26 - Шәууал, 1445 жыл.
     5 - Мамыр, 2024 жыл.   


БІРІНШІ БӨЛІМ

Мұхаммед алейһиссалам туылғанға дейін орын алған және пайғамбарлығына сүйінші болған белгілер:

• Ирбаз бин Сарияның (радиаллаһу та'ала анһ) риуаяты бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген: «Адам алейһиссаламның денесі топырақ күйінде және әлі рух берілмей тұрған кезінде Аллаһу та'аланың дәргейінде менің атым «Хатәм-ун-нәбийин» [пайғамбарлардың соңғысы] деп жазылған еді. Сендерге жағдайымның бастамасы туралы айтып берейін» деп былай деді: «Хазреті Ибраһим алейһиссалам былай дұға еткен: [«Бақара» сүресінің 129-шы аятында]: «Йа, Раббым! Оларға сенің аяттарыңды оқитын расул жібер». Иса алейһиссалам да былай сүйіншілеген: [«Саф» сүресінің 6-шы аятында]: «Ей, Исраил ұлдары! Мен сендерге Аллаһтың пайғамбарымын. Тәураттың растаушысы және менен кейін келетін пайғамбардың сүйіншілеушісі ретінде келдім, ол пайғамбардың есімі – «Ахмед»...».

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тағы былай деген: «Анам Әмина өзінен жарқырап шыққан нұрдың шығысқа және батысқа тарағанын көрді. Ол нұрдың жарығынан Шамның зәулім сарайлары мен ғимараттары көрінді».

• Тәураттың алғашқы аяты: «Аллаһу та'ала әуелі ғажайып зат жаратты. Кейін аспандарды, содан соң жерді жаратты». Бұл аятта өткен «Уәһим» сөзі «үлкен құрмет иесі» мағынасында айтылып, «Мұхаммед алейһиссаламның рухы» дегенді білдіреді. Расында хадис шәрифте былай делінген: «Аллаһу та'аланың ең алғаш жаратқан нәрсесі – менің рухым немесе нұрым». Егер яһудилер «Бұл сөздің мағынасы неліктен Мұхаммед алейһиссаламның рухы болмақ?» дейтін болса, оларға жауап ретінде айтарымыз, сендер әріптер арқылы есеп жасауға сенесіңдер. Өйткені Тәураттың бір аятындағы «бәзат» сөзінің төрт жүз он деген санды білдіретінін айтасыңдар. Сол есепке сүйеніп «Сүлейман алейһиссалам Бәйт-и муқаддасты соққаннан төрт жүз он жылдан өткенде құлайды» дегендерің рас шықты. Мұның басқа да көптеген мысалдары бар. Риуаят етілуі бойынша, Мұхаммед алейһиссаламға яһуди ғалымдарының бір тобы келіп: «Ей, Мұхаммед! Естуімізше саған «Әлиф ләм мим» деген аят келіпті. Бұл сенің үмбетіңнің жетпіс бір жыл бойы билік жүргізетініне ишара» деді. Мұны естіген Мұхаммед алейһиссалам: «Маған тек «Әлиф ләм мим» ғана келмеді. Тағы «Ха мим айн син қаф», «Қаф ха йа айн сад», «Әлиф ләм ра», «Әлиф ләм мим сад» деген аяти карималар да келді» деп жауап берді. Яһуди ғалымдары бұл жауапқа «Ойбай, онда жағдайымыз қиындады, ей, Мұхаммед алейһиссалам» деп кетіп қалды.

Тәураттың алғашқы аятында өткен «Әл-уәһим» сөзі әріп есебімен санағанда тоқсан екі шыққанын көрдік. Бұл сан «Мұхаммед» есіміне сай.

Сонда да қарсылық білдіріп: ««Әл-уәһим» сөзі Тәураттың алғашқы аятында өткен ғажайып зат сөзінің толықтауышы емес, бастауышы. Яғни ғажайып зат жаратушы, жаратылушы емес» десе, екі түрлі жауап береміз. Біріншісі, сөйлемде өткен «Аспандарды жаратты» тіркесінің ғажайып затқа байланыстырылуы қате болады. Екіншісі, жарату етістігінің атқарушысы ішінде жасырулы. Яғни жаратқан – Аллаһу та'ала. Расында Тәуратта бұл тіркестің бірнеше қатар астында анық түрде «Аллаһу та'ала бір ғажайып затты, аспандарды және жерлерді жаратты. Аллаһ ең жақсы білуші және ең жақсы билік иесі» деп жазылған.

• Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығына әуелден сүйіншілеген хабарлардың бірі мынадай: Тәураттың бесінші бөлімінің екінші бабында яһуди ғалымдарынан жетпіс адам дұрыстығына бір ауыздан келіскен аятта екі жақтан Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығына дәлел бар. Бұл аяттың мағынасы мынадай: «Ей, Мұса! Міндетті түрде Бәни Исраилдың бауырларының ұлдарынан сендей пайғамбар жіберемін. Кәламымды оның сөзімен жеткіземін. Ол пайғамбар әмірлерімді қауымына хабарлайды. Қабыл етпегендерінен әлбетте кек аламын». Мұндағы дәлелдердің бірі мынадай: Исраил – Яқуб алейһиссаламның есімі. Бәни Исраил – оның қауымының атауы. Яһуб алейһиссаламның әкесі – Исхақ алейһиссалам. Ал Исхақ алейһиссаламның бауыры – Исмаил алейһиссалам. Бәни Исраилдың бауырларының ұлдары – көкелерінің ұлдары деген сөз. Мұса алейһиссаламнан кейін Исмаил алейһиссаламның ұрпағынан тек қана Мұхаммед алейһиссалам пайғамбар болып келген. Екінші тарапынан болса, аяти каримада өткен «Сендей» сөзі «пайғамбарлық тұрғысынан» деген мағынада айтылған. «Барлық сипаттарда» деген сөз емес. Расында Тәуратта бұл аяттың алдындағы және кейінгі аяттарды осы мағынаны негізге алып, Бәни Исраилдың бауырларының ұлдарынан, яғни Исмаил алейһиссалам ұрпағынан келген пайғамбардың улул-азм, дін және кітап иесі екендігі хабарлануда. Мұса алейһиссаламнан кейін осы сипатта тек қана Мұхаммед алейһиссалам келген. Ол пайғамбар яһуди ғалымдары ойлағандай Юша бин Нун бола алмайды. Өйткені ол Бәни Исраил қауымынан болып, жеке дін алып келмеген. Сонымен қатар Насрани патриархтары ойлағандай Мұса алейһиссаламнан кейін келген дін иесі пайғамбар Иса алейһиссалам да емес. Ол да Исраил ұлдарынан шыққан және дін иесі емес. Расында Інжілде Иса алейһиссаламның «Мен Мұсаның (алейһиссалам) дінін өзгерту үшін емес, толықтыру үшін келдім» дегендігі жазылған.

 • Тәуратта былай жазылған: Яқуб алейһиссалам қауымының жиналуына бұйрық беріп, оларға ақыр заманда келетін пайғамбар туралы былай хабар берді: «Патшаның билігі және суретшінің суреті тек қана барлық тайпалар мен жамағаттар оның айналасына жиналатын адам келген кезде үкімін жояды». Яқуб алейһиссалам қауымына айтқан «Патша» сөзімен дін және билік иесі Мұса алейһиссаламды, «Суретші» сөзімен Оның дінін толықтырған Иса алейһиссаламды меңзеген. Хазреті Мұса мен хазреті Исадан (алейһимассалам) кейін айналасына бүкіл адамдар жиналған дін иесі пайғамбар күмәнсіз біздің пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам болды. Ол тек бір қауымға ғана емес, барша адамзатқа жіберілді. Одан басқа барша адамзатқа жіберілген пайғамбар болмады.

• Тәуратта хазреті Ибраһимға (алейһиссалам) қарата былай айтылған: «Мен сенің дұғаңды Исмаил алейһиссалам үшін қабыл еттім. Исмаилды (алейһиссалам) Бәмадмадпен берекеттендірдім». «Бәмадмад» сөзіндегі әріптер есептелгенде «Мұхаммед» есіміндегі әріптердей тоқсан екі саны шығады. Олай болса Тәураттағы бұл аятта «Исмаилды (алейһиссалам) Мұхаммедпен (алейһиссалам) берекеттендірдім» деп айтылған. Аллаһу та'ала Тәуратта Исмаил алейһиссаламның берекеті туралы айтқан әрбір аятында үнемі «Бәмадмад» сөзіне сай қылған. Егер бұған қарсы шығып «Бәмадмад сөзіндегі «Бә» әрпі жалғау ретінде келтірілген, «-пен» деген мағынада. «Бә» әрпі сөздің түбіріндегі әріп емес, «Мадмадпен Исмаилды берекеттендірдім» дегенді білдіреді. Мадмад сөзінің әріп саны Мұхаммед сөзімен тең емес» делінсе, мұның жауабы мынадай: Ибрани тілінің ережесі бойынша екі бірдей әріп бір сөзде кездессе, бірі түбір, бірі қосымша болса, ол сөздің айтылуы қиын болғандықтан, қосымша болған әріп түсіп қалады. Яһуди ғалымдары Тәураттың тәфсирлерінде дәл осылай түсіндірме берген. Осы «Бәмадмад» сөзінде де «-пен» деген мағынаны беретін «бә» әрпі алынған, сөздің түбірі болған «бә» әрпі қалдырылған.

• Тәураттың соңғы аятында: «Аллаһу та'ала Синадан келді. Саирды абыройландырды, Фаран тауынан көрінді» делінген. Бұл жердегі «келу», «абыройландыру» және «көріну» – Аллаһу та'аланың затының емес, исми жамиінің (барлық есімдерінің мағынасын қамтитын есімінің) көрінісінің бірі. «Сина» сөзімен Мұса алейһиссаламның дәрежесі болған «Тур» тауы меңзелген. «Саир» – Шам тауларындағы жердің атауы. Ол дәрежеде Яқуб пайғамбардың (алейһиссалам) інісі Уәйс билік құрып, патша болған. Насара – оның ұрпағынан. «Фаран» сөзінің мәні – Меккедегі тау, ол Мұхаммед алейһиссаламның дәрежесі. Ол жер Исмаил алейһиссаламның да дәрежесі еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Исмаил алейһиссаламның ұрпағынан еді.

• Хайкук нәбидің (алейһиссалам) айтуынша, Тәуратта былай жазылған: «Аллаһу та'ала Фаран тауынан пайғамбар алып келеді. Аспандар Ахмед есімін ұлықтаумен толады. Оның үмбеті құрлықтағыдай теңізде де атқа мінеді. Ол жаңа кітаппен келеді. Бәйт-и муқаддас құлағаннан кейін аты әлемге танымал болады».

