2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / Расулуллаһтың көркем ахлақы мен әдеттері

Расулуллаһтың көркем ахлақы мен әдеттері

- 6 -

РАСУЛУЛЛАҺТЫҢ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)

КӨРКЕМ АХЛАҚЫ МЕН ӘДЕТТЕРІ

Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм)ахлақтарынан және әдеттерінен елуі төменде білдірілген:

1) Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм)білімі, түсінігі, ақылы, зеректігі, жомарттығы, кішіпейілділігі, жұмсақтығы, мейірімділігі, сабырлылығы, қайраттылығы, сүйіспеншілігі, адалдығы, аманаты, батылдығы, ержүректілігі, шешендігі, көркемдігі, тақуалығы, ұяттылығы, мәрттігі, ынсабы, арлылығы бүкіл пайғамбарлардан артық болатын. Досынан, дұшпанынан көрген зиянын, қиыншылығын кешіретін. Ешбіріне қарсы шықпайтын. Ухуд соғысында кәпірлер мүбәрәк бетін қанатып, тістерін сындырған кезде оларға «Йа, Раббым! Оларды кешір! Надандықтары үшін кешіре гөр» деп дұға еткен.

2) Өте қамқор еді. Жануарларға су беретін. Су ыдысын қолымен ұстап тұрып, тойғанын күтетін. Мінген атының беті мен көзін сүртетін.

3) Оны шақырған адамға «Ләббәйк» деп жауап беретін. Ешкімнің қасында аяғын созып отырмайтын. Тізе бүгіп отыратын. Жануар үстінде мініп кетіп бара жатқанда жаяу біреуді көріп қалса, арқасына мінгізіп алатын.

4) Өзін ешкімнен жоғары ұстамайтын. Бір сапарда қой етінен кәуәп пісірмекші болғанда біреу «мен қой соямын» деді. Біреу «мен терісін алайын» деді. Басқа біреу «онда мен пісірейін» деді. Сонда Расулуллаһ «мен отын жинаймын» деген кезде «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм)! Сіз демалыңыз! Өзіміз жинаймыз» деді. Пайғамбарымыз: «Иә, сендердің барлық нәрсені істейтіндеріңді білемін. Бірақ, мен жұмыс істеп жатқандардан бөлек отырғым келмейді. Аллаһу та’ала достарынан ажыралып бөлек отырғандарды жақсы көрмейді» деді. Тұрып, отын жинауға кетті.

5) Сахабалары (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) отырған жерге келгенде жоғарыға өтпейтін. Қай жер бос болса, сол жерге отыратын. Қолына таяқ ұстап бір күні көшеге шыққанында Оны көргендер орнынан тұрды. «Басқалардың бір-біріне құрмет көрсетіп тұрғанындай мен үшін орындарыңнан тұрмаңдар! Мен де сендер сияқты адаммын. Барлық адам сияқты жеймін. Шаршағанда отырамын» деді.

6) Көбіне тізе бүгіп отыратын. Тізесін көтеріп, қолдарымен құшақтап отырғаны да байқалған. Тамақтанғанда, киінгенде және барлық нәрседе қызметшілерін өзінен бөлмейтін. Олардың жұмыстарына көмектесетін. Біреуді ұрғаны, сөккені еш байқалмаған. Әрдайым Оған қызмет еткен Әнәс бин Малик: «Расулуллаһқа он жыл қызмет еттім. Оның  маған жасаған қызметі, менің Оған жасағанымнан көп еді. Маған ренжігенін, қатты сөйлегенін көрген емеспін» деген.

7) Киімдерінің жыртылған, сөгілген жерлерін өзі де жамайтын. Қойларын өзі де сауып, малдарына өзі де жем беретін. Базардан сатып алған нәрсесін үйіне өзі алып келетін. Сапарға шыққанда жануарларына жем беріп, кейде олардың үстін де тазалайтын. Бұларды кейде жалғыз өзі істейтін, кейде қызметшілеріне көмектесетін.

8) Кейбір адамдардың қызметшілері келіп, Оны шақырған кезде Мәдинаның салты бойынша олармен қол ұстасып баратын.

9) Ауру адамдардың көңілін сұрап баратын, жаназаларға қатысатын. Көңілдерін аулау үшін кәпірлердің және мұнафиқтардың науқастарын да зиярат ететін.

10) Таң намазын оқытқаннан кейін жамағатқа қарап отырып: «Ауырып жатқан бауырларымыз бар ма? Көңілін сұрап барайық!» дейтін. Науқас жоқ болса, «Жаназасы барлар жоқ па? барып көмектесейік!» дейтін. Жаназа бар болса, мәйітті жууға, кебіндеуге көмектесіп, жаназа намазын оқытып, қабіріне дейін баратын. Жаназа жоқ болса, «Түс көрген адам бар болса, айтып берсін! Тыңдайық, жорып көрейік!» дейтін.

