3 - Жамазиәл-әууәл, 1447 жыл.
     25 - Қазан, 2025 жыл.   


Сәйид Фәхим Арваси

Сәйид Фәхим Арваси хазрет Шығыс Анадолыда жетілген үлкен әулиелерден. Силсилә-и алияның отыз үшіншісі. Османлы мемлекетінің соңғы дәуірінде өмір сүрген. Өзі сәйид. «Хазреті шәйх» және «Аллама» лақабтары бар. «Арваси» аталып танымал болған. Әкесі Сәйид Абдулхамид Арваси. 1825 жылы Ванның Бақшасарай (Мукус) ауданына қарасты Арвас (Доғаняйла) ауылында туылды. 1895 жылы сол ауылда қайтыс болды. Қабірі сол жерде және сүйгендері тарапынан зиярат етілуде.

Таза және асыл жанұясы Анадолының шығыс аумағының білім, ағарту және көркем мінез қасиеттерінің нышаны еді. Өз дәуірінің ғалымы, құрметтілік үлгісі болған аталары Қадири және Чәшти жолдарын ұстанатын. Әкесі Арвастың мешіт пен медресесін басқаратын. Сәйид Фәхим кіші жасында әкесі Сәйид Абдулхамидтен айрылды. Анасы Сәйида Әмина ханым тақуа және салиха кісі еді. Көп әйел қызметшілері бар болса да, медреседегі шәкірттердің киімдерін өз қолымен жуып, көмектесетін еді.

Кіші жасынан білім алуды бастаған Сәйид Фәхим қысқа уақытта Құран кәрімді хатым етіп, жаттап алды. Кейін аталары құрған және бұрыннан білім жайған үлкен ғалымдар жетілдірген Арвас медресесі мен Мукустегі Мир Хасан Уәли медресесінде негізгі діни білімдерін және араб тілі білімдерін оқыды. Қысқа уақытқа білім алуға үзіліс берді.

Кейін Жизраға барып, Мәулана Халид Бағдади хазреттің халифаларынан Шәйх Халид Жәзәридің дәріс алқасына қосылды. Қысқа мерзімде қатарластарынан озып, білімде ілгеріледі. Діни білімдерді және заманының жаратылыстану ғылымдарын үйренді.

Сәйид Фәхим Жазирада білім алып жүрген шағында көкесінің баласы Сәйид Сибғатуллаһ та Жазираға келіп, Мәулана Халид Бағдади хазреттің шәкірттерінен Шәйх Салих Сыбқи хазреттен білім алды. Жазираға қайтқанында жолда Ванға кірді. Ванда жүрген күндерінде ұлы әулие Сәйид Таха Хаққари хазрет те Нехриден Ванға келген еді. Сәйид Таха хазреттің ең таңдаулы достарынан болған көкесі Сәйид Мұхаммед Сәйид Сибғатуллаһқа Сәйид Таха Хаққари хазретке шәкірт болуға кеңес берді. Сәйид Тахаға шәкірт болған Сәйид Сибғатуллаһ оның қызметіне және сұхбатына қатысып, тасаууф жолында ілгеріледі. Қысқа мерзімде жетіліп, адамдарға Исламның әмірлері мен тыйымдарын үйрету тұрғысында ижазат, диплом және халифалық алды. Ван әкімі мен халқы оның Ванда қалуын сұрады. Бірақ ол «Нехриге кетемін. Сәйид Таха хазрет дұрыс деп санаса, осында қаламын» деді. Ванда қалғысы келетінін Сәйид Таха хазретке айтқанында ол: «Жоқ, молда Сибғатуллаһ! Ван халқы дун-химмет (аз, қысқа қамқорлық). Ванның алынуы менің және сенің қолыңмен болмайды. Мукашәфә әлемінен алынған мәлімет бойынша, сендердің әулеттеріңнен, яғни Арваси жанұясынан білімі мен ағартуымен танылған, Аллаһ біледі, бірақ ол (Сәйид Фәхимді сілтеп) арқылы Ванның жетілуі өткінші күйде мүмкін» деді. Сәйид Сибғатуллаһ Арваси хазрет «Ол кісі көкемнің баласы. Жазирада білім алуда, білімдарлығы және зеректігімен танымал» дегенінде: Сәйид Таха: «Келесі келгеніңде оны міндетті түрде маған ертіп кел» деді.

Сәйид Сибғатуллаһ ұстазын екінші рет зиярат етіп келгенінде әлі жас болған Сәйид Фәхим Арвасиды да Нехриге ертіп барды. Сәйид Таха хазреттің алдына барып, сұхбатына қатысты. Қайтатын кезде Сәйид Сибғатуллаһ және қасындағылар Сәйид Таха хазреттің қолын сүйіп, рұқсат алғаннан кейін Сәйид Фәхимнің реті келгенде Сәйид Сибғатуллаһ артта қалғанын көріп, Сәйид Таха хазреттен ол үшін де рұқсат сұрады. Бірақ Сәйид Таха хазрет Сәйид Фәхимнің қалуын жөн санап, «Ол осында қалсын» деді. Сәйид Таханың қызметінде қалған Сәйид Фәхим қысқа мерзімде кәмілдікке жетті. Сәйид Таха хазрет ол туралы «Басқалар алты айда жететін жолды Сәйид Фәхим жиырма төрт сағатта өтті» деді.

Сәйид Таха хазрет бір күні мешіттің дуалына сүйеніп, Сәйид Фәхим хазретті ишарамен қасына шақырды. Ол қасына келгенде «Сен өте зерексің, білімге талапты және қабілеттісің. Міндетті түрде мутәуәл (әдеби) кітап оқуың керек» деді. Сәйид Фәхим хазрет: «Кітабым жоқ. Біз жақта мутәуәл кітаптар оқылмайды» дегенде, өзінің кітабын сыйлады. Муштың Буланык ауданының Абири ауылында Молда Расул Сыбқи есімді үлкен ғалымға барып оқуын кеңес етті. Кетерінде: «Сен зерек және ізденуді, зерттеуді жақсы көретін білім талапкерісің. Сұрақтарыңа ұстаздар қанағаттандырарлық жауап бере алмайды және мазасызданады. Дәрістер барысында қиыншылыққа тап болсаң, олардың мазасын алма. Қолыңды кеудеңе қой да, мені есіңе ал. Иншаллаһ, дереу қиыншылығыңды шешемін» деді.

