20 - Мухаррам, 1448 жыл.
     5 - Шілде, 2026 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Асхаби кирам" кітабы / АСХАБИ КИРАМ КІТАБЫНДА ЕСІМІ АТАЛҒАНДАРДЫ ТАНЫСТЫРУ (5)

АСХАБИ КИРАМ КІТАБЫНДА ЕСІМІ АТАЛҒАНДАРДЫ ТАНЫСТЫРУ (5)

234) ТАБАРИ: Ибн Жәрир есімімен танымал. Мұхаммед бин Жәрир есіміне қараңыз. 114.

235) ТАБАРИ: Әбу Жафәр Ахмед бин Мұхаммед – шафии ғұламасы. 694 [м.1294] жылы қайтыс болды (рахимә-һумуллаһу та'ала). Көп кітап жазған. 129.

236) ТАХА ХАҚҚАРИ: Үлкен әулие болған сәйид Таха (қуддиса сиррух) бин Ахмед бин Салих бин Ибраһим – Абдулқадир Гейланидің ұрпағы. Мәулана Халид Бағдадидің кемел шәкірті, раббани ілімдердің қазынасы еді. Ұрпағы Убәйдуллаһ және Алауддин есімді екі ұлы арқылы тараған. Алауддин мырза Шәмдинанның Хизне ауылынан. Тегі «Саадәти Әбәдия» кітабының соңында Таха есімінде жазылған. Немересі Мұхаммед Сыддық мырза сәйид Мұстафа Арваси мырзаның қайтыс болуынан кейін оның жұбайы Мәриәм ханымды алып, одан Таха мырза туылған. Бұл сәйид Таханың ұлы Мұхаммед Сыддық мырза Ирак үкіметінде Мусул депутаты болған кезінде Бағдатта қайтыс болды. Басқа екі ұлы Мұхаммед Салих Дару және Мазһар мырзалар Османлы мемлекеті ыдыраған кезде мал-мүлкімен Иракта қалып, 1400 [м.1980] жылы Түркияға орналасты.

Он үшінші ғасырдың құтбы болған Мәулана Халид 1224 [м.1809] жылы Бағдаттан кетіп, бір жылда Үндістанға барып, Ғұлам Әли Абдуллаһ Деһлеуидің құзырында қадірленіп, лайықты ізгілік пен кемелдікті алған соң Аллаһу та'аланың құлдарына білім беру үшін 1226 жылы отанына оралды. Барлық жақ Мәулананың жүрегінен шашыраған нұрмен жарқырағаны секілді, білім алып жүрген досы сәйид Абдуллаһ та 1229 жылы Сүлейманияға Мәулананы зиярат етуге барды. Оның сұхбатында кемелдікке жетіп, халифасы (ізбасары) болды. Мәуланаға бауырының ұлы сәйид Таханың ғажап, жоғары қабілетін айтты. Мәулана екінші рет келерінде оны бірге алып келуін айтты. Екінші рет зиярат еткенінде сәйид Таханы да алып барды. Мәулана Бағдатта сәйид Таханы көрген кезінде бірден Абдулқадир Гейланидің қабіріне барып, истихара жасауын бұйырды. Абдулқадир Гейлани (қуддиса сиррух) оның жолы ұлы болса да қазіргі таңда маманы қалмағанын, ал Мәулананың сол заманның үстемі екенін білдіріп, дереу оған баруын бұйырды. Осы рухани бұйрық пен рұқсат бойынша сәйид Таха Мәулана Халидтың алдында екі сүлүк, яғни сексен күн еңбектеніп, мүбәрәк жүрегінен шашыраған фәйздерге, берекеттерге кенеліп, кемелге жеткеннен кейін «Бәрдәсур» ауылына барды. Сәйид Абдуллаһ қайтыс болғанда Сәйид Таха «Нехри» ауылына барып қырық жыл шәкірт жетілдірді. Шәкірттер жан-жақтан жарыққа үймелейтін көбелектей жарық көзіне жиналған еді. Нехридегі әкесінен қалған кішкентай үйінде ғибадаттарын орындайтын. Басқа уақыттарда мешітте ақли және нақли ілімдерді үйретуге және исламның көркем мінез-құлқын жаюға тырысатын. Ел ағаларымен, мырзалармен және саясаткерлермен көріспейтін, оның алдында саясат пен дүниелік істер жайлы ешкім сөйлеспейтін. Күнде «Мәктубат» кітабын оқитын. Ол кітаптағы «Баршаға жақсылық жасау, жасалған жамандықтарға сабыр етіп, оған жауап бермеу, тіпті жақсылықпен жауап беру, үлкендерге, үкіметке құрмет пен көмек көрсету» дегендей насихаттарды адамдардың жүректеріне енгізетін. Мың екі жүз жылдан бері келіп өткен ұстаздардың барлығы да осы көркем ислам мінез-құлқын уағыздаған, бәрі мемлекетке, заңға құрмет көрсеткен. Олардың арасында ешбірінің үкіметке қарсы шыққаны байқалмаған, тарихта ондай жаман оқиғалары өтпеген. Осы ілім мен көркем мінез-құлық қайнарларынан алыста қалған шонжарлардың, дүниеге, атақ-даңққа құмар адамдардың билікке қарсы көтерілістері және олар өлгеннен кейін кейбіреулердің надандықпен, шектен шығып, ақымақтықпен жасаған әрекеттерін кейбір қарсыластары мен қызғаншақтары осы мүбәрәк тұлғаларға да жабуға тырысқан, тіпті олардың кейбірін түрмеге де түсірген еді. Алайда заң мен әділет алдында олардың бәрінің де кінәсіз екені анықталып босатылды. Олардан кешірім сұралып, үлкен құрмет пен сый-сияпат көрсетіліп, мүбәрәк жүректері мен ықыластарын қайтадан табуға күш салынды. Тарих пен ғибратты оқиғалар баяндалған кітаптарында көп өткен осындай жала оқтарын Сәйид Таха хазретке де атуға тырысқан, қиялдан жаман жалалар ойлап шығарылып, осы ілім мен көркем мінез күнін былғауға тырысқан сорлы бетпақтар шыққан. Бірақ күнді балшықпен жабу мүмкін болмағандықтан, бұл ізгілік күнін көріп таныған сергек әрі бақытты жандар ондай жалаларға алданбай, оған ғашық әрі қайран болып қала берді. Оның мүбәрәк жүрегінен шашылған нұрлармен жанданып, тыныштыққа, бақытқа және мәңгілік бақытқа жетіп, отанға, ұлтқа және мемлекетке пайдалы асыл жандарға айналды. Сәйид Абдулхаким мырзаның әкесінің атасы сәйид Мұхаммед сол кезде Ваннан келіп, осы қайнардан фәйз алған болатын, Сәйид Таха Ванға барғанда сәйид Мұхаммедтің үйінде қонақ болатын. Сәйид Мұхаммедтің бауыры Лутфидің ұлы Сибғатуллаһ мырза да Хизаннан Ванға келгенде сәйид Тахаға байланып шәкірті болды. Хизанға әкесіне барып, атақты болды. Жүздеген шәкіртімен жыл сайын Нехриге зияратқа баратын. Бір жылы көкесі молда Абдулхамид мырзаның ұлы сәйид Фәхимді кіші жасында өзімен бірге алып барды. Сәйид Фәхим бір түні қонақ болып тұрып жатқан үйдің иесінен Хаққари әкімінің қандай адам екенін сұрайды. Ол күндіз-түні мас болып жүретінін айтқанда әкімі мас болған елде қалай тұруға болатынын таңға дейін ойланады. Ертеңіне Расулан ауылына барады. Сибғатуллаһ мырза сол жақтағылардан әкімнің қандай адам екенін сұрайды. Жақсы адам екенін айтқанда сәйид Фәхим бірден: «Көкемнің ұлы! Ол маскүнем ғой. Оны қалай жақсы деуге болады?» дейді.

