6 - Мухаррам, 1447 жыл.
     1 - Шілде, 2025 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Асхаби кирам" кітабы / АСХАБИ КИРАМНЫҢ ҮСТЕМДІКТЕРІ

АСХАБИ КИРАМНЫҢ ҮСТЕМДІКТЕРІ

Нишанжызада атымен танылған Мұхаммед бин Ахмед хазреттің (рахимә-һуллаһу та'ала) көптеген кітаптардан жинақтап даярлаған «Мират-и каинат» атты түрік тіліндегі тарих кітабы асхаби кирамның ұлылығын, қадірін қысқа және анық баяндайды. Біз де бұл кітаптан дәлме-дәл алынған мәліметтерді төменде жазамыз. Нишанжызада хижреттің 962 жылы дүниеге келіп, 1031 [м.1622] жылы қайтыс болды. Кітабын он төртінші Османлы патшасы бірінші сұлтан Ахмед хан заманында дайындап бітірді.

Сахаба деп кімге айтылады: Ғалымдардың көбінің айтуынша, ер немесе әйел, бала немесе ересек мұсылман Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өте аз уақыт болса да бір рет көрсе, соқыр адам бір рет сөйлессе және иманмен қайтыс болса, оны сахаба деп атайды. Кәпір кезінде көріп, Расулуллаһтың қайтыс болуынан кейін иманға келген немесе мұсылман кезінде көріп, кейіннен мүртәд болған (діннен шыққан) адам сахаба емес. Сахаба болғаннан кейін мүртәд болып, Расулуллаһтың қайтыс болуынан кейін қайтадан иманға келген адам сахаба болады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жындарға да пайғамбар болғандықтан, жындар да сахаба болады. Бірнеше сахабаға «Асхаби кирам» делінеді.

Асхаби кирамның үстемдігі: «Мәуаһиб-и ләдунния» кітабында жазылуы бойынша, пайғамбарлардан және періштелердің үстемдерінен кейін бүкіл жаратылыстың ең үстемі Асхаби кирам (алейһимурридуан). Асхаби кирамның әрбірі бұл үмбеттің бәрінен үстем. Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар екеніне сенген әркімге, яғни әр мұсылманға қай нәсілден, қай елден болса да Мұхаммед алейһиссаламның үмбеті делінеді. Біз мұсылмандар Мұхаммед алейһиссаламның үмбетіміз. Хадис шәрифте: «Үмбетім жаңбыр секілді қайырлы. Әуелі келгендер қайырлы ма, кейіннен келгендер ме, белгісіз» делінген болса да, сауаптың көп болуы үстемірек болуды көрсетпейді. Өйткені Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрудей үстемдік бола алмайды. Асхаби кирам (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) Шамды жаулап алған кезде христиандар оларды көргенде көркем сипаттарына таңырқап, «Олар Иса алейһиссаламның хауарилерінен де үстем» деп, мұны айтқанда ант еткен. Дұшпан да куә болған үстемдікке кім не айта алады?

«Али Имран» сүресінің жүз оныншы аяти каримасында: «Сендер үмбеттердің қайырлысысыңдар» және «Тәубе» сүресінің жүзінші аяти каримасында: «Бұрынырақ мұсылман болғандарға, мухажирлер мен ансарлардың әуелгілеріне және олардың жолымен жүргендерге Аллаһу та'ала разы әрі олар да Аллаһу та'алаға разы. Аллаһу та'ала оларға жәннатты дайындады. Ол жәннаттардың астында өзендер ағуда. Олар жәннаттарда мәңгі қалады» делінген. Хадис шәрифте: «Сахабаларымды балағаттамаңдар! Сахабаларымның кейіннен келгендерінен бір адам таудай алтын садақа берсе, сахабамның бірі бір уыс арпа беріп алған сауабын немесе жартысын да ала алмайды» делінген. Мунауи және Бәйһақи жеткізген хадис шәрифте: «Сахабаларым аспандағы жұлдыздар секілді. Қайбіріне ерсеңдер хидаятқа жетесіңдер!» делінген. Хадис шәрифте: «Сахабаларыма дұшпандық жасаудан сақтаныңдар! Аллаһтан қорқыңдар. Оларды жақсы көрген адам мен үшін жақсы көреді. Оларға дұшпандық еткен адам маған дұшпандық еткен болады. Оларды ренжіткен адам мені ренжіткен болады. Ал мені ренжіткен адам әлбетте Аллаһу та'аланы ренжітеді» делінген. Хадис шәрифте: «Адамдардың ең жақсысы менің заманымда өмір сүрген мұсылмандар. Олардан кейін ең жақсысы оларды көргендер. Олардан кейін ең жақсысы оларды көргендерді көргендер. Олардан кейін келетіндердің арасында жақсы болмағандар да бар» делінген. Басқа хадис шәрифте: «Үмбетімнің ең жақсысы менің заманымда өмір сүргендер. Олардан кейін ең жақсысы олардан кейін келгендер. Олардан кейін ең жақсысы кейінірек келетіндер» делінген. Мунауи және Тирмизи жеткізген хадис шәрифте: «Мені көрген және мені көргендерді көрген мұсылманды тозақ оты жақпайды» делінген. Бұл аяти карималар мен хадис шәрифтер асхаби кирамның (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) үстемдігін айқын көрсетуде.