• Шу'я нәби (алейһиссалам) былай деген: «Бірі есек мінген, бірі түйе мінген екі адамды көрдім, олар жер жүзін жарықтандырып тұрған еді». Есек мінгені – Иса алейһиссалам. Ал түйе мінгені – біздің пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм). Ол тағы былай деді: «Мен түйеге мінген бір кісіні көрдім. Оның жүзі айдай жарқын». Хазреті Мұса Бәни Исраилге қалдырған өсиетінде: «Сендерге бауырларыңның ұрпағынан бір пайғамбар келеді. Оны мойындаңдар және айтқандарын тыңдаңдар» деді.

Ибн Аббастан (радиаллаһу анһума) былай риуаят етілген: «Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәуратта «Ахмед», «Дахуқ», «Қаттал», «түйеге мінуші» және «жүн шапан киген», «нан қоқымдарына қанағат еткен», «қылышы үнемі өзінде» дегендей есімдер және сипаттармен аталғандығы хабар берілген. «Дахуқ» сөзінің мағынасы – «күлімдеген, жылы жүзді, ештеңеге мұңаймайтын» деген сөз. Ол кейде мүбәрәк азу тістері көрінетіндей етіп күлетін. «Мен әзілдессем де шындықтан басқа ештеңе айтпаймын!» деген. Өтірік айтпай әзілдесетін еді. Бір күні бір кемпірге «Кемпірлер жәннатқа кірмейді» деді. Мұны естіген кемпір жылай бастады. Сонда: «Кемпірлер алдымен жасарады, кейін сол жас күйінде жәннатқа кіреді» деді. Осы мағынаға ишара ретінде Аллаһу та'ала [«Али Имран» сүресінің 159-шы аятында]: «Сен Аллаһтан жіберілген мейірімділіктің арқасында оларға (сахабаларыңа) жұмсақ мәміледе болдың. Егер дөрекі, қатал болғаныңда олар міндетті түрде сенің айналаңнан тарап кетер еді...» деді. «Қаттал» сөзінің мағынасы – «Аллаһу та'аланың дұшпандарымен соғысуға жан-тәнімен берілген». «Қылышы үнемі өзімен» дегені – «қылышын епті қолданатын және ержүрек, жалғыз өзі соғыса алады» деген сөз. Әмир-ул мүминин Әли (радиаллаһу анһ уә кәррәмаллаһу уәжһәһ) былай деген: «Біз соғыстың ең ауыр кезеңдерінде Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жақындап паналайтын едік. Бәрімізден бұрын жауға Ол жақындайтын».

• Зәбурда Дауд алейһиссаламның былай деп дұға еткендігі жазылған: «Йа, Раббым! Дінсіздік, надандық дәуірінен кейін сүннетті қайта жандандыратын дін иесі пайғамбар жібер». Дауд алейһиссаламнан және Тәуратта хабар берілген діннің жойылуынан кейін біздің пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламнан басқа пайғамбар келмеген. Иса алейһиссалам Тәураттың үкіміне сай және Мұса алейһиссаламның дінін жетілдіру үшін жіберілген.

• Имам Абдуррахман Жәузи (рахметуллаһи алейһ) «Китаб-ул-уәфа фи-фәдаилил-Мұстафа» атты кітабында жазғаны бойынша, Әбу Нуайм (рахметуллаһи алейһ) Са’д бин Абдуррахман Муғафиридің былай риуаят еткенін жеткізген: Бір күні Ка’бул Ахбар (радиаллаһу анһ) яһуди ғалымның жылап отырғанын көрді. «Неге жылап отырсың?» деп сұрады. Ол «Есіме бір нәрсе түсіп, сол себептен жылап отырмын» деп жауаптады. Сонда Ка’б (радиаллаһу анһ) «Қаласаң сені жылатқан себепті мен айтып берейін, сөзімді растап тұрсаң болды» деді, яһуди «Айт» дегеннен кейін айта бастады: «Мұса алейһиссалам Тәураттан оқып «Йа, Раббым! Мен мұнда бір үмбет көрдім, олар – үмбеттердің қайырлысы. Адамдарды иманға шақыру мақсатында әмри маруф және нәхий мүнкәр жасайды. Алғашқы және соңғы кітапқа сенеді. Адасқандарға қарсы жиһад етеді. Бір көзі соқыр Дәжжалмен соғысады. Оларды маған үмбет қыла көр» деді. Аллаһу та'ала: «Ей, Мұса! Олар Ахмедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үмбеті» деп жауап берді». Мұны естіген яһуди ғалым «Дұрыс айттың, ей, Ка’б» деп сөзін растады. Ка’б (радиаллаһу анһ) сөзін жалғастырып былай деді: «Мұса алейһиссалам Тәураттан оқып: «Йа, Раббым! Бір үмбет көрдім, олар көп шүкіршілік етеді және билік жүргізеді. Бір іс атқармақшы болғанда «иншаллаһ» дейді. Оларды маған үмбет қыла көр» деді. Аллаһу та'ала: «Ей, Мұса! Олар Ахмедтің (алейһиссалам) үмбеті» деп жауаптайды». Яһуди ғалым «Дұрыс айттың, ей, Ка’б» деді. Ка’б (радиаллаһу анһ) тағы былай жалғастырды: «Мұса алейһиссалам Тәуратқа қарап: «Йа, Раббым, мен мұнда бір үмбетті көріп тұрмын, олар жоғары шықса тәкбір айтады, төмен түссе хамд етеді. Оларға жер бетінің топырағы таза қылынды. Сол топырақпен нәжістен, хадестен, жүніптіктен сумен тазаланғандай тазаланады. Жер жүзі олардың мешіті. Яғни қай жерде қаласа сонда ғибадат етеді. Оларды маған үмбет ете көр» деп сұрады. Аллаһу та'ала: «Ей, Мұса! Олар Ахмедтің (алейһиссалам) үмбеті» деді». Яһуди ғалым «Дұрыс айтасың, ей, Ка’б» деді. Тағы жалғастырып: «Мұса алейһиссалам Тәураттан оқып: «Йа, Раббым! Бір үмбет көрдім, олар Аллаһтың қамқорлығына бөленген әлсіз адамдар. Олар Аллаһтың кітабына мирасқор және таңдаулы адамдар. Аллаһу та'ала [«Фатыр» сүресінің 32-ші аятында]: «...Олардың кейбірі өз-өздеріне зұлымдық етуші, кейбірі жамандық пен жақсылықта тең болған, кейбірі Аллаһтың рұқсатымен қайырымдылықта бәрін озып өткен. Міне осы «Құранға мирасқор болу» – үлкен сый» деді. Олардан мейірім көрсетілмеген ешкімді көрмедім. Оларды маған үмбет ете көр» деді. Аллаһу та'ала: «Олар Ахмедтің үмбеті» деді». Яһуди Ка’бқа (радиаллаһу анһ): «Дұрыс айттың» деді. Тағы былай жалғастырды: «Мұса алейһиссалам Тәураттан көріп: «Йа, Раббым, мен мұнда бір үмбетті көрдім, олардың кітаптары (Құран) жүректерінде. Намаз оқығанда періштелердей сапқа тұрады. Мешіттерінде дауыстары бал арасының ызыңындай естіледі. Олардың өте азы ғана тозаққа түседі. Оларды маған үмбет қыла көр» дегенде Аллаһу та'ала: «Ей, Мұса (алейһиссалам), олар Ахмедтің (алейһиссалам) үмбеті» деді». Яһуди ғалым «Дұрыс айттың, ей, Ка’б» деді. Мұса алейһиссалам Мұхаммед алейһиссаламның үмбетіне берген қайырларды және ерекшеліктерді көргенде Оның үмбетінен болуды қалады. Аллаһу та'ала Мұса алейһиссаламға мына үш аятты көрсетіп жұбатты: Біріншісі [«Араф» сүресінің 144-ші аятында]: «Ей, Мұса, мен (сені) пайғамбар қылып жіберумен және (сенімен арашысыз) сөйлесумен, заманыңның адамдарына сені таңдап басшы қылдым. Енді саған берген мына бұйрықтарым мен тыйымдарымды қабылдап, шүкіршілік етушілерден бол», екіншісі [«Араф» сүресінің 145-ші аятында]: «Біз Мұсаға Тәураттың беттерінде барлығын жаздық: Насихаттарға және діни үкімдердің түсіндірмесіне қатысты барлық нәрсені...», үшіншісі [«Араф» сүресінің 159-шы аятында]: «Мұсаның қауымында адамдарды тура жолға алып баратын және хақ пен әділеттік құратын қоғам бар еді» делінген.

Осы баяндалғандар Расулуллаһ тарапынан да айтылғандығы хадис шәриф кітаптарында бар. Түсіндірмелері сол кітаптарда жазулы.

• Тағы да Абдуррахман Жәузи (рахметуллаһи алейһ) Ибн Омардың (радиаллаһу анһума) былай риуаят еткенін хабар берді. Ка’б (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір адам маған түсінде «Адамдардың махшар күні есепке тартылуға жиналғандарын көрдім» деді де былай баяндады: «Пайғамбарлар (алейһимуссалам) шақырылды. Әрқайсысы үмбетімен бірге келді. Әрқайсысының екі нұры бар еді. Ал әрбір үмбетінде бір-бір нұрдан бар және сол нұрдың жарығымен жүрген еді. Кейін Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шақырылды. Оның басындағы және сақалындағы қылдарының санындай нұрлары бар еді. Оған ергендерде екі-екіден нұр бар еді. Сол екі нұрдың жарығында олар жүгіріп жүрді». Ка’б (радиаллаһу анһ): «Мен ол кісінің айтып бергендерін түсі емес деп ойладым да, «Бұларды саған кім айтып берді?» деп сұрадым. Ол «Түсімде көрдім» деді. «Түсіңде көрдің бе?» деп сұрағанымда «Иә» деді. Мұны естіген Ка’б (радиаллаһу анһ): «Нәпсім құдіретінде болған Аллаһ хаққы үшін бұлардың бәрі дұрыс. Ол Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінің және пайғамбарлардың үмбеттерінің сипаттары. Мен бұларды Тәураттан үнемі оқып тұратынмын» деді».