Нехриге бару үшін Башқаладан шығарында сәйид Мұхаммед мырза сәйид Фәхимді бір шетке шығарып: «Балам Фәхим! Сен бармақшы болған сәйид Таха өте үлкен әулие. Ол әулиелік дәрежелердің ең жоғарысында. Фәйз алмайынша, кемелге жетпейінше одан кетуші болма!» дейді. Нехриден шығарда сәйид Таха мешіттің алдында тұрады. Бәрі қолын сүйіп болған соң Сибғатуллаһ мырза сәйид Фәхимнің артта қалғанын байқайды. Сәйид Тахадан оның да қайтуы үшін рұқсат сұрайды. Бірақ сәйид Таха рұқсат бермей, «Ол осында қалсын» дейді. Жолаушылар кеткен соң сол тұрған жерінде сәйид Фәхимге жұмыс тапсырып, тәрбие береді. Ыстық күнде айтқандарын қайталатқызады. Бәрін дәлме-дәл қайталап, тек «хатты тулани» дегеннің орнына «хатты тули» дейді. Сәйид Таха бірден дұрыстайды. Ол кездері сәйид Фәхим өте жас еді. Медреседегі дәрістерін әлі бітірмеген еді. Сәйид Таха бір күні мешіт қабырғасына сүйеніп отырғанда сәйид Фәхим келеді. Мүбәрәк қолымен сілтеп оны қасына шақырады. Қасына келгенде: «Сен зерек шәкіртсің. Мутаууәлді оқуың керек!» дейді. «Ұстазым, кітабым жоқ. Әрі ол біздің елде оқылатын кітап емес» дейді. Сәйид Таха өзінің кітабын береді. Сәйид Фәхим оқуын бітіру үшін Муштың Буланык ауданының Абири ауылында молда Расул Сыбқиға барады. Мутаууәлді оның қолында оқып бітіреді. Уилаят дәрежесінде көтерілу үшін әр жылы екі рет Нехриге, яғни Шәмдинанға барады. Әр баруында сәйид Тахадан түрлі ілтипат пен сый-сияпат көріп абыройланады. Мысалы бір күні мешіттің үстелінде «Мәктубат» оқып отырған еді. Адам өте көп еді. Сәйид Фәхим алыста тыңдап тұрған еді. Сәйид Таха кітаптан басын көтеріп: «Молда Фәхим! Қазір ұстаз мүлде жоқ па екен?» деп сұрайды. Сәйид Фәхим жауап ретінде: «Қазіргі ұстаздай адам еш болмаған» дейді. Сәйид Таха дереу Мәктубатты жауып бөлмесіне кетеді.

Сәйид Фәхим кемелге жетіп мутлақ (толық) рұқсат берілгенде бұл істі атқаруға лайықты болмағанын айтады. Сәйид Таха қабыл еткізеді, өз елі Арвасқа баруын бұйырады. Сәйид Фәхим Нехридегі таудың төбесіне шығып бара жатқанында қайтадан шақырып алады. Кітаптардың ішіндегі хаттарын оған көрсетіп: «Бұл ықылас пен сүйіспеншілік сендерге арналмаған ба? Неліктен бұл істен қашасың?» дейді. Ижазат (диплом) алып абыройланған соң бұрынғыдай жыл сайын Нехриге баратын еді.

Сәйид Таха (қуддиса сиррух) 1269 [м.1853] жылы Нехри ауылында қайтыс болды. Бір күні екіндіден бұрын ағаштардың арасында отырғанда оған екі хат беріледі. Ол күйеу баласы Абдулахад мырзаға оқытқызады. «Біздің дүниеден кететін уақытымыз келді» дейді. Күйеу баласы: «Ұстазым! Шамнан келген мына екі хат не болады?» дейді. Сол күні хатым оқылған соң ол бөлмесіне барады. Он екі күн ауырып жатып, екінді уақытында мүбәрәк рухы Рәфиқи аләға көтеріледі. Жылау дауыстарын естіген мыңдаған шәкірттері абдырап қалады. Ауырып жатқанда «Бәрдәсур» ауылындағы бауыры Салихты шақыртады. Хатым мен тәуәжжуһ жасауын кемел бауыры сәйид Салихқа әмір етеді. «Бауырым Салих кемел адам. Баршаның басы оның етегінен төмен» дейді. Сәйид Фәхим сәйид Салихты сұхбат ұстазы қылды. Салихтан кейін де бұл әдетін тоқтатпады. Қайтыс болған 1313 жылына дейін әр жылы екі рет Нехриге барып сәйид Салихтың қабірін зиярат ететін.

Сәйид Таха Хаққаридың (қуддиса сиррух) шәкірттері арасында сәйид Мұхаммед Салихтан кейін қабілеті ең жоғары сәйид Сибғатуллаһ Арваси еді. Одан кейін Куфрәуи Мұхаммед еді. Сәйид Сибғатуллаһ шәкірттері арасында «Ғаус-ул ағзам» және «Ғаус-и Хизани» аттарымен танымал болды. [1287] жылы қайтыс болды. Оның шәкірттері арасында Абдуррахман Тағи Нуршини де «Ұстад-и ағзам» және «Сәйда» есімдерімен танымал. Оның он тоғыз шәкірті: Фәтхуллаһ Уәрканиси, Абдуллаһ Нуршини, молда Рашид Нуршини, алламә молда Халил Сиридидің немересі Абдулқаһһар, Абдулқадир Хизани, сәйид Ибраһим Әсирди, Абдулхаким Фәрсафи, Ибраһим Нинки, Тахир Абери, Абдулхади, Абдуллаһ Хуруси, Ибраһим Жукруши, Халил Жукруши, Ахмед Ташкесани, Мұхаммед Сами Эрзинжани, Мұстафа, Сүлейман, Юсуф Битлиси. Абдуррахман Тағи [1304] жылы қайтыс болды. Оның сөздерін Ибраһим Жукруши жинақтап «Ишарат» атауын берді. Өте құнды кітап. Фәтхуллаһ Уәрканиси 1317 жылы қайтыс болды. Шәкірті Мұхаммед Зияуддин Нуршини Абдуррахман Тағидың ұлы болып, 1342 [м.1924] жылы Битлисте қайтыс болды. «Мәктубат» кітабында жүз он төрт хат бар. Он үш шәкіртінің біріншісі Мұхаммед Алауддин Ухини мәктубатын (хаттарын) жинақтаған. Екіншісі Ахмед Хазнеуи. Мұхаммед Масум сани, Сәйид Мұхаммед Шәриф Арабкенди және Ады-ямандық Абдулхаким оның шәкірттері. Соңғысы 1399 [м.1978] жылы қайтыс болды. Мұхаммед Рашид мырза оның ұлы. 154, 289, 332, 334, 387, 411.

237) ТАЛХА БИН УБАЙДУЛЛАҺ: Ең алғаш иманға келгендердің бірі. Ашәрә-и мубәшшарадан. Кәпірлерден көп қорлық көрді. Оны жіпке байлап сүйрейтін еді. Меккеде тұрған кезінде Зубәйрмен, Мәдинада тұрғанда Әбу Әйюб Ансаримен ахиреттік бауыр болуы әмір етілді. Қызметте болғандықтан Бәдірге қатыса алмады. Басқа соғыстарға қатысты. Ухуд соғысында Расулуллаһты қылыш соққысынан құтқару үшін қолын созып жауып қалды. Қолы жарақаттанып шолақ болып қалды. Расулуллаһ оқ жауып жатқанда бір шұңқырға домаланып жатып қалды. Талха арқасына алып шұңқырдан жартастың үстіне шығарды. Хазреті Әли айтқан: «Расулуллаһтан естідім: «Талха мен Зубәйр жәннатта менің көршілерім» деді». Хижреттің 36 жылы Жәмәл оқиғасында хазреті Әлиге қарсы соғысқандардың қатарында еді. Осы соғыста шәһид болғанда хазреті Әли қатты қайғырды. Жылап қасына барды, мүбәрәк қолдарымен бетінен топырақты сүртті. Жаназа намазын өзі оқытты (радиаллаһу та'ала анһума). 13, 14, 19, 20, 24, 30, 49, 60, 75, 76, 77, 116, 121, 122, 166, 174, 175, 176, 209, 235, 250, 251, 323, 365, 385.

238) ТАЙИБИ: Шәрәфеддин Хусейн бин Мұхаммед – хадис және тәфсир ғалымы. 743 [м.1343] жылы қайтыс болды (рахимә-һуллаһу та'ала). Тәфсирі, мәани және баян бойынша жазған «Тибян» кітабы және «Кәшшаф шәрһі» танымал. 87, 118.

