8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   


Худәйбийа келісімі

Хандек соғысынан кейін Ислам мемлекетінің күшін айналадағы тайпалардың біразы мойындады. Енді бұлар мұсылмандармен достық байланыс құрудың, тіпті ең дұрыс жолдың мұсылмандық екендігін ойлана бастады. Кейбіреулері пайғамбарымызға барып, мұсылмандықты қабылдап мәртебеленді.

 

Пайғамбарымыз Ислам дінінің таралуы үшін сахабаларынан жасақтар құрып, маңайдағы тайпаларды Исламға шақыруға жіберді. Кейбір тайпаларға өзі барды. Думәт-ул-Жәндәл халқы сияқты тайпалар айтылған насихаттарды қабылдап, мұсылман болды. Ғатафандықтар, Лихйан ұлдары сияқты тайпалар Ислам әскерімен кездесуден қорқып қашты. Осылайша, айналадағы тайпаларға үрей тудырылды.

 

Хижреттің алтыншы жылы қатты жұт болып, көктен бір тамшы да жаңбыр түспеді. Жерге шөп шықпай, адамдар мен жануарлар ашаршылыққа ұшырады. Адамдар рамазан айының бір жұмасында пайғамбарымызға «Йа, Расулаллаһ! Дұға етіп, Аллаһу та’аладан жаңбыр тілесеңіз» деп өтініштерін білдірді. Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге жазық далаға шығып, азан шақырмастан және қамат айтпастан екі рәкат намаз оқыды, пайғамбарымыз шапанын теріс айналдырып, тәкбір айтты. Сосын қолын жоғары көтеріп, «Ей Аллаһым! Бізге жаңбыр жаудыр!» деп дұға ете бастады. Сахабалар да «Әмин» Әмин!» деп тұрды. Ол кезде көкте бір шөкім де бұлт жоқ болатын. Пайғамбарымыз дұға етіп отырғанда жел соғып, аспанды бұлт торлай бастады. Сосын жайлап жаңбыр жауа бастады. Пайғамбарымыз «Аллаһым! Бұл жаңбырды ыдыстан төгілгендей етіп жаудыр және оны халқымызға қайырлы ет» деп дұға етті. Сол кезде жаңбыр нөсерлетіп жауа бастады. Пайғамбарымыз бен сахабалардың киімінде су болмаған жер қалмады. Олар үйлеріне барғанша су селдей ақты. Барлығы суды кешіп жүрді. Жаңбыр жауа берді. Келесі жұма күні сахабалар «Йа, Расулаллаһ! Жаңбырдың суынан үйлеріміз құлап, малдарымыз суға батып өле бастады. Аллаһу та’аладан жаңбырды тоқтатуды тілесеңіз» деді. Пайғамбарымыз күлімсіреп, қолдарын жайып, «Йа, Раббым! Бұл жаңбырды егістікке, ағаш өскен жерлерге, далалық жерлерге жібер» деп дұға етті. Сол кезде бір апта бойы жауған жаңбыр тоқтап, айтылған жерлер сулана бастады.

 

Хижреттің алтыншы жылының зүл-қада айы болатын. Бір түні пайғамбарымыз түсінде сахабаларымен Меккеге барып, Қағбаны тауап еткендерін, біразының шаштарын қысқартқанын, біразының қырғызғанын көрді. Ол түсін сахабаларға айтқан кезде олар қатты толқи бастады. Хижреттен осы кезге дейін туып-өскен, небір естеліктерге толы, әсем атамекендері болған Меккеге баратын еді. Бес уақыт намазда бет бұратын, қасиетті Қағбаны зиярат етіп, тауап ететін еді. Бұл өте керемет сүйінші болатын. «Сендер сөзсіз Мәсжиди Харамға кіресіңдер» деген сүйіншіні ала сала дереу дайындыққа кірісті.

 

Пайғамбарымыз дайындық істерін бітіргеннен кейін Абдуллаһ бин Үмми Мәктумды (радиаллаһу анһ) Мәдинаға өкіл етіп қалдырды. Зүл-қада айының бірінші дүйсенбі күні Кусуа деген түйесіне мініп, мың төрт жүз сахабамен бірге Мәдинада қалатындармен қоштасты. Умраға ниет етіп, қасиетті Меккеге қарай жолға шықты. Өздерімен қылыштарын және соятын жетпіс түйе алып шықты. Керуенге екі жүз атты адам мен төрт әйел сахаба қосылған еді. Әйелдердің бірі пайғамбарымыздың әйелі хазіреті Үммү Сәләмә болатын.

 

Зул-Хуләйфа деген белгіленген орынға жеткен кезде ихрам киімін киіп, түскі намазды оқыды. Сосын соятын түйелерінің құлақтарына белгі салып, мойындарына жіп байлады. Нажиәт ибн Жундуп Әсләмиа (радиаллаһу анһ) түйелерге жауапты болды. Хазіреті Аббад бин Бишр жиырма адамдық атты әскермен барлауға жіберілді. Хазреті Бушр бин Суфйан Меккеге хабаршы етіп жіберілді.

