21 - Рабиул-ахир, 1447 жыл.
     13 - Қазан, 2025 жыл.   

  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Суреті бар жайнамаз бен киім қолдану

Суреті бар жайнамаз бен киім қолдану

Сұрақ: Киім, жайнамаз, қол орамал немесе осы сияқты нәрселерде сурет болса, мұның діни тұрғыда зияны бар ма?

Жауап: Сәйид Абдулхаким Арваси хазрет:

«Бетінде жандының суреті бар қол орамал, ақша секілді заттарды қолдану рұқсат. Өйткені ондай нәрселер қадірсіз, маңызсыз, құнды заттар емес» деген. «Әл фиқһу аләл мәзаһибил әрбаа» кітабында да осылай жазылған. Ибн Хажәр Хийтәми Мекки хазрет фәтуасында былай деген:

«Қол орамал, ақша секілді нәрселерде жандының суреті болуының зияны жоқ. Өйткені жандының суретін құрметтелетін жерлерде қолдануға рұқсат жоқ, ал құрмет етілмейтін нәрселерде рұқсат».

Олай болса, жерде және жерге төселетін затта, жастық, алаша, қол орамал, ақша, пошта маркасында, сондай-ақ қалта, сөмке, шкаф секілді жабық жерлерде және киімнің кіндіктен төмен бөліктерінде болуы рұқсат етілген, ал кіндіктен жоғарыда болуы, қабырғаның кіндіктен жоғары бөлігінде ілініп тұруы харам. Әйел суреттерін және әурет жерлері ашық суреттерді шәһуатсыз болса да барлық жерде қолдану әрі оларға шәһуатпен қарау харам. «Хадиқа» кітабында былай делінеді:

«Бетінде жазу, тіпті бір әріп бар болған қағазды, жамылғыны, жайнамазды жерге қою, жерге төсеу тахримән мәкрух. Оларды не мақсатта болса да қолдану және жерге төсеу қорлау болып саналады. Ал әдейі қорлау үшін жерге төсеу және қолдану күпір болады. Қабырғаға жазу, жазуларды іліп қою рұқсат делінген». Жандының суреті бар киіммен намаз оқу мәкрух.

Бұдан түсінетініміз, қағбаның, мешіттің суреті немесе жазуы бар жайнамазды намаз оқу үшін жерге төсеу рұқсат емес. Бұларды сән үшін қабырғаға ілу рұқсат болады.

Ислам діні адамдардың мазақ етілуіне, жандыларға табынуға, жастардың ұятсыздыққа жетеленуіне, жанұялардың бұзылуына себеп болатын адам суреттерін, мүсіндерін харам еткен, жандылардың анатомиялық мүшелерінің, өсімдіктердің және әртүрлі физика, химия, астрономия, архитектура суреттерін халал еткен, еркіндік берген. Ғылымда, технологияда қажет болған суреттерді салуды, олардан пайда шығаруды әмір еткен. Ислам діні барлық мәселеде болғанындай суреттерді де пайдалы және зиянды деп екіге бөлген, пайдалы болғандарын әмір етіп, зиянды болғандарына тыйым салған. Олай болса кәпірлердің «Мұсылмандар суретке күнә дейді, бұл болса керітартпалық» деуі қып-қызыл жала және бос пікір.