12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / ШӘРӘФУДДИН МУНИРИДІҢ ХАТЫ: «Себептерге жүгіну керек»

ШӘРӘФУДДИН МУНИРИДІҢ ХАТЫ: «Себептерге жүгіну керек»

-5-

ШӘРӘФУДДИН МУНИРИДІҢ (рахимә-һуллаһу та’ала) ХАТЫ:

«Себептерге жүгіну керек»

Үндістанда жетілген Ислам ғалымдарының ұлыларынан бірі Шәрәфуддин Ахмед бин Яхия Мунири (рахметуллаһи алейһ) парсы тіліндегі «Мәктубат» кітабының 18-ші хатында былай дейді:

Адамдардың көпшілігі күмән және қиялмен әрекет етіп, қателеседі. Осылай қате ойлайтындардың бір бөлігі: «Аллаһу та’ала біздің ғибадаттарымызға мұқтаж емес. Ғибадаттарымыздың Оған ешқандай пайдасы жоқ. Адамдардың ғибадат етуі немесе бағынбауы, Оның ұлылығының қасында, екеуі бірдей. Ғибадат етушілер бекер қиналып, босқа әуре болып жүр» дейді. Бұлай ойлау үлкен қателік. Олар Ислам дінін білмегендіктен осылай айтуда. Ғибадаттарды Аллаһу та’алаға пайдасы бар деп және осы себептен әмір етілген деп санайды. Осындай деп санау үлкен қателік. Бұл – болмайтын нәрсені болады деп ойлау. Әр адамның жасаған ғибадатының пайдасы тек өзіне ғана тиеді. Осындай екенін Аллаһу та’ала «Фатыр» сүресінің 18-ші аятында ашық түрде білдірген. Осылай қате ойлайтын адам емдәм ұстамайтын науқасқа ұқсайды. Бұл науқасқа дәрігер емдәм ұстауға кеңес беруде. Ол болса, емдәм ұстамасам дәрігерге еш зияны тимейді деп емдәм ұстамайды. Дәрігерге зияны тимейді дегені дұрыс. Бірақ ол өзіне зиян тигізуде. Дәрігер өзіне пайдасы тисін деп емес, науқастың аурудан құтылып, жазылып кетуі үшін емдәм ұстауына кеңес берді. Дәрігердің кеңесін орындаса, аурудан жазылады. Орындамаса өліп кетуі мүмкін. Мұның дәрігерге ешқандай зияны тимейді.

Қате ойлаушылардың бір бөлігі мүлдем ғибадат жасамайды, харамдардан  сақтанбайды, яғни Ислам дініне мойынсұнбайды. «Аллаһ мейірімді, рақымды. Құлдарына жаны ашиды. Оның кешірімі мол, ешкімді азаптамайды» дейді. Иә, алғашқы сөздері дұрыс, бірақ соңғы сөздері қате. Бұл жерде оларды шайтан алдап жатыр. Оларды Аллаһу та’алаға қарсы шығуға итермелеуде. Ақылы бар адам шайтанға алданбайды. Аллаһу та’ала мейірімді, рақымды болуымен қатар, азабы да өте ауыр, қатты. Бұл дүниеде көптеген адамдарды кедейлік пен қиыншылықта өмір сүргізіп жатқанын көріп жүрміз. Түрлі пенделерін тартынбастан азаптардың арасында өмір сүргізіп жатыр. Өте кәрим (жомарт, мейірімді) және раззақ (ризықтандырушы) бола тұра, еңбектену қиыншылығын тартпағанша бір үзім нан да бермейді. Әр адамды өмір сүргізіп жатқан Ол болса да, ішіп-жемейтін адамды өмір сүргізбейді. Дәрі қолданбаған науқасқа шипа бермейді. Өмір сүру, ауырмау және мал-мүлікке иелену сияқты дүниелік ниғметтердің барлығына себептер жаратқан. Бұл себептерге жабыспағандарға жанашырлық танытпастан дүние ниғметтерінен мақрұм қалдырған. Дәрілер заттық және рухани болып екіге бөлінеді. Бүкіл ауруларды емдейтін рухани дәрілер – садақа беру және дұға оқу. «Ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер!» және «Көп истиғфар айту бүкіл дерттерге дауа!» хадистері мәшһүр. Заттық дәрілер де көп. Бұлар тәжірибе арқылы табылады. Рухани дәрілерді қолдану заттық дәрілерді табуға да көмектеседі. Ахирет ниғметтеріне қол жеткізу де осындай. Кәпірлікті көңіл мен рухты өлтіретін у қылған. Жалқаулық та рухты ауру қылады. Бұларға қарсы дәрі қолданылмаса, рух аурады, өледі. Күпірлік пен надандықтың бірден-бір емі – ілім, марифет. Ал жалқаулықтың емі – намаз оқу және барлық ғибадаттарды орындау. Кімде-кім у ішіп, «Аллаһ мейірімді, мені удың зиянынан қорғайды» десе, аурып өледі. Іші өткен адам үнді майын ішсе, (қант диабеті ауруы тәтті және ұнды тағамдар жесе) аурулары асқынады. Адамның денесі нәзік болғандықтан, керек болған қажетті заттар (азық, киім-кешек, үй) көп. Оларды тауып, Ислам дініне сай қолдана алуға дайындау өте қиын. Бұл істердің оңай және рахат жасалуы үшін адамдарда «Нәпіс» деп аталатын бөлек бір қуат жаратылған. Жануарларда бұл қуаттың жаратылуы үшін себеп жоқ. Нәпіс денеге қажет болған нәрселердің жасалуын қалайды. Бұл нәрселерді артығымен істеу нәпіске жағымды келеді. Нәпістің қалауларына «Шәһуат» делінеді. Шәһуатты ақылмен кеңеспей, қажеттілік мөлшерінен артық жасауы көңіл мен денеге және басқаларға зиянын тигізеді, күнә болады. «Сәадәти Әбәдийа» кітабының32-ші бетіне қараңыз!

