Юнус алейһиссаламЮнус алейһиссалам – қазіргі (Ирактағы) Мусул қаласының маңында өткен Нинова халқына жіберілген пайғамбар. Әкесі Мета өте салих кісі болатын. Юнус алейһиссаламды балық жұтқандықтан Зиннун және Сахиби Хүт деген атаулармен де аталған. Юнус алейһиссалам Асур мемлекетінің астанасы және маңызды сауда орталығы болып табылатын Нинова қаласында дүниеге келген. Әкесі Мета және анасы Аллаһу та’алаға дұға етіп, ұл бала нәсіп етуі үшін жалбарынады. Хақ та'ала оларға Юнусты ихсан етіп береді. Бірақ Юнус алейһиссалам анасының құрсағында кезде әкесі қайтыс болады. Анасы оның туған сәтінде және балалық шағында көптеген таңғажайып нәрселерге куә болады. Юнус алейһиссалам осы Нинова қаласында өсіп жетіледі. Қауымы ішінде ең сенімді, ең адал, өтірік айтпайтын және адамдарға көмектесуді жақсы көретін бірегей тұлға ретінде мәшһүр болды. Отызға толғанында Нинова халқына пайғамбар ретінде жіберілді. Сол уақытқа дейін пұттарға табынып жүрген Нинова халқын жылдар бойы Аллаһу та’алаға ғибадат етуге шақырды. Қауымы болса оған иман келтірмегенімен қатар оған жәбір көрсетіп, жапа шектірді. Оны мазақтап, келеке етті. Бірақ Юнус алейһиссалам еш тартынбастан, жалықпастан және үмітсіздікке салынбастан халықты хақ дінге шақыруын тоқтатпады. Халыққа Аллаһу та’аланың ашуы мен азабын айтып ескертті. Бірақ Нинова халқы «Бір адамның айтуымен азап түсіп, барлық адамдарды жойып жіберетін болса, онда бөгет болма, келсін азап, көрейік» десіп, тағы келеке етті. Юнус алейһиссалам қауымының күпіршілікте табан тіреп тұрып алғанына қапа болып, олардың арасынан кетіп қалады. Сонда Аллаһу та’ала оған уахи жіберіп: «Құлдарымның арасынан кетуде асығыстық еттің. Кері қайт, тағы қырық күн оларды иманға шақыр» деп бұйырды. Юнус алейһиссалам осы илаһи әмірдің түсуімен кері қайтып, халықты иманға шақыруын әрі қарай жалғастырды. Отыз жеті күн жүріп, хақ дінге шақырды. Қауымы әлі де иманға келмеді. Бұдан кейін Юнус алейһиссалам «Олай болса, үш күнге дейін бастарыңа келетін азапты күтіңдер. Мұның белгісі ретінде алдымен жүздерің сарғаяды» дейді де, өзіне илаһи бұйрық келмей тұрып, қаладан кетіп қалады. Юнус алейһиссаламның айтқан күні таяғанда ниновалықтардың жүзі сарғайып, аспан түнеріп, қаланы қалың қара тұман қаптап алады. Адамдар қорқыныш пен үрей ішінде жылап, байбаламға салынады. «Юнус алейһиссалам арамызда болса қорқатын түгі жоқ, жоқ егер ол кеткен болса, онда құрыдық» деседі. Сол кезде Аллаһу та’ала олардың жүректеріне өкініш сезімін береді. Олар тәубе етуді қалап, өте салих және жоғары адамгершілігімен белгілі болған бір ақсақалға не істеу керектігін сұрап келеді. Ол кісі тәубе етулерін айтып, бұл азаптың бастарынан кетуі үшін жалбарынып, дұға етулеріне кеңес береді. Бұдан кейін Нинова халқы қала маңындағы ең биік төбешікке жиналып Аллаһу та’алаға және оның пайғамбары Юнус алейһиссаламға иман келтіреді. Аллаһу та’алаға жалбарына дұға етіп, бастарына келген бәлені тоқтатуын сұрайды. Ол күнге дейін жасаған