21 - Зүл-қада, 1447 жыл.
     8 - Мамыр, 2026 жыл.   


Сәйид Абдулхаким Арваси

Захир және батын ілімдерінде және төрт мазһабтың фиқһ білімдерінде жетік, кемел ғұлама әрі рух білімдерінің маманы болған үлкен әулие. Әкесі Сәйид Мұстафа мырза. 1865 жылы Ванның Башқала ауылында дүниеге келді. 1943 жылы Анкарада қайтыс болды. Қабірі Анкараның Бағлұм ауданында.

Әкесі Сәйид Мұстафа мырза және бүкіл ата-бабалары өз заманының ғалымы әрі қадірлі тұлғасы болған. Имам Әли Риза бин Мұса Казым тегінен болып, сәйид екені Ирактағы шариғи сот дәптерлерінде тіркелген. Арваси әулеті алты жүз жылдан бері білім жаюмен және ең үстем адамгершілік қасиеттерде үлгі болумен танымал болған. Халық арасындағы араздық пен бөлінушілікке бөгет болып, ұлттық бірлікті қамтамасыз етуде үлкен міндеттерді мойнына алған әрі бұларды тұрақты атқарып келген.

Ол алғашқы білімін әкесінің көз алдында алды. Сәйид Абдулхаким Арваси хазрет Нехриде көрген түсіне орай білім алуға көбірек мән берді. Бұл түсін өзі былай айтып берген:

«Нехриде діни пәндер бойынша және жаратылыстану пәндері бойынша білім алып жатқан едім. Рамазан айын отбасыммен бірге өткізу үшін ауылыма қайттым. Ол кез әлі бастауыш мектеп кітаптарын оқып жүрген кезім еді. Рамазан айының он бесінші сейсенбі түні түсімде Аллаһтың Расулын көрдім. Үлкен тақтың үстінде пайғамбарлық мақамында отырған еді. Оның айбаттылығы мен сұсынан үрейге түсіп, жерге қарап тұрғанымда артымнан біреу ақырындап оң жағыма жақындады. Көзімнің қиығымен оған қарадым. Қысқаға жақын орта бойлы, сақалды, жарқын маңдайлы бір кісі... Ол кісі оң құлағыма еңкейіп, басқаларға естілмейтіндей дәрежеде ақырын дауыспен фиқһ ілімінің хайз мәселесінен: «Хайз кезіндегі әйелге мешітке кіруге болмайды, бірақ екі есікті мешіттің бір есігінен кіріп, арғы есігінен шығуына шариғи тұрғыда рұқсат па?» деген сұрақ қойды. Аллаһ Расулының айбатынан бүрісіп тұрған едім. Сұрақты қайта қоймауы үшін өте ақырын жай дауыспен: «Діннің иесі осында, алдымызда тұр» деп жауап бердім. Мақсатым Расулуллаһтың алдында ешкімнің діни мәселелерді талқылай алмайтынын жеткізу еді. Расулуллаһ дауысты естімейтіндей қашықтықта болуына қарамастан жауабымды естіді. «Жауап беріңіз!» деп екі рет қатарынан бұйырды.

Ертеңіне бесін намазының уақытында әкемнің мешітке келетін жолының бойында тоқтап тұрдым. Оған бір нәрсе айтатынымды сезіп қасыма келді. Түсімді айтып бердім. Жүзінде үлкен қуаныш жайылып, «Саған сүйінші айтайын! Расулуллаһ саған діни білімдерді үйрету міндетін тапсырды. Иншаллаһ ғалым боласың! Осы жолда бар күш-жігеріңді сал» деп түсімді жорып берді. Әкемнен: «Расулуллаһтың алдында соншама діни мәселелер тұрғанда маған хайз тақырыбынан сөз қозғалуының және жауабы менің тарапымнан берілуіне қатысты Расулуллаһтың бұйрығының хикметі қандай?»- деп сұрап едім: «Хайз – фиқһ білімдерінің ең қиыны болғандықтан, ондай сұрақ келешекте сенің діни білім тұрғысынан өте биік дәрежеге көтерілетініңе белгі»,- деп жауап берді.

Осы түстен кейін он жыл бойы жұма түндерінен басқа ешбір түнді төсекте жатып өткізгенім есімде емес. Таңға дейін дәріс оқып, ақырында адами қажеттілік басым түсіп, кітап бетінде ұйықтап қалып өткіздім. Адам шамасының үстінде деуге болатындай жігермен, ынтамен оқыдым».

Сәйид Абдулхаким Арваси хазрет алған фиқһ, тәфсир секілді білімдермен қатар оны рухани жолдан жетілдіретін ұстазға қауышу арманымен жанған еді. Сол күндердің бірінде Сәйид Таха Хаққаридың ізбасары хазреті Сәйид Фәхим Арваси түсінде Аллаһу та'аланың Расулын көреді. Пайғамбарымыз оған: «Абдулхакимнің тәрбиесін саған тапсырдым» деген болатын.