Қате ойлайтындардың бір бөлігі аштық тартып, риязат жасауда (нәпістерін қинауда). Осылайша Ислам діні ұнатпаған шәһуат, ашу және зауықтану қалауларын түбімен жойғысы келеді. Ислам діні бұларды жоюды бұйырады деп ойлайды. Ұзақ уақыт бойы аштық тартып, бұл жаман қалауларының жойылмағандығын көріп, Ислам діні орындау мүмкін болмаған амалды әмір етті деп санайды. «Исламның бұл бұйрығын орындау мүмкін емес. Адам өз жаратылысындағы мінезінен құтыла алмайды. Бұлардан құтылуға тырысу қара адамды ағартуға тырысқанмен бірдей. Болмайтын нәрсені жасауға тырысу өмірді бос өткізу болады» дейді. Олар қате ойлайды және қате істейді. Әсіресе Ислам діні осылай әмір етті деп айтуы – сауатсыздық және ақымақтық. Өйткені Ислам діні ашудың, шәһуаттың, адамдық сипаттардың жойылуын әмір етпейді. Бұлай айту Ислам дініне жала жабу болып саналады. Ислам діні осылай әмір еткенде еді, діннің иесі болған Мұхаммед алейһиссаламда бұл сипаттар болмас еді. Алайда Ол: «Мен адаммын. Басқа адамдар сияқты мен де ашуланамын» дейтін еді. Анда-санда ашуланатын кездері байқалатын еді. Оның ашулануы тек Аллаһу та’ала үшін болатын еді. Аллаһу та’ала Құран кәрімде Али Имран сүресінің 134-ші аяти каримасында «Ашуын жеңген» адамдарды мақтауда. Ашуланбайтындарды мақтамаған. Қате ойлайтын адамның «Әркім шәһуатын жою керек» деп айтуы өте үлкен қателік. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тоғыз әйелге (радиаллаһу та’ала анһуннә) үйленуі бұл сөздің қате екендігін айқын көрсетуде. Адам шәһуатынан айрылса, емделіп шәһуатын қалпына келтіруі тиіс. Ашу да осындай. Адам әйелін, бала-шағасын осы ашу сипатымен қорғайды. Ислам дұшпандарына қарсы осы сипаты арқылы жиһад етеді (күреседі). Балалы-шағалы болып, өлгеннен кейін құрметпен еске алынуы шәһуаттың арқасында жүзеге асуда. Бұлар – Ислам діні мадақтаған, ұнатқан, мақтаған нәрселері болып табылады.

