7 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     8 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ТӨРТІНШІ БӨЛІМ (Екінші тарау)

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ (Екінші тарау)

ЕКІНШІ ТАРАУ:

Қай кітаптан алынғаны және уақыты айтылмаған Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижреттен қайтыс болғанына дейін орын алған оқиғалар.

• Зәйд бин Әркам (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге Мәдиналық бір кісінің қасына бара жатқан кезімізде алдымыздан бір адамның шатыры шықты. Ол адам шатырға бір ұрғашы киікті байлап қойған еді. Киік ақырып, тілге келіп: «Йа, Расулаллаһ! Мына адам мені аулап алды. Менің алыста екі балам бар. Желіндерім сүтке толы. Бұл бәледен құтылайын десем бауыздамайды, барып екі баламды емізейін десем босатпайды» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) киікке «Егер сені босатсам, қайтып келесің бе?» деп сұрады. Ол «Келемін. Егер келмесем, Аллаһу та'ала маған он адамның азабын берсін» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) киікті босатып жіберді. Киік кетіп, ұзақ уақыт өтпей қайтып келді. Тілімен еріндерін жалап тұрған еді. Расулуллаһ оны шатырға қайтадан байлап қойды. Сол кезде шатырдың иесі қолында бір саба сумен келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мына киікті маған сатасың ба?» деп сұрағанда әлгі адам «Йа, Расулаллаһ, сізге бердім» деді. Расулуллаһ киікті босатып жіберді». Зәйд бин Әркам (радиаллаһу анһ) «Шөл далада киіктің «Лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ» деп жүргенін көрдім» деген.

• Сәләмә бин әл-Әкуа (радиаллаһу анһ) айтып берді: «Бір күні Расулуллаһпен бірге (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір топ адамды көріп қалдық. Олар садақ атып жатқан еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оларға «Бұл жақсы ойын екен. Сендердің аталарыңның бірі мерген еді. Мен Ибн Әкуамен бірге болайын, садақ атудан жарысып көрейік» деді. Ол топтағылар садақ атуды тоқтатты. «Неге атпайсыңдар?» деп сұрағанда олар: «Йа, Расулаллаһ! Сіз Ибн Әкуамен бірге болсаңыз, бәрімізді жеңесіз» десті. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Онда мен жалғыз өзім бәріңе қарсы болайын» деді. Сол күні кешке дейін садақ атты. Кеш болып, қайтпақ болғанда кім ұтқанын тексеріп қараса, тең түскен екен».

• Әбу Саид Худри (радиаллаһу анһ) жеткізген: «Мәдинаның айналасында бір қойшы қой бағып жүрген еді. Бір қасқыр отардан бір қойға шапты. Қойшы оны қайтарып, бөгет болды. Сонда қасқыр құйрығына отырып, тілге келіп: «Аллаһу та'аладан қорықпайсың ба? Менің ризығыма бөгет болдың ғой!» деді. Қойшы таңырқап «Бұл неткен ғажайып, қасқыр адамша сөйлеп жатыр» дегенде қасқыр «Бұдан да ғажайыбы, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинада халыққа өткен үмбеттердің жағдайларын хикаялап жатыр» деді. Қойшы асығып қойларын айдап, Мәдинаға жақын жерге келді. Қойларды қауіпсіз жерге қалдырып, өзі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барды да, басынан өткен оқиғаны айтып берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыртқа шығып, қойшыға «Қасқырдың саған сөйлегендерін жұртқа айтып бер» деді. Қойшы биік жерге шығып, болған оқиғаны толық айтып берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қойшы рас айтады. Жыртқыш жануарлардың адаммен сөйлесуі қияметтің белгілерінен» деді.

• Ихбан бин Увәйс Хузаа тайпасының қойларын жайып жүрген еді. Кенеттен бір қасқыр отардан бір қойды жұлып кетті. Ихбан «Уаллаһи, мен осыншалықты залым қасқыр көрген емеспін» деп қойды қасқырдан алу үшін артынан жүгірді. Қасқыр тілге келіп: «Ей, Ихбан! Аллаһу та'аланың маған берген несібесінен мақұрым еткің келді ме?» деді. Ихбан аң-таң болып, «Неткен ғажайып, қасқыр сөйледі» деді. Қасқыр: «Бұдан да ғажайыбы, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинада сендерге Аллаһу та'аланың кітабын уағыздап жатыр, сендер одан бейхабарсыңдар» деді. Ихбан «Егер мен Мұхаммедке (алейһиссалам) барсам, онда қойларға кім қарайды?» деді. Қасқыр: «Маған жететін қойды ажыратып берсең, қойларыңа мен қарайын. Ажыратқаныңнан артығына тиіспеймін» деді. Ихбан қасқырға бірнеше қой ажыратып беріп, отарды қалдырып, бір топ қойшылармен бірге Мәдинаға кетті. Мәдинаға жеткенде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалармен бірге отырған болатын. Ихбанды көріп: «Ей, Ихбан, қасқыр сөзінде тұрды» деді. Ихбан (радиаллаһу анһ) қасындағы қойшылармен бірге мұсылман болды.

• Сахабалардың бірі былай айтып берген: «Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір кісі ас алып келді. Біз жей бастадық. Расулуллаһ бір кесек ет алды. Қанша шайнаса да, мүбәрәк тамағынан өтпей қойды. Ақыр соңында аузынан шығарып тастады. Астан қолын тартты. Біз де Расулуллаһтың асты жемегенін көріп тоқтадық. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) асты алып келген адамды шақырып «Бұл асты қайдан алдың?» деп сұрады. Ол «Бұл қойдың еті, егесі келмей тұрып мен асығып, ақшасын кейін беремін деп сойдым. Соны пісіріп әкелдім» деп жауаптады. Сонда Расулуллаһ ол тамақтың тұтқындарға берілуін бұйырды.

• Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Аббасқа (радиаллаһу анһ) «Ей, Әбул Фадл! Мен келгенше үйіңде бол!» деді. Хазреті Аббас үйіне барып күтті. Сәске уақытында Расулуллаһ оның үйіне барып, үйдегілеріне сәлем берді. Олар сәлемге жауап берді. Кейін «Жиналып отырыңдар» деп бұйырды. Иығындағы жамылғысымен олардың үстін жауып «Йа, Раббым! Олар менің әһли бәйтім (жанұям). Оларды жамылғыммен жапқанымдай сен де оларды тозақ отынан қорға» деп дұға етті. Үйдің қабырғаларынан «Әмин, әмин» деген дауыстар естілді.

• Бір күні мухажир және ансар әйелдері (радиаллаһу анһуннә) бір жерге жиналған еді. Хазреті Фатиманың (радиаллаһу анһа) да келуі үшін Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) рұқсат сұраған еді. Хазреті Фатима ол жиынға киіп баратын әдемі киімі болмағандықтан барғысы келмеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бара ғой, Фатима! Біздің жолымызда ешкімді үмітсіз қалдыруға болмайды» деді. Хазреті Фатима ол жиынға қатысты. Мұңды болып қайтқан еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол жиынға қатысқан әйелдердің бірін шақырып, жиын туралы сұрады. Әйел: «Йа, Расулаллаһ! Фатима келгенде бүкіл әйелдер оның әдемі киімдеріне таңырқап қайран болды. Бір-бірінен «Мұндай әдемі киімді қайдан алған екен?» деп сұрасқан еді» деді. Хазреті Фатима «Йа, Расулаллаһ, неліктен маған олай көрінбеді, мен де қуанар едім ғой» деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ол киіміңнің әсемдігі сенің денеңе киіліп тұруында. Ол сенің көзіңнен жасырылғандықтан сен көрмедің» деп жауап берді.

• Йеменде бір су көзі бар еді. Ол суды кім ішсе, өлетін еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол суға хабар жолдап: «Бәрі мұсылман болды, сен де мұсылман бол» деді. Содан кейін ол суды ішкендерден ешкім өлмеді. Бірақ безгек ауруына шалдығатын еді.

• Сахабалардың бірі былай айтып берген: «Мәдинаға келіп иман келтірдім. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасынан еш айрылмайтын едім. Бір түні ақшам мен құптан уақыты арасында Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыртқа шықты. Маған исламның үкімдерін үйретті. Сол түні аспан күркіреп, найзағай жарқырады. Барлық жер тас қараңғы болып, құйып жаңбыр жауды. Біз «Йа, Расулаллаһ, үйімізге қалай қайтамыз?» деп сұрадық. Ол «Мен сендерді үйлеріңе жеткіземін. Сендерге ешқандай қиыншылық келмейді» деді. Кейін бізге «Күтіңдер» деді, біз күттік. Ол мешіттен сыртқа шықты. Айнала тас қараңғы еді. Аспаннан тоқтамай жаңбыр жауып тұрды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізге «Үйлеріңе қарай жүре беріңдер» деді. Біз үйімізге қарай жүре бастадық. Ешқайсымызға жаңбыр тимеді. Киімімізге су жұқпады».

• Ибн Аббас (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Өте келбетті, жүзі сұлу бір яһуди бар еді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбаттарына үзбей қатысып тұратын. Бір күні Расулуллаһ ол яһудиге «Сендей келбетті адамның тозақта жанатынына жаным ашиды» деді. Сонда яһуди «Мен дінімді біреу үшін тастамаймын» деді. Ол яһуди тағы бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатына келген болатын. Расулуллаһ хурилер (хор қыздар) туралы баяндаған: «Оларға ірі көзді (сұлу жүзді) хурилер де бар. Күн көзін көрмеген інжу секілді» деген «Уақиа» сүресінің 22-23 аяттарын оқыды. Ол яһуди «Йа, Расулаллаһ, ол хурилердің бірін маған алып беруге кепілдік бересіз бе?» деп сұрады. Расулуллаһ «Біріне емес, жетпісіне кепілдік беремін» деді. Яһуди иман келтіріп, мұсылман болды. Исламның бұйрықтарын толық ұстанды. Кейін қайтыс болды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оның жаназа намазын оқыды. Қабірге түсіріп, қабірінің ішіне түсіп ұзақ отырды. Қабірден шыққан кезінде маңдайы терлеген және көйлегінің жағасы жыртылған еді. Сахабалар (алейһимурридуан) мұның себебін сұрағанда «Қабірге көп хури қыздар бас салды. Бәрі бірден «Мен оған арналғанмын» деп таласып жатқан еді. Әрең дегенде жетпіс хури ажыратып бердік. Сол қарбаласта олар жағамды жыртты» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар, хазреті Осман және хазреті Әлимен (радиаллаһу анһум әжмаин) бірге бір күні Әбу Хәйсәм бин Тайханың үйіне барды. Әбу Хәйсәм «Қош келдіңіздер, йа Расулаллаһ және сахабалары! Үйімді қадірлендірдіңіз деп әрдайым сіздерге дарстархан жаюды қалайтын едім. Бүгін үйде аз ғана тамақ бар еді. Бірақ оны көршілерге бердім» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Өте жақсы істедің, Жәбрейіл алейһиссалам маған көрші туралы сондай көп өсиет айтты, тіпті көршілердің бір-біріне мирасшы болатынын ойлап қалдым!» деді. Үйдің бақшасында бір құрма ағашын көріп қалып «Ей, Әбу Хәйсәм, мына құрма ағашынан құрма жинауыма рұқсат бересің бе?» деп сұрады. Ол «Йа, Расулаллаһ! Ол құрма ағашы мүлде құрма салмады. Сіз білесіз» деді. Расулуллаһ «Аллаһу та'ала ол ағаштан көп құрма береді» деді де, Әлиге «Бір кесе су әкел» деп бұйырды. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір кесе су әкелді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кеседегі судың біразын ішті. Қалғанымен мүбәрәк аузын шайқап, сол құрма ағашының үстіне септі. Сол сәтте бірден құрма шоқтары байқалды. Құрманың бір бөлігі балғын, бір бөлігі кепкен еді. Олар құрмаларды жинап алды. Бәріне жететін шамада еді. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Бұл Аллаһу та'аланың сендерге қиямет күні беретін ниғметтерінен» деді.

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір соғыста менен «Ей, Әбу Хурайра, жейтін бір нәрсең бар ма?» деп сұрады. Мен «Йа, Расулаллаһ, дорбамда бірнеше құрма бар» дедім. «Әкел» деді, мен бердім. Мүбәрәк қолын дорбаның ішіне салып, құрма шығарды. Ол құрмаға мүбәрәк қолын тигізіп, дұға етті. Кейін маған «Сахабалардан он кісі шақырып кел» деп бұйырды. Шақырып келдім, олар келіп сол құрманы жеді. Олар кеткен соң «Тағы он кісі шақыр» деді. Тағы он кісі шақырдым, олар да келіп, сол құрманы жеп кетті. Осылайша бүкіл әскерді он-оннан шақырдым. Бәрі құрма жеп тойды. Әлгі дорбаның ішінде әлі құрма бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған «Мына дорбаны сақтап қой, қолыңды ішіне сал, аузын төменге қаратып ашпа» деп бұйырды. Расулуллаһтың көзі тірісінде қай кезде дорбаның ішіне қолымды салсам, құрма шығарып жейтінмін, жұртқа да тарататынмын. Хазреті Әбу Бәкірдің, хазреті Омардың және хазреті Османның (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) халифалық кездерінде бұл жағдай дәл солай жалғаса берді. Хазреті Осман шәһид болған күні менің үйім де тоналған болатын, сол кезде сол дорбамды алып кеткен еді. Ол құрма дорбасынан екі жүз уәсктен астам құрма алған едім». Бір уәск – алпыс са’. [Бір са’ – 4,2 литр].

• Рашид бин Абди Раббих (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Көптеген тайпа табынатын Сува атты бір пұт бар еді. Кейбір тайпалар маған Сува пұтына алып баруым үшін бірталай сыйлықтар берді. Жолда кетіп бара жатқанда басқа бір пұтқа кезіктім. Ол пұттың ішінен «Абдулмутталиб ұлдарынан бір пайғамбар шықты. Зинаны, өсімді және пұттарға арнап құрбан шалуды харам етті. Бұл мәселе зейін салуға тұрарлық. Аспаннан шайтандардың жарқыраған отпен хабар ұрлаудан қуылуы да таңқаларлық жағдай» деген дауыс естідім. Ал басқа бір пұттың ішінен: «Жұрт табынып жүрген Димад теріске шығарылды. Намаз оқитын, ораза ұстауды және зекет беруді бұйыратын пайғамбар шықты» деген дауыс естілді. Басқа бір пұттан: «Иса бин Мәриямнен кейін пайғамбарлыққа және хидаятқа қауышуға себепкер болуға мұрагер кісі – құрайштан шыққан Ахмед» деген дауыс естілді. Кейін Сува атты пұтқа бардым. Қарасам, екі түлкі сол пұттың айналасында жүрген екен. Пұтты тілдерімен жалап және қасына қойылған сыйлықтарды жеп жүр екен. Кейін аяқтарын көтеріп, пұттың үстін зәрімен ластады. Мен бұл жағдайды өлең күйінде былай жырладым:

Түлкі басына зәрін шашқан зат құдай болар ма сірә,

Түлкі үстін зәрмен ластаған зат, әлбетте бейшара.