Ақыры Сәйид Абдулхаким Арваси 1878 (х.1295) жылы Сәйид Фәхим Арваси хазретке қауышты, ұстазынан алған алғашқы бұйрық тәубе мен истихара болды. Истихарада мынадай түс көрді:

Сәйид Таха хазрет мешітте шәкірті Сәйид Фәхимге бұйрық беріп: «Абдулхакимді алып, киімін шешіп, жәуазимати хамс суларында өз қолыңмен жуындыр! Кейін екеумізге де ол имам болсын!» дейді. Сәйид Фәхим оны ертіп жәуазимати хамс суларында жуындырды, ол болса қолын оның иығына қойып, оң аяғын ол үшін жайылған жайнамазға басып тұрған еді.

Бұл түс оның шәкірттікке қабыл етілгенін айқын көрсетіп тұрған еді. Жоруды қажет ететін бөлігі тек жәуазимати хамс жоруы еді. Жәуазим – жәзм сөзінің көпше түрі болып, нақты, анық дегенді білдіреді. Хамс, яғни бес саны алеми әмірдің, латифаның тазалануына белгі екені айқын еді. Түстің басқа жоруды қажет етпейтіндей анық болуы илаһи мейірім және шексіз ихсан еді.

Сәйид Абдулхаким Арваси көрген осы түсінің әсерімен үлкен ынтамен білім алып, сонымен қатар Сәйид Фәхим хазреттің сұхбаты және назарында көңілін нұрландырды.

Жоғары оқу білімін сол заманның ең үлкен ғалымы әрі әулиесі Сәйид Фәхим Арваси хазреттің қолында тамамдады. 1300 хижри жылының басында сарф, нахв, логика, муназара, уад, баян, мәани, бәди, бәлағат, кәлам, усули фиқһ, тәфсир, тасаууф, улуми хикәмия, яғни хикмети табибия (физика, биология), хикмети илаһия, риязия (яғни математика, геометрия), хәйәт (астрономия) секілді захир ілімдерде ижазат (диплом), тасаууфтың Нақшибәндия, Қадирия, Кубрәуия, Сухрәуәрдия және Чәштия жолдарынан халифалық алды. Башқалада отыз жылдай дәріс беріп, білім үйретті. Яғни адамдарға Аллаһу та'аланың әмірлері мен тыйымдарын насихаттады.

1914 (х.1332) жылы Бірінші дүниежүзілік соғысы басталып, ресейліктер Шығыс Анадолыға оккупация жасағанда Башқаладан хижрет етіп (көшіп), Иракқа, ол жақтан Аданаға, Ескишехирге және 1919 (х.1337) жылы Стамбұлға барды. Әйюб Сұлтан ауданында басында Язылы медресеге, кейін Гүмішсую төбесіндегі Мұртаза ефенди медресесіне орналасып, Қашғари мешітінің дін істері алқасының мүшесі болып тағайындалды. Ислам халифаларының және Османлы сұлтандарының соңғысы Сұлтан Уахидеддин тарапынан Медресе-и мутәхассисин деп аталатын Теология Факультетінде тасаууф оқытушысы, яғни профессор болып 1919 (х.1337) жылдың 8 зүл-қада күнінің жарлығымен тағайындалды.

Анадолыда елдің азаттығы үшін күресіп жатқан Кувай-и Миллияның (ұлттық әскердің) жеңуі үшін ақша, мал-мүлік пен дұға арқылы көмек көрсетілуі қару ұстап үйренгендердің оларға қосылуы үшін халықты шақырып, көп адамды Анадолыға жіберді. Көп көмек көрсетілуіне себепші болды. Ұзақ уақыт бойы білім берумен, уағыз айтумен, дәріс оқытумен айналысып, өмірінің соңына таман Измирге жіберілді. Қиын шарттарда Измирде тұрған кездері қарттық салдарынан туындаған әлсіздікпен ауырып қалды. Анкараға әкелінді. Анкараға келгеннен бірнеше күн өткен соң 27 қараша 1943 (х.1362) күні қиыншылыққа толы дүниеден ахиретке көшті. Анкараның солтүстігіндегі Бағлұм ауылына жерленді. Қабірі зиярат етілуде, сол жерде жасалған дұғалар қабыл болуда.

Сәйид Абдулхаким Арваси дене бітімі бойынша өте сымбатты және мінсіз еді. Ол бидай өңді еді. Маңдайы кең әрі ашық еді. Қастары жаңа туған айдай болып, қоюлау, жіңішке әрі үйлесімді еді. Нұрлы көздері үлкендеу болатын. Мұрны келісті, қалыптыдан сәл үлкенірек еді. Жүзі арықша келген, ал сақалы қалың еді. Дене бітімі ірі болып, адамға сөзсіз құрмет ұялататын салмақтылығы, айбары мен сұсы бар еді.

Оның барлық хәлі мен іс-әрекеті исламға сай болатын. Ол өте қарапайым, кішіпейіл болып, «Мен» деп сөйлегені ешқашан байқалмады. Ол өте айбарлы және байсалды еді. Өте қонақжай болып, қонақ келгенде қуанатын. Адамдарға көмектесуді, жәрдем беруді жақсы көретін. Қонаққа баратын, шақырылған жерден қалмайтын.

