Бірінші бөлімМА’ЛУМАТ-И НАФИ’А (ПАЙДАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР) Кітабымыздың бірінші бөлімі Ахмед Жевдет паша тарапынан жазылған. Жиырма бір беттен тұрады. Ахками Құранияны (Құран үкімдерін) заң күйіне енгізіп «Мәжәллә» атты өте құнды кітапты шығару арқылы исламға үлкен қызметі тиген және ең дұрыс он екі томдық Османлы тарихы кітабын жазған, әйгілі «Қысас-и Әнбия» кітабының авторы Ахмед Жевдет паша (рахметуллаһи таала алейһ) хижреттің 1238 [м.1823] жылы Ловчада дүниеге келіп, 1312 [м.1894] жылы қайтыс болды. Фатих мешітінің бақшасында жерленген. Кітабымыздың екінші бөлімі ғылыми ұжымымыз тарапынан дайындалған. Жевдет паша айтады: Бұл әлем, яғни барлық нәрсе жоқ еді. Аллаһу та’ала бұларды жоқтан бар қылды. Бұл әлемнің қияметке дейін адамдармен жайлануын қалады. Адам алейһиссаламды топырақтан жаратып, Оның балаларымен әлемді безендірді. Адамдарға дүниеде және ахиретте жайлы өмір сүру, бақытқа кенелу үшін қажетті нәрселерді хабар беру үшін араларынан кейбірлерін пайғамбар қылып абыройландырды. Оларға жоғары мәртебе беріп, басқа адамдардан ажыратты. Бұл пайғамбарларға (алейһимуссалам) Жәбрейіл алейһиссалам есімді періште арқылы әмірлері мен тыйымдарын хабарлады. Олар бұл бұйрықтарды Жәбрейіл алейһиссалам әкелуімен үмбеттеріне хабарлады. Пайғамбарлардың алғашқысы Адам алейһиссалам, соңғы келгені Мұхаммед Мұстафа (алейһиссалату уәссәләм). Екеуінің арасында көп пайғамбар келіп кеткен. Олардың санын тек қана Аллаһу та’ала біледі. Есімдері мәлім болған жиырма жетісі төмендегілер: Адам, Шис [Шит], Идрис, Нұх, Худ, Салих, Ибраһим, Исмаил, Исхақ, Яқуб, Юсуф, Әйюб, Лұт, Шуаиб, Мұса, Юша, Харун, Дауд, Сүлейман, Юнус, Илияс, Әляса, Зүлкифл, Зәкәрия, Яхия, Иса және Мұхаммед Мұстафа (алейһимуссалауату уәссәләм). Шит пен Юшадан басқа жиырма бес пайғамбар Құран кәрімде аталған. Құран кәрімде Узәйр, Лұқман және Зүлқарнайн да жазылған. Бірақ ғалымдарымыз арасында осы үшеуіне және Тубба мен Қыдырға қатысты пайғамбар дегендер де, әулие дегендер де бар. Мұхаммед алейһиссалам Хабибуллаһ. Ибраһим алейһиссалам Халилуллаһ. Мұса алейһиссалам Кәлимуллаһ. Иса алейһиссалам Рухуллаһ. Адам алейһиссалам Сафийуллаһ. Нұх алейһиссалам Нәжиуллаһ. Осы алтауы басқа пайғамбарлардан үстем. Оларды «Улул азм» деп атайды. Бәрінен де үстемі Мұхаммед алейһиссалам. Аллаһу та’ала жер бетіне жүз парақ және төрт үлкен кітап түсірген. Олардың барлығын Жәбрейіл алейһиссалам әкелген. Он парақ Адам алейһиссаламға, елу парақ Шит алейһиссаламға, отыз парақ Идрис алейһиссаламға, он парақ Ибраһим алейһиссаламға жіберілгені хадис шәрифте хабар берілген. [Парақ – кіші кітап, кітапша деген сөз. Біз білетіндей бір парақтың беті деген сөз емес]. Төрт кітаптан Таурат Мұса алейһиссаламға, Зәбур Дауд алейһиссаламға, Інжіл Иса алейһиссаламға, Құран кәрім ақыр заман пайғамбары [яғни соңғы пайғамбар] Мұхаммед алейһиссаламға түскен. Нұх алейһиссалам заманында топан су келіп бүкіл әлемді басты. Жер жүзіндегі адамдар мен жануарлардың барлығы суға батты. Бірақ Нұх алейһиссаламмен кемеде бірге болған мүминдер құтылды. Нұх алейһиссалам кемеге мінерде әр жануардан бір жұптан алғандықтан, жануарлар солардан тарады. Нұх алейһиссаламның кемеде үш ұлы бар еді: Сам, Яфес және Хам. Қазір жер жүзіндегі адамдар осы үшеуінің ұрпағы. Сондықтан да Нұх алейһиссаламға екінші ата делінеді. Исмаил мен Исхақ (алейһимассалам) – Ибраһим алейһиссаламның ұлдары. Исхақ алейһиссаламның ұлы Яқуб. Яқуб алейһиссаламның ұлы Юсуф алейһиссалам. Яқуб алейһиссаламды Исраил деп те атайды. Сондықтан балалары мен немерелеріне «Бәни Исраил», яғни «Исраил ұлдары» делінеді. Бәни Исраил көбейіп, араларынан көп пайғамбар шыққан. Тіпті Мұса, Харун, Дауд, Сүлейман, Зәкәрия, Яхия, Иса (алейһимуссалам) және Иса алейһиссаламның анасы хазреті Мәриәм солардың қатарында. Сүлейман алейһиссалам Дауд алейһиссаламның ұлы. Ал Яхия алейһиссалам Зәкәрия алейһиссаламның ұлы. Хазреті Мәриәм Имранның және Зәкәрия алейһиссаламның балдызының қызы. Харун алейһиссалам Мұса алейһиссаламның бауыры. Ал Юша алейһиссалам Мұса алейһиссаламның қыз бауырының ұлы. Исмаил алейһиссаламның ұлты араб болып, арабтан Мұхаммед алейһиссалам келген. Худ алейһиссалам Ад қауымына, Салих алейһиссалам Сәмуд қауымына жіберілгеніндей, Мұса алейһиссалам Бәни Исраил қауымына жіберілген. Юша, Харун, Дауд, Сүлейман, Зәкәрия және Яхия (алейһимуссалам) да Бәни Исраилге жіберілген. Бірақ олардың бөлек діндері болмаған, Бәни Исраилді Мұса алейһиссаламның дініне шақырған. Дауд алейһиссаламға Зәбур кітабы түскенімен, Зәбурда шариғат [яғни үкімдер, әмір, ғибадат] жоқ еді. Уағыз бен насихаттарға толы еді. Сондықтан бұл кітап Тауратты нәсһ етпеді, яғни үкімін тоқтатпады. Тіпті оны күшейтті. Сондықтан Мұса алейһиссаламның діні Иса алейһиссаламның заманына дейін жалғасты. Иса алейһиссалам келгенде оның діні Мұса алейһиссаламның дінін нәсһ етті. Яғни Таураттың үкімі қалмай тоқтады да, одан кейін Мұса алейһиссаламның дінін ұстану рұқсат болмай, сонау Мұхаммед алейһиссаламның діні келгенге дейін Иса алейһиссаламның дінін ұстау қажет болды. Бірақ Бәни Исраилдің көбі Иса алейһиссаламға иман келтірмей, Тауратқа бағынамыз деп қарсы шықты. Яһудилік [Мұсауилік] пен Насаралық [Исауилік] осылайша бөлінді. Иса алейһиссаламға иман келтіргендер «Насара» деп аталды. Қазір христиан дейді. Иса алейһиссаламға иман келтірмей, күпірде, адасушылықта қалғандар «Яһуди» деп аталды. Яһудилер әлі де Мұса алейһиссаламның дінін ұстанып, Таурат пен Зәбур