8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Сараңдық – көңіл ауруы

Сараңдық – көңіл ауруы

Ғұламаларымыз «Өз жанұясына сараңдық жасағандар ешқашан бақытты бола алмайды» деген. Сараңдық деген не? Сараңдық – ақшаны жұмсау керек болған жерге жұмсаудан қашу. Мысалы, шамасы жете тұра жұбайы мен бала-шағасының напақасын қысу сараңдыққа жатады. Сараңдық – көңіл ауруы. Басқа көңіл аурулары сияқты ықыластың аздығына, иманның әлсіздігіне, тіпті күпірге қатысы бар. Әр ауруды себебінің терісімен емдеу керек. Нәпістің түрлі қалауларынан құтылудың жолы – азға қанағат және сабыр. Көп сараңдардың дүниеге беріліп өлгенін, мүлкін қимай қалғанын, қалдырған мал-мүлкін мирасқорлары жаратқанын елестету керек. Сараңдықтың барлық тұрғыда жаман екенін ойлап, жомарт болуға тырысу қажет!

Шаби хазрет айтқан:

«Өтірікші мен сараң тозаққа түседі. Бірақ қайбірінің тереңірек тасталатынын білмеймін».

Жомарт кісінің табысы, мал-мүлкі берекелі болады. Мал-мүлік адам баласына пайдасын тигізу үшін берілген. Ол мал-мүлікті тығып қойып, пайдалы жерде қолданбау сараңдық болып табылады. Пайдалы жер дегеніміз – дінде және мәрттікте берілуі жөн көрілген жер. Мәрттік – пайдалы болу, жақсылық жасау ынтасы. Адамгершілік, ерлік деген сөз.

Жомарт адам кәпір болса да, тозақтағы азабы басқа кәпірлердікіндей ауыр болмайды. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Жомарт кәпір тозаққа түскенде Аллаһу та'ала (тозақта қызметтегі періштелердің ең үлкені) Маликке «Мынаны дүниедегі жомарттығына қарай тозақтың азабы жеңілдеу жағына таста» дейді».

Дін ғұламалары айтқанындай: «Ешкімнің түйірдей болсын жақсылығы зая кетпейді. Жомарт болған кәпірлердің соңғы демде иманмен өлетініне үміт бар».

Жомарттық пен сараңдық туралы жаздық, ал «Ысырап» деген не? Мал-мүлікті дін мен мәрттік жөн көрмеген жерлерге таратуды «ысырап» деп атайды. Мәрттік – пайдалы болу, жақсылық жасау ынтасы. Дінге қайшы болған ысырап – харам.

Ысыраптың жаман екенін көрсету үшін Аллаһу та'аланың «Ішіп-жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Күмәнсіз Аллаһу та'ала ысырап етушілерді жақтырмайды» деген аяти каримасы жеткілікті.

Мал-мүлікті жұмсаған кезде ысырап та етпеу керек, қысып та ұстамау керек. Бұл екеуінің ортасын тапқан жақсы. Бұған үнемшілдік дейді. Жомарттық дегеніміз осы орта жол, яғни мал-мүлікті үнемді, тиімді қолдану деген сөз. Аллаһу та'ала салихтарды, жомарттарды мақтаған кезде былай деген:

«Олар жұмсаған кезде ысырап та, сараңдық та жасамайды. Екеуінің арасында ортасын табады».

Сараңдықтан құтылып, жомарт болу үшін сараңдықтың дүние мен ахиреттегі зиянын, ал жомарттықтың пайдасын жақсылап біліп, сену керек.