Негізгі бөлім
/
Пайғамбарымыз
/
"Асхаби кирам" кітабы
/
АСХАБИ КИРАМ КІТАБЫНДА ЕСІМІ АТАЛҒАНДАРДЫ ТАНЫСТЫРУ
Негізгі бөлім
/
Пайғамбарымыз
/
"Асхаби кирам" кітабы
/
АСХАБИ КИРАМ КІТАБЫНДА ЕСІМІ АТАЛҒАНДАРДЫ ТАНЫСТЫРУ
АСХАБИ КИРАМ КІТАБЫНДА ЕСІМІ АТАЛҒАНДАРДЫ ТАНЫСТЫРУАСХАБИ КИРАМ КІТАБЫНДА ЕСІМІ АТАЛҒАНДАРДЫ ТАНЫСТЫРУ Кітапта есімі өткен екі жүз алпыс бес есім әліпби реті бойынша төменде жазылды. Әрқайсының есімдері кітапта аталған беттерінің нөмірі өмір баяндарының соңында жазылған. 1) АББАС (радиаллаһу анһ): Абдулмутталибтың ең кіші ұлы, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көкесі. Расулуллаһтан үш жылға үлкен еді. Бәдір соғысында дұшпан әскерінің қатарында еді. Тұтқынға түсті. Ақша беріп құтылғандардан еді. Меккеге қайтқан кезінде мұсылман болды. Меккені жаулап алудан бірнеше ай бұрын Мәдинаға хижрет етті. Ол мухажирлердің соңғысы. Меккені жаулап алуға және Хунәйн соғысына қатысты. Хадис шәрифпен мақталды. Өмірінің соңында көзі көрмей қалды. Отыз екінші жылы Мәдинада қайтыс болды. Сексен сегіз жасында еді. Бақи мазарына жерленген. Ұзын бойлы, ақ реңді және сымбатты еді. Он ұлы бар еді. Аббаси халифалары хазреті Аббастың ұрпақтары. Кербеладағы үлкен кесенеде жатқан Аббас басқа адам, ол хазреті Хусейннің әке арқылы бауыры. 70, 102, 116, 119, 129, 178, 186, 190, 191, 195, 200, 243, 302, 326, 329, 331, 359.
2) АБДУЛАЗИЗ ХАН: Османлы патшаларының отыз екіншісі және ислам халифаларының тоқсан жетіншісі. Сұлтан екінші Махмұдтың екінші ұлы. 1245 [м.1830] жылы дүниеге келіп, 28 маусым 1277 [м.1861] жылы халифа болды. 1293 [м.1876] жылы Долмабахче сарайынан алынып, Топкапы сарайына қамалды. Бес күннен кейін Мидхат паша және сераскер [қорғаныс министрі] Хусейн Авни паша, Сүлейман паша және достары тарапынан Фәрийя сарайында Құран кәрім оқып отырғанда білек тамырларын кесіп шәһид етілгені Сұлтан Уахидеддиннің бас хатшысы Әли Фуадтың естеліктерінде жазылған (рахметуллаһи та'ала алейһ). Фәрийя сарайы Бешикташ пен Ортакөй арасында Галатасарай лицейінің орта жағы болған ғимарат. Сұлтан Махмудтың кесенесінде жерленген. Сұлтан Мұрад осы азапты өлімді естігенде қорқыныштан есі кетіп, ақылынан алжыды. «Құжаттарымен Түрік тарихы журналы»-ның 1967 жылғы қараша айының 2 нөмірлі санында жазылуы бойынша, Стамбұл университетіне қарасты құнды туындылар қатарында Ибнул Әмин Махмұд Кемал бейдің [3310] нөмірлі дәптерінде сұлтан Абдулазиз ханның анасы Пертевниял ханым өзі сөйлеп жаздырған «Сәргузәшт-нама» (басынан өткерген оқиғалары жинағы) бар. Йылдыз құжаттары арасында байқалып, Ибнул Әмин Ахмед Тәуфиқ бей 1336 [м.1918] жылы көшірмесін шығарған осы сәргузәштнамада Пертевниял ханым сол күндерді былай баяндайды: 1293 [м.1876] жылы жәмазиәл әууал айының жетінші [30 мамыр] күні таңға жақын сағат сегізде сұлтанның анасын оятып төсегінен тұрғызады. Анасы ұлы Абдулазиз ханды оятады. Халифа: «Ана, мұны маған кім істеді? Мені сұлтан Сәлимге жолдамақшы ма? Мен кімге не істеп қойдым?» дейді. Сұлтанның анасы: «Авни паша істеді» дейді. «Авни жалғыз өзі істемеді. Рушду паша мен Ахмед және Мидхат пашалардың да бұл іске қатысы бар. Мен бұл пәлекетті отыз-қырық рет түсімде көрдім. Бұдан кейін Жәбрейіл аспаннан түссе де ел басшысы болмаймын. Аллаһу та'аланың тағдыры осындай екен» дейді. 30 мамыр 1876 жылдың сейсенбі күні қайықпен Топкапы сарайына апарылып, үшінші Сәлим хан шәһид етілген бөлмеге қамалады. Оған сорпа жібереді. Қызметші «Қасықсыз мырзамыздың алдына қалай қоямын?» дегенінде сынған ағаш қасық береді. Халифа біраз сорпа ішеді. Дәрет алуға шәркей сұрайды. «Рұқсат жоқ» деп бермей қояды. Дәретханаға жалаң аяқ кіреді. Үш күн қара тақтайдың үстінде аш, сусыз қалдырылады. Қайықта жаңбырдан суланған киімін шешейін деп пижама сұрайды. «Болмайды» деп бермейді. Сұлтан Мұратқа ашықхат пен хат жолдау арқылы қайғысын білдіріп жалбарынады. Төртінші күні (2 маусымның таңы) сұлтан Мұраттың жарлығы деп Фәрийя сарайына апарады. Ішке жылдам кіргендіктен қарауыл әскер көкірегінен итереді. Сұлтан: «Анам қайда?» деп сұрайды. Анасы жүгіріп келіп жоғары шығарады. Әскердің құрметсіз сөйлегенін байқап: «Анашым, бұлар мені өлтіреді» деп жылайды. Екі күннен кейін ескі жыртық киімдер жібереді. Әскер «Қылышын берсін» деп келе береді. Өзі бермесе де анасы жасырын түрде беруге мәжбүр қалады. 4 маусымның таңында анасы ішке кіріп, есіктің ашық екенін және халифаның қан жоса күйде жатқанын көріп айқайлайды. Халифа қолын анасының кеудесіне қойып «Аллаһ, Аллаһ» дейді. Келгендер анасын басқа бөлмеге апарып, құлағындағы сырғасын және жүзігін шешіп алады. Халифаны ескі пердеге орап, Ортакөй полиция бөлімшесіне апарады. Жан таласып жатқанында Рушду, Мидхат және Авни пашалар мен сыбайластары «Бізді қызметтен босат!» деп мазақ етеді. Анасы: «Арыстаным шәһид болды. Мені де шәһид етсін!» деп айқайлайды. Әскер келіп: «Сұлтан Мұрат бұйрық берді, сізді Бейлербейі сарайына апарамыз» дейді. Анасы: «Менің орным Жаңа сарай» дейді. Анасын қолынан сүйреп жалаң аяқ, орамалсыз полиция бөлімшесіне апарады, мұның бәрін пашалардың көзінше істейді. Халифаның жұбайларының бірі Тирял ханым келіп: «Аллаһ разылығы үшін намысын таптамаңдар. Ең болмағанда көлікпен апарыңдар» дейді. Пашалар жетістіктеріне қуанып, қарқылдап күліп тұрған еді. Тирял ханымның көлігіне мінгізіп, жаңа сарайға (Топкапы сарайына) апарады. Басқа көлікпен Тирял ханымды да қинап сол жаққа апарады. Үш күннен кейін қыздардың тәрбиешісі Топкапы сарайына келеді. Екі сұлтанның бөлек бөлмелерде есінен танып жатқанын көреді. Алты түннен кейін бөлмелеріне шырақ жібереді. Отыз сегіз күннен кейін Фәрийя сарайына апарады. Есік-терезелері шегеленеді. Сегіз күн бойы анасына зорлық көрсетіп, «Байлығың қайда, жасырған жеріңді айт» деп қинайды. Тоғызыншы күні терезелері ашылады. 31 тамыз, 1876 жылы бесінші Мұрат тақтан түсіріліп, Долмабахче сарайынан Чыраған сарайына көшіріледі. Сұлтан Абдулхамид хан таққа отырғанда зорлық-зомбылықтан құтылып, бәрі жеңілдік табады. Сұлтандарға көрсетілген қорлықтардың олар сұлтан Мұраттың бұйрығымен болғанын айтатын еді. Алайда сұлтан Мұраттың ештеңеден хабары жоқ еді. Сұлтан Абдулазиздың ашықхаттарын және жалбарынуларын пашалар сұлтан Мұратқа көрсетпеген. Сұлтанның атынан өздері жауап жазып алдағаны [м.1959] жылғы әскери тарих журналында ұзақ жазылған. [м.1967] жылы Стамбұлда басылған Т.Йылмаз Өзтунаның «Түркия тарихы» кітабының он екінші томында қысқаша былай жазылған: «Сұлтан Абдулазиздың өлтірілуі бірнеше опасыз немесе аңқау үкімет адамдарының жеке менмендіктерін қандыру үшін болды. Олардың басында садри азам (премьер-министр) Хусейн Авни паша тұрған еді. Ол штабта жетіліп, үш рет сераскер (қорғаныс министрі) болған еді. Қарапайым отбасыдан шыққан. «Кекшілдігім – дінім» дейтін кекшіл адамдардың бірі еді. Масон Фуад пашаның жетілдірген адамы еді. Қасиетсіздігі және жамандығы үшін қызметінен босатылатын, кейін түрлі жолдармен өзіне мансап тауып отырып алатын. Махмуд Недим паша тарапынан қызметінен босатылып, сүргінге ұшырағаны және мансабы мен медальдары алынғандықтан, патшаға кек сақтады. Сұлтанды тақтан тайдыруға және өлтіруге шешім қабылдады. Лондонға барып, ағылшындармен бұл істі жоспарлады. Қастандықтың екінші адамы Мидхат пашаның батыстың мәдениеті болмауымен қатар, діни білімі де жоқ еді. Туна мен Бағдат аудандарында атқарған істері Еуропа баспаларында қошемет көрген, әсіресе ағылшындар тарапынан асыра мақталған. Ол сезімдеріне берілген, асығыс және қате шешім шығарып, соның кесірінен жақсы қызмет атқаруға қабілеті жоқ адам еді. Әли паша секілді өмірінің соңына дейін премьер-министр болып қалатынын ойлап, екі айда қызметінен босағанын көтере алмай, намысына тиіп, патшаға дұшпан болған еді. Ішкілік үстінде мемлекетке қарсы шешім шығаратын. Англиядағы парламенттік басқарманы толықтай енгізсе, Түркияның дәл Англия сияқты болатынын ойлайтын. Осындай басқару жүйесін жүргізе алатын жалғыз адамның өзі екеніне сенетін. Мидхат паша конституциялық монархияны орнату үшін тақтан тайдыру ісіне араласты деу шындыққа еш сәйкес келмейді. Авни паша тақтан тайдыру жоспарын алғаш Мидхат және Ширванизаде Мұхаммед Рушду пашаларға, кейін сол кездегі садри азам, аудармашы Рушду пашаға ашты. Ширванизадеден қолдау көрмеген соң, оны Тайфқа жер аударып, сол жерде у беріп өлтірді. Мидхат паша садри азам Махмұд Недим пашаның өзін орталықтан алыстатпақшы екенін сезіп, бұл іске араласқан деуге болады. Тақтан тайдыру ісіне Мидхат пашаның бұйрығымен жалған пәтуа берген шәйх-ул ислам Хасан Хайрулла да бұл оқиғадан бұрын қызметінен алынған болатын, сол себепті сұлтанға өшпенділік сақтаған еді. Сұлтан Абдулазиз ол туралы: «Ол сарайда жүргенде бұзақы имам деп аталатын. Рушду пашаның ұсынысымен оны шәйх-ул ислам қылдық, Аллаһ сақтасын, бір нәрсе бүлдірмесе болғаны» деген болатын. Сұлтан Абдулазизді тақтан тайдыруды отансүйгіштік деп санаған жалғыз адам — соғыс мектебінің командирі Сүлеймен паша еді. 25 мамыр түні Редиф және Сүлеймен пашалар Авни пашаның Кузгунжуктағы үйінде жиналып, 300 әскери курсанттың Долмабахче сарайын қоршауын ұйымдастыруға шешім қабылдады. Курсанттарға: «Сұлтанды қорғауға бара жатырмыз» делінді. Авни паша сұлтанды өлтіруді көптен бері жоспарлап жүрген және ақыры осы қылмысты іске асырды. Сарайда ұзақ уақыт тыңшысы болған екінші мабейнші (сарай хатшысы) Фахри бейді бұл істі орындау үшін пайдаланды. Алжирлік Мұстафа палуан, Йозгаттық палуан Мұстафа чавуш және Боябаттық қажы Мұхаммед палуанды Фәрийя сарайына бағбан етіп орналастырды. Фахри бей мен бұл палуандар бөлмеге кіріп, ұзақ күрестен кейін сұлтанның білектерін кесіп, терезеден бақшаға қашып шықты. Авни паша айқай-шуды ести сала Кузгунжуктағы үйінен қайықпен бірден Фәрийяға келді. Өлім туралы анықтамаға қол қоюдан бас тартқан екі дәрігердің бірін Авни паша дереу Траблусғарбқа (Триполи) сүргінге жіберді. Екіншісі Омар бейдің погондарын сол жерде-ақ шешіп тастады. 