239) ТИРМУЗИ: Мұхаммед бин Иса 209 [м.824] жылы Бұхарада Тирмуз ауылында дүниеге келіп, 279 [м.892] жылы «Боғ» деген елді мекенде қайтыс болды (рахимә-һумуллаһу та'ала). Хадис имамы. «Сахих Тирмузи» – өте құнды хадис кітабы. Бұл кітаптың түрлі шәрһтері арасында Қарашидегі «Медресе-и арабия исламия»-ның басшысы Юсуф Бинури дайындаған «Мәариф-ус сүнән» өте құнды. Араб тілінде жазылған. Алты томдық болып, басылуы бір мың үш жүз тоқсаныншы 1390 [м.1970] жылы аяқталды. 19, 163, 165, 166, 184, 193, 241, 242, 248, 260.

240) УММИ ХАБИБА: Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жұбайларының бірі. Әбу Суфян мен Хиндтың қызы және хазреті Муауияның бауыры. Бұрын Убайдуллаһ бин Жахштың жұбайы болған. Екеуі де мұсылман болып, Хабешстанға хижрет етті. Күйеуі ол жақта поптарға алданып, дүниелікке, мал-мүлікке қол жеткізу үшін мүртәд болды (діннен шықты). Умми Хабибаны да діннен шығарып бай болуға мәжбүрледі. Ол болса «Мұхаммед алейһиссаламның дінін және сүйіспеншілігін бүкіл әлемге де ауыспаймын» деді. Убайдуллаһ қорлау үшін, қиналсын деп онымен ажырасты. Бірақ өзі өліп қалды. Расулуллаһ Умми Хабибаның бұл сөздерін және басына келгендерін естігенде Хабеш патшасы Нәжашиге хат жазды. Нәжашидың сарайында Расулуллаһпен некеледі. Осының арқасында Хабешстандағы мұсылмандар тыныш өмір сүрді.

Иманының күштілігі және Расулуллаһқа деген махаббаты көп болғаны сонша, Мекке жаулап алынуға дейін Расулуллаһтың алдына кәпірлердің елшісі болып келген әкесі Әбу Суфянды Расулуллаһтың төсегіне отырғызбады. «Сен бұл мүбәрәк жерге отыруға лайық емессің» деді (радиаллаһу та'ала анһа). 12, 24, 59, 328.

241) УММИ ХИРАМ: Әнәс бин Маликтың нағашы әпкесі. Сахабалардан. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні оның үйінде ұйықтап жатқан еді. Күліп оянды. «Йа, Расулаллаһ, не үшін күлдіңіз?» деп сұрағанда: «Үмбетімнің бір бөлігін кемелерге мініп, кәпірлермен соғысуға аттанғанын көрдім» деді. Умми Хирам: «Йа, Расулаллаһ! Дұға етіңіз, мен де олардың қатарында болайын» деп өтінгенде: «Йа, Раббым! Оны да солардың қатарына қос!» деп дұға етті. Муауия заманында Умми Хирам күйеуімен бірге кемелерге мініп, Кипрға жиһад етуге аттанды. Ол жақта аттан құлап шәһид болды. Кипрдың алғашқы жаулаушысы – Муауия (радиаллаһу та'ала анһума). 62, 63.

242) УММИ СӘЛӘМӘ: Расулуллаһтың жұбайларының бірі. Фасих, бәлиғ болған. Күйеуі қайтыс болған еді. 378 хадис шәриф хабар берді. Хазреті Осман заманындағы фитна кезінде халифаға насихат ретінде айтқан өлеңі мәшһүр. 59 жылы қайтыс болды. 69, 242.

243) УСАМА БИН ЗӘЙД: Расулуллаһтың қызметшісі Зәйд бин Харисаның ұлы. Расулуллаһтың сүйіктісі деп танылған. Меккеге бара жатқанда Расулуллаһтың түйесінде артына мінгесіп отырған еді. Бірге қағбаға кірген еді. Хунәйн соғысында өзі бала болса да қаһарман болып шайқасты. Өте ержүрек еді. Он сегіз жасында әскердің қолбасшысы болды. Қараторы еді. Көп хадис шәриф хабар берген. 59 жылы қайтыс болды. 68, 116, 176, 178, 242.

244) ҰЗЫН ХАСАН: Аққоюнлы мемлекетінің патшасы еді. 871 жылы патша болды. Дияр Бәкрде еді. Көп жерді жаулап алып, Тебризге орналасты. 877 жылы Османлы мемлекетіне шабуылдады. Фатих сұлтан Мұхаммед ханға жеңіліп, құлдырады. 882 [м.1477] жылы қайтыс болды. Тебризде жерленген. Трабзон императоры «Давид Комнус»-тың күйеу баласы еді. Хусейн Хилми Ышықтың қайын атасы Юсуф Зия Ақышық Аққоюнлы ұрпағы болып, босниялық Зулфиқар пашаның немересі Ахмед бейдің ұлы. 36, 321, 373, 384, 389, 390.

245) УАХИДЕДДИН ХАН: Алтыншы сұлтан Мұхаммед – сұлтан Абдулмәжидтің ұлы. Патша болған төрт ағайындының ең кішісі. Османлы патшаларының отыз алтыншысы әрі соңғысы. Ислам халифаларының соңғысы. 1277 [м.1861] жылы дүниеге келді. 1336 [м.1918] жылы қасиетті рамазан айының жиырма бесінші, шілденің төртінші бейсенбі күнінде патша болды. 1344 [м.1926] жылы Италияда қайтыс болды. Шамда жерленген. Әһли сүннет мазһабын ұстанатын. Діни білімі көп еді. 158, 282, 292.

246) УАХШИ: Хазреті Хамза Бәдір соғысында өлтірген Туаймәнің бауырының ұлы Жүбәйр бин Мутимнің құлы еді. Хабештік болғандықтан қолмен оқ атудың шебері еді. Ухуд соғысында Жүбәйр оған «Хамзаны өлтірсең азат боласың!» деген болатын. Хинд те әкесі мен көкесінің кегін алу үшін Уахшиға көп сыйақы уәде еткен еді. Уахши бір тастың артына жасырынып, тек қана хазреті Хамзаны аңдып күтіп отырды. Хазреті Хамза сегіз кәпірді өлтіріп шайқасып жатқанда Уахши оғын атып ауыр жаралады да, қылышымен шәһид етті. Кейін бауырын шығарып Хиндке апарды. Хинд қуанып бауырды шайнады. Үстіндегі әшекей бұйымдарының бәрін Уахшиға берді. Тағы беретінін уәде етті. Хиндтің бұл жиіркенішті хайуандық әрекеті ислам дініне деген дұшпандығынан емес еді. Хазреті Хамза Бәдірде оның әкесі Утбә мен көкесі Шәйбәні өлтірген болатын. Олардың және бауыры Уәлидтің өшін алу үшін осындай әрекетке барды. Ал Уахши азат болуды, алтындарға қол жеткізуді ойлаған еді. Ислам дініне шабуылдау ойында жоқ еді.

Хижреттің сегізінші жылы Мекке жауланған күні Расулуллаһ құрайштың бәрін кешірді. Тек он кісінің ғана есімін атап, оларды көргендер өлтірсін деді. Хинд пен Уахши солардың тізімінде еді. Уахши Меккеден қашты. Біраз уақыт алыс жерлерде жүрді. Кейін өкініп, Мәдинадағы мешітке келді. Сәлем беріп кірді, Расулуллаһ сәлеміне жауап берді. Уахши: «Йа, Расулаллаһ! Бір адам Аллаһқа және Расулына дұшпандық етсе, ең жаман, ең ауыр күнә істесе, кейіннен өкініп таза иманға келсе, Расулуллаһты өз жанынан да аса жақсы көріп алдына келсе, мұның жазасы қандай?» деп сұрады. Расулуллаһ: «Иман келтірген, өкінген адам кешіріледі. Біздің бауырымыз болады» деді. «Йа, Расулаллаһ! Мен иман келтірдім. Мен Уахшимын» деді. Расулуллаһ Уахши есімін естігенде хазреті Хамзаның бөлшектенген күйі көзіне елестеді де, жылай бастады. «Кет, сені көрмейтін болайын!» деді. Уахши өлтірілетінін түсініп, есікке қарай жүрді. Асхаби кирам қылыштарын ұстап белгі күтіп тұрды. Уахши соңғы сәттерін сүріп жатқанын ойлап тұрғанда Жәбрейіл алейһиссалам келді. Аллаһу та'ала: «Ей, сүйікті пайғамбарым! Бүкіл өмірін пұтқа табынумен, құлдарымды маған дұшпан қылуға тырысумен өткізген кәпір адам бір калима-и тәухид айтса, мен оны кешіремін. Сен көкеңді өлтірді деп Уахшиды неге кешірмейсің? Ол өкінді. Қазір саған сенді. Мен кешірдім. Сен де кешір!» деді. Бәрі «Өлтіріңдер!» деген бұйрықты күтіп тұрғанда Расулуллаһ «Бауырларыңды шақырыңдар!» деді. «Бауыр» деген сөзді естігенде оны құрметпен шақырды. Уахшиға «кешірілгенін» сүйіншіледі. «Бірақ сені көрген сайын шыдай алмаймын. Қайғырамын. Маған көрінбе» деді. Уахши Расулуллаһты қайғыртпау үшін қасына мүлде жақындамады. Қалған өмірін ұялып, басын иіп өткізді. 9, 59, 344, 362.