Сәйид Абдулхаким Арваси діни білімде және тасаууфттың марифеттерінде терең мұхит еді. Университет мамандары, ғылым және мемлекет адамдары шешімі жоқ деп санаған қиын мәселелерін сұрауға келіп, сұхбаты мен сабағында бір сағаттай отырып жауабын алатын, сұрауға да қажеттілік қалмастан сол мағлұматқа қанығып қайтатын. Оның назарына, сүйіспеншілігіне қол жеткізгендер оның шексіз кереметтерін көретін. Ол өте кішіпейіл, қарапайым еді. Әйюб Сұлтан, Фатих, Баязид, Бакыркөй, Қадыкөй, Бейоғлы аудандарында мешіт мінберлерінде жылдар бойы білім берген. Сұлтан Селим мешітінің маңындағы Сүлеймания медресесінде тасаууф мүдәррисі (профессоры) кезінде «Әр-Рияд-ут Тасаууфия» кітабын жазған. Тасаууф туралы кітапша күйінде әртүрлі хаттары бар. Мәуліт оқылуының және тәсбих қолданудың бастамасы мен дұрыстығы жайлы рисала, Рабыта-и шәрифа рисаласы, Сахаба-и кирам және Әждад-и пайғамбари рисалалары, Ислам құқығы, Кәшкүл және Сәфәри Ахирет атты еңбектері, араб, парсы және түрік тілдеріндегі өлеңдері өте құнды.

Жетілдірген таңдаулы дін адамдарының ең қадірлісі – түрлі діни мен ғылыми кітаптардың авторы, фармацевт, химик және оқытушы-полковник Хусейн Хилми Ышық мырза. Ол 1929 жылдан 1943 жылға дейін Абдулхаким хазреттен дәріс алып, араб және парсы тілдеріне аударма жасап, жас буынға көп қызметі тиген. Түрік, араб, парсы, неміс, француз және ағылшын тілдерімен қатар басқа тілдерде де әр түрлі діни кітаптар шығарып таратқан. Бүкіл білімі мен фәйзін Абдулхаким Арвасиден алғанын еңбектерінде атап өткен.

 

25 жыл бұрынғы түстегі адам

Сәйид Абдулхаким хазрет 1897 жылы қажылық міндетімен Хижазға барғанында әуелі Мәдинаға барып, пайғамбарымыздың қабірін зиярат етті. Қасында Қажы Омар мырза есімді құрметті кісі бар еді. Онымен бірге бір түні мүбәрәк Раузада ақшам намазынан кейін жүзін қабри саадатқа бұрып, аса құрметпен және әдеппен отырғанда оң жағында отырған Қажы Омар мырза құлағына иіліп жай дауыспен: «Жұбайым қазір үзір иесі. Пайғамбар мешітіне кіре алмайды. Баб-ус саламнан кіріп, пайғамбар алдында бір сәлем беріп, Баб-ы Жибрилден шығуына шариғи тұрғыда рұқсат бар ма?» деп сұрады. Сәйид Абдулхаким хазрет сол мезетте 25 жыл бұрын көрген түсі есіне түсіп қорқып кетті. Қажы Омар мырзаның түріне тағы бір қарады. Иә, 25 жыл бұрын түсінде көрген кісі осы адам еді. Жай дауыспен: «Бұл сұрақтың жауабын білуім былай тұрсын, жауап беру міндетім» деді. Бірақ түсінде көргеніндей Расулуллаһтың алдында болғандықтан жауап беру дұрыс болмайтынын айтты. Баб-и Рахмадан сыртқа шыққан соң мәселенің шешімін айтып жауап берді әрі түсін толық айтып берді.

 

Сұлтанның дұға мен көмек сұрауы

Сұлтан Уахидеддин Хан оны жақсы көретін, құрметтейтін және дұға сұрайтын еді. Абдулхаким хазрет өзі былай айтып берген:

«Мемлекет басқыншылыққа ұшыраған және азаттық соғысы басталған кездер еді. Бешикташта Синанпаша мешітінде уағыз беріп болып шығып бара жатқан едім. Есік алдында тұрған сарай көлігінен бір сыпайы адам түсіп: «Әл мәлику йакраукассалам уә йәдука иләттаам», яғни «Сұлтан сізге сәлем айтты және ауызашарға шақырды» деді. Сол көлікпен сарайға бардық. Стамбұлдың таңдаулы уағызшылары, имамдары шақырылған екен. Тамақтан кейін сұлтанның бас кеңесшісі келді. «Сұлтан сәлем айтты. Бәріңізден өтініп сұрады. Анадолыда кәпірлермен қақтығысқан Кувай-и Миллияның жеңуі үшін дұға етулеріңізді және Анадолыдағы жауынгерлерге ақшамен, дұғамен көмек көрсетуі, қару ұстап үйренгендердің оларға қосылуға халықты шақыруларыңызды өтініп сұрады» деді. Осы әмірге орай көп адамды Анадолыға жібердім. Көп көмек көрсетілуіне себепші болдым».