 

Бұл оқиға Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға хижрет еткен кездерінде орын алған болатын. Осы оқиға басымнан өткен соң мен Мәдинаға бардым. Ол кездері менің есімім Залым болатын. Қасымда итім бар еді. Оның аты Рашид еді. Расулуллаһтың алдына барғанымда менің есімімді сұрады. Мен «Есімім Залым» дедім. Итімнің атын сұрап еді, «Рашид» дедім. Сонда Ол «Сенің есімің Рашид, итіңнің аты Залым болсын» деді. Мен иман келтіріп, мұсылман болдым. Кейін Расулуллаһтан өз елімнен жер сұрадым. Маған бір ат шабатындай және үш тас лақтыратындай кеңдікте жер берді. Бір торсық су берді. Ол судың ішіне мүбәрәк аузының суын қосты да, «Мына суды саған берілген жерге төк. Су сенен артатын болса, жұртқа да бер, олар да алсын» деп бұйырды». Ол суды өзіне ажыратылған жерге төкті. Ол жерден тәтті бұлақ шықты. Ол жерге құрма ағаштарын екті. Сол аймақтың халқы шипа ниетімен сол бұлақтың суымен жуынатын. Ол суды ел «Ма’ур-Расул (Расулуллаһтың бұлағы) деп атап кетті. Риуаят етілуі бойынша, Рашид (радиаллаһу анһ) жер телісінде бір жартасты домалатқан болатын. Бұл адамның күшімен атқарылатын іс емес делінген.

• Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларымен бірге (радиаллаһу анһум әжмаин) отырған еді. Сол кезде түйе мінген біреу келді. Шаршаған және ұйқышыл түрінен жол жүріп келе жатқаны аңғарылған еді. «Араларыңда Мұхаммед кім?» деп сұрады. Сахабалар Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрсетті. Сонда ол «Йа, Мұхаммед! Әуелі сен Аллаһу та'аланың саған бұйырғандарын айтасың ба, әлде мен пұттардан естігендерімді айтып берейін бе?» деді. Әуелі Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған иманды түсіндірді. Кейін ол адам былай айтып берді: «Менің есімім Ғассан бин Малик Амир. Біздің елімізде бір пұт бар еді. Оның алдында біз құрбанымызды шалатын едік. Бір күні Исам есімді біреу ол пұттың алдында құрбандық шалды. Кенеттен ол пұттан «Ей, Исам, ей, Исам, уақыт болды, ислам келді. Пұттардың қате екені жария болды. Босқа қан төгуге тыйым салынды. Сыла-и рахм (туыстармен араласу) әмір етілді. Тәухид сенімі айқындалды, уәссәләм» деген дауыс естілгенін және қорыққанын маған айтып берді. Кейін тағы Тариқ есімді біреу де сол пұттың алдында құрбандық шалғанда «Ей, Тариқ, ей, Тариқ, сенімді пайғамбар жіберілді. Азиз жаратқаннан анық уахимен келді» деген дауыс естігенін айтты. Сен туралы хабар біздің аймақта тарап кетті. Осыларды естіген соң бірнеше күннен кейін мен де сол пұттың алдында құрбандық шалдым. Құрбандық шалған соң ол пұттың ішінен жоғары дауыспен, анық сөзбен «Ей, Ғассан! Тихамадан (Хижаздан) шыққан пайғамбар – хақ. Оған бағынғандар саламаттық табады. Онымен қақтығысқандар өкінеді. Оның исламға шақыруы қияметке дейін жалғасады» дегені естілді. Бұларды пұттан естігеннен кейін пұт өз-өзінен жерден суырғандай көтеріліп, етбетімен жерге құлады». Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және сахабалар (радиаллаһу анһум әжмаин) мұны естігенде «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтты. Ғассан бин Малик «Йа, Расулаллаһ, осы себеппен үш өлең шумағын жаздым. Рұқсат берсеңіз сол өлең шумақтарын оқиын» деп сұрады. Рұқсат беріліп, ол өлең шумақтарын оқып берді.

• Аббас бин Мирдас (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Ыстық күнде түйелерімнің арасында отырған едім. Кенеттен ақ түйеқұсқа мінген аппақ киімді біреу алдыма келді. Маған «Ей, Аббас бин Мирдас! Сейсенбі күні жақсылық және тақуалықпен жіберілген және Қусва түйесінің егесі болған адамды көрмедің бе?» деп сұрады. Мен қорқып кеттім де, түйелерімнің арасынан шығып, табынып жүрген димад атты пұтымның қасына бардым. Пұттың ішінен мынадай дауыс шықты: «Сүлейм ұлдары тайпаларына айт, Мұхаммед алейһиссаламға салауат пен сәлем келгенге дейін бұрыннан табынылып жүрген димад пұты құлады және мешіт жұртшылығы одан құтылды. Мәриәм ұлы Исадан (алейһиссалам) кейін пайғамбарлықты және хидаятты әкелген кісі – құрайш тайпасынан бір пайғамбар». Пұттан мұны естігенде қатты қорықтым. Бұл жағдайды тайпама барып айтып бердім. Бәни Хариса тайпасынан үш жүз адам жиналып, Мәдинаға бардық. Мешітке кіргенде Расулуллаһ маған қарап күлімдеді. «Ей, Аббас, қалай мұсылман болдың?» деп сұрады. Басымнан өткен оқиғаларды айтып бердім. «Дұрыс айтасың» деді де, өте риза болды. Бәріміз Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында мұсылман болдық».

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Хузәйм бин Фатек (радиаллаһу анһ) бір күні әмир-ул мүминин хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) «Қалай мұсылман болғанымды айтып берейін бе?» деді. Ол «Айтып бер» дегенде былай баяндады: «Түйемді жоғалтып алған едім. Оны іздеп жүргенде кеш болды. Қорқынышты сайда жалғыз қалдым. Дауысымды шығарып: «Бұл жердегі жамандардың зиянынан бұл алқаптың қадірлісіне сиынамын» дедім. Сол мезетте бір дауыс естідім, «Обал-ай, Жәлил болған, ниғметтерді беретін ұлы Аллаһқа сиын» деген еді. Мен «Ей, дауыс иесі, айтқаның хақ па, адасушылық па?» деп сұрап едім, тағы былай деді: «Аллаһу та'аланың мұғжизалар иесі пайғамбары Мәдинада адамдарды қайырымға шақыруда. Намаз оқуды және ораза ұстауды бұйыруда. Адамдардың бос ойын-сауықпен айналысуына тыйым салуда». Бұларды естігенде түйеме міндім де, Мәдинаға қарай жолға шықтым. Мәдинаға барған күнім жұма еді. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) мешіттен шығып қасыма келді. «Мешітке кір, бізге сенің мұсылман болғаның туралы хабар келді» деді. «Мен дәрет алуды білмеймін» деп едім, ол маған үйретті, дәрет алып мешітке кірдім. Ішке кіргенімде мінберде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім. Мүбәрәк жүзі айдың он төртінші күніндей жарқырап тұрды. Ол «Мұсылман кісі шарттарына сай дәрет алса, кейін толық зейінмен намазын үздіксіз оқыса, міндетті түрде жәннатқа кіреді» деп жатқан еді».

Бұл оқиға басқа бір риуаят бойынша мынадай: Хузәйм бин Фатек (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Маған сөйлеген және көрінбеген біреуден мен «Сен кімсің?» деп сұрадым. «Мен Малик ибн Маликпын. Нәжид жындарының көсемімін. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында иман келтіргеннен кейін Ол мені Нәжид жындарын Аллаһу та'алаға иман келтіруге шақыруға міндеттеді. Ей, Хузәйм! Қазір сен дереу Мәдинаға бар, Расулуллаһтың алдына барғаныңда иман келтіріп мұсылман бол! Мен сенің түйеңді тауып, үйіңе апарып, жанұяңа тапсырамын» деді. Мен Мәдинаға бардым, жұма күні еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мінберде хұтба оқып жатқан еді. Мен түйемді мешіттің алдына байлайын, олар намазын оқып болсын, кейін мешітке кіремін, сол кезде жағдайымды айтып берермін деп ойладым. Бір кезде Әбу Зәр (радиаллаһу анһ) мешіттен сыртқа шықты. «Қош келдің, ей, Хузәйм! Мені саған Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жіберді. Сенің мұсылман болғаныңды хабарлады. Мешітке кір де, жамағатпен бірге намаз оқы» деді. Мен мешітке кірдім де, жамағатпен бірге намаз оқыдым. Кейін Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына жақындадым. Маған жағдайымды айтып берді де «Досың сөзінде тұрды, түйеңді тауып, жанұяңа тапсырды» деді». «Шәуаһид-ун нубуввә» кітабының авторы былай жазған: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы кезінде жындарда орын алған оқиғалар өте көп. Олар кітаптарға жазылған болатын. Біз қысқаша осынша жаздық».

• Әмир-ул мүминин Омар (радиаллаһу анһ) бір күні бір жерде отырған еді. Алдынан бір кісі өтті. Қасындағылар: «Мына өткен адам Сәуад бин Кариб. Оның жын досы оған Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шыққанын, пайғамбар болғанын хабар берген» десті. Әмир-ул мүминин хазреті Омар (радиаллаһу анһ) оны шақырып, «Бұрынғыдай көріпкелдікпен айналысып жүрсің бе?» деп сұрады. Сәуад бин Кариб қатты ашуланып, «Ей, әмир-ул мүминин! Осы күнге дейін ешкім маған осылай бетіме қарап сөйлемеген еді, сен сөйледің» деді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) «Ашуланба, өйткені сенің көріпкелдігің біздің бұрынғы ширкімізден жаманырақ емес еді. Бізге айтып бер, жын досың саған Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығын қалай хабарлады?» деді. Сонда Сәуад бин Кариб былай айтып берді: «Бір түні ұйқы мен ояу арасында бір күйде отырған едім. Әлгі жын келіп, аяғымен түртіп, «Тұр, ей, Сәуад! Егер ақылды болсаң, сөзімді мұқият тыңда! Расында Аллаһу та'ала Лууәй бин Ғалиб ұлдарынан бір пайғамбар жіберді. Ол халықты Аллаһу та'алаға ғибадат етуге шақыруда» деді. Мұны түсіндіру үшін маған көптеген өлең шумақтарын оқыды. Мен «Тиіспе маған, кеше түнде ұйықтай алмадым, ұйқым келіп тұр» деп ілтипат етпедім. Екінші түні қайтадан келіп, тағы солай айтты. Мен тағы солай жауап бердім. Үшінші түні қайтадан келіп, сол сөздерді айтты. Мен тағы солай жауап бердім. Бірақ бұл жолы оның айтқаны маған қатты әсер етті. Таңертең Мәдинаға бардым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларымен отырған еді. Мен «Йа, Расулаллаһ! Бір нәрсе айтсам бола ма?» деп сұрадым, Ол рұқсат берді. Жағдайымды айтып бердім де, соңында мына мағынада өлең оқыдым:

Куәлік етемін, Аллаһтан өзге құдай жоқ,

Көрінетін, көрінбейтін барлық нәрседен сен сақсың!

Ей, қадірлі аталардың ұлы, сен Аллаһқа арашысың,

Пайғамбарлардың ең үстемі сенсің.

Ей, жаһанның көркемі, бізге бәрін хабарла,

Шашымыздың әр қылы ағарып кетсе де,

Сенен басқа шапағатшы жоқ заманда,

Сәуад бин Карибке сен шапағатшы бол сонда.

 

Мен басымнан өткендерді айтып бергенде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және сахабалары риза болды. Расулуллаһтың риза болғаны мүбәрәк жүзінен байқалып тұрды». Хазреті Омар Сәуад бин Карибтен мұны естігенде «Бұл оқиғаны өзіңнен естігім келген. Әлхамдулиллаһ, нәсіп болды» деді. Кейін «Әлгі жын саған әлі кеп тұра ма?» деп сұрады. Сәуад бин Кариб «Жоқ, Құран кәрім оқи бастағанымнан бері келген емес. Құран оқу маған сол жынның сөзінен әлдеқайда жақсырақ» деді.

• Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мені халық арасында исламның үкімдерімен үкім шығаруым үшін Йеменге қазы ретінде жіберді. Мен «Йа, Расулаллаһ! Мен ғалым емеспін. Қазы болатындай үкімдерді білмеймін» дедім. Ол мүбәрәк қолын кеудеме қойып, «Йа, Раббым! Жүрегіне хидаят бер және тіліне тура бағыт бер» деп дұға етті. Одан кейін екі адам арасында үкім беруде мүлде күмәнға түспедім».

• Тағы хазреті Әли (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған «Менің түйеме мініп Йеменге бар. Йеменнің маңындағы пәлен қырға жетіп, үстіне шыққанда халықтың сені қарсы алуға шыққанын көресін. Ол жақта тасқа, топыраққа «Расулуллаһ сендерге сәлем жолдады» деп айт» деді. Мен әлгі қырға жеткенде халықтың мені қарсы алуға жиналғанын көрдім. «Әссәләму алейкум, ей, тастар, топырақтар! Расулуллаһ сендерге сәлем айтты» дедім. Сол мезетте кенеттен жер бетінен бір гуіл мен гүріл естілді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сәлеміне солай жауап берді. Мені қарсы алуға шыққандар бұл жағдайды көріп иман келтірді».

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, «Йа, Расулаллаһ! Сізден естігендерімді ұмытып қала беремін» деп дертін айтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Шапаныңды жерге төсе» деп бұйырды. Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) шапанын жерге төседі. Расулуллаһ мүбәрәк қолын созып, ауадан бір немесе үш рет бір нәрсе алып, шапанның ішіне қойды. Кейін «Шапаныңды жинап ал да, кеудеңе қой» деп бұйырды. Әбу Хурайра бұйырғанындай істеді. Одан кейін естігендерінің ешқайсысын ұмытпайтын болды.

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Анам мүшрик әйел еді. Исламға қанша шақырсам да, қабыл етпеді. Бір күні тағы оны исламға шақырдым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туралы бір нәрсе айтты. Соған мен қатты ренжідім. Жылап Расулуллаһтың алдына бардым. Осы жағдайды айтып беріп, «Йа, Расулаллаһ, бір дұға етсеңіз, Аллаһу та'ала Әбу Хурайраның анасына иман нәсіп етсін» дедім. Ол «Йа, Раббым, Әбу Хурайраның анасына хидаят бер» деп дұға етті. Анама сүйінші айтайын деп үйге бардым. Үйдің есігі ілулі тұрғанын көрдім. Іштен судың дауысы шығып тұрған еді. Ғұсыл құйынып жатқанын түсіндім. Анам іштен: «Ей, Әбу Хурайра, біраз сабыр сақта» деді. Біраздан кейін киімін киіп, есікті ашты да, «Инни әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә Расулуһу» деп мұсылман болғанын хабарлады. Мен дереу жүгіріп Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына бардым. Қуанышымнан жылап, «Сүйінші, йа, Расулаллаһ, анама жасаған дұғаңыз қабыл болды» дедім. Кейін «Йа, Расулаллаһ, тағы бір дұға етсеңіз, Аллаһу та'ала адамдардың жүрегінде мені және анамды сүйікті қылсын және оларды да біздің жүрегімізде сүйікті қылсын» деп сұрадым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) солай дұға етті. Сол күннен бері менің атымды естіп, мені жақсы көрмеген ешбір мүмин жоқ».