 

Ихрам киіміне киінген пайғамбарымыз бен қаһарман сахабалар аққа оранған қалыпта Аллаһу та’алаға шүкірлік етіп, жалбарына бастады: «Ләббәйк! Аллаһумма Ләббәйк! Ләббәйк! Лә шәрикә ләкә Ләббәйк! Иннәл хамдә уәнни’мәтә ләкә уәл мулкә лә шәрикә ләк!» Бұл сөздерге жер мен көк жаңғырып, Зул-Хуләйфа нұрға бөленді. Барлық адам толқып, тезірек Меккеге жету үшін Зул-Хуләйфадан шықты.

 

Жолда хазіреті Омар мен Са’д бин Убадә (радиаллаһу анһум) пайғамбарымызға жақындап, «Йа, Расулаллаһ! Сізбен жауласқан адамдарға қарусыз барамыз ба? Құрайыштықтардың шабуылдап, сізге бір зиян келтірулерінен қорқамыз» деп қауіптерін білдірді. Пайғамбарымыз оларға «Мен умраға ниет еттім. Бұл халде қару апаруды қаламаймын» деді.

 

Жол сапары тыныш өтті. Жол бойындағы тайпаларға соғып, пайғамбарымыз оларды Исламға шақырды. Біразы қабылдаудан тартынса, біразы сыйлықтар жіберді. Осылайша жолдың жартысын жүріп өтіп, Усфанның артындағы Қадирул-Әштат деген жерге жеткен болатын. Бұл жерде одан бұрынырақ Меккеліктерге хабар жіберуге кеткен Бушр бин Суфйан құрайыштықтармен кездесіп, кері қайтқан болатын. Пайғамбарымызға көргендерін былай жеткізді: «Йа, Расулаллаһ! Құрайыштықтар сенің келе жатқаныңды естіді. Қорққандарынан айналасындағы тайпаларға сыйлық жасап, олардан көмек сұрапты, екі жүз адамдық атты әскер дайындап, сізге қарай жолға шығарды. Айналадағы тайпалар бұл тілекті қабылдап, Бәлдах деген жерде бірікті. Көптеген әскери паналар жасады және сізді Меккеге кіргізбеуге ант ішісті». Бұл хабарға пайғамбарымыз қатты әсерленіп, «Құрайыш құрыды. Онсыз да соғыс оларды жеп бітірді. Құрайыш мүшріктері өздерінде бір күш бар деп ойлай ма? Уаллаһи, Аллаһу та’аланың тарату үшін мені жіберген бұл дінді үстем еткенше, басым кеудемнен алынғанша олармен соғысудан қайтпаймын» деді. Сосын сахабаларына қарап, бұл мәселедегі пікірлерін сұрады. Бар болмысымен пайғамбарымызға берілген сахабалар «Аллаһу та’ала мен Расулы бәрінен жақсы біледі. Жанымыз сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Біз Бәйтуллаһты тауап ету ниетімен жолға шықтық. Біреуді өлтіру немесе соғысу үшін келген жоқпыз. Алайда, Қағбаны зиярат етуімізге кедергі болғысы келсе, сөзсіз олармен соғысып, мақсатымызға жетеміз» деді.

 

Сахабалардың бұл шешімі пайғамбарымызға ұнады. Расулуллаһ алейһиссалам «Олай болса, Аллаһу та’аланың есімін айтып жүріңдер» деді. Сахабалар пайғамбарымыздың айналасында «Ләббәйк! Аллаһумма ләббәйк!» деп, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп тәкбір айтып, Меккеге қарай ілгеріледі.

 

Түс мезгілінде Біләл Хабәши (радиаллаһу анһ) әсем даусымен азан айтып, намаз уақытының кіргенін білдірді. Осы кезде екі жүз адамдық Құрайыш әскері сол жерге жетіп, Мекке мен сахабалардың арасына кіріп, шабуылдауға дайын тұрған еді. Соған қарамастан пайғамбарымыз сахабаларымен сап тізіп, намазға тұрды. Пайғамбарымыздың артында мың бес жүз шамасындағы сахабалардың сап түзеп, қиямда қимылсыз тұрулары, рукуға иілулері тамаша көрініс берген еді. Және барлығының бірдей сәжде жасауы айбатты бір таудың иіліп, түзелгеніне ұқсайтын еді. Олардың Аллаһу та’аланың құзырында маңдайларын топыраққа сүртіп, бас июлері құрайыш әскерінің кейбірлерінің жүрегіне Исламға деген сүйіспеншілікті ұялатты. Сахабалар сәлем беріп, намаздан шыққанда құрайыш әскерінің қолбасшысы «Мұсылмандардың осы жағдайын пайдаланып, шабуыл жасағанда олардың көбісін өлтірер едік. Олар намазда тұрғанда неге шабуылдамадық?» деп өкініп, артынша «Мейлі, абыржымаңдар. Жаны мен балаларынан артық көретін намаздарын тағы да оқыр» деп, ендігі жолы мүмкіндікті бос жібермейтінін білдірді.