Ислам діні шәһуат пен ашуды жоюды емес, екеуін де басқарып, дінге сай қолданылуын әмір етуде. Атты әскердің атын және аңшының итін жоқ қылуы емес, оларды тәрбиелеп, пайдалану керек болғаны сияқты. Яғни шәһуат пен ашу әскердің аты мен аңшының иті сияқты. Бұл екеуі болмаса, ахирет ниғметтеріне қол жеткізу мүмкін емес. Бірақ олардан пайдалана алу үшін тәрбиелеп, дінге сай қолданылуы қажет. Бұл екеуі тәрбиеленбестен, азғындап, діннің шегінен асатын болса, адамды пәлекетке итермелейді. Риязат жасау (нәпістің қалауларын істемеу) – бұл екі сипатты жоқ қылу үшін емес, тәрбиелеп, дінге мойынсұнуын жүзеге асыру үшін. Мұны жүзеге асыру әркімге мүмкін. Мәдениет – атом қуатын қолдану, реактивті күштер жасау деген сөз емес. Мәдениет дегеніміз – бұларды адамдарға қызмет ретінде қолдану. Ал бұған Ислам дініне мойынсұну арқылы қол жеткізіледі.

Қате ойлаушылардың төртінші тобына келетін болсақ, олар өз-өздерін алдауда. «Барлық нәрсе ежелден жазылып қойылған. Бала дүниеге келмей тұрып «Саид» (жәннаттық) немесе «Шақи» (тозақтық) екендігі белгіленіп қойған. Бұл кейіннен өзгертілмейді. Сондықтан ғибадат жасаудың пайдасы жоқ» дейді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қаза мен тағдырдың өзгермейтіндігін, барлық нәрселердің ежелден жазылғандығын айтқан кезде Асхаби кирам да осылай айтқан еді. «Олай болса, ежелде жазылған тағдырға жүгінейік, ғибадат жасамай-ақ қояйық» деген еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұған қарсы: «Ғибадат жасаңдар! Әр адамға ежелде тағдырда жазылған нәрсені орындау оңай болады» деп жауап берген. Яғни Аллаһу та’аланың ежелде саид деп таныған адамы дүниеде саидтардың істерін жасайды. Бұдан аңғарылып тұрғаны, ежелде тағдырында саид деп жазылғандардың ғибадат жасаулары және шақи деп жазылғандардың Аллаһқа қарсы шығулары, тағдырына дені сау болып өмір сүретіндерің дәрі-дәрмек қолдануларына, ауруы, өлуі тағдыр етілгендердің  де дәрі-дәрмек қабылдамауларына ұқсайды. Аштықтан, аурудан өлетіндігі тағдырына жазылған адамға азық беру және дәрі ішу нәсіп болмайды. Ежелде тағдырына бай болуы жазылған адамға табыс көздері ашылады. Шығыста өлуі жазылған адамға батысқа баратын жолдар жабылады. Естуіміз бойынша, Әзірейіл алейһиссалам Сүлейман алейһиссаламның қасына келген кезде, жанында отырғандардың біріне тесіліп қарайды. Ол кісі періштенің осылай қарағанынан қорқты. Әзірейіл алейһиссалам кеткеннен кейін Сүлейман алейһиссаламға жалбарынып, желге бұйрық беріп, желдің оны батыс елдерінің біріне апарып тастауын, Әзірейіл алейһиссаламнан осылай құтқаруын сұрайды. Әзірейіл