Бұл насихатыммен дүние мен ахиретіңді безендір!Әһли сүннеттің басшысы Имам Ағзам хазрет бір шәкіртіне (негізінде бәрімізге) мына «алтын насихатын» айтқан: Балам, сөйлеген кезде дауысыңды көтерме. Ешбір ісіңде асықпа, ұқыптылықпен (асықпай) істе. Асығу шайтаннан... Хадис шәрифте: «Асықпаған, ұқыпты болған адам ұтады, асыққан қателеседі» делінген. Көп сөйлемеуді, үндемеуді өзіңе әдет қыл. Хадис шәрифте: «Үндемеу – даналық, бірақ үндемейтіндер аз» делінген. Әр айда бірнеше күн ораза ұста. Хадис шәрифте: «Әр айда үш күн ораза ұстаған адам жылды толықтай ораза ұстағандай болады» делінген. Нәпсіңді есепке тарт, біліміңді қорға. Осылайша амалыңның екі жаһанда да пайдасын көр. Хадис шәрифте: «Ақылды адам нәпсін есепке тартатын және өлімнен кейін келетіндерге дайындалып амал ететін кісі» делінген. Дүниенің нығметіне және денсаулығыңа сеніп, алданудан сақ бол. Хадис шәрифте: «Қарттық келмей тұрып жастық шақтың, ауру келмей тұрып денсаулықтың, уақыт тапшылығы келмей тұрып бос уақыттың, кедейлік келмей тұрып байлықтың, өлім келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» делінген. Жаман адамның жамандығын айтпа, бір жақсылығын тауып соны айт. Егер жамандығы дінмен байланысты болса, бидғат болса, оны адамдарға айтып, оған еріп кетуден оларды қорға. Хадис шәрифте: «Бидғаттар жайылған кезде білімді адам мұны бәріне хабарласын, хабарламаса Құран кәрімді жасырған болып саналады» делінген. Өлімді ойыңнан шығарушы болма! Хадис шәрифте: «Өлімді көп еске алатын адамның көкірегі ояу болады, өлімі жеңіл болады» делінген. Тұрақты түрде Құран кәрім оқып жүр. Хадис шәрифте: «Құран оқылған үйдің қайыры артады, періштелер ол жерге жиналады, шайтандар ол жақтан алыстайды. Құран оқылмайтын үй ішіндегілеріне тар болып қысады, қинайды, берекесіз болады. Ол үйден періштелер шығып, шайтандар кіреді» делінген. Имансыз адамдармен зәруліксіз сөйлеспе, мүмкін болса оларды Исламға шақыр, мүмкін болмаса олармен достық құрма. Ата-анаңды, ұстазыңды қайыр дұғаңда ұмытпа. Азан шақырылғанда дайын бол, бәрінен бұрын мешітке кел. Қабірлерді зиярат ет. Көршіңнен көрген айыпты өзіңе аманат деп біл, оны сақта, ешкімнің сырын ешкімге айтпа. Сенімен ақылдасуға келген адамға дұрысын айт. Сараңдықтан сақтан. Ашкөз адамның адамгершілігі қалмайды. Барлық ісіңде адамгершілікке мән бер. Қатты қажет болса да ешкімнен ештеңе сұрама. Дүниеге берілген адамдарға назар аударма. Бұл насихатымды шын көңілден қабылда. Мұнымен дүние мен ахиретіңді безендір. Өйткені бұл насихаттар сенің және баршаның жақсылығы үшін. Осы жолмен жүр әрі бәріне насихатта... |

