14 - Зүл-хиджа, 1446 жыл.
     10 - Маусым, 2025 жыл.   


Сәбиге есім қою

Сұрақ: Жақында келіншегім босанған еді. Туылған сәбидің есімін қою жолдарын түсіндірсеңіздер, қандай талаптары бар? Жалпы бала туылғанда қандай амалдар жасау керек?

Жауап: Балаға қойылатын немесе бұрын қойылған аттың мағыналарын дінімізге және әдет-ғұрыптарымызға сай келе ме, келмей ме соны білу керек. Сай келмесе, жаман мағыналы болса оны өзгерту керек. Хадис шәрифте «Есімі жаман болған адам оны әдемі атқа ауыстырсын» деп бұйырылған. (Бәриқа) Хазреті Айша анамыз «Расулуллаһ жаман есімдерді өзгертетін еді» деген. (Тирмизи)  Кәпірдің есімін қоюдан да аулақ болу керек. Хазреті Имам Раббани «Бір мұсылман кәпірдің есімін алудан арыстаннан қашудан да артық қашу керек. Ондай есімдер және ол есімдердің иелері Аллаһтың дұшпандары» деп бұйырған. (Мәктубат Раббани)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Балаға әдемі ат қою, дінін үйрету және уақыты келгенде үйлендіру баланың әкесіне деген ақыларына жатады.» (Әбу Нуаим)

«Қияметте әкелеріңнің атымен бірге шақырыласыңдар. (Мәселен Әлиқызы Әмина деп) Олай болса аттарың әдемі болсын!» (Әбу Дауд) 

Әдемі аттар өте көп. Мәселен пайғамбарымыздың әйелдері, қыздары, сахабалардың есімдері, әулиелердің есімдері, Аллаһу та’аланың Әсма-и хуснасынан (99 есімдерінен) ат қоюға жаиз болғандарын қоюға болады.

Есімнің әдемі болуы үшін Құран кәрімде өткен болуы қажет емес. Жүзмыңдаған сахабалар болған бірақ хазреті Зәйдтен басқа ешбірінің аты Құранда өтпеген. Өзгеше ат болсын деп немесе ең әдемі ат болсын деп Құран кәрімде аталған есімдердің немесе сөздердің кез-келгенін қою дұрыс болмайды. Өйткені Құран кәрімде әдемі есімдердің жанында кәпірлердің де есімдері бар, шайтанның есімі бар. Бұларды қою дұрыс емес. Құран кәрімде өткен найзағай, барды, келді, жүрді деген мағыналарға келетін арапша сөздерді де ат қылып қоятындар кездеседі. Бұларды қою жаиз болса да, әулиелердің, пайғамбарлардың аттарын қойған жақсырақ болады.

Өкінішке орай бізде есімдер тізімі жоқ. Жалпы адам есімдерін таңдауда ислам дұшпандығымен танылған залымдардың (мысалы Шыңғыс, Әбу Жәһл); кәпірлердің, бұзақылардың аттарын, мұсылманға жараспайтын аттарды, мағынасыз сөздерден пайдаланбау керек. Ислам ғұламаларының айтуы бойынша Аллаһу та’аланың Әсма-ул Хусна, яғни әдемі есімдері арасынан «Әли, Азиз, Мәжид, Мужиб, Рафи, Рашид» сияқтыларын есім ретінде адамға қоюға болады.

Балаға есімді ілімді, салих адамға қойғызу керек! Асхаби кирам балаларына есімді сүйікті пайғамбарымызға қойғызуды таңдаған. Нәрестеге есім қоярда баланың әкесі, атасы немесе жасы үлкен, ілімі ең көп болған кісі баланы құшағына алып, дәретті болып құбылаға бұрылады. Нәрестені басқа адам ұстап тұрса да болады. Түрегеп тұрып оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтады. Есімін үш рет қайталау жақсы болады. Осы арада нәрестенің аузына тәтті нәрсе жағу жақсы болады.

Пайғамбарымыз хазреті Хасан туылған кезде құлағына азан оқыған. Азан оқитын адам баланы жастық сияқты жұмсақ бір нәрсенің үстіне қойып құшағына алады. Баланы біреу құшағына алып, азанды басқа біреу де оқыса болады. Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Жаңадан туылған баланың оң құлағына азан, сол құлағына қамат оқылса, «Умму сибиан» ауруынан қорғалған болады.» (Бәйһақи)

Нәрестеге есім қойғаннан кейін салих перзент болуы үшін және дінге қызмет етуі үшін дұға ету керек. Сүйікті пайғамбарымыз, «Йа Раббым, бұл баланы қайырлы, әрі салихтерден ет және оны жақсы болып жетілуін нәсіп ет» деп дұға еткен.

Әбу Мусәл Әшари хазреттері «Баламның туылған күнінде оны Расулуллаһқа апардым, атын Ибрахим деп қойды» деді. Амр бин Шуайбтың әкесі «Расулуллаһ жаңадан туылған балаға жетінші күні есім берілуін және ақиқа сойылуын әмір етті» деген. (Тирмизи)

Бұхариде «Егер ақиқа сойылмайтын болса, баланың туылған уақытында есім қойылады және аузына тәтті жағылады.» делінген.

Нәрестеге есім қоярда баланың әкесі, атасы немесе жасы үлкен, ілімі ең көп болған кісі баланы құшағына алып, дәретті болып құбылаға бұрылады. Аяқта тұрып оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтады. Есімін үш рет қайталау жақсы болады. Осы арада нәрестенің аузына тәтті жағу жақсы болады.

Ақиқа малын сою да сауап болады. Ақиқа – бала ниғметі үшін Аллаһу та'алаға шүкір ету үшін мал сою. Ақиқа малы Құрбан айт үшін сойылатын мал сияқты болу керек.

Ақиқа баланы бәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды. Қияметте ата-анасына шапағат етеді. Ер бала үшін екі, қыз бала үшін бір қой сойылады. Сойылған ақиқаның етін өзі және бай-кедей барлығы жей алады. Піскен күйде де, шикі күйде де бай-кедей бәріне бере алады.

Cәадати Әбәдийа кітабында былай делінген: «Жетінші күні есім қою, шашын қырып, шашының ауырлығындай алтын немесе күміс садақа беру және мүмкіндік болса ақиқа қойын сою мүстаһаб болып табылады.»  

Шашын алмай шамалап беруге де болады. Алтын немесе күміс орнына қағаз ақшамен берсе де және жеті күннен кейін берсе де болады.