10 - Шабан, 1447 жыл.
     29 - Қаңтар, 2026 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Иман / Атеисттің сұрағына жауаптар

Атеисттің сұрағына жауаптар

Сұрақ: Аллаһты кім жаратты?

Жауап: Әстағфируллаһ, Аллаһты біреу жаратты делінетін болса, Аллаһ жаратылыс болар еді. Жаратылыс, жаратушы болмайды. Сонымен қатар, Аллаһты кім жаратты делінетін болса, мұның соңы келмейді, бұл тізбек шексізге дейін кетеді.

Жоғарыдағы сұрақ негізінде дұрыс емес сұрақ. Яғни «тауық бірінші пайда болды ма әлде жұмыртқа ма?» дегенге ұқсайтын орынсыз сұрақ. Барлық нәрсені жаратқан Аллаһу та’ала, соның ішінде уақытты да жаратқан Ол. Бұрын және кейін деген ұғым уақыт шеңберінде пайда болған дүние. Мысалы компьютерді ойлап тапқан инженерге компьютердегі функциялар өтпейді. Яғни «Инженерге құпия сөзді енгіз немесе инженерді тоқтан суырып өшір» делінбейді. Сол сияқты бұрын, кейін деген уақыт ағысына Аллаһу та’ала бағынбайды. Өйткені уақытты да Аллаһу таала жаратты. Аллаһу та’ала әрдайым бар, уақытсыз бар. Сондықтан уақытсыз болған Аллаһу та’алаға, «Оны кім жаратты» деп өткен шаққа қатысты сұрақ сұрау мәнсіз болады.

Аллаһу та’ала әрдайым бар және мәңгілік. Яғни бар болуының бастауы жоқ, шексіз ежелден мәңлігікке бар. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Шайтан «сені кім жаратты?» деп уәсуәса береді, «Аллаһ жаратты» дегенде «Оны кім жаратты?» деп уәсуәса береді. Осындай уәсуәса келген адам «Мен Аллаһ пен расулына иман келтірдім» десін». (Бұхари).

Аллаһу таала жаратқан махлұқтарына ұқсамайды. Қандай екендігін ақылмен түсіну мүмкін емес. Ойымызға, қиялымызға келген  барлық нәрсе Ол емес. Болмыстардың өзіндегі құбылыстардан түсінгенімізден гөрі әлі түсініп жетпеген дүниелер орасан көп. Ақыл болмыстардың өзіндегі нәрселерді түсінбей тұрғанда бұлардың жаратушысын қалай түсінсін. Аллаһу та'аланың ұлылығын, сипаттарын аз да болса түсіне алған ислам ғалымдары таңданысқа түсіп: «Оны түсіну — Оның ақылмен түсінілмейтіндігін ұғыну» деп айтқан. Хадис шәрифте былай делінген:

«Аллаһу тааланың жаратқан нәрселері туралы тәфәккур етіңдер (ойланыңдар), заты туралы тәфәккур етпеңдер (ойламаңдар)». (Әбушшәйх).

 

Сұрақ: Құдайға біздің ғибадатымыздың, амалдарымыздың не керегі бар?

Жауап: Аллаһу та'ала «Әміріме бағынған жәннатқа, ал бағынбаған тозаққа кетеді» деді. Ғибадаттардың пайдасы Аллаһу та'алаға емес, әркімнің өзіне тиеді.

Айлыққа жұмыс істейтін дәрігер бір науқасқа дәрі берсе, науқас болса: «Дәрігер маған дәрі іш деді, бірақ бұл дәрінің дәрігерге пайдасы жоқ» деп сол дәріні ішпеуі дұрыс бола ма? «У ішсем, дәрігерге қандай зияны бар?» деп у ішу де ақымақтық емес пе? Сол сияқты «Күнәларымның Аллаһқа ешқандай зияны жоқ екен» деп әр түрлі күнәларды істеу ақылды адамның істейтін тірлігі емес. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Ақылды адам – Аллаһқа және пайғамбарына сенген және ғибадаттарын орындайтын адам.» (И.Мухбәр).