Ұстазының қолын сүйіп, дұғасын алған Сәйид Фәхим Арваси әдебиет оқу үшін заманының Шығыс Анадолыдағы ең ұлы ғалымдардың бірі болған Молда Расул Сыбқиға барды. Молда Расул: «Мен Арвас жанұясынан біріне дәріс беруді қалап жүрген едім. Өйткені, Арваста Молда Расул Зекиден оқыдым. Сол жаняұдан келген бұл кісіде зеректік ізін көре алмаудамын. Ғажап, ол жанұяның балалары өте зерек болатын еді» деді. Сәйид Фәхим Арваси Молда Расулдан дәріс ала бастады. Бірақ Сәйид Таха хазреттің кеңесін тыңдап, дәріс барысында сұрақ қоймауға мән беретін. Тіпті Молда Расул Сәйид Фәхимнің шәкірттерінің бірі Молда Халидтан: «Сенің ұстазың сұрақ қоймайды. Зеректігі жоқ па, әлде ұялып жатыр ма?» деп сұрады. Молда Халид: «Иә, мен басынан бері ол кісінің қолында көп оқыдым. Бір кездері ұстазына көп сұрақ қойып, ұстаздар оған жауап беруге шамасы жетпейтін. Бірақ Нехриден қайтқаннан кейін сұрақ қоюды доғарды. Білім алудағы қабілетіне келер болсақ, кешіріңіз, бірақ мен оны сізден жоғары деп ойлаймын» деді.

Бір күні Молда Расул әдебиет оқып жатқанда ұстазына «Мына жерді түсінбедім» деді. Молда Расул қайтадан түсіндірді, бірақ Сәйид Фәхим Арваси тағы түсінбегенін айтты. Молда Расул сөйлемді бірнеше рет оқығаннан кейін: «Бүгін шаршадым, ертең түсіндіремін» деді. Ертеңіне оқыды, бірақ тағы түсіндіріп бере алмады. Сол түні Молда Расул да, Сәйид Фәхим де ойланды. Үшінші күні дәл сол жерге келгенде Молда Расул сол жердегі мәселені тағы түсіндіре алмады. Сонда Сәйид Фәхим ұстазы Сәйид Таха хазреттің «Дәріс оқып жатқанда түсінбеген жерің болса, мені еске ал» дегенін есіне түсірді. Молда Расул дәрісті зерттеумен айналысып жатқанында Сәйид Фәхим көзін жұмып, мүршиді Сәйид Таха хазретті елестетті.

Сәйид Таха қолында кітаппен көрінді. Кітапты Сәйид Фәхимнің алдына ашты. Әдебиеттің әлгі беті еді. Сол қатарларды ашық түрде оқыды. Сәйид Фәхим қызығып мұқият қарады. Ол сөйлемнің арасында «уә» әрпін қосып оқыды. Сәйид Таха хазреттері көзден ғайып болғанда Сәйид Фәхим көзін ашты. Молда Расулдың сол қатарларды оқып ойланып отырғанын көрді. Молда Расулдан рұқсат сұрап, ұстазынан естігеніндей «уә» әрпін қосып оқыды. Молда Расул мұны естігенде «Мағынасы енді түсінікті болды» деді. Екеуі де жақсы түсінді. Молда Расул «Бұл қатарларды жиырма жыл бойы оқып, түсіндіріп келемін. Бірақ үнемі өзім түсінбей түсіндіріп келемін. Қазір жақсы түсіндім. Мұны дұрыс оқу сенің жұмысың емес. Мен жылдар бойы мұны түсіне алмадым. Сен қалай түсініп қойдың? «Уә» әрпін қосып оқыдың, мағына түзеліп шыға келді» деді. Сәйид Фәхим мүршиді Сәйид Таха хазретті еске алып, көмек сұрағанын айтты. Мүршидінен қалай үйренгенін айтып берді. Молда Расул «Иманнан кейін күпір жоқ» деп кітапты жапты. Сәйид Фәхиммен бірге Нехридің жолына түсті. Олар жолда келе жатқанда Сәйид Таха хазрет «Сәйид Фәхим жақсы сыйлықпен келе жатыр» деді. Қысқа уақыттан кейін Сәйид Фәхиммен бірге келген Молда Расул да Сәйид Таха хазреттің сұхбатына қауышып, шәкірттерінен болды. Оның қарамағында рухани жетіліп, захири білімдермен қатар, тасаууф білімінде де жетілді. Сәйид Таха хазрет Молда Расулға халифалық беріп, адамдарға Ислам дінінің әмірлері мен тыйымдарын үйрету міндетін тапсырды.

Ұстазы және мүршиді Сәйид Таха хазретке қайта оралған Сәйид Фәхим оның қызметі мен сұхбатына қатысты. Сәйид Таха хазретке деген махаббаты және байлануы себебімен оның жатын бөлмесінің сыртқы жағында терезеге бетін бұрып, таңға дейін тұрып, оның күндей нұр шашқан фәйздерінен пайдалануға тырысатын. Тіпті бір ретінде бұған қанағаттанбай, суық түні қалың қар жауып жатқан кезде есіктің сыртына жатты. Мүбәрәк басын есіктің табалдырығына қойып жатты. Жауып тұрған қалың қар оның мүбәрәк денесін толықтай жапты. Бірақ махаббатпен жанған жүрегімен қар астында әртүрлі фәйз бен берекеге қауышты. Сәйид Таха хазрет тәһәжжуд намазын оқу үшін мешітке бармақшы болып есікті ашты. Есіктен шығып сыртқа қадам басқанында Сәйид Фәхимнің арқасын басты. Сәйид Фәхим атып тұрып, әдеппен мүршидінің алдында тұрды. Сәйид Таха хазрет: «Жеткілікті, Молда Фәхим. Менің ойымша қазіргі таңда білімде мұхитсыз. Сәйид Шәриф Журжани хазреттен кейін білімде сәйидтердің жүзін сіз күлімдеттіңіз. Бұл білімді бұлай жерге төсемеңіз» деді. Сәйид Фәхим хазрет: «Бұл білімнен көрген пайдам сіздің бір назарыңыздан көргеніме жете алмаған. Мен пайдаланғым келеді» деп жауап берді. Сонда Сәйид Таха хазрет оны құшақтап, қараңғы түнде әлемді жарқырататын рухани нұрларды сыйлады. Қолын ұстап, екеуі бірге мешітке барды.