1293 [м.1876] жылдың 4 маусымының таңында сұлтан Абдулазиздің Ортакөй жағасындағы Фәрийя сарайындағы бөлмесінен оғаш дауыстар естіле бастады. Сағат тоғыз жарымда бөлмеге кіргендер бұрынғы патшаны қан үстінде жатқан күйінде тапты. Келесі күні жарияланған үкімет хабарламасында былай делінді: «Сұлтан Абдулазиз сақалын түзету үшін сұратқан кішкентай қайшысымен екі білегінің тамырларын кесіп өзіне қол жұмсады. Сераскер Авни паша мәйітті полицияға жеткізді». Бұл хабарламаға қоса жарияланған дәрігерлік анықтама ешкімді иландыра алмады. Дәрігерлерге тек білектері ғана көрсетілген. Авни паша бірнеше жыл бұрын да сұлтан Абдулазизді улап өлтірмек болған. Мидхат паша бұл өлімді естігенде: «Патшаны қорғау өте қиын әрі қауіпті болғандықтан, осылай қайтыс болғаны жақсы болды» деген. Қаржы министрі Юсуф паша болса: «Малғұн оңбаған [Авни паша] патшаның түбіне жетті. Иншаллаһ жақында бұл қылмыскер де өлтіріледі» деген. Садри азам, аудармашы Рушду паша да: «Мәйітті полицияға алып бара жатқанда әлі тірі болған екен. Дәрігерлер де тірі екенін растады» деген. Үш палуанға жүз алтыннан жалақы тағайындалып, құпияны жария етуінің алды алынды. Сұлтан Абдулазиздің денесін жуындырған сегіз имам Йылдыз сотында: «Сұлтанның екі тісі сынған, сақалының сол жағы жұлынып алынған, сол жақ төсінің астында үлкен көгерген із бар еді» деп куәлік берген. Палуандар да кейіннен жасағандарын мойындады. Медицина ғылымы бойынша, өзін-өзі өлтірген адам екі білегінің тамырларын бірдей кесуге қауқарсыз. Хусейн Авни паша сұлтан Абдулазиздің тақтан тайдырылатынын бірнеше жыл бұрын Лондонда ағылшын министрлеріне айтуға батылы жетіп, осындай опасыздық жасаған. Осы себептен «Encyclopaedia Britannica» бұл істі өзіне қол жұмсау ретінде сипаттайды. Ал ең соңғы шыққан «Grand Larousse» оның өлтірілгенін жазды. 1940 жылғы «Larousse illustre» кітабында: «fut assassiné en 1876 – 1876 жылы өлтірілді» деп жазылған. 5 маусым күні оның жаназасы үлкен рәсіммен өткізілді. Топкапы сарайында жуындырылып, әкесі сұлтан Екінші Махмұд ханның Чемберліташтағы кесенесіне жерленді». Сүлейман паша бұл төңкерістің мақсаты – конституциялық басқару орнату екенін айтқанда, Авни паша оған: «Сен үндеме! Әскер саясатқа араласпайды!» деді. Алайда өзі әскери күшті әлдеқашан саясатқа араластырып қойған еді. Ол Балқан аймағындағы қайғылы оқиғаларға себепші болды. Шынында 2 шілдеде Серб және Черногория князьдіктері көтеріліс жасап, Балқан аймағы аласапыранға түсті. 24 сәуір 1296 [м.1877] жылы Ресейдің арағайындық ұсынысы қабылданбай, «93 соғысы» басталды. Бірден мушир (маршал) дәрежесіне көтерілген Сүлейман паша Шыпка асуын орыстарға беріп қойып, жеңіліске себеп болды. Плевнада үш рет жеңіске жетіп, «ғази» (ардагер) атағын алған Осман пашаны қызғанып, Мачка шайқасында да жеңіліп, Эдирнеге дейін қашты. Осылайша Эдирне де қирады. Орыстар Айастефаносқа (Ешилкөйге) дейін жетті. Ағылшындар осы жеңілісті пайдаланып, 1878 жылы 20 мамырда Стамбұлда Әли Суави көтерілісін ұйымдастырып, Абдулхамид ханды тақтан түсіріп, халифалықты жоюға тырысты. Дегенмен бұл әрекет сәтсіз аяқталды. Әли Суави масон болған, әйелі ағылшын еді. «Жаңа Түркия тарихы» кітабында: «Егер Абдулхамид ханның дипломатиялық ақылы мен зеректігі болмағанда, 93 соғысының зияны бұдан да ауыр болар еді» делінген. Сүлейман паша өмірін бос және қадірсіз өткізіп, 1309 [м.1891] жылы Бағдатта қайтыс болды. Абдулазиз ханды шәһид еткізген пашалар жетістіктеріне қуанып, Мидхат пашаның Баязиттегі үйінде 15 маусым түні жиналған болатын. Бөлмеге 26 жастағы штаб офицері, Черкес Хасан бей кіріп, Авни пашаны және сыртқы істер министрі Рашид пашаны атып өлтірді. Мидхат пашаны да қуып өлтірмек болды, бірақ паша асүйге қашып, аспаздың шкафына тығылып, өлімнен құтылды. Хасан бей жаралы күйде ұсталып, келесі күні Баязит алаңында шәһид болды. Эдирнеқапыдан Топқапыға барар жолдың оң жағындағы қабірінің үлкен тасында: «Әмірлер мен батырлар әулетінен шыққан Исмаил бектің ұлы, Әскери мектепті бітіріп, жас кезінде өзінің мейірімді ханы үшін жанын пида еткен Черкес Хасан бейдің қабірі» деп жазылған. Сұлтан Абдулазиз хан Черкес Хасан бейдің жездесі еді. Халифаның қорқынышты түрде өлтірілгенін және анасы Пертевниял ханымға жасалған зұлымдықты естіген соң Сұлтан Мурад қайғыдан және бұл пәлекет жолының соңын ойлаудан есінен айырылды. Сұлтан Абдулазиз хан он бес жылдық билік кезеңін Долмабахче сарайында өткізді. Ол осы сарайда тақтан түсірілді. Бесінші Мурад та үш айлық билігін осы сарайда өткізді. Абдулхамид хан бұл сарайда жеті ай тұрып, кейін Йылдыз сарайына көшті. Кейін ол Йылдыз сарайын салдырды. Сұлтан Мұхаммед Рәшад та Долмабахче сарайында тұрды. Сұлтан Абдулазиз хан [1278] жылы жаңа әскери форма енгізді. [1279] жылы пошта маркасы қолданылды. [1286] жылы Суэц каналы ашылды. [1288] жылы Стамбұлда трамвай қозғалысы басталды. [1292] жылы Галата туннелі салынды, әскери орта мектептері ашылды. [1279] жылы Османлы банкі ашылды. [1280] жылы жағалауларға маяктар орнатылды және мемлекеттік кеңес (Даништай) құрылды. [1284] жылы лицейлер ашылды. [1285] жылы өнеркәсіп мектептері ашылды. [1286] жылы Франция императрицасы Стамбұлға келді. [1287] жылы Австрия императоры Сұлтан Абдулазизге келді. [1287] жылы шығыс темір жолы салынды. [1287] жылы медицина академиясы, орман және кен мектептері ашылды және Ескі сарайдың сыртқы қақпасы, яғни қазіргі университеттің Баязит алаңына шығатын қақпасы салынды. [1288] жылы өрт сөндіру бөлімі құрылды. [1289] жылы жылжымалы су қоймасы жасалды және Дарушшафака лицейі ашылды. [1290] жылы Иран шахы сұлтан Абдулазизге келді және Измит темір жолы салынды. Абдулазиз хан да бауыры секілді ел басқаруын Әли және Фуад пашаларға және олардың тәрбиелеген масондарына тапсырды. Олар ағылшындардың саясатына сәйкес әрекет етті. Дағыстандық шәйх Шәмил жиырма жыл бойы орыстармен қаһармандықпен соғысып, олардың әскерін шегіндіріп жатқанда олар тек бақылап отырумен шектелді. 1283 [м.1866] жылы тұтқындалуына себепші болды. 1290 [м.1873] жылы Самарқанд, Бұхара және Хиваны басып алуына да осы адамдар себепші болды. Олар өмірлерін Еуропада өткізді. Елде болған кездерінде Танзимат жарлығындағы масон жоспарларын жүзеге асырумен айналысты. Бұл сатқындықтардың басты себебі – әлбетте халифаның аңқаулығы еді. Осы аңқаулығының салдарынан масондар мен оларға алданғандар тарапынан шәһид етілді. Сұлтан Абдулазиз Чыраған мен Бейлербейі сарайларын салдырды. Түрлі жерлерде де қосымша кіші сарайлар салдырды. Солардың бірі — Бейкоз сарайы. Чыраған сарайын алғаш рет Невшехирлік Дамад Ибрахим паша салдырған. Кейін оны Селим ханның қарындасы Бейхан ханым қайтадан салдырды. Ол ағаштан жасалып, өте сәнді болған. Ханым бұл сарайды бауыры Селим сұлтанға сатқан. Кейінірек Екінші Махмұд хан 1252 [м.1836] жылы оны бұзып, орнына ағаштан сарай салдырды. Бұл сарайда Сұлтан Абдулмәжит хан тұрған. 1271 [м.1855] жылы сарай бұзылған. Ал 1288 [м.1871] жылы Абдулазиз хан соңғы көркем сарайды төрт миллион алтын лираға салдырды. Бейлербейі сарайының орнында биікте бұрын бірінші Ахмед ханның «Шевк-абад» сарайы бар еді. Жағалауындағы сарайды екінші Махмұд хан ағаштан салдырған. Молткені (пруссиялық офицер) осы сарайында қабылдағанда шылым шегіп отырған еді. Абдулмәжит хан 1249 [м.1833] жылы осы сарайда Құран кәрімді хатым ету рәсімін өткізген. Сұлтан Абдулазиз хан 1282 [м.1865] жылы бұл ағаш сарайды бұзып, оның орнына мәрмәрдан салынған еңселі сарай салдырды. Сұлтан 1865 жылдың 21 сәуіріндегі жұма күні сарайға қоныстанды. Жаз мезгілдерін осы сарайда өткізетін. Балқан соғысындағы жеңілістен кейін Энвер және Талат пашалар екінші Абдулхамид ханды (рахимә-һуллаһу та'ала) Салониктен «Лорлей» атты неміс кемесімен Стамбұлға алып келіп, Бейлербейі сарайына орналастырды. Босфор жақ бетіндегі төменгі қабатта, артқы жақтағы бөлмеде орналасып, жетпіс алты жасында өкпе қабынуы (пневмония) дертінен 1336 [м.1918] жылдың 10 ақпанында қайтыс болғанға дейін осы жерде өмір сүрді. 294, 368. 3) АБДУЛБАҚИ МЫРЗА: Махмұд Бақи – Османлы ақындарының ұлыларынан. 933 жылы Стамбұлда дүниеге келіп, 1008 [м.1600] жылы қайтыс болды. Едирнекапы мазарында жерленген. Сүлеймания медресесінде ұстаз еді. Рәйс-ул уләма (ғұламалардың жетекшісі) болды. Халид бин Зәйд хабар берген хадис шәрифтерді жинақтаған. «Мәуаһиб-и ләдунния» аудармасы мәшһүр. 63, 353. 4) АБДУЛЖӘББАР ХАМАДАНИ: Мутәзили сенімінде еді. Қазы болған. Үш жүз елу тоғызыншы (359) жылы дүниеге келді Төрт жүз он бесінші 415 [м.1024] жылы Рәй қаласында қайтыс болды. Әкесі Ахмед. 91. 5) АБДУЛҒАНИ НАБЛУСИ: Исмаил Наблусидің ұлы. 1050 жылы Шамда дүниеге келіп, 1143 [м.1730] жылы сол жерде қайтыс болды. Үлкен ғұлама және кемел әулие еді. Фиқһ, тәфсир және хадис ғалымы болған. Жиырма жасында дәріс беруді бастады. 1075 жылы Стамбұлға келді. Көп кітап жазды. Екі томдық «Хадиқат-ун-нәдия» атты кітабы өте құнды. Темекінің күнә емес екенін мәлімдейтін кітабы және аудармасы «Нури Османия» кітапханасында бар. 10, 366. 6) АБДУЛХАҚ ДЕҺЛЕУИ: Әкесі Сәйфәддин. Үндістан ғалымдарынан. 958 [м.1551] жылы дүниеге келіп, 1052 [м.1642] жылы қайтыс болған. Делиде жерленген. Көптеген құнды кітаптар жазды. 128, 130, 147, 148, 149, 245, 246. 7) АБДУЛХАКИМ АРВАСИ: Ұлы ғұлама еді. Өмірбаяны 157-ші бетте жазылған. Ван аймағының Башқала ауылында 1281 [м.1865] жылы дүниеге келіп, 1362 [м.1943] жылы Анкарада қайтыс болды. Коммунисттер, масондар, уаһһабилер, мүртәдтер, шиилер, яһудилер, христиандар жазбаларымен, үгіт-насихаттарымен, британ империясының күшімен әрі материалдық қолдауымен ислам дінін құлатуға тырысқан, мұсылман перзенттерін дінсіз, имансыз қалдыруға тырысқан заманда оның дәрістері, уағыздары және жазбалары әһли сүннетті жоқ болып кетуден сактаған, жастардың бойына сіңдірген улы өтіріктерді өте сауатты жолмен тазалай білген. Осыны жүзеге асыру үшін өте ауыр, қиын қорлықтарға төзген (рахимә-һуллаһу та'ала). Абдулхаким мырзаның әкесі Халифа Мұстафа мырза Хаккаридың Юксекова ауданының Сакитан ауылынан. Абдулхаким мырзаның атасының атасы сәйид Абдуррахман сәйид Абдуллаһтың ұлы еді. Сәйид Абдуллаһ Арваста сәйид Фәһимнің бас жағында жерленген. Сәйид Абдуллаһ қайтыс болғанда Арваси тегінің жалғаса алуы үшін сәйид Абдуррахманды анасы жас кезінде қинап үйлендірді. Тахир, Абдуррахим, Лутфи, Абдулхамид және Мұхаммед есімді бес ұлы туылды. Сәйид Тахир Басра әкімі болған. Сәйид Абдуррахим 1200 [м.1786] жылы қайтыс болды. Баласы қажы Ибраһим және немересі Абдулазизбен бірге Шығыс Баязидте Ахмед Хани кесенесінде жерленген. Абдулазиз мырзаның үш баласы: Мұхаммед Әмин мен Омар мырзалар және сәйидәт Хадиша. Әрқайсының балалары мен немерелерінің әрбірі діни және дүниелік білімдерде жеке қазына болған. Мұхаммед Әмин мырзаның төрт ұлы болды. Олар Абдулазиз, Абдулқадир, Абдулхаким және Махмұд. Абдулхаким мырзаның ұлы Ахмед мырза «Түркия» газетінің сериялық жарияланымдар редакторы болған шағында 1409 жылы 1988 (жылдың соңғы күні) Стамбұлда қайтыс болды. Сәйид Абдуррахман өз заманының мүршид-и кәмілі еді. Мыңдаған талапкер сұхбатына келіп фәйз алатын. Насихат ретінде алыс елдерге хаттар жолдайтын. Иришан шенеуніктерінен әмір Шәрәфәддин Аббасиға жазған парсы тіліндегі хаттары өте құнды. Сол хаттарының бірінде Мұхаммед Кәрім хан, Мұстафа және Фәйзуллаһ мырзаларға сәлем мен дұға етуде. Басқа бір хатына әмір Шәрәфәддин мырза мына қатарларды қосқан: «Мәулана бұл хатты бұл пақырға 1192 [м.1778] жылы