• Бір яһуди Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үшін сүт сауған еді. Ол «Йа, Раббым, оған көріктілік, әдемілік бер» деп дұға етті. Ол яһудидің шашы жетпіс жасына дейін ағармады.

• Набиға есімді бір ақын бір күні өлеңін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арнап оқып берді. Расулуллаһ ол туралы «Аллаһу та'ала ауызыңды бұзбасын, шашылмасын» деп дұға етті. Набиға жүз жиырма жыл өмір сүрсе де, ауызынан бірде-бір тісі түспеді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолын Қайс бин Зәйдтің басына қойып, «Ей, Қайс! Аллаһу та'ала саған берекет берсін» деп дұға етті. Қайс бин Зәйд жүз жыл өмір сүрді және оның мүлде басы ауырмады. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолы тиген шаштары мүлде ағармады және өзі де еш қартаймады.

• Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Соғыстардың біріне Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге шыққан болатынмын. Бір күні бір ағаштың көлеңкесінде отырғанымда Расулуллаһ отырған жеріме келді. Мен «Йа, Расулаллаһ! Көлеңке жерге отырыңыз» дедім. Ол отырды. Менде қияр бар еді, шығарып Расулуллаһқа бердім. «Мұны қайдан таптың?» деп сұрады. «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), Мәдинадан алып келдім» деп жауаптадым. Менің түйелерімді жайып жүрген досым бар еді, сол кезде ол да қасымда еді. Үстінде ескі киімі бар еді. Сол күйі кетіп қалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған «Мына досыңның үстіндегі киімінен жақсырақ киімі жоқ па?» деп сұрады. Мен «Йа, Расулаллаһ! Тағы екі киімі бар, мен берген едім. Дорбасында сақтап жүр» деп едім, «Досыңды шақыр, сол киімдерін кисін» деді. Оны шақырып алдым, ол дорбасындағы киімдерін киіп кетті. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Досыңның жағдайы не болатынын білесің бе? Аллаһу та'ала оның тағдырына жазған өлім осы соғыста болады» деді. Досым бұл сөзді естіп, «Йа, Расулаллаһ, Аллаһ жолында өлемін бе?» деп сұрады. «Иә» деген жауап естіді. Ол сол соғыста шәһид болды (радиаллаһу анһ)».

• Соғыстардың бірінде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түйесі жоғалып кетті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Аллаһу та'аладан ол түйені кері қайтаруын тілеп дұға етті. Аллаһу та'ала боран жіберді. Боран түйені алдына түсіріп, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айдап әкелді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолын Ханзала бин Хузәймнің (радиаллаһу анһ) басына қойды. Расулуллаһ оған «Аллаһу та'ала саған береке берсін» деп дұға етті. Біреудің бетінде немесе бір малдың желінінде ісік болса, Ханзала (радиаллаһу анһ) сол ісікке үрлеп, кейін қолын өз басына қойып, «Бисмиллаһ алә әсәр-и йәд-и Расулиллаһ» [Расулуллаһтың қолының әсерімен...]дейтін. Кейін қолымен сол ісікті сипайтын. Ісік дереу жоқ болып кететін.

• Хабиб бин Фувәйк (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Көзіме ақ түсіп, мүлдем көрмей қалдым. Әкем мені Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына апарды. Менен «Көздеріңе не болды?» деп сұрады. Мен «Бір күні түйемді айдап келе жатқанда аяғым жыланның жұмыртқасына тиіп кетті. Сол мезетте көзімді ақ басты, көрмей қалдым» деп жауап бердім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк тынысымен екі көзіме үрледі. Сол мезетте көзім көре бастады». Хабиб бин Фувәйк сексен жасқа келсе де көзі жақсы көретін және өзі инеге жіп өткізе алатын.

• Бір адам сол қолымен тамақ жейтін. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Неліктен оң қолыңмен жемейсің?» деп сұрады. Ол адам өтірік айтып «Оң қолыммен жей алмаймын» деді. «Оң қолыңмен жей алмай қал» деді. Сол күннен кейін ол адам оң қолын аузына еш жақындата алмай қалды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір жұма күні хұтба оқып жатқан еді. Мешітке біреу кіріп, «Йа, Расулаллаһ, қойларымыз құрып барады. Жолда келіп-кететін керуендер де азайып барады. Дұға етіңіз, Аллаһу та'ала бізге жаңбыр берсін» деп өтінді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолдарын жайып «Аллаһым, бізге жаңбыр бер, Аллаһым, бізге жаңбыр бер, Аллаһым, бізге жаңбыр бер» деп дұға етті. Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Аспанда бірде-бір бұлт жоқ еді. Кенеттен таудың арғы жағынан қалқандай бұлт көрінді. Аспанның ортасына келгенде жайылып, барлық жерді қаптады. Кейін жаңбыр жауа бастады. Бір апта бойы күн көзін көрмедік. Келесі жұма күні келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хұтба оқып жатқанда бір кісі мешітке кіріп, «Йа, Расулаллаһ, малымыз жаңбырдан құрып барады, жолдар жабылды. Дұға етіңіз, жаңбыр тоқтасын» деп өтінді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолдарын жайып, «Аллаһым, біздің үстімізге емес, айналамызға аудыр. Тауларға, қырларға, алқаптарға, бауларға жібер» деп дұға етті. Мешіттен шыққанымызда жаңбыр тоқтап, күн шығып, дала жарқырап тұрған еді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осыған ұқсас мұғжизалары көп байқалған».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Уруә бин Әбил Жа’д Барақиға бір қой сатып алуы үшін бір динар берді. Ол барып, бір динарға екі қой сатып алды. Кейін бір қойды бір динарға сатты. Бір қой және бір динармен Расулуллаһтың алдына келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған «Аллаһу та'ала сені және саудаңды берекелі қылсын» деп дұға етті. Уруә (радиаллаһу анһ): «Куфа базарында қырық мың дирхам табыс көрмей қайтпайтынмын» деп айтып берген. Риуаят бойынша, Уруә (радиаллаһу анһ) Куфаның байларының қатарында болған.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Са’д бин Әби Уаққасқа (радиаллаһу анһ) былай дұға етті: «Йа, Раббым! Са’д дұға еткенде оның дұғасын қабыл ете көр!» Осы дұғадан кейін Са’д бин Әби Уаққастың барлық дұғасы қабыл болды.

• Мәдлук (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Қызметшілеріммен бірге Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп иман келтірдім. Расулуллаһ мүбәрәк қолымен басымды сипады. Басымның Расулуллаһ ұстаған жері ағармады. Басқа жерлері ағарып кетті».

• Жуайл Әшжаи (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Бір соғыста Расулуллаһпен бірге едім. Атым өте арық еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қамшысымен атымды бір ұрды да, «Аллаһым, мына атты оған берекелі қыл» деп дұға етті. Одан кейін атымның басын ұстай алмайтын болдым. Аттардың бәрін озатын едім».

• Әнәс (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) біреудің намаз оқып жатқанын көрді. Ол адам сәждеге жығылғанда шашы жерге тимесін деп қолымен ұстап тұрған еді. Расулуллаһ «Аллаһым, оның шашын жаман қыл» деп дұға етті. Ол адамның бүкіл шашы түсіп қалды».

• Саләба бин Хатиб Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, «Йа, Расулаллаһ, мал-мүлкімнің көп болуы үшін дұға етіңіз» деп өтінді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ей, Сәләбә! Шүкірін жасай алатын аз мал-мүлік шүкірін жасай алмайтын көп мал-мүліктен жақсы» деді. Саләба қайтадан «Йа, Расулаллаһ, дұға етіңіз, Аллаһу та'ала маған көп мал-мүлік берсін» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Обал-ай, ей, Саләба, мен сияқты болғың келмей ме?! Егер мына таулардың алтынға айналуын және менің қасымда ілесіп жүруін тілесем, орындалатын еді» деді. Саләба тағы да: «Йа, Расулаллаһ, дұға етіңіз, Аллаһу та'ала маған көп мал-мүлік берсін. Сізді хақ пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ хаққы үшін, мал-мүлкіммен маған жүктелетін барлық міндеттерді орындаймын» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайталап: «Ей, Саләба, шүкірін жасай алатын аз мал-мүлік шүкірін жасай алмайтын көп мал-мүліктен жақсы» деді. Бірақ Саләба дегенінен қайтпай қайтадан: «Йа, Расулаллаһ, дұға етіңіз, Аллаһу та'ала маған көп мал-мүлік берсін» деді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Аллаһым, Саләбаны көп мал-мүлікпен ризықтандыр» деп дұға етті. Саләба бірнеше қой сатып алды. Аллаһу та'ала ол қойларға сондай берекет берді, қойлар көбейіп, Мәдинаға сыймайтын болды. Ол қойларын айдап Мәдинаның сыртына шығып кетті. Күндіз мешітке намазға келетін, кешке келмейтін еді. Қойлары уақыт өте одан сайын артты. Ол тым алысқа кетіп қалды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітіне жұмадан жұмаға келетін болды. Қойлары одан сайын көбейгенде мүлде алысқа кетті де, мешітке және жамағатқа мүлде келе алмайтын болды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұзақ уақыт бойы Сәләбаны көрмеген соң жағдайын сұрады. Сахабалар ол туралы айтып берді. Сонда «Қап, Саләбә бин Хатибқа обал-ай» деді.

Біршама уақыттан кейін Аллаһу та'ала ауқатты, бай кісілерге зекет беруді парыз қылды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) байлардың зекетін жинауға екі адамды міндеттеді. Оларға «Саләбаға және Бәни Суләйм тайпасында бір бай кісі бар, соған барыңдар» деп бұйырды. Әлгі екі кісі Сәләбаға барып, зекет сұрады. Сәләба «Қолдарыңдағы хатты көрейін» деді. Хатты көрген соң «Сендердің сұрағандарың кәдімгі салық қой. Сендер басқалардан жинап көріңдер» деді. Әлгі екі сахаба ол жақтан кетіп, басқа жерге барды. Сүләйм тайпасындағы бай кісі олардың зекет алуға келгенін естігенде оларды күтіп алды. «Зекет ретінде түйелерімнің арасынан ең жақсыларын алыңдар» деді. Зекет жинаушылар «Саған парыз болған зекет бұдан аз ғой» деп еді, әлгі бай кісі «Осы жақсы түйелерді алыңдар. Аллаһу та'аланың разылығына малымның ең жақсысымен жетейін» деді. Кейін екі сахаба қайтадан Сәләбаға барды. Саләба тағы «Хатты көрсетіңдер» деді. Хатты көрсеткен соң «Бұл салық, сендер бара беріңдер, мен біраз ойланайын» деді. Екі сахаба Мәдинаға қайтып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барды. Олар сөзін бастамай тұрып Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Қап, Саләба бин Хатибқа обал» деді. Ал Сүләйм тайпасынан зекетін берген бай кісіге берекеті артуын тілеп дұға етті. Аллаһу та'ала Саләба туралы [«Тәубе» сүресінің 75-76 аяттарында]: «Олардың біреулері Аллаһқа былай анық сөз берген еді: Егер бізге қамқорлығы мен жомарттығынан нәсіп етсе, міндетті түрде зекетін береміз, шынымен салихтардан боламыз. Аллаһ жомарттығын танытып, тілегенін берген кезде сараңдық көрсетіп, теріс бұрылды. Онсыз да бұйрықтан қашып жүрген еді» деді. Саләбаның тайпасы мұны естігенде Саләбаға хабар беріп, «Құрыдың, Аллаһу та'ала сен туралы аяти карима жіберді» десті. Саләба Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, «Малымның зекетін қабылдай көріңіз» деді. Расулуллаһ «Аллаһу та'ала сенің зекетіңді қабылдауыма маған тыйым салды» деп жауап берді. Саләба жылап, іші удай ашыды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мұның бәрін сен өзің істедің! Саған айтқан едім, сөзімді тыңдамадың!» деді де, зекетін алмай қойды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болған соң Саләба зекетін хазреті Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) әкеліп, «Йа, Әмир-ул мүминин! Зекетімді қабылдаңыз» деді. Хазреті Әбу Бәкір «Мен Расулуллаһтың қабылдамағанын қалайша қабылдайын?» деді. Кейіннен хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) әкелді. Ол да қабылдамады. Бірақ хазреті Осман (радиаллаһу анһ) халифа кезінде өз ижтиһадына қарай қабыл алды. Саләба хазреті Османның (радиаллаһу анһ) халифа кезінде қайтыс болды.

• Қатадә бин Мәлжан Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келген еді. Расулуллаһ мүбәрәк қолымен оның бетін сипады. Қатадә (радиаллаһу анһ) қартайып, барлық мүшелерінде кәрілік белгілері байқалғанымен, жүзі жас кезіндегідей қалды. Мұны риуаят еткен адам былай айтқан: «Қатадә (радиаллаһу анһ) қайтыс болған кезінде мен қасында едім. Сол кезде артымнан бір әйел өтті. Ол әйелдің түрін Қатадәнің (радиаллаһу анһ) жүзінен айнадан көргендей көрдім».

• Жабир (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) базарда жүргенде бір әйел айқайлап «Йа, Расулаллаһ! Менің күйеуім бар, мені қинай береді. Хақымды орындамайды. Мені одан ажырастырыңыз» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол әйелдің күйеуін шақыртты. Ол адам келіп: «Йа, Расулаллаһ! Мен оны әрдайым қадірлеп жүремін. Оны ренжітпеймін, жақсы қараймын» деді. Әйел жылап жіберді де, «Өтірік айтады. Өтірікте еш қайыр жоқ. Мен өтірікшінің жары болғым келмейді» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күлімдеді. Әйелдің орамалының бір ұшын, күйеуінің де басын ұстап, «Йа, Раббым, бұлардың арасына татулық пен махаббат нәсіп ет» деп дұға етті». Жабирдың (радиаллаһу анһ) айтуынша, әлгі әйел бір айдан кейін Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді де, «Мен куәлік етемін, сіз Аллаһу та'аланың Расулысыз. Бұл өмірде маған күйеуімнен сүйікті ешкім жоқ» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) біреуді бір жұмыспен бір жерге жіберді. Ол адам келіп, сол туралы өтірік айтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған қарғыс айтты. Ол адам қарны жарылып өлген күйде табылды. Жерлеген кезде жер қабылдамады.

