Хусейн Хилми ЫшықСұрақ: Хусейн Хилми Ышық хазрет туралы мәлімет бересіз бе? Жауап: Діни білімдерде кемеңгер ғұлама және тасаууф марифаттарында кәміл әрі мукәммил болған кереметтер иесі хазреті Сәйид Абдулхаким Арваси жетілдірген білікті ғалым. Кітаптары бүкіл елдерде оқылуда. Саадәти Әбәдия кітабынан бастап, 14 түрік тілінде, 60 араб тілінде, 25 парсы тілінде және бұлардан аударылған француз, ағылшын, неміс, орыс және басқа тілдерде жүздеген кітап дайындаған. Ол 1911 жылдың 8 наурыз күні Әйюб Сұлтан ауданында дүниеге келіп, 2001 жылдың 26 қазан күні қайтыс болды. Өте көп адам қатысқан жаназа намазынан кейін Әйюб Сұлтандағы отбасылық мазарға жерленді. Вон Мисестен жоғары математика, Прагерден механика, Демберден физика, Госстан техникалық химия оқыды. Химия профессоры Арндттың қолында жұмыс істеп, оның мақтауларын алды. Арндпен бірге алты ай жұмыс істеп, Стамбұл Университетінде қызмет атқарып, «Фенилциано-нитрометан-метил эфирі» затының синтезін жасап, формуласын анықтады. 1936 жылдың соңында 1/1 санды химия инженері магистратурасының дипломын алды. Подполковник шеніне дейін Түрік әскерінде улы газдар маманы және химия пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Ол саясатқа мүлде араласпаған, ешбір партияға қосылмаған. Араңдатушылықты, мемлекет пен заңға қарсы шығуды құптамайтынын еңбектерінде анық жазған. Түркияның және бүкіл әлемнің барлық жеріне жіберген әртүрлі тілдегі кітаптарында ислам дінінің дұрыс түсінілуіне, ислам үкімдері мен ахлақының жайылуына көп еңбек сіңірді. Осы себепті дінді дүниелік табысқа құрал қылғандар мен мазһабсыздар оған жала жаба бастады. «Фармацевт, химик діннен не түсінеді? Ол өз мамандығында жұмыс істесін, біздің жұмысымызға араласпасын» дегендер болды. Иә, бұл кісі фармацевт және химия инженері ретінде халқына 30 жылдан астам қызмет етті. Бірақ діни білімді де бойына сіңіріп, күндіз-түні еңбектеніп, ұлы ислам ғалымынан ижазат алу абыройына ие болды. Ешқашан ол өз көзқарасын, жеке пікірін жазбай, әрдайым әһли сүннет ғалымдарының түсіне білгендерді қайран қылған құнды жазбаларын араб және парсы тілдерінен аударып кітаптарында жариялаған. Адамзатқа деген мейірімі мен қамқорлығы оны қызметке итермелеп, әһли сүннет ғалымдарының кітаптарынан таңдаған жазбаларын аударған және барша адам түсіне алатын түрде түсіндіруге тырысқан. Алған шексіз қолдау мен мақтау жазуларымен қатар бірен-саран надандардың өкпе-реніштері мен жала-жалаңына да ұшыраған. Раббына және ожданына деген ықыласы мен адалдығында еш күмәні болмағандықтан, Аллаһу та'алаға тәуекел етіп, Расулының және салих құлдарының мүбәрәк рухтарына тәуәссул етіп, қызметін жалғастыра берген. Осы қызметтерінің барлығының ислам ғалымдарына деген аса құрметі мен сүйіспеншілігінің берекесі арқылы болғанын айтатын. Әр сұхбатында ислам ғалымдарының кітаптарын оқып, Имам Раббани және Абдулхаким Арваси хазреттердің сөздерін баяндағанда көздері жасарып, «Кәлам-ы кибар – кибар-ы кәламест», яғни ұлылардың сөзі – сөздердің ұлысы дейтін.