Бір кезінде Сұлтан Уахидеддин Хан қасиетті рамазан айында Хырка-и саадат (пайғамбарымыздың шапаны) тұрған бөлмені зиярат етпекші еді. Сәйид Абдулхаким хазретті де шақырды. Басқа алдыңғы қатарлы үкімет адамдары және дін қызметкерлері де сол жерде еді. Бұл оқиғаның жалғасын қызметін көрген Шакир мырза былай айтып берген:

«Сұлтан хырка-и саадат тұрған бөлменің есігіне келген кезде «Абдулхаким мырза қайда?» деп сұрады. Ол жақта тұрған адамдар бір-біріне қарап тұрып қалды. Ондай есімді ешкімді танымаған еді. Артқы жаққа хабар берілді. Хазрет: «Менің есімім Абдулхаким» деп айтқаны сол «Сұлтан сізді күтіп тұр» деп дереу жол ашылды. Сұлтан оны күтіп, бірі дүние, бірі ахирет сұлтаны болып екеуі пайғамбарымыздың мүбәрәк шапаны тұрған бөлмеге кірді. Бірге зиярат етті. Шыққанда сұлтан тәбәрік ретінде сол жердегілердің бәріне бір-бір қол орамалдан, ал оған екі қол орамал берді. Мен сыртта хазретті күтіп тұрдым. Келген кезінде зияратын айтып берді, «Сұлтан бәріне бір қол орамалдан берді, ал маған екеу берді. Біреуін сен ал» деп қол орамалдың бірін маған берді».

Абдулхаким Арваси хазрет саясатқа мүлде араласпаған, саяси топтарға қосылмаған. Бөлінуге, араздыққа қарсы еді. Шәкірттері оған медреселердің жабылуына қатысты сұрағанда:

«Үкімет медреселерді емес, бос ғимараттарды жапты. Олар өз-өздерін бұрыннан жауып тастаған» деген. Бұл ғажайып көзқарас сол күндердегі жалпы мағынада медреселер түріне қатысты анықтамалардың ең көркемі.

Ол заңға бағынуға аса мұқият қарайтын, сұхбаттарында да осылай істеуге кеңес беретін.

Абдулхаким хазреттің ішіп-жеуі, жатуы, тұруы, сөйлеуі, үндемеуі, күлуі, жылауы, бәрі исламға және Расулуллаһтың хәліне сәйкес еді. Оның тамақтануын көрген адам жай ғана әдет орындалсын деп жеп отыр деп ойлайтын. Ол аз жейтін, тамақты аз-аздан алып, ақырын жейтін. Жақындары оны отыз жыл бойы қайлулә (сүннет болған түскі ұйқы) жасағанда немесе жатқанда бір рет те арқасымен немесе сол жағына бұрылып жатпағанын айтқан. Әрдайым оң жағымен жатып, оң алақанын оң бетіне қойып жататын. Оның барлық хәлі бағытқа сәйкес еді. «Бағыт, яғни Аллаһу та'ала ұнататын дұрыс жолда болу кереметтен жоғары» деп жиі-жиі айтатын.

Ол өте қарапайым, кішіпейіл еді. «Мен» дегені ешқашан байқалмады. Ислам ғалымдарының есімі аталған кезде:

«Біз ол ғұламалардың алдында тұрсақ бізді ешкім сұрамайды, қасында болмасақ бізді ешкім іздемейді» және «Біз ол ғұламалардың жазғандарын түсіне алмаймыз. Тек берекеттену үшін ғана оқимыз» дейтін. Алайда ол сол білімдердің маманы еді.

Абдулхаким Арваси хазреттің құнды сөздерінің кейбірлері:

«Әр пайғамбар өз заманында, өз жерінде, өз қауымының бәрінен барлық тұрғыда үстем. Ал Мұхаммед алейһиссалам барлық уақытта, барлық елде, яғни әлем жаратылған күннен қиямет келгенге дейін келген-келетін барлық болмыстардың барлық тұрғыдан ең үстемі. Ешкім ешбір тұрғыда Одан жоғары бола алмайды. Мұны мүмкін емес деуге болмайды. Қалағанын істейтін, бүкіл тілегенін жарататын Аллаһу та'ала Оны осылай жаратқан. Ешбір адамның Оны мақтайтындай шамасы жоқ. Ешбір адамның Оны сынауға күші жетпейді».

«Аллаһу та'аланың құдіреті мен хакімдігін (хикметпен жарататындығын) танығанда және аманат пен сенімділікті бұзбайтындай етіп еңбектенген кездеріңде бір-бірлеріңді неткен жақсы көретін, бір-бірлеріңе неткен байланған бауыр боласыңдар. Сендердің сол бауырмашылдықтарыңнан Аллаһтың мейірімі не жаратпайды?! Сендер қол жеткізген әрбір ниғмет тек қана Аллаһқа иман келтіруден пайда болған бауырмашылдықтың нәтижесі және Аллаһу та'аланың мейірімі мен ихсаны. Ал көрген әр қиыншылық пен пәлекеттерің тек қана ашудың, жек көру мен дұшпандықтың нәтижесі. Ал бұлар хақты танымаудың, зұлымдық пен әділетсіздік жасаудың жазасы».

«Ұлылардың сөзі – сөздердің ұлысы».

«Әулиелердің сөзінде раббани әсер бар».