• Тағы да Абдуррахман Жәузи жеткізген: Нәмлә (радиаллаһу анһ) әкесі Әбу Нәмләден былай риуаят етті: «Бәни Қурайза яһудилері Мұхаммед алейһиссалам келуден бұрын Оның сипаттарын өз кітаптарынан дәріс ретінде оқытатын еді. Балаларына Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сипаттарын, есімдерін және Мәдинаға хижрет ететінін үнемі айтып үйрететін еді. Мұхаммед алейһиссаламға пайғамбарлығы білдірілгенде және Мәдинаға хижрет еткенінде олар көре алмай қарсы шықты».

• Абдуррахман Жәузи былай жазған: Әбу Саид Худри (радиаллаһу анһ) әкесі Әбу Малик бин Синанның былай дегенін риуаят еткен: «Бір күні арамыздағы соғыстың себебімен бейбіт келісімге келу үшін Бәни Абдуләшһәл тайпасына бардым. Яһуди Юша: «Ахмед есімді пайғамбардың Меккеден шығатын уақыты жақындады» деген еді. Халифа бин Саләбә әл-Әшһәли оны мазақтап: «Ол пайғамбардың қандай сипаты бар?» деп сұрады. Ол былай айтып берді: «Бойы қысқа да, ұзын да емес. Көздері қызарып жүреді. Жүн шапан киеді, есекке мінеді. Бұл аймақ (Мәдина қаласы) Оның хижрет ететін жері болады».

Әбу Малик бұл сөздерге таңқалып, өз тайпасындағы Әбу Худриге осыларды айтып берді. Араларынан біреу бұл сөздерді естігенде «Тек яһуди Юша ғана емес, Мәдинаның бүкіл яһудилері дәл осыларды айтып жүр» деді. Әбу Малик сөзін былай жалғастырды: «Бәни Қурайза тайпасының яһудилеріне бардым. Олар да Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шығуы туралы өз араларында сөйлесіп тұрған еді. Зубәйр бин Бата: «Тағы бір қызыл жұлдыз туды. Ол тек пайғамбардың келетіндігіне ишара ретінде ғана туады. Пайғамбарлардан Ахмед есімді пайғамбардан басқа келмегендері қалмады. Бұл аймақ (Мәдина) – Оның хижрет ететін жері болады» деген еді. Әбу Саид былай деген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға хижрет еткенде әкем бұл хабарды Расулуллаһқа айтты. Бұларды естігеннен кейін Ол: «Егер Зубәйр, екі досы және басшылары мұсылман болғанда, бүкіл яһудилер мұсылман болар еді» деді».

• Абдуррахман Жәузи Ибн Аббастың (радиаллаһу анһума) былай дегенін жазған: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жіберілуінен бұрын яһудилер арабтардың «Әус» және «Хазреж» тайпаларына қарсы Құдайдан көмек келетінін күтетін. «Ол пайғамбардың келетін уақыты өте жақын. Ол келгенде біздің өшімізді сендерден алады» дейтін. Аллаһу та'ала Мұхаммед алейһиссаламға пайғамбарлығын білдіргенде яһудилер Оны қабылдамай, сөздеріне қарсы шықты. Осыған орай Муаз бин Жәбәл және Бәшир бин Бәрар (радиаллаһу анһума) оларға: «Ей, яһудилер! Аллаһтан қорқыңдар, мұсылман болыңдар. Сендер бізге хазреті Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келуімен көмек келетіндігін айтатын едіңдер. Ол кезде біз мүшрик едік. Ол пайғамбар жақында келеді деп сипаттарын айтатын едіңдер» деді. Яһудилерден Сәлам бин Мәшкәк: «Біздің сендерге сипаттаған пайғамбарымыз ол емес. Біз білетін белгілер онда жоқ» деп жауап берді. Бүкіл білетін белгілерін көре тұра жоққа шығарды. Осыған орай Аллаһу та'ала олар туралы [«Бақара» сүресінің 89-шы аятында]: «Оларға Аллаһу та'ала тарапынан Тәураттарын, тәуһидті [Құдайдың бірлігін], пайғамбарлықты және қайта тірілуді растайтын Құран кәрім келді, олар оны мойындамады және сенбеді. Сонымен қатар одан бұрын араб мүшриктеріне қарсы яһудилер қиын жағдайда қалғанда «Тәуратта сипатталған ақыр заман пайғамбары келіп, бұл мүшриктерге қарсы бізге көмектессін» деп дұға ететін. Сол Тәуратта сипатталған пайғамбар келген кезде «Ол Исраил ұлдарынан емес, Исмаил ұрпағынан» деп сенбеді. Бұдан былай Аллаһтың лағнеті сол кәпірлерге жауады» деген.

• Абдуррахман Жәузи тағы Қатаданың (радиаллаһу анһ) былай дегенін жазған: «Яһудилер хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арқылы мүшрик арабтарға қарсы Құдайдан көмек келетінін күтіп, былай дұға ететін: «Йа, Рабби! Тәуратта біз келетіндігін және сипаттарын оқыған үмми пайғамбарды жібер. Араб мүшриктерін жазалап өлтірсін». Мұхаммед алейһиссалам келгенде Оның яһуди болмағанын көріп, көре алмай, қабылдамай қойды да, кәпір болды».

• Інжілде Иса алейһиссаламның былай дегендігі жазылған: «Мен менің және сендердің Раббыларың тарапына кетушімін. «Гар Клита» есімді бір пайғамбар келіп, сендерге бәрін хабар береді. Мен оның хақ пайғамбар екендігін растағанымдай, ол да менің хақ пайғамбар екендігімді растайды». «Гар Клита» [Параклит] есімімен Ол біздің пайғамбарымызды меңзеген. Бұл есім «Ахмед» есімінің мағынасына жақын есім. Хазреті Исаның хауарилерінің бірі Юханна (Иоанн) былай деген: «Иса алейһиссалам маған өзінен кейін келетін пайғамбар Мұхаммед-ул Арабиді сүйіншілеп хабарлады. Мен бұл сүйінші хабарды хауарилерге жеткіздім, барлығы иман келтірді».

• Абдуллаһ бин Амр ибн Ас (радиаллаһу анһума) айтқан: Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұрынғы кітаптарда сипаты былай жазылған: «Тәуекел иесі, жамандық пен дөрекіліктен аулақ, көшеде айқайлап жүрмейтін, жамандыққа жамандықпен жауап бермейтін, кешіруші, жаман әдеттерді түзетуші, Аллаһу та'аладан басқа құдай жоқ екендігін растаушы».

• Ата бин Ясар Абдуллаһ бин Амр ибн Астан пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәуратта қалай сипатталғанын сұраған кезде «Құран кәрімде жазылғандай сипатталған» деді. Аллаһу та'ала [«Ахзаб» сүресінің 45-ші аятында]: «...Сені куә, сүйіншілеуші және ескертуші ретінде жібердік» деді.

• Жүбәйр бин Мутсим (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығын баршаға жариялаған кезде Құрайш тайпасы Оған қорлық көрсете бастады. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қысқа уақытта өлтіреді деп ойладым. Дереу Меккеден кетіп, Шам жаққа бардым. Бір шіркеуге кірдім. Сол жердің монахы айналасындағы адамдарына мені қонақ ретінде қабылдауын бұйырды. Үш күннен кейін дінбасыларына менің әлі кетпегенімді хабарлады. Сонда монах мені шақырып алып «Сен Меккеліксің бе?» деп сұрады. Мен «Иә, сол жерден келдім» деп жауап бердім. Ол «Сен ол жақта өзін пайғамбар деп жариялаған кісіні танисың ба?» деп сұрады. «Иә, танимын» дегенімде қолымнан ұстап, мені бір бөлмеге алып барды. Ол шіркеудің қабырғаларында өте көп адамдардың суреттері бар еді. «Бұлардың арасында сол пайғамбардың суреті бар ма?» деп сұрады. Қарап шықтым да «Жоқ» деп жауаптадым. Мені одан үлкенірек бөлмеге алып барды. Ол жақта одан да көп суреттер бар еді. «Мына суреттерге қара, Оның бейнесін осы суреттердің арасынан көресің» деді. Қарап шықтым, шынымен де Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) суреті, ал қасында хазреті Әбу Бәкірдің суреті бар еді. Бірақ ішімнен «Қайсы екенін көрсетпейін, монах өзі таба алады ма екен» деп ойлап қолыммен көрсетпедім. Сонда монах өзі қолымен сілтеп «Мына сурет пе?» деп сұрады. Мен «Иә, Аллаһ хаққы үшін куәлік етемін, Ол» дедім. Монах «Мен де куәлік етемін, ол сендердің пайғамбарларың» деді. Кейін қасындағы хазреті Әбу Бәкірдің суретін көрсетіп «Бұл кісі Оның халифасы болады» деді. Мен өмірімде осыншалықты ұқсайтын сурет көрмеген едім. Монах маған «Сен Оны өлтіреді деп қорқып жатырсың» деді. Мен «Оны өлтіріп қойған шығар деп ойлаймын» дедім. Сонда монах «Уаллаһи Оны ешкім өлтіре алмайды. Ол оны өлтірмекші болғандарды өлтіреді. Аллаһу та'ала Оны дұшпандарына қарсы міндетті түрде жеңіске жеткізеді» деді.