247) УАҚИДИ: Мұхаммед бин Омар – тарихшы. 130 жылы Мәдинада дүниеге келіп, 207 [м.822] жылы Бағдатта қайтыс болды (рахимә-һуллаһу та'ала). Имам Маликтен дәріс алды. Көп тарих кітабын жазды. «Тарих-и кәбир» кітабы мәшһүр. Харун Рашидке қажылықта жолбасшы болған еді. 19, 20, 252, 350.

248) УАСЫЛ БИН АТА: Мутәзила атты адасқан ағымның құрушысы. Хижреттің 80 жылы Мәдинада туылып, 131 [м.748] жылы қайтыс болды. Хасан Басридың шәкірті болған. Хасанның бір сөзіне қарсы шыққандықтан «Уасыл бөлініп шықты, яғни бізден айрылды» деді. Ол әһли сүннеттен айрылды. Әртүрлі кітап жазған. 88, 264.

249) УӘЙСӘЛ ҚАРАНИ: Табииннің ұлыларынан. Расулуллаһтың заманында өмір сүргенімен Онымен жүздесе алмады. Йемендік. Хазреті Омар заманында Мәдинаға барып, көп құрмет пен қошемет көрді. Хазреті Омар дұғасын сұрады. Ол Басраға барды. Сыффин соғысында хазреті Әлидің әскерінің қатарында болғанда 37 жылы шәһид болды (рахимә-һуллаһу та'ала). Ол Анадолыға бармаған. Хадис шәрифпен мақталды. Фәридуддин Аттардың парсы тіліндегі «Тәзкирәт-ул әулия» кітабында өмірбаяны жазылған. 10, 155, 156, 275.

250) ЯХИЯ (алейһиссалам): Зәкәрия алейһиссаламның ұлы. Анасы Әлиса. Христандар Элизабет дейді. Хазреті Мәриямнің бір әкеден бауыры. Дауд алейһиссаламның ұрпағы. «Таурат»-та жазылған Иса алейһиссалам аспанға көтерілгеннен бір жарым жыл өткен соң «Інжіл»-ді ұстанғаны үшін залым яһуди патшасы Герод тарапынан отыз төрт жарым жасында шәһид етілді. Мүбәрәк денесінің бөлшектері басқа қалаларда. Ибн Абидин кіріспесінде жазуы бойынша: «Мүбәрәк басы Шамда Умәйя мешітінде». 177, 186, 200, 407.

251) ЯХИЯ БЕРМЕКИ: Яхия бин Халид – Аббаси мемлекетінің уәзірі. Хорасандық. Әкесі Әбу Мүслим Хорасанидың әскерінде көп қызмет еткен, уәзір болған еді. Яхия да Әзірбайжан әкімі еді. Мәхди заманында уәзір болды. Харун Рашидтың ұстазы болды. Кейін оған да он жеті жыл уәзір болды. 189 [м.805] жылы зынданда өлді. 88.

252) ЯХИЯ БИН ШЕРЕФ НӘУӘУИ: Нәуәуи есіміне қараңыз! 53, 106.

253) ЯЗИД: Хазреті Муауияның ұлы және Әмәуи мемлекетінің екінші халифасы. Хижреттің жиырма алтыншы жылы Шамда дүниеге келді. 60 жылы халифа болды. 61 жылы Кербела қасіреті болды. Хазреті Хусейн шәһид болып, мүбәрәк басы Шамда Язидтің сарайына әкелінді. Язид айтты: «Білесіңдер ме, бұл іс неге болғанын? Бұл кісі «Әкем Әли оның әкесінен қайырлы. Анам Фатима оның анасынан қайырлы. Атам Расулуллаһ оның атасынан қайырлы. Мен де одан қайырлымын. Халифалық менің хақым» деді. Аллаһ үшін айтайын, Фатима әлбетте менің анамнан қайырлы. Атасына келер болсақ, Аллаһқа және ахирет күніне сенген адам Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ешкімді тең көре алмайды. Бірақ Хусейн мұны фиқһ және ижтиһадымен айтты. «Барлық нәрсенің иесі Аллаһу та'ала. Ол мүлкін қалағанына береді» аяти каримасын ойламады». Қысас-и әнбияда бұдан кейін былай жазылған: Кербеладан әкелінген әйелдер мен Зәйнәлабидин Язидтің алдына шығарылды. Хазреті Хусейннің қызы Фатима: «Ей, Язид! Расулуллаһтың қыздары тұтқын ба?» деп сұрады. Язид: «Ей, бауырымның баласы! Мен мұны қаламаған едім» деді. Әйелдер Язидтің әйелдерінің қасына апарылды. Сарай әйелдері көңіл айтты. Алынған мал-мүліктерді сұрады да, еселеп қайтарды. Хазреті Хусейннің қызы Сүкәйнә: «Язидтен қайырлы күнәһар көрмедім» дейтін. Язид Зәйнәлабидинді қасына шақырды. Таңертең-кешке бірге тамақтанатын. Язид әһли бәйтке жолға көп ақша беріп, қорғау үшін әскер тағайындап, оларды Мәдинаға жіберді. Зәйнәлабидинмен қоштасқан кезде: «Аллаһу та'ала Ибн Мәржананы лағнет етсін! Уаллаһи, мен болсам әкеңнің барлық қалауын қабылдайтын едім. Бірақ амал нешік, тағдыр осындай екен. Не қаласаң да маған жаз! Айтқаныңды орындаймын» деді. Мәржана – Ибн Зиядтың анасының есімі.

Язид Кербела оқиғасынан кейін: «Аллаһ сол Ибн Мәржананы лағнет етсін! Хусейннің талаптарын қабылдамай, оны өлтіргізді. Оны өлтірумен бәрін маған жау қылды. Жақсы-жаман барша Хусейннің өлімі оқиғасын асырып айтып маған дұшпан болды» дейтін. Язид 64 [м.683] жылы қайтыс болды.

Үлкен ғалым Әл-Қади Әбу Бәкір Ибнул Араби «Әл-Ауасим» кітабында жазуы бойынша, «Бұхари»-дың Китабул фитән бөлімінде былай жазылған: «Мәдина халқы Язидті халифалықтан түсірмекші болғанда Абдуллаһ бин Омар жақындары мен балаларын жинап, оған «Аллаһтың және Расулуллаһтың халифасы ретінде биат еттік. Аллаһтың және Расулуллаһтың халифасымен соғысудан асқан опасыздық жоқ» деді». Абдуллаһ бин Омар Язидке биат еткенде: «Бұл биат қайырлы болса разы боламыз. Жаман болса сабыр етеміз» деді. Хамид бин Абдуррахман былай деген: Язидке биат етіліп жатқанда бір сахабаға бардым. Ол маған «Язид бұл үмбеттің қайырлысы емес. Одан асқан ғалымдар, одан да қадірлі адамдар бар дейсіңдер. Ал мен бұл үмбеттің ынтымақта болуын бөлінгенінен артық көремін. Үмбет-и Мұхаммед кіріп тыныштық тапқан жерге кірген адамның тынышы бұзыла ма? Әлбетте жоқ» деді. Язидтің шарап ішкеніне тоқталар болсақ, бұған сену үшін екі әділ куәгердің көрдім деп хабар беруі қажет. Ләйс бин Са’д: «Әмир-ул мүминин Язид алпыс төртінші жылы қайтыс болды» деді. Бұл сөзі Язидтің әділдігін хабар беруде. Оны әділ деп білмесе, «Әмир-ул мүминин» демес еді». Имам Ахмед бин Ханбал «Китаб-уз зухд»-та былай жазған: Язид хұтба оқығанда «Науқас болған адам ең жақсы амалдарын тауып, үнемі сол амалын жасасын! Ең жаман амалын тауып, оны доғарсын!» деді. Бұл жазбасы Язидтің сөзін құжат ретінде қабыл еткенін көрсетеді. Оған шарап ішті, фасық және фажир болды деп жала жапқан тарихшылардың ұялуы керек. Тарихшылардың көбі діни мәліметтерде надан. Олар бидғат дариясына батқан. Көбі асхаби кирамды және сәләф-и салихинді жамандай алу үшін хадис ойлап шығаруға да тартынбаған. Олардың мақсаттары дін емес, дүние еді. Адамдардың ең зияндысы ақылдысымақ болған надандар, айлакер болған бидғатшылар. Мал сатып алу үшін әділ саудагер ізделеді де, сәләф-и салихин туралы мағлұмат алу үшін діннен және әсіресе әділдіктен нәсібі жоқтардың сөздері, жазбалары қалайша қабылданады? «Ауасим» кітабынан аударма тәмәм болды. Бұл кітап 1371 [м.1951] жылы Мысырда басылған. Соңғы демде иманмен кету және тәубе ету мүмкін болу үшін Имам Ғазалидың (рахимә-һуллаһу та'ала) және басқаларының «Язидті лағнеттеуге рұқсат жоқ» дегені «Бәриқа»-ның бір мың оныншы бетінде жазылған.