Дәрігердің кеңесін орындаса, жазылады. Орындамаса өледі. Дәрігерге бұдан ешқандай зиян болмайды. Осы сияқты «Құдайға менің ғибадатымның қажеті жоқ» деп Аллаһу та'аланың әміріне бағынбай, қарсы шығатындар тозаққа кетеді.

Негізінде діннің ішінде ешқандай зиян жоқ, ал діннің сыртында ешқандай пайда жоқ. Мұхаммед Масум хазреттері былай деді:

«Аллаһу та'ала адамдарды білгенін істесін деп жаратпады. Қалағанын істеуге рұқсат бермеді. Нәпістерінің қалауларына еруін, осылайша пәлекетке жетуін қаламады. Рахаттық пен бақытта өмір сүруі және мәңгі бақытқа қауышуы үшін қажет болатын пайдалы амалдарды орындауын бұйырды. Зиянды нәрселерді істеуге тыйым салды. Бақытқа қауышқысы келген адам дінге мойынсұнуға мәжбүр. Нәпісінің және табиғатының дінге қайшы болған қалауларын тәрк етуі керек. Дінге мойынсұнбаса, жаратушысының ашуына, азабына душар болады. Дінге мойынсұнған пенде бақытты, рахат болады. Иесі оны жақсы көретін болады.

Дүние – егістік жері. Егістікке ештеңе екпей, ұрықтарды ішіп-жеп, зауықтанып, рахат өмір сүрген адам егін алудан мақрұм қалады, дәл осылай дүние өмірінің өткінші ләззаттарымен, нәпістің қалауларын орындаумен өмірін өткізген адам да мәңгі ниғметтерден, шексіз зауықтардан мақрұм қалады. Бұл жағдай ақыл-есі дұрыс болған адам қабылдайтын нәрсе емес. Ақылды адам мәңгі ләззаттарды жіберіп алуға себеп болатын өткінші және зиянды ләззаттарды таңдамайды.» (2 том, 11 хат).

 

Сұрақ: Сізге қояр сұрағым бар еді, бір таныс досымыздың 17 жасар қызы атеисттермен араласып, атеисттер миын улап жіберген сияқты, енді біршама сұрақтары бар екен, жауап айта аласыз ба? Неге Аллаһ бәріне бірдей мейірімді емес. Неге бөліп жарады адамдарды?

Жауап: Негізі атеисттердің мұсылман дініне қатысты сұрақтар сұрауға құқы жоқ, діннің ішіндегі мәселелерді сұрауы әбестік. Аллаһу та’алаға сенбейтін адам, оның дініндегі мәселелерді қалай түсінбек?! Ол алдымен атейстіктің есебін беруі керек.

Былайша айтқанда мысалы өзеннен өтетін көпір бар делік. Көпірге және көпірді жасағанға сенбейтін адам көпірден мынанша көлік пәлен штук адам өтті, олар қалай өтті, көпір неге құлап қалмады деген секілді сұрақ сұрауда. Яғни әрі көпірге де, көпірді жасағанға да сенбейді, бірақ көпірге қатысты мәліметтерден есеп сұрауда. Бұл қисынсыз емес пе?!

Негізінде осы сияқты сұрақтармен мұсылман жастарының миын улап жүргендердің көбісі атеист емес, атеист көрінісіндегі миссионерлер. Олардың мақсаты мұсыман жастарын имансыздандыру. Кәпірлердің қазіргі тактикалары осылай сын айтып, мін айтып мұсылмандарға күмән ұялатып діннен алыстатып, имансыз ету. Ал имансыздардың ұрпақтарын ертең шоқындыру немесе өз ырқына бағындыру қиынға соқпайды деп санайды. Өкінішке орай бұл тактикалары жеміс беріп жатқан жайы бар.