жолдаған. Келген қиыншылыққа сабыр ету қажет екенін және сабырдың құндылығын жазған. Бірнеше айдан кейін атам Абдуллаһ хан мырза қайтыс болды. Мәулананың кереметін осыдан түсіну керек». Сәйид Абдуррахман Хошабта жерленген. Сәйид Лүтфи мырзаның он бір ұлы бар. Сәйид Лүтфи мырзаның ұлы Абдулғанидың ұлы Мир хаж, оның ұлы Абдуррахман, оның ұлы Мұхаммед Саид мырзалар. Лутфуллаһ мырзаның екінші ұлы Абдулғаффар, оның ұлы Шәриф, оның ұлы Мұхаммед Шәфик мырзалар. Лутфуллаһ мырзаның үшінші ұлы Мұхаммед – Сәйид Фәхим хазреттің өгей әкесі. Оның ұлы Тахир, оның ұлы Расул, оның ұлы Абдуллаһ мырзалар. Лутфуллаһ мырзаның төртінші ұлы Расул мырза. Бесінші ұлы сәйид Сибғатуллаһ – сәйид Таха Хаққаридың шәкірті еді. Оның ұлы Жәлаледдин, оның ұлы Әли, оның ұлы Салахаддин мырзалар. Оның екі ұлы Камуран Инан және Зәйнәл абидин Инан Битлис сенаторы және депутаты болған. Алтыншы ұлы Жәмалуддин, оның ұлы Абдулмәжид, оның ұлы Садуллаһ, оның ұлы Мухиддин, оның ұлы Абдуррахман, оның ұлы Лутфуллаһ, оның ұлы Нуруллаһ мырзалар. Абдулхамид мырзаның екі ұлы болып, бірі молда Сафи еді. Оның немересі Абдулхамид мырза. Екінші ұлы сәйид Фәхим Арваси (қуддиса сиррух) хазрет еді. Сәйид Мұхаммедтің жеті ұлы мен Хамида ханым есімді бір қызы бар еді. Хамида ханым Әмір Темір ұрпағынан Хуррәм бейдің жұбайы еді. Салих, Мәмдух және Саид есімді үш ұлы бар еді. Саид бейдің екі баласы Тәуфиқ бей мен Амина ханым. Амина ханым Мекки мырзаның бірінші жұбайы. Екінші жұбайы Афифа ханым. Сәйид Мұхаммедтің бірінші ұлы Махмуд мырза еді. Оның Зубәйда, Мәриәм және Әсма есімді үш қызы бар еді. Әсма ханым өте тақуа, салиха болып, Абдулхаким мырзаның бірінші жұбайы еді. Екінші жұбайы сәйид Фәхим Арвасидың (қуддиса сиррух) немересі Айша ханым еді. Ол Ахмед Мекки мен Мүнир мырзалардың анасы. Үшінші жұбайы Нине ханым аталған екінші Айша ханым, төртінші жұбайы Бәдрия ханым еді. Бесінші жұбайы Маида ханым 1396 [м.1976] жылы мамыр айында Стамбұлда қайтыс болған. Сәйид Мұхаммедтің екінші ұлы Мухиддин мырза еді. Оның екі ұлы және екі қызы бар еді. Қыздары Бәйаз ханым Фаруқ бейдің, ал Зәлиха ханым Абдуррахим Запсудың нағашы әжелері. Бір ұлы Хасан мырза, екіншісі Мұстафа мырза еді. Хасан мырзаның жеті ұлы мен жеті қызы болып, төрт ұлы бала кезінде қайтыс болған. Бесіншісі Мазхар мырза Нәсиба ханымның күйеуі еді. Алтыншы ұлы Мухиддин мырза Анкарада қайтыс болды. Жетіншісі Нәжмәддин мырза шағымдану сотының мүшесі еді. Наима ханымның күйеуі және Ахмед мырзаның күйеу баласы еді. Қыздары Нине Айша ханым Абдулхаким мырзаның, Дилбәр ханым Таха мырзаның, Фатима ханым сәйид Ибраһим мырзаның, ал Сабиха ханым Абдуллаһ бейдің жұбайлары еді. Мұстафа мырзаның тоғыз ұлы мен екі қызы бар еді. Біріншісі сәйид Абдулхаким мырза еді. Екіншісі Ибраһим, үшіншісі Таха, төртіншісі Абдулқадир, бесіншісі Шәмсәддин, алтыншысы Зияәддин, жетіншісі Юсуф, сегізіншісі Махмұд, тоғызыншысы Қасым мырзалар. Абдулхаким мырза ең үлкені еді және ең соңғы қайтыс болды. Абдулқадир мырзаның үш немересі Зәйнәлабидин, Бәдрәддин және Фахреддин. Шәмсәддин мырзаның бір ұлы мен екі қызы бар еді. Бір қызы Афифа ханым Мекки мырзаның жұбайы еді. Екіншісі қызы Назифа ханым 1986 жылдың наурыз айында қайтыс болды. Ұлы қадірменді Жәмал мырза Стамбұлда «Кыразлы мешіттің» имамы еді. Жәлаледдин Румидың «Мәснәуи» кітабы туралы теңдесіз, терең білімі бар еді. Ол 1396 [м.1976] жылы Стамбұлда қайтыс болды. Юсуф мырзаның ұлы сәйид Фаруқ Ышық бұрын қаржы министрі және Ван сенаторы болған. 1972 жылы Анкарада қайтыс болды. Фаруқ мырзаның екі ұлы сәйид Нәвзад пен сәйид Ружхан. Сәйид Ружхан 1391 [м.1971] жылы Еңбек министрлігінің мемлекеттік хатшысы болды. Махмұд мырзаның анасы Мәриәм ханым еді. Бауырларының бәрі Хано ханымның балалары. Махмұд мырзаның қызы Руқайя ханым. Мұстафа мырзаның бірінші қызы Мутәбәр ханым Әмір Темір ұрпағынан Саид мырзаның жұбайы және Ахмед Мекки мырзаның әрі нағашы әпкесі, әрі қайын енесі. Ол 1341-ші жылы қайтыс болды. Едирнекапы мазарына жерленген. Екінші қызы Рабиа ханым. Сәйид Мұхаммедтің үшінші ұлы Нуреддин мырза. Оның Мәжид және Әли есімді екі ұлы бар еді. Мәжид мырзаның ұлы Иззет мырза Нафия ханымның жұбайы болып, 1981 жылы Ванда қайтыс болды. Төрт баласы бар. Сәйид Мұхаммедтің төртінші ұлы Ахмед мырза. Оның Убәйд, Шәвкәт және Шихабуддин есімді үш ұлы бар еді. Сәйид Мұхаммедтің бесінші ұлы Хамид паша еді. Оның Ахмед, Абдуллаһ, Фехми және Ибраһим есімді төрт ұлы және Нафия, Нәсиба және Айша есімді үш қызы бар еді. Олардан сәйид Ибраһим Арвас Абдулхаким мырзаның күйеу баласы және ұзақ жылдар бойы Ван депутаты болған. Ол [м.1965] жылы Анкарада қайтыс болды. Оның ұлы Сәйид Сыддық және қыздары Гүлсім мен Хамият. Сәйид Ахмед Мұхаммед Сыддық мырзаның күйеу баласы және Наима ханымның әкесі. Мұхаммед Сыддық мырза сәйид Таха хазреттің немересі, яғни сәйид Убәйдуллаһтың ұлы және шәһид Абдулқадир мырзаның бауыры еді. Нафия ханым Иззет мырзаның, Насиба ханым Мазһар мырзаның, Айша ханым Мұхаммед Масум мырзаның жұбайы еді. Сәйид Мұхаммедтің алтыншы ұлы Хусейн мырза. Оның Жәлал, Алауддин, сәйид Ғази және Бахаәддин есімді төрт ұлы бар еді. Жәлал мырзаның ұлы Сәйфәддин мырза Руқайя ханымның күйеуі және Айдын, Жәлал мырзалар мен Ләйла ханымның әкесі. Айдын мырза 1983 жылы «Анаватан» партиясынан Ван депутаты болып сайланды. Ұлдары Жүнәйд, Мәлих Ружхан және Фатих пен Мұрад мызралар ізгі ізбасар ретінде жетіліп келеді. Сәйид Мұхаммедтің жетінші ұлы Юсуф мырза. Сәйид Абдулхаким мырзаның үш ұлы және екі қызы бар еді. Олардан Әнуар мен Шәфиа Әсма ханымның балалары. Шәфиа ханым Салих мырзаның жұбайы болып, жер аудару кезінде Мусулда қайтыс болды. Әнуар да жер аудару кезінде 1336 [м.1918] жылы Ескишехирде қайтыс болды. Екінші ұлы ардақты Ахмед Мекки Үчышық мырза араб, парсы тілдеріндегі кітаптардан және әкесінен діни білімді кеңінен меңгеріп, 1387 [м.1967] жылы Стамбұлда қайтыс болды. Бағлұм мазарына жерленген. Ол фәтуаларына жүгінуге болатын, жер бетінде теңдесі аз мүбәрәк тұлға еді. Өте көп қадірлі, жетілген дін ғалымдарын жетілдірді. Білім мен мағына талапкерлерінің дерттеріне шипа табатын. Аллаһу та'ала оның мүбәрәк денесі арқылы Стамбұл қаласын және бүкіл ислам әлемін қадірлендірген және пайдасын тигізген еді. Сәйид Ахмед Мекки мырзаның Бәхиқ, Бәха, Медени және Хикмет есімді төрт ұлы және Захида есімді бір қызы бар. Әрқайсы әдептілік пен ізгіліктің үлгісі. Ал немерелері Таха Үчышық, Фәхим, Мұхаммед мырзалар және Шәфиа ханым әрбірі гауһардай жетіліп келеді. Абдулхаким мырзаның (қуддиса сиррух) үшінші ұлы сәйид Мүнир мырза Стамбұл ауданында сату саласында ұзақ жылдар бойы еңбектеніп, турашылдығы, еңбекқорлығы, көркем мінезі арқылы айналасының құрметі мен сүйіспеншілігін жинаған. Ол 1399 [м.1979] жылы қайтыс болды. Бағлұм мазарына жерленген. Сәйид Абдулхаким мырза 1332 [м.1914] жылы армяндар британдықтардың қаруымен мұсылмандарға шабуылдаған кезде ражаб айында Башқаладан хижрет етіп, [1337] жылы Стамбұлға келді. Әйюб сұлтан ауданында алдымен жазулы медресеге, кейіннен Гүмішсую төбешігіндегі Мұртаза мырза атындағы мешітке орналасты. Әр түрлі мешіттерде уағыз өткізіп, Вәфа лицейінде мұғалім, Сұлтан Сәлим мешітінің қасындағы Сүлеймания медресесінде де мұғалім болып, ислам дінін жаюды, дін дұшпандарына тұшымды жауап беруді бастады. Медреселердің ең жоғарғы университет бөлімі Сүлеймания медресесінде мудәррис, яғни бас профессор болып 8 зүл-қада 1337 және 5 тамыз 1335 [м.1919] күнгі жарлығымен тағайындалды. Жарлық мынадай еді: Дар-ул хилафа-тил алийя Сүлеймания медресесінде хадис шәриф дәрісін үйрететін ұстаз орнына Дебрелі Вилдан Фаик мырза, тасаууф дәрісін жүргізетін ұстаз орнына Хаккари ғұламасы Абдулхаким мырза және ................ және Шафии фиқһы дәрісін жүргізетін ұстаз орнына Хаққаридың бұрынғы депутаты сәйид Таха мырза тағайындалды. Бұл жарлықтың орындалуына мәшихат-и исламия жауапкер. Мұхаммед Вахидеддин. Бұл жарлық Жәридә-и илмия журналының 48-ші санының мың төрт жүз сексен төртінші бетінен алынды. Мұртаза мырза кеме жасау зауыты басқармасында бас хатшы болып тұрған кезінде зейнетке шыққан және Меккеде Ахмед Йәкдесттен фәйз алған. [1158] жылы Гүмішсую, Идрис сарайы маңында теңізге қарама-қарсы жерде мешіт тұрғызды. [1160] жылы қайтыс болып, теңізге қарап тұрған қабырғаның ішінде жерленді. Ұлдары да қасына жерленген. Бұл мешіттің алғашқы имамы Абдуллаһ Қашғаридан кейін оның ұлы Убәйдуллаһ мырза он жыл имам болды. Одан кейін имам болған Иса мырза [1206] жылы қайтыс болды. Сәлим хан оған кесене салдырды. Кейіннен Абдуллаһ мырзаның күйеу баласы челеби Убәйдуллаһ мырза [1208] жылы қайтыс болды. Соңында захири және батыни білімдер қазынасы сәйид Абдулхаким мырза имам, хатиб болып тағайындалып, 1362 [м.1943] жылы қайтыс болуына дейін осы жерде және тағы көптеген мешіттерде, оқу орындарында ислам дінін жайды. Мемлекеттің жан-жағынан және шетелдерден көкірегі ояу, талапты көптеген адам келіп, білім мен ғылымнан білмегендерін сұрап, жауабын алатын. Сол кездері дүниелік үшін, тіпті дұшпандық үшін келетін опасыз төмен адамдар да кездесетін. Көрегендігімен келушілердің пиғылын бірден біліп қоятын. Бірақ жұмсақ мінезді, мейірімді, көреген болғандықтан дос пен дұшпанды ажыратпай, бәрін кішіпейлдікпен, сыпайылықпен қабылдайтын. Ислам ғалымдарына таза жүрекпен келіп фәйз алғандар олардың жолында жүріп, ислам үкімдерін ұстануда. Сол дәргейден фәйз алғанын айтып, ғибадаттан қашып, күнәға батып жүрген адамдардың екі жүзді екенін аңғаруға болады. Жоғарыда аталып өткен Идрис сарайын Идрис хаким бин Хусамеддин салдырған. Баязид пен Явуз заманында үлкен ғұлама болған бұл тұлға Иран шекарасындағы жиырма бес тайпаның османлыларға бағынуына себеп болған, осылайша Чалдыран жеңісіне үлкен септігін тигізген. Бұлбұл сайының маңында өзі салдырған бұлақтың қасындағы жазық жерде жерленген. Ол [932] жылы қайтыс болған. Жұбайы Зейнеп ханым өзінің атымен Идрис сарайының қасына мешіт салған. Мешіттің қасында «Қар жауды медресесі» бар. Оның қасындағы бір үйде ниет құдығы бар. Артында Гүмішсую бұлағы бар. Қар жауды медресесін «Шолақ Хусейн медресесі» деп те атайды. Үшінші Мұстафа хан тарапынан салынған. Бұл медресенің артында [1230] жылы Доланжы дәруиш Мұхаммед мәуләуихана жасатқан. Сәйид Абдулхаким хазрет діни білімде және тасаууфтың нәзік марифаттарында терең дария еді. «Рабыта-и шәрифа» және «Әр-риядут-тасаууфия» кітаптары басылған. Уағыздарынан алынған білімдер мен оның кейбір хаттары 1404 [м.1983] жылы бес том күйінде жинақталған. Университет мұғалімдері, ғылым мен үкімет адамдары шешімі жоқ деп ойлаған өте қиын мәселелерін сұрауға келіп, сұхбатында, дәрісінде бір сағаттай отырып, жауабын алатын, сұрауға қажеттілік қалмастан сол мәліметке қанағаттанған күйде қайтатын болған. Оның ыстық назарына, сүйіспеншілігіне қол жеткізгендер шексіз кереметтерін көретін. Ол өте қарапайым, өте кішіпейіл еді. «Мен» дегені еш байқалмаған. «Біз есепке де алынбаймыз. Ұлы ғұламалардың жазбаларын түсіне алмаймыз. Тек қана берекеттену үшін оқимыз» дейтін. Алайда өзі сол білімдердің маманы еді. Жақындарының біріне «Мұнда бірнеше әулие жетіліп жатқан еді» деген болатын. Жақындарынан Қарамүрсәл мата фабрикасының басшысы Юсуф Зия Ақышықтың айтып беруі бойынша, түсімде Абдулхаким хазреттің алақанын сүйген едім. Ертеңіне Әйюб сұлтандағы үйіне барып, түсімде айтып бермекші болдым. Бардым. Әр уақыттағыдай қолын сүйейін деп еңкейгенімде мүбәрәк қолын аударып, алақанын жоғары қаратып созды да, «Түнде түсіңде сүйгеніңдей сүй» деді, артынша ілтипат көрсетіп, көп нәрсе айтып берді. 