Стамбұл әулиелері кітабында жазылған: Хусейн Хилми мырза материалдық және рухани, дүниелік және ахиреттік істерде, әсіресе жаратылыстану ғылымдары, медицина және фармацевтика салаларында өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ғалымдарының бірі болған. Оның әрбір сөзі ғылымға, жаратылыстану біліміне және тәжірибеге негізделетін. Ол өз білімі мен тәжірибесін діннің негізгі өлшемдерімен салыстырып, саралап барып айтатын. Сондықтан ол хикметпен сөйлейтін, яғни әр сөзінде дүниелік немесе ахиреттік пайдасы бар, бәлкім теңдесі қайта табылуы қиын, көрнекті ғұлама, біртуар тұлға еді. Ең құнды кітаптардан аудармалар мен жинақтар жасап, сондай-ақ авторлық еңбектер жазып, көптеген шығармалар дүниеге әкелді. Ақида мәселелерінде, әсіресе әһли сүннет уәл жамағат сенімін қарапайым тілмен түсіндіріп, осы сенімнің таралуына жетекшілік етті. Ханафи, малики, шафии және ханбали мазһабтарының бірін ұстануды әһли сүннеттің белгісі екенін, әркімнің өз мазһабы бойынша амал етуі шарт екенін, ал қажеттілік пен зәрулік жағдайында хақ болған төрт мазһабтың бірін тақлид етуге болатынын әһли сүннет кітаптарына сүйене отырып түсіндірді. «Саадәти Әбәдия» және басқа да кітаптарында мыңдаған мәселеге тоқталды. Ұмыт қалған ілімдерді қайта жандандырды. «Үмбетім бұзылған кезде менің бір сүннетімді жандандырған адамға жүз шәһидтің сауабы беріледі» деген хадис шәрифті үнемі назарда ұстап, парыздарды, уәжіптерді, сүннеттерді, тіпті мүстаһабтарды да егжей-тегжейлі жазды. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі адамдарға исламды дұрыс таныстырды. Әһли сүннет ғалымдары құптаған әрі мадақтаған жүздеген арабша және парсыша еңбекті Хақиқат Кітап Үйі арқылы әлемнің төрт бұрышына кеңінен таратты. Уаһһаби, Хуруфи, Қадияни секілді адасқан ағымдардың дұрыс жолдан қай жерде және қалай ауытқығанын бүкіл әлемге дәлел-құжаттармен көрсетті. Осылайша әһли сүннет сенімі қайта жанданып, қозғалысқа түсіп, кең өріс ала бастады. Осы тұрғыдан оның атқарған бұл қызметін дінді тәждид ету деп атағандар болды. Тәждид – дінді жаңартып күшейту деген мағынаны білдіреді. Жетістігінің себебін сұрағандарға: «Мен «Хәләкәл мусаууифун», яғни «Кейін істеймін дейтіндер құрыды» деген хадис шәрифті ұстанып, бүгіннің жұмысын ертеңге қалдырмадым және өз жұмысымды өзім істедім, істей алмаған ісімді біреуге тапсырған кезімде нәтижесін қадағаладым» деп жауап беретін. «Бұл заманда исламға қызметті сәтті атқара алу үшін тыңдаушы түсінетіндей етіп сөйлеу керек және баршаға жылы сөз бен күлімдеген жүзді болу қажет» дейтін. Ол шынайы кішіпейілділік пен қарапайымдылық иесі еді. Өзін өзгелерден ешқашан үстем көрмейтін. Өзінен үлкендердің алдында сөйлемейтін, ешкіммен сөз тартыспайтын, әдеп сақтап, көбінесе тізерлеп отыратын. Бурсада бұрынғы ұстаздардың бірі Әли Хайдар мырзаға барған кезінде сағаттар бойы тізерлеп отырған кезінде Әли Хайдар мырза шәкірттеріне: «Хилми мырзадан әдептілікті үйреніңдер!» деген еді. Хусейн Хилми Ышық мырза отбасынан Османлы тәрбиесін, ал Абдулхаким Арваси хазреттен тасаууф әдебін алған еді. Өмірбаяны туралы төмендегі сілтемеде кеңірек мәлімет берілген:
Махаббат хикаясы Қақаған қыс еді. Қар жауар-жаумасы белгісіз. Стамбұл аспанын қою тұман басқан, ал әуеде қалықтаған шағалалардың шаңқылдаған үні айналаны жаңғыртып, Босфордың долы толқындары жақындап келе жатқан дауылдың хабарын беріп тұрғандай еді. Қыстың қара суығына қарамастан, базар мен дүкендерде сауда қызу жүріп жатты. Алаңда сауда жасап жүрген симит пен салеп сатушыларының дауыстары бір-бірімен ұштасып, жағымды бір әуез қалыптастырған еді. Біреулер сәнді әрі жылы дүкендерді таңдаса, енді біреулер қалтасына қарай көшедегі саудагерлерді жағалап жүр. Еминөну ауданы әдеттегідей еді, сірә. Асығыс, толқынысқа толы, у-шу… Қар түйіршіктері ақырын ғана жауа бастаған еді. Ал мен шаршаған денемді айбынды Жаңа мешіттің дәрет алатын жерінің тірегіне сүйеп, тоңып қалмас үшін пальтомды қымтай түскен едім. Еминөну мешіті… Яғни Жаңа мешіт. Қашан Стамбұлға жолым түссе, алып мұнараларының көлеңкесінде тынығып, намаз оқитын орында көңілім жай тауып, сәждеге бас қоятынмын. Әсіресе екінді азанында Еминөну мешіті мен Сүлеймания мешітінен көтерілген азан үндері бір-бірімен үйлесіп, жанымды ерекше тебірентетін. Көңілімде әлі де жаңғырып тұрған талай естелік көз алдыма келді. Бұл қала кейде мені мұңайтқан, кейде қуантқан. Кейде бір махаббатқа тұсаулаған, кейде махаббатсыз қалдырған. Менің түрлі-түсті әлемім, арман қалам еді бұл мекен. Осыларды ойлап, қиялға беріліп кетіппін. Суыққа, тоңып тұрғаныма да қарамастан… Кенет жұма намазының алдында оқылатын салауатпен селк етіп, енді жолға шығатын уақытымның келгенін түсіндім. Жауып тұрған қарға қарамастан, асығыс қалалық автобустың аялдамасына бет алдым. Қай автобусқа мінетінімді анықтау үшін бағыт нөмірлерін көзіммен іздей бастадым. Әйюбке бармақшы едім. Жұма намазын Әйюб Сұлтан мешітінде оқуға ниет еткен болатынмын. Содан соң әлгі ұлы сахабаға әдеппен сәлем беріп, оның жолының жолаушысын зиярат ету үшін өзінен рұқсат сұрамақшы едім. Ол бүкіл ғұмырын еліне, халқына және исламға қызмет етуге арнаған еді. Ұстазы Сәйид Абдулхаким Арваси хазретке қол беріп, оған шәкірт болған, әһли сүннет сенімінің ілімін тікелей одан үйренген еді. Халыжыоғлы әскери лицейінде білім алып, кейін фармацевтика факультетін тәмамдаған еді. Сонымен қатар ұстазының әмірімен жоғары химия инженериясын да оқып, Түркиядағы алғашқы жоғары білімді химия инженері атанған еді. Шәкірттік жолы мен кәсіби қызметі оны ешқашан әһли сүннет сенімінен алыстатпаған, ол жеткен жетістіктерінің сырын әрдайым осы сеніммен байланыстыратын. Полковник шенінде әскери оқу орындарында қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген. Ұстазы Сәйид Абдулхаким Арваси хазреттен жылдар бойы үйренген әһли сүннет ілімін, исламды және ақиқат ғылымының талаптарын шәкірттеріне түсіндіріп отырған еді. Кітаптарында дін, астрономия, физика, химия, медицина, математика секілді ғылым салаларынан сөз қозғап, исламды түсіну мен тану жолында адамдарға мәңгілік бақыт жолын көрсеткен еді. Сұхбаттарында: «Әһли сүннет ғалымдарын танып-білу және олардың арасында болу үлкен