Қырық хадис жаттауСұрақ: «Қырық хадис жаттаған адам жәннатқа кіреді» деген хадис бар ма? Жауап: Тек қана қырық хадисті, тіпті толық Құран кәрімді жаттаған адам жәннатқа кірмейді. Хадистерді біздің түсінуіміз қиын. Кәпір де 40 хадис жаттай алады, бидғатшы да жаттай алады. Басқа бір хадис шәрифте былай делінеді: «Аллаһу та'аланың мына 99 есімін жаттаған адам жәннатқа кіреді, мәңгі бақытқа жетеді.» (Бұхари) (Жаттау – осы 99 есімін мағынасымен бірге жаттап, амал ету деген сөз. Осылай істеген адам жәннатқа кіреді.) Қырық хадис туралы хадис шәрифтердің кейбірлері мынадай: «(Жазылған күйде) Қырық хадис қалдырып қайтыс болған адам жәннатта менің досым.» (Дәйләми) «Аллаһу та'аланың разылығы үшін халал мен харамды түсіндіретін қырық хадисті үмбетіме жеткізген адам ғалым болып тіріледі.» (Әбу Нуайм) «Үмбетімнің діни істеріне пайдалы болған қырық хадис жаттаған адам ғалымдармен бірге тіріледі.» (Табарани) «Аллаһу та'аланың кешіруі үмітімен менен қырық хадис жазған адамға Аллаһу та'ала мейірім танытып, шәһид дәрежесін береді.» (Ибн Жәузи) «Үмбетімен жеткізу үшін қырық хадис жаттаған адамға шапағат етемін.» (Ибн Адий) Жәннатқа кірудің бірінші шарты – дұрыс иманға ие болу. Иманның алты негізіне сену шарт. Тіпті біреуіне сенбеген адам мұсылман бола алмайды және жәннатқа кіре алмайды. Одан кейін харамдардан сақтанып, парыздарды орындау керек. Парыз бен харамдарды хадис шәрифтерден емес, Әһли сүннет ғалымдарының түсіндірмесінен үйрену қажет. Одан кейін өзі де ұстанып жүрген, харам мен халалды көрсететін қырық хадисті Әһли сүннет ғалымдарының түсіндірмесімен бірге жазып, флеш жинаушыға сақтап немесе басқа да жолдармен адамдарға жеткізген кісі жәннатқа кіреді. Төмендегі хадис шәрифтерде аталған мұсылмандар жоғарыда айтылған шарттар болса ғана жәннатқа кіреді. Тек төмендегілерді жасаумен ғана кірмейді: «Екі жақтың арасы мен екі аяқтың арасын қорғаған адам жәннатқа кіреді.» (Хараити) «Аллаһу та'аланың берген ризығына қанағат еткен кісі жәннатқа кіреді.» (Дара Құтни) «Аллаһу та'аланың бергеніне разы болған адам жәннатқа кіреді.» (Дәйләми) «Әйел күйеуіне қиыншылық көрсетпесе, тек намаздарының арқасында жәннатқа кіреді.» (Хаким) «Құл дұрысшыл болса, ихсан иесі болады. Ихсан иесі болса, иманы кәмілдікке жетеді. Иманы кәмілдікке жеткенде жәннатқа кіреді.» (И.Ахмед) «Қаламайтындардан басқа, үмбетімнің бәрі жәннатқа кіреді. Маған бағынған адам жәннатқа кіруді қалайды, ал қарсы шыққан қаламайды деген сөз.» (Бұхари) «Ілім үйренген, күйеуіне бағынған әйел, ата-анасына жақсылық жасаған перзент пайғамбарлармен бірге есепке тартылмай жәннатқа кіреді.» (И.