«Нухбәт-ул ләали» атты «Бәд-ул әмали» қасидасының шәрһін Мұхаммед бин Сүлейман Халеби жасаған. Бұл шәрһінде былай дейді: Язидке өлгеннен кейін тек жала жабуда шектен асқан фанатиктер ғана лағнет етті. Олар әһли сүннет ғалымдарының көпшілігіне ермейтін мылжың адамдар. Ақылы бар адам оған тіл тигізбейді, лағнет айтпайды. Өйткені оған лағнет айту бізге әмір етілмеді. Қияметте бұл бізден сұралмайды. Шиилер, харижилер және мутәзила ағымын ұстанатындардың бір бөлігі, тіпті Тафтазани Имам Хусейннің өлтірілгеніне разы болғаны үшін, бұған қуанғаны үшін, әһли бәйтті қорлағаны үшін әрі сол кезде күпірге себеп болатын өлең шумақтарын оқығаны үшін оны лағнеттеу рұқсат болады дегенімен, олай айтуы дұрыс емес. «Тәмхид» кітабында [Әбу Шәкур Сүләми] жазылуы бойынша: «Язид Имам Хусейнді өлтіруге әмір бермеді. Оған бағынуды немесе ұстап тірідей әкелуді әмір етті. Олар болса өз беттерінше өлтірді». Бұл жаман істі Убайдуллаһ бин Зияд жасады. Куфа қаласынан әскер жіберді. Кербелада кездесіп өлтірді. Имам Хусейнді өлтіру үшін әмір беру, тіпті пайғамбарлардан басқа кез келген адамды өлтіру оған халал демейінше лағнет етуге себеп болмайды. Әрі кетсе фасық болады, кәпір болмайды. Фасық болған мүминге лағнет ету рұқсат емес. Тіпті тірі кәпірді де лағнеттеу дұрыс емес. Өйткені оның мұсылман болып өлу ықтималы бар. Тек қана белгілі болмаған кәпірлерге және кәпір болып өлгені мәлім болған адамға лағнет ету рұқсат. Язидтің тұрақты намаз оқығаны анық. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) намаз оқитындарға лағнет айтуға тыйым салған. Садуддин Тафтазани «Ақаид-и Нәсәфия» шәрһінде жазған: «Язидті лағнеттеу мәселесінде әһли сүннет ғалымдары екіге бөлінді. «Хуласа»-да және басқа кітаптарда оны және Хажжаж Юсуфты лағнеттеу рұқсат емес екені жазылған. Өйткені пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) намаз оқитындарға және әһли қыблаға лағнет айтуға тыйым салды». Қорыта айтқанда, Язидтің Имам Хусейнді өлтіруге әмір берген-бермегені және бұған разы болған-болмағаны нақты мәлім болмағандықтан, үндемеген жақсы. Өйткені оны лағнеттеу әмір етілмеді. Лағнет етпеу де күнә емес. Иә, ол жасаған жаман істі жөн көрмейміз. Разы болмаса да ол себепкер екені айқын. «Нубхә» кітабынан аударма тәмәм болды.

Үндістан ғалымдарынан Мәулана Хафыз Хаким Абдушшәкур Мирзапури «Шаһадат-и Хусейн» кітабында хазреті Хусейнді Куфа қаласында өздерін шии деп атайтындардың шәһид еткенін, шәһид еткен Шәммәр жауызының хазреті Әлидің әскері қатарында хазреті Муауияға қарсы соғысқанын дәлелдермен анықтаған. Бұл кітапты Мәуләуи Ғұлам Хайдар Фаруқи урду тілінен парсы тіліне аударған, 1395 [м.1975] жылы Қарашиде басылған. Аталмыш «Шаһадат-и Хусейн» кітабының кей бөлімдері осы «Асхаби кирам» кітабымыздың 135-ші бетінде және «Хақ сөздің дәлелдері» кітабының «Иманмен өлу үшін бауырым, әһли бәйт пен асхабты жақсы көруің керек» бөлімінің отыз алтыншы параграфында жазылған. Сол жерден оқыңыз! 27, 37, 63, 65, 76, 77, 88, 136, 137, 138, 139, 140, 194, 211, 244, 305, 317, 341, 344, 345, 346, 350, 357.

254) ЯЗИД БИН ӘБУ СУФЯН: Әбу Суфянның ұлы, хазреті Муауияның ағасы еді. Асхаби кирамнан. Өте салих кісі болған. Меккені жаулаған кезде мұсылман болды. Хунәйн соғысына қатысты. Хазреті Әбу Бәкірдің Шамға жіберген әскерінде бір қолдың қолбасшысы еді. Хазреті Омар заманында Палестинаның әкімі болды. Он тоғызыншы жылы оба ауруынан қайтыс болды (радиаллаһу та'ала анһ). Орнына інісі Муауияны өкіл етіп қалдырған болатын. Халифа да қолдады. 60, 62, 64, 246, 251, 349, 355, 356.