157-ші бетке қараңыз! 6, 20, 105, 154, 155, (157), 243, 262, 269, 314, 334, 347, 393, 395, 411. 8) АБДУЛХАКИМ СИЯЛКУТИ: Әкесі Шәмсәддин Мұхаммед. Үндістанның ұлы ханафи ғұламасы. Фақиһ еді. «Бәйдауи» тәфсиріне, Тафтазанидың «Ақаид-и Нәсәфи» шәрһіне, Ахмед Хайалидың «Шәрһи Ақаид» хашиясына, Дәуанидың «Ақаид-и Адуд» шәрһіне және «Мутаууәл» кітабына хашиялар жазған. «Исбат-ул уәжиб» кітабы да танымал. 1067 [м.1657] жылы қайтыс болды (рахимә-һуллаһу та'ала). 144, 146, 147. 9) АБДУЛХАМИД ХАН II: Османлы патшаларының отыз төртіншісі және ең жоғары мәртебелісі еді. Ислам халифаларының тоқсан тоғызыншысы еді. 1258 [м.1842] жылы дүниеге келді. 1293 [м.1876] жылы халифа болды. 1336 [м.1918] жылы қайтыс болды. Ченберлиташта атасы сұлтан Махмұдтың кесенесінде жерленген. Ислам дініне жасаған қызметі санаумен бітпейді. Абдулазиз хан дұшпанадарға құрал болған адамдар тарапынан шәһид етіліп, кейіннен марионетка ретінде халифа етілген 5-ші Мұрат та тақтан түсірілгеннен кейін, орнына Абдулхамид хан келді. Еуропада белгілі бір топтар исламды жою үшін дайындаған жойқын жоспарларын қарқынды түрде жүзеге асыра бастағанда, ол олардың жолына кесе-көлденең шықты. Ақыл-парасаты, зеректігі мен білімі ерекше жоғары болғандықтан, ғасырлар бойы елге қарсы әзірленген жасырын, арам және жабайы қастандықты бірден сезді. Бұл қастандықты дайындағандарды және олар қолшоқпар етіп пайдаланған жалған батырларды биліктен алыстатты. Ислам білімдерін, яғни дін, ғылым және ахлақ білімдерін елдің түкпір-түкпіріне таратты. Көптеген білімді, мәдениетті дін адамдарын тәрбиелеп шығарды. Елді отыз бір жыл бойы әділдікпен басқарды. Білімді әрі адал жас ұрпақ тәрбиеледі. Әділетсіздікті, жамандықты, адамгершілікке жат әрекеттерді түп-тамырымен жойды. Осы себепті кейбір адамдар оған қас болды. Жылдар бойы қараланып, жалаға ұшырады. Кейінгі келген жас ұрпаққа толықтай бұрмаланып, басқаша таныстырылды. Алайда әділ жазылған тарих кітаптарын оқығандар мен оның білімге, ғылымға, өнеркәсіпке, саудаға, адамгершілікке, қысқаша айтқанда адамзатқа қалдырған мұраларын көргендер бұл жала сөздерге алданбады. Оған тіл тигізген өтірікшілерден, ғалым, жазушы бейнесіндегі дұшпандардан және олардың айтқан өтіріктерінен жиіркенді. Оның ұлылығына таңданды. Басында ол бір жыл бес ай бойы мемлекетті басқару ісіне араластырылмады. Елді садри азам (премьер-министр) Мидхат паша мен оның серіктері басқарды. Олар 24 сәуір 1295 [м.1877] күні Ресеймен соғысуға себеп болды. Бұл соғыс хижри 1293 жылға сәйкес келгендіктен, «93 соғысы» деп аталады. 93 соғысы Едирне бітіміне дейін тоғыз айға созылды. Олар мүшир (маршал) дәрежесіне көтерген Сүлейман паша Шыпка асуында үлкен қателік жасап, ең таңдаулы түрік жасақтарының босқа қырылуына себеп болды. Бұл жеңілісті ерлік деп бағалап, оны бас қолбасшы етті. Алайда ол Филиппопольге (қазіргі Пловдивке), содан кейін Едирнеге қашты. Едирнеде де табан тірей алмай, бітім сұрады. Бітім тек Сұлтан Абдулхамид ханның королева Викторияға жолдаған телеграфы арқасында ғана мүмкін болды. Ресейліктер мен болгарлар он мыңдаған түрік әйелдері мен балаларын қырды. Бір миллионнан астам түрік Болгариядан Стамбұлға қоныс аударды. Ол кезде Ресейдің халқы тоқсан миллион, ал Османлы халқы 64 миллион еді. Сұлтан Абдулхамид хан осы қасіретті көріп, Едирне бітімінен он үш күн өткен соң, 13 ақпан 1296 [м.1878] жылы мәжлис-и мәбусанды (парламентті) жауып тастады. Мемлекет басқаруын өз қолына алды. Мәжіліс мүшелерінің тек қырық пайызы ғана түрік болатын. Егер бұл парламент жұмысын жалғастырса, Османлы мемлекеті сол кездің өзінде-ақ бөлшектеніп, күйреуі мүмкін еді. Сұлтан Абдулхамид ханның алғашқы және ең үлкен жетістігі – осы пәлекетті дер кезінде байқап, алдын алуы болды. Османлыларға қол қойдырылған 1878 жылғы 3 наурыздағы Айастефанос [Йешилкөй] келісімін Сұлтан Абдулхамид хан іштей қабылдай алмады. Данышпандықпен және аса айлакерлікпен ол 1878 жылғы 4 маусымда Англиямен құпия келісімге келді. Келісім бойынша, Кипр аралының басқару ісін Англияға берді. Бірақ аралдың табысы жыл сайын Стамбұлға жіберіліп отыратын және Кипр Османлы империясының бір бөлігі болып қала беретін. Мұның орнына Англия Айастефанос келісімін Түркияның пайдасына қайта қарауға көмектесетін болды. Осылайша Берлин келісімінде 1878 жылғы 13 шілдеде қол қойылып, жоғалтылған жерлеріміздің көбісі қайтарылып алынды. Бұл соғыста төленетін соғыс өтемақысы өте ауыр болды. Сұлтан Абдулхамид бұл мәселеге де дана шешім тапты. [м.1881] жылы «Дуйюн-и Умумия» (Мемлекеттік қарыздарды басқару кеңсесін) құрып, қарызды 252 миллионнан 106 миллион османлы лирасына дейін азайтты. Оның бұл жетістігі мемлекетке ең үлкен ұмытылмас қызметі болды. Ірі державалардың барлық қысымдарына қарамастан, Абдулхамид хан Берлин келісімінің Анадолының шығысында армяндарға автономия беретін бабын ешқашан жүзеге асырмады. Мидхат паша мен оның серіктері Ресейдің соғыс ашуына себеп болды. Соның кесірінен Румелия мен Анадолының көп бөлігі Ресейдің қолына өтті. Ішкі басқару істері масондардың қолында қалды. Исламды жою, дінге реформа жасау мақсаттары қойылды. Бұл үшін дін адамдары әдейі сауатсыз болып тәрбиеленді. Неміс тарихшысы Ханс Крамер өзінің әйгілі «Он тоғызыншы ғасыр» атты тарих кітабының үшінші томының жиырма алтыншы бетінде «dessen klugen Bruder Abdülhamîd II», яғни «Бесінші Мұраттың ақылды бауыры» деп мақтаған екінші Абдулхамид мемлекеттің апатқа ұшырай жатқанын, пашалардың масондарға қызмет ететінін көріп білген соң парламентті жапты. Өзінің ирада-и сәниясымен (ресми бұйрығымен) және мәжлис-и вукәла (уәзірлер кеңесі) шешімімен мәжлис-и мәбусанды (парламентті) демалысқа жіберді. Конституциялық жүйе және осы жүйені бекіткен 93-ші жылғы конституция (канун-и әсаси) жойылған жоқ. Бұл конституция 1908 жылы Конституциялық жүйе жарияланғанға дейін өз күшінде болды. Сұлтан Абдулхамид хан сенат мүшелерінің қызметін де тоқтатпады. Тірі қалған сенаторлар 1908 жылғы халық мәжілісіне қосылды. Сұлтан Абдулхамид хан мемлекет пен халықты 31 жыл бойы Аллаһу та'аланың әмірлеріне сай, әділдікпен басқарды. Халық бейбітшілікте, молшылықта, арзаншылықта, тыныштық пен шаттықта өмір сүрді. Әрбір аймақта мектептер, ауруханалар, жолдар, ауыз су көздерін және Вена қаласынан басқа жерде теңдесі жоқ заманауи медицина факультетін салдырды. 1293 [м.1876] жылы Мемлекеттік басқару мектебін салдырды. [1296] жылы мұражай салдырды. [1297] жылы құқық мектебі мен қаржылық есеп мекемесін құрды және Бейоғлы әйелдер ауруханасын салдырды. [1299] жылы көркем өнер академиясы, [1300] жылы жоғары сауда мектебі, [1301] жылы жоғары инженерлік мектеп және қыздарға арналған интернат-лицей ашылды. [1303] жылы Теркос суын Стамбұлға жүргізді және мемлекеттік басқару лицейін ашты. [1305] жылы Германия императоры Стамбұлға келіп, Сұлтанахмет алаңында Неміс ауыз су көзі салынды. [1307] жылы Бурсада жібек өндіру мектебін салдырды. [1308] жылы Халқалы ауыл шаруашылығы және ветеринария мектебі мен Қағитханада полигон салдырды. 1309 [м.1892] жылы Бурса темір жолын және Аширет мектебін салдырды. [1310] жылы Ускудар лицейі мен Рушдия мектептері, жаңа пошта ғимараты, Османлы банкі мен Режи ғимараттары, «Яффа-Құдыс» темір жолы және Анкара темір жолы салынды. Сондай-ақ [1310] жылы Хамидия қағаз фабрикасы, Қадыкөй газ фабрикасы және Бейрут порты айлағы салдырылды. [1311] жылы Османлы сақтандыру компаниясын, Кучуксу бөгетін және «Манастыр-Салоники» темір жолын салдырды. [1312] жылы «Шам-Хоран» темір жолын және «Ескишеһир-Кутахия» темір жолын салдырды. Сондай-ақ [1312] жылы Хамидия жоғары сауда мектебі, «Галата-Топхане» айлағы және Долмабахче сағат мұнарасы салынды. [1313] жылы «Бейрут-Шам» темір жолы, Дар-ул-ажезе ғимараты, шам фабрикасы, «Афьон-Конья» темір жолы, Сакыз порты айлағы, қазіргі Стамбұл лицейі ғимараты, «Стамбұл-Салоники» темір жолы салынды. Ереглі көмір шахталары іске қосылды. [1314] жылы Дунай өзенінде Демиркапы арнасын және жабық базарды (Капалычаршы) жөндетті. [1313] жылы Грек соғысында жеңіске жетті. Психиатриялық аурухана салдырды. [1316] жылы Шишлиде Хамидие Этфал ауруханасын салдырды. [1318] жылы Мединаға дейін телеграф желісін жүргізді. 1320 [м.1901] жылы Хамидие-Хижаз темір жолы Зерқаға дейін жұмыс істеді. Қағытханада Хамидие су жүйесі салынды. Жаңа балық базары, Хайдарпаша айлағы, кен барлау мектебі, Шамда азаматтық медицина мектебі салынды. Хайдарпашада әскери медицина мектебі 1321 жылдың 24 қазанында ашылды. [1322] жылы саңыраулар мен мылқауларға арналған мектеп ашылды. [1322] жылы Бенгазиге телеграф желісі тартылды. [1323] жылы «Стамбұл-Көстенже» арасындағы су асты кабелі тартылды. Хайдарпаша вокзалының ғимараты салынды. Бешікташ төбесіндегі Йылдыз сарайын және оның алдындағы мешітті салдырды. Қысқасы, Еуропада жасалған барлық жаңалықтарды ең заманауи түрде елімізде жүзеге асырды. Алайда, өкінішке орай [1327] жылы тақтан түсірілген соң осы барлық өркендеу мен даму тоқтап, мемлекет қанға боялды. Абдулхамид хан «Стамбұл-Ескишеһир-Анкара», «Ескишеһир-Адана-Бағдат» және «Адана-Шам-Мәдина» темір жолдарын салдырған кезде басқа елдерде мұндай көлемде темір жолдар жоқ еді. Ол дін ғылымдары, жаратылыстану және әдебиет салаларында көптеген кітаптар бастырды. Ауылдарға дейін курстар аштырды. Тегін кітаптар жіберді. Соғыс қуатын жоғалтқан ескі кемелерді Халичке (Қара теңіз бұғазына) сүйретіп, Еуропада жаңадан жасалған заманауи крейсерлер мен сауытты кемелер арқылы флотты күшейтті. Әскер мен офицерлер абыройлы және беделді болғаны сонша, бір майор кафенің жанынан өткенде, іште отырғандар орнынан тұрып құрмет көрсететін. Ол кезде сондай бір береке бар еді, бір майордың үйінде пісірілген астан бүкіл ауданның кедейлері тоятын. Бүкіл жұртшылық, қарапайым халық та, әскери қызметкерлер де бір-бірін жақсы көретін. Бірақ [1313] жылы грек көтерілісі болды. Оған қарсы Етхем пашаның (рахимә-һуллаһу та'ала) қолбасшылығымен жіберген әскерін өзі сарайдан басқарған еді. Әскері жиырма төрт сағат ішінде Термопил өткелін асып өтіп, Афиныға кірді. Бұл оқиғаға бүкіл Еуропа қолбасшылары таң қалды. Себебі неміс штаб офицерлері «Османлы армиясы Термопилді алты айда да басып өте алмайды» деген рапорт берген болатын. Екінші Абдулхамид ханның көркем мінезін, дінге деген беріктігін, әдебі мен ұяңдығының деңгейін, ақылын, білімін, әділдігін, халық үшін тынымсыз еңбек еткенін, ешкімге қиянат жасамағанын, тіпті дұшпандарына да жақсылық жасағанын, масондар алдаған және құрал ретінде пайдаланған сатқындарды да кешіргенін түсінгісі келгендерге «Мәбейн бас хатшысы» Әсад бейдің «Хатирәт-и Абдулхамид-и хан-ы сани» атты кітабын оқуды ұсынамыз. 