оқимыз дейді. Ал Насара Иса алейһиссаламның дінін ұстанып, Інжіл оқимыз дейді. Алайда екі жаһанның сәйиді, адамдар мен жындардың барлығының пайғамбары Мұхаммед (алейһиссалату уәссәләм) бүкіл әлемге пайғамбар болып жіберілді және Оның «Ислам діні» бүкіл діндердің үкімін тоқтатты. Бұл діннің үкімі қияметке дейін жалғасатындықтан, әлемнің ешбір жерінде Оның дінінен өзге дінде болу рұқсат болмады. Одан кейін еш пайғамбар келмейді. Біз әлхамдулиллаһ Оның үмбетіміз, дініміз – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам миладтың 571-ші жылы сәуір айының жиырмасына тура келетін Рабиул-әууәл айының он екінші күнінің дүйсенбі таңында, Мекке қаласында дүниеге келді. Хижреттің 11-ші, миладтың 632-ші жылы Мәдинада қайтыс болды. Қырық жасында «Жәбрейіл» есімді періште келіп, пайғамбар екенін Оған білдірді. Миладтың 622 жылы Меккеден Мәдина қаласына хижрет етті. Қыркүйек айының жиырмасы, дүйсенбі күні Мәдинаның Құба ауылына келді. Қазіргі мұсылмандардың «Шәмси» жыл басы осы күннен басталады. Парсылардың шәмси жыл басы бұдан алты ай бұрын. Яғни отқа табынатын мәжусилердің мейрамы болған наурыздың жиырмасы, яғни «Наурыз» күні. Сол жылдың Мухаррам айының бірінші күні «Қамари» жылдың басы болды. Пайғамбарлардың барлығына сенеміз. Бәрі Аллаһу та'ала тарапынан жіберілген пайғамбарлар. Бірақ Құран кәрім түскен кезде басқа діндердің үкімі тоқтады. Сондықтан қазір ешбіріне еруге рұқсат жоқ. Насара да өткен пайғамбарлардың барлығына сенеді. Бірақ Мұхаммед алейһиссаламның бүкіл адамдардың пайғамбары екеніне сенбегендіктен кәпір болып, тура жолдан шығуда. Ал яһудилер Иса алейһиссаламға да сенбегендіктен, ислам дінінен одан да алыс. Яһудилер мен насара қолдарындағы бұзылған кітаптарының аспаннан солай түскеніне сенгендіктен, оларға «Әһли кітап» [яғни кітапты кәпір] делінеді. Некемен олардың қызын алуға және [Аллаһу та'аланың есімін атап] сойғандарын жеуге болады. [Бірақ мәкрух болады. Мұсылман қыздарының олардың ерлерімен үйленуіне болмайды. Қыз олармен немесе мүртәд адаммен тұрмыс құруға ниет етсе, Мұхаммед алейһиссаламның дініне мән бермеген болады. Ислам дініне қадір бермеген мұсылман діннен шығып «мүртәд» болады да, екі кәпір бір-бірімен үйленген болады]. Ешбір пайғамбарға сенбейтін, сенсе де пайғамбарда немесе кейбір жаратылыстарда «Улухият (құдайлық) сипаты» бар екеніне сеніп, оларға табынатындарды және мүртәдтерді «Мүшрик», яғни кітапсыз кәпір деп атайды. «Мүлхид»-тердің кітапсыз кәпір екені хабар берілді. Олардың қыздарын некеге алуға және сойған малдарын жеуге болмайды. Иса алейһиссалам өзінен кейін дінін жаю үшін асхабы арасынан он екі адамды таңдады. Оларды «Хауари» [Апостол (le Apôtre, apostle)] деп атайды. Олар: Шәмун [Petrus], Юханна [Johannes], үлкен Яқуб, Петрустың бауыры Андреас, Филип [Philippus], Тома [Thomas], Бартоломей [Bartolomaus], Метия [Matthaus], кіші Яқуб, Барнабас, Яһуда [Judas] және Тадиус [Yakobi]. Кейбір кітаптарда Барнабас орнына Симон жазылған. Яһуда [Judas] мүртәд болды. Орнына Матиес [Matthias] таңдалды. Хауарилердің басшылары Петрус еді. Осы он екі мүмин Иса (алейһиссалам) отыз үш жасында аспанға шығарылған соң оның дінін жан-жаққа жайды. Бірақ Аллаһу та'ала жіберген діннің дұрыс күйде жайылуы сексен жыл сүре алды. Кейін яһуди дүмшесі Болюстың реформалары, қағидалары жан-жаққа тарады. Болюс Иса алейһиссаламға иман келтіргендей болып көрінді. Өзін дін ғалымы ретінде көрсетіп, «Иса Аллаһтың ұлы. Сондықтан оның бойында құдайлық сипаттар бар» деді. Басқа сөздер де ойлап шығарып айтты. Шарап пен шошқа етін халал етті. Құбылаларын қағбадан шығысқа, күн шығатын жаққа бұрғызды. Аллаһу та'аланың заты бір, сипаттары үшеу деді. Бұл сипаттар «Укнум» деп аталды. Мұнафиқ яһудидің бұл қағидалары алғаш жазылған Інжіл деген төрт кітапқа, әсіресе Луканың кітабына араласып, насара топ-топ болып бөлінді. Иса алейһиссаламда құдайлық сипат бар екеніне сенгендер мүшрик болды. Бір-біріне қайшы жетпіс екі ағым және кітаптар пайда болды. Қазір үш үлкен топтары қалған. Көбі мүшрик. [Испанияның Балеар аралдарындағы Майорка (Majorque) аралында поп бола тұра Туниста мұсылман болып, Абдуллаһ бин Абдуллаһит-тәржуман есімін алған бір кісі «Тухфәт-ул әриб фиррәдди алә әһлис-салиб» атты араб тіліндегі кітабын сегіз жүз жиырма үшінші 823 [м.1420] жылы жазған, 1290 [м.1872] жылы Лондонда, 1401 [м.1981] жылы Стамбұлда Хақиқат Кітап үйі тарапынан араб тілінде «Әл-мункизи аниддалал» кітабының соңында басылған, түрік тіліне де аударылған. Бұл кітабында былай дейді: «Аталмыш төрт кітапты жазғандар Мета [St. Mathieu], Лука [St. Luc], Марко [St. Marc] және Юханна [St. Jean]. Інжілді алғаш өзгерткен, насараны мүшрик қылғандар осылар. Палестиналық Мета Иса алейһиссаламды тек аспанға шығарылған күні ғана көрген және содан сегіз жылдан кейін бірінші Інжілді жазған. Мұнда Иса алейһиссаламның Палестинада туылғанында байқалған таңқаларлық нәрселерді және яһуди патша [Герод]-тың оны бала кезінде өлтірмекші болғанда анасы хазреті Мәриәм ұлын алып, Мысырға апарғанын жазған. Хазреті Мәриәм ұлы аспанға шығарылғаннан алты жыл өткен соң қайтыс болды. Құдыста жерленген. Антакиялық Лука Иса алейһиссаламды көрмеген, Иса (алейһиссалам) аспанға шығарылған соң мұнафиқ болған Болюс тарапынан исауи дініне алынған, Болюстың [Павлостың] пікірлеріне уланып, Аллаһу та'аланың кітабын толықтай өзгертетін Інжіл жазған. Марко да Иса (алейһиссалам) аспанға шығарылған соң исауи болып, Інжіл атауымен Петрустан естігендерін Римда