Сәйид Таха хазреттің қызметі мен сұхбатында тасаууф жолының ең жоғары дәрежесіне қол жеткізген Сәйид Фәхим үлкен әулие болды. Мутлақ халифатықты алу уақыты келгенде ұстазы Сәйид Таха оны алдына шақырып, адамдарға Исламның әмірлері мен тыйымдарын үйрету, олардың дүние мен ахиретте бақытқа, құтылуға қауышуына себеп болу міндетін тапсырды. Бірақ Сәйид Фәхим: «Бұл ауыр жүк. Мен көтере алмаймын» деп, әрі бұған лайық емес екенін айтып, тартынғанын көрсетті. Сәйид Таха хазрет: «Бұл әмри ихтияри, яғни қалауға байланысты іс емес, әмри зәрури болып, мәжбүрлі іс» деді. Өз ауылы болған Арвасқа баруын бұйырды. Жолға шығатын кезінде қайтадан алдына шақырды, кітаптардың ішіндегі хаттарын оған көрсетіп: «Бұл ықылас пен махаббат сіздікі емес пе? Неліктен тартынасыз? Ант етейін, сіздің халифалығыңыз Расулуллаһ тарапынан расталған және бүкіл сәйид ғұламалар растаған, мен де растауға мәжбүрмін. Сіз де қабылдауға мәжбүрсіз» деді.

Қанағатшылдықта, тәуекелде, тақуалықта, махаббатта, разылықта және бағынушылықта өте жоғары дәрежеге жетіп мүршид-и кәміл болған және «Сәйид Таханы көрдім, тариқат пен ақиқаттың не екенін түсіндім» деген Сәйид Фәхим хазрет ұстазының әміріне бағынып, Арвасқа қайтты. Арвас медресесін жаңадан құрып, шәкірттерге білім берді. Сонымен қатар Әһли сүннет сенімін, сахабалардың жолын баяндап, адамдардың бақытқа кенелуіне тырысты. Исламның әмірлері мен тыйымдарынан қылдай ажырамастан қызметін жалғастырды. Әрдайым апат деп қабылдаған атақ-даңқтан сақтанды. Арвас медресесінде ең аз дегенде елу шәкіртке дәріс беріп, «Мадде-и Кубра» атты кітапты оқытты. Одан білім алып жетілгендер Ванда және сол аймақта «Райс-ул мудәррисин» атағымен танылды. Сәйид Фәхим хазреттің білім мен марифеттегі үстемдігі қысқа мерзімде барлық жаққа жайылды.

Сәйид Фәхим хазрет ұстазы Сәйид Таха хазретті дәріс шәкірті сияқты әр жылы Арвастан Нехриге барып, зиярат ететін. Қайтыс болғанынан кейін орнына өткен бауыры Сәйид Мұхаммед Салих хазретті де зиярат етіп, сұхбатына қатысты. Өйткені Сәйид Мұхаммед Салих хазрет Сәйид Фәхим хазреттің сұхбатта ұстазы еді.

Ұстазының қайтыс болуынан кейін одан сайын танымал болған Сәйид Фәхим хазрет білім мен ағартушылықтың бұлағына айналды. Мысыр, Ирак, Сирия және сол аймақта шешіле алмаған мәселелер оған берілетін болды. Ол шешілмейтіндей болып көрінген қиын мәселелерді шешетін. Оның сұхбатына қатысу үшін Арвасқа келушілер дүниеден бейхабар, нәпсінің және шайтанның зиянынан сақ болып, махаббат дариясына шомды. Одан фәйз алып, жоғары дәрежелерге жетті. Сұхбаты және дәрісімен көп тура жолға түсуіне себепкер болды. Осылайша Шығыс Анадолы халқының сүнни болып қалуын, адасқан ағымдардың жайылып кетпеуін қамтамасыз етіп, халықтың ынтымағына, бірлігіне көп үлесін тигізді. Осман империясының Ресей империясына қарсы соғысында Шығыс Баязид майданына барып, қаһармандық көрсетті.

Сәйид Фәхим хазрет ұстазы Сәйид Таха хазреттің қайтыс болуынан кейін оның әмірлері мен кеңестеріне толықтай бағынды. Жылына екі рет Ван аумағына барып, халыққа ислам дінінің әмірлері мен тыйымдарын үйретті. Олардың дүниеде және ахиретте бақытқа, шаттыққа бөленуіне тырысты. Уағыздары мен сұхбаттары арқылы Ван халқының исламға берілгендігі және осы тұрғыдағы атағы артты. «Дүниеде Ван, ахиретте иман» тіркесі адамдар арасында әр жақта айтыла бастады. Сәйид Фәхим хазреттің Ванға әр баруында адамдар көп жиналып, үлкен жиын болатын. Сол заманның әкімі, әскери және азаматтық шенеуніктер оны зиярат етіп, сұхбатына қатысып, бар болса қиын мәселелерін сұрап жауаптарын алатын еді. Материалдық және рухани барлық бұйрықтары орындалып, бәрі оған құрмет пен қошемет көрсететін. Осылайша ұстазы Сәйид Таханың жылдар бұрын айтқан: «Ванның алынуы Арваси әулетінен білімі және ізгілігімен танымал болған бір тұлға арқылы өткінші күйде мүмкін» сөзінің үкімі керемет ретінде көрініс тапқан еді.

