7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Біздің көшет жылына екі рет жеміс берді!

Біздің көшет жылына екі рет жеміс берді!

Дініміз көгалдандыруға ерекше мән береді. Жемісті, жеміссіз ағаштардың адамдарға тигізетін пайдасы орасан зор. Адамзатқа осындай қызмет тигізудің дініміздегі маңызы жоғары. Мешіт салу, су жүргізу, жол жасау, ағаш отырғызу, ғылыми туынды қалдыру секілді қоғамға пайдасы тиетін әртүрлі қайырымды істер «садақа-и жария» болып табылады. Яғни осыларды істейтін болсақ, қайтыс болғаннан кейін де амал дәптерімізге сауап жазыла береді. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Кімде-кім ағаш отырғызып, сол ағаш жеміс бергенге дейін оны қорғап өсірсе, ол ағаштан түскен әр жеміс Аллаһ дәргейінде ол адамға садақа болып жазылады». (И.Ахмед)

«Бір ағаштың пайдасын адамдар, жануарлар немесе құстар көрсе, ағашты отырғызған адамға ол садақа болады». (Бұхари)

Ағаштың көлеңкесі адамдарға пайдасын тигізсе, ағашты отырғызған адамға сауап жазылады. Ол ағаштың пайдасы қаншалықты көп тисе, сауабы да соншалықты көп болады. (Әл-Әнуар)

Ғасырлар бұрын патшалардың бірі қызметшілерімен бірге қарапайым киініп қала аралауға шығады. Жолда ауыл көшелерінің бірінде өте кәрі кісінің бауында ағаш көшеттерін отырғызып жатқанын байқап қалады. Ол қарттың сонша жасқа келсе де ынтамен жұмыс істеп жатқаны патшаға ұнап, қасына барып әзілдескісі келеді:

- Ата, сіз неге ағаш көшеттерін отырғызып әбігерге түсіп жатырсыз? Машаллаһ, жасыңыз келіп қалыпты, сол ағаштардың жемісін жеп үлгермейтін шығарсыз?!

Қарт былай жауап береді:

- Бұл ағаштардың жемісін біздің жеуіміз шарт емес, балам. Біз аталарымыздың отырғызған ағаштарының жемісін қалай жеген болсақ, біздің отырғызған ағаштарымыздың жемісін де балаларымыз жейді.

Патшаға бұл жауап ұнайды да, сыйлық ретінде қарт кісіге бір қалта алтын беруін бұйырады.

Қарт кісі сыйлық берген адамның кім екенін аңғарып, күлімдеп:

- Көрдіңіз бе, тақсыр, біз отырғызған көшеттер қазірден жеміс бере бастады, – деп жауап береді.

Бұл жауап та патшаға ұнап қалады да, тағы бір қалта алтын беруін бұйырады.

Қарт кісі күліп:

- Тақсыр, әдетте көшет жылына бір жеміс берсе, біздің көшетіміз жылына екі рет жеміс берді, – дейді.

Патшаға бұл жауап та ұнайды да, тағы бір қалта алтын берілуін бұйырды. Бірақ бұл жолы уәзір араға түсіп, әзілдесіп:

- Тақсыр, бұл жерден тезірек кетейік, әйтпесе мына тәжірибелі қарттың қазынамызға да көшет отырғызатын түрі бар! – деген екен.