Бұл дүние сынақ болғандықтан Аллаһу та'ала әркімді әртүрлі жолмен сынайды. Біреуді байлықпен, біреуді билікпен, біреуді кедейлікпен, біреуді дертпен сынайды. Адамдардың бәріне бірдей жағдай жасалса сынақтың мәні қалмас еді. Аллаһу та’аланың мейірімін адам баласының қысқа ақылымен түсіне алуы мүмкін емес. Әйтсе де кітаптарда Аллаһу та’аланың дүниеде бүкіл адамзатқа, мұсылмандарға да, кәпірлерге де мейірімді екені, себебіне жүгінген бүкіл адамдарға сансыз ризықтар, ниғметтер беретіні білдірілген.

Құран кәрімде: «Расында, Аллаһу та'ала адамдарға титімдей де зұлымдық етпейді, бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық жасайды» делінген. (Юнус сүресі, 44-аят).

Мысалы: Егер мұғалім емтихан кезінде бір оқушыға қиын, екіншісіне жеңіл сұрақ қойса, сырттай әділетсіз көрінуі мүмкін. Бірақ мұғалім әр оқушының деңгейін біліп, соған сай сұрақ бергенін ескерсек, әділеттілік бар екенін түсінеміз. Сол сияқты, Аллаһу та’ала әркімге өзіне лайық сынақ береді. Аллаһу та’аланың мейірімі мен әділетін бұл өмірде түсініп жете алмауымыз мүмкін. Бірақ ахиретте толық көрінеді.

Хазреті Әли (кәрималлаһу уәжһәһ) былай деген: «Өлгеннен кейін қайта тірілуге сенбейтін біреуді көрсең оған былай де: Мен сенемін, иман келтіргенмін. Сенің айтқаның дұрыс болса, мен бұдан еш зиян көрмеймін. Менің айтқаным дұрыс шықса, сен мәңгілікке отта жанасың!».

Яғни сенетін адам дінге мойынсұнып, ешкімнің құқығын таптамай, ешкімнің ақысын жемей адал өмір сүріп, көркем мінезімен дүниеде жақсы адам болғанындай ахыретте де мұның жемісін көреді. Ал сенбейтін адамның дүниеде шектеулері болмағанындай ахыретте мәңгілік азапқа ұшырайды. Сенбейтін имансыз бір адам өлсе, өзінің сенімі бойынша жоқ болады. Ал сенетін иманды адамның көзқарасы бойынша, ол жаһаннамда мәңгі азап шегеді. Сенетін иманы бар адам өлсе имансыздардың көзқарасы бойынша жоқ болады, ал өз сенімі бойынша шексіз ләззаттар, ниғметтер ішінде өмір сүреді. Ақылы, білімі бар адам осы екеуінің қайсысын таңдайды? Әлбетте екіншісін емес пе? Дүние істеріндегі және әлемдегі жүйелілік пен заңдылықтар, ақыл иелеріне Аллаһу та’аланың бар екенін хабар беріп көрсетіп тұр. Ал ахиреттің бар екенін Аллаһу та’ала хабар беріп тұр. Олай болса, ақылы, ілімі бар адамның Аллаһу та’аланың бар екеніне және бір екеніне сенуі қажет. Сенбеу, ақымақтық және надандық болады. Cаналы адамға хазреті Әлидің осы сөздері де жеткілікті.

 

Сұрақ: Неге мұсылмандар күнә жасайды да, намаз оқыған соң жұмаққа барады. Ал мұсылман еместер күнә жасамай дұрыс жүріп, бірақ намаз оқымаса да тозаққа барады?

Жауап: Хадис шәрифте: «Ей, сахабаларым, сендер сондай замандасыңдар діннің әмір мен тыйымдарының оннан біреуіне мойынсұнбайтын болсаңдар құрисыңдар. Сондай заман келеді әмір мен тыйымдардың оннан біріне мойынсұнған адам, тозақтан құтылады» делінген (Тирмизи, Табарани). Ғалымдардың біршамасы бұл бір бөліктің иман екенін хабар берген. Яғни ақыр заманға жақын адамдардың қатты бұзылатыны соншалық иманын сақтай алу қиынға соғатынын, мұсылмандықты ұстанып жүру қолына шоқ ұстап жүрумен тең болатынын білдірген. Ал Осындай аласапыран заманда иманын сақтай алудың өзі құтылу деп білдірген. Қазір сондай замандамыз, яғни иман ұрыларының көбейген замандамыз.

