Жан дос туған бауырдан да үстемБіздер адам ретінде қоғамда, басқа адамдармен бірге өмір сүруге мәжбүр болғанымыз үшін жақсы дос табуға да мәжбүрміз. Өзімізге дос іздегенде мән беруіміз керек болған кейбір шарттар бар. Бұл шарттарды ескермесек, мән бермесек, көп қиындықтарға жол ашуы мүмкін. Бірінші шарт, достың ақылды болуы. Ақылды болмаса, бізге пайдасы тиюінің орнына зияны тиеді. Яғни шаш аламын деп бас алады. Екінші шарт, діндар болуы. Дінін ұстанбай өмір сүретін адам ең үлкен жамандықты өзіне жасайды, өзін-өзі тозаққа дайындайды. Өзіне пайдасы жоқ, тіпті керісінше зияны бар адамның біреуге қандай пайдасы тиюі мүмкін? Діндар достың шапағаты адамды тозақ отынан құтқарады. Адамдар тозаққа тасталып, қиямет күні: «Бізге шапағат ететін ешкім жоқ па? Бізді осы азаптан, осы қиындықтан құтқаратын шынайы жан досымыз жоқ па?» деп шақырады. Тәфсиршілер бұл аят кариманы тәфсир еткенде мына жайтқа назарымызды аударады: Шынайы дос туған бауырдан да үстем. Олар: «Бауырым келіп мені құтқарсыншы» демейді. «Шынайы жан досын» іздейді және оны айқайлап шақырады. Үшінші шарт, жақсы мінезді болуы. Ондай дос дүниедегі ең құнды болмыс. Одан көп жақсы, пайдалы нәрселер үйренуге болады. Фудайл бин Ияд (рахметуллаһи алейһ) айтқан: «Мінезі жаман салих адамның достығына қарағанда мінезі жақсы күнәһар адамның достығын таңдаймын». Дүниелікті қатты жақсы көретін ашкөз адамдардың достығынан сақтанғанымыз жөн, себебі жеке пайдасы үшін адамды кезкелген уақытта сатып кетуі мүмкін. Қайырлы дос өз балаларымыздан да, туған бауырымыздан да жақсы. Хасан Басри хазреттің көңілін сұрап келушілері және достары көп еді. Үлкен ғалым болғандықтан адамдар оған үздіксіз келіп білім алатын. Оның жасы ұлғайып, аурулар шыға бастады. Содан қонақтармен сұхбаттасу қиынға соға бастады. Мұны көрген балалары әкелері шаршамасын деп маңызды болмаған қонақтарды қабылдамайтын болды. «Әкеміз ауырып жатыр, қазір қабылдай алмайды, кейінірек келіңіз» деп қайтаратын болды. Хасан Басри хазрет мұны байқап, балаларына: «Менің қонақтарымды неге кіргізбейсіңдер? Мен оларды сендерден көбірек жақсы көремін. Мен өлгенде сендер мирасымды бөлісесіңдер, олар болса азаптан құтылуымды тілеп маған дұға етеді» деген екен. Жақсы адамдармен достық құру қаншалықты құнды болса, жаман дос та соншалықты қауіпті. Жаман дос улы жыланнан да зиянды. Жылан адамды шағып, бірнеше күндік аурумен қинайды, уы көп болса өліміне себеп болады. Біз онсыз да бұл дүниеге мәңгі қалу үшін келмедік. Ал жаман жос адамның дүниесін де, ахиретін де құртып жібереді, төтеп бере алмайтындай қиындықтарға душар етеді. |