әртүрлі әділетсіздік пен жамандық атаулының бәріне тәубе етеді. Тіпті өзгелерге тиесілі болған үйлеріндегі қаланған тастарды да орнынан сөгіп, иелеріне тапсырады. Бұдан кейін Аллаһу та’ала тәубелерін қабыл етіп, бастарына төнген азапты алып тастады. Риуаят бойынша дұға жасалған күн жұма және Ашура күні болатын. Кейін қуанышты күйде қалаға келген Нинова халқы Юнус алейһиссаламды іздейді. Юнус алейһиссалам біршама уақыттан кейін қауымының жағдайын білу үшін Ниноваға жақын жерге дейін келеді. Азаптың рақымдылыққа ұласқанын көріп: «Егер қалаға кірсем, бәрі мені өтірікшілікпен айыптайтын болады» деп ойлап қалаға кірместен шөл тарапына қарай беттеп, Дижлә өзенінің жағасына келеді. Бірақ бұл жерге Аллаһу та’аланың әмірінсіз келген болатын. Мұнда аттанғалы тұрған жолаушыларға толы кемеге мініп кетеді. Біршама уақыт жүрген соң кеме бірден қимылдамай қалады. Кемедегілер таңданып, кемені жүргізуге қаншалықты талпынса да орнынан қозғалта алмайды. Кейін «арамызда мойнына күнә артқан адам бар, кеме соның кесірінен жүрмей тұр» деген пікірлер айтылады. Адамдардың бойын кеме батып кетеді деген үрей қаптап алады. Сосын «Мұнда қожайынынан қашып кеткен құл бар болса керек. Жеребе тастайық, сонда ол адам табылар» деп өз араларында осындай келісімге келеді. Сол замандарда жеребе кімге түссе соны жаза ретінде теңізге тастау әдет болатын. Осы әдет бойынша жеребе тастайды. Жеребе Юнус алейһиссаламға түседі. Сол кезде Юнус алейһиссалам мұның илаһи сынақ екендігін қабыл етеді де, Аллаһу та’алаға тәуәккүл етіп: «кінәлі құл менмін» дейді. Кемедегілер Юнус алейһиссаламға қарап салих адам екенін түсінеді. «Бұл адам құлға ұқсамайды, жеребені қайта тастайық» деп ұйғарады. Жеребе тасталып, қайтадан Юнус алейһиссаламға түседі. Үшінші рет тағы тастағанда, онда да Юнус алейһиссалам жеребеден шығады. Кейбір адамдар «шүбәсіз, кінәлі адам осы болуы тиіс» десті. Юнус алейһиссалам адамдарды Аллаһу та’алаға иман келтіруге шақырады. Бірақ кемедегілер Юнус алейһиссаламды теңізге тастап жібереді. Түн ауған кез болатын. Сол сәтте Юнус алейһиссаламды бір балық жұтып әкетеді. Аллаһ та’ала балыққа Юнус алейһиссаламды жарақаттамауын, сүйектерін сындырмауын бұйырады. Юнус алейһиссалам аман-сау, ақыл-есі дұрыс күйде балықтың қарнында болады. Қайғылы, ренішті күйде: «Йа, Раббым! Әмір мен үкім сенікі! Бірақ Ниноваға барып, қауымымды иманды күйде көруге үмітім шексіз. Әйтсе де маңдайыма жазған тағдырың не болса, соған разымын» дейді. Сол сәтте дауыстар естіді. «Бұл қандай дыбыстар екен?» деп ойлады. Аллаһу та’ала оған оның балықтың қарнында екенін уахимен білдіріп, «Ей, Юнус, бұл дыбыстар мені теңізде зікір етіп жатқан жандылардың дауысы» дейді. Юнус алейһиссалам балықтың қарнында бола тұра Аллаһу та’аланы зікір етуін тоқтатпады. Періштелер оның дауысын естіп Хақ та’алаға ұсынды. Аллаһу та’ала: «Бұл құлым Юнустың дауысы. Бір жағдайға байланысты оны балықтың қарнына қамадым» деп бұйырды. Юнус алейһиссалам «Лә илаһә иллә әнтә