Ғалымдарымыз жәннатқа кіруге себеп болатын нәрсе амалдар емес - иман деп білдірген. Ал ғибадаттар мен амалдар иманды қорғау үшін қажет. Хазреті Абдулхаким Аруаси түсінікті болу үшін иман мен амалды былай түсіндірген: «Иман шамға (шыраққа) ұқсайды, дініміздің әмірлері мен тыйымдары шамның сыртындағы шишасына (лампасына) ұқсайды. Шам шишасымен бірге Ислам. Шишасыз шам аздаған желде тез сөнеді. Имансыз Ислам болмайды. Ислам болмағанда, иман да жоқ».

Ең қымбат бриллиант бірнеше кілттермен ашылатын, жасырын шкафтардың артындағы жасырын сейфтің ішінде қалай сақталатын болса, сол сияқты құнды болған иман да ғибадаттармен және амалдармен қорғалады. Ғибадатсыз болмайды, өйткені өте күшті борап жатқан осы күпір боранында, бір шырақ жағып, ортасында жүру және бұл шырақты сөнбейді деп санау ақылды адамның ойы ма? Бұл шам сөнбеуі үшін ол шыны плафонның ішіне қойылатыны сияқты, иман нұры да намаз оқу, ораза ұстау, сұхбат жасау, Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын оқу секілді ғибадаттармен қорғалады. Негізгі мақсат – иманды қорғау. Иман қорғалмайтын болса, соңы пәлекет болады.

Жалпылама «адам қалай өмір сүрсе солай өледі. Қалай өлсе солай тіріледі» деген сөз бар. Яғни амалдары жақсы болған адамның өлімі де жақсы болатыны, ал жаман амалдармен әуре болған адамның өлімі де жаман болады деп білдірілген хабарлар бар. Бірақ намазын ықыласпен оқып жүретін адамның және жақсы адамдармен араласатын адамның бірте бірте күнәлардан бойын аулақ ететіні білдірілген.

Сонымен қатар адамның құтылатыны немесе тұтылатыны соңғы демде белгілі болады. Сондықтан «мұсылмансың ба?» деген сұраққа Ханафилер қазіргі иманын растау мақсатында «Әлхамдулилләһ мұсылманмын» деп айтады. Ал Шафиилер соңғы демді ойлап «Иншаллаһ мұсылманмын» деп айтады. Тіпті әулиелердің, ғұламаларымыздың ең көп қорққаны осы – соңғы дем болған. Мысалы, үлкен ғалым Ахмед ибн Ханбал хазреттері дәл өлім сәтінде бірден бар дауысымен үш рет «Болмайды, болмайды, болмайды» деп айқайлап, қайтадан төсегіне құлайды. Баласы жетіп келіп: «Әкешім, не болып қалды? Неге «Болмайды» деп айқайладыңыз?» – деп сұрайды. Сонда: «Малғұн шайтан «Мұсылмандықты таста, христиан бол, жәннатқа кіресің» деді. Мен «Болмайды» деп едім, малғұн жоғалып кетті» – деп жауап береді және калима-и шаһадат айтып қайтыс болады.