Асхаби кирамның бәрін (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) үстем деп білуіміз, жақсы көруіміз қажет. Ақида кітаптарында бір ауыздан жазылған: «Асхаби кирамның әрбірін биік мәртебелі және үстем деп білу, бәріне жақсы көзбен қарау, әрбірінің әділ және салих екеніне сену қажет. Ешбіріне тіл тигізбеу, қарғыс айтпау, дұшпандық етпеу және бір бөлігін жақсы көру үшін басқа сахабаларға дұшпан болудан сақтану керек. Бір бөлігіне дұшпандық ету, балағаттау, жамандау арқылы басқа бөлігі жақсы көріледі деп санаудан сақтану керек. Осындай екендігі нақты дәлелдермен, қуатты хабарлармен дәлелденген».

Сахабалардың бірін одан жоғары тұрған сахабадан дүниедегі істері үшін көбірек жақсы көру, бірақ өзгесінің үстемірек екеніне сену күнә емес. Мысалы бір адам хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) ұрпағы болса, яғни сәйид болса, осы себепті хазреті Әлиді хазреті Әбу Бәкірден көбірек жақсы көрсе, бірақ ахирет үшін хазреті Әбу Бәкірді хазреті Әлиден үстем деп санаса, күнә болмайды. Өйткені дүниедегі махаббат адамның қолында емес.

Әһли сүннеттің негізгі кітаптарының бірі «Шәрһ-и Ақаид» кітабында Садәддин Тафтазани былай дейді: «Асхаби кирам арасындағы келіспеушіліктердің, соғыстардың жақсы себептермен, жақсы ниеттермен жасалғанына сенуіміз қажет. Асхаби кирамнан бірін балағаттау, жамандау дұрыс емес. Хазреті Айша секілді насспен үстем екені белгілі сахабаны жамандау күпірге жатады. Ал насспен хабар берілмеген сахабаны жамандау бидғат және үлкен күнә». «Мәуаһиб-и ләдунния» кітабында жазылған хадис шәрифте: «Асхабым еске алынған кезде тілдеріңді тыйыңдар! Олардың абыройына лайықты болмаған ештеңе айтпаңдар!» делінген. Хадис шәрифте: «Сахабаларымның бірін балағаттаған адамды ұрыңдар» және Табарани мен Мунауи жеткізген хадис шәрифте: «Пайғамбарларды балағаттаған адам өлтіріледі және сахабаларымды балағаттаған адам тоқпаққа алынады» делінген. Жалаледдин Суюти хазреттің «Жамиуссағир» кітабындағы хадис шәрифте: «Сахабаларымның кемшіліктері, қате іс-әрекеттері болады. Аллаһу та'ала олардың кемшіліктерін мен үшін кешіреді» делінген. «Хуласа-тул фәтауа» кітабында жазылған: «Хазреті Әбу Бәкірді және хазреті Омарды балағаттау күпірлік. Бірақ хазреті Әлиді олардан үстем санау күпірлік емес, бидғат және адасушылық саналады». Имам Ағзам Әбу Ханифа хазреттен «Әһли сүннет уәл жамағат» мазһабы қандай деп сұралғанда: «Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омардың ең үстем екендіктеріне сену, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі күйеу баласын жақсы көру, дәрет алғанда екі аяқтағы мәсіге мәсіһ тарту және жақсы-жаман әр мұсылманға ұйып намаз оқу» деп жауап берді. «Адаб-ул мәназил» кітабында: «Бір сахабаны бір рет балағаттау күпірлік емес, адасушылық. Бір-екі немесе үш рет балағаттаған адам тоқпаққа алынып жазаланады. Үштен артық балағаттаған адам өлім жазасына тартылады» делінген.

Әһли сүннет ғалымдары асхаби кирамның (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) үстемдік ретін үшке бөлген.

1) Мухажирлер: Мекке қаласы алынудан бұрын Меккеден немесе басқа жерлерден отандарын, елдерін тастап, Мәдина қаласына хижрет еткендер (көш еткендер). Олар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына иманмен келген немесе келгенде иман келтірген. Амр бин Ас хазрет солардың қатарында.

2) Ансар: Мәдина қаласында немесе осы қалаға жақын жерлерде және Әус пен Хазреж атты екі араб тайпасындағы мұсылмандарды «Ансар» деп атайды (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин). Өйткені Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әр түрлі көмек көрсететініне және жанкештікке баратынына олар сөз берген әрі сөздерінде тұрған.

