Нәжісті үш рет жуу керек пе?Сұрақ: Нәжісті тазалаған кезде неге мән беру керек және жуудың белгілі бір мөлшері бар ма? Жауап: Ханафиде нәжіс дирхам мөлшерінен артық болса, жуу парыз. Жуудың нақты саны жоқ. Тазаланғанға дейін жуу қажет. Қатты нәжіс белдік, сумка, мәсі, аяқ киім үстінде болса, ысқылаумен, сүртумен тазаланады. Су сіңірмейтін тегіс жылтыр нәрселердің, мысалы шыны, айна, сүйек, тырнақ, пышақ, майлы бояумен сырланған, лакталған заттардың үстіндегі қатты немесе сұйық барлық нәжісті қолмен, топырақпен немесе басқа нәрсемен сүртіп, оның үш сипаты (түсі, иісі және дәмі) кеткенде таза болады. Құмыра, ыдыс-аяқ сияқты нәжісті сіңірмейтін заттарды және ағын су астында жуылатын барлық нәрсені сығып кептіру қажет емес. Кепкен мәниді ысқылаумен орны және денесі таза болады. Мәни ылғалды болса, киімді және денені жуу керек. Шараптың тамшысын да жуу парыз деген ғалымдар бар. Ықтиятқа мән беру керек. Барлық нәрседе негіз болған – тазалық. Нәжіс тигені нақты мәлім болмағанша, күмәнмен нәжіс деп айтуға болмайды. Әһли кітап (кітапты кәпір) сойған мал, терісі дәлелденбегенше, таза болып қабылданады. Жүзім шырыны таза, шарапқа айналғанда лас болады. Шарап сірке суына айналса, таза болады. Қолдағы өте аз нәжісті де жуу парыз. Ханафиде мысық пен тышқан зәрінің киімнен тазалануында қиындық (машақат) бар болғандықтан, дирхамнан көбі де кешірілген. Нәжіс бояумен боялған мата үш рет жуылғанда таза болады. Зәрлі (сідік тиген) киім қолмен, кір жуғыш машинада, бөлек сулармен, таза деп ойлағанға дейін жуылады. Бір рет жуумен тазаланса, жеткілікті болады. Жуғанда басқа киімдер нәжіс болмайды. Уәсуәсәлі (күмәншіл) адамның үш рет жууы және әрбірінде сығуы керек. Шіріген, жұқа немесе үлкен болғаны үшін сығылмайтын заттар, мысалы кілем, тері сияқты нәжісті сіңіретін заттар үш рет жуудың әрбірінде су тамшылауы тоқтағанға дейін күтіледі. Нәжіс маймен өңделген тері үш рет жуып сыққаннан кейін таза болады. Қайнамаған ыстық суға салынған іші тазаланған тауықтың тек терісі ғана нәжіс болады. Іші босатылғаннан кейін үш рет суық сумен жуылғанда барлық жері таза болады. Ішек-қарын да осылай үш рет жуылғанда таза болады. Зәрлі мата үш рет ағын су астында жуумен таза болады.
Қан түсі Сұрақ: Киімдегі қан дағын әбден жусақ та түсі кетпеді. Бұл намазға кедергі болады ма? Жауап: Түсінің қалуының маңызы жоқ, үш рет жуу жеткілікті. Намазға кедергі емес. Қаннан басқа түсі бар заттар да осындай. Жуған кезде де түсі кетпесе, намазға кедергі болмайды. |