Рафии) «Тәкәппарлығы, қиянаты және құлдарға қарызы болмаған кісі жәннатқа кіреді.» (Нәсаи, Ибн Хиббан) «Парыз екенін біліп, бес уақыт парыз намазды руку, сәжде, дәрет және уақыттарына мән беріп жалғастырған адам жәннатқа кіреді.» (Табарани) «Рамазан оразасын ұстаған кісі жәннатқа кіреді.» (Дәйләми) «Ораза ұстаған күйде қайтыс болған адам жәннатқа кіреді.» (Бәззар) «Мұсылман бауырының қажеттілігін жасап бергеннен кейін қайтыс болған кісі жәннатқа кіреді.» (Әбу Яла) «Ас берген және сәлемді жайған адам жәннатқа кіреді.» (Тирмизи, Табарани) «Күйеуі разы болған күйде қайтыс болған әйел жәннатқа кіреді.» (Ибн Мажа) «Әйел күйеуіне қиыншылық көрсетпей, намаздарын оқыса, жәннатқа кіреді.» (Ибн Мажа) «Біреудің жанына қауіп төндірмеген, харам жемеген, зина жасамаған және ішкілік ішпеген адам жәннатқа кіреді.» (Бәззар) «Халал жеген, сүннетті ұстанған және айналасындағылар оның зиянынан сақ болған адам жәннатқа кіреді.» (Тирмизи) «Сүннетті ұстанған адам жәннатқа кіреді.» (Дара Құтни) «Аллаһу та'аладан басқа тәңір жоқ екенін біліп қайтыс болған кісі жәннатқа кіреді.» (Мүслим) (Иманның алты негізінің біріне сенбеген адам, жалғыз тәңірге сенсе де, жәннатқа кіре алмайды.) «Жіптен босап қашқан түйе сияқты Аллаһтан қашқандардан басқа, бәрі жәннатқа кіреді.» (Табарани) (Аллаһ түсірген дінге, мұсылмандыққа немесе иманның алты шартының біріне сенбеген, ұнатпаған, ғибадат жасамаған немесе харам істеген адам Аллаһтан қашып жүр деген сөз.) «Ықыласпен "Раббым Аллаһ, дінім Ислам, пайғамбарым Мұхаммед алейһиссалам" деген кісі жәннатқа кіреді.» (И.Ахмед) (Мұхаммед алейһиссаламға сену дегеніміз – Оның жеткізгендерін толықтай қабылдау, сену және бәрін ұнату деген сөз.) «Ықыласпен "Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуһу уә Расулуһ" деген адам жәннатқа кіреді.» (Табарани) «Таңертең-кешке "Аллаһумма әнтә рабби лә илаһа илла әнтә халақтани уә әнә абдука уә әнә алә ахдика уә уадикә мәстәтату әузу бикә мин шәрри мә санату әбуу ләкә бинимәтика аләууа уә әбуу би зәнби фағфирли зунуби фә иннәһу лә йәғфируззунубә илла әнтә. Лә илаһа илла әнтә субханака инни кунту минәззалимин" деп оқыған адам сол күні немесе сол түні қайтыс болса, жәннатқа кіреді.» (Тирмизи) «Жаназа намазында үш сап жамағаты болған адам жәннатқа кіреді.» (Тирмизи) «Жәннатқа тек таза болғандар ғана кіреді.» (Дәйләми) «Екі қыз перзентіне жылы шырай танытқан адам жәннатқа кіреді.» (Ибн Мажа) «Адамдарды кешіргендер есепке тартылмай жәннатқа кіреді.» (И.Әбиддуния) «Ішіп-жегеннен кейін "Әлхамдулиллаһ" деген кісі жәннатқа кіреді.» (Ибн Асакир) «Зинадан сақтанған адам жәннатқа кіреді.» (Бәйһақи) «Үш, тіпті бір баласы өлген кісі жәннатқа кіреді.» (Табарани) «Барлық жағдайында Аллаһқа шүкір еткендер жәннатқа кіреді.» (И.Ғазали) «Сөз тартыспайтын, ешкімді ренжітпейтін адам жәннатқа кіреді.» (Тирмизи) «Бір адамның хидаятына (тура жолға түсуіне) себеп болған кісі жәннатқа кіреді.» (Бұхари)
