Парыздарды орындап, харамдардан сақтану керекСұрақ: Ғибадаттардағы парыздарды және басқа да парыздарды міндетті түрде орындау әрі харамдардан міндетті түрде сақтану керек пе? Жауап: Бұл туралы «Мифтах-ул-Жәннә» атты ілімхал кітабында төмендегідей мағлұматтар жазылған: «Белгілі бір ғибадаттың парыздарының бірі тәрк етілсе, ол ғибадат сахих болмайды. Білмей тәрк етілсе де сахих болмайды. Біліп тәрк етумен күнә істелген де болады. Сүннетті орындаудың сауабы парызға қарағанда аз. Сүннетті біліп тәрк ету күнә емес, ол үшін азап берілмейді, бірақ айыпталады. Ғайри муәккәд сүннетті «мүстаһаб» және «мәндуб» деп те атайды. Оны орындаған адамға сауап жазылады. Яғни ол жәннат ниғметтеріне бөленеді. Оны біліп тұрып орындамау күнә емес. Нәпіл ғибадатты, яғни әмір етілмеген ғибадатты орындау мүстаһаб амалға жатады. Сүннетті тәрк ету күнә болмағанымен, үзірсіз, бостан-бос тәрк етуді әдетке айналдыру күнәға жатады. Мубах – орындау немесе орындамау сауап немесе күнә болмаған амал. Жеу харам болмаған нәрселерді тойғанға дейін ішіп-жеу мубах. Ал тойғаннан кейін ішіп-жеу харам. Харамнан сақтану сауап. Мұның сауабы парызды орындаудан да көп. Мәкрух істеу де күнәға жатады. Харамды «халал» деген адам кәпір болады. Алкогольді ішімдікті, мәселен сыраны ішу, құмар ойнау, ата-анаға қарсы шығу, яғни олардың күнә болмаған бұйрықтарын орындамау, мұсылмандарды ренжіту, біреудің затын рұқсатынсыз алу – харам. Мәкрухты «халал» деп атаған адам кәпір болмайды. Мидия, устрица, краб сияқты теңіз өнімін жеу, дәрет пен ғұсылда суды ысырап қылу мәкрух. Бір амалды «сүннет» деп атаған кезде муәккәд сүннет аңғарылады. «Мәкрух» деп атағанда да тахримән мәкрух аңғарылады. Қарыз сұрау мубах. Қарыз беру мүстаһаб. Қарызды өтеу парыз. Қарыздар кедей кісіні қинамау уәжіп. Өзіне қажетті діни білім алу әйелдерге де парыз. Басқаларға үйрететіндей дәрежеде артығымен білім үйрену парыз кифая. Одан көп үйрену мәндуб. Ілімімен мақтану мәкрух. Сауда-саттықтың шарты болмаған, бірақ алушы мен сатушының біріне пайдасы тиетін қандай да бір нәрсені шарт қылып сату дұрыс емес, харам болады. Әрбір адамға мойнына ең алғаш парыз болған амал – иман келтіру. Иманы жоқ адамдарды «кәпір» деп атайды. Ал иманды кісі «мұсылман» деп аталады. Кейбір сөздер, кейбір іс-әрекеттер иманның кетуіне себеп болады. Мұсылман бола тұра иманның кетуіне себеп болатын бір нәрсе істеп, иманынан айрылған адамды «мүртәд» деп атайды. Мұсылман кісі мүртәд болса, иманымен бірге діни некесі де кетеді». |