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Бір күні аспан бұлтты еді. Барлық сахабалар (алейһимурридуан) мешітте жиналған едік. Бесін намазы уақытының шығуына аз қалды деп ойладық. Сол кезде біреу келді де «Әлі намаз оқымадыңдар ма?» деді. Біз «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйінде, шақыр» дедік. Ол «Әссалату (намаз), йа, Расулаллаһ» деп шақырды. Кейін үндемей отырды. Біраз уақыттан кейін тағы «Әссалату, йа, Расулаллаһ» деп айқайлады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ашуланған күйде қолында бір ағашпен сыртқа шықты. «Айқайлаған кім?» деп сұрады. Әлгі адам орнынан тұрып «Йа, Расулуллаһ, мен едім» деп жауаптады. Расулуллаһ қолындағы ағашпен оны ұрды. Кейін бәріміз намаз оқыдық. Аспан ашылып, бұлттар тарады. Сөйтсек, күн аспанның төбесінде екен. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Әлгі адам қайда?» деп сұрады. Ол алдына келді. Расулуллаһ айтты: «Мені қинадың. Шақырған кезіңде мен Раббыма ғибадат етіп жатқан едім. Бір қажеттілікпен Оған дұға етіп жатқан едім. Аллаһу та'ала мен намаз оқып болғанша күнді орнында ұстап тұрады. Кезінде Сүлеймман бин Дауд (алейһимассалам) дүниелік іспен айналысып жүргенде намаз уақыты шығып кеткен болатын. Аллаһу та'ала ол үшін күнді кері қайтарды» деді. Әлгі адам «Мен өш алмаймын» деді. Расулуллаһ «Олай болса, мені кешір» деді. Әлгі адам «Йа, Расулаллаһ! Кешірілуге негізінде мен мұқтажбын» деді. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оны азат ету үшін бір түйеге сатып алды да, «Әділеттік Раббымыздан» деді.

• Ибн Аббас (радиаллаһу анһума) былай айтып берді: «Бір адам Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді де, «Аллаһтың Расулы екеніңе не дәлелің бар?» деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құрма ағашын шақырып мұнда әкелсем иман келтіресің бе?» деп сұрады. «Иә» дегенде құрма ағашын қасына шақырып еді, ағаш келді. Әлгі адам дереу иман келтірді». Басқа бір риуаят бойынша, Расулуллаһ ол құрма ағашынан бір шоқ құрманы шақырған. Құрма шоғы ағаштан үзіліп жерге түсті де, секіріп-секіріп келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құрма шоғына «Орныңа бар» деп бұйырғанда орнына барды. Әлгі адам «Мен куәлік етемін, Сіз Аллаһтың Расулысыз» деп иман келтірді.

• Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әжетті өтеу үшін бір жазыққа шықты. Ыңғайлы жер таба алмады. Сахабалардың біріне: «Мына ағашқа айт, ана ағаштың қасына барсын» деді. Сахаба көрсетілген ағашты шақырды. Ағаш басқа ағаштың қасына барды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол ағаштардың артында әжетін өтеді. Кейін ол ағашқа «Орныңа қайт» дегенде ағаш бұрынғы орнына барды.

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір күні Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге Қуба тарапына бардық. Алдымыздан бір қабырға шықты. Ол жерде бір түйе бар еді. Түйе су таситын еді. Түйе Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көргенде басын жерге қойды. Сахабалар «Йа, Расулаллаһ, біз сізге сәжде етуге түйеден лайықтырақпыз» десті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Субханаллаһ, Аллаһу та'аладан өзгеге сәжде ету рұқсат болғанда еді, әйелдің күйеуіне сәжде етуін әмір етер едім» деді».

• Я’ла бин Субабә (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Бір күні Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге жолда кетіп бара жатқанда Ол әжетін өтегісі келді. Ол жерде қарама-қарсы тұрған екі құрма ағашы бар еді. Расулуллаһ әмір еткен кезде ол екі ағаш қосылып қатар тұрды. Артында әжетін өтеген соң ағаштар өз орындарына тұрды. Кейін Расулуллаһқа бір түйе келді. Мойнын жерге қойды. Ыңырсыды да, қатты жылағаны сонша, көз жасынан жер суланды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мына түйенің не дегенін білесіңдер ме?» деп сұрады. Біз «Аллаһу та'ала және Расулы жақсырақ біледі» дестік. Сонда «Егесі мұны ертең сояды екен» деді. Кейін түйенің егесін шақырып, «Мына түйені маған бер» деді. Ол адам «Йа, Расулаллаһ! Бұдан қымбат малым жоқ» деді. Расулуллаһ «Онда түйені сойма және ауыр жұмыс істеткізбе» деп бұйырды. Әлгі адам келісті. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір қабірдің басына барды. «Бұл қабірде жатқан адам бір күнә себебімен азапталып жатыр. Ол үлкен күнә емес» деді. Кейін құрма ағашының көшетін сол қабірдің үстіне отырғызды. «Мына құрма бұтағы жасарып тұрған уақыт бойы Аллаһу та'ала бұл адамның азабын жеңілдетеді» деді».

• Ибн Аббас (радиаллаһу анһума) былай айтып берді: «Бір адамның екі түйесі бар еді. Бір күні түйелер асауланып, құтыра бастады да, бір аулаға кіріп кетті. Түйелердің егесі ауланың есігін жапты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларымен бірге сол аулаға келді. Түйелердің егесіне есікті ашуын бұйырды. Ол адам Расулуллаһқа зияны тиетінінен қорқып, есікті ашқысы келмеді. Қайталап ашуын бұйырғанда есікті ашты. Түйенің бірі есіктің дәл қасында тұрған болатын. Расулуллаһты көргенде басын жерге қойып сәжде етті. Сол кезде оны байлап қойды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түйелердің егесіне «Бұларға қарап жүр, тағы асауланып кетпесін» деді. Сахабалар (алейһимурридуан) бұл жағдайды көріп, «Йа, Расулаллаһ, мына түйелер ештеңе білмесе де сізге сәжде етті. Сізге біздің сәжде етуіміз дұрысырақ емес пе?» десті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Мен ешкімнің ешкімге сәжде етуін бұйырмаймын. Егер бұйыратын болсам, әйелдің күйеуіне сәжде етуін бұйыратын едім» деді».

• Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге Меккенің жолында едік. Расулуллаһтың әдеті бойынша Ол әжетті өтеуге алысқа кететін еді. Оңаша жер таппайынша отырмайтын. Өйткені сол кезде көзге көрінуден қатты қысылатын еді. Толықтай жасырынатын еді. Дегенмен ол жақта ондай жер табылмады. Бір-бірінен алыс тұрған екі ағаш бар еді. Маған «Ей, Мәсуд, ана ағаштарға бар, оларға «Аллаһтың Расулы қосылып тұруларыңды бұйырды, қосылыңдар, оның көрініп қалуына бөгет болыңдар» деп айт» деді. Ағаштар бір-бірінің қасына келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әжетін өтеген соң ағаштар өз орындарына барды».

• Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) айтып берді: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдина көшелерінің бірінде жүргенде бір түйе шауып келіп, Расулуллаһтың алдында сәжде етті. Кейін басын көтерді. Түйенің көзінен жас аққан еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мына түйенің егесі кім?» деп сұрады. «Пәлен адам» деген жауап алғанда шақыруды бұйырды. Шақырып келген соң ол адам Расулуллаһтың алдына келді. Одан «Мына түйеге не істемекшісің, шағымданып жатыр ғой» деп сұрады. Әлгі адам «Йа, Расулаллаһ! Жиырма жыл бойы осы түйеммен су тасып жүрмін. Оны ұзақ уақыттан бері бағып келемін. Енді қазір семірді, соймақшымын» деді. Сонда оған: «Түйені маған сат немесе союдан бастартып, маған бер» деді. Әлгі адам «Бұл түйені сізге сыйладым, сіздікі болсын, йа, Расулаллаһ» деді. Расулуллаһ ол түйені өз түйелерінің арасына қосты».

• Жабир (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге сапарға шыққан болатынбыз. Жолда бір күні «Ей, Жабир, торсықпен су әкел» деп бұйырды. Бір торсық су әкелдім. Жолда бір-бірінен төрт аршын (1 аршын шамамен 68 см) қашықтықта тұрған екі ағаш көрдік. Расулуллаһ «Ана ағаштардың біріне айт, екіншісінің қасына барсын» деп бұйырды. Солай айтып едім, ағаштар қосылып тұрды. Расулуллаһ ағаштардың артында әжетін өтеді. Кейін ағаштар орындарына барды. Кейін біз түйелерімізге мініп жолымызды жалғастырдық. Алдымыздан құшағында баласы бар бір әйел шықты. «Йа, Расулаллаһ! Мына балама жын кірді, үш рет қояншығы тұтып қалды» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тоқтады да, баланы алып, түйенің ауытына қойды. Үш рет «Ей, Аллаһтың дұшпаны, шық!» деді. Кейін баланы анасына берді. Сапардан қайтып келе жатқанда дәл сол жерге келгенде әлгі әйел баласымен бірге тағы алдымыздан шықты. Екі қой әкелген екен. «Йа, Расулаллаһ! Бұл менің сізге сыйлығым, қабыл алыңыз. Сізді пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ хаққы, сізге жолыққан кезімнен бері баланың қояншығы тұтпады» деді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұйрығымен екі қойдың біреуін алып, екіншісін әйелге қалдырдық. Сөйтіп жолымызды жалғастырдық. Кенеттен алдымыздан бір түйе шықты. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, басын жерге қойып сәжде етті. Расулуллаһ бізге «Халықты шақырыңдар, бәрі жиналсын» деп бұйырды. Біз халықты шақырдық, бәрі жиналды. Расулуллаһ олардан «Мына кімнің түйесі?» деп сұрады. Ансарлардан бір жамағат «Біздікі, йа, Расулаллаһ» десті. «Бұл түйеге не істедіңдер?» деп сұрап еді, олар: «Бұл түйемен біз жиырма жыл бойы су тасыдық. Енді оны бауыздамақшы болған едік, қашып кетті» деп жауап берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Оны маған сатыңдар» деді. Олар «Сізге сыйладық, сіздікі болсын, йа, Расулаллаһ» десті. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бұл түйе менікі болды. Енді оған ажалы келгенше тиіспеңдер, соймаңдар» деп бұйырды. Сол жердегі мұсылмандар «Йа, Расулаллаһ, сізге сәжде етуге жануарға қарағанда біз лайықтырақ емеспіз бе, неге біз сізге сәжде жасамаймыз?» десті. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ешкімнің Аллаһу та'аладан өзгеге сәжде жасауына рұқсат жоқ. Егер рұқсат болғанда, әйелдің күйеуіне сәжде етуі керек болар еді» депжауап берді».

• Я’ла бин Умәйя Сақафи былай айтып берді: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге бір жерге бара жатқан едік. Алдымыздан бір түйе шықты. Түйе Расулуллаһты көргенде ақырып, мойнын жерге қойды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тоқтады да, «Мына түйенің егесі кім?» деп сұрады. Бір кісі келіп «Түйенің егесі мен, йа, Расулаллаһ» деді. Расулуллаһ «Оны маған сат» деп бұйырды. Әлгі адам «Оны сізге сыйладым» деп еді, Расулуллаһ «Сыйлама, сат» деді. Сонда ол «Йа, Расулаллаһ, сатпаймын, сыйға беремін» деді. Кейін ол «Отбасымның бұл түйеден басқа күн көретін ештеңесі жоқ» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол адамға «Олай болса, біліп қой, мына түйе үздіксіз жұмыс істеткізіп, аз жем беретіндеріңе шағымданып жатыр. Түйеге жақсы қарап бақ» деп бұйырды. Кейін біз ол жақтан кетіп қалдық. Бір жерге тоқтадық, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол жерде ұйықтады. Бір кезде бір ағаш жерді жарып келіп, Расулуллаһтың үстіне көлеңке жасады. Кейін қайтадан орнына барды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оянған кезде болған жағдайды айтып бердік. «Ол ағаш маған сәлем беру үшін Аллаһу та'аладан рұқсат сұрады» деді».

• Әнәс (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні ансар сахаба біреудің ауласына кірді. Қасында хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар және ансар сахабалардан бір жамағат (ридуануллаһи алейһим әжмаин) бар еді. Аулада бір отар қой бар еді. Қойлар Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сәжде етті. Сахабалар «Йа, Расулаллаһ! Біз сізге сәжде етуге мына қойлардан лайықтырақпыз» десті. Расулуллаһ «Аллаһу та'аладан өзгеге сәжде етуге болмайды. Егер рұқсат болса, әйелдердің күйеулеріне сәжде етуін бұйыратын едім» деді».

• Әһли бәйттің бір иті бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйден сыртқа шыққанда ол тұрып, барлық жерді кезіп жүретін. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйге келгенде ит екі тізесіне шөгіп, мүлде әрекет етпей және еш дыбыс шығармай отыратын.

• Йемендік біреу былай айтып берген: «Йеменде үйіме құдық қазған болатынмын. Суы ащы болып шықты. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, жағдайымды айттым. Маған бір торсық су берді. Ол суды құдығыма төктім. Құдықтың суы тұщы болды».

• Зияд бин Харис әс-Садаи былай айтып берді: «Қауымым Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барып: «Йа, Расулаллаһ! Біздің жалғыз құдығымыз бар. Жаз келгенде суы азайып жетпей қалады. Жазда су іздеп жан-жаққа тарап кетіп, қыста қайта жиналатын едік. Ал қазір бізді дұшпандар қоршап алды. Егер жан-жаққа тарайтын болсақ, олар бәрімізді өлтіреді. Дұға етсеңіз, құдығымыздағы су бізге және малдарымызға жетсін» деп өтінді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жеті жұмыр тас сұрады. Мүбәрәк қолдарымен сол тастарды сипап шықты да, дұға етті. «Мына тастарды Аллаһу та'аланың есімін айтып құдыққа бір-бірден тастаңдар» деп бұйырды. Олар дәл солай істеді. Құдықтың суы көбейгені сонша, күндіз-түні тоқтамай су тартса да, бір тамшы да азаймады».

• Әмир-ул мүминин хазреті Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) құлы Са’д былай айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге сапарға шыққан едік. Бір жерге тұрақтадық. Маған «Ей, Са’д, пәлен жерге бар. Ол жақта ешкі бар, сүтін сауып кел» деп бұйырды. Мен ол жерді білетінмін. Ол жақта ешкі жоқ болатын. Сол жерге барып қарасам, ешкі тұрған екен. Желіні сүтке толы еді. Жақындап, ешкіні саудым. Керуеннің жүретін уақыты келді. Ешкінің қасына біреуді қалдырдым. Мен жолға дайындалып жатқанда ешкі жоғалды. Қанша іздесем де таба алмадым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына бардым. Ол «Ей, Са’д, неге кешіктің?» деп сұрады. Мен «Йа, Расулаллаһ! Жолға дайындық жасап жатқан едім. Сүтін сауған ешкім жоғалып кетті. Қанша іздесем де таба алмадым» деп жауап бердім. Сонда Ол «Оны егесі алып кетті» деді. Мен «Дұрыс айтасыз, йа, Расулаллаһ» дедім».

• Ибн Аббас (радиаллаһу та'ала анһума) былай айтып берді: «Бір әйел Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына ұлын алып келді. «Йа, Расулаллаһ! Мына баламды күнде таңертең және кешке жын ұрады. Жынды секілді әрекеттер жасайды» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолымен баланың кеудесін сипады да, дұға етті. Сол мезетте бала құсып жіберді. Қарнынан иттің күшігіндей қара зат шықты. Содан кейін балада бұрынғы әрекеттер байқалмады».

• Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Зәйд бин Әркамның (радиаллаһу анһ) көзі ауырған еді. Көңілін сұрап үйіне бардым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) та сол жақта еді. Мүбәрәк қолымен Зәйд бин Әркамның екі көзін ашты. Мүбәрәк аузының суын салды да, «Сенде ешқандай ауру қалмады» деді. Көздері бірден жазылып кетті. Таңертең ол Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барды. Расулуллаһ «Ей, Зәйд, көз ауруың тоқтамаса не істер едің?» деп сұрады. Ол «Йа, Расулаллаһ, сабыр ететін едім және Аллаһу та'аланың тағдырына разы болып, нәтижені күтер едім» деді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Жаным құдіретінде болған Аллаһу та'ала хаққы, егер сенің көздерің сол күйде қалып, сен сабыр еткеніңде, кешірілген күйде Аллаһу та'алаға қауышар едің» деді».

• Утба бин Фәрқадтың (радиаллаһу анһ) жұбайы былай айтып берді: «Біз бірнеше әйел Утбаның жұбайлары едік. Хош иісті болу үшін үстімізге әтір сеуіп, бір-бірімізбен жарысатынбыз. Утба мүлде әтір сеппейтін. Бірақ оның әдемі иісі бәріміздің әтірімізді басатын. Ол адамдардың арасына барған кезде жұрт «Біз Утбаның иісінен жағымды иіс көрген емеспіз» дейтін. Бір күні Утбадан мұның себебін сұрадық.  Ол: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында денемді жара басып кеткен еді. Бұл жағдайымды Расулуллаһқа айттым. Маған «Денеңді аш» деп бұйырды. Ашып алдына отырдым. Мүбәрәк қолына үрлеп, ішімді және арқамды сипады. Мендегі осы хош иіс сол кезден бері еш кетпеді» деп айтып берді».

• Жәрһәд әс-Сәләми (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйіне бардым. Дастархан жайылып тұрды. Асқа отырдық. Оң қолым ауырғандықтан, асқа сол қолымды созғанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Тамақты оң қолыңмен же!» деп бұйырды. Мен «Йа, Расулаллаһ, оң қолым ауырып жатыр» деп едім, мүбәрәк демімен оң қолыма үрледі. Қолым бірден жазылып кетті, одан кейін еш ауырмады».

• Бір сахаба кісі былай айтып берген: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барған едік. Қасымызда бір бала бар еді. Ол баланың бір күн бұрын оң қолы сынған болатын. Қолының екі жанын ағашпен бекітіп, таңғышпен ораған едік. Расулуллаһ ол баланы қасына шақырды. Қолындағы таңғышты шешіп ашты. Кейін мүбәрәк қолымен баланың сынған қолын сипады. Сол мезетте баланың қолы жазылып кетті. Сол жерде отырғандар қай қолының сынғанын ажырата алмай қалды. Кейін сол жерде дастархан жайылып, ас берілді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) балаға «Оң қолыңмен же» деп бұйырды. Тамақтанғаннан соң балаға «Таңғышыңды үйіңе алып кет» деді. Бала таңғышты үйіне алып кетті. Қайтар жолда қауымынан иман келтірмеген бір қарт кісіге кезікті. Қария баланың қолындағы таңғышты байқап, «Бұл не?» деп сұрады. Бала «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сынған қолымдағы таңғышты шешіп, мүбәрәк қолымен сипады. Сол мезетте қолым жазылып кетті» деп жауап берді. Қария мұны ести сала дереу Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барып иман келтірді».

• Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбу Талханың (радиаллаһу анһ) өте жалқау және жүргісі келмейтін атына мінді. Расулуллаһ атқа мінгеннен кейін ат жанданып, жылдам жүргені сонша, аттардың ешқайсысы оған жете алмады.

• Шәрхабил Жафи (радиаллаһу та'ала анһ) былай айтып берді: «Қолымда ісік пайда болды. Бір күні Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) барып, «Йа, Расулаллаһ, қолым ісіп кеткендіктен қылыш ұстай алмай қалдым, аттың тізгінін де ұстай алмаймын» дедім. Ол «Жақында» деген соң жақындадым. «Қолыңды аш» деп бұйырды. Қолымды ашқан соң мүбәрәк демімен қолыма үрледі де, мүбәрәк қолымен сипады. Сол мезетте қолымдағы ісік толықтай жоқ болып кетті.

• Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу та'ала анһ) айтып берген: «Ауырып қалған едім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әбу Бәкірмен (радиаллаһу анһ) бірге көңілімді сұрап келді. Мен есімді білмей жатқан болатынмын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәрет алып, дәрет алған суын маған сепкен екен. Мен есімді жиғанда ауруымнан толықтай жазылған едім».

• Бір күні бір жас жігіт Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келіп: «Йа, Расулаллаһ! Маған зина жасауға рұқсат беріңіз» деді. Сахабалар ашынып, шулай бастады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жігітке «Бері жақында» деді. Жігіт жақындап, алдында отырды. Одан «Біреулердің сенің анаңмен зина жасауына разы боласың ба?» деп сұрады. Жігіт «Жоқ» деп жауаптады. Сонда «Сен секілді басқа ешкім де қаламайды» деді. Кейін «Қызыңмен біреудің зина жасағанына разы боласың ба?» деп сұрады. Жігіт «Жоқ, разы болмаймын» деп жауап берді. Тағы «Біреулердің сенің қарындасыңмен зина жасағанына разы боласың ба?» деп сұрады. Ол «Жоқ, разы болмаймын» деді. Одан соң көкесінің, әпкесінің және басқа да туыстарының қыздарын атап, жеке-жеке сұрап шықты. Жігіт бәріне «Жоқ, олармен зина жасағанына мүлде разы емеспін» деп жауап берді. Сонда Расулуллаһ мүбәрәк қолын жігіттің кеудесіне қойды да, «Аллаһым, бұның күнәсін кешіре көр, жүрегін тазала және зинадан қорға» деп дұға етті. Сол кезден кейін жігіт харамға мүлде қызықпайтын болды.

• Айша Сыддықа (радиаллаһу та'ала анһа) былай айтып берді: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында бір жұмыссыз әйел бар еді. Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) етті тағам жеп жатқанда сол әйел келіп қалды. «Аллаһу та'аланың Расулына қараңдар, жерге отырып, құлдар секілді тамақтанып жатыр» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Иә, мен құлмын, құлдар секілді жерде отырып тамақтанамын» деді. Әйел «Жеген асыңызды маған да беріңіз» деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдындағы астан бір кесек берді. Әйел «Йа, Расулаллаһ, асты мүбәрәк қолыңызбен аузыма салыңыз» деді. Расулуллаһ мүбәрәк қолымен аузына тамақ салды. Осы тамақты жегеннен кейін әйелде жалқаулық еш байқалмайтын болды».

• Рафи бин Хадиж (радиаллаһу та'ала анһ) былай айтып берді: «Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барған едім. Қасында бір кісі ет пісіріп жатты. Етке қызығып, бір кесегін алып жедім. Бір жыл бойы ішім ауырды. Бұл жағдайды Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтып бердім. Ол «Ол етте жеті кісінің хақысы бар еді» деді. Кейін мүбәрәк қолымен ішімді сипады. Оны пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ хаққы, ол ауру тоқтап, одан кейін мүлде ішім ауырмады».

• Әбу Шәһм (радиаллаһу анһ) айтып берді: «Мәдина жолында сапарда едім. Алдымнан бір әйел шықты. Әйелге қолымды тигіздім. Кейін адамдардың Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) биат етуге (ант беруге) бара жатқанын көрдім. Мен де бардым. Биат етуге қолымды создым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолын тартты. Жолда әйелге қолымды тигізгенімді айтты. Мен «Йа, Расулаллаһ! Биатымды қабыл етіңіз. Енді олай ешқашан істемеймін» дедім. «Жақсы болады» деп қолымды алып, менімен биат етті».

• Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында бір кісінің көп ғибадат жасайтынын айтып жатқан едім. Сол кезде ол кісі артта көрініп қалды. Мен «Йа, Расулаллаһ! Айтқан адамым мына кісі» деп оны көрсеттім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Жаным құдіретінде болған Аллаһ хаққы, мен ол адамның түрінде шайтанның әсерін көріп тұрмын» деді. Кейін ол кісі Расулуллаһтың алдына келді. Расулуллаһ оған: «Аллаһ хаққы үшін айт, бізді көргенде ішіңнен «Бұл қауымда менен жақсы ешкім жоқ» деген ой өтпеді ме?» деп сұрады. Ол кісі «Иә, сондай ой келді» деп жауап берді. Кейін бұрылып кетіп қалды. Бір жерде топыраққа мешіт кейіпінде сызық сызып, сонда намазға тұрды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Кім ол адамды өлтіреді?» деп сұрады. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) оның қасына барды. «Намазда ғой» деп өлтіруден тартынып, қайтып келді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді. Расулуллаһ «Не істедің?» деп сұрағанда «Йа, Расулаллаһ, барғанымда намаз оқып тұрған еді, өлтіруден тартындым» деді. Расулуллаһ қайталап: «Кім оны өлтіреді?» деп сұрады. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) тұрып «Мен өлтіремін» деп әлгі адамға барды. Ол да хазреті Әбу Бәкір секілді өлтіре алмай қайтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мына адамды кім өлтіре алады?» деп қайта сұрады. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) тұрып «Мен өлтіремін» деді. Расулуллаһ «Йа, Әли! Егер оны сол жерден таба алсаң өлтіресің» деді. Хазреті Әли сол жерге барды, бірақ ол адамды таба алмай қайтып келді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, мән-жайды айтты. Сонда «Ол адам үмбетімнің арасында фитна (бүлік) шығарады. Егер оны өлтірсең, үмбетімде екі адам арасында мүлде қақтығыс шықпас еді. Бәни Исраил жетпіс бір топқа бөлінді. Көп ұзамай менің үмбетім де жетпіс үш топқа бөлінеді. Бір топтан басқа бәрі тозақта» деді».

• Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларына «Ертең әркім садақа алып келсін» деп бұйырды. Утба бин Зәйд (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Ол түні Аллаһу та'алаға былай дұға еттім: «Йа, Раббым! Расулың бізге садақа әкелуді бұйырғанын білесің. Менің садақаға беретін ештеңем жоқ. Мен өзімді, абыройымды садақа қылдым» дедім. Таң атқанда сахабалардың әрбірі садақаларын әкелді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған қарады да, «Кеше түнде өзінің абыройын садақа қылған адам қайда?» деп сұрады. Ешкім жауап бермеді. Қайталап: «Кеше түнде өз абыройын садақа қылған адам қайда?» деп сұрады. Тағы ешкім жауап бермеді. Сонда мен орнымнан тұрып, «Ол адам менмін, йа, Расулаллаһ» дедім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үш рет «Аллаһу та'ала садақаңды қабыл етті» деді».

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған Рамазан айында жиналған зекетті қорғауымды бұйырды. Бір түні біреу келіп сол зекет мүлкін алып жатқанында ұстап алдым. Оған «Сені Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына апарамын» дедім. Ол «Мені жібер, енді мүлде келмеймін. Мұны бала-шағам мұқтаж болғандықтан және өзім өте кедей болғаным үшін істедім» деді. Оған жаным ашып, жібере салдым. Таңертең Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бардым. «Ей, Әбу Хурайра! Кеше түнде ұстап алған тұтқыныңа не істедің?» деп сұрады. Мен «Йа, Расулаллаһ! Ата-анам сізге пида болсын. Ол «Бала-шағам мұқтаж, өзім кедеймін» деді, оған жаным ашып жібере салдым» деп жауап бердім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ол өтірік айтты, тағы келеді» деді. Келесі түні оны аңдып отырдым. Ол тағы келді, оны ұстап алдым. «Жібер, келмеймін» демедің бе?» деп сұрадым. Бұл жолы «Мені жіберсең, саған бір нәрсе үйретемін. Олардың көп пайдасын көресің» деді. «Не үйретесің?» деп сұрап едім, «Жататын кезіңде Аят-ул курсиді басынан соңына дейін оқы. Аллаһу та'ала сені қорғайды және шайтан саған жақындай алмайды» деді. Таңертең Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бардым. Тағы сұрады. Жағдайды толық айтып бердім. Сонда Ол: «Ол өтірікші болса да, шындықты айтыпты» деді. Кейін «Оның кім екенін білесің бе?» деп сұрады. «Жоқ, білмеймін» деп едім, «Ол шайтан еді (алейһилла’нә)» деді».

• Әбу Саид Худри (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір күні анам мені Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір нәрсе сұрауға жіберді. Алдына барып отырдым. Ол мүбәрәк жүзін маған бұрып: «Кімде-кім қолындағы барына қанағат етсе, Аллаһу та'ала оны ешкімге мұқтаж қылмайды. Кімде-кім жаман нәрселерден сақтанса, Аллаһу та'ала оны ар-намысты қылады. Кімде-кім барына қанағат етсе, Аллаһу та'ала оған жетеді. Кімде-кім бір уқя (өлшем бірлігі) шамасында бір нәрсеге ие бола тұра біреуден бір нәрсе сұраса, үнемі сұраушы болып жүреді» деді. Мен өз-өзіме «Пәлен түйеміз бір уқядан жақсырақ» дедім. Ештеңе сұрамастан тұрып кетіп қалдым».

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Тәйәммум аяты түскен болатын. Мен ол кезде қалай тәйәммум алынатынын білмейтінмін. Үйрену үшін Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйіне қарай бардым. Үйіне жақындағанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мені көрді. Не үшін келгенімді түсінді. Біраз әрі барып дәрет сындырды. Кейін бері келіп, екі мүбәрәк қолымен топырақты ұрып, жүзін және екі қолын сипады. Басқа ештеңе істемеді. Одан кейін мен де ештеңе сұрамай кері қайттым».