Ілім, ізгілік және көркем мінез-құлықта өз заманында теңдесі жоқ болған Сәйид Фәхим хазрет Исламның әмірлеріне және сүйікті пайғамбарымыздың сүннетіне үлкен мұқияттылықпен бағынатын. Оны жақсы көргендер намаздарын міндетті түрде мешітте жамағатпен оқитын. Оның ең үлкен кереметі — Исламның әмірлері мен тыйымдарын толық орындауы және өзінен кейін міндетін жалғастыратын Сәйид Абдулхаким сияқты ғалым әрі әулие тұлғаны жетілдіруі еді. Бұлардан басқа да көптеген кереметтері көрінген.

Бір жолы Сәйид Фәхим хазрет шәкірттерімен бірге Ван көлінің жағасында келе жатады. Сол кезде көлдегі Ахтамар аралында орналасқан армян шіркеуінен бір поп шығып, судың бетімен жүре бастайды. Мұны көрген кей шәкірттердің көкейіне: «Біз Аллаһтың дұшпаны деп жүрген поп судың үстімен жүріп жатыр, ал әулиелердің үлкені, Аллаһтың сүйген, таңдаған құлы деп білетін Сәйид хазрет неге жүрмейді, жағалаумен ғана жүріп келеді?» деген ой келеді. Сәйид Фәхим бұл ойды түсініп, мүбәрәк аяғындағы аяқ киімін қолына алып, бір-біріне соғады. Аяқ киімін соққан сайын поп суға бата бастайды. Тамағына дейін батқанда тағы бір рет соғады. Поп суға батып кетеді. Содан соң солай ойлаған шәкіртіне бұрылып: «Ол сиқыр арқылы судың үстімен жүріп, сендердің имандарыңды бұзғысы келді. Мен аяқ киімімді бір-біріне соққанда сиқыры бұзылып, суға батты. Мұсылмандар сиқыр жасамайды. Ал Аллаһу та'аладан керемет көрсетуді тілеуден ұялады» дейді. Осылайша кереметімен поптың сиқырын бұзған еді.

Диарбакырда Мұстафа Неджати бей есімді бір кісі бар еді. Ол сот істері бойынша инспектор болатын. Қызмет бабымен Ван өлкесіндегі Мукус ауданына барған еді. Бір айт күні айт намазынан кейін ауданның әкімі мен ел ішіндегі беделді адамдар Сәйид Фәхим хазретті зиярат етпек болады. Мұстафа Неджати бей де олармен бірге барғысы келеді. Қажетті дайындықтар жасалған соң бәрі жолға шығады. Жолда жақсы тақырыптар қозғалып, пайдалы әңгімелер айтылады. Арвас маңындағы Қызыл Көпірден өткен соң бәрі де рухани бір күйге бөленеді. Мұстафа Неджати бей де сол рухани ахуалдан әсерленеді. Алайда, өзі ішімдік ішетіндіктен, қоржынына екі бөтелке арақ салып алған болатын. Арвас мазаратының етегіндегі тастардың арасына бұл бөтелкелерді ешкімге білдірмей жасырып кетеді. Арвасқа жеткенде, Сәйид Фәхим хазретті зиярат етіп, бәрі де ретімен келіп, құрметпен қолын сүйеді. Мұстафа Неджати бей де қолын сүйіп, Сәйид хазреттің тасаууф жолында шәкірті болғысы келетінін білдіреді. Сонда Сәйид Фәхим хазрет: «Бөтелке мен тариқат бір жерге сыймайды. Бар, бөтелкелерді сындырып, төгіп кел, сонда қабыл етеміз» дейді. Мұстафа Неджати бей бөтелкелерді ешкім көрмегеніне сенімді еді. Бірақ «Аллаһу та'ала өзіне жақын болған әулие құлдарына керемет арқылы білдіреді ғой» деп ойлап, барып, бөтелкелердің бірін сындырды да, екіншісін «Қиналып жатсам, ішермін» деген оймен сақтап қояды. Сәйид Фәхим хазреттің алдына қайтып келгенде ол бірден: «Бар, ана екіншісін де сындырып кел!» деді. Мұстафа Неджати бей: «Бұл зауық үшін емес, зәрулік жағдай, мен оны қажеттілік үшін сақтаған едім. Мен оны ерікпен емес, мәжбүр болсам ішейін деп қалдырдым» дегенде Сәйид Фәхим хазрет: «Харамда зәрулік болмайды» деп жауап береді. Мұстафа Неджати бей барып, екінші бөтелкені де сындырып келеді. Сосын Сәйид Фәхим хазреттің қолын сүйіп, шәкірттерінің қатарына қосылды. Сол күннен бастап оның ішімдікке деген әуестігі мүлде жоғалды.  Мұстафа Неджати бей Сәйид Фәхим хазрет жайлы былай дейтін: «Мен Түркияның түгелге жуық жерін, Арабстанның да біраз аймағын араладым. Көптеген шәйхтармен жолықтым. Бірақ бұл кісідей кемел, толысқан адамды көрмедім. Ол пайғамбарымызды және сахабаларды еске салатын. Олардың бойындағы ілім, сабыр, жұмсақтық, байыптылық, әдептілік пен айбын осы кісіден көрінетін. Мұндай қасиеттерді басқа ешкімнен көрмедім» деп айтып, жылап алатын.