«Адамның басына төнген қиыншылықтардың бірінші себебі – Аллаһу та'алаға қарсы ширк пен мүшриктік жасау. Білім мен ғылым дамыған болса да адамгершілік ұғымын қаптап тұрған бүлік түнегі тек қана ширктің, имансыздықтың, серік қосудың және сүйіспеншіліктің жойылуының нәтижесі. Адам баласы қанша күш салып тырысса да, жақсы көрмейінше және өзін жақсы көргізбейінше қайғы-қасірет пен пәлекеттен құтыла алмайды. Хақты танымайынша, Хақ та'аланы жақсы көрмейінше, Хақ та'аланың құдіретін мойындап Оған құлшылық жасамайынша адамдардың арасында өзара сүйіспеншілік пайда болмайды. Хақтан және Хақ жолынан басқа не ойға келсе де, бәрі бөліну мен ойран болу жолы».

Мұсылмандардың үйренуі қажет болған білімдерді «Улум-и Исламия» (мұсылмандық білімдері) деп атайды. Ислам діні бұйырған осы білімдерді Расулуллаһ екіге бөлген. Біріншісі, «Улум-и нақлия», яғни діни білімдер, екіншісі, «Улум-и ақлия», яғни жаратылыстану ғылымдары. Діни білімдер – дүние мен ахиретте бақыт пен шаттық, тыныштық әкелетін білімдер.

Олар да екіге бөлінеді: «Улум-и алия», яғни жоғары діни білімдер және «улум-и ибтидаийя», яғни құрал білімдері. Ислам білімдерінің екінші бөлігі болған ақыл білімдерінің, яғни тәжірибелік білімдерді жақсылап үйрену нәзік және терең діни білімдерді оңай және анық түсінуге көмектеседі. Риязи физика үйрену діни білімдерді күшейтеді. Астрономия, арифметика және геометрия дінге жәрдемші білімдер. Тәжірибелік физикадағы (тәжірибе етілетін және дәлелденетіндерге түбегейлі бағынбайтын) бірнеше қате теория мен гипотезадан басқа бәрі дінге сай келіп, иманды күшейтуде. Илаһи физика (метафизика) білімдерінен қате, бұзық болғандары дінге сай келмейді. Бұл білімдерді меңгергенде діни білімдердің ақылдық білімдерге сай келетін және ақылдық білімдермен шешіле алмайтын жерлері мен себептері көріне бастайды және ақылға сай келмейді деп саналған ақыл түсінбейтін мәселелерді жоққа шығаруға болмайтыны аңғарылады».

«Құран кәрімнен және Расул алейһиссаламның хадис шәрифтерінен кейін ең құнды кітап – Имам Раббани хазреттің «Мәктубат» кітабы. Ханафи мазһабында ең кемел және ең құнды фиқһ кітабы – Ибн Абидиннің «Дуррул мухтар» хашиясы. Шафииде «Тухфәт-ул Мухтаж» кітабы».

«Ислам діні – Аллаһу та'аланың Жәбрейіл есімді періште арқылы сүйікті пайғамбары Мұхаммед алейһиссаламға жіберген адамдардың дүние мен ахиретте бақытты болуын қамтамасыз ететін әдістер мен қағидалар. Бүкіл үстемдіктер, пайдалы нәрселер Ислам дінінің ішінде. Көне діндердің көрінер-көрінбес барлық жақсылықтарын ислам діні өз бойына жинақтаған. Бүкіл бақыт пен жетістік исламда. Қателеспейтін, адаспайтын, ақыл қабылдайтын негіздер мен мінез-құлықтан құралған. Жаратылысында кемшіліксіз болғандар оны жоққа шығармайды және жек көрмейді, ислам дінінің ішінде ешқандай зиян жоқ. Ал исламның сыртында ешқандай пайда жоқ және болуы да мүмкін емес».

«Соңғы кездері мешіт-медреселер надандардың қолына түсті. Діннен, иманнан хабары жоқ адамдар шәйх, молда атанды. Дін дұшпандары болса, сол шәйхтардың сөздері мен ерсі қылықтарын іліп алып, «дінге ойдан шығарылған нәрселер араласып кетті» деді. Алайда адасқан сектанттардың сөздерін, іс-әрекеттерін дін деп ойлау, оларды тасаууф ғұламаларымен шатастыру үлкен қателік. Бұл - дінді білмеу, түсінбеу деген сөз. Дінде сөз иесі болу үшін әһли сүннет ғалымдарын тану, сол ғұламалардың кітаптарын оқып, жақсы ұғына алу әрі білгенін орындау қажет. Ондай ғалым болмаса, дін дұшпандары дін адамы кейіпіне еніп бос орынды толтыруға тырысады, уағыздарымен, кітаптарымен жастардың имандарын ұрлап, ұлт пен мемлекетті пәлекетке жетелейді».

«Таза әрі жаңа киім киіңдер. Барған жерлеріңде көркем мінезбен, жылы сөзбен исламның салмақтылығын, қадірін көрсеткендеріңдей киімдеріңмен де құрмет пен қошемет жинаңдар».

«Әртүрлі дәмді тағамдармен және тәтті, салқын шербеттермен денелеріңе рахаттық пен жағымдылық сыйлаңдар».