• Хишам бин Ас (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Әмир ул мүминин Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) халифа кезінде досым екеуімізді Рұм императоры Гераклға жіберіп, оны исламға шақыруымызды бұйырды. Біз Гераклдың әкімдерінің бірі Жәбәли Ғассани тұрақтаған Гавта қаласына бардық. Әкіммен кездеспекші болдық. Біреу арқылы кездескіміз келетінін айтып жібердік. Әкім де бізге біреуді жіберіп, «Не айтқысы келсе, сен арқылы айтып жіберсін» деген екен. Біз «Әкімнің жеке өзіне айтамыз» дедік. Содан кейін ол бізді әкіммен жолықтырды. Әкім «Не үшін келдіңдер, не айтасыңдар?» деп сұрады. Хишам бин Ас (радиаллаһу анһ) араларында өткен диалогты былай жеткізді: «Сіздерді ислам дініне шақыру үшін келдік» дедім. Әкім толық қара киініп алған еді. Неліктен қара киім кигенін сұрадым. «Мұсылмандарды Дамасктан қуып шыққанға дейін қара киемін деп ант еткенмін» деді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сіздердің қазір тұрақтаған жерлеріңді біздің алатынымызды хабарлағанын айттым. Әкім «Сендер бұл жерді алып қоятындай күндіз ораза ұстап, түнде тамақтанатын қауым емессіңдер ғой» деді де, бізден ораза туралы сұрады. Біз күндіз ораза ұстайтынымызды, күн батқанда тамақтанатынымызды айтып, қалай ораза ұстайтынымызды түсіндірдік. Бұларды естігеннен кейін әкімнің реңі қарайып кетті. Кейін қасымызға бір адам қосып, Гераклға жіберді. Геракл тұрақтаған қалаға жақындағанда бізге қосылған адам «Сіздер түйе мінген күйде қалаға кіре алмайсыздар, сіздерді басқа көлікке отырғызамын» деді. Біз «Өз түйемізден басқа жануарға мінбейміз» дедік. Мән-жайды Гераклға хабарлағаннан кейін біз өз түйемізді мініп, қылыштарымызды асынған күйде қалаға кірдік. Гераклдың сарайының алдына бардық. Геракл терезесінен бізге қарап тұрған еді. Жүктерімізді жерге түсірдік. «Лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар» дедік. Геракл терезесінен қарап тұрған жері құрманың бұтағындай шайқалды. Бізге бір адамы арқылы «Діндерін бізге дереу уағыздамасын» деген хабар жолдады. Кейін бізді сарайдың ішіне кіргізді. Ішке кіргенімізде Геракл тағына отырды. Ол қызыл киім киген еді. Барлық заттары да қып-қызыл еді. Рұм патриархтары сол жерге жиналған екен. Патшаға жақындадық. Бізге «Неліктен өз араларыңда сәлемдескендей бізге сәлем бермедіңдер?» деп сұрады. Сонда «Біз сіздермен мұсылманша сәлеммен сәлемдеспейміз әрі өз арамызда да сіздердің әдеттеріңіз бойынша сәлемдеспейміз» дедік. «Өзара қалай сәлемдесесіңдер?» деген сұрағына «Әссәләму алейкум» деп сәлемдесетінімізді айттық. «Үлкендеріңмен қалай сәлемдесесіңдер?» деп сұрап еді, дәл осылай сәлемдесетінімізді айттық. Кейін «Сендердің ең ұлы сөздерің қандай?» деп сұрады. «Лә илаһа иллаллаһ уаллаһу әкбар» деп жауап бердік. Бұл кезде тұрған бөлмеміз тағы сілкінді. Патша басын көтеріп, жоғары қарағанында басы да шайқалып тұрды. Бізге қарап: «Сендер осы сөзді үлкендеріңнің қасында айтқан кезде де тұрған жерлерің осылай сілкінеді ме?» деп сұрады. «Жоқ. Біз мұндай сілкіністі осында ғана енді көріп тұрмыз» деп жауаптадық. Патша «Қап, қай жерде айтсақ сол жерлер де сілкінеді дегендеріңде ғой» деді. «Неге олай дедіңіз?» деп едік, «Өйткені солай болғанда бұл сілкініс пайғамбарлықтың белгісі болмас еді. Тек сиқыр және көз бояушылық болар еді» деді.

Кейін бізге өзін қызықтырған барлық сұрақтарын қойды, бәріне жауап бердік. Дәретімізді, намазымызды сұрады, жауабын бердік. Содан соң бізді жайлы жерге жайғастырды. Ол жерде үш күн қонақ болдық. Бір күні түнде бізді шақырды. Алдында сұрағандарын қайта сұрап шықты. Бәрін қайта жауаптадық. Кейін қызметшілеріне қолымен бір белгі беріп еді, олар бір сандық алып келді. Сандықтың төрт жағы алтынмен қапталып әшекейленген, ішінде ескірген көп бөлімдері бар еді. Әр бөлімнің бөлек қақпағы және кілті бар еді. Бір бөлімін ашып, ішінен қара түсті жібек мата шығарды. Бұл жібек матаға адамның суреті салынған еді. Қызғылт реңді, үлкен көзді, күлімдеген жүзді, ұзын бойлы және қара киімді адам, бірақ сақалы жоқ еді. Ондай адамды бұған дейін көрмеген едік. «Мына адамды танисыңдар ма, бұл кім?» деп сұрады. Біз танымайтынымызды айтқанымызда «Бұл Адам пайғамбардың (алейһиссалам) бейнесі» деді. Кейін сандықтың басқа бөлімін ашты. Тағы қара түсті жібек мата шығарды. Бетінде бір адамның бейнесі бар еді. Ақ реңді, бұйра шашты, қызыл көзді, басы үлкен және сақалы әдемі еді. «Бұл адамды танисыңдар ма?» деп сұрады. «Жоқ, танымаймыз» деп едік, «Бұл Нұх пайғамбар (алейһиссалам)» деді. Кейін сандықтан тағы бір бөлім ашып, тағы қара жібек мата шығарды. Оның бетінде де бір адамның суреті бар еді. Реңі аппақ, маңдайы ашық, әдемі көзді, ақ жүзді, ақ сақалды және жанды күлімсіреп тұрғандай көрінді. «Мына адамды таныдыңдар ма?» деп сұрады, «Жоқ» дедік. «Бұл Ибраһим пайғамбар (алейһиссалам)» деді. Кейін тағы бір сурет шығарды, ол ақ реңді еді. Геракл бізден «Таныдыңдар ма?» деп сұрады. Ол біздің пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) еді. Бірден таныдық та, «Иә, уаллаһи ол біздің пайғамбарымыз» деп, сағыныштан көз жасымызды ұстай алмадық. Патша орнынан бір тұрып отырды да, «Аллаһ хаққы үшін ол сендердің пайғамбарларың» деді. Біз «Иә, бұл біздің пайғамбарымыздың суреті, оны жанды көргендей болдық» дестік. Кейін патша бізге мұқият қарап, «Негізі бұл сурет сандықтың ең соңғы бөлімінде орналасқан еді. Сендерді не істейді екен деп тезірек көрсетейін дедім» деді. Кейін сандықтың басқа бөлімдерін жеке-жеке ашты. Әрбірінде бір пайғамбардың суреті бар еді. Ең соңында бір жігіттің суретін шығарды. Қара сақалды, нұрлы жүзді, әдемі көзді еді. «Танисыңдар ма?» деп сұрады, біз «Жоқ танымаймыз» дедік. Геракл: «Бұл Иса бин Мәриәм (алейһиссалам)» деді.

Гераклдан «Бұларды қайдан алдыңыз? Бұл суреттер пайғамбарлардың шынайы бейнесімен бірдей ғой. Өйткені біздің пайғамбарымыздың суреті дәл өзіндей шықты» дедік. Ол: «Адам алейһиссалам өз ұрпағынан қанша пайғамбар келсе, бәрінің бейнесін көруді Аллаһу та'аладан тіледі. Аллаһу та'ала олардың суреттерін жіберді. Суреттер Адам алейһиссаламның қазынасында сақтаулы еді. Зүлқарнайн ол суреттерді батыс жақтағы бір елден тауып алып, Даниял алейһиссаламға берді. Даниял алейһиссалам ол суреттерді жібек маталардың бетіне түсірді. Мына суреттер – әлгі Даниял пайғамбар салған суреттердің өзі» деді. Геракл осыларды айтқаннан соң: «Бар мүлкімді тастап, сендермен бірге өлгенге дейін қызметшілерің болуды қалар едім» деді. Кейін бізге жақсы сыйлықтар беріп, отанымызға жіберді. Әмир-ул-мүминин Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) алдына барып, бар болғанды айтып бердік. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) жылады да, «Егер Аллаһу та'ала оған жақсылық пен қайыр нәсіп еткенде ол айтқанын әлбетте істейтін еді» деді. Кейін былай деді: «Насара мен яһудилердің Тәурат пен Інжілде Расулуллаһтың сипаттарын оқығандығын Расулуллаһ (алейһиссалам) хабар берді. Бұл туралы Аллаһу та'ала [«Араф» сүресінің 157-ші аятында]: «Қолдарындағы Тәурат пен Інжілдерінде жазылып тұрғанын көрген сол үмми пайғамбарға ерушілерге ол пайғамбар жақсылықты бұйырып, оларды жамандықтан тыяды...» деді».

• Александрияда (Мысыр) бір тас табылды. Бетінде былай жазылған еді: «Мен Шәддад бин Адпын. Теңізде бір қазына қалдырдым. Оны тек қана Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үмбеті шығарады».

• Шайх Мухийддин Араби (қуддиса сиррух) «Футухат-и Мәккия» атты кітабының соңында Әбул Аббас Жафар бин Мұхаммед Хулдидің былай айтып бергенін жазған: «Хазреті Жүнәйдпен (қуддиса сиррух) бірге Хижазға аттанған едік. «Тур» тауына жеткенде хазреті Жүнәйд тауға шықты. Біз онымен бірге шықтық. Мұса алейһиссалам тұрған жерде тұрды. Бізді сол жердің сұсы басты. Қасымызда бір кісі бар еді, хазреті Жүнәйд оған «Өлең оқы» деді, ол мына өлең шумақтарын оқи бастады:

Ғашықтық кемелге жеткеннен кейін,

Көзге шағысқан найзағай жарқ етті.

Өлеңді соңына дейін оқып бітірді. Сонда хазреті Жүнәйд тәуажудті (еріксіз билегендей шайқалып сима етуді) бастады. Біз де оған қосылдық. Аспандамыз ба, жердеміз бе, қайда екенімізді ұмытып, есімізді жоғалттық. Тұрған жеріміздің маңында бір шіркеу бар екен. Шіркеудегі монах бізге «Ей, Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үмбеті! Маған жауап беріңдер!» деп айқайлады. Біз (сима нәтижесінде) сондай рахат жағдайға түстік, ешбіріміз оған қарамадық. Монах қайтадан айқайлап, «Пәк діндерің үшін жауап беріңдер» деді. Тағы да ешкім оған жауап бермеді. Үшінші рет айқайлап «Құдайларыңның хаққы үшін жауап беріңдер» деді. Сима барысындағы рахаттықтан есіміз жоғалғандықтан арамыздан ешкім оған жауап бермеді. Сима халі біткен соң Жүнәйд Бағдади хазрет Тур тауынан төмен түспекші болды. Оған шіркеудегі монахтың «Маған жауап беріңдер» деп ант етіп сұрап жатқанын айттық. Сонда ол «Олай болса онымен сөйлесейік. Бәлкім Аллаһу та'ала оған хидаят беріп, мұсылман болар» деді. Біз монахты шақырдық. Қасымызға келіп сәлем берді. Кейін бізге «Араларыңда қайбірің ұстаз?» деп сұрады. Хазреті Жүнәйд: «Бұлардың бәрі ұстаз» деп жауап берді. Монах «Араларыңдағы біреуі міндетті түрде ұстаз болуы керек» деді. Біз Жүнәйд хазретті көрсетіп, «Ұстазымыз осы кісі» дестік. Монах Жүнәйд хазретіне «Мына жасаған амалдарың (сима) діндеріңде жалпылама баршаға тән бе, әлде жеке өздеріңе ғана тән бе?» деп сұрады. Хазреті Жүнәйд «Жеке өзімізге тән» деп жауаптады. «Қандай ниетпен сима етесіңдер?» деп сұрағанда «Үміт пен рахаттық үшін жасаймыз» деді. Қандай ниетпен сайха (дауыстап зікір) жасайсыңдар?» деп сұрады. Жүнәйд хазрет «Раббымызға құлшылығымыздың қабыл болуы үшін» деді де: «Аллаһу та'ала рухтарға «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» дегенінде рухтар «Иә, Раббымызсың» деген еді» деген жауап қайтарды. Монах «Ол қандай дауыс?» деп сұрағанында «Мәңгі үндеу» деді. Монах «Қандай ниетпен отырасыңдар?» деп сұрап еді, «Аллаһу та'аладан қорқу ниетімен отырамыз» деген жауап алды. Монах «Дұрыс айттың» деп калима-и шаһадатты айтып, мұсылман болды. Жүнәйд хазрет монахтан «Біздің дұрыс айтқанымызды қайдан білдің?» деп сұрады. Монах бұл сұраққа былай жауап берді: «Мен Мәсіһ бин Мәриәмға түскен Інжілден оқығаным бойынша, Мұхаммедтің (алейһиссалам) үмбетінің таңдаулыларының киімдері шапан, тамақтары бір үзім нан, паналары бір бөлме. Олар Аллаһу та'алаға ғашық және тек Одан ғана рахаттық пен шаттық табады. Үздіксіз Оны қалап тұрады». Монах мұсылман болғаннан үш күн өтіп қайтыс болды (рахметуллаһи алейһ)».

