10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Кемшіліксіз жар іздегендер бойдақ қалады

Кемшіліксіз жар іздегендер бойдақ қалады

Әйелін басқара алмаған еркек, бір сөзбен айтқанда, әлсіз адам. Дініміздің бұйрықтары мен тыйымдарына мән беретін мұсылман әйелімен жақсы тұрады, тату болады. Жер бетінде мінсіз әйел жоқ. Бәрінің жақсы қасиеттері болуымен қатар, жаман жағы да болуы мүмкін. Әйелден көп нәрсе күту дінді білмеудің белгісі.

Құран кәрімде адамға келген қиыншылықтардың бәрі өз күнәлары себебінен келетіндігі айтылған. Фудайл бин Аяз хазреттері: «Жұбайым жаман мінезін көрсеткенде дінге қайшы бір нәрсе істегенімді түсінетін едім. Дереу сол іске тәубе еткенде жұбайымның жаман мінезі де басылатын. Осылайша тәубемнің қабыл болғанын аңғаратын едім» дейтін. Олай болса, ер кісі жұбайына жақсы қарап, тату болуы керек. Үйге келгенде әйеліне сәлем беріп, қал-жағдайын сұрап, қайғысы мен қуанышына ортақ болу керек. Өйткені, ол басқалардан үмітсіз және тек өзіне ғана адал досы, дерт ортағы, өзін қуантушысы, балаларының тәрбиелеушісі және әртүрлі қажеттіліктерге жәрдемшісі. Хадис шәрифте былай делінген:

«Әйелдеріңді қорламаңдар! Олар Аллаһу та'аланың сендерге берген аманаты. Оларға жұмсақ болыңдар, жақсылық жасаңдар!» (Мүслим)

Жақсы мінезді адам екі өмірде де бақытты болады. Кемшіліксіз пенде жоқ. Кемшіліксіз дос іздегендер доссыз қалады, кемшіліксіз жар іздегендер де таба алмайды...

Үйдің ішінде ешқай жерден кемшілік іздемеу керек! Сынау, сөз тартысу жанұяның құлдырауына немесе бақытсыз жағдайға түсуіне себеп болады. Тек ерлі-зайыптылар ғана емес, жалпы ешбір адам сын естуді ұнатпайды. Бәрі мақтау күтеді. Әйелдер жаратылысынан сәнденуге, әшекейге бейім, киімдеріне аса мән береді. Алған киімін көргенде «Саған қандай күшті жарасады» десек неміз кетеді?

Әсіресе әйелдер қарапайым нәрселерге көп мән береді. Мейрамдарда, мерекелерде, үйленудің пәлен жылдығында кішкентай болса да сыйлық беруді ұмытпаған жөн.

Үлкен Ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) былай деген:

«Әйел – үйде қызметші емес, ханшайым. Әйелін ренжіту ақылды адамның ісі емес. Мұсылман адам өз әйелін қалайша ренжітеді, мұны еш түсінбеймін. Ақылы бар ерлі-зайыптылар бірін-бірі ренжітпейді. Өмірлік жарын ренжіту ақымақтықтың белгісі. Залым, жаман мінезді адамның әйелі үздіксіз ренжіп, сөгіс естіп, жүйкесі бұзылады. Жүйке ауруына айналады. Ал жүйке жүйесі бұзылғаннан кейін әртүрлі аурулар шыға бастайды. Өмірлік досы ауру болған адам құрыған, бақыттылығы біткен деген сөз. Жұбайының қызметі мен көмегінен мақрұм қалған болады. Өмірі оның дерттерін тыңдаумен, оған дәрігер іздеумен, оған өзі үйренбеген қызметтерді жасаумен өтеді. Иә, осы пәлекеттердің барлығына, бітпейтін қиыншылықтарға өзінің жаман мінезі себеп болды. Енді бармағын тістесе де, қанша өкінсе де, бұл өкінудің еш пайдасы болмайды.»