• Тағы Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Суһәйб (радиаллаһу анһ) Меккеден хижрет еткенде құрайш мүшриктерінің жігіттерінен құралған бір топ оны аңди бастады. Суһәйб (радиаллаһу анһ) өзімен алып шыққан садақ оқтарын көрсетіп «Менің мерген екенімді білесіңдер, маған жақындамаңдар» деді. Мүшриктер «Бізге Меккеде тығып қойған азықтарыңның орнын айт, сонда аңдуды қоямыз» деді. Ол тығып кеткен азықтарының орнын айтты. Олар аңдудан бастартты, кетіп қалды. Суһәйб (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барғанда үш рет «Сауда-саттығыңда табысты болдың» деді. Кейін «Адамдар арасында Аллаһтың разылығын алу үшін жанын беретіндер бар. Аллаһ құлына аса мейірімді» деген «Бақара» сүресінің 207-ші аяты түсті.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні ислам әскерін бір жерге жіберген болатын. Ол жылы ашаршылық болғандықтан, әрбір әскердің жол азығын жеке-жеке берген еді. Бірақ әскер арасында Жудәйрдің (радиаллаһу анһ) жол азығын беруді ұмытқан еді. Жудәйр (радиаллаһу анһ) ислам әскерінің артынан кетіп бара жатты. Жол бойы «Лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар субханаллаһи уәлһамдулиллаһи уәлә хаула уәлә қууата илла биллаһил алийил азыйм» деп, «Бұл неткен керемет азық, йа, Раббым» деген еді. Үздіксіз осылай айтып, сабырмен жолын жалғастырған еді. Жәбрейіл (алейһиссалам) Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келіп, «Мені Аллаһу та'ала жіберді. Бүкіл әскердің азығын бердіңіз. Бірақ Жудәйрдің (радиаллаһу анһ) азығын беруді ұмыттыңыз. Ол жолда «Лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар субханаллаһи уәлһамдулиллаһи уәлә хаула уәлә қууата илла биллаһил алийил азыйм» деп, «Йа, Раббым, бұл неткен керемет азық» деп айтып жүр. Оның бұл сөзіне жер мен көк арасы нұрға толады. Оған азық жібер» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалардың бірін шақырып, Жудәйрдің (радиаллаһу анһ) азығын беріп жіберді де, сәлем айтты. «Оның азығын ұмыттым. Аллаһу та'ала маған Жәбрейілді жіберіп, бұл жағдайды хабарлады» деді. Әлгі сахаба азықты Жудәйрге (радиаллаһу анһ) апарып берді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқандарын хабарлады. Сонда Жудәйр (радиаллаһу анһ): «Йа, Раббым, саған хамд болсын. Сен уақыт пен мекеннен пәксің. Әлсіздігіме және сабырсыздығыма мейірім көрсеттің. Сен мені ұмытпағандай, мені де сені ұмытпайтындардан қыл» деп дұға етті. Азықты әкелген сахаба одан естігендерді Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) толықтай айтып берді. Расулуллаһ бұл хабарды әкелген сахабаға: «Егер сол кезде басыңды көтергеніңде, Жүдәйрдің сөздерінің нұрын жер мен көктің арасында көретін едің» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларға: «Бір жерге бір жамағат жібердім. Сендер біраз садақа беріңдер» деді. Абдуррахман бин Ауф (радиаллаһу анһ) «Мал-мүлкімнің жартысын садақа қылып берейін, жартысын жанұяма алып қалайын» деді. Басқа бір сахаба бір са’ (өлшем бірлігі) құрма әкелді. «Йа, Расулаллаһ! Шелекпен су шығардым, ақысына екі са’ құрма берді. Бір са’ құрманы жанұяма алып қалдым, бір са’ құрманы садақа ретінде беруге әкелдім» деді. Мұнафиқтар Абдуррахман бин Ауфтың (радиаллаһу анһ) мал-мүлкінің жартысын садақа қылып беруін рия деді. Бір са’ құрма әкелген сахаба туралы «Аллаһтың және Расулының оның бір са’ құрмасына қарап қалған ба» деп мысқылдады. Осыған орай Аллаһу та'ала [Тәубе сүресінің 79-шы аятында] «Ол адамдар мүминдердің өз қалауымен берген садақаларын кемсітеді. Осылайша мүминдерді мазақ қылған болады. Аллаһу та'ала олардың бұл келемеждеуінің жазасын береді. Ол мұнафиқтарға ауыр азап бар» деді.

• Мәймунә (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір түні менің үйімде еді. Дәрет алуға тұрған болатын. Үш рет «Ләббәйк» дегенін естіп қалдым. Одан «Йа, Расулаллаһ, ол жақта кім бар, кімге сөйледіңіз?» деп сұрадым. Ол «Бәни Ка’б тайпасының ақыны өздерінің Меккеде өлтірілетінін уайымдап, менен көмек сұрады» деп жауап берді. Үш күннен кейін Бәни Ка’б тайпасынан біреу келді. Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге намаз оқыды. Кейін бір өлең оқыды. Өлеңде Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көмек сұралғанын жырлаған еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ләббәйк, ләббәйк» деді. Кейін Мәдинадан сыртқа шығып, Раухада тұрақтады. Аспанда бір бұлт көрді. «Бәни Ка’б тайпасына көмектесуге келген ғой» деді».

• Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) былай жеткізген: «Бір түні Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге бір жерге бара жатқан едік. Ол «Кім таң намазының уақытын күтеді?» деп сұрады. Мен «Йа, Расулаллаһ! Мен күтіп оятайын» дедім. Ол «Сен ұйықтап қаласың» деді де, қайталап: «Кім таң намазының уақытын күтеді?» деп сұрады. Тағы да «Мен күтейін» дедім. Кейін Расулуллаһтың түйесін және өзімнің түйемді бірге ұстап, түнде таң намазының уақытын күте бастадым. Түннің соңына таман Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқанындай ұйықтап қалыппын. Күннің ыстығынан ояндым. Өзімнің түйем қасымда еді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түйесі жоғалып қалған екен. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) біреуге «Былай бар» деп сілтеп көрсетті. Ол адам сонда барып Расулуллаһтың түйесін тауып келді. Тізгіні бір ағашқа оралып қалған екен. Шешіп алып келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәрет алды. Сол жердегілердің бәрі де дәрет алды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Билалға (радиаллаһу анһ) азан айтуын бұйырды. Азан айтылды. Таң намазының сүннетін оқыдық. Кейін қамат айтылды, жамағатпен таң намазының парызын оқыдық. Сәлем бергеннен кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Аллаһу та'ала қаласа, сендерді таң намазына оятатын еді. Бірақ сендерден кейін келетіндер ұйықтап немесе ұмытып таң намазын өткізіп алғанда таң намазының қазасын осылай оқуды үйреткісі келді» деді».

• Жабир (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге бір сапарда едік. Боран басталып кетті. «Бұл жел бір мұнафиқтың өлімі үшін» деді. Мәдинаға келгенімізде екі жүзділігімен және бүлік шығаруымен аты шыққан азғын мұнафиқтың өлгені туралы хабар алдық».

• Қатада бин Нуман (радиаллаһу та'ала анһ) былай айтып берген: «Бір түні өте қараңғы болып, қатты жаңбыр жауды. Мұны олжа деп біліп, құптан намазын Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге оқыдым. Намаздан соң Расулуллаһ бері қарап, «Бұл қараңғы түнде мұнда неге қалдың?» деп сұрады. Мен «Йа, Расулаллаһ! Сізбен бірге намаз оқуды олжа деп білдім» деп жауап бердім. Маған бір аса таяқ беріп, шайтан сенен кейін үйіңе кірген екен. Мына аса таяқты алып, соның жарығымен үйіңе бар. Шайтанды үйіңнің бір бұрышынан табасың. Осы аса таяқпен оны ұр» деді. Мен аса таяқты алып, мешіттен шықтым. Аса таяқтан жарық шықты. Соның жарығымен үйіме жеттім. Үйдегілер ұйықтап қалған екен. Үйде бұрыштарды қарап шықтым. Шайтан бір бұрышта кірпінің кейіпінде тұрған еді. Қолымдағы аса таяқпен оны әбден ұрғаным сонша, соңында үйімнен шығып кетті».

• Ибн Аббас (радиаллаһу та'ала анһума) былай айтып берді: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізге қарай келе жатқан еді. Сол кезде аспанда бұлт пайда болды. Біз ол бұлттан жаңбыр жауады деп үміттендік. Бірақ Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізге: «Бұл бұлтты жетелеп келген періште маған келіп, сәлем берді де, «Йа, Мұхаммед (алейһиссалам), бұл бұлтты Йемен аймағындағы пәлен жерге апара жатырмын» деп хабарлады» деді. Бірнеше күннен кейін Йеменнен түйелерге мінген адамдар келді. Олардан сұрап едік, біз бұлтты көрген күні сол жерде жаңбыр жауғанын айтты.

• Әбу Жуз’а есімді біреу Қубада бір әйелге ғашық болып қалған еді. Онымен еш кездесе алмады. Базарға барып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) киіміндей киім сатып алды. Сол киімді киіп, Қубаға барды. Оларға «Мені Расулуллаһ жіберді, өз киімін маған кигізді. Қалаған үйіңде қонақ бол деп айтты» деді. Қуба халқы Әбу Жуз’аның үнемі әйелдерге қарағанын байқады. «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізге әйелдерге қарауға үнемі тыйым салатын. Бұл кісі кім екен, еш ұялмай үнемі әйелдерге қарай береді ғой» деп оған күмәндана бастады. Мән-жайды түсіну үшін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі адам жіберді. Ол екеуі Расулуллаһқа барған кезде Ол қайлулә ұйқысында еді. Біраз күтіп, оянған соң: «Йа, Расулаллаһ! Әбу Жуз’аны Қубаға сіз жібердіңіз бе?» деп сұрады. Расулуллаһ «Әбу Жуз’а деген кім?» деп сұрады. «Ол бізге оны сіздің жібергеніңізді айтты. Үстінде сіздің киіміңізге ұқсайтын киім бар. «Бұл киімді маған Расулуллаһ кигізді» дейді. Біз ол туралы білу үшін алдыңызға келдік» десті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ашуланды, мүбәрәк жүзінің реңі өзгерді де, «Кім маған байланыстырып өтірік айтса, тозақтағы орнына дайындалсын» деді. Кейін әлгі екі адамға: «Дереу барыңдар, егер тірідей ұстап алсаңдар, оны өлтіріп, отқа тастаңдар. Бірақ менің ойымша, сендер барған кезде оның шаруасы біткен, өлген болады. Бірақ, сонда да оны отта жағыңдар» деп бұйырды. Екі сахаба Қубаға қайтты. Әбу Жуз’а дәрет сындыруға бір жерге отырған кезде кенеттен жылан шағып өлтіргені туралы хабар алды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Умму Уарақаны (радиаллаһу анһа) зиярат етіп, оған «Шахида» дейтін. Оның бір құлы және бір күңі бар болатын. Оларға мен қайтыс болғаннан кейін азатсыңдар дейтін еді. Әмир-ул мүминин Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы кезінде құл мен күң екеуі келісіп, Умму Уарақаны шәһид етті. Хазреті Омар бұл хабарды алғанда «Садақаллаһу уә Расулуһу, Расулуллаһ әрдайым «Кәне тұрыңдар, барып шахиданы зиярат етейік» дейтін еді» деді.

• Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ислам дұшпаны Халид бин Нәбих туралы айтып «Оны кім өлтіріп менің көңілімді оның бәлесінен құтқарады?» деп сұрады. Сахабалардан Абдуллаһ бин Унәйс (радиаллаһу та'ала анһ) «Мен оны өлтіріп келемін. Бірақ ол қандай адам, маған оны сипаттап берсеңіз, йа, Расулаллаһ» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Оны көргеніңде жүрегіңе қорқыныш келеді» деді. Абдуллаһ бин Унәйс (радиаллаһу та'ала анһ) айтқан: «Расулуллаһ солай айтқанда «Йа, Расулаллаһ, Сізді хақ пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ хаққы, өмірімде ешкімнен қорыққан емеспін» дедім». Халид бин Нәбих Арафатта еді. Абдуллаһ бин Унәйс (радиаллаһу анһ) оны Арафаттан тапты. Кейін не болғанын өзі былай айтып берген: «Ол жаққа бардым. Күн батпай тұрып біреуді көрдім. Оны көргенде жүрегіме қорқыныш келді. Оның Халид бин Нәбих екенін түсіндім. Менен «Сен кімсің?» деп сұрады. Мен «Бір жұмысыммен жүрмін. Бұл түні сенімен бірге қала аламын» дедім. «Жарайды, артымнан жүр» деді. Оның артынан жүрдім. Асығып екінді намазын оқып алдым. Мені көріп қала ма деп қорықтым. Кейін артынан оған жетіп алдым да, қылышпен ұрып оны өлтірдім».

• Сақиф тайпасынан бір адам мен ансарлардан бір кісі Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) біраз сұрақтарын қою үшін кездескен еді. Сақиф тайпасының адамы ансар кісіге «Сен Мәдиналықсың, кезкелген уақытта сұрай аласың. Рұқсат берсең, алдымен мен сұрағымды қойып алайын» деді. Ол рұқсат берді. Сақиф тайпасының адамы Расулуллаһтың алдына барды. Расулуллаһ одан «Сұрағыңды өзің қоясың ба, әлде мен айтайын ба?» деді. Ол «Йа, Расулаллаһ, сіз айтыңыз» деді. Сонда «Сенің сұрағың намаз бен оразаға қатысты» деп жауаптарын берді. Ол «Сізді пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ хаққы, менің сұрақтарым дәл осылар еді» деді. Кейін ансар кісі Расулуллаһтың алдына шықты. Оған да «Сұрақтарыңды мен айтайын ба, өзің сұрайсың ба?» деді. Ол «Сіз айтыңыз, йа, Расулаллаһ» деді. «Сенің сұрақтарын қажылыққа, арапа күніне, шаш қиюға және тауафқа қатысты» деп бәрінің жауабын берді. Ансар кісі «Аллаһ хаққы, менің сұрақтарым осылар еді» деді.

• Аммар бин Ясер (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір сапарда бірге едік. Бір жерге қондық. Су алып келейін деп шелек пен торсығымды алдым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Су аларыңда біреу саған бөгет болады» деді. Құдыққа жеткенімде қара біреу қасыма келді де, «Бүгін мына құдықтан бір шелек су алуыңа да рұқсат бермеймін» деп мені ұстап алды. Мен оны жерге жығып құлаттым да, таспен ұрып, беті мен мұрнын ездім. Кейін су ыдыстарымды толтырып, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оралдым. Менен «Судың басында ешкімге кезікпедің бе?» деп сұрады. Мен болған оқиғаны толық айтып бердім. Сонда: «Саған бөгет болғысы келген шайтан еді» деді».

• Уабәсә бин Мабәд (радиаллаһу та'ала анһ) былай айтып берген: «Жақсылық пен жамандық жайлы бәрін сұрап алайын деп Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бардым. Жамағат жиналған екен. Көпшіліктің арасынан өтіп, Расулуллаһқа жақын отырғым келді. Ол жақтағылар маған «Біраз ұзақ отыр» деді. Мен «Жіберіңдер мені, Расулуллаһқа жақындайын. Өйткені маған Одан сүйікті ешкім жоқ» дедім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Жақында» деп мені алдына шақырды. Мен мүбәрәк тізесіне тақалып отырдым. Менен «Ей, Уабәсә. Жақсылық пен жамандық туралы бәрін сұрауға келдің бе?» деп сұрады. Мен «Солай, йа, Расулаллаһ» дедім. Мүбәрәк саусақтарын кеудеме қойды да, «Ей, Уабәсә, жүрегіңнен фәтуа сұра! Егер жүрегіңе келген нәрсе жақсы болса, жүрегің тыныштық табады. Жүрегіңде тербеліс болып, қатты соғып кетсе, демек ол нәрсе жаман, күнә. Саған біреулер фәтуа берсе де, сен жүрегіңе қара!» деді».