• Амир ұлдарынан Әус бин Хариса өмірінің соңғы сәттерін кешіп, төсек тартып жатқан еді. Туыстары айналасына жиналды. «Жас кезіңде үйленбедің. Мәліктен басқа ұлың жоқ. Бірақ ініңнің бес ұлы бар» десті. Әус оларға: «Аллаһу та'ала тастан от шығаруға да құдіретті. Менің ұрпағымды да жалғыз ұлым – Мәліктен жалғастырады» деп ұлына қарады. Өсиетін қалдырып, бірнеше шумақ өлең оқыды. Соңғы шумақтары мынадай:

Жеңімпаз зор ұрпақтан бір пайғамбар шығады,

Зәмзәм менен Хажәрдің арасында тұрады,

Барша қала халқымен оған көмектесіңдер,

Кімдер Оны қолдаса, сол бақытты болады.

• Ка'б-ул Ахбар (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Әкем маған Тәуратты бір парасынан басқа толық оқытқан еді. Оқымаған бөлігін сандыққа тығып құлыптап қойған еді. Әкем қайтыс болғаннан соң сандықты ашып, сол бөлікті сандықтан алдым. Ол жерде: «Ақыр заманда бір пайғамбар келеді. Шашын өсіреді, аяқ-қолын жуады. Беліне изар байлайды. Туылатын жері – Мекке. Хижрет ететін жері – Мәдина. Үмбеті – әрдайым Аллаһу та'алаға хамд етуші. Жоғары жерлерде тәкбір айтады. Дәрет алуы себебімен қиямет күні аяқ-қолдары және маңдайлары нұрланып жарқырап тұрады» деп жазылған еді».

• Уәһб бин Мүнәббиһтің хабар бергені бойынша, Аллаһу та'ала Бәни Исраил пайғамбарларынан Шуя алейһиссаламға былай уахи етті: «Қауымыңа жақсы жаршы (хабаршы) бол, сен арқылы уахиымды хабарлайын». Шуя алейһиссалам Аллаһу та'алаға шүкіршілік жасады. Тәсбих, тақдис және таһлил айтып, «Ей, аспандар, тынышталыңдар! Ей, жер, үнсіз бол! Ей, таулар, менімен бірге сөйлеңдер, Аллаһу та'ала Бәни Исраилды әлемдегі ең үстем қауым қылмақшы. Оларға арнайы кереметтер (сыйлар) берді» деді. Осыған орай Аллаһу та'ала Шуя алейһиссаламның тілінде жазғырған жолдаулар жіберді. Ол осы жазғырған жолдауының соңында: «Аспан мен жерді жаратқан кезімде пайғамбарлықты, мал-мүлікті және патшалықты Бәни Исраилден өзгесіне беруді қаладым. Мал-мүлікті қой бағатын қауымға бердім. Ізеттілікті кішіпейіл, қарапайым қауымға бердім. Күш-қуатты әлсіз жамағатқа сыйладым. Құрметке лайықты болуды, абыройды кедей қауымға бердім. Олардың арасынан сондай бір адамды пайғамбар қылып таңдадым, Ол кереңдерді еститін жағдайға түсіреді, соқырлардың көзін ашады, қарайған жүректерді нұрландырады. Оның туылатын жері – Мекке, хижрет ететін жері – Мәдина, мүлкі – Шам, ал дінге шақыруы баршаға. Ол тәуекел иесі. Жамандық жасағандарды кешіреді. Жүгі ауыр болған жануарларға, жетімдері бар жесірлерге жанашыр. Жанып тұрған шамның қасынан өтсе, етегінің лебі шамды сөндірмейді. Кепкен қамыстардың үстінен жүрсе, жүрісінің даусы естілмейді. Одан кейін Оның үмбеті әмри маруф және нәхий мүнкәр жасап (дінге шақырып), тура жолды көрсетеді. Үмбеті намаз оқиды, зекет береді, сөздерінде тұрады. Бұл менің сыйым, қалағаныма беремін. Мен ұлы ихсан иесімін» деді.

• Муауия (радиаллаһу анһ) Абдуллаһ ибн Аббастан (радиаллаһу анһума) «Құрайш» атауының қайдан шыққанын сұрады. Ол былай жауап берді: «Құрайш – теңізде өмір сүретін үлкен жыртқыш. Қайда барса да арық-семіз хайуандарды жеп жүреді. Оны ешкім жемейді. Барлық жануарлардан мықты, оны ешкім жеңе алмайды». Муауия (радиаллаһу анһ) «Араб ақындарынан осы туралы жырлаған біреу бар ма?» деп сұрады. Абдуллаһ ибн Аббас (радиаллаһу анһ) «Иә, бар» деп Жәмхидің бір өлеңін оқыды. Өлең Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туралы жырлап аяқталады. Ол өлең төмендегідей:

Құрайш – cуда өмір сүретін үлкен жыртқыш,

Сондықтан да Құрайш тайпасына «Құрайш» атауы берілді.

Барлық балыққа шабуылдап, арық-семіз бәрін жегіш,

Құрайш осы балықтай, тіпті одан да мықты.

Жылдам шабуылдаса, жеңіп шығады барлық қауымды,

Олардан шыққан пайғамбар ақыр заманда өлтіреді көп дұшпанды.

 • Мутраф бин Малик былай айтып берген: «Әмир-ул-мүминин Омар (радиаллаһу анһ) халифа кезінде Тустар қаласы жаулап алынды. Түскен олжаның арасынан бір сандық таптық. Ішінен кітап шықты. Бізбен бірге болған Наим есімді христиан кісі «Мына кітапты маған сатыңдар» деді. Кітаптың илаһи кітаптардың бірі болуы мүмкін екенін ойлап, сандықты сатып, кітапты сыйға бердік. Муауия (радиаллаһу анһ) заманында Бәйт-и Муқаддаста едім. Атты біреуді көріп, оны Наимға ұқсаттым. «Сен Наим емессің бе?» деп сұрап едім, «Иә» деді. «Әлі христиансың ба?» деген сұрағыма «Жоқ, мұсылман болдым» деп жауап берді. Екеуіміз бірге Шамға аттандық. Ол жақта Ка’б-ул Ахбармен кездестік. Кейін оны да қосып, бірге қайтадан Бәйт-и Муқаддасқа оралдық. Яһуди ғалымдар Ка’б пен Наим келгенін естіп қасымызға жиналды. Ка’б (радиаллаһу анһ) әлгі кітапты олардың біріне беріп «Оқы» деді. Яһуди оқи бастады. Кітаптың соңына келгенде ашуланып кітапты жерге тастады. Наим ашуланып кітапты жерден алды да: «Бұл кітап – өте көне кітап, соңына дейін оқымасаңдар, сендерді жібермеймін» деді. Басқа біреуіне оқытқызды. Кітаптың соңында «Кімде-кім ислам дінінен өзге дінді таңдайтын болса, қабылданбайды, ахиретте зиянға ұшырағандардан болады» деп жазылған еді. Сол күні яһуди ғалымдарынан қырық екі кісі мұсылман болды. Муауия (радиаллаһу анһ) оларға сыйлықтар берді».

• Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһума) былай риуаят еткен: «Әмир-ул-мүминин Омар (радиаллаһу анһ) Қадсиядағы Са’д бин Әби Уаққасқа (радиаллаһу анһ) хат жазып, Муауия-и Ансаридың ұлы Надланы (радиаллаһу анһум) Ирактың Халуан қаласына жіберуін сұрады. Сөйтіп Са’д бин Әби Уаққас Надланы Ирактағы Халуанға жіберді. Надла Халуанды жаулап алып, көп тұтқын мен олжа алды. Екінді уақытында бір таудың етегіне қонды. Азан айта бастады. «Аллаһу әкбар» деген кезде таудан «Тәкбірің ұлы болсын, ей, Надла!» деген дауыс естілді. «Әшһәду әллә илаһа иллаллаһ» дегенінде «Ықыласты айттың, ей, Надла!» деген дауыс естілді. «Әшһәду әннә Мухаммадән Расулуллаһ» дегенінде «Ол дінді және Ол пайғамбарды маған Иса алейһиссалам сүйіншіледі. Ол дін Ол пайғамбардың үмбетінде қияметке дейін мәңгі қалады» деген дауыс естілді. «Хаййә аләс салаһ» дегенінде «Үздіксіз намазға барған және үздіксіз намаз оқыған адамдарға сүйінші» деген дауыс естілді. «Аллаһу әкбар» дегенінде «Ықыластың барлығын толықтырдың, ей, Надла» деген дауыс естілді. Азан аяқталған соң «Аллаһ саған рақымды болсын! Даусыңды естіп тұрмыз, өзіңді де көрсет. Өйткені біз – Аллаһу та'аланың құлдары, Расулуллаһтың үмбетіміз әрі Омар бин Хаттабтың жамағатымыз» дедік. Сонда кенеттен тау жарылып, ішінен алып адамның басы көрінді. Шашы ұзын, ақ сақалды, жүннен жасалған ескі шапан киген кісі еді. «Әссәләму алейкум уә рахматуллаһи уә баракатуһ» деп сәлем берді. Біз «Уә алейкассалам уә баракатуһу» деп сәлеміне жауап беріп, «Сен кімсің?» деп сұрадық. Ол «Мен Зәриб бин Юшәлимін. Иса бин Мәриәмның уасиымын (өсиетін орындаушы) және Аллаһу та'аланың салих пендесімін. Иса бин Мәриәм (салауатуллаһи уә сәләмуһу алейһ) мені осы тауға жасырды. Иса алейһиссалам аспаннан түсіп, шошқаларды өлтіргенше, крестерді сындырғанша және Насараның жаласынан құтылғанша менің тірі қалып, ұзақ өмір сүруіме дұға етті» деді. Сөзін жалғастырып: «Мен Мұхаммед алейһиссаламмен көріспедім. Хазреті Омарға сәлемімді жолдаңдар, Оған «Ей, Омар! Дұрыстықтан айрылма және жылы жүзді бол. Қиямет жақындап қалды» дегенімді жеткізіңдер» деді. Кейін көзден ғайып болды. Надла осы оқиғаны жазып, Са’д бин Әби Уаққасқа (радиаллаһу анһ) жолдады. Ол әмир-ул-мүминин Омарға (радиаллаһу анһ) жіберді. Хазреті Омар Са’д бин Әби Уаққасқа былай жазды: «Қасыңдағы ансар және мухажир сахабалармен бірге сол тауға бар. Менен ол адамға сәлем айт! Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған Иса алейһиссаламның уасилерінің кейбірлері сол тауда өмір сүретінін айтқан болатын». Са’д бин Әби Уаққас ансар және мухажир сахабалардан төрт мың адамдық жамағатпен әлгі тауға барды. Қырық күн сонда қалып, азан айтты. Таудан ешқандай дауыс естілмеді.

• Ка’б-ул Ахбар (радиаллаһу анһ) былай риуаят етті: «Бухтуннасар Бәни Исраил қауымын қырып, тұтқынға алғаннан кейін қорқынышты түс көрді де, көрген түсін ұмытып қалды. Көріпкелдері мен балгерлерін жинап, түсін жорып беруін сұрады. Олар «Қандай түс көргеніңізді айтыңыз, жорып береміз» десті. Бухтуннасар оларға ашуланып, «Мен сендерді осындай жағдайларға бола сарайымда бағып отырмын. Сендерге үш күн уақыт беремін, егер не түс көргенімді тауып, жорып бермесеңдер, бәріңді өлтіремін» деді. Бұл хабар халық арасында тарады. Ол кезде Даниял пайғамбар (алейһиссалам) Бухтуннасардың зынданында еді. Түрме қарауылына: «Бухтуннасарға айт, мен оның түсін білемін әрі жорып беремін» деді. Түрме қарауылы хабарды жеткізді. Сөйтіп Даниял алейһиссалам түрмеден шығарылып, Бухтуннасардың алдына апарылды. Ішке кірген кезде ол сәжде жасамады, Бухтуннасардың алдына кіргенде оған сәжде жасау сол қауымның әдеті еді. Бухтуннасар «Бәрің сыртқа шығыңдар» деп іштегілерді шығарды. Кейін Даниял алейһиссаламға «Неге маған сәжде жасамадың?» деп сұрады. Ол жауап ретінде: «Раббым маған өзгеге сәжде жасамауым шартымен түс жору ғылымын үйретті. Егер саған сәжде жасасам, ол білімімді алып қояды. Ол кезде түсіңді жорып бере алмаймын, мені өлтіресің. Саған сәжде етпеуден келетін қиыншылық сәжде етуден келетін қиыншылықтан оңайрақ, жеңілірек. Саған сәжде жасамауым маған да, саған да жақсы болғандықтан, сәжде жасамадым» деді. Мұны естіген Бухтуннасар «Сен Раббыңа берген антыңда тұрғаның үшін сөзіңе сенуге болады. Раббына берген антында тұрған адам – жақсы адам. Менің түсімді жорып бересің бе?» деді. Даниял алейһиссалам былай деді: «Сен түсіңде бір пұт көрдің. Үсті алтыннан, ортасы күмістен, төмен жағы мыстан, тобықтары темірден, аяқтары саздан жасалған. Сен ол пұтқа таңырқап қарап, тамашалап тұрғаныңда кенеттен аспаннан бір тас түсті. Әлгі пұттың дәл басына тиіп, тас-талқанын шығарды. Алтын, күміс және саз бір-біріне араласып кетті, тіпті адамдар мен жындар жиналса да оларды бір-бірінен ажырата алмайтын жағдайға келді. Жел ессе, жан-жаққа шашылып кететіндей жағдайда еді. Кейін сол тастың үлкейгенін көрдің, үлкейіп-үлкейіп, бүкіл жер беті мен аспанды басып алды. Ол тастан басқа ештеңе көрмедің». Бұларды естіген Бухтуннасар: «Дұрыс айттың, көрген түсім дәл солай еді. Енді бұл түсті жорып бер» деді. Даниял пайғамбар түсті былай жорды: «Көрген пұтың – үмбеттер. Алтын бөлігі – құрамында сен де бар болған қазіргі үмбет, күміс бөлігі – сенен кейін ұлың билік құратын үмбет. Мыс – римдықтар, темір – парсы елі. Ал саз бөлігі – римдықтарға және парсыларға патшайым болатын екі әйел. Аспаннан түсіп, пұттың тас-талқанын шығарған тас – ақыр заманда келетін дін. Аллаһу та'ала арабтардың арасынан бір пайғамбар жібереді. Оның діні бүкіл діндердің үкімін жояды және бүкіл әлемге тарайды».

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай риуаят еткен: «Бухтуннасар мемлекеттерін басып алып, зұлымдық көрсеткендіктен, Исраил ұлдары елдерін тастап кетті. Олардың арасында хазреті Харунның (алейһиссалам) ұрпағынан бір топ Тәуратта Мұхаммед алейһиссаламның мақталғанын және Оның Арабстанда құрма ағаштары көп өсетін жерде тұратынын оқыды. Осы себептен Шамнан шығып, Йеменге дейінгі бүкіл аймақтарды кезді. Тәуратта оқығандарына Мәдина сай келетінін көріп, сол жерге орналасты. Мұхаммед алейһиссаламның шығуын және Оны көру бақытына қауышуды үмітпен күтті. Бірақ өмірлері жетпеді. Балаларына «Оның (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманына жетіп, өзін көретін болсаңдар, иман келтіріңдер» деп өсиет қалдырды.

• Ка’б бин Луәй бин Ғалиб Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бес жүз алпыс жыл бұрын өмір сүрген. Тәурат пен Інжіл түскен үмбеттерден пайғамбарымыздың мадағын және сипаттарын естіген еді. Хұтбаларында үнемі еститін осы сипаттары мен мақтауларды айтып жүретін. Төмендегі шумақтар сондай өлеңдердің бірінен қалған:

Араб тілінен аудармасы:

Адамдар діннен безгенде келеді ұлы пайғамбар,

Мұхаммед Ол, шыншыл, онда бар дұрыс хабар (алейһиссалам)!

• Ибн Ади бин Рәби'аның есімі «Мұхаммед» еді. Одан: «Неліктен әкең жаһилия дәуірінде есіміңді Мұхаммед деп қойды?» деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Мен де дәл осы сұрақты әкеме қойған едім. Маған: «Бір күні төрт кісі болып Шамға бара жатқанымызда жолда бір шіркеудің қасына тұрақтадық. Өзара сөйлесіп тұрған едік, шіркеудің попы басын шығарып «Сендердің тілдерің бұл қаланың тіліне ұқсамайды ғой» деді. Біз «Иә, біз араб елінен келдік» дедік. Сонда ол: «Сүйінші берейін, Аллаһу та'ала араларыңнан пайғамбар жібереді. Оған иман келтіру және қызмет ету сендерге нәсіп болады. Ол – Хатәм-ун-нәбийин (пайғамбарлардың соңғысы)» деді. Біз «Оның есімі кім?» деп сұрап едік: «Оның есімі Мұхаммед» деп жауаптады. Шамнан оралғанымызда Аллаһу та'ала төртеуімізге де ұл перзент нәсіп етті. Бәріміз ұлдарымызды «Мұхаммед» деп атадық» деп хикаясын айтып берді».

• Абдуллаһ ибн Аббас (радиаллаһу анһума) былай жеткізген: «Сатих Ғассани есімді бір көріпкел бар еді. Адамзат арасында ол сияқты ешкім болмады. Оның денесінде сүйек пен сіңір жоқ еді. Тек басында және алақанында ғана сүйек бар еді. Тілінен басқа денесінің ешбір жері қимылдамайтын. Құрма ағашы мен жапырағынан оған тақ жасалып, аяғынан мойнына дейін бүкіл денесін орап, сол оралған күйінде тақтың үстіне қойылған еді. Бір жерге апару керек болған кезде сол тағымен бірге көтеріп апарылатын. Бір күні жақындары оны Меккеге алып барды. Құрайш тайпасының абыройлыларынан төрт кісі оны көруге барды. Әрбірі өздерімен сыйлық алып, қандай сыйлық алғандарын және ата-тектерін жасырды. Өздерін басқа тайпадан деп таныстырды. Көріпкел оларға: «Сендер ол тайпадан емес, Құрайш тайпасынансыңдар» деді. Бұдан кейін олар жасырған сыйлықтарын шығарып, алдына қойды. Кейін көріпкелден келешек туралы сұрады. Көріпкел Сатих көп нәрсе айтты. Соңында «Меккеде Абди Мәнаф ұлдарынан бір жігіт келеді. Адамдарды тура жолға шақырады, пұттарды сындырады. Аллаһу та'аланың жалғыз екенін және тек Оған ғана табыну керектігін айтады. Ол пайғамбардың халифалары болады» деді де әрқайсысының сипаттарын жеке-жеке айтып берді. Кейіннен келетін патшалар туралы да хабар берді. Олардың сипаттары кітаптарда жазылған».