Қырық хадис шәриф Сұрақ: Түсіндірмені талап етпейтін қырық хадис жаттап, онымен амал еткеннен кейін поштамен және сол сияқты құралдар арқылы достарға жіберудің жақсы болатынын айттыңыз. Оңай түсінілетін және қажетті болған қырық хадис жазып бересіз бе? Жауап: Хадис шәрифтердің барлығы дерлік түсіндірмені талап етеді. Сондықтан хадис шәрифтерді шәрһ кітаптардан алу қажет. Сонда да біраз түсіндірмесін талап ететін хадис шәрифтің қырық данасы төменде жаздық: «Асыққан адам қателеседі.» (Бәйһақи) «Күліп күнә істеген адам жылап тозаққа түседі.» (Әбу Нуайм) «Кешіріңдер, сонда кешірімге қауышасыңдар!» (И.Ахмед) «Жәннатқа жомарттар кіреді.» (Әбушшайх) «Өзін ғалым атаған адам надан.» (Табарани) «Білмей фәтуа берген адамға періштелер лағнет етеді.» (И.Лал) «Истиғфарды үзбеген адам күтпеген жерінен ризықтанады.» (Ибн Мажа) «Таңғы ұйқы ризыққа кедергі.» (Бәйһақи) «Халалдан ақша табуда қиындық көрген кісіге жәннат уәжіп болады.» (И.Ғазали) «Дүние – ахиреттің егістігі.» (Дәйләми) «Дін – көркем мінез.» (Дәйләми) «Ең жақсыларың – мінезі ең жақсы болғандарың.» (Бұхари) «Жақсы қарым-қатынас – ақылдың басы.» (Бәйһақи) «Намысты қорғау қайсарлығы иманнан.» (Дәйләми) «Әркімнің әйелінің, қызының басын айналдырған адам бізден емес.» (И.Ахмед) «Намысты болыңдар – әйелдерің де арлы болсын!» (Табарани) «Аллаһтан қорқу – барлық хикметтің басы.» (Табарани) «Барлық жақсылық садақа.» (Тирмизи) «Жылы шырай танытпаған адам қайыр жасамаған болады.» (Мүслим) «Иманы болмаған адам жәннатқа кіре алмайды.» (Тирмизи) «Жәннатқа тек мұсылман ғана кіреді.» (Бұхари) «Мүминді қуантқан кісіні Аллаһу та'ала қуантады.» (Ибн Мүбәрәк) «Сыйлық достықты арттырады, дұшпандықты кетіреді.» (Табарани) «Үнемдеген адам байиды, ысырап еткендер кедейлеседі.» (Бәззар) «Истишара (ақылдасу) өкінуге қарсы қамал.» (И.Мауарди) «Өз ойларың бойынша әрекет етпеңдер!» (Табарани) «Дін бауырыңа қарсы келме.» (Тирмизи) «Өз-өзін ұнатқан кісі құриды.» (Бұхари) «Берген қол алған қолдан үстем.» (Бұхари) «Қайырға себепші болған адам соны істегендей болады.» (Тирмизи) «Тек ықыласпен жасалған амал ғана қабыл болады.» (Нәсаи) «Ең үстем жиһад – нәпіске қарсы жасалғаны.» (Ибн Нәжжар) «Ең үстем садақа – ілім үйрену және үйрету.» (Ибн Мажа) «Ең үстем ғибадат – фиқһ.» (Табарани) «Намаз діннің тірегі.» (Бәйһақи) «Ораза ұстап, денсаулыққа қолжеткізіңдер.» (Табарани) «Күлімдеу – садақа.» (Ж.Сағир) «Адамның діні досының діні сияқты, кіммен дос болғандарыңа қараңдар.» (Хаким) «Тілін тыйған адам құтылды.» (Тирмизи) «Дұға – мүминнің қаруы.» (И.Әбуддуния) |