8 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     10 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Бірлік пен ынтымақтың маңызы

Бірлік пен ынтымақтың маңызы

Сұрақ: Дінімізде бірлік пен ынтымақта болудың орны қандай?

Жауап: Өте маңызды. Хадис шәрифте былай делінген:

«Бірігуде, бірлік пен ынтымақта мейірім бар, ал бөлінуде Аллаһтың азабы бар.» (Бәйһақи)

Бірлік пен ынтымақтағы қоғам көбейген сайын мейірім де арта береді. Бір хадис шәрифте: «Екі кісі бір кісіден, ал үш кісі екі кісіден қайырлы. Олай болса, бірге болыңдар!» делінген. (И.Асакир)

Қандай мәселе болса да, ұжыммен бірлік пен ынтымақта әрекет етуде көп пайда бар. Мысалы, тіпті бірге қосылып тамақтануда да мейірім бар. Бір хадис шәрифте: «Тамақты қосылып бірге жеңдер, берекет қосылуда» делінген.(Ибн Мажа)

«Кім екеніміз емес, кіммен бірге екеніміз маңызды» делінген. Яғни өзіміз өте нашар адам болсақ та, жақсылардың арасына қосылуымыз керек. Бізге келетін бәле-жаладан олардың арасында болсақ құтыламыз. Олармен бір жерге барғанда олармен бірге ол жақта бізді де қабылдайды. Тіпті ахиретте жәннатқа жақсылар бара жатқанда біз де олардың арасында болсақ, бізді ажыратып шығармайды. Асхаби кәһфтің иті салихтардың, жақсылардың артынан кеткендіктен, оларды жақсы көріп тастамағандықтан Аллаһу та'ала оны, жануар болса да, салихтармен бірге жәннатқа кіргізетінін айтты. Демек, жақсылармен бірге болғандар, жануар болса да, құтылады. Екі хадис шәрифте былай делінеді:

«Аллаһ бір жамағатқа мейірімін түсірсе, араларындағы жаман біреуін кешірмей қоюға ұялады.» (Әбушшайх)

«Адам жақсы көргендерімен бірге тіріледі. Кәпірлерді жақсы көрген кісі олармен бірге, оған жасаған жақсы амалдарының еш пайдасы тимейді.» (Табарани)

Расулуллаһ бұл үмбеттің әртүрлі топтарға бөлінетінін, тек қана өзінің және мүбәрәк сахабаларының жолында болғандардың ғана құтылатынын айтты. Бұл топ «Әһли сүннет уәл жамағат» деп аталды. Бұл топта болмағандардың тозаққа түсетіні де хадис шәрифпен көрсетілді. Хадис шәрифте былай делінген:

«Үмбетімнің ғалымдары адасушылықта мүлдем бірікпейді. Олай болса, сиуади ағзам (салих ғалымдардың) жолында болыңдар, өйткені Аллаһтың мейірімі жамағатпен бірге. Олардан бөлінген кісі тозаққа кетеді.» (Хаким, Ибн Жәрир, Хакими Тирмизи)

Бірлік пен ынтымақта болудың маңызын көрсеткен хадис шәрифтер төменде:

«Шайтан адамның қасқыры. Отардан бөлінген қойға қасқыр қалай шабуылдайтын болса, шайтан да жамағаттан бөлінген адамға солай шабуылдайды. Абай болыңдар, жамағаттан бөлінбеңдер!» (Тирмизи)

«Жамағаттан бір қарыс айрылған адам Ислам алқасын мойнынан шығарған болады.» (Әбу Дауд)

Бұл жердегі жамағат дегені – Әһли сүннет уәл жамағат тобы. Әркім Әһли сүннетпін деп айта алады. Әһли сүннет болудың өлшемі бар. Аллаһу та'ала Ислам дінін дұрыс үйренуді қалағандарға соны нәсіп ететініне сөз берген. Сондықтан «Йа, Раббым! Саған сенемін, сені және пайғамбарларыңды жақсы көремін. Ислам білімдерін дұрыс үйренгім келеді. Маған мұны нәсіп ет және мені қате жолдарға түсуден сақта!» деп дұға етіп, истихара жасау керек! Аллаһу та'ала оған дұрыс жолды көрсетеді. Аллаһу та'аланың сөзіне сенім артып, Оған жүгіну керек. «Онсыз да мен дұрыс жолда жүрмін ғой» деп дұға етуден қашпау қажет.