жазған. Юханна Иса алейһиссаламның нағашы әпкесінің ұлы болып, Иса алейһиссаламды бірнеше рет көрген. Бұл төрт кітапта бір-біріне қайшы келетін жазбалар көп». Бір мың үш жүз тоғызыншы 1309 [м.1892] жылы қайтыс болған харпуттық Исхақ мырза жазған «Дия-ул қулуб» және «Шәмс-ул хақиқа» атты екі кітабында, 1299 жылы қайтыс болған Хайдаризада Ибраһим Фасих мырзаның араб тіліндегі «Әссырат-ул мустақим» кітабында, Нәжәф Әли Тебризидің 1288 жылы Стамбұлда басылған парсы тіліндегі «Мизан-ул мәуазин» кітабында, 1959 жылы Бейрутта басылған Имам Ғазалидың араб тіліндегі «Әррәддул Жәмил» кітабында қазіргі Інжіл деп аталған кітаптардың қате екені, оларға сенгендердің көбінің мүшрик болғаны дәлелденген. Бұл үш кітап 1986 жылы «Хақиқат кітап үйі» тарапынан офсеттік баспада қайта басылған. Иса алейһиссаламнан көргендерін және естігендерін дұрыс жазған Барнабастың Інжілі табылған және 1973 жылы ағылшын тілінде Пәкістанда басылған. «Қамус-ул алам» кітабында былай делінеді: «Варнава – хауарилердің бұрынғыларынан. Маркостың көкесінің ұлы. Кипрлық. Болюс [Павлос] шыққаннан кейін оған қосылды. Екеуі бірге Анадолы мен Грекияны аралады. Миладтың алпыс үшінші жылы Кипрде шәһид етілді. Бір Інжіл және басқа біраз нәрселер жазған. Маусымның он бірінші күні оның құрметіне аталып өтуде». Христиандардың діни қызметкерлерін поп және монах (Prétre) деп атайды. Православтардың (ортодокс) ең жоғарғы басшысы «Патриарх» деп аталады. Орта деңгейдегі поптарды «Пастор» (пастырь) дейді. Інжіл оқитындарын «Қыссис», ал қыссистың жоғары дәрежесін «Үскүф» деп атайды. Бұлар олардың мүфтилері. Үскүфтердің жоғары дәрежесіндегілерін «Епископ» (Evéque), одан да жоғарыларын «Архиепископ» немесе «Митрополит» немесе «Матран» деп атайды. Бұлар олардың қазылары, яғни төрешілері. Шіркеуде құлшылық қылдыратындарды «Католикос», төменгі дәрежедегілерін «Кюре немесе Шаммас» және «Диакон», ал шіркеу қызметшілерін «Эрмит» немесе «Шамамаси» дейді. Тек ғибадатпен айналысатындарды «Монах» деп атайды. Католиктердің бас поптары «Папа», яғни «аталардың атасы». Папа Римде орналасқан. Оның кеңесшілері «Кардинал» деп аталады. Осы діни қызметкерлердің барлығы Аллаһу та'аланың бір екенін ұмытты. «Трините» деп аталатын «Тәслис»-ке (үш тәңір) сене бастап, Иса Аллаһтың ұлы деп мүшрик болды. Біраз уақыттан кейін Рим императоры екінші Клаудиус [215-271 милади жылы] заманында Антакья патриархы Юнус Шәммас Аллаһу та'аланың бір екенін жариялады. Көп адамды тура жолға түсірді. Бәрі әһли кітап болды. Бірақ кейіннен келген поптар қайтадан үш нәрсеге табынуды бастады. Үлкен Константин [274-337] исауилікке пұтқа табынушылықты да араластырды. Миладтың 325-ші жылы Изниктегі рухани мәжілісінде 318 попты жинап, ширк араласқан жаңа христиандық дінін шығарды. Бұл мәжіліске қатысқан Ариус есімді епископ Аллаһтың бір екенін, Иса алейһиссалам Оның құлы екенін айтқанымен, мәжіліс басшысы Александрия патриархы Александриус Ариусты шіркеуден қуды. Үлкен Константин Ариустың кәпір болғанын жариялады және «Миләл уә Нихал» кітабында, Рим тарихшысы Жиржус Ибнуламидтың [601-671] (м.1205-1273) Шамда] кітабында жазылған «Мәләкаия» ағымының негізін құрғызды. 381 жылы Стамбұлда екінші мәжіліс құрылып, Рухул-құдс аталған Иса алейһиссаламды жаратылыс деген Макдониус лағнеттелді. Миладтың үш жүз тоқсан бесінші [395] жылы Рим мемлекеті екіге бөлінді. 421 жылы Константиния [яғни Стамбұл] патриархы Несториустың кітабын зерттеу үшін Стамбұлда үшінші жиналыс жасалды. Несториус «Иса (алейһиссалам) адам. Оған табынуға болмайды. Екі укнум бар. Аллаһ бір. Оның вужуд, хаят, ілім сипаттарынан хаят сипаты – Рухул-құдс. Алғашқы укнумы [сөз] Исаның бойына еніп, ол құдай болды. Мәриәм құдайдың анасы емес, адамның анасы. Иса Аллаһтың ұлы» деген еді. Оның бұл пікірлері қабылданды. Несториус ағымы шығыс елдеріне тарады. Бұл ағымды ұстанушылар «Нестури» деп аталды. 431 жылы Эфесте төртінші мәжіліс құрылып, Диоскорустың пікірлері қабылданды. Несториус кәпір деп жарияланды. Несториус (439) жылы Мысырда өлді. Бұдан жиырма жыл өткен соң Кадыкөйде 451 жылы бесінші мәжілісте 734 поп жиналып, Александрия патриархы Диоскорустың жазбаларына тыйым салынды. Диоскорустың пікірлеріне «Монософия» делінеді, «Иса (алейһиссалам) – құдай» деген еді. Мұны «Яқубия» ағымы деп те атайды. Өйткені Диоскорустың шын есімі Яқуб. Сол кезде шығыс Рим (Византия) императоры болған Меркянус тыйым салынуы туралы шешімді жан-жаққа жеткізді. Диоскорус қашып, Құдыс пен Мысырда ағымын таратты. Олардың да көбі мүшрик. Иса алейһиссаламға табынады. Қазір Иракта, Сирияда, Ливанда тұратын «Суриянилер» мен «Маронилер» Яқубия ағымын ұстанады. Кадыкөй мәжілісін қабылдап, король Меркянус растаған ағым «Мелекаия» деп аталады. Бірінші Изник мәжілісінде қабылданған ағым да Мелекаияға жақын. Басшылары Антакья патриархы. Ілім сипатына «Сөз», хаят сипатына «Рухул-құдс» дейді. Бұл сипаттар адаммен қосылғанда «Укнум» дейді. Құдай үшеу. Бірі – вужуд укнумы болып, әке. Иса оның ұлы. Мәриәм да құдай дейді. Иса алейһиссаламға «Иисус христос» (Jesus christus) дейді. Христиандардың жетпіс екі ағымы үндістандық Рахметуллаһ мырзаның (рахметуллаһи та'ала алейһ) араб тіліндегі «Изхар-ул хақ» кітабында және харпуттық Исхақ мырзаның түрік тіліндегі «Дия-ул қулуб» кітабында ұзақ жазылған. Бұл кітап 1987 жылы «Жауап бере алмады» атымен Стамбұлда басылған, ағылшын тіліне аудармасы 1990 жылы басылып шыққан. «Изхар-ул хақ» кітабы 1280 [м.1864] жылы араб тілінде Стамбұлда басылған. Рахметуллаһ мырза бұл кітабында 1270 жылы Үндістанда, кейіннен Стамбұлда христиан поптармен жасаған пікірталастарын және оларды қалай жеңгенін ұзақ жазған. Парсы тіліндегі «Сәйф-ул әбрар» кітабының Стамбұл басылымына осы пікірталастар туралы мәлімет енгізілген. «Изхар-ул хақ» кітабы екі бөлімнен тұрады. Оқу-ағарту министрлігінің хатшысы Нузхәт мырза кітаптың бірінші бөлімін түрік тіліне аударып, «Изаһ-ул хақ» атымен Стамбұлда басылған. Екінші бөлімін 1292 жылы Сәйид Омар Фехми бин Хасан түрік тіліне аударып, «Ибраз-ул хақ» атымен 1293 [м.1876] жылы Боснияда басылған. Осы ағымдардың барлығы 446 [м.1054] жылға дейін Римдағы папаға бағынышты еді. Көбі мүшрик болды. Бәріне католик делінеді. 