нығмет. Расулуллаһтың жолы – олардың көрсеткен жолы. Дүниеде және ахиретте бақытқа жеткісі келген адам ұлылардың осы жолын мықтап ұстансын. Мемлекеттеріңе және халықтарыңа қызмет етіңдер. Ешқашан бүлік шығармаңдар» дейтін. Ол ислам ғалымы әрі ойшылы еді. Ол тоқсан жылдық ғұмырын осы жолға арнады. Саясаттан әрдайым аулақ жүріп, атақ пен даңқты ешқашан мақсат тұтпады. Ол өзін сүйген жандардың бірегей махаббаты, жүректеріндегі «нұры» еді. Жұма намазын оқып болып, Әйюб Сұлтан хазреттің ұлы дәргейінен әдеппен шыққан едім. Намазға дейін ақырын ғана жауып тұрған қар кенеттен ақтүтек боранға айналды. Айналада ештеңе көрінбей қалды. Мазаратқа апаратын жол қарға толып, жұма күнгі зиярат етушілерге тосқауыл болды. Бұтақтарына жиналған қардың салмағынан болар, жолға қарай иіле созылған қарағайлардың арасындағы соқпақпен сүріне-қабына жоғары өрмелеп келе жаттым. Қар астында күнәсіз күйде мәңгілік тыныштықта жатқан, зиярат етушілерін күтіп жатқан Әйюб Сұлтандықтардың барлығына сәлем беріп, мешіт ауласында оқи бастаған «Ясин» сүресін оларға естіртуге әрі сауабын бағыштауға тырысып келе жаттым. Қатты толқыған едім. Сәлден соң үлгілі өмірімен өзіне ерген жандарға жарық болған қымбатты ұстазымызбен қауышатын едім. Және… Үстіне жиналған қарды тазалап, бетіне небәрі «Хилми» деп қана жазылған, аты-жөні, белгісі мен өрнегі жоқ қабіртасты құшақтап тұратын едім. Абдуррахман КАРАЛ Үскүдар Барбарос мешітінің имам-хатибі, «Diyanet Haber» (Діни басқарма жаңалықтары) сайтының редакторы.
Хусейн Хилми Ышық хазрет былай деген: «Имам Шафии хазреттің бір кітабы бар – «Китаб-ы Ум». Осы кітаптағы фәтуалардың бірін Сәйид Абдулхаким Арваси хазрет былай түсіндірген: «Бір бөлмеде ыдысқа құйылған қатық тұр делік. Сол бөлмеден аузы қатыққа былғанған бір ит шықса, артынша кіріп тексергенде қатық тұрған ыдыстан иттің аузы тиген мөлшердей қатықтың кемігені байқалса, бұл ит сол қатықты жеген болып санала ма?» Имам Шафии хазрет: «Оның жеп жатқанын ешкім көрмегендіктен, жемеген болып есептеледі» дейді. Бір ауылдың имамы бұл фәтуаға іштей қарсы болып жүрген екен. Ол ел ішінде сөзі өтімді, халыққа сыйлы адам екен. Құрбан айт кезінде кейбір адамдар берекелі болу үшін құрбандықтарын оған шалғызады екен. Ол құрбандықтарды кезегімен бауыздап беріп, әрі қарай құрбандық иелерінің өздері соятын болған екен. Бір күні бір үйден екінші үйге бара жатқанда дәреті қысып, оңаша жерге барыпты. Дәл сол жерде әскерлер оны ұстап алады. Сөйтсе, дәл сол жерде түнде бір кісі өлтірілген екен. Оның қолындағы қанға боялған пышақты, үсті-басы қан екенін байқап, оны қылмыскер деп ойлап, қазының алдына алып барады. Қазы үкім шығару үшін «Китаб-ы Ум» кітабын ашып, Имам Шафии хазреттің қатық туралы фәтуасын оқып, әскерлерден: «Сендер бұл адамды әлгі кісіні өлтіріп жатқан кезде көрдіңдер ме?» деп сұрайды. Олар: «Жоқ, көрмедік» деп жауап береді. Сонда қазы: «Ендеше, бұл адам қылмыскер емес» деп үкім шығарған екен. Осылайша кезінде өзі ұнатпаған фәтуа имамның өмірін құтқарады. Ол тәубесіне келіп, бірқатар аят-сүрелер оқып, сауабын Имам Шафии хазретке бағыштаған екен».
