14 - Шәууал, 1447 жыл.
     2 - Сәуір, 2026 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жәннаттың жолы дүние арқылы өтеді...

Жәннаттың жолы дүние арқылы өтеді...

Барлық адам ұзақ өмір сүргісі келеді, сол үшін қолынан келетін бәрін істейді, дұға етеді. Өмір сүру шарттары қаншалықты қиын болса да, бәріміз өмір сүре бергіміз келеді.

Дініміз де ұзақ өмір сүруді ниғмет деп қабылдаған. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Адамдардың ең қайырлысы – өмірі ұзақ, амалдары салих болғаны!».

Жақсы түрде сүрмейтін болса, ұзақ өмір сүру пәлекет болады! Бұл да хадис шәрифте: «Адамдардың ең жаманы – өмірі ұзақ, амалдары жаман болғаны!» деп түсіндірілген. Жаман өмір сүрген адам өмірде қалған сайын күнәларын арттыра береді. Бәрінен бұрын өзіне, туған-туыстарына және халқына зиянын тигізеді. Ондайлардың өмірі қысқа болуы бәлкім жақсырақ болар.

Дүниенің өзі де бір жағынан жаман. Сүріп жатқандарын алдаған, ахиретін ұмыттырған, тозаққа апаратын жол күйіне келтірген болса, ол пәлекет. Бірақ дүниенің жақсы жақтары да көп. Бұл – пайғамбарлар намаз оқыған, ғибадат жасаған жер. Періштелер зиярат еткен мекендер. Біз Раббымызды осында танимыз, Оған жалбарынудың дәмін осында сеземіз.

Жәннаттың жолы дүние арқылы өтеді. Дүниеге келместен жәннатқа кіру адамдарға мүмкін емес.

Дүниедегі ниғметтер өткінші, фәни. Бірақ мәңгілік ниғметтерге қол жеткізуге септігін тигізеді. Сондықтан да өте құнды.

Бүкіл әлемге билік құрғандардың бірі – Сүлейман пайғамбар (алейһиссалам). Ешкімге нәсіп болмаған патшалық оған берілген болатын. Адамдар, жындар, жан-жануарлар, жел, бәрі оның бұйрығында еді. Бір күні бір жерден келе жатқанында адамдар оң жағында, жындар сол жағында ілесіп бара жатқан еді. Күннен қиналмасын деп құстар қанаттарын жайған еді. Осылай кетіп бара жатқанында бір адамға кезігеді. Ол адам:

- Ей, Даудтың ұлы! Аллаһу та'ала саған неткен үлкен патшалық нәсіп етіпті, ешкімге бермегенін саған берді, - дейді.

Сүлейман алейһиссалам оған былай жауап береді:

- Бізге берілген патшалық бір рет «Субханаллаһ» деп айтатындай құнды емес. Өйткені бұл патшалық өткінші. Ал «Субханаллаһ» деп айту қалады. Өткінші, фәни болған нәрсені мәңгі, қалатын нәрсемен салыстыруға келе ме?

Өткінші нәрселерде бақыт пен шаттық іздегеніміз үшін еш бақытты бола алмай жүрміз. Бақыттың кілтін басқа кілтпен ашуға тырысып жатырмыз. Бұл біздің уақытымызды босқа кетіруімен қатар, ешқандай нәтижеге де жеткізбей жатыр. Босқа әуре болып шаршап жүрміз.

Сүріп жатқан шағымызды «Жылдамдық дәуірі», «Ғылым мен технология заманы» деуге болады. Бірақ бұл дәуірді ешкім «Бақытты шақ», «Шаттық заманы» дей алмайды.

Сахабалардың бірі «Йа, Раббым, ниғметті толықтай сұраймын» деп дұға етеді. Мұны естіген сүйікті пайғамбарымыз (алейһиссалам) одан: «Ниғметтің толығы қандай екенін білесің бе?» деп сұрайды. Ол «Жоқ» дегенінде:

«Ниғметтің толығына жәннатқа кіргенде қол жеткізесің. Сол кезде ғана мәңгілік бақытқа жеткен боласың» деп түсіндіреді Аллаһу та'аланың расулы.

Осы ниғметтердің бәріне тек қана осы дүние арқылы қол жеткізу мүмкін...