21 шілде 1323 [м.1905] күні жұма намазын оқып Йылдыз мешітінен шыққанда армян комитетшілері дайындаған уақыт бомбасы орнатылған арбаның жарылуынан аман қалған сәтінде мыңдаған көрермен мен шетелдік дипломаттардың алдында еш ойланбастан, бірден айтқан келесі сөздері оның жүрегінің тазалығын, елінің мейірімді, кемел әкесі екенін көрсетуге жеткілікті деп санаймыз: «Менің ең үлкен мақсатым – халықтың тыныш және бақытты өмір сүруі. Осы жолда күндіз-түні қанша еңбек, қанша күш жұмсалғаны белгілі. Ынтам мен ізгі ниетімнің Аллаһу та'ала тарапынан марапатталғаны – осы оқиғадан Құдайдың сақтауымен аман қалуым. Сол үшін Аллаһу та'алаға шүкіршілік және мадақ айтамын. Мені ең көп қайғыртатыны – кейбір сарбаз ұлдарым мен бейбіт тұрғындардың қаза тауып, жаралануы. Бұған шексіз өкінемін. Халқымның маған деген шынайы ықыласы үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін және оларды көктен не жерден келетін апаттардан аман сақтауын тілеп дұға етемін». Орталығы Салоникиде орналасқан үшінші армияның кейбір офицерлері британдық тыңшылар тарапынан көп ақша мен мансап уәделерімен алданды. 7 шілдеде Шемси пашаны лейтенант Атиф атып өлтірді. Шабуыл әскері Стамбұлға қарай аттанды. Халифа хазреті Әлидің ижтиһадына сүйеніп, оларға қарсы тұрудан бас тартты. Мемлекетті сол қарақшыларға тапсырып берді. Бұрын Мекке кәпірлері де Мәдинаға шабуыл жасағанда пайғамбарымыз Бәдірде, Ухудта және Хандекте аз әскермен соғысып, олардың Мәдинаға кіруіне тосқауыл болған еді. «Хужурат» сүресінің 9-шы аятында: «Көтерілісшілермен соғысып, оларды бағындырыңдар» деген бұйрыққа бағынбады. Халифа пайғамбарымыздың осы сүннеті мен осы парызға бағынбағандықтан, үлкен қасіреттер мен апаттарға себеп болды. 27 жәмәзиәл-ахир 1326 жылы және 23 шілде 1908 жылы екінші конституциялық басқару жарияланды. Қару күшімен сайлау өткізілді. 17 желтоқсанда мәжіліс ашылды. Осылайша мемлекеттің басқаруы қабілетсіз, тәжірибесіз адамдардың қолына өтті. Британдықтар дайындаған қасіреттер қайта басталды. 5 қазан 1908 жылы Болгария княздігі өз корольдігін жариялап, Османлылардан бөлінді. Сол күні Австрия да Босния-Герцеговинаны аннексиялады. Грекия да көтеріліс жасап, бес жылдан кейін Критті өзіне қосып алды. 14 сәуір 1909 жылы Адана қаласында армян көтерілісі басталды. Олар мұсылмандардың мал-мүлкіне, жаны мен ар-намысына шабуыл жасап, 1850 түрікті өлтірді. Иттихадшылар бұған тек қарап тұрды. Халық он жеті мың армянды өлтіріп, көтерілісті басты. Иттихадшылар Еуропаға жақсы көріну үшін жүздеген мұсылманды өлтіріп, дарға асты. Бұл зұлымдықтарды сол кездегі Адана әкімі атақты Жамал паша жасады. Ішкі істер министрі Талат пашаның мақтауына ие болды. Бұл оқиғаларға байланысты иттихадшылар [1914] жылы мәжілісті жауып тастады. Сұлтан Хамидтің сөзіне еріксіз құлақ асуға мәжбүр болды. Тарихта «31 наурыз оқиғасы» деп танылған 13 сәуір, 1909 жылы [м.1909] орын алған көтерілістің сұлтан Абдулхамидке ешқандай қатысы болмағаны нақты анықталды. Иттихатшылар сұлтанға адал бірінші әскерге сенбей, Салониктегі үшінші армиядан алып келген аңшы батальондарының бүлікті бастағаны дәлелденді. Яғни бұл оқиға иттихатшылардың алдын ала жоспарлаған айласы болған. Олар осылайша Салониктен болгар, серб, грек және албан тонаушыларының құрамынан құрылған шабуыл армиясын Стамбұлға жіберді. Талат бейдің қысымымен сұлтан Абдулхамид 27 сәуір, 1909 [м.1909] жылы тақтан түсірілді. Соңғы конституциялық кезеңде оның билігі тоғыз ай, бес күн жалғасты. Сұлтан Салониктен келген, шетелдік қару-жарақпен қаруланған бұл шабуыл әскеріне қарсы соғысуды көздеген қолбасшыларға қан төгілмесін, мұсылман қаны ақпасын деп қатаң бұйрық берді. Егер қаласа, тек Таксим мен Таш казармаларындағы жаттыққан сарбаздар мен адал офицерлердің өзі-ақ бұл тонаушы әскерді тас-талқан ете алатын еді. Бірақ ол мұсылманның мұсылманмен соғысып, бауыр қанының төгілуін қаламады. Стамбұлға кірген шабуыл әскерінің қолбасшылары бірден Йылдыз сарайына барып, ғасырлар бойы жиналған қазынаны, құнды жәдігерлерді, әлемдегі ең бай кітапханалардың бірі саналатын сарай кітапханасының бір бөлігін тонап кетті. Сұлтанның алтын күймесі де бөлшектеліп, бөліске салынды. Бұл жабайы тонаушылар «қаһарман», «құтқарушы» ретінде дәріптелді. Сол жылы иттихатшылар сұлтаннан екі жас кіші інісі Мұхаммед Рашадты орнына таққа отырғызды. Сұлтан Рашад қарт, үндемейтін адам еді. Ол елді қанға бөктіргендердің жүрегімен мұсылман еместігін көріп тұрды. Бұл жауыздардың алдында ол әлсіз, бейшара қуыршақ күйінде қалды. Иттихатшылар сұлтан Хамидтің атына дақ түсіретін, айып тағатындай бірде-бір қылмыс таба алмады. Халықтың оны қатты жақсы көретінін, аса құрметтейтінін көріп өлтіруге батылдары да жетпеді. Сол түні-ақ штаб офицері майор Фетхи Окярдың бұйрығымен Салоникке пойызбен жеткізілді. Ол жақта Алатини сарайында қамауға алынды. Ол қалған өмірін кітап оқумен және ғибадатпен өткізді. Билікті қолға түсірген иттихатшылардың көбісі, тіпті діни істердің басшысы болған шейх-ул-ислам мырзалар да масон еді. Сұлтан Хамид ханның қан төгіссіз және тыныш өткен билігінен кейін мемлекет саяси өлім жазалары мен қастандықтар мекеніне айналды. Көптеген адамдар өлім жазасына кесілді. Олар бір-бірін, тіпті өздерінің бас қолбасшысы болған Махмұд Шевкет пашаны да премьер-министрлігінің төртінші айында 11 маусым 1331 [1913] жылы өздері өлтіріп тынды. Оның орнына келген Мысыр ханзадасы Саид Халим пашаның үш жыл, жеті ай және жиырма үш күндік, ал оның орнына келген Талат пашаның бір жарым жылдық премьер-министр болған кездерінде мемлекет мүлде астан-кестен болды. Барлық жұрт өлім мен түрме қорқынышы ішінде өмір сүрді. Халықтың жанына, малына және ар-намысына қауіпсіздік қалмады. Исламға дұшпандық, күпірлік пен діннен шығу сәнге айналды. Әр аймақта зұлымдар шыға бастады. 1329 [м.1911] жылы Албания көтерілісі болды. Махмұд Шевкет паша үлкен әскермен де оны баса алмады. Сұлтан Решад 16 маусымда Косовоға барды. Бес жүз жиырма екі жыл бұрын атасы жеңіске жеткен сол жерде жүз мың албанмен бірге жұма намазын оқыды. Осылайша елге тыныштық орнатты. Махмұд Шевкет пашаның сексен екі батальонмен істей алмағанын сұлтан Мұхаммед Решад бір ғана көрінуімен (беделімен) жүзеге асырды. Әбуззия күнтізбесінің 19 ақпан, 1945 жылғы дүйсенбі күнгі бетінде былай делінген: «Конституцияның басталуы еліміз үшін үлкен апаттар мен шығындарға себеп болды. Өйткені 1329 [м.1911] жылы Триполитания Италияға берілді. 1331 [м.1912] жылы Балқан соғысында жеңіліс болды. Екі үлкен құрлықпен байланысымыз үзілді. Африкада бір миллион екі жүз мың шаршы километр, Румелияда екі жүз елу мың шаршы километр жеріміз қолдан кетті. Бірінші дүниежүзілік соғыста бір миллион шаршы километрден астам жер жоғалды. Үлкен империя талан-таражға түсті. Бұл апаттарға иттихат және теракки партиясының аңғал, надан, жікшіл, қырсық, бөле-жара басқаруы себеп болды». Бірінші дүниежүзілік соғысқа Осман империясы үш миллион әскерімен қатысты. Оның бір миллионы қаза болды. Оның төрт жүз мыңы майданда шәһид болды. Одақтастардың жалпы саны жиырма үш миллион еді, олардың он бес жарым миллионы шығынымыз болды. Оның үш жарым миллионы майданда өлді. Ал жау әскерлерінің саны қырық үш миллион еді. Олардың жиырма үш миллионы қаза тапты. Тек бес жарым миллионы ғана соғыс майданында өлді. Сұлтан Абдулхамидті тақтан түсіргендер ақырында мемлекетті дұшпан алдына қалдырып, қашып кетті. Ең алдымен Энвер паша, Талат паша, доктор Бахааддин Шакир, доктор Назым 1918 жылы 30 қазанда Мудрос бітіміне қол қойғаннан кейін бір күн өткен соң түн ортасында қашып кетті. Талат паша [м.1921] жылы қырық тоғыз жасында Берлинде, Энвер паша 40 жасында [м.1922] жылы Түркістанда, ал Жамал паша [м.1922] жылы елу жасында Тифлисте өлтірілді. Еуропадағы масон ложалары бұл жетістіктерін алыстан рахаттана бақылап отырды. Олар Исламды жою үшін жаңа жоспарлар дайындап жатқан еді. Масондар иттихатшыларға жасатқан бұл қылмыстарды Мидхат паша мен оның серіктері сияқты қолшоқпарлар арқылы отыз бір жыл бұрын іске асырмақ болған. Бірақ өте ақылды, зерек, алда болар істі көре білетін әрі нағыз мұсылман болған Екінші Абдулхамид хан мұны түсініп, бұл пәлекеттердің алдын алып, Ислам әлеміне бақыт пен тыныштық әкелген еді. Сол себепті бұл ұлы сұлтанға олар «Қызыл Сұлтан», «Қорқақ», «Залым» сияқты аттар тақты. Осылайша жастарды алдап адастыруға, оған деген сүйіспеншілікті, құрметті, оның ұлылығын халық жүрегінен өшіруге тырысты. «Түркия Тарихы» кітабында былай делінеді: «Екінші конституциялық басқару кезеңінен кейін келген жаңа режим Екінші Абдулхамидті айыптап, тіпті бүгінге дейін бұл көсем туралы оң пікір айту, тіпті бейтарап пікір айту және жазу қауіпті нәрсе болып есептелді. Мұның бір себебі Екінші Абдулхамидтің ешқашан керітартпа болмау шартымен дін мен салт-дәстүрді сақтап қалуы және империяны отыз жыл бойы жеке өзі әділдікпен басқаруы. Екінші Абдулхамидті тақтан түсіргендер өздерін жаңашыл, төңкерісшіл деп санағандықтан, табиғи түрде бұл көсемнің оларға консервативтік болып көрінген ұстанымдарын қабылдай алмады. Алайда тарих саясат емес. Өз уақытының модасына қарап сөйлейтін, жазатын адам тарихшы емес. Өйткені саяси режимдер мен пікір модалары үнемі өзгеріп тұрады. Жуырдағы өткенді халыққа жаман етіп көрсету секілді эмоцияға толы көзқарастар ғылыми зерттеулер жүргізуге кедергі келтіреді. Кейбір үстірт ойлайтын адамдар қазіргі оқиғаларды көлеңкеде қалдырып қояды деп бұрынғы батырларды кемсітіп жатады. Алайда тарихи шындықтан қорқудың мәні жоқ. Түркияда әлі күнге дейін Екінші Абдулхамидке қарсы жалған әңгімелер тарату мода болып отыр. 13 ақпан 1295 [м.1878] күніне дейін Екінші Абдулхамидтің билігінің алғашқы бір жыл, бес ай және он үш күні оның жеке басқаруына қатысы жоқ. Оның жеке билігі 13 ақпанда басталды. 