3) Басқа сахабалар (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин): Мекке қаласы жаулап алынған кезде және одан кейін Меккеде немесе басқа жерлерде иманға келгендер. Оларға мухажир немесе ансар деп айтылмайды. Тек сахаба делінеді. Ибн Әсир Иззәддин Әли Жәзридің «Жами» кітабында мухажирлердің ансар сахабалардан, мухажирлердің бұрынырақ келгендері ансар сахабалардың бұрынырақ иманға келгендерінен және ансар сахабалардың бұрынырақ келгендері мухажирлердің кейіннен келгендерінен үстемірек екені, бірақ кейіннен иманға келген көптеген сахабаның бұрынырақ иманға келгендерден үстем екені жазылған. Мысалы хазреті Омар мен Билал Хабеши олардан бұрын иманға келген көптеген сахабадан үстем. Имам Суютидың «Тарих-ул Хуләфа» кітабында жазылған: «Әһли сүннет ғалымдары бір ауыздан хабар беруі бойынша, асхаби кирамның ең үстемдері Расулуллаһтың төрт халифасы. Олардан кейін ең үстемдері Ашәрә-и мубәшшәрадан, яғни жәннатпен сүйіншіленген он кісінің қалған алтауы және хазреті Хасан мен хазреті Хусейн. Олардан кейін ең үстемдері осы он екі адамнан басқа «Бәдір» соғысына қатысқан үш жүз он үш (313) сахаба. Олардан кейін үстемдері «Ухуд» соғысына қатысқан жеті жүз (700) қаһарман. Олардан кейін ең үстем болғандар хижреттің алтыншы жылы ағаш астында Расулуллаһқа «Өлу бар, қайту жоқ» деп сөз берген бір мың төрт жүз (1400) адам. Бұл келісу «Биат-и Ридуан» деп аталады».

«Бахр-ул Улум» атты тәфсирде хабар берілген хадис шәрифте: «Үмбетімнің ең мейірімдісі Әбу Бәкір. Дінде ең күштісі Омар. Ар-ұяты ең көбі Осман. Ислам үкімдерінде әр сұраққа жауап беретін Әли. Халал мен харамды ең жақсы білетін Муаз. Құран кәрімді ең әдемі оқитын Убәйй бин Ка’б. Мұнафиқтарды танитын Хузәйфәтәбни Йәман. Иса алейһиссаламның тақуалығын көргісі келетін адам Әбу Зәрдің тақуалығына қарасын! Жәннат Салман Фарисиға ғашық. Халид бин Уәлид Аллаһтың қылышы. Хамза Аллаһу та'аланың арыстаны. Хасан мен Хусейн жәннат жастарының ең үстемі. Жафар бин Әбу Талиб жәннатта періштелермен бірге ұшады. Жәннат есігін алғаш ашатын адам Билал. Менің Кәусар бұлағымнан алғаш су ішетін адам Суһәйб Руми. Қиямет күні періштелер бәрінен бұрын Әбуддәрдамен қол алысады. Әр пайғамбардың досы бар. Менің досым Са’д бин Муаз. Әр пайғамбардың сахабаларынан таңдаулылары бар. Менің таңдаулыларым Талха мен Зубәйр. Әр пайғамбардың жеке жұмыстарын атқаратын көмекшісі бар. Менің көмекшім Әнәс бин Малик. Әр үмбетте данышпан бар. Менің үмбетімде көп даналық айтатын Әбу Хурайра. Хассан бин Сабиттің сөздері Аллаһ тарапынан әсерлі. Әбу Талханың соғыс майданындағы дауысы бір қол әскерден мықтырақ» деді. «Бахр-ул Улум» кітабын жазған Алауддин Әли Самарқанди сегіз жүз алпысыншы (860) жылы Анадолыда Ларенде қаласында қайтыс болды.

Имам Суюти хазреттің «Тарих-ул Хуләфа» кітабында былай делінген: хадис шәрифтерде: «Үмбетімнің ең мейірімдісі Әбу Бәкір. Аллаһу та'аланың әмірлерін орындауда ең қайраттысы Омар. Ар-ұяты ең көбі Осман. Ислам үкімдеріндегі қиындықтарды ең көп шешетін Әли. Үмбетімнің ең сенімдісі Әбу Убәйда бин Жәррах. Үмбетімнің ең тақуасы Әбу Зәр. Ғибадаты ең көп адам Әбуддәрда. Үмбетімнің ең жұмсақ мінездісі және жомарты Муауия бин Әбу Суфян» делінген.

Расулуллаһтың әкімдері: Диярбәкірлік қазы Хусейннің тоғыз жүз қырқыншы (940) жылы жазған «Хамис» кітабында былай делінген: «Базан» парсы шахы Хусрев тарапынан Йеменнің әкімі болып тағайындалған болатын. Ол иманға келді. Расул алейһиссалам оны әкім ретінде орнында қалдырды. Алғаш ислам әкімі – Базан. Расул алейһиссалам Халид бин Саидтың Сана қаласына, Зияд бин Әсәдті Хадремут қаласына, Әбу Мусәл Ашариды Аден қаласына, Әбу Суфян бин Харбты Нәжран ауданына, Муауияның ағасы Язидты Тәйма қаласына, Аттаб бин Әсиәдті Мекке қаласына, Амр бин Асты Умман қаласына әкім қылған еді. Қазы Хусейн бин Мұхаммед хижреттің тоғыз жүз алпысыншы жылы Меккеде қайтыс болды.