• Йемен патшаларының бірі қорқынышты түс көрді. Көріпкелдері мен балгерлерін жинап, түсін жорып беруін сұрады. Олар «Түсіңізді айтып беріңіз, жорып берейік» десті. Патша «Түсімді өздерің табыңдар да, жорып беріңдер, сол кезде айтқандарыңа сенемін» деді. Сонда олар «Бұл қолымыздан келмейді. Мұны тек қана көріпкел Сатих және көріпкел Шиқ жасай алады» деп сол замандағы көріпкелдерден ең атақты осы екі көріпкелдің істей алатынын айтты. Патша ол көріпкелдерді адам жіберіп шақырды. Алдымен көріпкел Сатих келді. Патшаға: «Сен түсіңде күл және көмір көрдің, адамдар оларды жеп жатқан еді» деп көрген түсін айтып берді. Кейін жалғастырып: «Хабәшилер сені жеңеді» деп түсін жорды. Патша «Бұл қашан болады?» деген сұрағына «Алпыс немесе жетпіс жылдан кейін болады» деп жауаптады. Патша: «Бұл мемлекет хабәшилердің билігінде ұзақ қалады ма?» деп сұрағанында: «Жоқ, Зилязән қылыштары оларды қуып жібереді» деп жауап берді. Патша «Бұл мүлік Зилязән ұлдарында қалады ма?» деп сұрағанында: «Жоқ, бір пайғамбар жіберіледі, мүлікті сол алады» деді. «Ол пайғамбар қай қауымнан шығады?» деген сұрағына: «Ғалиб бин Луәй ұлдарынан шығады. Дін сол пайғамбармен тоқтайды. Мемлекет Оның қауымына қалады» деді. Патша «Дүниенің соңы келеді ме?» деп сұрап еді, «Иә, бір күні адамдар бір жерде, яғни махшарда жиналады да, амалдарының есебін береді» деді. Көріпкел Сатих сөзін аяқтаған соң көріпкел Шиқ келді. Ол да Сатихтың айтып бергендерін дәлме-дәл айтты. Сонда патша өз отбасын және жақындарын Иракқа жіберді. Парсы патшаларына хат жазып, оларды қорғауын сұрады. Парсы патшалары оларды «Хира» деп аталатын жерге жайғастырды. Нуман бин Мунзир сол патшаның ұрпағынан еді.

• Абдулмутталиб былай айтып берген: «Үйімде ұйықтап жатқанымда бір түс көріп, қатты қорықтым. Жорып беруі үшін Құрайштың көріпкеліне бардым. Маған қарап: «Мырзамызға не болды, реңі бозарып кетіпті ғой, әлде басына қиыншылық келді ме?» деп сұрады. Көрген түсімді айта бастадым: «Жерден аспанға дейін көтерілген алып ағаш көрдім. Бұтақтары шығыс пен батысқа жетіп тұрды. Ол ағаштан да жарқын нұр көрген емеспін. Күннен жетпіс есе жарық еді. Арабтар мен өзге елдер оған қарай сәжде жасап жатты. Ағаштың үлкендігі, нұры және биіктігі бара-бара арта берді. Кейде көзден жоғалып, кейде қайтадан көрінді. Құрайш тайпасының бір бөлігі ол ағаштың бұтақтарын құшақтап жатқан еді. Ал бір бөлігі ол ағашты кесуге тырысып жатты. Өмірімде көрмеген сұлулықтағы нұрлы жүзді бір жігіт келіп, ағашты кеспекші болғандарға тосқауыл болды. Бір бөлігін артынан ұстап тартты, ал бір бөлігіне көзіне нұр салып тұрды. Мен ол ағаштан нәсібімді алу үшін қолымды создым және ол жігіттен «Бұл нұр кімге нәсіп болады?» деп сұрадым. Ол «Сенен бұрын мына ағаштың бұтақтарына жабысқандарға нәсіп болады» деп жауап берді. Кейін шошып ояндым». Мен түсімді көріпкелге айтып бергенімде көріпкелдің де реңі бозарды да, «Егер сен шынымен де осы түсті көрген болсаң, сенің тегіңнен бір ұл келеді, шығыстан батысқа дейін барлық жерге билік құрады, бүкіл адамдар оған бағынады» деді. Кейін Абдулмутталибтың қасындағы ұлы Әбу Талибке қарап «Ол сен емессің бе?» деді». Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келгенде Әбу Талиб осы оқиғаны үнемі айтып жүретін және «Ол ағаш – Әбул Қасым Мұхаммед ул-Әмин» дейтін. Әбу Талибке «Онда неге иман келтірмейсің?» делінгенде «Айыпталудан қорқамын» деп жауап беретін.

• Абдулмутталиб Йеменге барған еді. Яһуди ғалымдарының бірі оны көріп «Қай тайпадансың?» деп сұрады. «Құрайш тайпасынанмын» дегенінде «Қай тегіненсің?» деп сұрады. Ол «Хашим ұлдары тегіненмін» деп жауап берді. Сонда ол «Екі мүшеңе қарауға рұқсат етемісің?» деді. Абдулмутталиб әдеп жерлерінен басқа жерлерін көруге рұқсат берді. Яһуди ғалым «Мұрныңа және қолдарыңа қарайын» деді де, қарап шығып: «Сенің бір қолыңда билеуші және патшалық белгісі, ал мұрныңда пайғамбарлық белгісі байқалып тұр» деді. Кейін «Үйленгенбісің?» деп сұрады. «Жоқ» деген жауапқа «Онда Бәни Зухра тайпасынан бір қызға үйлен» деді. Абдулмутталиб Йеменнен оралғанда Бәни Зухра тайпасынан Уәһәбтің қызы Халәмен үйленді.

• Харижәтәбни Абдуллаһ бин Ка’б бин Малик әкесінің былай хикаялағанын жеткізді: «Қауымымыздың қарттарынан құралған топпен умра жасауға Меккеге аттанған едік. Жолда бір яһуди саудагер де бізге қосылды. Меккеге жеттік. Абдулмутталибты көрген яһуди: «Біз мүлде өзгеріс енгізілмеген кітаптарымыздан оқыдық. Бұл кісінің тегінен бір пайғамбар шығады. Ол және Оның қауымы бізді Ад қауымын өлтіргендей өлтіреді» деді».

• Адам алейһиссалам – адамзаттың ең алғашқысы. Барша адамзат – оның ұрпағы. Оның белінде түйірлер күйінде жиналып тұрған еді. Мұхаммед алейһиссаламның денесінің түйірі де оның белінде еді. Осы себептен Адам алейһиссаламның мүбәрәк жүзінде үнемі нұр жарқырап тұратын. Бұл нұр хазреті Хауаға, Одан хазреті Шит [Шис] алейһиссаламға өтті. Осылайша таза әкелерден таза аналарға өтіп, Абдуллаһ бин Абдулмутталиб бин Хашимге дейін жетіп келді. Бұл түйір оған жеткен кезде маңдайында нұр жарқырай бастады. Оның жүзінде сондай сұлулық пайда болды, бүкіл Құрайш қыздары онымен үйленгісі келді. Бірақ ол дәулет пен бақыт Уәһәбтің қызы хазреті Әминаға нәсіп болды. Иншаллаһ бұл мәселе кеңінен түсіндіріледі.

• Шамда яһуди ғалымдарының бірінде ақ жүннен жасалған шапан бар еді. Бұл шапанға Яхия бин Зәкәрия алейһиссаламның қаны тиген еді. Әуелгі қасиетті кітаптардан осы шапандағы кеуіп қалған қан тамшыға айналып, ағып, шапан аппақ болған кезде Мұхаммед алейһиссаламның әкесі Абдуллаһ дүниеге келетіндігін оқыған болатын. Бір күні шапандағы қан дақтары тамшыға айналып аққандығы және шапанның аппақ болғаны байқалды. Бұдан хазреті Абдуллаһ дүниеге келгендігі аңғарылды. Ұзақ уақыт өткеннен соң Құрайш тайпасынан бір топ адам сауда жасауға Шамға аттанды. Яһуди ғалымдары олардан Абдуллаһ бин Абдулмутталибтың жағдайын сұрады. Олар Оның сұлулығы, көркем мінезі мен әдептілігі және маңдайындағы нұры туралы айтып берді. Яһуди ғалымдары «Ол нұр Абдуллаһтың нұры емес, Мұхаммедтің нұры. Оның себебімен Абдуллаһтың маңдайында жарқырап тұр. Мұхаммед алейһиссалам бүкіл пұттарды сындырады» деді. Құрайштықтар бұл сөздерді естігенде бұрыннан осы белгілерді байқап жүргендіктен «Қағбаның Раббысы хаққы үшін яһуди ғалымдары дұрыс айтады» деп олардың айтқандарын растады.

• Яһудилер хазреті Абдуллаһтың туылғанын нақты білді. Кейін сиқыршыларынан және беделді тұлғаларынан жетпіс адамдық топпен Меккеге барып, хазреті Абдуллаһты өлтіруге шешім қабылдады. Түндері жол жүріп, күндіздері тығылып, Меккеге жетіп барды. Жасырынып, мүмкіндікті күтіп, аңдып жүрді. Хазреті Абдуллаһ Мекке сыртына аң аулауға шыққан кезде оны өлтірмекші еді. Бір күні хазреті Абдуллаһты Меккенің алқаптарының бірінде көріп қалды. Қастандықтарын жүзеге асыруға кірісті. Мекке тұрғыны Уәһәб бин Абди Мәнаф бұл жағдайдан хабардар болып, бұл оның намысына тиді. «Құрайштың құрметті азаматын яһуди тайпасының өлтіруі жөн бе?» деп адамдарын жинап Абдуллаһты құтқаруға аттанды. Ол жерге барғанда аспаннан адамға ұқсамайтын бір топ түсіп, яһудилердің тас-талқанын шығарғанын көрді. Уәһәб бин Абди Мәнаф бұларды көргенде дереу үйіне қайтып кетті. Жұбайы Бәррәні Абдулмутталибтың үйіне жіберіп, қызы Әминаны Абдуллаһқа тұрмысқа бергісі келетінін хабар берді. Абдулмутталиб: «Ұсынған қыздарыңыздан өзгесі Абдуллаһқа лайықты емес» деді де, қуанып қабыл етті. Өйткені хазреті Әмина Құрайштың ең сұлу және ең намысты қызы еді. Оны «Құрайштың сәйидәсі» деп атайтын. Осылайша Абдуллаһ пен Әминаның некелері қиылып, тұрмыс құрды.