11) Сахабаларының бірін үш күн көрмесе, оны сұрайтын. Сапарға шыққан болса, қайырлы дұға оқып, қалада болса, жағдайын сұрауға баратын.

12) Жолда кездескен мұсылманға алдымен өзі сәлем беретін.

13) Түйеге, атқа, есекке мінетін, кейде артына адам мінгізетін.

14) Қонақтарына, сахабаларына қызмет ететін,  «Бір қауымның мырзасы, ең үстемі – оларға қызмет еткен адам» дейтін.

15) Қарқылдап күлгені еш байқалмаған. Дыбыссыз күлімсірейтін. Кейде күлген кезде мүбәрәк алдыңғы тістері көрінетін.

16) Әрдайым ойға шомған, мұңды болып көрінетін, аз сөйлейтін. Сөзін күлімдеп бастайтын.

17) Қажетсіз және пайдасыз сөздер айтпайтын. Керек кезде қысқа, пайдалы және мағынасын ашық қылып сөйлейтін. Түсінікті болу үшін кейде үш рет қайталайтын.

18) Бөтендермен, таныстармен, балалармен, қарт әйелдермен және махрам әйелдерімен әзілдесетін. Бірақ, бұлар Аллаһу та’аланы бір сәтке ұмытуына да себеп болмайтын.

19) Сұстылығынан ешкім бетіне қарай алмайтын. Біреу келіп мүбәрәк жүзіне қараған кезде қалтырап кетті. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Қысылма! Мен патша емеспін, залым емеспін. Кепкен ет жейтін бір әйелдің баласымын» деді. Сонда әлгі кісінің қорқынышы басылып, дертін айта бастады.

20) Күзетшілері, қарауылдары жоқ еді. Барлық адам қасына оңай барып, дертін айта алатын.

21) Ұяты жоғары дәрежеде еді. Сөйлесіп отырған адамның бетіне қарауға ұялатын.

22) Ешкімнің айыбын бетіне баспайтын. Ешкімнің үстінен шағымданбайтын, артынан ештеңе айтпайтын. Біреудің сөзін немесе ісін ұнатпаса «Кейбір адамдар неге солай істейді екен?» дейтін.

23) Аллаһу та’аланың сүйіктісі, Расулы бола тұра «Аллаһу та’аланы ең жақсы танитын және Одан ең көп қорқатын менмін» дейтін. «Менің көргенімді көрсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер» дейтін және аспанда бұлт көрсе «Йа, Раббым! Бұл бұлтпен бізге азап жіберме!» дейтін. Жел соқса «Йа, Раббым! Бізге қайырлы жел жібер!» деп дұға ететін. Аспан күркірегенде «Йа, Раббым! Бізді ашуыңмен өлтірме, азабыңмен опат қылма және оған дейін бізге афиет нәсіп ет!» дейтін. Намазда тұрғанда жылаған адамның ішін тартқаны сияқты көкірегінен дыбыс шығатын. Құран кәрім оқыған кезде де осылай болатын.

24) Жүрегінің қуаты, батылдығы таңқаларлықтай көп болатын. Хунәйн соғысында мұсылмандар олжа жинау үшін таралып, Ол үш-төрт адаммен бірге қалды. Кәпірлер қосылып, бірден шабуыл жасады. Расулуллаһ оларға қарсы төтеп беріп, оларды қуды. Бірнеше рет қайталанды. Мүлдем шегінген жоқ.

25) «Мәуахиб-и ләдунийа» кітабында, үшінші мақсаттын екінші бөлімінің соңында жазылған: Абдуллаһ ибн Омар: «Расулуллаһтан күштірек палуан көрген емеспін» деді. Ибн Исхақ айтып бергені бойынша, Меккеде Руғанә есімді атақты палуан бар еді. Расулуллаһпен қаланың сыртында кездесіп қалды. Пайғамбарымыз: «Йа, Руғанә! Неге мұсылман болмайсың?» деп сұрады. Руғанә: «Пайғамбар екендігіңе дәлелің бар ма?» деп сұрады. Сонда сүйікті пайғамбарымыз: «Сенімен күресемін. Арқаң жерге тисе, иман келтіресің бе?» деді. Руғанә: «Иә, иман келтіремін» деп жауаптады. Күрес басталған кезде-ақ Руғанә жерге арқасымен жатып, сасып қалды. «Бір қателік болды, қайтадан күресейік» деді. Осылайша үш рет жеңілді. «Шәуахид-ун нубуввә» кітабының 3-бөлімінің басында: «Иман келтіруге ниетім жоқ еді. Арқаммен жерге жатамын деп тіпті ойлаған да жоқпын. Енді күшінің менен көп екендігіне таң қалдым және қатты ұнаттым деген оймен Расулуллаһқа отарының жартысын сыйлап, өзі кетіп қалды. Расулуллаһ отармен Меккеге бара жатқанда Руғанә жүгіріп келіп:

-  Йа, Мұхаммед! Меккеліктер «Мына отарды қайдан алдың?» десе не деп жауап бересің? – деп сұрады.

-  Руғанә сыйға тартты деймін.

-  Не үшін сыйлады десе ше? 

-  Екеуміз күрестік. Оның арқасын жерге тигіздім. Күшімді ұнатты да, берді деймін.

-  Олай айтпа, өтінемін! Абыройымнан айрыламын. Сөздерімді ұнатып, сол үшін берді десең жақсы болар еді.

-  Ешқашан өтірік айтпауға Раббыма сөз бердім.

-  Олай болса, отарды қайтарып аламын.

-  Алсаң ал! Раббымның разылығы үшін мың отар пида болсын, - деді. Руғанә Расулуллаһтың бұл иманына, шыншылдығын жақсы көріп, дереу «Кәлима-и шаһадат» айтып, мұсылман болды.»

Әбул Әсуадил Жүмәхи есімді тағы бір палуан бар еді. Сиырдың терісінің үстінде тұрғанда он қуатты адам теріні тартып, орнынан қозғалта алмайтын, тері жыртылып кететін. Ол адам да «Мені жеңсең, иман келтіремін» деді. Күрескен кезде оның арқасы жерге тиді. Бірақ, иман келтірмеді.

26) Өте жомарт еді. Жүздеген түйе мен қойлар таратып, өзіне ештеңе қалдырмайтын. Әртүрлі тасжүрек кәпірлер осы жақсылықтарын көріп, иман келтірген.

27) Одан бір нәрсе сұраған адамға «Жоқ» дегені ешқашан байқалмаған. Бар болса беретін, жоқ болса үндемейтін.

28) Аллаһу та’ала «Сен сұра, мен берейін» деген болса да, Ол дүниелік байлық сұрамады. Еленген бидай ұнынан жасалған нанды ешқашан жемеген. Әрдайым еленбеген арпа ұнының нанын жейтін. Тойғанға дейін жегені еш байқалмады. Нанды қоспасыз немесе құрмамен, сірке суымен, жеміспен, сорпамен немесе зәйтүн майына батырып жейтін. Тауық, қоян, түйе, киік, балық еттері мен сүрленген ет және ірімшік те жейтін. Малдың күрек жағын жақсы көретін. Қолымен ұстап, тістеп жейтін. [Пышақпен кесіп жеу де рұқсат.] Көбіне сүт немесе құрма жейтін. Үйінде 2-3 ай бойы тамақ дайындалмай, нан да пісірілмей, тек құрма жеген кездері де болған. 2-3 күн ештеңе жемеген кездері де болған. Қайтыс болған кезінде темірден тоқыған сауыты отыз келі арпа үшін бір яһудиде кепілге берілген болды.

29) Тамақты жақтырмағаны еш байқалмаған. Ұнатқанын жейтін, ұнатпағанын жемейтін және ол туралы ештеңе айтпайтын.

30) Күніне бір рет тамақтанатын. Кейде таңертең, кейде кешке жейтін. Үйге келгенде «Тамақ бар ма?» деп сұрайтын. Жоқ болса, ораза тұтатын.

Тамақты дастархан, поднос, үстел үстінде жемей, жерге қойып, тізе бүгіп отырып, ешнәрсеге сүйенбестен жейтін. Тамақты Бисмиллаһ айтып бастайтын. Оң қолымен жейтін.

31) Тоғыз әйеліне және бірнеше қызметшісіне кейде бір жылдық арпа мен құрма ажыратып, одан кедейлерге де садақа беретін.

32) Тамақ арасында қой етін, еттің сорпасын, асқабақты, тәттілерді, балды, құрманы, сүтті, қаймақты, қарбызды, қауынды, жүзімді, қиярды және салқын суды жақсы көретін.

33) Суды ақырындап, Бисмиллаһпен бастап, үш жұтыммен ішетін, соңында «Әлхамдулиллаһ» деп дұға ететін.