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтқан: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында екі кісі бар еді. Бірі үнемі сұхбатқа келіп тұратын. Ал екіншісі сұхбаттарға сирек келіп, жақсы амалы аз байқалатын. Сұхбаттарға үнемі келетін кісі бір күні Расулуллаһтан «Қиямет қашан басталады?» деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қияметке не дайындадың?» деп сұрап еді, ол «Аллаһу та'алаға және Расулына деген махаббатымды дайындадым» деп жауаптады. Расулуллаһ оған: «Сен сүйіктілеріңмен бірге боласың, саған есеп жоқ» деді. Сұхбаттарға сирек келетін кісі бір күні қайтыс болды. Расулуллаһ «Білесіңдер ме, Аллаһу та'ала ол кісіні жәннатқа кіргізді» деді. Сахабалар (алейһимурридуан) аң-таң болып, бір-біріне қарай бастады. Бұл мәселені сол кісінің жұбайына таңданыстарын көрсетіп айтып берді. Сонда жұбайы: «Күйеуім әр азан айтылған кезде муәззин (азаншы) «Лә илаһа иллаллаһ» дегенде «Аллаһтан өзге тәңірдің жоқ екеніне куәлік етемін. Әр куәлік еткенге Аллаһу та'ала жеткілікті екеніне де сенемін» дейтін. Муәззин «Әшһәду әннә Мухаммадән Расулуллаһ» дегенде «Әр куәлік етуші адамдай куәлік етемін. Бұл иманым маған жетеді» дейтін» деп айтып берді. Мұны естігендер Расулуллаһқа келіп, әлі ештеңе айтпай тұрғанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әлгі кісінің әйелі айтып бергендерді айтты да, «Аллаһу та'ала оны осы себеппен жәннатқа кіргізді» деді».

• Уқба бин Амир әл-Жуһәни (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына бардым. Сыртқа шыққанымда әһли кітаптан (кітапты кәпірлерден) бір топ адам қолдарында кітаптарымен келген екен. Менен Расулуллаһтың алдына кіруге рұқсат сұрады. Жағдайды Расулуллаһқа хабарладым. Ол «Менің оларда не шаруам бар? Олар бір нәрсе сұрамақшы, мен оны білмеймін. Тек Аллаһу та'ала білдірсе ғана білемін» деді. Кейін «Маған су әкел» деп бұйырды. Су әкелдім. Ол дәрет алып, екі рәкат намаз оқыды. Бір кезде мүбәрәк жүзінде қуаныштың белгісі байқалды. Кейін «Сырттағыларға айт, ішке кірсін. Сахабалардан кімді көрсең, бәрін шақыр» деп бұйырды. Сырттағылар ішке кіргенде оларға «Сұрамақ болғандарыңды қаласаңдар мен айтайын және кітаптарыңда жазылғанындай жауап берейін» деді. Олар «Біз де солай болғанын қалаймыз» десті. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Сендер Ескендір хикаясын сұрамақшысыңдар» деді де, кітаптарында жазылғандай толықтай айтып берді. Әһли кітап тобы Расулуллаһтың айтқандарының бәрін толықтай растады».

• Хабиб бин Мәсләмә Фихри (радиаллаһу анһ) Мәдинаға келіп, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барған болатын. Артынша әкесі келіп, «Йа, Расулаллаһ, мына ұлым менің жалғыз көмекшім» деп оны алып кетпекші болды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Хабибке «Тұр, әкеңмен бірге қайт. Өйткені оның өмірі аз қалды. Жақында қайтыс болады» деді. Әкесі сол жылы қайтыс болды.

• Имран бин Хасин (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір сапарда бірге едім. Бір түні таң атуына аз қалғанға дейін жүрдік. Кейін бір жерде тоқтап, ұйықтап алайық деп жаттық. Таң намазына ояна алмадық. Күннің ыстығынан бірінші боп оянған хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) болды. Ол хазреті Омар-ул Фаруқты (радиаллаһу анһ) оятты. Хазреті Омар оянғанда ұйықтап қалғанымызды көріп, айқайлап тәкбір айтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) да оянды. Кейін сахабалар оянып, таң намазының өтіп кеткеніне мұңая бастады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қорықпаңдар, жолды жалғастырыңдар» деді. Біраз уақыттан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір жерде тоқтап, су сұрады. Жамағатпен бірге таң намазын оқыды. [Бірдей намаздары қазаға қалған еді]. Намаздан кейін бір сахабаның бір шетте тұрғанын көріп қалды. Одан «Сен неге намаз оқымадың?» деп сұрап еді, ол «Жүніп болып қалдым (ғұсылым бұзылды), су таба алмадым, йа, Расулаллаһ» деді. Сонда оған тәйәммум алуын бұйырды.

Кейін біз жолымызды жалғастырдық. Сахабалар судың жоқтығын, шөлдегенін айтып шағымдана бастады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) және бір сахабаны шақырып, «Бізге су іздеп табыңдар» деп бұйырды. Олар су іздеуге кетті. Жолда бір әйелге кезікті. Ол түйеге екі саба су жүктеп, өзі де түйеге мінген еді. Олар әйелден судың қайдан алғанын сұрады. Әйел «Су алуға кеше осы уақытта жолға шыққан едім» деп жауап берді. Олар әйелді Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына алып келді. Расулуллаһ ыдыс сұрады да, «Сабадағы суды мына ыдысқа құйыңдар» деп бұйырды. Ыдысқа су құйылды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ыдыстағы суды алып, мүбәрәк аузын шайқап, қайтадан ыдысқа құйды. Ыдыстағы суды, сабаға құйды. Кейін «Келіңдер, мына суды ішіңдер» деді. Бәрі қажетінше су алды. Кейін жүніп болып, су таба алмаған сахабаға да су беріп, сонымен ғұсыл алуын бұйырды. Судың иесі әйел бәрін көріп тұрған еді. Бәрі суды қажетінше қолданып болған соң әйелдің сабасындағы су бұрынғысынан көбірек тұрған еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әйелге біраз құрма, ұн және сәуик (қуырылған ұн) берді де, оған «Сенің суыңды азайтпадық. Аллаһу та'ала бізге су берді» деді. Әйел жолға шығып, өз қауымына қайтты. Ол жақтағылар «Неге кешіктің?» деп сұрады. Әйел болған оқиғаны айтып берді. Кейін әйел Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) меңзеп «Ол туралы елдерді өз қауымының дінінен басқа дінге шақырады дейді. Ол я күшті сиқыршы, яки Аллаһтың пайғамбары» деді. Кейін сахабалар сол аймақта олжаға қол жеткізді. Әйелдің қауымына тиіспеді. Әйел мұны көргенде қауымына «Мұсылман болсақ, не дейсіңдер?» деді. Бүкіл қауым мұсылман болды.

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Бір кездері аштықтан қарным арқама жабысып қалатындай болды. Асқазаныма тас байладым. Біреу мені үйіне алып кетіп, тамақ берсін деген оймен сахабалар өтетін жолдың бойына отырдым. Әуелі хазреті Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) келді. Одан Құран кәрімнің бір аяти каримасын сұрадым. Мақсатым мені үйіне алып кетіп, тамақ беруі еді. Кейін хазреті Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһ) сол жолдан өтті. Одан да бір аяти кариманы сұрадым. Екеуі де мені алып кетпеді. Кейін кенеттен Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келіп қалды. Маған қарап, жүзімнен аш екенімді түсінді де, «Ей, Әбу Хурайра, менімен бірге жүр» деді. Расулуллаһпен бірге бардым. Мүбәрәк жұбайларының бірінің үйіне кірдік. Кірген соң «Үйде жейтін бір нәрсе бар ма?» деп сұрады. «Сізге сый ретінде үйге пәлен кісі біраз сүт жіберген еді» деді. Мұны естіген Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған «Ей, Әбу Хурайра, барып Асхаби соффаны шақырып кел» деді. Асхаби соффа – мал-мүлкі, бала-шағасы жоқ сахабалар еді. Олар мешіттің қасында тұратын, оларға басқа сахабалар қарап тұратын. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыйлық келсе, оны әрі өзі жейтін, әрі асхаби соффаға да беретін еді. Садақа келсе, өзі жемей, толықтай асхаби соффаға беретін. Мен ішімнен «Ол сүтті бірінші мен ішіп, кейін асхаби соффаны шақыру керек еді. Өйткені, олар келсе, маған бір кесе сүттен не қалады?» деп ойладым. Кейін асхаби соффаны шақырып келдім. Бәрі келіп, Расулуллаһтың алдына отырды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған «Ей, Әбу Хурайра, кеседегі сүтті маған бер» деді. Кейін маған қайтарып берді де, «Мұны бәріне беріп шық, бәрі ішсін» деді. Асхаби соффаның бәрі сол кеседегі сүтті ішті. Мен және Расулуллаһ әлі ішпеген едік. Расулуллаһ кеседегі сүтті қолымнан мүбәрәк қолына алып, қайтадан маған берді де, ішуімді бұйырды. Сүттің біразын іштім. «Тағы іш» деді, тағы іштім. «Іше бер» деді, тағы іштім. Төртінші рет ішуімді бұйырғанда «Йа, Расулаллаһ, болдым, әбден тойдым» дедім. Қолымдағы кеседегі сүтті алып, қалған сүтті өзі ішті».

• Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға хижрет еткен кезде мен сегіз жаста едім. Әкем қайтыс болған еді. Анам Әбу Талхамен (радиаллаһу анһ) тұрмыс құрған еді. Әбу Талха өте кедей болатын. Бір-екі күн мүлде тамақтанбай өткізген кездеріміз болды. Бір күні анама біраз арпа келген болатын. Ол арпадан ұн жасап, екі нан пісірді. Көршіден біраз сүт сұрады. Маған «Бар, Әбу Талханы шақырып кел, бірге жейік» деді. Мен тамақ жейтінімізге қуанып сыртқа шықтым. Қарасам, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалармен (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) бірге отырған екен. Жақындап «Йа, Расулаллаһ, анам сізді шақырып жатыр» дедім. Расулуллаһ орнынан тұрды да, сахабаларға да «Тұрыңдар» деді. Бәріміз үйге қарай жүрдік. Үйге жақындағанда Расулуллаһ ((саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өгей әкеме «Ей, Әбу Талха, бізді шақыратындай бір нәрсе дайындадыңдар ма?» деп сұрады. Әбу Талха (радиаллаһу анһ) «Сізді пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ хаққы, кешеден бері ештеңе жемедім. Үйде жейтін азық бар деп ойламаймын» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Онда Умму Сәлим бізге неге шақырды? Үйге кіріп көріп шық!» деді. Әбу Талха үйге кірді де, жұбайы Умму Сәлимнен «Расулуллаһты неге шақырдың?» деп сұрады. Жұбайы «Екі арпа нанын пісірдім, көршіден біраз сүт алдым. Әнәсқа «Әкең Әбу Талханы тамаққа шақырып кел» деп жібергенмін» деді. Әбу Талха сыртқа шығып, жағдайды Расулуллаһқа айтып берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мұңаймаңдар, бізді үйіңе кіргіз» деді. Бәріміз бірге үйге кірдік. Расулуллаһ анама «Ей, Умму Сәлим, нандарды әкел» деп бұйырды. Кейін мүбәрәк қолын нанның үстіне қойды да, «Ей, Әбу Талха! Сахабаларды он-оннан шақыр, ішке кірсін» деп бұйырды. Әбу Талха он кісі шақырды. Расулуллаһ оларға «Отырыңдар, бисмиллаһ айтып, менің саусақтарымның арасынан жеңдер» деді. Әлгі он кісі нанды тойғанша жеді. «Тағы он кісі шақыр» деп бұйырды, Әбу Талха тағы он кісіні кіргізді. Олар да солай жеді, тойып шықты. Осылайша жетпіс үш адам сол нанды жеп тойды. Кейін бізге «Ей, Әбу Талха, ей, Әнәс, келіңдер, жеңдер» деді. Расулуллаһпен бірге бізде тойғанша жедік. Кейін нанды Умму Сәлимге берді де, «Өзің де же, қалағандарыңа да бер» деді».

• Абдуррахман бин Әби Бәкір (радиаллаһу анһума) былай айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге жүз отыз сахаба болып сапарда едік. Расулуллаһ «Араларыңда азығы бар адам бар ма?» деп сұрады. Бір сахабадан бір са’ шамасында [бір са’ – 4,2 литр] ұн табылды. Содан қамыр жасап, нан пісірілді. Кейін бір мүшрик келді. Қасында бір қой бар еді. Расулуллаһ оған «Қойыңды сатасың ба, әлде сыйлайсың ба?» деп сұрады. Ол «Сатылады» деген соң сатып алды. Қойды сойып, бауырынан кәуап жасалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қойдың етінен отыз үш адамның әрбіріне бір кесектен берді. Сол кезде бір кісі ол жақта жоқ еді, оның да үлесі ажыратылды. Бауырдың кәуабын екі ыдыстың ішіне салды. Бәріміз соны жеп тойдық. Ыдыстың ішінде біраз артылып қалған еді. Кейін түйелерді жүктеп, жолымызды жалғастырдық».

• Сумра бин Жундәб (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына бір табақ ас әкелінді. Таңнан түске дейін бір топ адам жеп кетті де, тағы бір топ адам келді. Біреу менен «Мына табаққа басқа жерден тамақ салынып жатыр ма?» деп сұрады. Мен «Жоқ, тек ана жақтан жәрдем келіп жатыр» деп аспанды көрсеттім».

• Умму Әус (радиаллаһу анһа) айтып берді: «Бір күні Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыйлық ретінде бір табақ май жібердім. Ол ыдыстағы майды біраз қалғанша жеген екен. Кейін мүбәрәк тынысымен табаққа үрлеп, берекет тілеп дұға етіп, «Мұны Умму Әуске апарып беріңдер» деді. Ол ыдысты маған әкеп берді. Іші майға толы еді. Ыдыстың майға толы екенін көргенде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыйлығымды қабыл алмай, кері қайтарды деп ойлап қалдым. Алдына барып, жылап «Йа, Расулаллаһ, қандай күнә істеп қойдым? Сыйлығымды қабыл алмапсыз» дедім. Сонда маған жағдайды түсіндіріп жұбатты. Көңілім жай тауып, қуанып қайттым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көзі тірісінде де, хазреті Әбу Бәкірдің, хазреті Омардың және хазреті Османның (радиаллаһу анһум) халифалығы кезінде де сол майды тұрақты жеп жүрдім, еш таусылмады. Сыффин оқиғасына дейін осылай жалғасты. Одан кейін таусылды.