Жүнәйд Бағдади хазреттерінен бір поп келіп: «Мен үстеммін бе, әлде сен үстемсің бе?» деп сұрайды. Ол «Аптаның соңында кел, сол кезде жауап берейін» дейді. Бір аптадан кейін келгенінде қайтыс болғанын көреді. «Бүгін маған жауап беру керек еді, сөзінде тұрмады» деп сөйлей бастағанда, шәкірттері табытын көрсетіп «Анау жақта жатыр, жанына бар да сұра, әулиелер бостан-бос ештеңе айтпайды» деседі. Табытының басына барып, әлгі сұрағын сұрайды. Жүнәйд Бағдади хазреттері Аллаһу та'аланың рұқсатымен басын көтеріп, былай жауап береді: «Сөйлескенімізден бір аптадан кейін өлетінімді білген едім, бірақ соңымның қандай болатынын білмегенім үшін сол күні саған жауап бере алмадым. Сен иман келтіруің мүмкін еді, ал мен имансыз өлуім мүмкін еді. Әлхамдулиллаһ, мен иманмен жан тапсырып, өзімді құтқардым. Қазір айта аламын, мен үстеммін. Ал сен өз жағдайыңа қара!»-дейді. Бұл кереметке куә болғаннан кейін попшылдық қалады ма?! Поп жылай бастайды, шаһадат калимасын айта бастайды. Сөйтіп мұсылман болады. Үстемдік соңындағы жағдайға байланысты. Осы себептен имансыз өлуден қатты қорқу керек.

Кімнің құтылатыны кімнің тұтылатыны соңғы демде мәлім болатындықтан мұсылман «қорқу» мен «үміт» арасында өмір сүруі керек делінген. Яғни соңғы демде имансыз өлуден қорқу керек. Аллаһу та’аланың ашуынан, азабынан қорқу керек, бірақ рақымдылығы мен мейірімінен ешқашан үміт үзбеу керек. Күнә iстеуден сақтану, иманнан ажырап қалудан қорқу керек. Сондай-ақ қаншама көп күнә iстеген болсақ та, Аллаһтың кешiрiмiнен еш үмiт үзбеуіміз, күнәларымыз үшiн тәубе етіп, кешірім тілеуіміз керек. Өйткенi тәубе еткен адам ешқандай күнә iстемегендей болады делінген. Қаншама көп ғибадат етсек те құтылатынымызға сенімді болмау керек. Өйткені құтылу не құтылмау соңғы демде мәлім болады. Жастардың қорқулары көбірек, ал қарттардың және науқастардың үміттері көбірек болу керектігі айтылған.

Қорқу мүлдем болмай үміттің көп болуы, яғни жәннатқа кіретініне сенімді болу дұрыс емес, рұқсат емес. Сондай-ақ үміт мүлдем болмай қорқудың көп болуы, яғни тозаққа түсетіне сенімді болу да дұрыс емес, рұқсат емес. Хадис шәрифте: «Қорқу мен үміт арасында болған мұсылман үміт еткеніне қауышады, қорыққан нәрсесінен амандықта болады» делінген. (Тирмизи).

Демек көп күнә істеген мұсылман міндетті түрде тозаққа кіреді немесе міндетті түрде жәннатқа кіреді деп ешкім айта алмайды. Мұсылманның сынағы иманын сақтап қалу, сонымен қатар күнә атаулыдан бойын аулақ ұстау және жақсы амалдар жасап сауап жинау. Ал кәпірдің сынағы, яғни кәпірден сұралатын жалғыз ғана талап - иман келтіру...

 

Сұрақ: Мұсылман балалары ата-анасынан көріп, үйреніп мұсылман болып өседі. Ал кәпірлердің балалары кәпір болып тәрбиеленіп, мұсылмандықтан мақұрым қалады. Осындай жағдайда өскендердің тозаққа түсуі әділетсіздік болмай ма?