Сәйид Таха хазреттің ұлы Сәйид Убайдуллаһ қажылыққа барғысы келеді. Өзі Ванға келген болатын. Іштей: «Арабстанда әкем Таха Хаққари хазретті танитындар көп. Онда ілім сұхбаттары болады. Қасымда үлкен ғалымның болғаны өте маңызды. Бұған лайықты тек қана әкемнің орынбасары Сәйид Фәхим хазрет» деп ойлап, оны бірге алып кету үшін Ванға шақырады. Сәйид Фәхим хазрет Ванға келгенде «Ұстазым, қажылыққа бірге барайық» деп ұсынысын айтады. Сонда Сәйид Фәхим хазрет кешірім сұрап: «Мал-мүлкім де, денсаулығым да сапарға жарамайды» деп жауап береді. Сәйид Убайдуллаһ: «Шығын мен қаржы жағы маған тиесілі. Ал денсаулығыңыз мәселесіне келсек, Мәулана Халид Бағдади хазреттің диуанын ашып көрейік, не шығады екен?» дейді. Сөйтіп олар диуанның бірнеше бетін ашқанда Мәдина мунаууара жайлы шумақтар кездеседі. Осыған орай бірлесе шешім қабылдап, қажылық сапарына жолға шығады. Олар алдымен Стамбұлға келіп, Фатих ауданындағы Решадие қонақүйіне орналасады. Сәйид Фәхим хазрет пен Сәйид Убайдуллаһтың Стамбұлға келгенін естіген сол дәуірдің патшасы Сұлтан Екінші Абдулхамид хан оларды сарайға арнайы шақырады. Сарайда оларды құрметпен қарсы алып, сый-сияпаттар көрсетеді.

Өзі де әулие болған, әулие әрі ғалым кісілерге ерекше құрмет көрсететін Сұлтан Екінші Абдулхамид хан Сәйид Фәхим хазреттің сұхбаттарында болып, дұғасын алады. Оларды шамамен он екі күн бойы Стамбұлда қонақ етіп күтіп, кейін Хайдарпаша вокзалына дейін салтанатты түрде, рәсіммен шығарып салды.

Одан кейін Сәйид Фәхим хазрет пен Сәйид Убайдуллаһ кемемен Мысырға барады. Сол жердің ғалымдарымен әрі әулиелерімен кездесіп, ілім мәжілістеріне қатысады. Сол дәуірдің ірі ғылым ордасы болған Әл-Азхар медресесінде жетілген ғалымдар Сәйид Фәхим хазреттің ілімі мен тақуалықтағы артықшылығын бірауыздан мойындайды.

Сәйид Фәхим хазрет өзіне қызмет көрсетіп жүрген Қажы Омар мырзаны ертіп, Әл-Азхар медресесіне барады. Бір бөлмеге кіргенде, бөлмеде бір ғалым отырған екен. Оның айналасы кітапқа толы, ал алдында бір қағаз жатқан болатын. Ғалым кітаптарды ақтарып отырғанымен, алдындағы қағазға ештеңе жаза алмай отырғаны байқалды. Сәйид Фәхим хазрет сол қағазда жазылған мәтінді бір-ақ рет қарап, түгел жаттап алады. Себебі ол кісінің ерекшелігі, ол бір рет оқығанын мүлтіксіз жаттап алатын еді. Сол кезде ғалым басын көтеріп: «Оқуды білесіздер ме?» деп сұрады. Сәйид Фәхим хазрет іліммен біршама айналысқанын білдірді. Ғалым: «Сіз осы қағаздағы жазудың мағынасын білесіз бе?» деп сұрады. «Иә» деген жауап алған соң, ол қатты таңғалып: «Әл-Азхар медресесі (университеті) барлық факультеттерімен бірге осы мәселені шешу үшін бір аптадан бері сабақты тоқтатқан. Бас мүфти (рейис-ул-улема) бастаған бүкіл ғалымдар күн-түн демей еңбектеніп жатыр. Бірақ осы жазудың мағынасы мен мақсатын түсінуге дәрменсіз қалды» деді. Сонда Сәйид Фәхим хазрет: «Бұл – қарапайым ғана мәселе» деп жауап бергенінде әлгі ғалым одан сайын қайран қалады.

Сәйид Фәхим хазрет шешімі табылмай келген мәселені егжей-тегжейлі түсіндіре бастайды. Таңданыстан есеңгіреген әлгі ғалым орнынан құрметпен тұрып, Сәйид Фәхим хазреттің қолын сүйді. Сосын дереу қағаз бен қалам алып, Фәһим-и Арваси хазреттің түсіндірмесін жазып алды. Тоқтаған үйінің мекен-жайын алып, тағы да қолын сүйіп, рұқсат сұрап қоштасты. Сәйид Фәхим хазрет Қажы Омармен бірге жалға алған үйлеріне қайтып оралады.

Біраз уақыттан соң Жамиул Азхар медресесінің рейс-ул-улемасы (ректоры) жіберген төрт ғалым келіп жетті. Олар Сәйид Фәхим хазретке ректордың атынан Жамиул Азхарға ресми түрде шақырылғанын білдіреді. Сәйид Фәхим хазрет бұл шақыруды қабыл етіп, оларға ілесіп барды. Үлкен бір залда рейс-ул-уләма бастаған, шамамен бес жүзге жуық ғалым оны зор құрметпен қарсы алады. Сәйид Фәхим хазрет пен рейс-ул-улема қатар отырып, сұхбат басталды. Рейс-ул-улема Сәйид Фәхим хазретке былай дейді: «Қадірменді мырза! Сіз дәл қажет болған түрде түсіндірген мәселе біздің Жамиул Азхарда шешуі табылмаған, мағынасы ұғынылмай келген қиын бір мәселе еді. Аллаһу та'аланың көмегімен сіз бізді бұл қиындықтан құтқардыңыз. Жамиул Азхар медресесі сізге шексіз алғыс білдіреді» деді.