34) Басқа пайғамбарлар сияқты зекет пен садақа алмайтын. Сыйлықтарды қабылдайтын. Көбінесе қайтарымын артығымен беретін.

35) Кию жаиз (рұқсат) болған бар тапқанын нәрсені киетін. Қалың матадан ихрам күйінде тігілмеген нәрселермен оранатын, пәштәмалмен (жамылғымен) жабынатын, көйлек пен шапан да киетін. Олар мақтадан, жүннен немесе қылдан тоқылған. Көбінесе ақ, кейде жасыл киетін. Тігілген киім де киетін. Жұмада, айттарда, шетелдік елшілер келгенде және соғыс кезінде қымбат көйлектер, шапандар киетін. Киімдерінің түсі көбінесе ақ болатын. Жасыл, қызыл және қара түстерді де киетін. Қолдарын білектеріне дейін, мүбәрәк аяқтарын балтырының жартысына дейін жауып жүретін.

Имам Тирмизидің (рахимә-һуллаһу та’ала) «Шәмаил-и шәрифа» кітабында жазылған: «Расулуллаһ камис, яғни көйлек кигенді жақсы көретін. Көйлектерінің жеңі білектеріне дейін ұзын болатын. Көйлегінің жеңі мен жағасында түйме болмайтын. Аяқ киімі теріден жасалып, бір бауы, екі кибал бар еді. Кибал – бір ұшы бауға, екінші ұшы алдыңғы ұшына тігілген қайыс. Екі саусақтың арасынан өтеді. Киім мен аяқ киім кигенде әдетке (салтқа) сай болу керек. Әдеттен өзгеше болу атының шығуына себеп болады. Атақтылықтан сақтану керек. Меккеге кірген кезінде мүбәрәк басында қара сәлдесі бар еді.»

36) Көбіне ақ, кейде қара түсті матаны басына сәлде ретінде орап, ұшын бір қарыс қылып екі иығының ортасына салбыратып қоятын. Сәлдесі үлкен де, кішкентей да емес, ұзындығы үш жарым метрдей болатын. Сәлдені тақиясыз орайтын, кейде сәлдесіз тақия киетін.

37) Арабстандағы салт бойынша шашын құлағының жартысына дейін өсіріп, артығын қырқтыратын. Шашына май жағатын. Жолға шыққанда да шыны ыдыспен май алып шығатын. Май жаққан кезде басына әуелі бәтес мата қойып, бас киімін бәтестің үстінен киетін. Осылайша май жаққаны сырттан байқалмайтын. Кейде шашын жайып, алдына екі жаққа жаятын. Меккені жаулап алған күні шашы осылай екі жаққа жайылған еді.

38) Қолдарына, басына, бетіне миск немесе басқа хош иістер жағатын, хош иісті ағаш бұтағын тұтатып, үстіне аластайтын.

39) Төсегі іші құрма жіптерімен толтырылған, өңделген теріден жасалған еді. Ішіне жүн толтырылған төсек әкелген кезде оны қабылдамады және «Йа, Айша! Аллаһқа ант етемін, егер қаласам, Аллаһу та’ала барлық жерде маған алтын мен күміс береді» деді. Кейде тоқыма, тақтай, төсек, киіз үстіне немесе құрғақ топырақтың үстіне де жататын.

[Ибн Абидин (рахимә-һуллаһу та’ала) ораза туралы түсіндіре бастаған жерінде былай дейді: «Расулуллаһтың және Одан кейінгі төрт халифасының тұрақты түрде жасаған нәрселері «Сүннет» деп аталады. «Сүннет-и худа»-ны тәрк ету мәкрух. «Сүннет-и заида»-ны тәрк ету мәкрух емес.»