Жауап: Бұл мәселеге байланысты хазреті Сәйид Абдулхаким Арваси былай деген: «Әділет пен ихсанды (сыйды) шатастырмау керек. Аллаһу та’ала әрбір елде өмір сүретін құлдарына әділетті артығымен жасаған. Ақылы толмай, балиғат жасына жетпей қайтыс болған кәпір балаларын тозаққа тастамайды. Сондай-ақ, ақылы жетіп, балиғат жасына толғаннан кейін де Мұхаммед алейһиссаламның дінін естімей қайтыс болған кәпірлерге азап бермейді. Ал егер олар ислам дінін, жәннат пен тозақты естігеннен кейін, қызықпай, зерттеп-білмей, қасарысып сенбесе, міне сол кезде азап көреді. Ақылы жетіп, балиғатқа толған бала ата-анасының және өскен ортасының бұрынғы әсерінің ықпалында қалып қоймайды. Егер солай болғанда, онда Ислам елдерінде, Ислам тәрбиесімен өскен жүз мыңдаған мұсылман балалары Ислам дұшпандарының өтірігіне алданбас еді, дінсіз, тіпті дінге қарсы адам болып шықпас еді. Ал шын мәнінде, бұлар ақылы жетіп, балиғатқа толғаннан кейін, тіпті ұстаз, қари (хафыз) болған соң да діннен шығып, дін дұшпаны болып кетіп жатқандары баршылық. Онымен қалмай өз аналарына, әкелеріне, көршілері мен туыстарына «діншіл», «керітартпа» деп мазақ ететіндер бар. Бұл өте ащы мысалдар ата-ана тәрбиесінің әсері әрдайым тұрақты бола бермейтінін анық көрсетеді. Сондықтан да бүгінгі күні діннен шығу бүкіл дүниені жайлаған бір апатқа, аса қауіпті ағымға айналып отыр. Екінші жағынан, көптеген кәпірлердің, ғылым мен техника саласындағы адамдардың мұсылман болып жатқанын да көрудеміз. Ал аз болса да, өз дінін өзгертпей қалғандардың болуы ата-ана тәрбиесінің әсері кейде тұрақты болады дегенмен, мұсылман отбасында дүниеге келу, Ислам тәрбиесімен өсу – Аллаһу та’аланың бір ихсаны (сыйы) болып табылады. Аллаһу та’ала кәпір балаларға бұл ихсанды бермеген болса, Ол ешкімге ихсан жасауға міндетті емес. Ихсан жасамау – зұлымдық емес. Мысалы, дүкеннен бір келі күріш алсақ, дәл бір келі тартып беру – әділет. Егер кем тартып берсе – зұлымдық болады. Ал артық берсе – бұл ихсан болады. Бұл ихсанды талап ету ешкімнің құқы емес.»

Бұл дүние сынақ. Сынақта әр адам өз таңдауын өзі жасайды және таңдауының есебін береді. Адам кейде өз баласына да, бауырына да, жұбайына да сөзін өткізе алмайды, олардың хидаятына себеп бола алмайды. Мысалы, Лұт алейһиссаламның жұбайы – Уахила кәпір еді, пайғамбардың әйелі бола тұра. Нұх алейһиссаламның балаларының бірі Кенан (Ям) кәпір болды, әкесіне сенбеді. Мұндай жағдайлар болады, өйткені хидаят Аллаһтан.

Мұхаммед алейһиссаламның көкесі болған Әбу Талиб пайғамбарымызды туған балаларынан да артық жақсы көретінін әрдайым айтып жүрген, оны мадақтаған қасидалар жазған, оған қорған болған. Мұхаммед алейһиссалам оның өлер алдындағы төсегінің қасына келіп, иман келтіруі үшін қатты жалбарынғанына қарамастан, иманға келмегендігі тарихи деректерде баяндалған.

Бір күні мешітте Билал Хабеши хазреттері билеп жатқан еді. Хазреті Омар: «Ей, Билал, бұл жер мешіт, не істеп жатырсың, бұл жерде билеуге бола ма?» дейді. Хазреті Билал Расулуллаһты меңзеп: «Бұл жердің йесі бар, сен араласпа» деп жауап береді. Хазреті Омар таңғалып: «Йа, Расулаллаһ, Билал мешіттің ішінде билеп жатыр» дейді. Пайғамбарымыз оны шақырып: «Йа, Билал, бұл не жағдай, неге билеп жатырсың?» деп сұрайды. Сонда: «Ата-анам сізге пида болсын, Йа, Расулаллаһ! Бұл менің Аллаһу та'алаға деген ерекше алғысым. Аллаһу та'ала барлық нәрсені сіз үшін жаратты, сізге бүкіл нәрсені берді, тек бір нәрсені ғана бермеді. Міне осы себептен қуанышымнан билеп жатырмын» деп жауаптайды. Пайғамбарымыз күлімдеп: «Ол қандай себеп, ей, Билал, сені қуантып билетіп жатқан?» деп сұрайды. Бұл сұраққа: «Ата-анам сізге пида болсын, Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та'ала сізге хидаят беру мүмкіндігін бермеді. Жүрекке иман орналастыру мүмкіндігін сізге бергенде, сіз әуелі туыстарыңызды, жақын достарыңызды, таныстарыңызды хидаятқа жетелейтін едіңіз, ал мен сияқты құл сонау Хабешистанда қалайша мұсылман болар еді? Осы себептен билеп жатырмын» деген жауап қайтарады. Сүйікті пайғамбарымыз тағы күлімдеп: «Билей бер, ей, Билал!» дейді.