1054 жылы Стамбұл патриархы Михаел Киролариус пападан бөлініп шығып, шығыс шіркеулерін өзі басқарды. Бұл шіркеулер «Ортодокс» деп аталды. Олар «Яқубия» ағымында. Лютер есімді неміс поп та хижреттің тоғыз жүз жиырма үшінші [923] жылына тура келетін миладтың бір мың бес жүз он жетінші [1517] жылы Римдағы папаға қарсы шығып, шіркеулердің бір бөлігі оған бағынды. Олар «Протестант» шіркеулері деп аталды]. Байқалғанындай, христиандардың көбі мүшрик және яһудилерден төмен. Ахиретте азаптары көбірек. Өйткені олар әрі Мұхаммед алейһиссаламға сенбейді, әрі тәңірлікте шектен шығып, тәслиске (үш құдайға) сенеді. Иса алейһиссалам мен анасы хазреті Мәриәмға құдай деп табынатындар – мүшрик. Өлексені де жейді. Ал яһудилер тек қана екі пайғамбарға (алейһимассалауату уәттәслимат) сенбейді. Аллаһу та'аланы жалғыз біліп, өлексе жемейді. Сонымен қатар, яһудилердің исламға деген дұшпандығы көбірек. Яһудилердің бірнешеуі «Узәйр Аллаһтың ұлы» деп христиандар сияқты мүшрик болғанымен, көбі мүшрик емес. Ортодокс, католик және протестанттардың әрқайсы басқа-басқа Інжіл оқып, Иса алейһиссаламға бағынатынын айтады. Алайда сенімде және амалда бір-біріне қайшы келетін көп мәселелері бар. Бәріне насара және христиан делінеді. «Иса – пайғамбар» деп сенетіндері әһли кітап деп аталады. Қазір әһли кітап болған христиан жоқ. Мұхаммед алейһиссаламға сенбегендіктен бәрі кәпір. Яһудилер де өздерін мусауи деп атайды. [1997 жылы Францияда жарияланған екі томдық Діндер энциклопедиясында былай жазылған: 1995 жылы жер жүзінде 4 миллиард 550 миллион халық өмір сүрді. Оның 1 миллиард 60 миллионы мұсылман, 1 миллиард 870 миллионы христиан [оның 1 миллиард 42 миллионы католик, 505 миллионы протестант, 174 миллионы ортодокс], 14 миллионы яһуди, 1 миллиард 606 миллионы ешбір пайғамбарға сенбейтін кәпірлер, яғни мүшриктер]. Пайғамбарымыз (алейһиссалату уәссәләм) хижреттің он бірінші жылы ахиретке аттанған соң Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) халифа болды. Ол хижреттің он үшінші жылы алпыс үш жасында қайтыс болды. Одан кейін Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһ) халифа болды. Жиырма үшінші жылы алпыс үш жасында шәһид болды. Одан кейін Осман Зиннурәйн (радиаллаһу та'ала анһ) халифа болды. Отыз бесінші жылы сексен екі жасында шәһид етілді. Кейін Әли (радиаллаһу анһ) халифа болды. Хижреттің қырқыншы жылы алпыс үш жасында шәһид болды. Осы төрт халифаны «Хулефә-и рашидин» деп атайды. Заман-ы саадатта «Ахкам-и исламия» (ислам үкімдері) толықтай орындалып, барлық жақ хақ, әділет және еркіндікпен нұрланғанындай, олардың заманында да солай еді. Ахкам-и исламия кемшіліксіз орындалатын еді. Бұл төрт халифа асхаби кирамның барлығынан үстем. Араларындағы үстемдіктері халифалық ретіне қарай. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) заманында мұсылмандар Арабстан түбегінен сыртқа шықты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ахиретке аттанған соң түбекте тәртіпсіздік шықты. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) түбекте пайда болған осы тәртіпсіздікті реттеді. Мүртәдтерді тәрбиелеумен айналысты. Заман-ы саадатта болғанындай бірлікті қамтамасыз етті. Омар (радиаллаһу анһ) халифа болғанда хұтба оқып: «Ей, Расулдың сахабалары (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин)! Арабстан сендердің аттарыңа арпа өсіруге жарамды. Алайда Аллаһу та'ала Мұхаммед алейһиссаламның үмбетіне жер жүзінің әр тарапынан жерлер мен өлкелер беретінін сүйіктісіне уәде еткен болатын. Ендеше осы уәде етілген елдерді бағындырып, дүниеде олжаға, ахиретте ғаза (дін атына соғыс) мен шәһидтік мансабына жеткісі келетін ерлер қайда? Дін атына жаны мен басын пида етіп, отанын қалдырып, Аллаһу та'аланың құлдарын залымдардың қолынан құтқаратын ғазилер қайда?» деп асхаби кирамды жиһадқа және ғазауатқа шақырды. Ислам өлкелерінің үш құрлық бойынша жылдам кеңеюіне, миллиондаған адамның күпірден құтылуына себеп – хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) осы үндеуі. Осы үндеу бойынша асхаби кирам (алейһимурридуан) өлгенше жиһад пен ғазауат етуге бір ауыздан келісім берді. Халифа көрсеткен түрде әскер құрылып, әһли ислам жерлерін, отандарын қалдырып Арабстаннан шығып, шартарапқа тарады. Кеткендердің көбі кері қайтпай, барған жерлерінде өлгенше жиһад етті. Осылайша аз уақытта көп елдер жаулап алынды. Ол кезде екі үлкен мемлекет бар еді. Бірі Рум империясы, бірі Иран мемлекеті еді. Әһли ислам екеуін де жеңді. Әсіресе парсы елі толықтай жойылды. Барлық жерлері мұсылмандардың билігіне өтті. Халқы мұсылман болу абыройына жетті. Дүниеде тыныштыққа, ахиретте мәңгі бақытқа кенелді. Осман мен Әли (радиаллаһу анһума) замандарында да осы бағытқа күш салынды. Бірақ Осман (радиаллаһу анһ) заманында халифаға қарсы шыққан