 

• Хазреті Абдуллаһ хазреті Әминаға үйленгеннен кейін біраз уақыт бойы маңдайындағы нұр жарқырап тұрды. Маңдайындағы нұры себебімен Абдуллаһтың сұлулығы жан-жаққа тараған еді. Шам патшасының Фатима есімді өте сұлу және танымал қызы бар еді. Ол Абдуллаһтың нұрын иелену үшін қызметшілерімен бірге Меккеге барды. Қағбаның айналасында бірнеше күн күтіп, ақыры хазреті Абдуллаһты көрді. Маңдайындағы нұр жарқырап тұрған еді. Өзін ұстай алмай, үйленуді ұсынды. Абдуллаһ «Әкем Абдулмутталибтен сұрап көрейін, рұқсат берсе үйленеміз» деді. Сол түні Абдуллаһтың маңдайындағы нұр хазреті Әминаға өтті. Таңертең әкесі Абдулмутталибке Шам патшасының қызы Фатиманың онымен үйленгісі келетінін айтты. Әкесі үйленуге рұқсат берді. Хазреті Абдуллаһ әлгі қызға барып, әкесінің некелесуге рұқсат бергенін айтты. Фатима Абдуллаһтың маңдайындағы нұрды көре алмай, өкінішпен: «Маңдайыңдағы нұрды өзгелер алып қойыпты. Енді арамызда үйленуге деген қалау қалмады» деді де, қайғылы күйде Шамға қайтты.

• Абдуллаһ ибн Аббас (радиаллаһу анһума) былай риуаят еткен: «Абдулмутталиб, ұлы Абдуллаһты үйлентіру ниетінде жүргенде Абдуллаһ бір күні Фатима Хасамия деген көріпкел әйелмен кездесіп қалды. Әйел Абдуллаһтың маңдайындағы нұрды көргенде: «Егер дәл қазір маған үйленсең, саған жүз түйе беремін» деді. Абдуллаһ «Некесіз үйленуді көздеген болсаң, ол дұрыс емес. Некелі үйленуді қаласаң, онда күт, ойланып көрейін, кейін келемін» деп ол жерден кетіп қалды. Хазреті Абдуллаһ хазреті Әминаға үйленгеннен біраз уақыт өткен соң әлгі көріпкел әйелмен қайта кездесіп қалды. Әйел оның маңдайындағы нұрдың жоқ екенін және хазреті Әминаға үйленгенінен хабардар болды да,осыған орай: «Мен ұятсыз әйел емеспін. Маңдайыңдағы нұрдың маған өткенін қалаған едім. Бірақ Аллаһу та'ала оны өзгеге нәсіп етіпті» деді».

• Мұхаммед алейһиссаламның нұры Әмина анамызға өткен сәтте бүкіл пұттар етбетімен құлады. Бүкіл шайтандар әлсіреп, ештеңе істей алмай қалды. Періштелер Ібілістің тағын қиратып, теңізге тастады да, Ібілісті қырық күн жазалап, азаптады. Кейін Ібіліс қашып Әбу Қубәйс тауының шыңына шығып, бар дауысымен айқайлады. Ібілістің бұл айқайын естіген бүкіл шайтан әскері айналасына жиналды. Ібіліс оларға: «Әттең, бәрің құрыдыңдар! Мұхаммедтің (алейһиссалам) дүниеге келуі жақындап қалды. Бұдан былай Лат пен Узза пұттарына ешкім табынбай қояды. Тәуһид нұры бүкіл әлемге жайылады» деді. Мұхаммед алейһиссаламның нұры Әмина анамызға өткен түні барлық сиқыршылар мен бақсы-балгерлер ештеңе істей алмай қалды. Көріпкелдік тоқтады. Сиқыр әсер етпей қалды. Ол түні жер жүзіндегілер аспаннан «Ақыр заман пайғамбарының мыңдаған жақсылық және сыйлармен келетін уақыты жақындады» деген дауыс естіді. Хазреті Әмина Оған жүкті болған тоғыз айы бойы ешқандай қиыншылық және ауыртпалық сезбеді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келуі Рабиул әууәл айының он екісі, дүйсенбі күні еді. Абраханың қағбаны қирату үшін келген және «Фил» оқиғасы деп аталған күннен елу бес күн кейін еді. Ол әділ Нуширванның дәуірі еді. Нуширван Оның дүниеге келуінен кейін тағы жиырма екі жыл өмір сүрді.

• Мұхаммед алейһиссалам дүниеге келгенге дейін орын алған және Оның пайғамбарлығына сүйінші мен белгі болған оқиғалардың бірі – «Фил» (піл) оқиғасы. Бұл оқиға былай болған: Хабәшистан (қазіргі Эфиопия) патшасы Нәжашидің Йеменде Абраха есімді әкімі бар еді. [Хабәштік патшалардың барлығын «Нәжаши» деп атайды]. Ол Санада «Күләйс» деп атаған шіркеу салдырды. Кейін Нәжашиге хат жазып: «Саған арнап теңдесі жоқ шіркеу салдырдым, саған дейінгі ешбір патшаға мұндайы нәсіп болмаған. Бұл жерді арабтарға қажылық жасайтын жер қыламын да, бұдан кейін қағбаға ешкімді жібермеймін» деді. Абраханың бұл сөзі арабтардың арасында жайылып кетті. Бұған ашуланған арабтардың бірі шіркеудің ішіне кіріп, дәрет сындырып ішін ластады. Ал басқа риуаят бойынша арабтардың бір жамағаты шіркеудің маңында от жақты. Желден оттың шоғы ұшып, ағаштан салынған және алтынмен әрленген шіркеу толықтай жанып кетті. Йемен әкімі Абраха бұған қатты ашуланып, қағбаны құлатамын деп ант ішті. Хабәш әскерін жинап, қағбаны құлатуға аттанды. Абраханың пілі бар еді. Он немесе мың пілі бар болғаны жайлы риуаяттар да бар. Меккеге жақындаған кездерінде Абдулмутталиб «Меккенің мал-мүлкінің үштен бірін берейін, кері қайтыңдар» деді, ол көнбеді. Пілді ең алдына шығарып, Меккеге қарай жүре бастады. Пілді қағбаға қарай айдады. Піл ол жаққа мүлдем жүрмей қойды. Басқа жаққа бұрғанда ол жаққа жүгірген еді. Ақырында бір жерде тоқтауға мәжбүр болды. Мекке маңайына адамдарын жіберіп, олар Абдулмутталибтың екі жүз түйесін ұстап әкелді. Абдулмутталиб түйелерін қайтару үшін Абрахаға келді. Абраха оны алыстан көріп, оның айбатынан қорықты. «Мына келе жатқан кім?» деп сұрады. «Меккенің әкімі» деген жауап алды. Абраха оны қарсы алып, өз орнына отырғызды да «Не үшін келдің?» деп сұрады. Абдулмутталиб: «Сенің атты әскерің менің түйелерімді алып кетіпті. Оларға айт, түйелерімді кері қайтарсын» деді. Абраха оған: «Ей, Құрайштың басшысы! Мен сендерді абыройлы және қадірлі қылып тұрған мына қағбаларыңды құлатуға келдім. Ал сен ол туралы сөз қозғамай, өз түйелеріңді сұрап тұрсың» деді. Сонда Абдулмутталиб: «Мен өз түйелерімнің иесімін, өз мүлкімді сұраймын. Қағбаның өз иесі бар. Ол бәрін жеңіп, қағбаны қорғайды» деп жауап берді. Абдулмутталибке түйелері қайтарылып, ол кері қайтты. Қағбаға барып, есігінің тұтқасын ұстап, Аллаһу та'алаға жалбарынып дұға ете бастады. Сол сәтте кенеттен аспанда үйір болып ұшқан құстарды көрді. Бұған дейін ондай құстарды еш көрмеген болатын. Құстардың тұмсығы мен екі аяғында жасымықтан үлкен, ноқаттан кіші тастар бар еді. Әр тастың үстінде бір кәпірдің есімі жазулы еді. Құстар ол тасты жерге тастаған кезде кімнің басына түссе, тесіп өтіп, астынан шығып, бірден өлтірді. Әскер атқа мінген болса, аты да өлді. Абраханың әскері қаша жөнелді. Құстар оларды қуып, тас жаудырып, бәрін өлтірді. Абраха да қиналып өлді. Абраханың уәзірі қашып, Нәжаши патшаға барды. Болған оқиғаны айтып берді. Нәжаши «Сондай мықты әскерді қырып жіберетіндей ол қандай құстар?» деп сұрады. Сол кезде уәзір жоғары қарап, сол құстардың бірінің басының үстінде айналып жүргенін көрді. Уәзір Нәжашиге үстіндегі құсты көрсетіп «Міне, сол құстардың бірі» деді. Сол сәтте құс уәзірдің басына тас жіберді. Уәзір Нәжашидің көз алдында өлді.

Бұл оқиға Мұхаммед алейһиссаламның дүниеге келуі жақындағанына және Оның пайғамбарлығына белгі еді. Ибн Аббас: «Умми Ханидің үйінде піл оқиғасында құстар жаудырған көп тастар бар еді. Бала кезімізде сол тастармен ойнайтын едік» деп айтып берген.

Піл оқиғасынан елу бес күн өткеннен кейін Мұхаммед алейһиссалам дүниеге келді. Оның туылған кезінен Иса алейһиссаламның дәуірі арасы алты жүз жиырма жыл. [Ибн Асакирдің Шабиден (рахметуллаһи та'ала алейһима) хабар бергені бойынша, Иса алейһиссалам мен Мұхаммед алейһиссаламның арасында 963 жылдық айырмашылық бар. «Саадәти Әбәдия» кітабының 761-ші бетіне қараңыз! «Иман және Ислам» кітабының 15-ші бетінде пайғамбарымыздың дүниеге келуі 571-ші жылы болғандығы хабар берілгені жазылған. Дұрыс риуаят осы]. Хазреті Иса мен хазреті Дауд (алейһимассалам) арасы бір мың екі жүз жыл. Хазреті Дауд пен хазреті Мұса (алейһимассалам) арасындағы уақыт бес жүз жыл. Хазреті Мұсадан хазреті Ибраһим Халил (алейһимассалам) заманына дейін жеті жүз жетпіс жыл өткен. Хазреті Ибраһимнен хазреті Нұх (алейһимассалам) заманына дейін мың төрт жүз жиырма жыл еді. Топаннан Адам алейһиссаламға дейін екі мың екі жүз қырық жыл еді. Бұлардың қосындысы алты мың жеті жүз елу болады.

[Дүниенің өмірі және адамзаттың дүниеге қашан келгені нақты белгісіз. Дүниенің өмірін, яғни жаратылған күнінен қияметке дейінгі уақытын ежелгі астрономдар планеталардың санындай мың жылдан жеті мың жыл деген. Идрис алейһиссалам: «Біз пайғамбар бола тұра дүниенің өмірін (жасын) біле алмадық» деген. Кеңірек мәлімет алу үшін «Саадәти Әбәдия» кітабының жетпіс тоғызыншы бетіне қараңыз!]