12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / «Қожайыныңа айт, құлдық әдебін сақтасын!»

«Қожайыныңа айт, құлдық әдебін сақтасын!»

Тоғызыншы ғасырда Хорасанның Мәрв қаласының көсемдерінің бірінің Бишр есімді ұлы бар еді. Абыройлы әулеттен шыққандықтан, ол молшылықта өмір сүрді.

Ойын-сауыққа салынған жастық шағында күндердің бірінде есігін біреу қақты. Қызметші есікті ашқанында бір адам:

- Қожайыныңа айт! Құлдық әдебін сақтасын, - деді де, кетіп қалды.

Қызметші естігенін оған жеткізді. Бишр жалаң аяқ әлгі адамның артынан жүгірді. Оған жетіп алып, айтқандарын қайталатты. Ол адамның сөзіне қатты әсерленіп, тәубе етті. Бірақ біраз уақыттан кейін жаман достарына қосылып, бұрынғы жағдайына оралды.

 

Бишр бір күні ойын-сауық кешінен кейін мас күйде теңселіп үйіне қайтып бара жатып, жолда «Бисмиллаһ» жазылған бір қағаз тауып алды. Іші сыздап, оны жерден көтерді. Жазуды сүйіп, кірін тазалаған соң хош иістер сеуіп, үйдің қабырғасына асып қойды. Сол түні ғалым және әулие бір кісіге түсінде:

«Бар, Бишрге айт! Есімімді тазалағанындай, мен де оны тазаладым. Есімді ұлықтағанындай, мен оны ұлы қылдым. Есімімді хош иістендіргеніндей, оны ізгі қыламын. Есімін дүниеде және ахиретте таза және көркем қыламын» делінді.

Ғұлама таңертең Бишрді іздеп, сыраханада тауып алды. Оны сыртқа шақырып:

- Саған Аллаһу та'аладан хабар беремін, - деді. Бишр жылай бастап:

- Маған ашулы ма? Ауыр азап бере ме?, - деп сұрай бастады. Түсті естіген соң достарына:

- Ей, достарым! Мені шақырды, бұдан кейін мені мұнда көрмейсіңдер, - деді. Әлгі ғұламаның алдында дереу тәубесіне келді.

Сол кезде Бишрдің аяғында аяқ киім болмағандықтан, одан кейін мүлде аяқ киім кимеді. Себебін сұрағандарға «Аллаһу та'алаға тәубе еткен кезімде жалаң аяқ едім. Сол кезде кимеген аяқ киімді қазір киюге ұяламын. Аллаһу та'ала «Бақара» сүресінің жиырма екінші аятында «Біз жер жүзін сендерге жайып төседік» деген. Патшалардың кілемдерінің үстінде аяқ киіммен жүру әдепке қайшы. Аяғым мен жер арасында бір құрал болып, оның төсенішін басуды өзіме рұқсат деп санамаймын» дейтін. Сол күннен кейін оған «жалаң аяқ» деген мағынадағы «Хафи» лақабы берілді. Үлкен ғұлама және әулие болғаны сонша, жұртшылық оны «Бишри Хафи хазрет» дейтін болды.

 

Бишри Хафи хазрет бір күні былай деді:

«Түсімде Расулуллаһты көрдім, менен «Аллаһу та'аланың сені неліктен үстем қылғанын білесің бе?» деп сұрады. Мен «Жоқ» дегенімде «Сүннетімді ұстанғаның, салихтарға қызмет еткенің, дін бауырларыңа насихат айтқаның, әһли бәйтімді (отбасымды, ұрпақтарымды) және сахабаларымды жақсы көргенің себебімен осы дәрежеге жеттің» деді»...