17 - Шабан, 1447 жыл.
     5 - Ақпан, 2026 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Мұсылманның мұсылмандағы хақылары

Мұсылманның мұсылмандағы хақылары

Мойнымызда хақылар көп. Ең үлкен хақы Ұлы Раббымыздың, бізден ешқандай талап болмаса да бізді жаратты әрі өмір сүргізіп жатыр. Дүниеге келген кезімізде соқыр едік, көру нығметін бізге ол берді. Керең едік, есту қабілетін берді. Күшсіз едік, бізге күш-қуат нәсіп етті. Аш едік, бізді тойдырды, әрі азығымызды біз әлі дүниеге келмей тұрып анамыздың омырауында (әлемде ешбір балалар асында кездеспейтіндей дәруменді, құнарлы азықты) дайындады.

Тек жаратумен ғана шектелмей бізді өмір сүргізіп жатыр. Біздің бір нан жей алуымыз үшін жерде, аспанда не бар болса, күн, ай, бұлттар, жел, топырақ және басқа нығметтердің бәрін дайындап қойды. Ауаны тыныс алу арқылы әр минутта өмірімізді құтқаруда.

Жер жүзінен ауаны алып тастаса, кем дегенде он минут ауасыз қалсақ, ешбір жанды қалмайды. Қанша шүкір етсек те хақысын өтей алмаймыз...

Бізді және барымызды жаратқан Раббымыздың бізде хақысы болмауы мүмкін бе? Оның хақысы – әмірлерін орындап, харамдардан сақтану. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хақысы бар, ата-анамыздың, ұстаздарымыздың хақысы бар, көрші хақысы бар, бала-шағамыздың хақысы бар, тіпті жануарлардың да хақысы бар.

Мұсылманның мұсылмандағы хақысы алтау:

1) Кездескен кезде сәлем беру керек. Сәлем беру сүннет, ал жауап беру парыз. Бірақ сәлем берушінің сауабы жауап берушінің сауабынан көп.

2) Қонаққа шақырған кезде үзірлі себебі болмаса бару керек. Шақырылған жерде күнә істелмейтін болса, ол жаққа бару сүннет. Әсіресе бұл шақыру үйлену тойы (асы) болса (мұны «уәлима» деп атайды), онда маңызы арта түседі. Тіпті уәжіп деген ғалымдар да бар.

3) Насихат сұраса, оған насихат айту қажет. Бәріміз қазір ең насихатқа мұқтаж уақыттамыз, бірақ ешкім ешкімнен насихат сұрамайды. Насихат айтылса ашуланатымыз да бар. Насихатқа тоқпын дейміз.

4) Түшкірген кезде «Әлхамдулиллаһ» десе, оған «Ярхамукаллаһ» деуіміз керек. Түшкіру Рахманнан, ал есінеу шайтаннан. Пайғамбарлар мүлде есінемейтін.

5) Ауырып қалған кезде көңілін сұрап бару керек. Науқастың көңілін сұрап барғанда таза киім киіп, күлімдеген жүзбен кіру қажет. Науқасқа ұнайтын сөздер айтып, ұзақ отырмаған жөн. Науқас бұған қатты қуанады, оның көңілі мұңды, қайғылы. Ал мұңды жүрекпен жасалған дұға қабыл болады.

6) Қайтыс болса, жаназасына бару, жаназа намазын оқу мойнымызға міндет. Оның сол жағдайынан ғибрат алуымыз керек.

Өмір бойы айналасында өлгендерді көрген, олардың жаназына барып, табытын көтеріп жүрген адам үнемі осылай жалғаса береді деп ойлайды. Алайда табытын көтерген адамымыз да кезінде көп табыт көтерген еді. Бірақ бүгін өзі мәйіт болды. Бір күн келеді, біз де мәйіт болып, жаназамыз оқылады, мұны ұмытпайық...