Көптеген күрделі мәселелердің шешімі табылған сұрақ-жауап түріндегі ілім мәжілісі бірнеше сағатқа созылады. Осы уақытта Сәйид Фәхим хазрет жанындағы Қажы Омардан темекі шылымын толтырып, тұтатуын өтінеді. Қажы Омар дайындаған темекіні Сәйид Фәхим хазрет бірнеше рет тартты да, оны орнына қойды. Сонда Рейс-ул-улема Сәйид Фәхим хазреттен рұқсат сұрап: «Бір-екі рет мен де тартып көрсем бола ма?» деп сұрады. Сәйид Фәхим хазрет рұқсат еткен соң рейс-ул-улема да бірнеше рет тартты. Бірақ осы сәтте залдағы ғалымдар арасында бір сыбыр-күбір басталды. Екі ғалым рейс-ул-улемаға келіп: «Қадірлі мырзам, сіз бұрын темекі шегу анық харам деп төрт түрлі пәтуа берген едіңіз. Енді не себепті өзіңіз шегіп отырсыз? Бұның хикметі неде?» деп сұрады. Сонда рейс-ул-улема былай деп жауап берді: «Ант етемін, біздің іліміміз бұл кісінің ілімімен салыстырғанда теңіздегі бір тамшыдай ғана. Біздің тақуалығымыз бен сақтығымыз да бұл кісінің жанында жоқ іспеттес. Мен бүгіннен бастап осы кісіге еліктеп, темекі тартатын боламын. Демек, мен бұған дейін қателескен екенмін. Бұл харам емес екен. Егер харам әрі күнә болғанда, мұндай кісі оны аузына салар ма еді? Сіздер еріктісіздер. Бұрын менен харам екенін естігендерге, енді харам емес екенін жеткізіңдер» деді.

Сәйид Фәхим хазреттің сұхбатында және қызметінде болғандар өздерін дүние тіршілігінен алыстағандай сезінетін. Ол араб, парсы, түрік тілдерін және басқа да жергілікті тілдерді білетін. Әр тілдегі шеберлігі өз замандастарынан озық еді. Арабша сөйлегенде оны Мысырдағы Жамиул Азхар университетінің түлегі деп ойлайтын. Ол материалдық және рухани барлық ілімдерде терең ғалым еді, шешендігі мен көркем сөз сөйлеудегі қабілеті таңғаларлық болатын. Сәйид Абдулхаким хазрет оның қасиеттерін былай деп сипаттайтын: «Ол – әрбір ілімде мұхит еді. Тереңдігіне ешкім бойлай алмады. Тек ұлы әрі ізбасары Сәйид Мұхаммед Әмин ғана сәл-пәл түсінетін. Бір жолы Шәйх Сади Ширазидің «Гүлистан» атты кітабынан бір шумақ оқылып, ол оны түсіндіріп берді. Мен соның біразын ғана түсіне алдым. Сәйид Мұхаммед Әмин одан сәл көбірек түсінді. Бірақ кейін ол да түсінбей қалды. Қысқасы, оның сөздеріндегі шындық пен нәзіктікті ешкім толық түсіне алмады».

Сәйид Фәхим хазрет бір түні түсінде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көреді. Түсінде Расулуллаһ оған: «Абдулхакимді тәрбиелеуді саған тапсырдым» деді. Осы бұйрықтан кейін Сәйид Фәхим хазрет Абдулхаким мырзаның тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оны тасаууф жолындағы «Уилаят-и Ахмадия» дәрежесіне жеткізді.

Сәйид Фәхим хазреттің алдыңғы қатарлы шәкірттерінің бірі — Сәйид Абдулхаким оның сұхбаттарынан өте көп ілім алды. Бір түні бұрын-соңды болмаған ерекше бір сұхбат болды. Сол сұхбат барысында Сәйид Абдулхаким өз-өзіне: «Бұл сұхбат маған жетеді, осы түні алатын ілімнің бәрін алдым» деп ойлады. Таң атқанда ұстазы одан құманды алып келуін өтінді. Сәйид Абдулхаким ұстазы отырған алма ағашының түбіне құманды алып барды. Сол сәтте Сәйид Фәхим хазрет: «Абдұлхаким! Бұл қандай ағаш?» деп сұрады. Ол «Алма ағашы, ұстазым», деп жауап берді. Сонда Сәйид Фәхим хазрет: «Бұл ағаштың бір діңі, бұтақтары, ал бұтақтарында жемістері бар. Енді, сол алманың ішіндегі дәнін жеген бір құрт: «Мен бүкіл алманы, тіпті бүкіл алма ағашын жедім, ондағының бәрін алдым» десе, бұл сөзі дұрыс бола ма?» - деді. Осы мысал арқылы ол Сәйид Абдұлхаким мырзаға алдыңғы кеште ойлаған пікірінің дұрыс еместігін білдіріп, әлі де көп еңбектеніп, үйренуге тырысу керектігін ишара етті.

Хазреті Сәйид шәкірттерінің ең үстемі болған Сәйид Абдұлхакимге халифатнаманы табыстамай тұрып, одан бес жыл бұрын бауырларына жазған бір хатында былай деген:

«Сүйікті, қадірлі Сәйид Ибраһим мен Сәйид Таха! Аллаһу та'ала екеуіңізге де амандық берсін. Сіздерге көп дұға етіп, сәлем жолдаған соң, мынаны білдіргім келеді: Өздеріңіз білесіздер, бауырларыңыз Сәйид Молла Абдулхаким өткен күзде осында келіп, дәріс оқуға кіріскен болатын. Бұл пақыр (яғни мен) оның сабағын ерекше мұқияттылықпен, терең талдап түсіндіріп отырдым. Ол, сабақты тыңдағанда да, өз бетінше дайындалғанда да сондай мұқияттылықпен әрі зерттей отырып оқыды. Мен оны ілімнен өзге нәрсеге алаңдауға мүлдем уақыт қалдырмайтындай етіп тәрбиеледім. Қазір ол заманымыздағы оқу жүйесіне сай барлық кітаптарын тәмамдады. Бұл пақыр, бұрын өз ұстаздарымнан қалайша толық білім алып, рұқсатқа (ижазатқа) ие болсам, дәл солай оны да тәмам етіп, фиқһ пен хадис ілімдерін, сондай-ақ пән ілімдерін оқытатын деңгейге жеткіздім. Сіздер енді оны тек бауыр деп қарамаңыздар. Ілімнің абыройы үшін оған үлкен құрметпен қараңыздар, аса кішіпейіл болыңыздар. Мұны сіздердің пайдаңыз бен рухани дәрежелеріңіздің көтерілуі үшін айтып отырмын. Бұдан өзге, ілімге кішіпейілді болу — Аллаһу та'алаға кішіпейіл болу деген сөз. Осы қысқа хатымнан көп нәрсе түсініңіздер. Әс-Сәйид Фәхим».

