8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Көптің қадірі білінбейді

Көптің қадірі білінбейді

Сұрақ: Өте құнды бір зат мол болса да құнды болып қала береді ме?

Жауап: Иә, көп болса да құнды, қадірлі болады. Бірақ мол болғандықтан адамдар құндының қадірін білмейді. Бірнеше мысал келтірейік:

1) Көп адам бес уақыт намаз оқымаса да айт намазын қалдырмайды. Алайда бес уақыт намаз парыз, ал айт намазы уәжіп, Ханафиден басқа үш мазһабта сүннет.

2) Көп адам айт күндері бірін-бірі құттықтап, айттасып жатады. Бірақ дінімізде жұма күні айт күндерінен де құнды. Жұма әр апта сайын қайталанғандықтан, оншалықты бағаланбайды. Бірақ айт жылына екі-ақ рет келгендіктен ерекше мән беріледі.

3) Әрдайым және барлық жерде көп болған ауаның қадірін көпшілігіміз білмейміз. Сондықтан оны бізге тегін беріп қойған Аллаһу та'алаға шүкір етуді тіпті ойлап та көрмейміз. Алайда бірнеше минут тыныс ала алмасақ, өлеміз.

4) Бір жылдар су және жарық жиі-жиі өшіп қалуынан қатты қиналатын едік. Қазір күнде суымыз ағып тұрған болса да, жарғымыз үзілбей жанып тұрса да оны бізге жеткізгендерге рахмет айтуды, ақысын уақытылы төлеуді ойламаймыз. Су ниғметін берген Аллаһу та'алаға шүкір етуді де білмейміз. Өйткені қазір су тапшылығынан қиналып жүргеніміз жоқ. Тек өшіп қалса ғана қадірін түсінеміз. Осы сияқты, күн бізді күнде жарықтандыруда, бірақ қайбіріміз «Әлхамдулиллаһ, бүгін тағы күн шықты» дейміз? Аллаһу та'аланың осындай сансыз ниғметтері бар. Олардың бәріне шүкір ету қажет.

5) Көзіміз үнемі көріп тұрғаны үшін көзіміздің көріп тұрғанына шүкір етпейміз. Құлақ, тіл және басқа мүшелеріміз де осындай. Бұл мүшелердің бірінен айрылып қалсақ, сол кезде қадірін түсінеміз. Ауырып қалмағанша денсаулықтың қадірі білінбейді. Ақыл үлкен ниғмет бола тұра, жындыларды көрмегенше қадірін ешкім ойламайды. Тіпті көрсек те бір күліп өтіп кетеміз. Бәрінен де маңызды ниғмет – дұрыс иманға ие болу және осы дұрыс жолдың ғалымдарын тану ниғметінің қадірін білу.

6) Сәлем беру кеңінен тарағандықтан, көпшілік сәлемнің маңызын білмеуде. «Ассаламу алейкум» деп берілген сәлемге «Уа алейкум ассалам» деп жауап беру парыз болғандықтан сауабы басқа барлық нәпілдерден көп. Мысалы, бір адам әлемдегі барлық кедейлерді тойғызса, бәрін үй-жаймен қамтамасыз етсе, сонда да бір сәлемнің сауабына жете алмайды. Парыздың қасында бүкіл нәпіл ғибадаттар теңіздің қасындағы бір тамшыдай да бола алмайды. Тіпті су тамшысының бөлшегі де емес. Барлық нәпілдердің құндылығы барлық парыздармен салыстырғанда осындай.

Сәлем бергенде сәлемнің сүннет екенін ойлап, сол адамға дұға етуге ниет ету керек! Ештеңе ойламастан жай бір әдет ретінде сәлем бергенде сауап болмайды. Бір жерге кіргенде де, шыққанда да сәлем беріледі. Дінімізде сәлемнің маңызы өте жоғары. Сәлем беру сүннет, ал сәлемге жауап беру парыз, дегенмен осы сәлем беруде бір ерекшелік бар. Сәлем беруші де сәлемге жауап беруші сияқты парыз сауабын алады. Ардақты сахабалар бір досына сәлем беру және сәлемін алу үшін алыс сапарға шығатын еді. Бір нәрсенің маңызын білген адам осы үлкен сауапты алғысы келеді.

Парыздан қазасы бар адамның нәпілдермен айналыспауы керектігі де осы себепке сүйенеді. Бірақ кейбір ақылсыздар теңізді тастап, бір тамшы судың артынан жүгіріп жүр, парыздың маңыздылығын түсіне алмауда.