«Аллаһу та'ала барлық нәрсені бір себеппен жаратады. Сол себептерге іс атқара алатындай әсер, күш берген. Бұл күштерді табиғат күштері, физика, химия және биология заңдылықтары деп атаймыз. Іс атқаруымыз, бір нәрсеге қол жеткізуіміз үшін сол істің себептеріне жүгінуіміз қажет. Мысалы бидай пайда болу үшін егіндік жерді жырту, егу, егінді жинау қажет. Адамдардың барлық іс-әрекеттері Аллаһу та'аланың осы әдетінің ішінде пайда болады. Аллаһу та'ала сүйікті адамдарына жақсылық, сый болу үшін, ал азғын дұшпандарын алдау үшін оларға әдетін бұзып себепсіз нәрселер жаратады».

«Бір уақыт намазымды жіберіп алуымнан гөрі мың рет өлуді таңдаймын».

«Намаз, намаз! Қайда және қандай шартта болсаңдар да міндетті түрде намаз оқыңдар».

«Ең үлкен әдеп – илаһи шекараны сақтау, мән беру».

«Аллаһу та'ала құлына иман берген болса, оған не бермеді. Иман бермеген болса, оған не берді!».

«Біздің мешітімізде болғандар үндемей отырса және үндемей отырудан басқа ештеңе көрмесе де, дін тақырыбында ғалым болып көрінгендердің қателерін анықтап, бір-бірлеп ашып береді».

«Құран кәрім шипа. Бірақ шипа су келетін құбырға байланысты. Лас құбырдан шипа келмейді».

«Нағыз керемет – кереметті жасыру. Оның сыртында байқалғандар әулиенің қалауы мен ықтиярының тысында. Илаһи хикмет солай қажет етті деген сөз».

«Аллаһу та'ала сырын сенімді аманатшысына береді. Білген адам айтпайды, айтатын адам білмейді».

«Ақымақтық – қателікте табан тіреу».

«Діни білімдер – дүние мен ахиретте бақытқа жетелейтін білімдер».

«Аллаһу та'ала қалағанын істейді. Қаласа себеппен, қаласа себепсіз азап береді немесе рақым етеді. Көркем әрі хақ – Оның қалағаны».

«Аллаһу та'ала бізге мейірімімен қарасын. Әділдігімен қараса күйеміз».

«Рия болмасын деп жамағаттан қашатындар – өзгеше рияның ішінде демек».

«Білім сауатсыздықты жояды, ақымақтықты емес».

«Қоғамдағы рухани аурулардың себебі – иманның кемдігі».

Шәкірттерінің кейбірлері білім дариясы болған осы ұлы әулиеден төмендегі сөздер мен оқиғаларды жеткізген.

Шәкірттерінің бірі Хафыз Хусейн мырза баяндайды:

Оқуымды Стамбұлда бітірдім. Араб және парсы тілдерін жақсы білетінмін. Барлық жиындарда тек мен сөйлеп бәрін тыңдататынмын. Бір күні таныстарым мені Абдулхаким Арваси хазретке апарды. Мақсатым ол жақта да сөз сөйлеп бәрін тыңдату еді. Оған өте жақын тұрған орындыққа отырдым. Ол сұхбатын бастады. Мен бірден орындықта отыруға ұялып, жерге түстім. Сұхбатта мен мүлде естімеген, ешқашан білмеген нәрселер айтқан еді. Қасында жерде отыруға да ұялып, біраз артқа шегіндім. Тағы шегініп, тағы артқа жылжып, ақыр соңында есік аузында отырғанымды байқадым. Тіпті есіктің сыртына да шығып кететіндей жағдайда едім. Мен жылдар бойы шәйх дәрежесіндегі өз шәкірттері бар адам едім. Сәйид Абдулхакимді көргенде өзімнің тек шәкірт екенімді түсіндім, шәкірттеріме де: «Сәйид Абдулхаким мырзаны көргенде, оны танығанда шәйх болудың не екенін түсіндім, етегіне жармасудан басқа ісім қалмады» дедім. Сол ұлы ғұламаға шәкірт болу абыройына қауыштым.

Отыз жыл бойы қасынан айрылмаған жақыны Шакир мырза баяндайды:

Бір күні таңертең медресе мешітінде намаз оқып жатқан едік. Хазрет екеуміз ғана едік. Әдеттегідей ол мені имамдыққа өткізді. Мешіттің кіреберіс жағы толықтай әйнек болғандықтан, кіреберістегі отыратын жердің дәлізінен мешіттің іші анық көрінетін. Біз намазға дайындалып жатқанда жұбайым келіп, дәліздің отыратын жеріне шай дайындай бастаған еді. Намаз оқып, дұғамыз біткен соң дәлізге шықтық. Сөйтсек самаурынның айналасында екі стаканның орнына көп стакан тұр екен. Жұбайымнан осыншама стаканның қажеті жоқ екенін айтып, неліктен екіден артық стакан қойғанын сұрадым. «Қызық! Арттарыңызда үлкен жамағат бар еді. Бәрі тарап кетіпті ғой» деген жауап алдым.