субханәкә инни кунту минәззалимин» (Сенен басқа тәңір жоқ. Сен бүкіл нұқсандықтардан пәксің. Шынында мен қателік пен құрметсіздік еткендерден болдым) деген дұғаны айтуды жалғастырды (Әнбия сүресі, 87). Осы дұға мен тәсбих оның құтылуына себепші болды. Балықтың қарнында үш, жеті немесе қырық күннен кейін шықты. Юнус алейһиссалам балықтың қарнынан Мұхаррам айының 10-шы (ашура) күні құтылды. Балық оны жағаға тастағанында Юнус алейһиссалам өте арық, әлсіз, ауру халде еді. Хақ та’ала оған мейірім етіп, сол жерде күннің ыстығынан көлеңкесімен қорғайтын кең жапырақты, тез өсіп жетілетін ағаш немесе өсімдік бітірді. Бұл ағаш құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейлерден де қорған болды. Бір риуаят бойынша, Хақ та’ала сол ағаштан хазреті Юнусқа сүт тамшылатады. Басқа риуаят бойынша, тау ешкісін жібереді. Жақсылап күш-қуат жинағанша таңертеңгісін және кешке осы тау ешкісінің сүтін ішті. Юнус алейһиссалам сауыққаннан кейін Аллаһу та’алаға шүкір етіп ғибадат етуді бастады. Кейін өзіне пана болған әлгі ағаштың қурағанын көріп мұңаяды. Аллаһу та’ала уахи арқылы оған қаумына қайтуын және қауымының тәубесінің қабыл болғандығын айтуын әмір етеді. Юнус алейһиссалам еліне қайтуға жолға шығып, Нинова қаласына жақындағанында мал бағып жүрген қойшыдан қауымының жағдайын сұрайды. Қойшы: «Пайғамбарлары Юнус алейһиссалам оларға ренжіп кеткен соң Хақ та’ала оларға азап жіберді. Азап бұлттары төбелерінде үш күн, үш түн тұрды. Олар мың өкініш ішінде, мың жылап тәубе етті. Юнус алейһиссаламды қанша іздегенімен таба алмады. Ақырында Аллаһу та’ала оларды кешірді. Төбелерінен төніп тұрған азапты алып тастады. Енді олар жолға қарап өздеріне әмір мен тыйымдарды үйрететін Юнус алейһиссаламның келуін күтуде» деп айтады. Юнус алейһиссалам күткен адамдары өзі екендігін айтып, барып адамдарға хабар беруін өтінеді. Қойшы қалаға барып адамдарға Юнус алейһиссаламның келгендігін хабарлап шығады. Алғашында Нинова халқы Юнус пайфғамбардың келгеніне сенбегенімен, ағаштардың, жануарлардың тілге келіп, хабар беруінен кейін иланып, Юнус алейһиссалам қалған жерге қарай беттейді. Барғандарында Юнус алейһиссалам намаз оқып отырған болатын. Намаздан кейін халқы оны құшақтарына алып, кешірім сұрасады. Бәрі бірге қалаға кіреді. Бұдан кейін Юнус алейһиссалам оларға Аллаһу та’аланың әмірі мен тыйымдарын түсіндіреді. Қауымы бақ пен береке ішінде тіршілік етеді. Юнус алейһиссалам Ниновада сексен үш жасында ғибадат етіп отырып қайтыс болды. Қайтыс болған жері турасында басқа да риуаятттар бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу алейһис уәсәлләм хадис шәрифінде былай дейді: «Дерт және бәле келгенде Юнус нәби оқыған «Лә илаһә иллә әнтә субханәкә инни кунту минәззалимин» зікірін айтқан адам дерт және бәледен құтылады». (Тирмизи, И. Сүнни). «Ауру адам қырық рет «Лә илаһә иллә әнтә субханәкә инни кунту минәззалимин» деп оқыса, шәһид болып қайтыс болады. Жазылса күнәлары кешіріледі». (Нәджатул-мусалли). |