бүлікшілер, оны шәһид етті. Әли (радиаллаһу анһ) заманында харижи қақтығыстары шықты. Әһли ислам арасында алауыздық басталды. Ал жеңіс пен жаулаудың ең үлкен себебі бірлік пен ынтымақ болғандықтан, олардың заманында Омар (радиаллаһу анһ) заманындағыдай көп жер алынбады. Хулефа-и рашидин заманы отыз жыл еді. Осы отыз жыл пайғамбарымыз (алейһиссалам) заманындай жақсы өтті. Осы төрт халифадан кейін әһли ислам арасында бидғаттар және қате жолдар шығып, көптеген адам тура жолдан айрылды. Тек қана асхаби кирам секілді иман келтіргендер және ахкам-и исламияға олардай бағынғандар құтылды, олардың жолын «Әһли сүннет уәл жамағат» деп атайды. Әһли сүннет ғалымы дегеніміз – төрт мазһабтың бірінің ғалымы деген сөз. Дұрысы тек осы жол. Пайғамбарымыз (алейһиссалам) және асхаби кирам (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) жүрген тура жол – әһли сүннет ғалымдары көрсеткен жол (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин). Уақыт өте қате ағымдар, жолдар ұмытылды. Қазірде ислам елдерінің көбі осы дұрыс жолда. Осы әһли сүннет уәл жамағатқа бағынбаған тек яһуди «Абдуллаһ бин Сәбә» құрған шии ағымы ғана қалған. Шиилер «Халифалық Әлидің (радиаллаһу анһ) хақы бола тұра Әбу Бәкір мен Омар (радиаллаһу та'ала анһума) күшпен оның хақын тартып алды» дейді. Асхаби кирамның көбін жамандайды. [Қазіргі таңда мұсылман аталған және Мұхаммед алейһиссаламның үмбеті ретінде танылғандар әһли сүннет, шии және уаһһабилерден құралғандай. Британдықтар Үндістанда құрған «Ахмадия немесе Қадияни» деп аталған зындықтар мен Бахаилердің және «Таблиғ-и жамағат» деген мазһабсыздардың, зындықтардың мұсылмандарға ешқандай қатысы жоқ. Олардың үшеуі де «Әһли сүннет»-тен айрылған]. Әһли сүннет жолы амал мен ғибадат тұрғысынан төрт «Мазһаб»-қа бөлінген. Біріншісі, «Ханафи мазһабы» болып, Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман бин Сабиттың (рахметуллаһи алейһ) мазһабы. Ханиф – дұрыс сенген, исламға берік байланған адам деген сөз. Әбу Ханифа – шынайы мұсылмандардың атасы деген сөз. Имам Ағзамның Ханифа есімді қызы жоқ еді. Әһли сүннеттің төрт мазһабының екіншісі «Малики мазһабы» болып, Имам Малик бин Әнәстің (рахметуллаһи алейһ) мазһабы. Үшіншісі «Шафии мазһабы», Имам Мұхаммед бин Идрис Шафиидың (рахметуллаһи алейһ) мазһабы. Имамның атасының атасы «Шафи» хазрет асхаби кирамнан болғандықтан, оны және мазһабын Шафии деп атайды. Төртіншісі, «Ханбали мазһабы», Ахмед бин Ханбалдың (рахметуллаһи алейһ) мазһабы. Имам Ағзам 80, Малик 90, Шафии 150, Ахмед 164 хижри жылдарында дүниеге келіп, 150 [м.767], 179, 204, 241 жылдары қайтыс болғаны Ибн Абидин кіріспесінде жазылған (рахметуллаһи алейһим). Әһли сүннет жолын үйренуді қалайтын адам төрт мазһабтың бірінің кітаптарын оқуы қажет. Бұл төрт мазһаб сенім бойынша бір-бірінен өзгеше емес. Бәрі әһли сүннет жолында болып, имандары, сенімдері, діндерінің негізі бір. Ислам қауымында осы төрт имам – ұлы, барша қабылдаған, сенімді мүжтәһидтер. Тек қана ахкам-и исламияда, яғни амал тұрғысында кейбір шағын мәселелерде бөлінген. Мәселен былайша: Аллаһу та'ала және пайғамбары (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүминдерге қамқор болғандықтан, кейбір амалдың қалай орындалатынын Құран кәрім мен хадис шәрифтерде ашық түрде айтпады. [Ашық түрде айтса, сол күйде орындау парыз және сүннет болар еді. Парызды орындамағандар күнә істеген болып, парызға және сүннетке мән бермегендер кәпір болар еді. Мүминдердің жағдайы қиын болар еді]. Осындай амалдарды ашық түрде айтылғандарға ұқсатып орындау қажет болады. Дін ғалымдары арасында амалдарды қалай орындауға болатынын, осылай ұқсатып түсіне алғандарды «Мүжтәһид» деп атайды. Мүжтәһидтің бір амалды қалай орындау керектігін түсіну үшін бар күш-жігерімен тырысып шығарған көзқарасы, дұрысқа ең жақын деп санаған пікірі бойынша амал етуі оған және оған ергендерге уәжіп болады. Яғни аяти карималар мен хадис шәрифтер осылай істеуді әмір етуде. Мүжтәһид бір амалды қалай орындау керектігін түсінуге тырысқанда қателесетін болса күнә болмайды. Сауап болады. Сол мәселемен айналысуының сауабын алады. Өйткені адамның күш-қуаты жеткенше еңбектенуі әмір етілді. Мүжтәһид қателессе, еңбегіне бір сауап беріледі. Дұрысын тапса, он сауап алады. Асхаби кирамның барлығы (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) үлкен ғалым, яғни мүжтәһид болған. Олардан кейін келгендер арасында алғашқы замандарда ижтиһад жасай алатын үлкен ғалым көп еді. Олардың әрбіріне көптеген адам еретін. Уақыт өте олардың көбі ұмытылып, әһли сүннет ішінде тек осы төрт мазһаб қалды. Кейіндері болар-болмас адамдар шығып, мүжтәһидпін деп қате ағымдар шығармауы үшін әһли сүннет осы төрт мазһабтан басқа мазһабқа бағынбады. Осы төрт мазһабтың әрқайсын әһли сүннеттен миллиондаған адам ұстанды. Төрт мазһабтың ақидасы бір болғандықтан, бір-біріне қате демейді, бидғатшы, адасушы деп білмейді. «Дұрыс жол осы төрт мазһабта» деп әрқайсы өз мазһабының дұрыс болу ықтималы көбірек деп біледі. Ижтиһадпен аңғарылатын мәселелерде исламның айқын әмірі болмағандықтан, бір адамның мазһабы қате болып, қалған үш мазһабтың бірінің дұрыс болу ықтималы бар болса да, әркім «Менің мазһабым дұрыс, қате болу ықтималы да бар, басқа үш мазһаб қате, дұрыс болу ықтималы да бар» деуі керек. Осылайша зәру жағдай, қиындық болмайынша бір амалды бір мазһаб бойынша, басқа амалды басқа мазһаб бойынша орындап, төрт мазһабты араластыру рұқсат болмайды. Кімде-кім төрт мазһабтың қайбірін ұстанатын