алейһиссалам қайтып келгеннен кейін Сүлейман алейһиссалам әлгі адамға неліктен тесіліп қарағанын сұрады. Әзірейіл алейһиссалам: «Маған бір сағаттан кейін батыстағы қалалардың бірінде сол адамның жанын алу әмір етілген еді. Оны сенің қасыңда көрген кезде таң қалғанымнан солай қараған едім. Бұйрық бойынша батысқа барған кезімде оны сол жақтан көріп, жанын алдым» деді. [Бұл хикая Жәлаләддин Румидің (рахимә-һуллаһу та’ала) «Мәснәуи» кітабында ұзақ жазылған.] Көрініп тұрғанындай, ежелде жазылған тағдыр бір бұйрық емес, ілім болып табылады. Алпыс үшінші бетке қараңыз! Ежелдегі тағдырдың орындалуы үшін бұл адам Әзірейіл алейһиссаламнан қорқты. Сүлейман алейһиссалам оған бағынды. Ежелдегі тағдыр себептер шынжыры арқылы жүзеге асты. Осы сияқты, ежелде саид (жәннаттық) делінген адамның иман келтіруі, риязат жасап, жаман мінезінің жөнделуі нәсіп болады. «Әнам» сүресінің 125-ші аятында: «Аллаһу та’ала хидаятқа қауыштыруды қалаған құлының жүрегіне Ислам дінін орнықтырады» делінеді. Ежелде шақи болатындығы мәлім болған, яғни тозаққа түсуі жазылған адам: «Ғибадат етудің қажеті жоқ. Әркімнің саид немесе шақи екендігі ежелде тағдырына жазылып қойған» дейді. Осылай ойлап ғибадат жасамайды. Осы оймен ғибадат жасамауы ол адамның ежелден шақи екендігін көрсетеді. Сол сияқты, сауатсыз болуы ежелде тағдыр етілген адам: «Барлық нәрсе ежелде тағдырға жазылған. Сауатсыз қалуы тағдыр етілген адамның оқып үйренуінің пайдасы болмайды» дейді. Осылайша сауатсыз болып қалады. Бір адамның егін егіп, мол өнім алуы тағдырына жазылған болса, оған жер аударып, ұрық себуі нәсіп болады. Ежелде жәннаттық деп жазылғандардың иман келтіруі және ғибадат жасауы, тозақтық деп жазылғандардың кәпір болуы және қарсы келулері де осындай. Ақымақ болған адам мұны түсіне алмайды. «Иманның және ғибадат етудің ежелде саид болуға, күпірліктің, қарсы шығудың шақи болуға қандай қатысы бар екен?» дейді. Қысқа ақылымен бұл байланысты түсінгісі келеді. Барлық нәрсені өз ақылымен шешуге тырысады. Алайда, адамның ақылы шектеулі. Ақыл жетпейтін нәрселерді ақылмен түсінуге тырысу ақылсыздық, ақымақтық болады. Солай ойлайтындардың ақымақ екендігі аңғарылады. Иса алейһиссалам айтқан: «Анасынан соқыр болып туылғандардың көзін ашу, тіпті өлгендерді тірілту маған қиын болған жоқ. Бірақ ақымақ адамға дұрыс сөзді түсіндіре алмадым.» Аллаһу та’ала шексіз болған ілімі және хикметімен кейбір құлдарын періштелер дәрежесіне көтереді. Тіпті, періштелерден де үстемірек болады. Ал кейбірлерін ит, доңыз дәрежесіне түсіреді. 18-ші хаттың аудармасы осы жерде тәмәм болды.