7 зүл-хиджа 1293 жылы және 23 желтоқсан 1876 күні алғашқы конституция жарияланды. Алғашқы халық мәжілісі 19 наурыз 1877 жылы ашылды. Конституцияны дайындағандардың бірі Мидхат паша заңгер емес еді. Екінші Абдулхамид хан өзінің естеліктерінде былай дейді: Мидхат паша бұрыннан конституциялық басқаруды жақтаушы еді. Бірақ тек атауын, кейбір кітаптарда мақталғанын есту арқылы пайда болған қолдау еді. Ол ешбір мемлекеттің негізгі заңын (конституциясын) зерттеп, бұл бағытта терең ой қалыптастырмаған еді. Оның жетекшісі – Қаржы министрлігінің кеңесшісі Одян мырза болатын. Ал Одян мырза сол заманның өзінде біздегі таңдаулы заңгерлердің қатарында емес еді. Мемлекет туралы тіптен білмейтін. Менің ойымша, бұл біліксіздік Мидхат пашамен бірге Таиф бекінісіне дейін бірге барды. Мидхат пашаның төрағалығымен, Зия бей [паша] мен Намық Кемал да қатысқан бір алқалы топ әзірлеген Конституцияның 113-ші бабында патшаға бір адамды жер аудару құқығы берілген еді. Бұл бапты Мидхат паша әдейі енгіздірген. Себебі ол өмірінің соңына дейін билікте қаламын деп үміттенген. Осы бап арқылы ол қарсыластарын жер аударғысы келген. Тіпті бірнеше мемлекеттік қайраткерді жер аударды. Екінші Абдулхамид хан сотсыз жер аударудың танзимат реформаларына қайшы екенін ескерткенмен, Мидхат пашаны бұл ойынан қайтара алмаған. Мидхат паша конституцияға әркім өз тілінде сөйлеуге құқылы деген бапты да қосуды қалаған, бірақ Сұлтан бұл бапты алып тастаған. Мидхат паша Сұлтанның бүкіл өкілеттігін жою мақсатында Конституцияны ірі мемлекеттердің кепілдігіне алдыртпақ болған. Түрік мемлекетінің тәуелсіздігін жоятын бұл сұмдық бап та қабылданбады. Ресеймен соғыс ашу үшін Баб-и Алиде (үкімет үйінде) ұранды сөздер айтты. Медресе шәкірттерін көтеріліске итермелеп, соғысқа қолдау көрсету мақсатында шерулер ұйымдастырды. Олар Сұлтанның терезесінің түбінде тұрып та «Соғыс!» деп айқайлады. Соғыс болса, ол Англия көмек береді деп сенген. Ішкілік үстінде отырып, Республика жариялаймын деп, үшінші Наполеон секілді алдымен президент, кейін император болатынын айтты және «Неліктен Осман империясы болады да, Мидхат империясы бола алмайды?» деді. Ол бұнымен тоқтамай, жеке әскер жасақтауға кірісті. Бұл жаңа әскер «Ұлт әскері» деген атаумен жаңа бір әскер ретінде құрылып, Мидхат пашаның қарамағында болатын еді. Мұсылман мен христиандардан еріктілер жазылып, бас қолбасшысы Мидхат пашаның пайдасына шерулер өткізген. Олар Стамбұлда тыныштықты бұзып, бүлік туғызған. Янычар ұйқыдан ояна бастағандай еді. Мидхат паша ұлтшылдыққа сай келмейтін әрекеттер де жасады. Боснада Түрік туындағы ай мен жұлдыздың жанына крест белгісін қосуды әмір етті. Мемлекеттік тудың, тіпті бір өңірде болса да садри азамның (премьер-министр) бұйрығымен өзгертілуі оның демократияны қалай түсінетінінің жарқын мысалы болды. Осы крест қойылған түрік туын көтерген бір әскер бөліміне Стамбұлда ресми шеру де жасатты. Осындай шектен шыққан әрекеттері екінші Абдулхамид ханның сабырының таусылуына себеп болып, 5 ақпан 1877 жылы оны садри азам (премьер-министр) қызметінен босатты. Өз өтініші бойынша Иззеддин кемесіне отырғызылып, Италияға жіберілді. Қолына 500 алтын берілді. Ол бір жыл сегіз ай бойы әртүрлі қалаларды аралады. Ағылшындармен халифаға қарсы келісімдер жасағанына байланысты ол қайтадан елге шақырылды. Екі ай Крит аралында, Ханья қаласында тұрған соң, 1295 [м.1878] жылдың соңғы айында Сирия әкімі, 4 тамыз 1297 [м.1880] жылы Айдын әкімі болып тағайындалды. Осы жерде жүрген кезінде, 16 мамыр 1298 [м.1881] жылы, Йылдыз сарайында сотқа тартылуы үшін тұтқынға алу бұйрығы шықты. Ол Франция елшілігіне тығылып, атына дақ түсірді. Франция елшісінің бұйрығымен халифаның қолына тапсырылды. Соттың өлім жазасына кесу шешімін халифа өмір бойы бас бостандығынан айырумен ауыстырды. 28 шілде күні Иззеддин кемесімен Рушду, Махмұд, Нури пашалармен және Хасан Хайруллаһ мырзамен бірге Таиф қаласына айдалып, түрмеге қамалды. 6 мамыр 1301 [м.1883] жылы Махмұд Жәлаледдин пашамен бірге әскерлер тарапынан буындырылып өлтірілді. Англия оны құтқарып қалуға шешім қабылдаған болатын. Қызыл теңізде тұрған бір әскери кемеге бұл міндетті тапсырды. Пашаларды ағылшындар құтқарып әкететінін түсінген Хижаз әкімі мүшир (маршал) Осман Нұри пашаның бұйрығымен өлтірілді деп саналуда». «Жаңа Түркия Тарихы» кітабының жазбасы осы жерде тәмәм болды. 283, 286, 287, 361, 369, 370, 374, 377, 385. 10) АБДУЛҚАДИР ГЕЙЛАНИ: Мухиддин Әбу Мұхаммед бин Әбу Салих Мұса 471 [м.1077] жылы Иранда дүниеге келіп, 561 [м.1166] жылы Бағдатта қайтыс болды. Әкесі хазреті Хасанның немересі Абдуллаһ бин Хасан мусәнна тегінен. Абдуллаһтың анасы Фатима хазреті Хусейннің қызы. Сондықтан ол әрі сәйид, әрі шәриф. Ханбали мазһабында болған. Қадири тариқатының басшысы және барлық тариқаттардың фәйз қайнары. Мүршид, мүдәррис және мүфти еді. Өте үлкен ғұлама. 32, 61, 117, 144, 155, 158, 176, 199, 342, 391, 392. 11) АБДУЛЛАҺ БИН АББАС: Расулуллаһтың көкесі Аббастың ұлы болып, өте үлкен ғалым еді. Анасы Лубадә ханым Халид бин Уәлидтің нағашы әпкесі еді. Хижреттен үш жыл бұрын Меккеде дүниеге келді. Көп хадис шәриф білетін. Халифа омардың қиын мәселелерін шешетін. Сыффинде Имам Әлидің қолбасшысы болған. Абдуллаһ бин Зубәйрдің халифалығын қабылдамады. Тәфсирде өте озат еді. Ол муфәссирлердің (тәфсиршілердің) төресі. 68-ші жылы Таифте қайтыс болды. Ол ұзын бойлы, ақ реңді, сымбатты еді. Өмірінің соңында көзі көрмей қалды. Аббаси халифалары оның тегінен. 40, 59, 70, 74, 86, 119, 121, 122, 123, 125, 126, 130, 137, 165, 168, 169, 170, 184, 185, 189, 231, 243, 318, 345, 356, 359, 408. 12) АБДУЛЛАҺ БИН ЖАФӘР: Расулуллаһтың көкесі Әбу Талибтың немересі. Хабешистанда дүниеге келді. 80-ші жылы Мәдинада қайтыс болды. Ол өте жомарт еді. Хазреті Муауия оған көп сияпат көрсететін. Мұхаммед бин Әбу Бәкір Сыддық және Яхия бин Әли бин Әбу Талибпен анасы бір бауыр еді. Хазреті Әли мен Фатима-туз Зәхраның қызы Зейнептің күйеуі еді (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин). 66, 168, 204, 378. 13) АБДУЛЛАҺ БИН ӘБУ БӘКІР СЫДДЫҚ: Алғаш мұсылман болғандардан. Хижретте кәпірлерден үңгірге хабар әкеліп, түнде үңгірде жататын. Меккенің жаулап алынуында Хунәйн және Таиф жорықтарына қатысты. Таифте жараланды. 11-ші жылы қайтыс болды (радиаллаһу та'ала анһ). 99. 14) АБДУЛЛАҺ БИН ӘБУ ӘУФА: Асхаби кирамнан Куфа қаласында ең соңғы қайтыс болған. 86-шы жылы қайтыс болды. 19, 252. 15) АБДУЛЛАҺ БИН МӘСУД: Алғаш мұсылман болғандардың алтыншысы. Расулуллаһтың қасынан, қызметінен айрылмайтын. Құран кәрімді өте жақсы үйренді. Өте көп хадис шәриф жаттады. Мекке кәпірлерінің арасында ашық түрде оқитын. Көп қорлық көретін. Екі рет Хабешистанға және Мәдинаға хижрет етті. Бүкіл соғыстарға және Ярмук шайқасына қатысты. Жәннатпен сүйіншіленді. Халифа Омар-ул Фаруқ оны Куфаға мүфти ретінде жіберді. Отыз екінші жылы алпыс жасынан кейін қайтыс болды. Бақи мазарында жерленген (радиаллаһу та'ала анһ). 106, 163, 165, 168, 177, 182, 185, 189, 199, 208, 210, 241, 324, 330. 16) АБДУЛЛАҺ БИН МУБӘРӘК: Тәбә-и табииннің ұлыларынан болып, хадис және фиқһ ғалымы еді. 118-ші жылы Хорасанда дүниеге келіп, 181 [м.797] жылы қайтыс болды (рахимә-һуллаһу та'ала). Көп кітаптары бар. Бір жыл қажылыққа баратын, бір жыл жиһад жасайтын және бір жыл саудамен айналысатын. Табысының бәрін кедейлерге тарататын. Шамда біреуден алған қаламын қайтармай Мервке кеткен болатын. Қаламды қайтару үшін Мервтен Шамға келді. Сәһл Әли бин Абдуллаһ Мәрузи Абдуллаһ бин Мубәрәктің дәрістеріне тұрақты қатысып жүретін. Бір күні «Бұдан кейін сенің дәрістеріңе келмеймін. Өйткені бүгін келе жатқанымда сенің қыздарың үйдің төбесіне шығып, мені шақырған еді. «Менің Сәһлім, менің Сәһлім» деген еді. Оларға тәрбие бермейсің бе?» деді. Абдуллаһ бин Мубәрәк ол түні шәкірттерін жинап, «Сәһлдің жаназа намазына барайық» деді. Барғанында қайтыс болғанын көрді. «Қайтыс болғанын қайдан білдіңіз?» деп сұрағандарға: «Менің мүлде күң қыздарым жоқ. Оның көргені жәннаттың хури қыздары еді. Оны жәннатқа шақырған еді» деп жауаптады. Ол айтатын: «Әдеп деген не? Ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Меніңше, әдеп – адамның нәпсін (өзін) тануы». «Біреудің бір теңге хақысын өтеу мың теңге садақа беруден жақсырақ». «Жұмыс істеп ақша табу тәуекелді бұзбайды» дейтін. «Тауазу (кішіпейілдік, қарапайымдылық) – байларға тәкәппар болу, ал кедейлерге кішіпейіл болу деген сөз» дейтін. «Егер ғайбат айтсам, анамды, әкемді ғайбаттайтын едім. Өйткені сауаптарымның оларға берілуі жақсырақ болады» дейтін. 10, 30, 31, 260. 17) АБДУЛЛАҺ БИН ОМАР: Хижреттен он төрт жыл бұрын дүниеге келіп, 73 жылы Меккеде қайтыс болды. Әкесімен бірге иманға келген. Кіші жаста болғандықтан Бәдір және Ухуд соғыстарына бармады. Басқа соғыстарға, Мута соғысына, Ярмукқа, Мысыр мен Африка жорықтарына қатысты. Расулуллаһ намаз оқыған барлық жерде намаз оқитын. Өте тақуа, жомарт және жұмсақ мінезді еді. Халифалық істерге мүлде араласпайтын. Хижри 73 жылы Хажжаж бин Юсуф Меккеде Абдуллаһ бин Зубәйрді шәһид еткеннен үш ай өткен соң оны аяғына уланған қылышпен ұрып шәһид етті (радиаллаһу та'ала анһ). 40, 65, 73, 118, 124, 125, 165, 176, 182, 185, 196, 209, 231, 345, 400. 18) АБДУЛЛАҺ БИН СА’Д: Хазреті Османның сүт бауыры еді. Уахи хатшысы болған кезінде мүртәд болды. Мекке жаулап алынған кезде өлім жазасына тартылуы әмір етілгенімен, қайта иманға келіп кешірілді. Мысыр жорығына қатысты. 25 жылы Мысырдың әкімі болып, Тунисті жаулап алды. Халифаның шәһид болуында Мәдинаға көмекке келе жатқанда Мысырдағы орнының тоналғанын түсініп, Рамлаға орналасты. 36 жылы қайтыс болды. 120. 19) АБДУЛЛАҺ БИН СӘБӘ: Мұсылмандар арасына алғаш рет сахабаларға деген дұшпандық фитнасын кіргізген яһуди. Хазреті Осман заманында Йеменнен келіп, мұсылман болғанын айтты. Халифаға жақын болғысы келді. Фитна, бүлік шығаратыны мәлім болып, Мәдинадан қуылды. Ол Мысырға барып, надандар арасында халифаны жамандауды, сахабалардың үлкендері туралы аузына келгенін айтып, бауырлар арасына іріткі салуды бастады. Куфаға да барып, хазреті Әлиге жағымпазданды. Тіпті оған «Сіз құдайсыз» деді. Әли (радиаллаһу анһ) та оны Мәдаин қаласына сүргінге жіберді. Хазреті Әли шәһид болғанда «Ол өлмеді, бұлттардың арасына орналасты. Найзағай оның бұйрығымен болады» деді. Осыған ұқсас тағы әр түрлі тоқыма сөздерімен надандарды алдап, әһли сүннетті бөлуге, іштен құлатуға кірісті. Бірақ әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) аяти карималар мен хадис шәрифтерге жүгініп, ақылға, білімге сүйеніп, оның адасқан, қате сөздеріне өте анық жауаптар берді. Абдуллаһ бин Сәбә мен оның ізбасарларын барлық жерде масқара қылып, қор қылды. Олар тек кітап оқымайтын, уағыз, насихат тыңдауға бармайтын сауатсыздарды ғана алдай білді. 