12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Бақыттылықтың басы – кәміл иман иесі болу

Бақыттылықтың басы – кәміл иман иесі болу

Ахлақ білімі өте маңызды. Өйткені адам ахлақ білімі арқылы жақсы және жаман мінездерді, пайдалы және зиянды істерді біледі. Жақсы істерді жасап, дүниеде кәміл, қадірлі адам болады. Дүниеде рахат және бақытты өмір сүреді. Оны бәрі жақсы көреді. Аллаһу та'ала одан разы болады. Ал ахиретте Раббының разылығы мен мейіріміне қауышады. Бақытқа қолжеткізу үшін екі нәрсе қажет. Бақытты кісі – осы екі нәрсеге қолжеткізген адам.

Осы екі нәрсенің біріншісі, дұрыс білім мен иман иесі болу. Бұл Мұхаммед алейһиссаламның өмірін, мінез-құлқын үйрену және Оның сүннетін ұстану арқылы іске асады.

Екіншісі, жақсы мінезді адам болу. Бұл фиқһ және ахлақ білімдерін үйрену және соны ұстану арқылы орындалады.

Бұл екеуіне қолжеткізген адам Аллаһу та'аланың сүйіспеншілігіне қауышады. Раббымыздың білімі шексіз. Ол құлдарының барлық амалдарынан хабардар.

Барлық бақыттылықтың басы – кәміл иман иесі болу. Ол Әһли сүннет уәл жамағат сенімінде болу деген сөз. Әрбір адам жүрегін қате сенімдерден, күмәндардан құтқаруға тырысуы керек. Бір адам дұрыс иманға қауышып, мінезі жақсы болса, жоғары рухтарға, яғни пайғамбарларға, әулиелерге және періштелерге ұқсайды, оларға жақындайды.

Жақсы мінезді адам әуелі өзіне пайдалы болуы қажет. Өзіне пайдасы тимейтін адамның өзгеге пайдалы болуы қиын. Адамның өзіне пайдалы болғаннан кейін бала-шағасына, көршілеріне, достарына және барлық адамдарға пайдалы болуға тырысуы керек.

Адам өзіне былайша пайдалы болады:

Алдымен бүкіл күш-қуатын, энергиясын және әрбір мүшесін, не үшін жаратылған болса, сол жолда қолдану керек. Ислам діні құптамаған жерлерде қолданбаған жөн. Дініміз көрсеткен көркем мінезден алыстамау қажет.

Бастықтар, басқарушылар қол астындағыларға әділ қарауы керек. Аллаһу та'аланың әмірлерін орындауына оларға көмектесу қажет. Қол астындағыларға мейірім көрсетпегендер қиямет күні Аллаһу та'аланың мейірімінен ұзақ қалады.

«Мән лә йәрхам, лә йурхам!» делінген, «жанашырлық танытпаған адамға ешкім жанашыр болмайды» дегенді білдіреді.

Адамдарға қамқор болған кісі дүниеде де, ахиретте де бақытқа жетеді. Дүниеде адамдар оны жақсы көреді, оған дұға етеді. Өлгеннен кейін оны жақсы жағынан еске алады. Ахиретте де мәңгі бақытқа қауышады.

Ал жаман мінезділерді Раббымыз да, адамдар да жақсы көрмейді. Өлгеннен кейін оған қарғыс айтпаса да, дұға етпейді.

Адамның мінезі досының мінезі сияқты болады. Мінез ауру сияқты жұқпалы. Жаман мінезді адаммен достық құрудан сақтану қажет.