Шәкірттерінің бірі Ильяс мырза баяндайды:

Бір күні ағаш бұйымдары дүкеніме бір апа келіп: «Бір бөлмелі үйім бар. Тағы бір бөлме қостырмақшымын. Жалға беріп, соның ақшасына күн көремін. Жалға бергеннен кейін түскен ақшадан қайтару шартымен маған бір есік пен терезе жасап бересің бе?» деді. «Ертең келіңіз, сөйлесеміз» деп жауап бердім. Мақсатым Сәйид Абдулхаким хазретке барып ақылдасу еді. Екінді уақыты медресесіне бардым. Қал-жағдайымды сұрады. «Клиент келіп жатыр ма?» деп сұрады. «Иә, келіп тұрады» дедім. Бірақ ақылдасу үшін барған әлгі әйелді ұмытып кетіппін. «Тапсырыс бергендер бар ма?» деп сұрады. «Бүгін жоқ» деп жауап бердім. «Әйел клиенттерің бар ма?» деп сұрады. Сонда да есіме түспеді. Сонда ол «Бүгін келген апаның жұмысын бітіріп бер» деді. Сол кезде ғана есіме түсті.

Бір күні Баязид мешітінде уағыз айтып жатқанда тақырыпқа еш қатысы болмаса да: «Араларыңда біреуің үйіне барып, баласын шатырдағы жабынқыштың үстіне шығып, көгершін қуғанын көрсе, айқайламастан жылы сөзбен, «Балам, қара, саған кәмпит әкелдім» десін, оны ұстап түсірген соң ғана ұрыссын» деді. Уағызды тыңдап отырған акхисарлық бір кісі ішінен «Мұның не қатысы бар?» деп ойлады. Уағыздан кейін үйіне барғанда баласы үйдің шатырында жүргенін көрді. Жабынқыштың үстінде көгершін қуалап жүрген болатын, шетінен жүріп сәл қалса құлайтын еді. Бала үш-төрт жасар кішкентай еді. Бірден Абдулхаким хазреттің насихаты есіне түсіп, дәл солай жасады. Бала жерге құлаудан құтылды.

Нежиб Фазыл Кысакүрек баяндайды:

1941-ші жыл... Немістер шекарамызға тақалды. Мен газетте жарияланған мақалаларымда да ерекше атап өткенімдей, Екінші дүниежүзілік соғысына кіруімізге аз қалды деп нық сенетінмін. Осы ойымды оның алдында да дәлелдеп айттым. Ол мұқият тыңдап отырды. Жанында бірнеше жақын адамы және  оны аса құрметтейтіндердің бірі адвокат Махмұд Везироғлу деген кісі бар еді. Мен соғысқа кіруге мәжбүр екенімізді математикалық құбылыс ретінде көрсетіп түсіндірдім. Ол сөзімді аяғына дейін тыңдап болған соң былай деді: «Соғысқа қатыспаймыз. Бірақ Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегідей қымбатшылық болады, талон жүйесі енгізіледі». Айтқаны дәл келді. Соғысқа қатыспадық. Бірақ қымбатшылық пен талон жүйесі халықты қатты қыспаққа алды. Махмұд бей осы кереметті маған жиі еске салып: «Ғажап, ғажап!.. Бәрі соғысты күтіп отырғанда «Соғысқа кірмейміз» деді, ал ешкім талон жүйесін күтпеген кезде «ол болады» деп айтуы нағыз керемет» дейтін.

Фаруқ бей баяндайды:

Бұдан бірнеше жыл бұрын ұлым Невзад сол кездері тұрып жатқан көпқабатты үйіміздің балконынан жерге бетонға құлады. Баланы кома күйінде бір ауруханаға жеткіздік. Оянды, бірақ ақыл-есін жоғалтқан күйде еді. Оны Стамбұлға апардық. Бүкіл мамандарға, неврологтар мен психотеравттерге көрсеттік. Барлығы дерлік үміт жоқ екенін айтты. Бір грек дәрігер ерте алжу диагнозын қойып, емі жоқ деп нүктені қойды. Кәмелеттік жасындағы баламды үлкен көкесі Абдулхаким хазреттің қолына тапсырдым. Бала медреседе қырық күн қалды. Сол мерзім бойы оны еш назарынан шығармады. Оның ісін Аллаһу та'алаға тапсырды. Қырық күннен кейін Невзад ешқашан болмаған физикалық және психикалық саулыққа жетті. Құқық (заң) факультетін бітіріп шықты. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік мекемеде (DSİ) заңгер болып, сол жерден зейнетке шықты. Абдулхаким хазрет інісі (бауырының ұлы) Фаруқ Ышық мырзаны жақсы көретін. Біреуді мақтағысы келсе «Фаруқтан басқа бәрімізден жақсы» дейтін. Қабірі Абдулхаким Арваси хазреттің аяқ жағында.

Баязид мешітінде Ерзинжандағы жер сілкінісі апатынан бір аптадай бұрын: «Аллаһу та'ала зина ашық түрде жасалатын жерлерге зілзаламен жаза береді. Ерзинжан секілді» деген болатын. Ешкім ол кездері мұның мағынасын біле алмаған, бірақ бір аптадан кейін естігендер «Бұл үлкен кереметті түсіне алмаппыз» десті.