Сәйид Абдұлхакимге 1882 жылы сыртқы (захири) ілімдерден ижазат (диплом) бергені сияқты, 1888 жылы тасаууф саласында да Нақшибәндия, Қадирия, Суһрауардия, Чәштия және Кубрауия жолдарынан халифалық берді. Оны адамдарға ислам дінінің бұйрықтары мен тыйымдарын түсіндірумен міндеттеді. Сәйид Абдулхакимге жазған бір хатында былай деген:

«Сүйікті ұлым, көзімнің нұры Сәйид Молла Абдулхаким! Саған шексіз дұғаларымды жолдай отырып, мына жайтты білдірейін: ұзақ уақыттан бері сенен хабар ала алмадым, бұл менің көңілімді қатты қынжылтады. Аллаһу та'ала барлық жасырын нәрселерді біледі. Ол куә, менің жүрегім үнемі сенің қасыңда деуге болады. Мені осы уайымнан құтқару үшін көрініп-көрінбей жатқан барлық хәл-жағдайларыңды жиі-жиі жазып тұрғайсың! Сонда арадағы махаббат пен байланыс үзіліп қалмай, берік бола түседі. Егер сен, менің көзімнің нұры, мұндағы пақырлардан не жағдай болып жатыр деп сұрар болсаң, Аллаһу та'алаға шүкірлер мен мадақтар болсын! Денсаулығымыз, тыныштығымыз, айналамыздың бейбіттігі күннен күнге артып келеді. Хақ та'ала біз пақырлардың және барлық бауырларымыздың жүректеріне тыныштық пен саламат берсін! Әмин! Шәйх Абдулхамидке, Шәйх Хасанға және Сәйид Ибраһимге менің дұғаларымды жеткіз. Таһа мен Мазхар мырзаларға да дұға етемін. Кімді лайықты деп санасаң, бұл пақырдың дұғаларын жеткізуге сен менің уәкілімсің. Бұдан өзге, Нәһриде болған жайттарды, дұрыс-бұрыс бәрінің хәлдерін жазып жібер. Сондай-ақ, Настурилердің бүлік шығарып, төрт жүз мұсылманды өлтіргенін естідік. Олар нақты не істеді және не себепті жасады – осының бәрін де егжей-тегжейлі жазып жіберуіңді өтінемін. Уассалам. Дұға қылушың, күнәһар Сәйид Фәхим».

Өмірін Ислам дінін үйренуге және үйретуге арнаған Сәйид Фәхим хазрет, дүниеден озуына алты ай қалғанда сапарға дайындала бастады. Сұхбаттарында бұрынғыдан да жиі өлім туралы айтып жүрді. Қазір өзі жерленген қасиетті қабірінің орнына қарап отырып, Арвас мазарына иманмен жерленгендердің барлық күнәлары кешірілетінін айтып отыратын.

Өмірінің соңғы күндерінде денсаулығы нашарлай түсті. Бір жұма күні, ауыр хәлде болса да, мешітке барды. Сол күні оның халифасы әрі ұлы Сәйид Мұхаммед Әмин әсерлі де мұңды хұтба оқыды. Мешіттің артындағы субұрқаққа дейін сап түзеген жамағат бұл хұтбаның әсерімен тебіреніп, көзіне жас алды. Сәйид Фәхим хазрет жұма намазын отырып оқыды. Кейін ол өзінің төрт халифасы Сәйид Абдулхаким эфенді, Сәйид Мұхаммед Әмин эфенді, Халифа Дәруиш пен Халифа Әлиді алдына шақырып, оларға келесі өсиетін айтты:

«Кітаптарымды Арвас кітапханасына уақыф еттім. Менің білуімше, ешкімге қарызым жоқ. Дегенмен, ықтият ретінде жария етіңдер. Егер біреу қарыз талап етсе, қанша талап етсе де, Мұхаммед Әмин еш күмәнданбастан толық берсін. Ілімнің және Нақшибәндия жолының таралуына ерекше көңіл бөліңдер. Сәйидім әрі рухани тірегім Сәйид Таха-и Хаққари хазрет «жыл сайын, кем дегенде бір рет Ван қаласына барып, халыққа діни насихат айт» деп маған бұйрық берген болатын. Осы бұйрықты міндетті түрде орындаңдар...»

Өсиетін жалғастырып: «Менен кейін көп бүліктер орын алады. Әйелдерден ұят пердесі алынып, базарларда, көшелерде ашық жүретін болады. Ислам діні Сұлтан Абдұлхамид Хан арқылы тірлігін сақтап тұр» деді. Бір кезде Сәйид Абдулхакимге қарап: «Аллаһу та'ала  сізді қорғайды» деп, Ибраһим алейһиссаламның отқа тасталып, бірақ жанбаған оқиғасын баяндады. «Әһли сүннет сенімінің, сахабалар жолының жайылуы үшін бар күшімді салып, қылдай да ауытқымай қызмет еттім. Иншаллаһ, Аллаһ алдында жауапты емеспін. Толық зерттемей тұрып пәтуа бермеңдер. Жеңілдіктермен (рұқсаттармен) шектелмеңдер. Қолдан келгенше азиметтерді негіз етіңдер» деген соң біршама уақыт бойы ешкімді қабылдамады. Аллаһты зікір етумен және ғибадатпен айналысты.

Фәхим-и Арваси хазреттің ауруын естіген жұрт алыс-жақын барлық аймақтардан келіп, зиярат етті. Емдеу үшін дәрігерлер шақырылды. Қайтыс болған күнінің екінді намазын отырып оқыған Сәйид Фәхим хазреттің мүбәрәк денесі әлсірегені соншалық, сәждеден басын өзі көтере алмайтын күйге жетті. Ұлы Сәйид Мұхаммед Әмин оның басын көтеруге көмектесіп отырды. Бұл сәтте Арвас пен маңайын терең қайғы мен мұң басқан еді. Үйінің маңында жүздеген шәкірттері мен сүйіктілері дұға етіп, сауығуын тілеп күтіп тұрды. Дәл сол кезде әр түрлі, сан алуан құстар келіп, көкте қатар түзеп тұрып, бүкіл халық айқын сезінерлік дәрежеде қайғыларын білдірді. Жүз мыңдаған құс Арвас үстінде қолшатыр сияқты көлеңке түсірді. Осы сәтте ғайыптан бір дауыс: «Йа әййәтүһән-нәфсүл-мутмаиннәһ...» деген аяти каримасын соңына дейін оқыды. Сәждеден басын көтеріп: «Әр-Рафиқул-А'ла» деген соң дауыстап кәлима-и тәуһидті айтып, 1895 жылы Шәууәл айының он бесінші сейсенбі күні рухын тапсырды.