 

Олардың бұл сөзін Аллаһу та’ала Жәбрейл алейһиссалам арқылы уаһи жіберіп, пайғамбарымызға білдірді.

 

Келген аяти кәримада: «(Ей сүйікті құлым!) Сен де іштерінде болып, оларға (сахабаларға) намаз оқытатын кезіңде (оларды екі бөлікке бөл), бір бөлігі сенімен бірге (намазда, қалғандары жаудың қарсысында) тұрсын. Қаруларын алсын. Сенімен намазда болып, бір рәкат намаз оқығандар (намазды бұзатын әрекеттерден сақтанып) дұшпанға қарсы барсын. Бұдан кейін намазды әлі оқымаған келесі бөлім келіп, екінші рәкатты сенімен бірге оқысын және олар сауыттарын, қорғанушы құралдарын және қаруларын өздерімен бірге алсын. (Тәшәһудті сенімен бірге оқысын. Сен сәлем бергенде олар сәлем берместен дұшпанға қарсы барсын, алдында бір рәкат оқығандар кері келіп, өздері тағы бір рәкат оқып, сәлем берсін. Екінші рәкатты имаммен оқығандар да қайтадан келіп, бір рәкат тағы да оқып, намазды бітіріп, сәлем берсін.) Кәпірлер сендер қарусыз тұрғанда тұтқиылдан шабуыл жасауды қалайды. Егер сендерге жаңбырдан бір қиындық туса немесе ауру болсаңдар қаруларыңды тастауда бір жамандық жоқ. Күмәнсіз, Аллаһу та’ала кәпірлерге ауыр азап дайындаған» («Ниса» сүресі, 102)

 

Екінді уақытында хазіреті Біләл азан оқыған кезде құрайыш аттылары тағы да  Мекке мен сахабалардың арасында дайындалып тұрды. Пайғамбарымыз сахабаларына аяти кәримәда көрсетілгеніндей етіп намаз оқытты.

 

Мұсылмандардың бұлай намаз оқуларына құрайыштар қатты таң қалды. Аллаһу та’ала олардың жүректеріне қорқыныш салды. Ешқандай әрекет жасауға батылдықтары бармады. Меккеге хабар жіберу үшін ол жерден кетті. Пайғамбарымыз бен сахабалар да Худәйбийа деген жерге қарай жылжыды.

 

Қасиетті Мекке шекарасына жеткенде пайғамбарымыздың түйесі Кусуа себепсізден-себепсіз жерге шөкті. Оны тұрғызуға қанша күш салса да тұрғыза алмады. Осыған орай пайғамбарымыз «Оның мұндай шөгу әдеті жоқ болатын. Бірақ, бір кездері (Әбраханың) пілін Меккеге кіргізбеген Аллаһу та’ала енді Кусуаны тоқтатты. Аллаһу та’алаға ант етемін, құрайыштықтар Аллаһу та’аланың Харам (Мекке) ішінде жасалуын харам еткен (соғысуды және қан төгуді тәрк ету сияқты) нәрселерден қайсысын менен қаласа, олардың бұл қалауларын міндетті түрде орындаймын» деді. Содан кейін Кусуаны тұрғызуды қалады. Түйе атып тұрды. Харам (Мекке) шекарасынан ішке кірмеді, дәл шекарадағы Худәйбийа деген жерге тоқтады. Пайғамбарымыз сахабалармен суы аз болған осы жерге қонды.

 

Пайғамбарымыз шатырын қасиетті Меккенің сыртына құрғызды. Сахабаларымен осы жерде күте бастады. Уақыт кірген кезде намаздарды Мекке шекарасы ішінде оқыды. Құдықтарда ішетін су қалмаған еді. Тек пайғамбарымыздың құманында ғана бар болатын. Қиналған сахабалар «Жанымыз сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Бәрімізден тек сіздің құманыңызда ғана су бар, құрыдық» деді.

 

Пайғамбарымыз «Мен сендердің араларыңда болған кезде сендер құрымайсыңдар» деді. Сосын «Бисмилләһ» деп, қолын құманның үстіне қойды. Сосын қолын алып, «Алыңдар» деген кезде саусақтарының арасынан су аға бастады. Сахабалар суды қанып ішіп, дәрет алды, барлық ыдыстарын толтырып алды, ат пен түйелерін суғарды. Сахабаларына күлімсіреп қарап тұрған пайғамбарымыз Аллаһу та’алаға шүкіршілік етті.

 

Сол күні сол жерде болған хазіреті Жабир бин Абдуллаһ «Біз мың бес жүз адам едік. Егер жүз мың адам болсақ та ол су бәрімізге жетер еді» деді.