Шәрәфуддин  Ахмед бин Яхйа Муниридің «Мәктубат» кітабында жүз хат бар. Бұл кітап 741 [м.1339] жылы жазылып, 1329 [м.1911] жылы Үндістанда басылған. Стамбулда Сүлеймание кітапханасында қолжазбасы бар. 76-шы хатында былай делінеді:

«Сәадәт» (бақыт) – жәннаттық болу деген сөз. «Шәқауәт» – тозақтық болу деген сөз. Сәадәт пен шәқауәт Аллаһу та’аланың екі қазынасы сияқты. Бірінші қазынаның кілті – жақсы амал мен ғибадат. Екінші қазынаның кілті – күнә істер. Аллаһу та’ала әр адамның жәннаттық немесе тозақтық болатындығын ежелден білетін. Бұл білуіне «Тағдыр» делінеді. [Біз бұған маңдайына жазылғаны дейміз.] Саид болатыны ежелде мәлім болған адам Аллаһу та’алаға мойынсұнады. Ежелде шақи болатыны мәлім болған адам әрдайым күнә істейді. Дүниеде әрбір адам саид немесе шақи екендігін өз амалдарынан түсіне алады. Ахиретті ойлайтын дін ғалымдары адамдардың саид немесе шақи екендігін осылай аңғарады. Ал дүниеге беріліп кеткен дін адамы мұны білмейді. Бүкіл үстемдік пен ниғмет Аллаһу та’алаға ықыласпен бағынуда және ғибадат етуде. Ал бүкіл жамандық пен қиындық күнә істеуден туындайды. Адамдарға дерт пен бәле-жала күнә арқылы келеді. Ал рахаттық пен бақыт мойынсыну жолымен келеді. [Аллаһу та’аланың әдеті осындай. Мұны ешкім өзгерте алмайды. Нәпіске оңай және жағымды болып келген нәрселерді бақыттылық деп ойламау керек. Нәпіске қиын және жағымсыз келетін нәрселерді де шәқауәт және пәлекет деп санамау керек.] Құдыста Мешіт Ақсада жылдар бойы өмірін тәсбих және ғибадатпен өткізген адам ғибадаттың шарттары мен ықыласты үйренбегендіктен, бір сәждені тәрк етіп, зиян көргені соншалық, құрып кетті. Ал Асхаби Кәһфтің иті лас бола тұра, сыддықтардың артынан бірнеше қадам жүру арқылы дәрежесінің жоғарылағаны соншалық, мүлдем төмендемеді. Бұл жағдай адамды таң қалдырады. Ғалымдар ғасырлар бойы бұл сырды шеше алмаған. Адам ақылы мұның хикметін түсіне алмайды. Аллаһу та’ала Адам алейһиссаламға бидайды жеме деді, бірақ оның жейтінін ежелден білгендіктен, жеуін тіледі. Шайтанға Адам алейһиссаламға сәжде етуін әмір етті және сәжде етпеуін тіледі. Аллаһу та’ала: «Мені іздеңдер!» деді, бірақ ықыласы болмаған адамдардың қауышуын қаламады. Илаһи жолдың жолаушылары: «Мүлдем түсіне алмадық» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Ал біз не айта аламыз? Аллаһу та’ала адамдардың иман келтіруіне, ғибадат жасауларына мұқтаж емес. Кәпір болуының, күнә жасауының Оған ешқандай зияны тимейді. Ол махлұқтарына (жаратқан нәрселеріне) мүлдем мұқтаж емес. Аллаһу та’ала ілімді қараңғылықтың тазаруына, ал надандықты күнәнің істелуіне себепші қылды. Ілімнен иман және жақсы амал туындауда, ал надандықтан күпір мен күнә пайда болуда. Жақсы амал өте кішкентай болса да, қолдан жіберіп алмау керек! Күнә кішкентай болып көрінсе де, мүлдем жоламау керек! Ислам ғалымдарының айтуынша, үш нәрсе үш нәрсеге себеп болады: жақсы амал – Аллаһу та’аланың разалығын алуға, күнә істеу – Аллаһу та’аланың ашуына себеп. Иман келтіру – қадірлі, құрметті болуға себепші. Сондықтан, кіші күнә істеуден де қатты сақтану керек. Аллаһу та’аланың ашуы осы күнәда болуы мүмкін. Әр мүминді өзінен жақсы деп санау керек. Ол мүмин Аллаһу та’аланың өте жақсы көретін құлы болуы мүмкін. Әрбір адам үшін ежелде (шексіз ертеде) жазылған тағдыр мүлдем өзгертілмейді. Үнемі күнә істеп, мүлдем ғибадат жасамаған бір адамды Аллаһу та’ала, қаласа, кешіреді. Бақара сүресінің 30-шы аятының мағынасында, періштелер: «Йа, Рабби! Жер бетінде бүлік шығарып, қан төгетін адамдарды не үшін жаратасың?» деп сұрағанында, Аллаһу та’ала: «Олар бүлік шығармайды» деген жоқ. «Сендердің білмейтіндеріңді мен білемін!» деп жауаптады. «Лайық болмағандарды лайықты етемін. Алыста қалғандарды жақындатамын. Қор болғандарды қадірлі қыламын» деді. «Сендер олардың істеріне қарайсыңдар. Ал мен олардың жүректеріндегі иманға қараймын. Сендер күнәсіз екендіктеріңе қарайсыңдар. Олар менің мейіріміме сыйынады. Сендердің күнәсіз болуларыңды ұнатқанымдай, мұсылмандардың күнәларын кешіргенді де жақсы көремін. Менің білгенімді сендер білмейсіңдер. Имандыларды әзели (шексіз) болған мейіріміме қауыштырып, әбәди (мәңгі) болған мейіріміммен жұбатамын» деді. Жетпіс алтыншы хаттың аудармасы тәмәм болды.