255) ЮСУФ (алейһиссалам): Яқуб алейһиссалам он екі ұлының ішінде хазреті Юсуфты ерекше жақсы көретін. Бауырлары оны ен далаға апарып құдыққа тастады. Оны қасқыр жеп қойды деді. Араларынан бірі құдыққа тамақ апарған еді. Керуен келіп Юсуфты шығарғанын көріп, «Ол біздің құлымыз еді, қашып кетті» деді де, арзанға сатып жіберді. Ол кезде Юсуф он сегіз жаста болатын. Бауырларынан қорқып ештеңе айтпады. Керуендегілер оны Мысырға апарып, қаржы министріне сатып жіберді. Ол өте көрікті еді. Жүзінен нұр шашып тұратын. Министрдің әйелі Зылиха [парсы тілінде Зуләйха] оған ғашық болды. Бірақ жалаға ұшырап, ол қамауға алынды. Зынданда перғауынның наубайшысы және сусын құюшысы бар еді. Екеуі бір түні түс көрді. Юсуфқа түстерін айтып берді. Ол «Сусын құюшы құтылады, наубайшы асылады» деді. Дәл солай болды. Перғауын да түс көрді. Ешкім жорып бере алмады. Сусын құюшы келіп Юсуф алейһиссаламға айтып берді. «Жеті жылдық молшылық, кейін жеті жыл ашаршылық болады. Молшылық кезінде азық-түлік сақтап қойыңдар, ашаршылық келгенде сонымен күн көресіңдер» деді. Перғауын Юсуфты шақырып, оны қатты ұнатты. Қаржы министрі өліп, Юсуфты оның орнына тағайындады. Зылиханы оған жұбайлыққа берді. Одан екі ұлы және Рахмет есімді қызы туылды. Молшылық кезінде көп азық-түлік сақтап қойды. Ашаршылық кезінде әр мемлекеттен адамдар Мысырға келіп, азық-түлік сатып алды. Юсуф алейһиссалам  азық-түліктерді  арнайы құжатпен беретін. Бауырлары да Кенан аймағынан, яғни Шам тарапынан азық-түлік алуға келді. Ең кішкентайы Бунямин Юсуфқа қатты ұқсайтын. Оны әкесі жібермеген болатын. Юсуф (алейһиссалам) бауырларын таныды. «Сендер кімсіңдер, тыңшы емессіңдер ме?» деді. Олар жауап берді. Оларға дастархан жайып сый-сияпат көрсетті. «Келесі келгенде інілеріңді де алып келіңдер! Оны әкелмесеңдер сендерге азық-түлік бермеймін» деді. Ақшаларын жасырын түрде азық-түліктің арасына салып жіберді. Олар қайтқан соң «Әке! Буняминді де алып барамыз» деді. Әкелері: «Бұрын Юсуфқа не болғанын білесіңдер. Бірақ Аллаһу та'ала ең жақсы қорғаушы. Мейірімділердің ең мейірімдісі» деді. Ақшаларының да қайтып келгенен көргенде «Қайтадан барып тағы азық алайық» десті. Буняминді қорғайтынына сөз беріп, өздерімен алып кетті. Юсуф (алейһиссалам) ас беріп, көп сияпат көрсетті. Буняминге жасырын түрде өзін таныстырды. «Сені жібермеймін, мұңайма» деді. Оның жүгіне бір алтын ыдыс қойғызды. Олар кетерде арттан «Ұры бар» деген дауыстар естіле бастады. Олар «Біз ұры емеспіз» деді. «Өтірік айтсаңдар сендерге қандай жаза қолданайық?» дегенде «Қайбірімізден табылса соны тұтқындаңдар» деп жауаптады. «Мейлі, солай істейік» деп іздегенде алтын ыдыс Буняминнің жүгінде табылды. Оны тұтқындау Мысырдың заңында жоқ еді. Әкесінің дінін бауырларына айтқызып, Буняминді алып қалды. «Әкеміз кәрі, оны қатты жақсы көреді. Оның орнына біздің біреуімізді ал» деді. «Басқа біреуді алсақ залым боламыз» деп Буняминді алып қалды. Олар ұялып, қысылып, әкелеріне барды. Яқуб (алейһиссалам) қатты қайғырды. «Бұл іс бекер болған жоқ! Мысыр сұлтаны біздің дінімізді қайдан білсін? Сабыр ету ең жақсысы. Аллаһу та'ала мені балаларыма қауыштыруы мүмкін» деді. «Юсуф, Юсуф» деп жылай бергеннен көздерін перде жапқан болатын. Құдыққа тасталғалы жиырма бір жыл өткен еді. Бауырлары үмітін үзген болатын. Ал әкесі Аллаһтан үмітін үзбей, ол кішкентай кезінде көрген түсінен бауырларының оған бір күні сәжде ететінін білген еді. «Барыңдар, оларды іздеңдер! Аллаһтан үміт үзуге болмайды» деді. Олар Мысырға барды. «Ей, құрметті адам! Біз кедейміз. Әкеміз кәрі. Бізге мейірім етіп, рақымды бол! Бізге азық-түлік бер. Бауырымызды да кешір» деп жалбарынды. Ол күліп, «Юсуфқа жасағандарыңды ұмыттыңдар ма?» деді. Олар «Сен Юсуфсың ба?» деп сұрағанда: «Иә, мен Юсуфпын. Ал бұл менің інім. Аллаһу та'ала бізге рақым етті. Ол сабыр етушілерді мақұрым қалдырмайды» деді де, «Мына көйлегіммен әкемнің көзін сүртіңдер және бәрін осында алып келіңдер» деді. Олар Мысырдан қайтып келе жатқанда Яқуб (алейһиссалам) «Юсуфтың иісін сезіп жатырмын» деген болатын. Қасындағылар «Сен әлі бұрынғы абыржудан қайтпағансың» десті. Кейін ұлдары оралды. Көйлекпен бетін сүрткенде көздері ашылды. Бәрі Мысырға барды. Юсуф (алейһиссалам) перғауынмен және халықпен алыстан күтіп алды. Оларды сарайына апарды. Әкесі мен анасын құрметті орынға отырғызды. Барлығы Аллаһу та'алаға шүкір сәждесін жасады. Он жеті жылдан кейін Яқуб (алейһиссалам) қайтыс болды. Юсуф (алейһиссалам) елу алты жаста еді. Ол жүз он жасында қайтыс болды. Перғауын одан бұрын қайтыс болды. Кейіннен келген перғауындар Бәни Исраилді қадірлемеді. 131.

256) ЮСУФ БИН ЖУНӘЙД: Әхи Челеби – Екінші Баязид хан дәуірінің ғұламаларының бірі. Тоқаттық. Бурсада, Эдирнеде және Стамбұлда сабақ берді. «Уиқая» кітабының «Садр-уш-шәриа» шәрһіне хашия жасап, «Захирәт-ул уқба» деп атаған. «Хәдийят-ул мәһдийин» кітабы араб тілінде жазылып, Стамбұлда басылған. Тоғыз жүз бесінші 905 [м.1499] жылы қайтыс болды (рахимә-һуллаһу та'ала). Стамбұлда «Әхи-зада» мешітінің қасына жерленген.

257) ЮСУФ БИН ИБРАҺИМ: Жамаладдин Юсуф Ардебили – шафии ғалымы. Әзірбайжан жаулаушысы. 799 [м.1397] жылы қайтыс болды. Фиқһ кітаптары бар. 106.

258) ЮСУФ НӘБХАНИ: Юсуф бин Исмаил бин Юсуф 1265 [м.1849] жылы Хайфада дүниеге келіп, 1350 [м.1932] жылы Бейрутта қайтыс болды (рахимә-һуллаһу та'ала). Жамиул әзхарды бітірді. Шамда қазы, Бейрутта жоғарғы соттың төрағасы болды. Түрлі қалаларды және Стамбұлды зиярат етті. Мәдинада уаһһабилікті жақыннан зерттеуге мүмкіндік тапты. Жинақтаған білімдерін жаю үшін өте құнды қырық жеті кітап жазды. «Әл-Фәтх-ул кәбир» кітабында он төрт мың төрт жүз елу хадис әріп реті бойынша тізіліп жазылған. Үш том күйінде басылған. «Жамиу кәрамат-ил әулия» кітабы екі томдық болып, кереметтің хақ екенін дәлелдеуде. 1329 [м.1911] жылы Мысырда басылған. Қырық жеті кітабының барлығы басылған. Өте маңызды болған «Шәуаһид-ул хақ» кітабы Мысырда үшінші рет бір мың үш жүз сексен бесінші [1385] хижри және [1965] милади жылы басылған. Кітап бес жүз жетпіс беттік болып, төрт жүз елу беті Ибн Тәймияны және уаһһабилерді теріске шығарып, қалған жүз жиырма беті асхаби кирамның үстемдіктерін, хазреті Муауия мен Амр бин Ас хазреттің үлкен дәрежесі мен исламға қызметтерін баяндауда.

«Жамиул әзхар» профессоры аллама шәйх Әли Мұхаммед Бәблауи Малики, аллама шәйх Абдуррахман Шәрбини, шәйх Ахмед Хусейн Шафии, шәйх Ахмед Бәсяни Ханбали, ариф аллама Сүлейман Шубрауи Шафии, шәйх Абдулқадир Рафии, одан бөлек Мысыр бас мүфтиі аллама Бәкри Мұхаммед Садефи Ханафи, мүдәррис аллама Мұхаммед Абдулхайй Кәтани Идриси Фаси, аллама сәйид Ахмед бей Шафии, Фадыл аллама шәйх Саид Мужи Шафии, аллама шәйх Мұхаммед Халеби Шафии және тағы көптеген әһли сүннет ғалымдары «Шәуаһид-ул хақ» кітабын құптаған, ұзын жазбалармен мақтаған.

«Шәуаһид-ул хақ» кітабында уаһһабилердің мутлақ ижтиһад әр уақытта бар деуінің қате екенін және Расулуллаһ пен бүкіл әулиелердің қабірлерін зиярат етуге алыс жерлерден барудың шариғи тұрғыда дұрыс екенін, төрт мазһаб ғалымдарының Ибн Тәймия бидғаттарына қарсы жазбаларын ұзақ баяндаған. Бесінші бабында Ахмед ибн Тәймияның бидғаттарын қорғайтын үш кітаптан үзінділер алып, оларды аяти карималармен және хадис шәрифтермен жоққа шығаруда. Бұл үш қате кітап Ибн Қайюм Жәузияның «Иғасатул ләхуан», Ибн Абдул-Хадидың «Фиррәд-и аләс-Субқи» және Нуман Алуси Бағдадидың «Жила-ул айнәйн фи мухакәмә-тил Ахмедәйн» атымен Ибн Хажәр хазретке қарсы жазған кітаптар. Бұл үш кітаптың дұрыс емес екенін және әһли сүннетке қайшы екенін дәлелдеген.