Расулуллаһтың хатшылары: Хазреті Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, Талха, Зубәйр, Са’д бин Әби Уаққас, Мұхаммед бин Сәләмә, Әркам бин Әби Әркам, Абдуллаһ бин Әркам, Муғира бин Шу’бә, Убәйй бин Ка’б, Зәйд бин Сабит, Әбу Суфян бин Харб және ұлы Муауия мен оның ағасы Язид бин Әбуссуфян, Халид бин Уәлид, Амр бин Ас, Хузәйфа бин Йәман. Олардан басқа да хатшылары бар еді. Барлығы қырық үш адам. Араларында ең көп хатшы болған Зәйд бин Сабит пен Муауия бин Әбуссуфян еді (радиаллаһу та'ала анһума).

Шетелге жіберген елшілері он төрт адам. Олардың бірі Амр бин Ас хазрет. Оны Умманға елші ретінде жіберген болатын. Кейін оны Умманға әкім қылды.

«Исти’аб» атты кітапта екі мың жеті жүз жетпіс ер және үш жүз сексен бір әйел сахабаның өмір баяны жазылған. «Исти’аб фи марифатил Асхаб» кітабын жазған хафыз Юсуф бин Абдуллаһ Қуртуби 463 [м.1071] жылы қайтыс болды. «Мәуаһиб-и ләдунния» кітабында жазылуы бойынша, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуына дейін иманға келгендер сансыз және есепсіз. Мекке жаулап алынғанда он мың, Тәбук соғысында жетпіс мың, қоштасу қажылығында тоқсан мың және Расулуллаһ қайтыс болған кезде жер жүзінде жүз жетпіс төрт мыңнан астам сахаба бар еді.

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туыстарынан бірнеше адамнан басқа асхаби кирамның барлығы (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) жасы жағынан Расулуллаһтан кіші еді.

«Фәуайиһ-и Миския» кітабында Имам Уақидан хабар беріп жазылуы бойынша, асхаби кирамнан ең соңғы қайтыс болғандар төмендегілер:

Абдуллаһ бин Әби Әуфа (радиаллаһу та'ала анһ) хижреттің сексен алтыншы жылы Куфа қаласында қайтыс болды.

Абдуллаһ бин Яср сексен сегізінші жылы Шамда қайтыс болды.

Сәһл бин Са’д (радиаллаһу та'ала анһ) хижреттің тоқсан бірінші жылы жүз жасында Мәдинада қайтыс болды.

Әнәс бин Малик тоқсан үшінші жылы Басрада қайтыс болды.

Әбуттуфәйл Амир бин Уасилә хижреттің жүзінші жылы Меккеде қайтыс болды. Асхаби кирамның ең соңғы қайтыс болғаны осы кісі.

Расул алейһиссалам қайтыс болғаннан кейін кімнің халифа болатынын ешбір уақытта ешкімге анық хабар бермеді. Қайтыс болуынан сегіз күн бұрын хазреті Әбу Бәкірді өзінің орнына имам ретінде өткізіп халифа болатынына ишара етті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) науқас болудан көп уақыт бұрын бір ретінде мешітке шықпай, «Намазды өздері оқысын» деп әмір етті. Хазреті Әбу Бәкір болмағандықтан, хазреті Омар имам болды. Расул алейһиссалам хазреті Омардың дауысын естігенде: «Жоқ, жоқ, Аллаһу та'ала және мұсылмандар Әбу Бәкірге разы, Әбу Бәкір имам болып намаз оқытсын!» деді. Бір ретінде хазреті Әлиге қарап: «Сахабаларымның арасында сенің ең үстем болуыңды Аллаһу та'аладан үш рет сұрадым. Аллаһу та'ала Әбу Бәкірдің ең үстем болуына разы болды» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өзінен кейін хазреті Әбу Бәкірдің халифа болатынын көп рет ишара еткен еді. Мысалы Мәдинаға хижрет етіп, Мәсжид-и шәриф құрылып жатқанда мүбәрәк қолымен іргетасқа бір тас қойып, хазреті Әбу Бәкірге «Тасыңды менің тасымның қасына қой» деді. Кейін хазреті Омарға «Тасыңды Әбу Бәкірдің тасының қасына қой» деді. Кейін хазреті Османға «Тасыңды Омардың тасының қасына қой» деді. Хазреті Осман тасын Омардың тасының қасына қойғанда: «Менен кейін осылар халифаларым» деді. Имам Ахмедтің Мүснәд кітабында және Мунауидың «Кунуз-уд дәқаиқ» кітабында хабар берілген хадис шәрифте: «Менен кейін осы екеуіне бағыныңдар: Әбу Бәкір мен Омар» делінген. Бір ретінде бір әйел  келіп бір нәрсе сұрады. Оған: «Кейін кел» деп жауап берді. Ол әйел: «Келіп сізді таба алмасам не істейін?» деп сұрағанында: «Мені таба алмасаң, Әбу Бәкірге бар! Менен кейінгі халифам сол» деді. Қайтыс болуы жақындағанда: «Маған қағаз бен қалам әкеліңдер! Әбу Бәкірге бір нәрсе жазамын» деді де, «Аллаһу та'ала және мұсылмандар Әбу Бәкірге разы» деді. Ғұлама Ибнул Хумам «Мусаяра» атты кітабында жазғанындай, Аллаһу та'ала хазреті Әбу Бәкірдің халифа болатынын Расулына (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар берді. Бірақ үмбетіне айтуды әмір етпеген болатын.

Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһтан екі жыл және бірнеше айдан кейін дүниеге келді. Әкесі Әбу Кухафа Осман. Жетінші атасы Муррә Расулуллаһтың да жетінші атасы. Есімі бұрыннан Абдулқағба еді. Расул алейһиссалам Абдуллаһ деп өзгертті. Әбу Бәкір – Бәкірдің әкесі деген сөз. Оның Бәкір есімді ұлы жоқ. Бірақ Арабстандағы әдет бойынша ұлы болу үшін ер баланың әкесі деп тегі қойылатын. Сондықтан оны Әбу Бәкір деген еді. Тозақтан азат болғандығы түрлі хадис шәрифтерде хабар берілгендіктен, «Атиқ», яғни «азат болған адам» деп те аталады. Расулуллаһтың миғражын ести сала ол сеніп кәпірлерді абдыратқандықтан, Аллаһу та'ала «Сыддық» есімін беріп абыройландырды. Ол ақ реңді, арық, нұрлы кісі еді. Иманға келуден бұрын құрайш кәпірлерінің алдыңғы қатарлысы, үлкені, құрметті азаматы және сөзіне құлақ асатын тұлғасы еді. Иманға келуден бұрын да өте сыпайы, салмақты, адалдығымен танымал еді. Мүлде шарап ішпеген, өлең айтпаған еді. Меккенің құрметті саудагерлерінің бірі болып, өте бай еді. Көп қайырымдылық жасайтын, жақсылық жасауды жақсы көретін. Иманға келуден бұрын Расулуллаһпен жас кезінен дос еді. Олар бір-біріне жақын еді. Сауда жасауға барған жерлерінде ақыр заман пайғамбарының келетінін, өзі оған сахаба болатынын көріпкелдерден және дін ғұламаларынан көп еститін. Расулуллаһ шақырған кезде қуанып дереу иманға келді. Анасы Уммулхайр да алғаш иман келтіргендердің бірі. Бірақ әкесі Осман тек Меккені жаулап алған кезде өте кәрі кезінде иманға келді. Асхаби кирам арасында әкесі, анасы және балалары мен немерелерінің барлығы иманға келген Әбу Бәкірден басқа ешкім жоқ еді.

Хазреті Әбу Бәкір Меккеде, хижрет еткенде, Мәдинада әр соғыста және соғыс болмаған кездерде Расулуллаһтың қасынан айрылмады. Бір-екі рет рұқсат алып айрылғаны болған. Ол Расулуллаһтың адал досы және сырласы әрі барлық ісінде кеңесшісі еді. «Аллаһу та'ала мені төрт уәзірмен күшейтті. Екеуі періште. Есімдері Жәбрейіл мен Микаил. Екеуі адам. Есімдері Әбу Бәкір мен Омар» хадис шәрифі оның абыройының биік екенін көрсетеді. Асхаби кирам Расулуллаһты айналдыра қоршап отыратын еді. Расул алейһиссалам оң жағына Әбу Бәкірді, сол жағына Омарды отырғызатын. Әбу Бәкірден жоғары және ол жоқ кезде орнына ешкімді отырғызбайтын. Орны бос қалатын. Оның көркем мінезі, батылдығы, жомарттығы, білімі, зеректігі, әсіресе тақуалығы сахабалардың барлығынан артық еді. Хазреті Әли: «Арамызда ең ержүрек – Әбу Бәкір» дейтін. Расулуллаһ қайтыс болған кезде Арабстандағы қара халықтың көбі діннен шығып мүртәд болды. Хазреті Әбу Бәкір халифа болғанда мүртәдтермен соғысуды әмір етті. Асхаби кирам «Бүкіл Арабстанға қарсы қалай соғыса аламыз?» деп сұрады. Ол қылышын шығарып алға басты. Сахабалар артынан ерді. Ол «Уәлләйл» сүресінің он жетінші аятымен мақталды. Расул алейһиссаламның «Әбу Бәкірдің мал-мүлкіндей ешбір адамның мал-мүлкі маған пайдалы болмады» дегенін Имам Ахмедтің Мүснәд кітабында және Мунауиде жазылған. Ол сауда-саттығының барлық табысын Расулуллаһ үшін таратты.

Ол халифа кезінде қиын сұрақ туындағанда жауабын Құран кәрімнен, одан кейін білетін хадис шәрифтерінен іздейтін. Таба алмағанында сахабалардан сұрайтын. Хадис шәрифпен шеше алмаса, бірге іздестіріп, бір ауыздан келісімге келсе, солай амал ететін. Ауызбіршілік болмаса, өзі ижтиһад ететін. Хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһ) халифа кезінде Құран кәрімде және хадис шәрифтерде таба алмағанын Әбу Бәкірдің (радиаллаһу та'ала анһ) ижтиһадынан тапса, соны ұстанатын. Таба алмаса өзі ижтиһад ететін.