 

Сұрақ: Бір танысымның имандылықтан алыстап, дінсіздікті таңдағанына куә болдым? Тағы бұнысын айналасындағы адамдарға жар салып, мұнысын бір ерліктей көрсетуге тырысуда. Адамның бұлай адасуына не түрткі болуы мүмкін?

Жауап: Адамдар ынсаппен ойланатын болса, адамзаттың бәрі имандылыққа бейім. Бірақ мұсылман болып дүние мен ахирет бақытына қауышуға бөгет болатын көптеген тосқауылдар бар. Бірнешеуіне мысал келтірейік:

Бірінші тосқауыл ол ішіміздегі нәпсіміз.Аллаһу та’ала хадис құдсиде: «Нәпсіңе дұшпандық ет! Өйткені, ол – менің дұшпаным» - деген. (Мәктубат Раббани) Нәпіс иман келтіргісі келмейді. Нәпістің азығы, яғни ләззат алатын нәрсесі – имансыздық және харамдар мен мәкрухтар. Дінге қарсы шығу нәпіске жағымды келеді. Сондықтан нәпіс адамды иман келтіртпеуге тырысады, оған күші жетпесе күнә істетуге тырысады, оған да күші жетпесе мәкрух істетуге тырысады.

Мен дінсізбін деп жар салып жүргендер нәпсінің құлы. «Атың шықпаса жер өрте» деген мақалдағыдай мұнысы өзіне назар аудартудың бір жолы. Неге адамдар елде жоқ шаш үлгісін жасап алып ерекшеленуді жақсы көреді? Неге адамдар ешкімде жоқ көлік, ешкімде жоқ киім киіп ерекшелуді ұнатады? Өйткені мұны нәпсіміз ұнатады. Атаққұмарлық нәпсінің қалауларының бірі.

Хадис шәрифте: «Нәпсін азықтандырған адам дінін әлсіреткен, ал дінін азықтандырған адам нәпсін әлсіреткен болады» делінген. (Әбу Нуайм).

Демек нәпісті әлсірету үшін, нәпістің ең қиналатын, оған ауыр болып тиетін – Исламның әмірлері мен тыйымдарына мойынсұну керек. Нәпісті әлсірету, тәрбиелеу үшін Исламға мойынсұнудан басқа амал жоқ.

Екінші тосқауыл шайтан. Шайтан тәкәппарлығы кесірінен жәннаттан қуылған. Адамдарды адастыру үшін тырмысатынын уәде етіп қияметке дейін өмір берілген шайтан адамдарға зиян беруге тырысады. Адамның бисмилләһ айтпай жеген тағамдары және харам жолмен келген азық-сусындарымен бірге тамырларына, асқазанына орналасып көңілдеріне уәсуәса (жаман ой) беріп тұрады. Адамдарды алдау үшін ең көп өтірік, ғайбат, өсек, сөз тасу, намазды тәрк ету, пайыз, құмар секілді күнәларға дағдыландырады. Спиртті ішімдік, зина және құмар оның ең басты көмекшілері.