Уаһһабилердің негізгі кітаптары «Фәтх-ул мәжид» кітабының екі жүз елу тоғызыншы [259] бетінде Имам Зәйнәл-абидин Әли хазреттің бір адамның Расулуллаһтың қабіріне барып дұға еткенін көргенде оған бөгет болғанын және «Маған дұға оқыңдар! Қайда болсаңдар да берген сәлемдерің маған жеткізіледі» хадисын оқығанын жазуда. Оқиғаны қате түсіндіріп, «Бұдан аңғарылатыны дұға мен салауат оқу үшін қабір басына баруға тыйым салынған. Бұл қабірді мейрам орны қылудың бір түрі. Мәсжиди Нәбиге намаз оқу үшін кірген адамның сәлем беру үшін қабірдің қасына баруға тыйым салынады. Сахабалардың ешбірі олай жасамады. Осылай істегендерге тыйым салды. Пайғамбарға үмбеті оқыған тек қана дұға мен сәлем білдіріледі. Басқа амалдары білдірілмейді» дейді. Бұған бөгет болу үшін Сауд үкіметінің Мәсжиди Нәби ішіне «Хужрә-и саадат» қасына әскер қойғанын да екі жүз отыз төртінші [234] бетінде жазылған.

Юсуф Нәбхани «Шәуаһид-ул хақ» кітабының түрлі жерлерінде оларға жауап беруде. Сексенінші [80] бетінде былай дейді: Имам Зәйнәлабидин (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың мүбәрәк қабірін зиярат етуге тыйым салмады. Ислам дініне сай болмаған, құрметсіз жасалған зияратқа тыйым салды. Немересі Имам Жафәр Садық хужрә-и саадатты зиярат етіп, Рауда тарапындағы тіректің қасында тұрып, Расулуллаһқа сәлем беретін және «Мүбәрәк басы осында» дейтін. «Қабірімді мейрам қылмаңдар!» дегені «Зияраттарыңды мейрам секілді белгілі уақыттарға қалдырмаңдар! Әр уақытта зиярат етіңдер» деген сөз. 88-ші және 106-шы беттерінде былай дейді: Әбу Абдуллаһ Қуртуби «Тәзкирә» кітабында жазуы бойынша, Расулуллаһқа үмбетінің амалдары күнде таңертең және кешке көрсетіледі. 89-шы және 116-шы беттерінде былай дейді: Халифа Мансұр Расулуллаһты зиярат еткенде Имам Маликтен: «Қабірге қарап тұрайын ба, әлде құбылаға қарай бұрылайын ба?» деп сұрады. Имам Малик: «Қалайша жүзіңді Расулуллаһтан теріс бұра аласың? Ол (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сенің және атаң Адамның кешірілуіне себепкер» деп жауаптады. 92-ші бетінде былай дейді: «Қабірлерді зиярат етіңдер!» хадис шәрифі – бұйрық. Зиярат еткенде харам істелетін болса, зияратқа тыйым салынбайды, харам істеуге тыйым салынады. 98-ші бетінде былай дейді: Имам Нәуәуи «Әзкар» кітабында: «Расулуллаһтың және салихтардың қабірлерін көп зиярат ету және әр зиярат еткенде қабір басында ұзақ тұру сүннет» деген. 100-ші бетінде былай дейді: Ибн Хумам «Фәтх-ул қадир» кітабында Дара Құтни мен Бәззар хабар берген хадис шәрифті жазған. Бұл хадис шәрифте: «Басқа жұмысты ойламай, тек қана мені зиярат ету үшін келген адамға қиямет күні шапағат ету хақы мойнымда болады» делінген. 118-ші бетінде былай дейді: «Аллаһу та'ала әулиелерге керемет берген. Өлгеннен кейін де олар іс атқара алады. Оларды Аллаһу та'алаға арашы қылу рұқсат. Әулиелердің өлгеннен кейін де кереметтері көп байқалған. Бірақ ислам дініне сай түрде истиғаса ету керек. Надандардың «Тілегімді берсең немесе ауруымды жазсаң саған пәлен ......... беремін» деп айтуы рұқсат емес. Бірақ бұған күпір, ширк демеген жөн. Өйткені өте надан адамның өзі әулиенің жоқтан бар ететінін ойламайды. Әулиені Аллаһу та'аланың жоқтан бар етуіне арашы қылады. Оның Аллаһу та'аланың сүйікті құлы екенін ойлайды. «Тілегімді орындауын Аллаһтан сұра, Аллаһу та'ала сенің дұғаңды қайтармайды» деген сөз. Өйткені Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Төмен, қадірсіз саналатын көп адамдар бар, олар Аллаһу та'аланың сүйікті құлдары. Бір нәрсе істеуді қаласа, Аллаһу та'ала сол нәрсені әлбетте жаратады» деді». Бұл хадис шәриф уаһһабилердің «Фәтх-ул мәжид» кітабының 381-ші бетінде де жазылған. Мұсылмандар осындай хадис шәрифтерге сүйеніп әулиелерді арашы етуде. Имам Ахмед, Имам Шафии, Имам Малик және Имам Ағзам Әбу Ханифа салихтардың қабірлерін тәбәрік ету рұқсат деген. «Әһли сүннет» ғалымдарының бірінің мазһабын ұстанатынын, әһли сүннет екенін айтатын адамның да осылай айтуы қажет. Олай айтпаса, әһли сүннет болмағаны, өтірікші екені аңғарылады. «Шәуаһид-ул хақ» кітабынан аударма тәмәм болды. 212, 270, 353.

259) ЗӘҺӘБИ: Шәмседдин Мұхаммед бин Ахмед – ислам тарихшысы. 740 жылға дейінгі тарихи оқиғаларды жазған. «Тарих-и ислам» кітабы он екі томнан тұрады. Бұл кітап өте құнды. Басқа хадис және тарих кітаптары да бар. Ол 673 [м.1274] жылы Шамда дүниеге келіп, 748 [м.1348] жылы қайтыс болды (рахимә-һуллаһу та'ала). 18, 21, 79, 223.

260) ЗӘКӘРИЯ (алейһиссалам): Сүлейман алейһиссаламның ұрпағы. Бәйт-ул муқаддаста Таурат жазып, құрбан шалатын. Пайғамбар болды. Жұбайы «Иса» немесе «Әлиса» мен оның анадан қарындасы «Хуннә»-нің балалары болмаған еді. Хуннә – Имранның жұбайы еді. Хуннә: «Балам болса Бәйт-ул муқаддасқа қызметші етіп беремін» деп нәзір етті. Имран өлгеннен кейін Хуннәнің қызы туылды. Есімін Мәриям деп қойды. Мәриямді Бәйт-ул муқаддасқа апарып, Зәкәрия алейһиссаламға тапсырды. Ол алып оны үйіне апарды. Нағашы әпкесі Иса оны өсірді. Үлкен болғанда ол Бәйт-ул муқаддаста бір бөлмеде ғибадат етуді бастады. Бөлмесіне Зәкәрия алейһиссаламнан басқа ешкім кірмейтін.

Зәкәрия (алейһиссалам) кәрі болса да ұлы Яхия (алейһиссалам) дүниеге келді. Яхия (алейһиссалам) өсті. Әуелі Тауратты, кейін Інжілді уағыздады. Бәни Исраилға билік құрған Палестина әкімі Герод Таурат бойынша бауырының қызын некеге алғысы келді. Інжілде бұған тыйым салынғандықтан, Яхия (алейһиссалам) некесін қимады. Герод оны шәһид етті. Зәкәрия (алейһиссалам) ұлын құтқаруға тырысқанда оны да өлтірмекші болды. Ол бөрененің ішіне тығылды. Бөренемен бірге арамен екіге бөлініп шәһид етілді. 130, 200, 399.

261) ЗӘЙД БИН ХАТТАБ: Хазреті Омардың (радиаллаһу та'ала анһ) әкесі бір ағасы. Алғашқы мухажирлерден еді. Бүкіл соғыстарға қатысты. Әбу Бәкір Сыддық заманында Йәмама шайқасында шәһид болды (радиаллаһу та'ала анһ). Бұл соғыста ислам туын көтерген еді. Йәмама – Арабстанда Нәжд пен Бахрейн арасында. Мусәйләмә-тул кәззабпен соғыс осы жерде болған. 103.