Шәрәфуддин  Ахмед бин Яхйа Мунири (рахметуллаһи та’ала алейһ) 782 [м.1380] жылы қайтыс болды. Үндістанның Бихар қаласында өмір сүрген. Қабірі де сол қалада. Мунир – Бихар қаласындағы бір ауылдың аты. Шах Абдулхақ Дәхләуидің (рахметуллаһи та’ала алейһ) «Ахбар-ул-ахйар» кітабында ол туралы ұзақ жазылған. Бұл кітап парсы тілінде 1332 [м.1914] жылы Үндістанның Диобенд қаласында және кейіннен Пәкістанның Лахор қаласында басылған. «Иршад-ус-саликин», «Мадин-ул-мәани» және «Мәктубат» кітаптары өте құнды.

[Имам Раббани (рахметуллаһи алейһ) бір неше хаттарында былай деген: «Аллаһу та’ала әмір еткен істерге «парыз» делінеді. Тыйым салғандарына «Харам» делінеді. Парыз немесе харам болмаған, еркін қалдырылғандарына «Мубах» делінеді. Парыздарды орындау, харамдардан сақтану және мубахтарды Аллаһу та’аланың разылығы үшін жасау «Ғибадат ету» деп аталады. Ғибадаттың сахих және қабыл болуы үшін, яғни дұрыс болуы үшін және Аллаһу та’аланың оны ұнатуы үшін «Ілім», яғни дұрыс орындаудың шарттарын үйрену және «Амал», яғни шарттарына сай жасау және «Ықылас»-пен орындау қажет. Ықылас – ақша, мансап, атақ-даңқ сияқты дүниелік пайдаларды ойламай, тек Аллаһу та’ала әмір еткені үшін, Оның разалығын, сүйіспеншілігін алу үшін орындау деген сөз. Ілімге фиқһ кітаптарын ұстазбен бірге оқу арқылы, ал ықыласқа әулиенің сөздерінен, іс-әрекеттерінен және тасаууф кітаптарын оқуымен қол жеткізіледі. Ислам ілімдері екіге бөлінеді: Дін ілімдері және жаратылыстану ілімдері. Бұл ілімдерді қажетті мөлшерде үйрену – парыз. Мысалы, дәріні қолдану тәсілін, мөлшерін, электр қуатын қолданатын адамның электрика жайында қысқаша білім үйренуі парыз. Егер үйренбесе, өлімге себеп болады.

Парыздар мен харамдарға сенетін, бірақ жалқаулықпен немесе жаман досына еріп ғибадат жасамайтын бір мұсылман адам тәубе етпестен қайтыс болса, күнәдан тазарғанға дейін тозақта жанады. Парыздарды үйренбеген, білсе де маңызды деп санамаған, уайымдамай, Аллаһтан қорқпай орындамаған адам мұсылмандықтан шығады, кәпір болады. Тозақта мәңгі жанады. Харамдарды істеу де осындай.

Бір ғибадаттың ілімін үйренбеген, шарттарын білмеген адамның жасаған ғибадаты, ықыласпен жасалса да, сахих болмайды. Мүлдем орындамағандай тозақта жанады. Шарттарын біліп және мән беріп орындаған адамның ғибадаты сахих болады. Тозақ азабынан құтылады. Бірақ, ықыласпен жасамаған болса, бұл ғибадаты мен жасаған ешбір жақсылығы қабыл болмайды, сауап ала алмайды. Аллаһу та’ала бұл ғибадатын және жақсылықтары мен қайырымдылықтарын ұнатпайтынын білдіруде. Ілім және ықыласпен жасалмаған ғибадаттың пайдасы болмайды. Адамды күпірліктен, күнәдан, азаптан құтқара алмайды. Өмір бойы осылай ғибадат етіп, күпірмен қайтыс болған мұнафиқтар көп кездескен. Іліммен, ықыласпен жасалған ғибадат адамды дүниеде күпірден, күнәдан құтқарады және қадірін көтереді. Ахиретте де тозақ азабынан құтқаратынын Аллаһу та’ала Маида сүресінің 9-шы аятында және Уәл-аср сүресінде уәде еткен. Аллаһу та’ала уәдесінде тұрады. Берген сөзін, әлбетте, ұстайды.»]

 

Хақ та'ала дәйім кегін құл арқылы алады,

«Ләдун» ілімін білмегендер, құл істеді деп санайды.

Бүкіл заттар Оныкі, тек құл қолымен орындалады.

Аллаһ бұйырмағанша, тіпті шөп те қимылдамайды.