Абдулғани Наблуси (рахимә-һуллаһу та’ала) «Хадиқа» кітабында былай дейді: «Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) өзінің ғибадат ретінде жасаған нәрселерін тәрк еткен адамды айыптамаса, бұл ғибадаттар «Сүннет-и худа» деп аталады. Оларды үздіксіз істеген болса, «Сүннет-и муәккада» деп аталады. Расулуллаһтың әдет ретінде істеген нәрселері «Сүннет-и заида» немесе «Мүстаһаб» деп аталады. Жақсы істерді оң жағынан бастау, оң қолмен істеу, ғимарат соғуда, ішіп-жеуде, отыруда, тұруда, [жатуда], киінуде, құралдарда істеген және қолданған нәрселері осындай. Бұларды орындамау және ұн елегі, қасық сияқты «Әдеттегі бидғат» болған нәрселерді, яғни кейіннен шыққан әдеттерді істеу адасушылық саналмайды. Күнә болмайды.» Бұдан аңғарылғаны, үстел үстінде тамақ жеу, шанышқы, қасық қолдану, кереуетке жату, конференцияларда, мектептерде әдеп жаратылыстану сабақтарында радио, теледидар, магнитофон қолдану және әр түрлі көлік құралдарына міну, көзілдірік, есептегіш машина сияқты ғылыми құрылғыларды қолдану жаиз (рұқсат). Өйткені, бұлар әдеттегі бидғаттар болып табылады. Кейіннен шыққан нәрселер «Бидғат» деп аталады. Әдеттегі бидғаттарды, жаңалықтарды харам істерде қолдану харам болады. Намазда, азанда және мешіттегі уағыз бен хұтбада радио, микрофон, магнитофон қолдану мәселесінде «Сәадат-и әбәдийа» және «Ислам ахлықы» кітаптарында кеңінен мәлімет берілген. Ғибадатта бидғат жасау, кішкене өзгеріс енгізу үлкен күнә болады. Жиһад жасау, үкіметтің, әскердің дұшпандармен соғысуы ғибадат болып саналады. Бірақ, соғыста әртүрлі технологияларды қолдану бидғат болмайды. Керісінше, үлкен сауап болады. Өйткені, соғыста әр түрлі ғылыми технология құралдарын қолдану бұйырылды. Ғибадаттарда бұйырылған нәрселерді орындауға көмектесетін жаңалықтарды жасау керек. Тыйым салынған нәрселерді жасауға көмектесетін жаңалықтарды, өзгерістерді жасау бидғат болады. Мысалы, азан шақыру үшін мұнараға шығу қажет. Өйткені, жоғары дауыспен айту әмір етілді. Бірақ, азанды микрофонмен айту бидғат. Өйткені, бір құралмен оқу әмір етілмеді. Адамның оқуы бұйырылды. Намаз уақыттарын білдіру және басқа ғибадаттарды орындау үшін аспап шалу, кернейде ойнау сияқты музыкалық аспаптарды қолдануға да Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) тыйым салды.]

40) Расулуллаһ (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) сақалын бір тұтамнан артық өсірмейтін. Одан артығын қайшымен қырқатын. [Бір тұтам сақал өсіру сүннет. Сақал өсіру әдет болған жерде өсіру уәжіп болады. Бір тұтамнан артығын қырқу сүннет. Бір тұтамнан қысқа қылу бидғат болады. Сондай қысқа сақалды бір тұтамға дейін өсіру уәжіп. Сақал қыру мәкрух. Үзірлі себеппен қыру жаиз.]

41) Әр түні мүбәрәк көздеріне үш реттен сүрме жағатын.

42) Үйінде айна, тарақ, сүрме ыдысы, мисуак, қайшы, ине, жіп әрдайым бар болатын. Сапарға шыққанда бұларды алып шығатын.

43) Барлық ісін оң жағынан бастауды, оң қолымен жасауды жақсы көретін. Тек сол қолымен дәрет алатын.

44) Мүмкін болғанша барлық істі тақ санда орындайтын.

45) Құптаннан кейін түннің ортасына дейін ұйықтап, кейін таң намазына дейін ғибадат жасайтын. Оң жағымен жататын, оң қолын бетінің астына қойып, кейбір сүрелерді оқып ұйықтайтын.

46) Алғаш көрген, кездейсоқ көрген нәрселерін жақсылыққа жоритын. Ештеңені жаман ырым деп санамайтын.

47) Қайғылы кезінде сақалын ұстап отырып ойланатын.

48) Мұңайған кезінде дереу намаз оқитын. Намаздың ләззаты мен қуанышы қайғысын кетіретін.

49) Ғайбат еткен адамның сөзін мүлдем тыңдамайтын.

50) Жүргенде оң жағына немесе артына қарау керек болса, барлық денесімен бұрылып қарайтын. Тек басын ғана бұрып қарамайтын.

АНЫҚТАМА: Ислам ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та’ала) пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жасаған жоғарыда жазылған нәрселерді үшке бөлген. Біріншісі, мұсылмандардың да жасауы тиіс нәрселер. Олар «Сүннет» деп аталады. Екіншісі, пайғамбарымызға (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) тән нәрселер. Оларды басқа адамның жасауына болмайды. Олар «Хасаис» деп аталады. Үшіншісі, әдетке байланысты нәрселер. Оларды әрбір мұсылманның тұрған жерінің әдетіне қарап жасауы керек. Әдетке сай (салт бойынша) жасалмаса, фитна (бүлік) туындайды. Фитнаны ояту (бүлік шығару) харам болады.