Оның зеректігі таңқаларлықтай жоғары еді. Бір күні Расул алейһиссалам: «Аллаһу та'ала бір құлынан «Дүние мен ахиреттің қайбірін таңдайсың?» деп сұрады. Ол құл «Раббымның қасындағы ниғметтерді қалаймын» деп жауаптады» дегенде ол Расулуллаһтың қайтыс болатынын бірден түсініп, көп жылады. Асхаби кирам хазреті Әбу Бәкірдің осылай тез түсінгеніне таңқалды. Расул алейһиссалам: «Құран кәрімді ең көп білетіні имам болады» деген еді. Қайтыс болатын кезінде хазреті Әбу Бәкірдің имам болуын әмір еткенде асхаби кирам арасында Құран кәрімді бәрінен жақсы түсінетін адамның ол екені хабар берілген болды. Хадис шәрифтерді және Расулуллаһтың әдептерін бәрінен жақсы ол білетін еді. Асхаби кирам шешуге қиналған мәселелерін одан сұрап білетін еді. Одан бізге аз хадис шәриф жетіп келуінің себебі Расулуллаһтан кейін аз өмір сүргендіктен және осы қысқа уақытты мүртәдтермен, көтерілісшілермен соғысумен өткізгендіктен еді. Ол түс жоруда асхаби кирамның ең озаты еді. Табииннің ұлыларының бірі және түс жорумен танымал болған Ибн Сирин: «Расулуллаһтан кейін түс жоруда ең үстем Әбу Бәкір» деген. Араб тайпаларының, әсіресе құрайш тайпасындағылардың шежіресін тануда ең білімдісі еді. Оның көрегендігі, тапқырлығы, ықтияттылығы да бәрінен жоғары еді. Расул алейһиссалам дүниелік жұмыстардың барлығын онымен ақылдасатын. Хадис шәрифте: «Жәбрейіл маған: «Аллаһу та'ала Әбу Бәкірмен ақылдасуды саған әмір етуде» деп айтты» делінген. «Али Имран» сүресінің жүз елу тоғызыншы аятында: «Жұмыстарыңды олармен ақылдасып атқар!» бұйрығы хазреті Әбу Бәкір және хазреті Омармен ақылдасу үшін келді. Асхаби кирам арасында Құран кәрімді толықтай жаттаған бірнеше адамның бірі хазреті Әбу Бәкір.

Хазреті Әбу Бәкірдің пайғамбарлардан кейін адамдардың ең үстемі екенін көрсететін аяти карималар мен өте көп хадис шәрифтер бар. Олардың бірнешеуін жазып өтейік:

«Тәубе» сүресінің қырық бірінші аятында: «Үңгірдегі екі адамның екіншісі» делінген. Бұл аяти карима хазреті Әбу Бәкірді (радиаллаһу та'ала анһ) мақтауда. «Уәлләйл» сүресінің бесінші аяты хазреті Әбу Бәкірдің абыройын көрсетіп тұрғаны бір ауыздан хабар берілген. Тағы осы сүренің он жетінші аяты хазреті Әбу Бәкірге қатысты түскен. «Бақара» сүресінің 274-ші аяты Әбу Бәкірге қатысты түскені де хабар берілген. Өйткені садақа берудің түрлі сауабын алу үшін түндері он мың алтынды жасырын түрде, он мың алтынды әшкере түрде және күндіздері де осылай он мыңдаған алтын садақа берген.

Дәйләми хабар берген және Мунауиде жазылған хадис шәрифте: «Әбу Бәкір Сыддық адамдардың ең жақсысы әрі ең үстемі. Тек ол пайғамбар емес» делінген. Тағы Дәйләми хабар берген және Мунауиде жазылған хадис шәрифте: «Әбу Бәкірдің есімі аспан халқының арасында Атиқ. Ол жер бетінде де Атиқ» делінген.

Әбу Нуайм (рахимә-һуллаһу та'ала) хабар берген және Мунауиде жазылған хадис шәрифте: «Әбу Бәкір – Аллаһу та'аланың оттан азат еткен адамы» делінген.

Хадис шәрифте: «Пайғамбарлардан басқа Әбу Бәкірден үстемірек ешкімнің үстіне күн тумады» делінген.

Хадис шәрифте: «Ешбір адам маған сұхбатымен және мал-мүлкімен Әбу Бәкірдей пайдалы болмады. Егер Раббымнан басқа дос іздесем, Әбу Бәкірді дос қылатын едім» делінген.

Хадис шәрифте: «Үмбетімнен бәрінен бұрын жәннатқа кіретін Әбу Бәкір» делінген.

Дәйләми (рахимә-һуллаһу та'ала) хабар берген және Мунауиде жазылған хадис шәрифте: «Әбу Бәкірді жақсы көру және оған шүкір ету (алғыс айту) үмбетімнің барлығына мойнына уәжіп (міндет)» делінген.

Хатиб Бағдади (рахимә-һуллаһу та'ала) хабар берген және Мунауиде жазылған хадис шәрифте: «Қиямет күні адамдардың барлығы есепке тартылады. Тек Әбу Бәкір есепке тартылмайды» делінген.