болса, яғни қай мазһабты таңдаған болса, сол мазһабтағы білімді үйренуі, зәрулік, қиындық болмайынша барлық амалында сол мазһабқа бағынуы қажет. [Тек қана бір амалды орындауда қиындық туындаса, яғни өз мазһабы бойынша орындауға мүмкіндік болмаған бір амалды басқа мазһабқа жүгініп орындау рұқсат болады. Бірақ екінші мазһабтың сол амалға байланысты шарттарына, яғни парыздары мен мүфсидтеріне мән беруі керек. Ханафи мазһабының ғалымдарының осындай амалдарда малики мазһабын тақлид етуге (үкімін ұстануға) фәтуа бергені Ибн Абидиннің «Никахи-и рижи» бөлімінде жазылған]. Ғалымдардың көбі ханафи мазһабының дұрысырақ екенін айтқан. Сондықтан ислам мемлекеттерінің көбінде ханафи мазһабы орныққан. Түркістан мен Үндістанның және Анадолының толығы дерлік ханафи. Африканың батыс тарапының бәрі малики. Үндістанның кей жағалауларында да бар. Шафиилер Мысырда, күрдтерде, Арабстанда және Дағыстанда көп. Ханбалилер аз. Кезінде Шам мен Бағдатта көп еді. «Әдиллә-и шәрия» [яғни діни білімдерде мүжтәһид имамдарға дәлел, қайнар] төртеу: «Құран кәрім», «Хадис шәрифтер», «Ижма-и үммет» және «Қияс-и фуқаһа». Мүжтәһидтер бір амалдың қалай орындалатынын Құран кәрімде анық таба алмаса, хадис шәрифтерге қарайды. Хадис шәрифтерде де анық таба алмаса, бұл мәселеде «Ижма» бар болса, солай орындау керектігін айтады. [Ижма – сөз бірлігі деген сөз. Яғни сол амалды асхаби кирамның барлығының бірдей түрде орындауы немесе айтуы деген сөз. Асхаби кирамнан кейін келген табиин буынының да ижмасы дәлел, құжат. Одан кейін келгендердің, әсіресе осы замандағы адамдардың, діндегі реформисттердің, дін надандарының істегендеріне, айтқандарына ижма деп айтылмайды]. Бір амалды қалай орындау керек екенін ижмамен де біле алмаса, мүжтәһидтердің қиясы бойынша орындау қажет болады. Имам Малик (рахметуллаһи алейһ) осы төрт дәлелден басқа Мәдинаның сол замандағы халқының сөз бірлігін де дәлел деп қабылдады. Бұл әдеттері ата-бабаларынан және соңында Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрініп салт-дәстүр ретінде келген деді. Бұл дәлелді қиястан да берік деді. Бірақ басқа үш мазһабтың имамдары Мәдина халқының сөз бірлігін дәлел ретінде алмады. Ижтиһад жолы екеу: бірі Ирак ғалымдарының жолы болып, мұны «Рәй жолы» деп атайды. Яғни қияс жолы. Бір амалдың қалай орындалатыны Құран кәрімде және хадис шәрифтерде айқын көрсетілмеген болса, соған ұқсайтын басқа амалдың қалай орындалатынын іздеп табады. Осы амалды сол сияқты орындайды. Асхаби кирамнан кейін (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) бұл жолдағы мүжтәһидтердің көшбасшысы Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахметуллаһи алейһ). Екінші жол Хижаз ғалымдарының жолы болып, мұны «Риуаят жолы» деп атайды. Олар Мәдинаның сол замандағы халқының әдет-ғұрпын қиястан жоғары санайды. Бұл жолдағы мүжтәһидтердің көсемі Имам Малик (рахметуллаһи алейһ), ол өзі Мәдинада тұратын. Имам Шафии мен Ахмед бин Ханбал да (рахметуллаһи та'ала алейһима) Имам Маликтың сұхбатына қатысқан. Имам Шафии Имам Маликтың жолын үйренген соң Бағдат тарапына барып, Имам Ағзамның шәкірттерінен білім алып, бұл екі жолды біріктірді. Бөлек ижтиһад жолын құрды. Өзі тілмар, шешен, әдебиетші болғандықтан, аяти карималар мен хадис шәрифтердің баяндау түріне қарап, күштірек деп санаған тарапы бойынша амал ететін. Екі тарапта да басымдылық таппаса, сол кезде қияс жолымен ижтиһад ететін. Ахмед бин Ханбал да Имам Маликтың жолын үйренген соң Бағдат тарапына барып, Имам Ағзамның шәкірттерінен қияс жолын алды, дегенмен көп хадис шәриф жаттағандықтан, әуелі хадис шәрифтердің бір-бірін күшейтуіне қарап ижтиһад еткен. Осылайша ахкам-и исламияның көбінде басқа үш мазһабтан бөлінген. Бұл төрт мазһабтың жағдайы бір қаланың халқының жағдайына ұқсайды, олар туындаған бір мәселені қалай шешетінін заңнан таба алмаса, сол қаланың абыройлы, алдыңғы қатарлы адамдары жиналып, сол мәселені заңның соған ұқсас бөліміне ұқсатып шешеді. Кейде өзара келісе алмай, кейбірлері мемлекеттің мақсаты – аудандарды жөндеу, адамдардың жайлылығы дейді. Ол мәселені пікірлері және көзқарастарымен заңның бір бөліміне ұқсатады. Олар ханафи мазһабына ұқсайды. Кейбірлері мемлекеттің орталығынан келген қызметкерлердің іс-әрекетіне қарап, ол мәселені олардың іс-әрекетіне сәйкестендіріп, мемлекеттің мақсаты осылай жасау дейді. Олар малики мазһабына ұқсайды. Ал кейбірлері заңның не айтқанына, жазудың баяндалуына қарап сол мәселені орындаудың жолын табады. Олар шафии мазһабы секілді. Ал бір бөлігі заңның басқа бөлімдерін де жинақтап, бір-бірімен салыстырып, ол істі дұрыс орындай алудың жолын іздейді. Олар ханбали мазһабына ұқсайды. Қаланың алдыңғы қатарлыларының әрқайсысы бір жол тауып, бәрі жолының дұрыс әрі заңға сай екенін айтады. Ал заңның талабы бұл төрт жолдың бірі болып, қалған үшеуі қате. Бірақ заңның аясынан шығуы заңды білмегені үшін, мемлекетке қарсы шығу үшін болмай, бәрі заңға бағынуға, мемлекеттің бұйрығын орындауға тырысқандықтан, ешбірі кінәлі саналмайды. Бәлкім осылай тырысқаны үшін құптау табады. Бірақ дұрысын тапқан адам көбірек құптау көріп, марапатын алады. Төрт мазһабтың жағдайы да осындай. Аллаһу та'ала қалайтын жол әлбетте біреу. Төрт мазһаб бөлінген бір мәселеде біреуі дұрыс болып, қалған үшеуінің қате болуы қажет. Бірақ әр мазһаб имамы дұрыс жолды табуға тырысқандықтан, қателескендері кешіріледі. Тіпті сауап алады. Өйткені пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Үмбетіме қателескені және ұмытқаны