24 - Жамазиәл-әууәл, 1448 жыл.
     4 - Қараша, 2026 жыл.   


ӘҺЛИ СҮННЕТ СЕНІМІ

Төмендегі қатарларды Аллаһу та'алаға хамд айтып жазудамын. Хамд – бүкіл ниғметтерді Аллаһу та'аланың жаратқанына және жібергеніне сену және айту деген сөз. Ниғмет – пайдалы нәрселер деген сөз. Шүкір – бүкіл ниғметтерді ахкам-и исламияға (ислам үкімдеріне) сай қолдану деген сөз. Ниғметтер әһли сүннет ғалымдарының кітаптарында жазылған. Әһли сүннет ғалымдары – мәшһүр төрт мазһабтың ғалымдары.

Имам Мұхаммед Ғазали (рахметуллаһи алейһ) «Кимия-и саадәт» кітабында жазуы бойынша, мұсылман болған адамға бәрінен бұрын «Лә илаһа иллаллаһ, Мухаммадун расулуллаһ» калимасының мағынасын білу және сену парыз. Бұл калима «Калима-и тәухид» деп аталады. Әр мұсылманның калима-и тәухидтің мағынасына еш күмән келтірместен тек сенуі жеткілікті. Бұларды дәлелмен анықтауы және ақылға сай қылуы парыз емес. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арабтарға дәлелмен білуі және сол дәлелдерімен айтуын, күмәндарын іздестіріп, олардың шешілуін әмір етпеді. Тек сенуін, күмән келтірмеуін әмір етті. Әр адамның осылай қысқаша иман келтіруі жеткілікті. Бірақ әр қалада бірнеше дін ғалымының болуы парыз кифая. Олардың дәлелдерді білуі, күмәндерді кетіруі, сұрақтарды шешуі уәжіп. Олар мүминдердің шопаны секілді. Бір жағынан оларға ақида, яғни иман білімін үйретеді. Сенімдерін қорғайды. Бір жағынан дін дұшпандарының жалаларына жауап береді.

Калима-и тәухидтің мағынасын Құран кәрім білдірген, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол білдіргендерді түсіндірген. Асхаби кирамның барлығы сол түсіндірмелерді үйреніп, өздерінен кейін келгендерге жеткізді. Асхаби кирамның жеткізгендерін мүлде өзгертпестен, өз қалпынша кітаптарға түсіріп, біздерге жеткізген жоғары дін ғұламаларын «Әһли сүннет ғалымы» деп атайды. Әр адамның әһли сүннет сенімін үйренуі, осы сенімде бірігуі, сүйіспеншілікте болуы қажет. Бақыттың қайнары осы сенім және осы сенімде бірлесу.

Калима-и тәухидтің мағынасын әһли сүннет ғалымдары былай түсіндірген: Адамдар жоқ еді. Кейіннен жаратылды. Адамдардың жаратушысы бар. Барлық болмысты Ол жаратты. Ол жаратушы бір. Оның ортағы, ұқсасы жоқ. Екіншісі жоқ. Ол үнемі бар еді. Бар болуының бастамасы жоқ. Әрдайым бар. Бар болуының соңы болмайды. Ол жоқ болып кетпейді. Оның әрдайым бар болуы қажет. Ол жоқ бола алмайды. Бар болуы өздігінен. Оның ешбір себепке қажеттілігі жоқ. Оған мұқтаж болмаған ештеңе жоқ. Барлық нәрсені бар қылған, әр барлықты әр мезетте бар қылып ұстап тұрған Ол. Ол зат емес. Дене емес. Ол бір жерде емес. Ешбір заттың ішінде болмайды. Кейіпі жоқ. Өлшене алмайды. Ол қандай деп сұрауға келмейді. Ол деген кезде ойға, қиялға келген барлық нәрсе Ол емес. Ол бұларға ұқсамайды. Бұлардың бәрі Оның жаратылыстары. Жоғарыда, төменде, жанында емес. Орны жоқ. Барлық болмыс Арштың астында. Ал Арш Оның құдіретінің, күшінің астында. Ол Арштың үстінде. Бірақ бұл сөз Арш Оны көтеріп тұр дегенді білдірмейді. Арш Оның мейірімі және құдіретімен бар. Ол әзелде, шексіз бұрын қандай болса, қазір де сондай. Аршты жаратудан бұрын қандай болса, әбәди шексіз келешекте де үнемі сондай. Онда өзгеріс болмайды. Оның сипаттары бар. «Сифат-и субутия»-сы сегіз: Хаят, ілім, сәм, басар, құдірет, ирада, кәлам, тәкуин. Бұл сипаттарында да мүлде өзгеріс болмайды. Өзгерістің болуы кемшілік саналады. Онда кемшілік, нұқсандық жоқ. Ол ешбір жаратылысына ұқсамағанымен, бұл дүниеде Оны өзі білдіргендей білу және ахиретте көру бар. Бұл жерде қандай екенін түсінбей білу керек. Ол жақта да түсінбей көрінеді. [1-ші том, 46-шы хатты оқыңыз!].

Күллүма хатара би-баликә, Аллаһу ғайру заликә. (Сенің ойыңа (қиялыңа) не нәрсе келсе де, Аллаһ одан мүлдем басқа).

Аллаһу та'ала құлдарына пайғамбарлар (алейһумуссалам) жіберді. Осы ұлы адамдар арқылы құлдарына бақытқа және пәлекетке себеп болатын амалдарды хабар берді. Пайғамбарлардың ең жоғарысы – соңғы пайғамбары болған «Мұхаммед» алейһиссалам. Ол жер жүзіндегі діні бар, дінсіз барлық адамға, барлық жерге, барлық ұлтқа пайғамбар ретінде жіберілген. Ол бүкіл адамдардың, періштелердің және жындардың пайғамбары. Дүниенің барлық жерінде әркімнің осы ұлы пайғамбарға бағынуы, еруі қажет. Имам Ғазалидың жазбасы осы жерде тәмәм болды. Имам Мұхаммед Ғазали (рахметуллаһи та'ала алейһ) исламның ең ұлы ғалымдарының бірі. Ол жүздеген кітап жазды. Кітаптарының барлығы өте құнды. Хижреттің төрт жүз елуінші (450) жылы Тус, яғни Мешхед қаласында дүниеге келіп, 505 [м.1111] жылы сол жерде қайтыс болды.