Пайғамбарымыз Қағбада болғанда мұсылмандардың жандарына бір яһуди келді. Ол кездері Қағбаға яһудилер мен мүшриктер де келетін еді. Мұсылмандардың бірі пайғамбарымызға, «Йа Расулуллаһ, шайтан маған намазда көп уәсуәсә береді, не істеуім керек?» деп сұрады. Яһуди бірден атып тұрды да, «Біздің дінімізде уәсуәсә жоқ, шайтан бізге уәсуәсә бермейді» деді. Бұған пайғамбарымыз, «Йа Әли, мұның жауабын сен бер!» деді. Хазреті Әли, «Йа Расулуллаһ, іші бос үйге ұры кірмейді» деді. Яғни иманы жоқ, іші бос адамдармен шайтан әуре болмайды. Шайтан мұсылмандардың иманын ұрлауға тырысады.

Пайғамбарымыз, «Шайтан уәсуәсә береді. Аллаһтың есімі зікір етілген кезде, айтылғанда қашады. Айтылмаса, уәсуәсәларын жалғастырады»  деген. Уәсуәсә іліммен, дұға және зікірмен азайып жоқ болады. Сол үшін, әсіресе күнәға көңіл ауған кезде, бірден Аллаһу та’аланы еске түсіру керек, истиғфар, салауат және дұға оқып шайтанды алыстатуға тырысу керек.

Шайтан адамның соңғы демін бергенге дейін онымен әуре болады және соңғы демінде имансыз кетуі үшін қолынан келгенін істеуге тырысады. Соңғы демде имансыз өлмеу үшін шайтанға ұнайтын жаман істерден ұзақ болу керек.

Үшінші тосқауыл алдыңғы екеуінен де қауіптірек. Ол – жаман дос. Дұрыс болмаған кітап, журнал, газет, радио, теледидар, әлеуметтік желі бәрі жаман досқа жатады. Дінге қас болған адамдармен араласып, дінге қас болған көрсетілімдерді тамашалайтын адам өзі байқамай солардың қатарын толтырады. Қазіргі таңда осы тақырыпта әлеуметтік желіден көретін дүниелер де әсерін тигізбей қоймайды.

Төртіншісі жаман дін адамы. Олар Аллаһу та'алаға жеткізетін жолды кесетін қарақшыларға ұқсатылған. Сондай-ақ, дүмшелер бар. Дүмшеден, яғни кем адамнан кәміл адам шықпайды. Дәрет жоқ, намаз жоқ, бірақ том-том кітап немесе тәфсир жазып шығарып жатқандар бар.

Сонымен қатар, дүмшелердің қисық сөздері мен қисық тірліктерін көріп діннен алыстап жүргендер де аз емес. Дүмшеден көрген қорлығына немесе ренішіне бола кектеніп дінсіздікке бой ұру ақылды адамның ісі емес. Біреуге ренжіп, мәңгілік өмірді құрдымға жіберу әрине дұрыс емес.

Бесіншісі айыпталудан қорқу сезімі. Пайғамбарымыздың көкесі Әбу Талиб өлім аузында жатқанда Расулуллаһ алейһиссалам оның жанына келіп: «Ей көкем! Саған шапағат ете алуым үшін, лә илаһә иллаллаһ деп айт!»- дегенде Әбу Талиб: «Ей бауырымның ұлы, айтқандарыңның дұрыс екенін білемін. Бірақ, адамдардың артымнан «Өлімнен қорқып иманға келді» деп айтуларын қаламаймын» - деген болатын. Заманымызда да ақиқатты біле тұра «адамдар не дейді», «керітартпа боп қалыпты» деп айтпасын деп кәлима айта алмай жүргендер жетерлік.

Қорыта айтқанда жоғарыдағы тосқауылдардан аулақ болу керек. «Йа, Раббым! Хидаятымызды арттыр! Мені қате жолға түсуден сақтай гөр. Өзің разы болған жолыңмен жүргіз, Өзің разы болған амалдар жасауды нәсіп ете көр» – деп дұға ету керек. Құран кәрімде «Анкебут» сүресінің 69 айтында: «Дұрыс жолды іздегендерді, бақытқа жеткізетін жолдарға қауыштырамыз» делінген.