Сәйид Фәхим-и Арваси хазреттің Арвастағы қабірі оны жақсы көретін жандар тарапынан жиі зиярат етіледі және рухани береке алынуда. Осы ұлық кісіні арашы қылып жасалған дұғалар қабыл болуда. Баласы жоқтар бала сүйіп, аурулар шипа табуда.

 

Түнде не себепті үйден шықты?

Сәйид Фәхим хазрет әр жылы Ван қаласына келгенде біраз уақыт сонда тұрақтайтын. Оның шәкірттері мен жақындары жиналып фәйз алатын. Көбіне оны аса құрметтеп жақсы көретін сот кеңсесінің бас хатшысы Ахмед Бейдің үйінде қонақ болатын. Бір жылы Ахмед Бей қажылыққа кеткен еді. Сәйид Фәхим хазрет Ванға тағы бір келгенінде сол үйде тағы да тоқтады. Бір түннің ортасында жақындарының бірін шақырып: «Достарыңды оят! Қазір осы жерден шығып, пәленшенің үйіне барамыз» деді. Ол адам: «Ұстазым, түн ортасында бару ыңғайсыз болар. Ертең барсақ қайтеді?» дегенінде: «Жоқ, дәл қазір барамыз. Ахмед Бейдің ұлдарына да хабар бер» деп бұйырды. Бұл жағдайды естіген Ахмед Бейдің ұлдары келіп, жалбарынды: «Ұстазым, егер бір кінәміз болса, кешіріңіз. Бізден кетпеңіз. Әкеміз бұл жағдайды естіп ренжитін болады. Біз оған не деп жауап береміз? Рақым етіңіз, мейірім көрсетіңіз, айыбымызды кешіріңіз!» деп көп жылады. Сонда Сәйид Фәхим хазрет: «Жоқ, мен сендерге өте разымын. Бізге барлық қызметті артығымен көрсетіп отырсыңдар. Сендерге үнемі дұға етудемін. Бірақ қазір бұл жерден кетуіміз керек» деді. Ахмед Бейдің ұлдары: «Бұйырғаныңыздай болсын» десті. Осылайша түннің ортасында басқа адамның үйіне барды.

Келесі күні ұлы Мұхаммед Әмин: «Әкешім, Ахмед Бейдің ұлдары қатты ренжіпті. Егер сол үйде таң атқанша қала бергенде не болар еді?» деп сұрады. Сонда Сәйид Фәхим хазрет: «Балам! Қазір бұл жайлы ешкімге айтпа. Бұл түні Ахмед Бей Меккеде қайтыс болды. Енді ол үй жетім үйі болып қалды. Мал-мүлік мұрагерлеріне өтті. Бұрын біз ол үйде ішіп-жейтін, демалатын едік, бұйымдарды еркін пайдаланатын едік. Өйткені Ахмед Бейдің бәрін риза болып, адал ететініне сенімді болдым. Ал енді біз танымайтын мұрагерлердің ақысы болғандықтан, ол үйдегі еш нәрсені пайдалануға болмайды. Кісі ақысынан сақтану үшін дереу кетуге мәжбүр болдым» деді. Бір айдан кейін қажылар елге орала бастады. Бәрі келді, бірақ Ахмед Бей оралмады. «Ол қасиетті Меккеде түн ортасында қайтыс болды» деген хабар келді. Есептеген кезде Сәйид Фәхим хазреттің әлгі үйден кеткен түніне дәл сәйкес келді.

 

Шәйхың сені өлтіргізбейді

Ванның Гүрпынар өңіріндегі Мұхаммед Пиран тайпасынан шыққан Әли есімді бір адам Сәйид Фәхим хазретке шәкірт болды. Бір сапары кезінде бұрын дұшпан болған бір адам оның жолын кесті. Сол дұшпаны Әлиді өлтірмек болып, қаруына жүгінді. Нысанаға алған сәтте, Әли: «Мені өлтірме! Мен Сәйид Фәхим хазретке шәкірт болдым. Дүниелік ойлардан мүлде арылдым» деп оны райынан қайтаруға тырысты. Алайда әлгі адам тыңдамастан мылтығының шүріппесін басты. Бес оғы болған. Барлығын атты. Бірақ не дыбыс шықпады, не Әли мырзаға зиян келмеді. Таң қалған дұшпан оқ қорабына қараса, ішінде ешбір оқ жоқ екен. Не болғанын түсіне алмай: «Ұстазың сені өлтіртпейді екен» деп, ол жерден кетіп қалды.

Кейінірек Әли мырза Сәйид Фәхим Арваси хазретті зиярат ету үшін Арвасқа барады. Кездесу кезінде Сәйид Фәхим хазрет: «Ауыл шетіндегі төбеде қатты қорықтың ба?» деп сұрады. Әли мырза: «Иә, тақсыр» деп жауап берді. Сонда Сәйид Фәхим хазрет отырғышының астынан бес оқты шығарып, Әли мырзаға беріп: «Бұл біреудің ақысы, мойнымызда қалмасын» деді де, сол оқтарды иесіне қайтаруды бұйырды. Әли мырза оқтарды әлгі адамға апарып берді. Бұл оқиғаға куә болған дұшпаны бұрынғы әрекетіне қатты өкініп, тәубе етті. Кейін ол да Арвасқа барып, Сәйид Фәхим хазретке шәкірт болды.