірікші, жалақор, адасушы болғандардан сақтануын, осылайша шексіз пәлекетке түсуден қорғануын тілеп ұлы Аллаһымызға дұға етеміз.

Кітабымыздың кей жерлерінде кейіннен қосылған түсініктемелер тік жақша [ ] ішінде жазылған. Бұл түсініктемелердің барлығы құнды кітаптардан алынған.

Милади жыл 2001

Хижри шәмси 1380

Хижри қамари 1422

 

КӘЛИМА-И ТӘНЗИХ

«Субханаллаһи уә бихамдиһи субханаллаһил азыйм». Бұл кәлима-и тәнзиһті таңертен және кешке жүз реттен оқыған адамның күнәлары кешіріледі. Тағы күнә істеуден қорғалады. Бұл дұға «Мәктубат аудармасы» кітабының 307-ші және 308-ші хаттарында жазылған. Бүкіл дерттердің кетуіне де себеп болады.