6, 14, 27, 30, 36, 77, 120, 121, 136, 220, 233, 365. 20) АБДУЛЛАҺ БИН УРӘЙКИТ: Бәни Уәйл тайпасынан шыққан кәпір еді. Аманатшы, сыр сақтаушы еді. 99. 21) АБДУЛЛАҺ БИН ЯСР: Шамда ең соңғы қайтыс болған сахаба. Сексен сегізінші жылы қайтыс болды. 19, 252. 22) АБДУЛЛАҺ БИН ЗУБӘЙР: Зубәйр бин Аууамның ұлы. Анасы Әсма бинти Әбу Бәкір Сыддық. Хижреттен жиырма айдан кейін дүниеге келді. Есімін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қойды әрі дұға етті. Ержүрек, күшті, батыл еді. Түнде ғибадат етіп, күндіз ораза ұстайтын. Тунис жорығында жүз жиырма мыңдық дұшпан әскерімен жиырма мыңдық ислам мүжаһиді шайқасқан кезде дұшпанның қолбасшысы Жәржирді өлтіріп жеңіске себеп болды. Жәмәл оқиғасында Әлиге (радиаллаһу анһ) қарсы еді. Язидке биат етпеді. Тоғыз жыл Меккеде халифа болды. Йемен, Ирак және Хорасан қолында еді. Абдулмәликтің қолбасшысы Хажжаж бин Юсуф 72 жылы Меккені қоршауға алып, катапультамен қаланы талқандады. Абдуллаһ 73 [м.692] жылы маңдайына тиген катапульта тасымен жараланып, шәһид болды (радиаллаһу та'ала анһ). Анасы Хажжаждың алдына шығып ауыр әрі дұрыс сөздер айтты. Ол қирап қалған қағбаны, сондай-ақ пайғамбарымыздың кесенесін жөндеді. Шәһид етілген соң Абдулмәлик бин Мәруан қағбаның бір дуалын құлатып, Хажәр-и әсуад тасын бұрынғы орнына қойғызды. Қазіргі қағбаның үш қабырғасын Абдуллаһ, бір қабырғасын Абдулмәлик жасатқан. 65, 106, 170, 211, 259, 302, 304, 330, 339, 350, 354, 359. 23) АБДУЛЛАҺ ЖӘНГИЗИ ХАН: Мәуереннахрдағы өзбек ханы. Ескендір ханның ұлы. 939 жылы дүниеге келіп, 1005 [м.1596] жылы қайтыс болды. 990 жылы патша болды. 993 жылы Гератты жаулап алды (рахимә-һуллаһу та'ала). 151. 24) АБДУЛЛАҺ АНСАРИ: Әкесі Әбу Мансұр Мұхаммед бин Әли. 396 жылы Гератта дүниеге келіп, 481 [м.1088] жылы сол жерде қайтыс болды. Шәйхул ислам еді. Ханбали мазһабында болған. Үлкен әулиелердің бірі әрі хадис ғалымы еді. «Мәназил-ус саирин» және тәфсир кітаптары атақты. Тасаууфта «Тәарруф» кітабын шәрһ еткен. «Мүнажат» кітабы Стамбұлда басылған. 84, 146, 212, 270, 319, 409. 25) АБДУЛМӘЖИД ХАН: Османлы патшаларының отыз біріншісі және ислам халифаларының тоқсан алтыншысы. Сұлтан Екінші Махмұдтың ұлы. Оның сегіз ұлынан төртеуі патша болған. 1237 [м.1821] жылы дүниеге келген. 1255 [м.1839] жылы таққа отырды. 24 маусым 1277 [м.1861] жылы қайтыс болды. Сұлтан Селим мешітінің бақшасында жерленген. Абдулмәжид ханның үлкен бір қателігі, мемлекетке де, бүкіл ислам әлеміне де ауыр зиян келтірген, кешірілмес айыбы бар еді. Ол сондай бір қателік еді, ол Османлы тарихында қорқынышты бетбұрыс жасап, бұл ұлы ислам мемлекетінде «Жоқ болып кету дәуірінің» басталуына себеп болды. Масондар мен ислам дұшпандары жасырғысы келген, жастардан құпия ұстауға тырысқан бұл қателік – жүрегі таза, ниеті ақ патшаның азулы әрі зымиян ислам дұшпаны болған ағылшындардың жылы сөзіне алданып, шотландиялық масондар тәрбиелеген надандарды билікке әкелуі, олардың мемлекетті іштен құлату саясатын дер кезінде аңғара алмауы еді. Ағылшындардың Османлы мемлекетіне қарсы қорқынышты шабуылдары мен жетістіктері сұлтан Абдулмәжид ханды алдаудан басталды. Исламды жою мақсатында Англияда құрылған «Шотландтық масон ұйымының» айлакер мүшесі Лорд Редклифф Стамбұлға ағылшын елшісі ретінде жіберілді. 1250 [м.1834] жылы Парижде, кейін Лондонда Османлы елшісі болған Мұстафа Рашид паша алданған, масон болған еді. Оны садри азам (премьер-министр) ету үшін Лорд Редклифф сұлтанға көп жалбарынды. «Егер осы білімді, мәдениетті және табысты уәзірді садри азам етсеңіз, Англия империясы мен Османлы мемлекеті арасындағы барлық келіспеушіліктер тоқтайды. Османлы мемлекеті экономикалық, әлеуметтік және әскери салаларда ілгері басады» деп халифаны алдады. 1262 [м.1846] жылы садри азам болған паша билікке келе салысымен сыртқы істер министрі болып тұрған кезінде Редклиффпен бірлесіп дайындаған «Танзимат» заңына сүйеніп, ірі аймақтарда масондық ложалар ашты. Тыңшылық пен сатқындық ұялары жұмыс істей бастады. Жастар діни сауатсыз етіп тәрбиеленді. Лондоннан келген жоспарларға сай бір жағынан әкімшілік, ауыл шаруашылығы және әскери өзгерістер енгізді. Осы өзгерістер арқылы халықтың көзін бояды. Екінші жағынан ислам ахлақын, ата-бабаға деген сүйіспеншілікті және ұлттық бірлікті ыдыратуға кірісті. Өздері жетілдірген адамдарын билікке шығарды. Сол жылдары Еуропада физика мен химия саласында алып қадамдар жасалып жатқан еді. Жаңа өнертабыстар мен жетістіктер пайда болды. Үлкен зауыттар, техникалық университеттер құрылды. Ал Османлыларда мұның ешқайсысы жасалмады. Тіпті Фатих сұлтан дәуірінен бері медреселерде оқытылып келген жаратылыстану және математика пәндерін мүлде алып тастады. «Дін адамдарына ғылым қажет емес» деп білімді, мәдениетті ғалымдардың өсуіне кедергі болды. Сұлтан Абдулмәжид хан заманында дүниеде екі ірі ислам мемлекеті бар еді, бірі Османлы мемлекеті, екіншісі Үндістандағы Моғол патшалығы. Екі мемлекеттің де сұлтандары ислам дінінің қорғаушылары болатын. Исламның дұшпаны болған ағылшындар бұл екі қорғаушыны жою үшін өте айлакер жоспарлар құрған еді. Алдымен Моғол патшалығын бөлшектеуге шешім қабылдады. Осылайша Азиядағы мұсылмандарды басшысыз қалдырып, сонымен бірге Үндістанның байлығына және саудасына ие болмақ болды. Бірақ бұған Османлылардың кедергі келтіруінен қорықты. Сол себепті Османлыларды Ресеймен соғыстыруға тырысты. Австрия мен Пруссия Османлы-Ресей соғысының алдын алуды қалады. Ресей де бұған келісті. Бірақ ағылшындар Рашид пашаны соғыс ашуға үгіттеді. Оған «Біз көмектесеміз, жеңіске жетесің, осылайша Османлы мемлекетінің ең беделді адамы боласың» деп сендірді. Рашид паша Османлы мемлекетін басқаратынын ойлап, соның мастығымен ағылшындардың қолындағы қуыршаққа айналды. 26 қыркүйек 1269 [м.1853] жылы Баб-ы Алиде (үкімет сарайында) жүз алпыс үш (163) адам жиналды. Ресейге соғыс ашу туралы шешім қабылданды. Сұлтан Абдулмәжид ханды да тұзаққа түсіріп, бұл шешімді мақұлдауға мәжбүр етті. Осылайша Ресейге соғыс жарияланды. Османлы мемлекетін қиын жағдайға душар еткен ағылшындар бұл кезде Үндістандағы қырғын мен апаттарды бастады. 1274 [м.1857] жылы Делиде үлкен көтеріліс ұйымдастырды. Екінші Бахадур Шахты ұлдарымен бірге Калькуттаға алып барып түрмеге қамады. Осылайша Моғол патшалығы құлады. Бұл Үндістанның болашақта Англия империясына қосылуының алғашқы қадамы болды. Ағылшындар Ресей патшасы Бірінші Николайдың Құдыста католиктерге қарсы православтарды айдап салып жатқанын алға тартып, Ресейдің Жерорта теңізіне түсуін мүлде қаламаған Франция императоры Үшінші Бонапартты да Түрік-Ресей Қырым соғысына тартты. Өздерінің мүддесі үшін құрған бұл одақтастығын түрік халқына Рашид пашаның дипломатиялық жеңісі ретінде көрсетті. Дұшпандардың жылтыр жарнамалармен және жалған достықтармен бүркемелеуге тырысқан бұл жою саясатын бәрінен бұрын түсінген сұлтан көп уақыт сарайында жылайтын болды. Мемлекетін, халқын іштей жеп бара жатқан дұшпандарға қарсы амал іздеп, Аллаһу та'алаға жалбарынатын. Осы себепті Рашид пашаны бірнеше рет садри азамдықтан алыстатты, дегенмен өзіне «ұлы», «дана» дегендей атауларды тағатын бұл айлакер адам қарсыластарын ығыстырып, қайта-қайта билікке орала алды. Өкінішке қарай сұлтан қайғы-қасіреттен туберкулез ауруына шалдығып, жас шағында көз жұмды. Кейінгі жылдары мемлекет билігіне таласқандардардың, университет профессорлары мен сот төрағалары болып тағайындалғандардың бәрі Мұстафа Рашид паша жетілдіріп шығарған адамдар еді. Осылайша «Қаһт-ы рижал» (кадр жетіспеушілігі) дәуірінің басталуына және Османлыларға «Науқас адам» деген атақ тағылуына себеп болды. Абдулмәжид хан [1256] жылы алғаш рет қағаз ақша шығарды. [1260] жылы «Мәжидия» көпірі салынды. Қазір ол Галата көпірі деп аталады. 1412 [м.1992] жылы қайтадан салынды. [1265] жылы Бешікташ пен Ортакөй арасында «Кіші Мәжидия» мешітін және Ортакөй айлағының жанында «Үлкен Мәжидия» мешітін салдырды. [1276] жылы Мачка мен Нишанташы арасындағы «Тәшвикия мешітін» салдырды. [1268] жылы «Ширкет-и Хайрия» деп аталатын Босфор кемелері жұмыс істей бастады. [1277] жылы Айдын темір жолы салынды. [1270] жылы теңіз түбімен суасты телеграф желісін тартқызды. [1272] жылы жер туралы заң шығарды. [1274] жылы әкімшілік-басқару құрылымын құрды. [1276] жылы сауда заңын жасады. Абдулмәжид ханның анасы «Безм-и Алем» сұлтан 1261 [м.1845] жылы Йенибахче аймағында Гураба ауруханасын және Долмабахче сарайының алдында теңіз жағасында «Валиде мешітін», сондай-ақ Бақыржыларда Баязит мұнарасының алдында үлкен сұлтандық лицейін және көптеген мешіттер мен ауыз су көздерін салдырған. Долмабахче деп аталатын жер [1023] жылы Бірінші Ахмед ханның бұйрығымен толтырылған. Бір төбені теңізге толтырып, жер жасаған. Долмабахче айлағын Бірінші Абдулхамид хан салған. Долмабахче сарайын Бірінші және Екінші Махмұд хандар ағаштан тұрғызған еді. 1269 [м.1853] жылы Абдулмәжид хан олардың орнына қазіргі керемет сарайды салдырды. Ол бес миллион алтын лираға түсті. Осыншама көп ақша халықтың қалтасына түскен болды, мыңдаған отбасының жүзі күлді. Сонымен қатар мемлекетке аса құнды әрі тарихи өнер туындысын сыйлады. Елде бейбітшілік пен өркендеу орнатты. Хижаз бен Анадолы жерлерінде көптеген ғимараттар салдырды. Ислам дұшпандары Османлы халифаларына жала жапқанындай, осы мүбәрәк тұлғаны да қаралауға тырысады. Мемлекеттің түкпір-түкпірінде, әсіресе Мекке мен Мәдинада салдырған ғажайып өнер туындыларына «ысырап жасады» деп айыптайды. Аллаһу та'ала мубах еткен, рұқсат берген күң қолдануын, яғни шариғи құқығын күнә етіп көрсетеді. Тіпті «Ішкілік ішкен» деп те айтады. Сұлтан Екінші Сәлим ханға және Йылдырым сұлтан Баязитқа да осылай жала жапқан. Ешқандай дәлелге, дерекке сүйенбейтін бұл сөздерге аңқау мұсылмандар да сеніп қалады. Тіпті жаңа тарих кітаптарына да жазады. Алайда Османлы патшаларының барлығы әр істерінде исламға сүйеніп, ұлы ғалымдардың фәтуаларымен амал ететін. Олардың бәрі салих, діндар, мүбәрәк адамдар еді. Әрқайсысы ислам дініне көп қызмет етті. Екінші Сәлим ханның Едирнеде салдырған үлкен Селимия мешіті оның дұшпандарына ашық жауап беріп, жапқан жалаларын жоққа шығарып тұр. Дін дұшпандары әрдайым жақсыны жаман етіп көрсетіп, жаманды, дінсізді мадақтауға тырысады. Абдулмәжид хан қабірінің биіктігі Явуз Сұлтан Сәлимнің кесенесінен төмен болуын өсиет еткен және солай жасалған. Оның кесенесінде ұлдары Бурханеддин мырза [1265-1293], Мұхаммед Абдуссамад мырза [1269–1271] және Осман Сафиуддин мырза [1271] жерленген. Ал ортадағы үшінші кесенеде Сұлтан Сүлейман ханның анасы Хафса сұлтан мен Сұлтан Сүлейманның шахзадалары Мұрад, Махмұд және Абдулла мырзалар мен бір ханым жатыр (рахимә-һумуллаһу та'ала). 