262) ЗӘЙД БИН САБИТ: Асхаби кирамның ұлыларынан. Хазреж тайпасынан. Уахи хатшысы еді. Хижретте он жасар болған. Әкесі төрт жыл бұрын қайтыс болған еді. Бала болғандықтан Бәдір соғысында қайтарылған болатын. Хандек және кейінгі соғыстарға қатысты. Хандекте топырақ тасып жүргенде Расулуллаһ көріп қалып: «Бұл неткен жақсы жігіт» деген еді. Өте білімді болған. Суряни тілін үйрену әмір етілді. Сол тілді меңгерді. Келген хаттарды оқитын. Халифа Әбу Бәкірге және Омарға да хатшы болды. Хазреті Омар қажылыққа және Шамға барарында орнына оны өкіл етіп қалдырған. Хазреті Осман заманында бәйт-ул мал меңгерушісі болды. Яғни қаржы министрі болды. Халифа қажылыққа кеткенде оны өкіл етіп қалдырды. Ол хазреті Әлиді қатты жақсы көретін. Бірақ Жәмәл мен Сыффин соғыстарына араласпады. Көп хадис шәриф хабар берді. Алғаш жинақталған Құран кәрімді жазды. 45 жылы қайтыс болды (радиаллаһу та'ала анһ). 30, 168, 251, 260.

263) ЗИЯД БИН ӘБИХ: Әбу Суфянның ұлы. Хижреттің бірінші жылы дүниеге келді. Расулуллаһты көре алмады. Арабстанның әйгілі бес кемеңгерінің бірі. Анасы күң еді. Хазреті Омар оны Басраның әкімі қылды. Хазреті Әли Басрада бәйт-ул мал меңгерушісі қылды және Басра әкімі етіп тағайындаған Абдуллаһ бин Аббасқа Зиядтың айтқаны бойынша әрекет етуін бұйырды. Жәмәл оқиғасына араласпады. Жәмәлден кейін хазреті Әли оны Басра қаржы басшысы қылды. Абдуллаһ бин Аббас Басрадан Куфаға кетерде орнына Зиядты өкіл етіп қалдырды. Хазреті Әли оны Фарис және Кирман әкімі қылды. Ол сол жерлердегі тәртіпсіздікті реттеді. Тыныштық пен бақыт әкелді. Хазреті Муауия халифа болғанда ол Фаристе әкім еді. Биат етпеген болатын. Оны 45 жылы Басраға, кейіннен Хорасанға әкім қылды. Куфаны, Бахрейн мен Оманды да қарамағына берді. Ол биат етіп, көп қызметін тигізді. Асхаби кирамның үлкендеріне жоғары мансаптар берді. Оң қолына жара шығып, 53 жылы қайтыс болды. Баласы 53 жылы 25 жасында Хорасан әкімі болды. Бұхараны жаулады. 55 жылы Басра, 60 жылы Куфа әкімі болды. Омар бин Сад бин Әбу Уаққасты төрт мың әскермен 61 жылы Кербелаға жіберді. Хазреті Хусейнді алып келуін бұйырды. Бағынбаған соң шабуылдап, Шимрдің бұйрығымен Синан бин Әнәс тарапынан шәһид етілді. 62, 385.

264) ЗУБӘЙР БИН АУУАМ: Асхаби кирамның ұлыларынан және Ашәрә-и мубашшарадан. Хадиша-тул кубраның бауырының ұлы. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) апасы (әкесінің бауыры) Сафияның (радиаллаһу та'ала анһа) ұлы. Он бес немесе он сегіз жасында ер адамдардан төртінші немесе бесінші болып исламды қабылдады. Исламда алғаш қылыш көтерген осы кісі. Меккеде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тұтқындалды деп естігенде қылышын шығарып құтқаруға бара жатқанда жолда Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кездестірді. Дұғаға кенелді. Хабешстанға және Мәдинаға хижрет еткендерден. Бүкіл соғыстарға қатысып, көп жарақат алды. Мысырды жаулауға да қатысты. Өте бай еді. Бүкіл мал-мүлкін Аллаһу та'аланың жолына жұмсады. Жәмәл оқиғасында хазреті Айшамен бірге хазреті Әлиге қарсы соғысты. Кейін соғыстан бас тартты. Бір шетке ығысып, намаз оқып тұрғанда шәһид етілді (радиаллаһу та'ала анһ). 36 жылы қайтыс болып, 67 жаста еді. Жаназасын хазреті Әли оқыды. 13, 14, 19, 20, 24, 30, 49, 60, 75, 76, 77, 106, 113, 122, 129, 166, 175, 176, 185, 209, 215, 235, 236, 250, 251, 258, 259, 323, 330, 365, 384, 395, 396.

265) ЗУФӘР: Әбу Хузәйл Зуфәр бин Хузәйл Куфи. 110 [м.728] жылы Исфеханда дүниеге келіп, 158 [м.775] жылы Басрада қайтыс болды (рахимә-һуллаһу та'ала). Имам Ағзамның (рахимә-һуллаһу та'ала) шәкірттерінің ұлыларынан. Мүжтәһид болған. Мәжілісінде дүниелік жұмыстар туралы мүлде сөз қозғалмайтын. Аллаһтан қорқуы тәніне сіңген еді. Абдуллаһ Ансаридың (рахимә-һуллаһу та'ала) айтуынша, Имам Зуфәр қазы тағайындалмақшы болды. Ол қабылдамады. Үйін ауыстырып тығылды. Ауырып қалғанда Әбу Юсуф (рахимә-һуллаһу та'ала) және басқалары «Өсиет етіңіз» деді. «Пәлен мал-мүлік жұбайыма. Мыналар бауырымның ұлына» деді. Бәрі таңқалды. Өйткені бауыры тірі кезде оның баласына ештеңе түспейтін еді. Қайтыс болуынан кейін бауыры Зуфәрдің жұбайын алды. Бір баласы туылды. Мал-мүлік осы баласына қалғанда Имам Зуфәрдің кереметі белгілі болды. Ол айтатын: «Имам Ағзам қайтыс болған соң оған қайшы келетін ижтиһад жасауға тартындым. Өйткені тірі кезінде мені жеңіп, үнемі оның айтқаны дұрыс шығатын. Оның сөзін қабылдауға мәжбүр болатынмын. Қайтыс болуынан кейін оның ижтиһадына сай келмейтін сөзді қалай айта аламын, тірі болса мені қайтадан жеңетін еді». Дауд Таимен дос еді. Көп сыйласатын. Дауд фиқһпен айналысуды қойып, ғибадатпен, зухдпен, тақуалықпен өмір сүрді. Ал Имам Зуфәр ғибадатты, зухдты, тақуалықты фиқһпен біріктірді. Әкесі Хузәйл Басраның әкімі еді. Бауыры Сабах Бәни Тәмимде зекет қызметкері еді. 45, 53.

 

Бақыт жолын іздесең, оқи берме әр кітапты,

Әһли сүннет кітабынан табасың ақиқатты,

«Түркістан кітап үйі» жариялап таратуда,

Ғалымдар жеткізген осы асыл аманатты!

 

Өте маңызды ескерту: Пайғамбарлар арқылы Аллаһ тарапынан көрсетілген өмір сүру жолы «Дін» деп аталады. Адамдар құрған өмір сүру жолы «Заң» деп аталады. Дінді ата-анадан және кітаптан үйренеді. Дінсіз адам бола алмайды. Әр адам дінінің бұйрықтарына сай өмір сүреді. Дінін ұстанатын адамның дүниеде тыныш өмір сүретініне, ахиретте жәннатқа кіріп, шексіз бақытқа кенелетініне, ал басқа діндегілердің дүниеде қиыншылық шегіп, ахиретте тозақ отында шексіз азапталатынына сенеді. Әркім өз дінін мақтайды. Үгіт-насихат, жарнама арқылы баршаны өз дініне шақыруда, осылайша өз дінінің дұрыс екеніне сенуде және баршаны сендіруде. Адамның дүние мен ахиретте бақытты болуы дініне байланысты болғандықтан, адам ата-анасынан үйренген дініне байланып қалмауы, үгіт-насихат пен жарнамаға алданбауы керек, діндердің барлығын зерттеп, бұзылмаған, дұрыс екеніне көзі жеткен ислам дінін үйреніп, осы дінді берік ұстануы қажет. Осылайша дүниеде тыныш әрі бақытты өмір сүреді, ахиретте шексіз жәннат нығметтеріне бөленеді.