Хадис шәрифте: «Жақсы қасиеттер үш жүз алпыс дана. Аллаһу та'ала қаласа, құлына осы қасиеттердің бірін береді. Сол қасиеті үшін оны жәннатқа кіргізеді» деді, сонда хазреті Әбу Бәкір: «Йа, Расулаллаһ! Сол қасиеттердің бірі менде бар ма?» деп сұрағанында: «Иә, сенде ол қасиеттердің барлығы бар» деп жауаптады.

Бір күні «Ей, тәрбиеленген нәпіс!..» аяты соңына дейін оқылды. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу та'ала анһ): «Йа, Расулаллаһ! Бұл неткен керемет жағдай!» дегенінде: «Сен өлерде періште саған осылай айтады» деді.

Хазреті Әбу Бәкір бір күні сахабалардың біріне ренжіді. Расул алейһиссалам мұны естігенде асхаби кирамды жинап: «Аллаһу та'ала мені сендерге пайғамбар ретінде жіберді, сенбедіңдер. Тек Әбу Бәкір ғана сенді. Маған мал-жанымен көмектесті. Мен үшін досымды ренжітпеңдер!» деді. Сол күннен кейін ешкім хазреті Әбу Бәкірді ренжітетін ештеңе айтпады және істемеді (радиаллаһу та'ала анһ).

Хадис шәрифте: «Жәбрейіл алейһиссаламнан хазреті Омардың үстемдіктерін сұрадым. Жәбрейіл маған «Омардың үстемдіктерін Нұх алейһиссаламның пайғамбарлық уақыты шамасында (яғни 950 жыл) айтып берсем де аяқтай алмаймын. Сонымен қатар Омардың бүкіл жақсылықтары Әбу Бәкірдің жақсылықтарының біреуіндей» деп жауаптады» деді.

«Бәрінен қатты кімді жақсы көресіз, йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)?» деп сұралғанда: «Айшаны» деп жауаптады. «Ер адамдардан кімді?» деп сұралғанда: «Айшаның әкесін» деп жауап берді. «Одан кейін кімді?» деп сұралғанда: «Омар бин Хаттабты» деді.

Бір күні хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омарды (радиаллаһу та'ала анһума) көрсетіп: «Бұл екеуі пайғамбарлардан басқа жәннаттағы адамдардың ең үстемдері» деді.

Бір күні Расулуллаһтың оң жағына Әбу Бәкір, сол жағына Омар (радиаллаһу та'ала анһума) келді. Расулуллаһ мүбәрәк қолдарымен екеуінің қолдарынан ұстап мешітке кірді де, «Қиямет күні үшеуіміз осылай келеміз» деді.

Бір күні хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омарды көргенде Расулуллаһ: «Бұл екеуі менің көзім мен құлағымдай» деді.

Бір күні сол екеуіне қарап: «Мені екеуіңмен күшейткен Аллаһу та'алаға шүкір!» деді.

Хадис шәрифте екеуіне қарап: «Екеуің келіскен барлық мәселеде мен сендерден айрылмаймын» деді.

Дәйләми (рахимә-һуллаһу та'ала) хабар берген және Мунауиде жазылған хадис шәрифте: «Әр пайғамбардың досы бар. Менің досым Әбу Бәкір» делінген.

Хадис шәрифте: «Әр пайғамбардың үмбеті арасында ең көп жақсы көретін адамдары бар. Менің таңдағандарым Әбу Бәкір мен Омар» делінген (радиаллаһу та'ала анһума).

Хадис шәрифте: «Үмбетімнен «Лә илаһа иллаллаһ» калимасын айтуды талап еткенімдей, Әбу Бәкір мен Омарды жақсы көруін де талап етемін» деді (радиаллаһу та'ала анһума).

Ибн Абидин (рахимә-һуллаһу та'ала) хабар берген және Мунауиде жазылған хадис шәрифте: «Әбу Бәкір мен Омарды жақсы көру – иман. Оларға дұшпандық ету – күпірлік» деді. Осы хадис шәрифке сүйеніп ғалымдардың барлығы хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омарды балағаттау және дұшпандық етудің күпірлік болатынына бір ауыздан келіскен және Аллаһу та'ала шиилерге лағнет етсін деген.

Хадис шәрифте: «Әбу Бәкірдің иманы бүкіл адамдардың имандарының жиынтығымен салыстырылса, Әбу Бәкірдің иманы ауыр басады» делінген (радиаллаһу та'ала анһ).

Хазреті Әли айтқан: «Қай жақсы амалда бірінші болғым келсе, Әбу Бәкірді бәрінде менен озғанын көрдім». Тағы айтқан: «Расулуллаһтан кейін адамдардың ең қайырлысы Әбу Бәкір мен Омар. Мүмин кісінің жүрегінде маған деген сүйіспеншілік пен Әбу Бәкірге және Омарға деген дұшпандық бірге бола алмайды». Хазреті Әли әр хұтбасында: «Йа, Раббым! Хулефа-и рашидинді дұрыстағаның секілді бізді де дұрыстай көр!» дейтін. «Хулефа-и рашидин кім?» деп сұралғанда көзі жасқа толып: «Олар мен ең қатты жақсы көретін Әбу Бәкір мен Омар» деді.

Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) әрдайым «Әбу Бәкір біздің сәйидіміз» дейтін. Тағы ол: «Әттең Әбу Бәкірдің кеудесіндегі бір қыл болсам ғой» дейтін. Тағы ол: «Жәннатта әр мезетте Әбу Бәкірді көргім келеді» дейтін. Тағы хазреті Омар: «Ешбір жақсылықта Әбу Бәкірге жете алмадым» дейтін.

Хазреті Әбу Бәкірдің (радиаллаһу та'ала анһ) мейірімі, қамқорлығы өте көп болғандықтан, оны «Әууаһ» деп атайтын (радиаллаһу та'ала анһ).

Жәбрейіл алейһиссаламның Расулуллаһпен сөйлескенін тек қана хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу та'ала анһ) еститін.

Үлкен ғұлама Бәдреддин Махмуд бин Ахмед Айни (рахимәһуллаһу та'ала) «Зәйнул мәжалис» кітабында жазуы бойынша, хазреті Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) «Адамға зиян тілінен келеді» деген мақалға сүйеніп, Аллаһу та'ала разы болмайтын сөз айтып қоймау үшін он екі жыл мүбәрәк аузына тас салып жүретін. Исламға немесе әдепке сай бір нәрсе айтпақшы болғанда тасты шығаратын. Жаз күндері ораза ұстайтын, қыс күндерінде ұстамайтын. Аллаһу та'ала қатты қорқатыны сонша, бір құсты көріп: «Ей, құс, неткен бақыттысың, жемістерді жейсің. Жапырақтардың арасында көлеңкелейсің. Қияметте есепке тартылмайсың. Әттең Әбу Бәкір де сен сияқты құс болса ғой» деген еді. Бір ретінде: «Әттең көк шөп болсам ғой. Жануарлар мені жейтін еді. Осылайша қиямет күні жаратылып есепке тартылмасам ғой» деген.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғанда ансар сахабалар бір жерге жиналып, «Бізден бір әмір, мухажир сахабалардан бір әмір болсын» десті. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу та'ала анһ) мұны естігенде хазреті Омарды (радиаллаһу та'ала анһ) қасына ертіп сол жерге барды да, «Халифалар құрайш тайпасынан болады» деген хадис шәрифті оқыды. Хазреті Омар да: «Ей, ансар сахабалар! Расулуллаһтың хазреті Әбу Бәкірді имам қылғанын ұмыттыңдар ма? Қайбірің Әбу Бәкірден үстем екенін айта алады?» деді. Ансар сахабалар бәрі бір ауыздан: «Әбу Бәкірден үстем болуды айтудан Аллаһу та'алаға сиынамыз» десті. Бәрі Әбу Бәкірді (радиаллаһу та'ала анһ) халифа сайлады. Хазреті Әли мен хазреті Зубәйр (радиаллаһу та'ала анһума) ол жақта жоқ еді. Ертеңіне олар да мешітке келіп, асхаби кирамның барлығы (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) хазреті Әбу Бәкірді (радиаллаһу та'ала анһ) бір ауыздан халифа сайлады. Тәфсир кітаптарында жазылуы бойынша, «Фәтх» сүресінің: «Арабтан сендерге бағынбағандарға айт...» деген бұйрығы хазреті Әбу Бәкірдің халифалығының хақ және дұрыс екенін көрсетеді. Өйткені бұл аяти карима келген соң мұсылмандарды кәпірлерге қарсы соғысуға шақыру хазреті Әбу Бәкірдің (радиаллаһу та'ала анһ) мүртәдтемен соғысуға шақыруынан кейін екені анық. Бұл аяти каримада: «Оған бағынатын болсаңдар, Аллаһу та'ала сендерге сауап береді» делінген. Хазреті Әбу Бәкірдің халифалығы (радиаллаһу та'ала анһ) әділетсіз болғанда, оған бағынғандарға сауап беріледі деп айтылмайтын еді.

Әмір Жамаледдин Юсуф Захиридің «Мәуридил ләтафа» кітабында жазылуы бойынша, Аллаһу та'ала бүкіл адамзат арасында үш адамға халифа деген: Адам алейһиссаламға, Дауд алейһиссаламға және хазреті Әбу Бәкірге (радиаллаһу та'ала анһ).

Хазреті Әбу Бәкір хазреті Омарды (радиаллаһу та'ала анһума) қазы қылды, хазреті Османды (радиаллаһу та'ала анһ) хатшы қылды. Әбу Убәйда (радиаллаһу та'ала анһ) тәртіп сақшыларының басшысы еді. Ол Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күміс жүзігін саусағына тақты. Халифа болғанында да сауда-саттығын тоқтатпады. Асхаби кирам (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) сауда жасауын лайықты көрмей, оған бәйтул малдан күніне жарты қой, жылына 2500 күміс ақша, жаздық және қыстық бір-бір қабат киім берілді.

«Мират-и Каинат» кітабынан алынған жазба осы жерде тәмәм болды.

Аллаһумма инни әузу бика мин азабил қабри мин азабиннар уә мин фитнатил махия уәлмәмати уә мин фитнатил Мәсих-ид-дәжжал.