Шәкірттерінің бірі Тахир мырза баяндайды:

Абдулхаким хазрет: «Әулиенің алдына тола болып барған адам бос, бос болып барған адам тола болып қайтады» дейтін. Бір күні маған: «Тахир мырза, үйіңде кітап қалмасын, кітаптардың бәрін үйден шығар, басқаларға бер» деп бұйырды. Үйге бардым. Құнды кітаптарымды қимадым. Бұйрығын орындайын деп бірнеше кітапты тараттым. Құптаннан кейін ұйқыға жаттым. Абдулхаким хазретті көрдім. «Тахир, кітаптарды үйден шығардың ба?» деп сұрады. Тұрып, дәрет алдым да, екі рәкат намаз оқыдым. Қайтадан жаттым. Әлі ұйықтамаған едім. Абдулхаким хазрет келді. «Әлі кітаптарыңды үйде сақтап жатсың ба?» деп ашуланды. Қорқып кеттім. Дереу тұрып бүкіл кітаптарымды үйден шығардым. Келіп жаттым, сол кезде ғана ұйықтай алдым. Кейіннен түсіндім, бізді тәрбиелеу үшін кітаптардан алыстатып, менің ішімдегілерді шығарып, өзінің ішіндегілерді бізге беру үшін осы жолды таңдаған екен.

Қай кезде Абдулхаким хазретке барсам, үнемі қасында Зия бей отыратын. Зия бейге бір кітап беріп, оқытқызатын және соны түсіндіріп беретін. Бір күні осындай сұхбаттардың бірінде Зия бейге кітап оқытып, өзі түсіндіріп беріп отырды. Ішімнен «Мен араб пен парсы тілдерін Зия бейден жақсырақ білемін. Неге үнемі оған оқытады, ал маған еш оқытпайды екен?» деп ойладым. Сол түні түсімде Абдулхаким хазреттің алдында отырған едім. Тағы Зия бейге кітап беріп оқытқан еді. Бірақ Зия бейді сәлде киген ғұламаның киімінде отырғанын көрдім. Абдулхаким хазрет Зия бейді маған көрсетіп, «Біздің ісіміз бос, мәнсіз емес» деді. Оянғанда әлгі ойларыма қатты өкіндім.

Бір күні Абдулхаким хазретке бара жатқан едім. Жолда ішімнен «Абдулхаким хазретке өтініп көрейін, әулиелікте көтерілу үлкен іс, біздің кішкентай ғана ынтамызбен қол жеткізу мүмкін емес, қамқор болып бізге тәуәжжуһ етсін, сол жоғары дәрежелерге мені де жеткізсін» деп ойлаған едім. Барған кезімде бақшада жалғыз отырғанын көрдім. Сәлем беріп қолын сүйдім. Маған қарап: «Тахир, мына ағаш қандай ағаш?» деп сұрады. «Магнолия» деп жауап бердім. «Мынау не?» деп сұрады, «Раушан гүл» дедім. «Тахир, бұлардың суы бірдей, ауасы бірдей, топырағы бірдей, неге бойлары әртүрлі? Мысалы мына шөпке не істесең де раушан гүлге айнала алады ма? Ал раушан ше, магнолия секілді өсе алады ма?» деді. «Жоқ, ұстаз» дедім. «Демек өзгешелік олардың қабілеттерінен туындайды. Шөп раушан сияқты, ал раушан магнолия сияқты болмайды!» деп қайтадан маған қарады. «Айыбымды кешіріңіз ұстаз» дедім.

Тіс дәрігері, зейнеттегі офицер Сабри бей баяндайды:

Абдулхаким хазрет ара-арада маған тәйәммум қалай алынатынын көрсетіп үйрететін. Ішімнен «Қазір су табылмайтын жер жоқ қой, неліктен осыншалықты тәйәммум мәселесін үйретпекші екен?» деп ойлайтынмын. Оның қайтыс болуынан отыз жыл өткен соң қолдарыма жара шықты. Тіпті бас бармағымды кесіп тастады. Дәрігерлер қолдарыңа су тигізбе деді. Үш жыл бойы тәйәммуммен, яғни хазрет көрсеткендей тәйәммум алып намаз оқуға мәжбүр болдым.

Халид Турхан бей баяндайды:

Бір күні көрісейін деп барған едім. Кітапханасынан бір кітап шығарып, бір жерін ашып маған берді де: «Оқыңыз» деді. Кітап арабша еді, оқуға тырыстым. Қате оқығанымда түзетіп тұрды. Тағы бір рет оқытты да, тағы қателерімді түзетті. Кейін «Түрікшеге аударыңыз!» деді. Көп жерлерінде тоқтап қалдым, маған көмектесті, тіпті өзі аударып берді. Тағы оқытып аудартты. Жақсылап түсініп алған едім. Қайтыс болуынан жиырма жылдай өткен соң кітапхана директоры болу үшін емтиханға кірдім. Емтиханда маған арабша кітап беріліп, бір жерін ашып «Оқыңыз!» деді. Не көрдім дейсіз бе? Абдулхаким хазрет берген кітап және ашқан сол беті, сенесіз бе? Оқып шығып аударып бердім. Емтиханды тапсырдым. Кітапхана директоры болдым. Бірақ емтиханнан шыққан соң ұстаздың үлкен әрі анық кереметін түсініп өксіріп жыладым.