Бұл жөнінде Хусейн Хилми Ышық хазреттен басқа бір риуаят: Бір мұсылманның дүкенін біреу жалға алып тұрған екен. Жалға алушыны әйел саудалайдымыс деп естиді. Оны сот арқылы шығарып жібергісі келеді. Бірақ сотта жалдау ақысын төлемегеніне ант етуі керек екен. «Осылай ант етуіме бола ма?» деп сұратыпты. Хусейн Хилми Ышық хазрет: «Әйел саудалайтынын қайдан білді? Ар-намысқа қатысты мәселеде төрт куәгер қажет. Куәгерлер әділ әрі мұсылман болуы тиіс» деп жауап береді. Сұраған адам: «Мұсылман біреуге жалға беру үшін осылай істей алмай ма?» дегенде, Хусейн Хилми Ышық хазрет: «Оның мұсылман емес екенін қайдан біліпті?» деп, мына ғибратты оқиғаны айтып береді: «Бір әйел Имам Шафии хазретке барып, көршісінің иті үйіне кіріп, қатығын жеп қойғанын айтып шағымданады. Имам Шафии хазрет: «Иттің қатықты жегенін қайдан білесің?» деп сұрағанда әйел: «Үйден шығып бара жатқанда көрдім. Аузында қатықтың жұрнағы бар еді, әрі қатық та азайып қалыпты» деп жауап береді. Сонда Имам Шафии: «Өз көзіңмен жегенін көрдің бе, көргендер бар ма?» деп сұрағанда әйел: «Мен көрген жоқпын, оны көрген басқа адам да жоқ» дейді. Сонда Имам Шафии хазрет: «Ендеше, ол қатықты жемеген болып есептеледі» деп үкім шығарады. Әйел: «Бұл қандай үкім өзі?!» деп ренжіп кетіп қалады. Бір күні әлгі әйел үйінде қолына пышақ алып, бауыр турап отырған кезде сырттан біреудің жан дауысы шыққанын естиді. Асығып сыртқа шықса, қан-жоса болып жатқан бір адамның мәйітін көреді. Айқай-шуды естіп келген адамдар мәйіттің қасына жиналады. Олар әйелді қолында қанға боялған пышақпен, киімінде қан дақтарымен мәйіттің жанында тұрған күйінде көреді. Сөйтіп, оны қылмыскер деп ұстап әкетеді. Әйелді Имам Шафии хазреттің алдына алып барады. Имам Шафии хазрет: «Бұл әйелді әлгі адамды пышақтап жатқанын көрген адам бар ма?» деп сұрайды. Бәрі «Жоқ» деп жауап бергенде Имам Шафии хазрет: «Ендеше, ол жазықсыз саналады» дейді. Содан кейін әйелге қарап: «Ит қатықты жеді ме?» деп сұрайды. Әйел: «Уаллаһи жемеді, биллаһи жемеді, таллаһи жемеді!» деп жауап береді». |