үшін жаза жоқ» деді. Бұл бөлінуі кейбір мәселелерде болып, ғибадаттардың көбінде, яғни Құран кәрім мен хадис шәриф ашық түрде көрсеткен үкімдерде және сенімдерде араларында толықтай бірлік болғандықтан, бір-бірін жамандамайды. [Сұрақ: Британдықтар Арабстанда құрған қате ағымдағы уаһһабилердің және олардың кітаптарын оқитындардың айтатыны: «мазһабтар екінші ғасырда пайда болды. Сахабалар мен табиин қай мазһабта еді?» Жауап: Мазһаб имамы дегеніміз – Құран кәрім мен хадис шәрифтерде айқын көрсетілген діни білімдерді асхаби кирамнан естіп жинақтаған, кітапқа түсірген үлкен ғалымдар деген сөз. Айқын көрсетілмеген білімдерді айқын көрсетілгендерге ұқсатып шығарған. «Хадиқа» кітабы үш жүз он сегізінші (318) бетінде былай делінеді: «Белгілі болған төрт имам заманында басқа мазһаб имамдары да бар еді. Олардың да мазһабтары бар болатын. Бірақ олардың мазһабтарын ұстанатындар азайып, қазір мүлде қалмады». Асхаби кирамның әрқайсысы мүжтәһид еді. Бәрі де терең ғұлама, мазһаб имамы еді. Әрбірі өз мазһабында еді. Бәрі де мазһаб имамдарымыздан үстемірек, білімдірек еді. Мазһабтары дұрысырақ, құндырақ еді. Бірақ олардың кітаптары болмағандықтан, мазһабтары ұмытылды. Төрт мазһабтан басқасына еруге мүмкіндік қалмады. «Асхаби кирам қай мазһабта еді?» деп айту «полк командирі қай ротадан?» немесе «физика пәнінің мұғалімі мектептің қай сыныбының оқушысы?» дегенге ұқсайды]. Хижреттен төрт жүз [400] жыл өткен соң мұтлақ ижтиһад жасай алатындай терең ғалым қалмағаны кітаптарда жазулы. «Хадиқа» кітабының тағы да үш жүз он сегізінші [318] бетіндегі хадис шәрифте өтірікші, адасқан дін адамдары көбейетіні хабар берілген. Сондықтан әһли сүннет болған әр мұсылманның белгілі болған төрт мазһабтың бірін таңдап «Тақлид» етуі (ұстануы) қажет. Яғни сол мазһабтың «Ілімхал» кітабын оқып үйренуі, иманын және бүкіл амалдарын соған сай қылуы керек. Осылайша сол мазһабқа кірген болады. Төрт мазһабтың бірін ұстанбайтын адам әһли сүннет (сүнни) бола алмайды. Оны «Мазһабсыз және зындық» деп атайды. Мазһабсыз адам не жетпіс екі адасқан топтың бірінде, не кәпір болған. Осындай екені «Бахр», «Хиндия» кітаптарында, «Тахтауи»-дың Зәбаих бөлімінде және «Ибн Абидин»-нің бағилер (көтерілісшілер, бүлікшілер) бөлімінде жазылған. «Әл-бәсаир» кітабының елу екінші бетінде және Ахмед Сауи (рахметуллаһи алейһ) тәфсирінде, «Кәһф» сүресінде осылай жазылған. «Мизан-ул кубра» кітабының авторы (рахметуллаһи та'ала алейһ) кіріспесінде былай дейді: «Ұмытылған мазһабтардың және бүгінде бар болған төрт мазһабтың барлығы хақ, сахих. Бірінің өзгесінен үстемдігі жоқ. Өйткені бәрі бірдей дін қайнарынан алынған. Барлық мазһабтарда орындалуы оңай амалдар [Рұқсат] болуымен қатар, орындалуы қиын [Азимет] болған амалдар да бар. Азимет болған амалды орындай алатын адамның оңай амалды орындауға кірісуі дінмен ойнау болып саналады. Азиметті орындауға шамасы жетпейтін, үзірлі адамның рұқсат болғанын орындауы жаиз болады. Ондай адамның рұқсат болғанын орындауы азимет орындағандай көп сауап болады. Әлсіз болмаған адамның өз мазһабындағы рұқсаттарды орындамай, азиметтерді орындауы уәжіп. Тіпті өз мазһабында тек рұқсаты болған амалдың басқа мазһабта азиметі болса, сол азиметті орындауы уәжіп болады. Мазһаб имамдарынан бірінің сөзін жақтырмаудан немесе өз ойын оның сөзінен үстем санаудан аса сақ болу керек. Өйткені мүжтәһидтердің білімі мен түсінігінің қасында басқа адамдардың білімі мен түсінігі дым болмай қалады». Үзірі болмаған адамға өз мазһабында рұқсатпен амал ету жаиз болмағанда басқа мазһабтағы жеңілдіктерді іздестірудің, яғни мазһабтарды «Тәлфиқ» етудің мүлде жаиз емес екені аңғарылуда. «Дуррул мухтар» кітабының авторы (рахметуллаһи та'ала алейһ) кіріспесінде және оның «Рәддул мухтар» хашиясында [яғни Ибн Абидинде] былай дейді: «Бір амалды, ғибадатты орындағанда мазһабтардың жеңілдіктерін іздеп, сол бойынша орындау батыл (сахих емес, қате). Мысалы дәретті адамның терісінен қан ақса, шафии мазһабында дәреті бұзылмайды. Ханафиде бұзылады. Бөтен әйелдің терісіне ер адамның терісі тисе, шафииде дәреті бұзылады. Ал ханафи мазһабы бойынша бұзылмайды. Дәрет алған соң терісінен қан шыққан немесе терісі бөтен әйелдің терісіне тиген адамның осы дәретпен оқыған намазы сахих болмайды. Осы секілді бір амалды бір мазһаб бойынша орындағанда екінші мазһабты да ұстану бір ауыздан батыл. Мәселен шафии мазһабын ұстанып басының аз жерін мәсіһ еткен адамға ит келіп үйкелсе, ол адамның маликиді тақлид етіп сол жерін жумастан оқыған намазы сахих болмайды. Өйткені шафииде ит үйкелген адамның намазы сахих болмайды. Маликиде ит нәжіс емес, бірақ басын толықтай мәсіһ етуі қажет. Тағы осы секілді, қорқытып айтқызылған талақ ханафиде сахих болады. Басқа үш мазһабта сахих болмайды. Ол адамның шафии мазһабының үкімін қолданып, ажырасқан әйелімен және ханафидың үкімін қолданып сол әйелдің қыз бауырымен бір уақытта неке құруы жаиз емес. Өйткені бір амалды орындағанда мазһабтарды «Тәлфиқ» ету, яғни жеңілдіктерін іздеп сол бойынша амал ету бір ауыздан сахих емес. Төрт мазһабтың ешбірін ұстанбай бір амалды орындау да жаиз емес». Намаз уақыттарын түсіндіргенде былай деген: «Сапар және қатты жаңбыр секілді үзір болғанда бесін мен екіндіні және ақшам мен құптанды қосып оқу шафииде жаиз (рұқсат). Ханафиде рұқсат емес. Ханафи адам жолаушы (сафари) кезінде машақат болмаса да бесінді екінді уақытында оқыса харам болады. Өз мазһабы бойынша хараж (қиындық), яғни машақат болған кезде өз мазһабындағы