 • Әнәс бин Маликтың анасы Умму Сәлим (радиаллаһу анһа) Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыйлық ретінде бір саба май жіберді. Расулуллаһ майды қабыл алып, сабаны қайтарды. Сол кезде Умму Сәлимнің үйіне бір әйел келіп, май сұрады. Умму Сәлим «Қазір ғана майдың бәрін Расулуллаһқа сыйлап жіберген едім, май сабасы бос тұр» деді. Әйел «Сабаның ішін көрсетші, мүмкін біраз май қалған шығар» деп өтінді. Умму Сәлим қызына «Расулуллаһқа апарған майдың сабасын әкел, ішінде май қалған ба, көрейік» деді. Қызы сабаны әкелгенде майға толып тұрғанын көріп, бәрі аң-таң болды. Умму Сәлим дереу Расулуллаһқа барып, «Йа, Расулаллаһ! Қандай күнә істеп қойдым? Сыйлығымды қабыл алмапсыз. Ол майды сізге арнап дайындаған едім» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Біз сыйлығыңды қабыл алдық. Майдың бәрін алып сабаны босатқан болатынбыз» деді. Умму Сәлим «Сізді әлемдерге пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ хаққы, ол саба майға толы болып тұр» деді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күлімдеп, «Ол майды жей бер! Сабаны тұрған орнынан қимылдатпаңдар» деп бұйырды. Умму Сәлимнің көңілі жай тауып, қуанып үйіне қайтты. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өмірі бойы және әмир-ул мүминин хазреті Әбу Бәкірдің, хазреті Омардың, хазреті Османның (радиаллаһу та'ала анһум) халифалығы бойы сол майды үздіксіз жеп тұрды. Бұл жағдай әмир-ул мүминин Әли (радиаллаһу анһ) пен Муауия (радиаллаһу анһ) оқиғасына дейін жалғасты.

• Умму Шурәйк (радиаллаһу анһа) бір күні күңі арқылы Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір саба майды сыйлық ретінде жіберді. Расулуллаһ қабыл алып, сабаны босатып күңге қайтарды да, «Мына сабаны аузын байламай асып қой» деп бұйырды. Умму Шурәйк бір күні үйіне кіргенде әлгі сабаның майға толы екенін көрді. Дереу аузын байлап қойды. Күңіне ұрсып, «Саған мына майды Расулуллаһқа апар демедім бе?!» деп айқайлады. Күңі ант етіп, «Мен апардым. Майды алып, сабаны босатып қайтарып берді. Аузын ашып қарағанымда бір тамшы май жоқ еді. Расулуллаһ маған бұл сабаны аузын байламай асып қоюымды бұйырды» деді. Умму Шурәйк қайтыс болғанша ол май таусылмады. Тіпті бір кезінде жетпіс екі адам жесе де мүлде азаймаған еді.

• Рукәйн бин Саид әл-Музәни (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Төрт жүз атты адам Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп тамақ сұрады. Расулуллаһ хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) «Мыналарға тамақ бер» деп бұйырды. Хазреті Омар «Бір са’ құрмадан басқа жейтін ештеңе жоқ» деді. Расулуллаһ қайталап «Мыналарға жейтін бір нәрсе бер» деп еді, «Құп болады» деді. Хазреті Омардың үйіне бардық. Ол үйінің есігін ашты. Іште біршама құрма бар еді. «Қалағанша алып кетіңдер» деді. Әрбіріміз қажетінше алдық. Сыртқа шығарғанда ол құрманы ешкім алмағандай сол күйінде тұрғанын көрдік».

• Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Құрмаларымды Мәдинадағы бір яһудиге сататынмын. Алдымен ақшасын алатынмын, құрма піскенде жинап апарып беретінмін. Бір жылы құрма аз болып қалды. Жинап жатқанда яһуди қасыма келді. Яһудиден қарызды қайтаруға уақыт сұрадым, уақыт бермеді. Жағдайды Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айттым. Ол сахабаларға: «Тұрыңдар, кеттік. Яһудиден Жабирге уақыт беруін сұрайық» деді. Құрма бағымызға келді. Расулуллаһ яһудиден маған уақыт беруін сұрады. Яһуди «Ей, Әбул Қасым, уақыт бере алмаймын» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құрма бағын бір айналып келді де, яһудиден қайтадан уақыт беруін сұрады. Ол сонда да уақыт бермеді. Мен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына біраз құрма қойдым, құрманы жеді. Кейін маған «Мына құрма бағында жататын жерің қайда?» деп сұрады. Мен «Анау жер, йа, Расулаллаһ» деп көрсеттім. «Ол жерге маған төсек салып бер» деп бұйырды. Мен төсек салдым, Расулуллаһ сол жерде біраз ұйықтап алды. Оянған соң тағы біраз құрма бердім, жеді. Кейін әлгі яһудиден тағы да уақыт беруін сұрады, ол көнбеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) орнынан тұрып, құрма бағын айналып келді. Кейін маған «Құрманы жина да, қарызыңды өте» деді. Мен құрманы жинадым да, қарызымды толықтай өтедім. Тағы сонша құрма артылып қалды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барып, жағдайды айттым. Ол «Куәлік етемін, мен Аллаһтың Расулымын» деді».

• Тағы Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) айтып берді: «Әкем қайтыс болды. Көп қарызы қалды. Құрма жинайтын уақыт келгенде қарыз адамдарымызға «Мына құрмаларды қарызымыздың өтемі ретінде өзара бөлісіп алыңдар. Маған ештеңе қалдырмаңдар» дедім. Олар «Бұл құрмалар қарызды жаппайды» деп қабылдамады. Мен Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) барып, «Алашақтылардың сізді көргенін қалаймын» дедім. Ол «Құрмаларды жина да, бөліп-бөліп қой» деп бұйырды. Расулуллаһтың айтқанындай істедім. Кейін Расулуллаһ келді. Алашақтылар Расулуллаһты көргенде маған жақындай бастады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) олардың бұл жағдайын көріп, бір құрма үйіндісіне барып, үш рет айналды да, қасына отырды. Кейін маған «Алашақтыларыңды шақыр» деп бұйырды. Шақырған соң олар келді. Алашақтары бар адамдар әкемнің қарызы шамасында құрманы өлшеп, толық алды. Мен әкемнің қарызының өтелгеніне және өзіме бірде-бір құрма қалмағанына разы едім. Қарасам, Расулуллаһтың қасындағы құрма үйіндісі бәрі алашағын алса да бір дана құрмаға да азаймаған еді».

• Әбу Қатада (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге сапарда едік. Ол ақшам намазында хұтба оқып, «Бұл түні таңға дейін жүрсек, иншааллаһ ертең суға жетеміз» деді. Түнде мен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында жүрдім. Түннің ортасынан кейін Расулуллаһты ұйқы қысты. Түйесінен құлайтындай болды. Жанынан ұстап едім, тіктеліп, түйеге дұрыстап отырды. Біраздан соң тағы ұйықтап кетті. Құлайын дегенде ұстап қалдым. Оянып, түйеге отырды. Осы күйде таңға дейін жолымызды жалғастырдық. Тағы ұйқы қысып, түйенің үстінен жанына ауып бара жатқанда дереу ұстап қалдым. Мүбәрәк басын көтеріп, менен «Сен кімсің?» деп сұрады. «Әбу Қатадамын» деп жауап берген едім, «Қай кезден бері қасымда жүрсің?» деп сұрады. Мен «Бұл түні үнемі сіздің қасыңызда болдым, йа, Расулаллаһ» деп жауаптадым. Маған «Пайғамбарыңды қорғағаныңдай Аллаһ та сені қорғасын» деді. Әскерден қалып кеттік. Әскерден ешкім көрінбеген еді. Менен «Ей, Әбу Қатада, әскерден ешкім көрінбей ме?» деп сұрады. Мен «Міне атты біреу, әне тағы атты біреу» деп көрсетіп жатқанда жеті адам болып жиналып қалдық. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жолдың шетіне шығып, бір жерде демалды. Бізге «Намаз уақытын күтіңдер» деп бұйырды. Бірақ бәрімізден бұрын оянған Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) болды. Күн шығып кеткен еді. Кейін біз де оянып, «Таң намазы өтіп кетті» деп орнымыздан атып тұрдық. Расулуллаһ бізге «Түйелеріңе мініңдер» деп бұйырды. Сөйтіп жолға шықтық. Біраз жүрдік, күн көтерілді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) су торсығын сұрады. Торсықты беріп едім, дәрет алды. Торсықта біраз су қалды. Маған «Ей, Әбу Қатада! Мына суды сақтап қой, бұл су өте құнды болады» деді. Кейін әдеттегідей таң намазының сүннетін және парызын оқыдық [қазасын оқыдық]. Намаздан кейін Расулуллаһ «Түйелеріңе мініңдер» деген соң бәріміз түйеге отырып жолды жалғастырдық. Біз өз арамызда жай дауыспен «Таң намазын өткізіп алдық! Күнә істеп қойдық» деп сөйлескен едік. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Сендердің маған ұйығандарың сендерге жеткіліксіз бе? Ұйқыда күнә болмайды. Намазды уақыты өткенге дейін оқымау күнә» деді. Біраз уақыт жол жүрдік. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Алдынан кеткендер не істеп жатыр? Таң атты, пайғамбарларын іздемей ме? Әбу Бәкір мен Омар (радиаллаһу анһума) қасындағыларға «Расулуллаһ артымызда. Сендерді тастап кетпейді» деді. Басқалары жоқ, алда деді. Егер олар Әбу Бәкір мен Омардың (радиаллаһу анһ) айтқанын істесе, дұрыс жолды табады» деді. Тағы біраз жол жүріп, сахабаларға жетіп алдық. Олар «Йа, Расулаллаһ! Шөлден құрып барамыз» десті. Расулуллаһ «Сендерге құрып кету деген қауіп жоқ, құрып кетпейсіңдер» деді де, бір шыны сұрады. Менен торсығымда қалған әлгі аз суды сұрады, бердім. Торсықтан шыныға су құйып тұрды, мен сахабаларға беріп тұрдым. Сахабалар торсықтағы судың аз екенін көріп, су ішуге ыңғайсызданды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ыңғайсызданбаңдар. Бәрің суға қанасыңдар» деді. Соңында бүкіл сахабалар суға қанды. Менен және Расулуллаһтан басқа су ішпегендер қалмады. Расулуллаһ маған да ішуімді бұйырды. Мен «Алдымен сіз ішіңіз, йа, Расулаллаһ» деп едім, «Қауымның су таратушысы ең соңында су ішеді» деді. Мұны естіп суды мен іштім. Кейін Расулуллаһ та ішті. Сөйтіп ол жерден кетіп, жолымызды жалғастырдық. Расулуллаһ алдында айтқанындай бір суға жеттік.

• Миқдад бин Әсуад (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Бір кездері екі досыммен бірге Мәдинаға барған едік. Жолдың қиындығынан абыржып кеттік. Сахабалардан (алейһимурридуан) ешкім бізді үйіне шақырмады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізді өз үйіне апарды. Үйінде үш ешкі бар екен. Бізге «Мына ешкілердің сүтін сауып ішіңдер» деді. Өзі кетіп қалды. Біз ешкілерді сауып сүтін іштік. Расулуллаһтың үлесін ажыратып қойдық. Кешке Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келді. Ұйықтап жатқан адамды оятпайтындай, ал ояулар еститіндей ақырын дауыспен сәлем берді. Кейін мешітке барып намаз оқыды. Содан соң келіп, Оған алып қойған сүтті ішті. Бір түні маған шайтан жаман ой салды. «Ансар (мәдиналық сахабалар) Расулуллаһқа сыйлықтар әкеледі. Оның бұл сүтке қажеттілігі жоқ қой» деп біз Расулуллаһқа алып қойған сүтті іштім. Бірақ сүтті ішімде ұстай алмай, шығарып тастадым. Бұл ісіме қатты өкіндім. Өз-өзіме «Расулуллаһтың үлесін іштің! Енді қазір сені қарғайтын болса, ахиретің құриды» дедім. Үстімде жамылғы бар еді. Басымды жапсам аяғым, аяғымды жапсам басым ашылған еді. Мүлде ұйықтай алмадым. Достарым ұйықтап жатты. Өйткені оларды ешқандай ой мазаламаған, ештеңе қинамаған еді. Сол кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келді. Сәлем беріп, мешітке өтті де, намаз оқып кері келді. Сүтке қарады, ыдыстың бос екенін көріп, дұғаға қол жайды. Мен ішімнен «Міне, мені қарғап жатыр» деп ойладым. Бірақ Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Раббым, мені тойдырғанды тойдыр, маған су бергенге су бер» деп дұға етті. Дереу орнымнан тұрып киіндім. Ешкілердің ең семізін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үшін соймақшы болдым. Пышақ алып бардым, ешкілерге қарасам, желіндері сүтке толы еді. Бір ыдыс алып, сүт саудым. Сүттің майы бетіне шығып тұрған еді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына бардым. Менен «Бұл түні сүттеріңді іштіңдер ме?» деп сұрады. «Іштік, йа, Расулаллаһ» деп жауап бердім. Кейін қолымдағы сүтті біраз ішіп, «Сен де іш» деп маған берді. «Тағы біраз ішсеңізші, йа, Расулаллаһ» деп едім, тағы біраз ішіп маған берді. Мен де іштім. Бірақ мені күлкі басты. Күлкіден жерге жатып қалдым. Расулуллаһ маған «Ей, Миқдад! Бұл сенің бұзықтығыңның бірі» деді. Кейін мен болған оқиғаны айтып бердім. Ол «Бұл Аллаһу та'аланың мейірімінен басқа ештеңе емес. Неге маған айтпадың? Екі досыңды да оятсақ, олар да бұл мейірімнен нәсібін алар еді» деді. Мен «Сіз мейірімге бөлендіңіз. Мен де бөлендім, басқалардың бұл мейірімге бөленетіні немесе бөленбейтініне уайымдамаймын» дедім».

• Әбу Қурсафә (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Менің мұсылмандықты қабылдағаным былай болған еді: Анам және апам (әкемнің әпкесі) бар еді. Апамды көбірек жақсы көретінмін. Қойларымыз бар еді, оларды жаюға шығатынмын. Кетерімде апам маған: «Балам, абайла, Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасына жолаушы болма, сені адастырады» дейтін. Бір күні қойларды жайлауда қалдырдым да, өзім Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына бардым. Кешке дейін сонда қалдым. Кешке қойлар аш және желіндері бос күйде үйге келдім. Апам қойларға не болғанын сұрады. «Білмеймін» деп қысқа қайырдым. Ертеңіне қайтадан дәл солай істедім. Ол күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ей, адамдар, хижрет етіңдер, исламды берік ұстаныңдар. Соғыс жалғасқанша хижрет тоқтамайды» деді. Сол күні де қойларды алдыңғыдай үйге әкелдім. Үшінші күні тағы Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатына бардым және мұсылман болдым. Расулуллаһпен қол алысып, биат еттім (бағындым). Кейін апамның және қойлардың жағдайын айтып шағымдандым. Маған «Қойларыңды маған әкел» деп бұйырды. Айдап келіп едім, мүбәрәк қолын желіндеріне және арқаларына тигізді де, берекет тілеп дұға етті. Сол мезетте қойлардың бәрі семірді де, желіндері сүтке толды. Қойларды үйге айдап кеттім. Апам маған «Балам, қойларды күнде осылай жай» деді. Мен «Бүгін күндегідей жайдым. Бірақ бүгін ерекше жағдай болды» деп, болған оқиғаны түгел айтып бердім. Мұсылман болғанымды айттым. Анам мен апам да мұсылман болды (радиаллаһу анһум)».