243, 287, 368, 375, 376, 397. 26) АБДУЛУАҺҺАБ ШАРАНИ: Абдулуаһһаб бин Ахмед «Құтбы Шарани» атымен де танымал. Ол Шазили еді. Әли Хауастың шәкірті болған. Ариф және құтбы заман еді. 898 [м.1493] жылы дүниеге келіп, 973 [м.1565] жылы Каирде қайтыс болды. Тәфсир, фиқһ, тасаууф, тарих, нахв және медицина салаларында көп кітап жазған. «Дүрәр-ул ғауас фи фәтауа Әли Хауас», «Фәтһулуаһһаб фи фәдаил-ил ал уәл-асхаб», «Кибрит-ул ахмәр фи улум-ил шәйхил әкбар», «Китабул-минән уәл ахлақ», «Мизан-уш-шарания» және «Йәуакит уәл жәуаһир фи баян-и ақаидил-әкабир» кітаптары атақты. 58. 27) АБДУРРАХМАН БИН АУФ: Асхаби кирамның ұлыларынан. Ашәрә-и мубашшарадан. Алғаш иманға келген сегіз адамның бірі. Хабешистанға және Мәдинаға хижрет етті. Бүкіл соғыстарға қатысты. Ухуд соғысында жиырма бір жерінен жараланды. Аяғына тиген жарақаттан ақсандайтын болып қалды. Сол соғыста он екі тісі сынды. Ол көп садақа беретін. Бір күнде Аллаһ разылығы үшін отыз құлды азат еткен. Ол өте бай еді. Саудагер болған. Хазреті Омардан кейін халифалыққа үміткер болған алты кісінің бірі еді. Бірақ халифа болуды қаламай бастартты. Хазреті Османның халифа болуын ең алғаш қалаған ол. Отыз бірінші жылы жетпіс бес жасында қайтыс болды. Ірі денелі, ақ тәнді, сымбатты кісі еді (радиаллаһу та'ала анһ). 129, 166, 167. 28) АБДУРРАХМАН БИН СУМӘР: Мекке жаулап алынған кезде исламға келді. Басрада орналасты. Ауғанстанды жаулап алған. Хасан Басри де оның әскерінің арасында еді. 45 жылы уәли (әкімдік) лауазымнан босатылды. 50 жылы Басрада қайтыс болды. 62. 29) АБДУРРАЗЗАҚ ЛАХИЖИ: Әкесі Әли. Кум қаласында мудәррис (мұғалім) еді. Шии ағымының ғалымы болып, көп кітап жазған. 1051 [м.1642] жылы қайтыс болды. 18, 22. 30) АХМЕД АСЫМ МЫРЗА: Ғалым еді. Айнтап (Газиантеп) тумасы. Арабша «Қамус», парсы тіліндегі «Бурхан-и қати» сөздік кітаптарын түрік тіліне аударған. «Әмали қасидасын» түрік тіліне шәрһ еткен. Тарих кітабын да жазған. 1235 [м.1820] жылы қайтыс болды. Ускударда Нұх құдығы мазарында жерленген. Фатих ауданында Явуз Сәлим аялдамасынан Ескі Әлиге түсетін көшеге оның аты берілген. 87, 104, 108. 31) АХМЕД БИН ӘЛИ НӘСАИ: 215 [м.831] жылы Хорасанда дүниеге келіп, 303 [м.915] жылы Шамда қайтыс болды. Хадис ғалымы. Мысырда аты шыққан еді (рахимә-һуллаһу та'ала). 128. 32) АХМЕД БИН ХАНБАЛ: Ханбали мазһабының құрушысы. Әкесі Мәрвтық. 164 [м.780] жылы Бағдатта дүниеге келіп, 241 [м.855] жылы сол жерде қайтыс болды. Өмірбаяны туралы көп кітап жазылған. Хадис пен фиқһта өз дәуірінің теңдессіз ғалымы еді. «Құран кәрім – жаратылыс» деп айтпағаны үшін түрмеге қамалып, дүре соғылған еді. Жаназасында табытын жүз қырық мың адам тасыды. Тақуалығы, білімі мен кемелдігі өте жоғары еді. Үш жүз мың хадис шәриф жаттаған болатын. «Зухд деген не?» деген сұраққа «Зухд үш түрлі: Надандардың зухды – харамдардан тыйылу. Ғалымдардың зухды – халал етілгендердің көбінен сақтану. Арифтердің зухды – Аллаһу та'аланы ұмыттыратын барлық нәрседен тыйылу» деп жауап берді (рахимә-һуллаһу та'ала). 23, 25, 43, 45, 57, 63, 84, 176, 178, 195, 219, 224, 324, 362, 388, 401. 33) АХМЕД БИН МҰСТАФА: Ташкөпрүзада атымен танымал болған. 901 жылы Бурсада дүниеге келіп, 968 [м.1560] жылы қайтыс болды. Ашықпаша ауданында жерленген. Әр түрлі медреселерде мудәррис (ұстаз) болды. Соңғы уақыттарында көзі көрмей қалды. Ол көп кітап жазған (рахимә-һуллаһу та'ала). 105. 34) АЙША СЫДДЫҚА (радиаллаһу анһа): Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ардақты жұбайы және Әбу Бәкір Сыддықтың қызы. Анасы Умму Руман. Хижреттен сегіз жыл бұрын дүниеге келіп, 57-ші жылы 65 жасында Мәдинада қайтыс болды. Бақи мазарында жерленген. Баласы болмады. Хадиша-и кубраның қайтыс болуынан бір жыл өткен соң, хижреттен екі жыл бұрын некесі қиылды. Үш жылдан кейін Мәдинада хужрә-и саадатқа келтірілу абыройына ие болды. Ақылы, зеректігі, ар-намысы және тақуалығы таңданыс тудыратындай көп еді. Расулуллаһ тарапынан жақсы көрілген және көп мақталған еді. Некесі Аллаһу та'аланың бұйрығымен қиылды. Ол аяти каримамен мақталған. Асхаби кирам қиын мәселелерін шешу үшін оған жүгінетін болған. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуында он сегіз жасында еді. 12, 13, 20, 24, 30, 47, 48, 60, 69, 74, 75, 76, 105, 110, 114, 119, 122, 123, 127, 128, 130, 133, 165, 171, 175, 176, 178, 185, 196, 207, 212, 234, 235, 242, 249, 256, 311, 340, 345, 355, 358, 387, 409. 35) ӘЛИ БИН ӘМРУЛЛАҺ: Әли Челеби, Анадолы қазы әскері еді. Яғни әскери соттың басшысы еді. 916 жылы дүниеге келіп, 979 [м.1571] жылы Едирнеде қайтыс болды. «Ахлақ-и Алаи» кітабы түрік тілінде жазылып, екі томнан тұрады. Мысырда басылған. Бәйдауи тәфсиріне хашиясы, «Дүрәр» және «Гурәр» кітабына хашиясы, «Кәшшаф» тәфсиріне хашиясы, түрікше өлеңдердің жинағы, «Қасида-и бурда» шәрһі және тағы көптеген еңбектері бар (рахимә-һуллаһу та'ала). 66. 36) ӘЛИ БИН ОСМАН: Сиражеддин Уши, 557 [м.1162] жылы оба ауруынан қайтыс болды (рахимә-һуллаһу та'ала). «Фәтауа-и сиражия», «Мәшариқул-әнуар» және «Әмали қасидасы» танымал. Мұны «Ламийя» қасидасы деп те атайды. 87. 37) ӘЛИ МҰРТАЗА (радиаллаһу анһ): Расулуллаһтың көкесі Әбу Талибтың төртінші ұлы. Хулефа-и рашидин және Ашара-и мубәшшәраның төртіншісі. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күйеу баласы және ең жақыны еді. Әһли бәйттің, әһли абаның біріншісі еді. Аллаһу та'аланың арыстаны еді. Түрлі хадис шәрифтерде мақталған. Ол әһли сүннеттің көз қарашығы, әулиелердің көшбасшысы, кереметтердің қазынасы. Хижреттен 23 жыл бұрын Меккеде дүниеге келді. Анасы Фатима бинти Әсад бин Хашим. Ол он жасында бисәттің екінші күні иманға келді. Жаяу хижрет етіп, мүбәрәк аяқтары ісіп кетті. Бүкіл соғыстарда арыстандай шайқасты және көп жарақат алды. Ухудта он алты жерінен жараланған болатын. Тәбук соғысында Мәдинада қорғаушы ретінде қалдырылған болатын. Аяти каримамен мақталып мадақталған. Үш халифаға да биат еткен (бағынған), шын көңілімен растаған. Үшеуіне де көп көмектескен. Ол 35 жасында халифа болды. 36-шы жылы Жәмәл оқиғасында Айша Сыддықаны тұтқынға алған кезде құрмет пен сый-сияпат көрсетіп, өзінің әскері арасындағы Мұхаммед бин Әбу Бәкірмен бірге Мәдинаға жолдаған. 37 жылы Сыффин деген жерде хазреті Муауияның әскерімен жүз күнде тоқсан рет майданда шайқасып, әскерінен жиырма бес мың, қарсы тараптан қырық бес мың адам шәһид болған еді. Қарсы тараптың бейбітке келу ұсынысын қабылдаған соң әскерінен жеті мың адам айрылды. Олар «харижи» деп аталды. Халид бин Зәйдті оларға насихат айту үшін жіберсе де, мұның пайдасы болмады. Оларға шабуылдап, тас-талқан етті. Харижилер оған көп жала жапты. Шамдағы ислам ғалымы Әбу Хамид бин Мәрзук 1387 [м.1967] жылы басылған «Ән-нақд-ул мухкәм» кітабында былай деп жазған: «Имам Хайдар Әлиге (кәрәмаллаһу уәжһәһ) тіл тигізгендердің бірі Ибн Тәймия Харрани. Ол «Минхаж-ус суннә» кітабында сахабалардың дұшпандарына қарсы харижи кітаптарынан дәлелдер келтіргенде хазреті Әлиге және әһли бәйтке өте жаман жалалар жапқан». Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) харижилерден Абдуррахман бин Мүлжәм тарапынан қырқыншы [40] жылы Рамазанның он жетінші күні таң намазын оқытып жатқанда қылышпен басынан жарақаттанды. Екі күннен кейін шәһид болды. Нәжәфте жерленген. Үшеуі Фатимадан туылған он сегіз ұлы және сегіз қызы бар еді. Ол орта бойлы, бидай реңді, ақ және ұзын сақалды еді. 13, 14, 15, 16, 17, 18, 21, 22, 23, 24, 27, 28, 29, 33, 34, 35, 36, 38, 39, 40, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 50, 58, 60, 61, 62, 63, 65, 67, 68, 69, 70, 71, 72, 75, 79, 82, 83, 85, 86, 88, 96, 97, 98, 99, 101, 103, 105, 106, 107, 108, 109, 110, 111, 112, 113, 114, 115, 116, 117, 118, 119, 120, 121, 122, 123, 124, 125, 126, 127, 129, 130, 131, 132, 133, 134, 138, 140, 143, 161, 164, 165, 166, 167, 168, 170, 171, 172, 175, 176, 177, 178, 179, 180, 181, 182, 183, 184, 185, 186, 187, 188, 189, 190, 191, 192, 193, 194, 195, 196, 197, 198, 199, 200, 201, 202, 203, 204, 205, 206, 207, 208, 209, 210, 211, 212, 214, 215, 216, 221, 223, 224, 225, 226, 227, 228, 229, 230, 231, 232, 233, 234, 235, 237, 241, 242, 243, 244, 245, 246, 248, 249, 250, 251, 254, 257, 258, 259, 260, 264, 265, 267, 271, 279, 298, 302, 303, 304, 305, 318, 323, 329, 331, 344, 345, 352, 355, 356, 357, 358, 359, 381, 382, 385, 386, 396, 399, 402, 408, 409. 38) ӘЛИ РИЗА: Мұхаммед Жәуад Тақи хазреттің әкесі және Мұса Қазым хазреттің ұлы. Он екі имамның сегізіншісі. 153 жылы Мәдинада дүниеге келіп, 203 [м.818] жылы Тус қаласында қайтыс болды. Харун Рашидтың қабірінің қасына жерленген. Бұл қала қазір Мешхед деп аталады. Халифа Мәмун оны қатты жақсы көретін, құрметтейтін және өзіне күйеу бала қылған болатын. Имам ертерек қайтыс болмаса, оны өзінен кейін халифа қылмақшы еді. 158, 342, 359. 39) АМИДИ: Сәйфәддин Әли бин Мұхаммед ислам ғалымдарының ұлыларынан. Амид қаласында, яғни Диярбакырда 551 жылы дүниеге келіп, 631 [м.1234] жылы Шамда қайтыс болды. Шафии мазһабында еді. Мысырда, Шамда жылдар бойы мүдәррис болды (сабақ оқытты). Кәлам, фиқһ, логика және хикметте құнды туындылары бар. 75, 205. 40) АММАР БИН ЯСЕР: Ата-анасымен бірге ең алғаш исламға келгендерден. Кәпірлерден көп қорлық пен азап көрді. Анасы Сумәйя ханым азапталып жатқанда шәһид болды. Алғаш ислам шәһиді – Сумәйя. Әбу Жәһлдің сүңгісінен шәһид болды. Аммар (радиаллаһу анһ) хадис шәрифпен мақталған. Барлық соғысқа қатысты. «Мәсжид-и Құба»-ның құрушысы. Мусәйләмәтул кәззабпен соғыс кезінде бір құлағы кесілді. Халифа Омар заманында Куфа әкімі болды. 37 жылы Сыффин соғысында 94 жасында шәһид болды. Ұзын бойлы, бидай реңді, ақ сақалды еді (радиаллаһу та'ала анһ). 28, 105, 113, 176. 41) АМР БИН АС: Сахабалардың атақтыларынан. Хижреттің сегізінші жылы Меккенің жаулап алынуынан алты ай бұрын Халид бин Уәлидпен бірге Мәдинаға келіп мұсылман болған еді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Омандағы әкімі болып, қызметінен ешқашан босамады. Әбу Бәкір тарапынан Шам жорығына жіберілді. Халифа Омар тарапынан Палестина әкімі болды. Мысырды жаулап алды. Мысырға әкім болды. Сыффин соғысында ижтиһады хазреті Муауияның ижтиһадына сай болды. Қайтадан Мысырға әкім болып, қайтыс болуына дейін сол қызметте қалды. 43 жылы қайтыс болды. Өте зерек, әйгілі кемеңгер еді. Қысқа бойлы, ержүрек, әдебиетші және шешен еді (радиаллаһу та'ала анһ). 19, 62, 65, 75 76, 105, 172, 180, 249, 251, 340, 358, 405. 42) АЗАД: Әмір Ғұлам Әли бин сәйид Нұх – Үндістанның атақты ақындарынан. Төрт қасидасы өте мәшһүр. 1200 [м.1786] жылы қайтыс болды. 151. |