рұқсатпен амал етуі жаиз болады. Рұқсатпен де орындау машақат болса, басқа мазһабты тақлид ету жаиз, бірақ сол мазһабта сол ғибадаттың парыз және уәжіп болған үкімдерін де орындауы керек». Бір амалды, ғибадатты орындағанда басқа мазһабты тақлид еткен адам өз мазһабынан шыққан болып есептелмейді. Мазһабын ауыстырған болмайды. Тек қана сол амалды орындағанда басқа мазһабтың шарттарына мән беруі керек. Ибн Абидин (рахметуллаһи та'ала алейһ) «Рәддул мухтар» кітабының екінші томы, бес жүз қырық екінші бетінде былай делінеді: «Ханафи адам дәрет алғанда ниет етпесе, сол дәретпен бесінді оқыса, жаиз болады. Екіндіден кейін шафии болып, екіндіні оқыса, сахих болмайды. Ниет етіп қайтадан дәрет алуы қажет болады». «Тазир» үкімінің түсіндірмесінде былай делінеді: «Кімде-кім діни, ғылыми қажеттілік болмастан дүниелік істері үшін мазһабын ауыстырса, дінін ойыншық қылған болады. Оның жазалануы қажет болады. Имансыз өлуінен қорқылады. Аяти каримада: «Білетіндерден сұраңдар!» делінген. Сондықтан мүжтәһидтен сұрау, бір мазһабты ұстану уәжіп болды. Бір мазһабты ұстану, яғни мазһабқа еру сол мазһабта екенін айту арқылы болады. Айтпастан жүрекпен ниет ету арқылы да болады. Мазһабты ұстану – мазһаб имамының сөздерін оқып, үйреніп, орындау деген сөз. Үйренбей, білмей, мен ханафимын, мен шафиимын деумен сол мазһабқа кірген болып саналмайды. Ондай адамдар ұстаздардан сұрап, ілімхал кітаптарынан оқып үйреніп ғибадат ету керек». Куәгерлікті түсіндірген кезде былай жазған: «Мазһабқа мән бермей немесе ыңғайына келгенін істеу үшін мазһаб ауыстырған адамның [және мазһабтарды біріктірген, жеңілдіктерін таңдап жинаған адамдардың] куәгерлігі қабыл болмайды». Ибн Абидин кіріспесінде былай дейді: «Халифа Харун Рашид Имам Маликке «Ислам мемлекеттерінің барлық жеріне сіздің кітаптарыңызды таратуды және бәрінің тек осы кітаптарды ұстануын әмір етпекшімін» деді. Сонда Имам Малик: «Йа, халифа, олай істемеңіз! Ғалымдардың мазһабтарға бөлінуі Аллаһу та'аланың бұл үмбетке деген рақымдылығының бірі. Әркім қалаған мазһабын ұстанады. Мазһабтардың бәрі дұрыс» деп жауаптады». «Мүмин», «Мүслим», «Мұсылман» дегеніміз – Аллаһу та'ала тарапынан Мұхаммед алейһиссалам арқылы адамдарға көрсетілген және ислам мемлекеттеріне тараған діни білімдерге сенетін, қабылдайтын адам деген сөз. Бұл білімдер Құран кәрімде және мыңдаған хадис шәрифтерде білдірілген. Бұл білімдерді асхаби кирам пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естіген, «Сәләф-и салихин», яғни асхаби кирамнан кейінгі екінші және үшінші ғасырларда келген ислам ғалымдары да асхаби кирамнан естіп немесе сол естігендерден естіп, кітаптарына жазған. Кейіннен келген ислам ғалымдары сәләф-и салихиннің кітаптарындағы білімдерді басқа-басқа түсіндірген, бір-бірінен бөлінген, мағыналары ашық түрде көрсетілмеген, сену қажет болған білімдерде жетпіс үш түрлі топ пайда болған. Олардан тек бір топ қана осы түсіндірмелер жасағанда өз пікірін, көзқарасын араластырмаған, өзгеріс пен қосымша жасамаған. Осы дұрыс иманды топ «Әһли сүннет» немесе «Сүнни» деп аталады. Күмәнді аяттарды және хадистерді қате тәуил етіп, ақидасы (сенімі) бұзылған жетпіс екі топқа «Бидғатшы» немесе «Адасушы» топтар яки мазһабсыз дейді. Олар да мұсылман. Бірақ «Адасқан» жолда. Мағыналары ашық түрде көрсетілмеген, сену керек болған нәрселерде Құран кәрімге және хадис шәрифтерге тек қана өз ақылы және көзқарасымен мағына беріп, иманы бұзылған, кәпір болған адамды «Мүлхид» деп атайды. «Мүлхид» өзін шынайы мұсылман әрі Мұхаммед алейһиссаламның үмбеті деп біледі. Ал «Мұнафық» мұсылман болып көрінеді. Бірақ ол басқа дінде. «Зындық» – дінсіз. Ешбір дінге сенбейді. Мұсылмандарды дінсіз, атеист қылу үшін мұсылман болып көрінеді. «Дінде реформа» жасау, ислам дінін өзгертіп, бұзып, жойып жіберуге тырысады, ол ислам дұшпаны. Өте зиянды. Масондар мен британдық тыңшылар осындай. «Мұсылман» болу үшін сену қажет болған білімдер тек сенетін алты нәрсе емес. Баршаға мәлім «Парыз»-дарды орындау керек екеніне және «Харам»-дарды істемеу, олардан сақтану керек екеніне сену де мұсылман болу үшін қажет. Парыздарды орындаудың және харамдардан сақтанудың бірінші міндет екенін қабылдамайтын адамның иманы кетеді, «Мүртәд» болады. Бұларды қабылдайтын, бірақ нәпсіне және жаман достарына еріп, парыздардың біреуін немесе бірнешеуін орындамайтын, яки бір немесе бірнеше харам істейтін адам – мұсылман. Бірақ кемшілікті, айыпты мұсылман. Ондай мұсылмандарды «Фасық» деп атайды. Парыздарды орындауды және харамдардан сақтануды «Ғибадат» жасау дейді. Ғибадат етуге тырысатын, ғибадатында нұқсандық болғанда дереу тәубе ететін мұсылманға «Салих» делінеді. Қазіргі кезде еркін мемлекеттерде тұрып, иман келтіретін алты нәрсені және баршаға мәлім парыздар мен харамдарды білмеу үзір емес. Үйренбеу үлкен күнә. Қысқаша үйрену және балаларына үйрету қажет. Мән бермей, маңызды санамай үйренбесе кәпір болады. Тек қана «Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуһу уә Расулуһ» деген және мағынасын біліп сенген кәпір сол мезетте мұсылман болады, дегенмен ақырындап иман келтіретін алты нәрсені және әр мұсылманға парыз бен харам болған мәшһүр білімдерді үйреніп білуі, білетіндердің, яғни мұсылмандардың оған үйретуі қажет. Үйренбесе мұсылмандықтан шығып «Мүртәд» болады. Бұларды әһли сүннет ғалымдары жазған дұрыс «Ілімхал» кітаптарынан үйренуі қажет. [Әһли сүннет білімдерінен хабары жоқ профессорлардың конференцияларына және кітаптарына алданбау керек]. |

