12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Насихат дүниелік үшін болмайды

Насихат дүниелік үшін болмайды

Сұрақ: Діни тақырыптарды үйрету, діни уағыз бен насихатты ақыға, жеке пайда үшін айту діни тұрғыдан дұрыс па?

Жауап: Дүниелік алу үшін дінін беру ақылды кісінің ісі емес. Діни білімдерді және барлық ғибадаттарды Аллаһ  разылығы үшін емес, мал-мүлік, абырой, атақ-даңқ табу үшін жасаған адам шын мәнінде нағыз, жетілген мұсылман емес деген сөз. Өйткені, білім мен амал Аллаһу та'аланың разылығын, Оның сүйіспеншілігін алу үшін болуы қажет. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Дүниелікке қолжеткізу үшін білім үйренген адам дүниеде мал-мүлік пен абыройға қолжеткізеді. Ахиреттегі табысы – тек тозақ оты ғана болады.»

Имам Әузаи хазреттері насихат сұраған Халифа Жапарға былай деді:

«Жәбрейіл алейһиссалам бір күні пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді. Расулуллаһ Жәбрейіл періштеге:

- Йа, Жәбрейіл! Маған тозақ туралы айтып бер, - деді. Жәбрейіл періште:

- Аллаһу та'ала тозаққа әмір етті. Мың жыл жақсылап қызарғанша жанды. Одан кейін мың жыл тағы жанды, сап-сары болды. Мың жыл тағы жанып, қап-қара болды. Сондықтан тозақ қою және қара. Алауы және күлі жарқырап жанбайды. Сені пайғамбар қылып жіберген Аллаһу та'алаға ант етемін, тозақ киімдерінің бірі дүниедегілерге көрсетілгенде, бәрі өлер еді. Егер тозақтың ішімдіктерінің бірі дүниенің суына тамса, оның дәмін татқан бәрі өлер еді. Егер Аллаһу та'ала хабарлаған шынжыр дүниедегі таулардың үстіне бір аршын (ұзындық өлшемі) қойылса, бүкіл таулар балқып кетер еді. Бір адам тозаққа кіріп шықса, жер жүзіндегі барша адамзат оның иісінен өлер еді, - деді.

Мұның бәрін естіген сүйікті пайғамбарымыз жылап жіберді, Жәбрейіл алейһиссалам да жылады да:

- Йа, Мұхаммед! Сен де жылайсың ба, Аллаһу та'ала сені күнәдан сақтады ғой, - деп сұрады. Расулуллаһ алейһиссалам:

- Аллаһу та'алаға шүкір етуші құл болмаймын ба? – деді.

Ей мүминдердің әмірі! Ең үстем нәрсе – тақуалық. Өйткені, кімде-кім Аллаһу та'алаға бағыну үшін абырой сұраса, Аллаһу та'ала оны көтереді. Кімде-кім абыройды күнә істеу үшін сұраса, Аллаһу та'ала оны төмен қылады.»

Халифа бұл насихатқа алғыс ретінде Имам Әузаи хазретіне сыйлықтар бермекші болды, бірақ ол сыйлықтардың ешқайсысын қабылдамастан:

«Маған бұлардың ешқайсысы қажет емес. Мен бұл насихатты дүниелік үшін айтпадым» деді.