12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Денсаулық – зор байлық

Денсаулық – зор байлық

Ата-бабаларымыз «Денсаулық – зор байлық», «Бірінші байлық – денсаулық», «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деген. Денсаулықсыз ештеңе істей алмаймыз. Дүние мен ахирет бақыты осыған байланысты. Дені сау кісі әлемдегі ең бақытты жан. Өмірдегі басқа бақыттылықтар одан кейін келеді. Денсаулықтың арқасында біз өзіміздің, жанұямыздың, отанымыздың, халқымыздың, бүкіл адамзаттың және Раббымыздың алдындағы міндеттерімізді ең лайықты түрде, шын көңілімізбен атқара аламыз.

Хадис шәрифте: «Деннің саулығы, бақытты өмір – Аллаһтың берген ниғметтері» делінген.

Аурулардың басым бөлігі тазалыққа мән бермеуден туындайды. Сыртқы тазалық, азық-түліктің, ішіп-жейтін азығымыздың, киімдеріміздің, тыныс алған ауамыздың, денеміздің, отыратын, жататын, жүретін, жұмыс істейтін, ұйықтайтын, тамақтанатын жерлеріміздің таза болуының денсаулығымызды сақтауда маңызы өте зор. Мұсылман кісі бәрінен бұрын денесімен және рухани тұрғыда таза адам. Тазалық – денсаулық кепілі. Тазалық болмаған жерлерде тәндік, артынша рухани аурулар, дерттер мен пәлекеттер бой көтере бастайды. Аллаһу та'ала Құран кәрімде «Тазалық сақтағандарды жақсы көремін» деген.

Мұсылман барлық тұрғыда және барлық нәрсесінде таза болады. Киген, ішіп-жеген жерлері, айналасы, үйі, жұмыс орны, ауласы, көшесі, ауданы, қаласы, отаны таза болады. Қай жерде тазалық болмаса, ол жерде ауру бар деген сөз.

Осындай сақтану шараларына қарамастан жұқпалы аурулар (эпидемия) шықса, оның да алдын алу қажет. Ислам дінінің абыройы үшін «Дініміз тазалық негізінде құрылған» хадис шәрифін өзімізге ұран қылып, таза болуға тырысуымыз керек! Жағымсыз иіспен айналамыздағылардың мазасын алу харам. Мешітке таза шұлықпен кіру қажет. Пияз, сарымсақ сияқты жағымсыз иіс шығаратын нәрселерді жеу, солай мешітке келу де дұрыс емес. Кейбір адамдар темекі иісінен де жиіркенеді. Тұмау сияқты аурулардың індетке айналмауы үшін жазылғанға дейін мешітке бармаған жөн. Қоғамдық көлік және сауда-саттық орталықтарынан ұзақ болу керек. Бұл да құл (кісі) ақысына жатады. (Яғни біреуге ауру жұқтыруымен оның ақысын жеген болады.)

Әлемде ең алғаш рет карантин мұсылмандар тарапынан жасалған. Халифа Омар Шам қаласына бара жатқан еді. Ол жақта оба ауруының тарағандығы мәлім болды. Халифаның қасындағылардың кейбірлері «Шам қаласына кірмейік» деді. Ал бір бөлігі «Аллаһу та'аланың тағдырынан қашпайық» деді. Ал Халифа:

«Аллаһу та'аланың тағдырынан тағы да Оның тағдырына қашайық, қалаға кірмейік. Араларыңнан біреуіңнің жайлауы мен тақыр тастақ жері болса, отарын қайбіріне жіберсе де, Аллаһу та'аланың тағдырымен жіберген болады» деді.

Кейін Абдуррахман бин Ауф хазреттерін шақырып «Сен не дейсің?» деп сұрады. Хазреті Абдуррахман: «Расулуллаһтан естідім. «Оба болған жерге бармаңдар және оба болған жерден басқа жерге кетпеңдер, ол жақтан қашпаңдар!» деген еді» деп жауаптады. Сонда хазреті Омар: «Әлхамдулиллаһ, менің сөзім хадис шәрифке сай болды» деп, Шам қаласына кірмеді.

(Оба және осыған ұқсас жұқпалы аурулар (эпидемия) болған жерден сыртқа шығуға тыйым салынуының себебі – сау адамдар шықса, ауруларға қарайтын ешкім қалмайды, опат болады. Жұқпалы ауру бар жерде ауадағы вирус бәрінің ағзасына кірсе, қашқандар аурудан құтыла алмайды және ауруды басқа жерге алып барған болады, осылайша бәрін жұқтырады.)