12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жартысы мешітке айналған шіркеу

Жартысы мешітке айналған шіркеу

Шам қаласы жаулап алынған кезде Халид бин Уәлид хазрет қаланың бір тарапынан кірді. Оған тойтарыс көрсетілгендіктен, қылыш қолданып, қалаға күшпен кіріп ілгеріледі. Мақсаты – қаланың сол кездегі ең үлкен шіркеуі, қазіргі «Әмәуи мешіті» еді.

Қаланың басқа тарапынан Әбу Убәйда бин Жәррах хазреттің қолбасшылығында әскер кіріп келе жатты. Бірақ ол жерде халық оған қарсылық көрсетпеді. Сондықтан ол еркін, қару қолданбай, күш көрсетпей кіріп ілгеріледі. Әрине оның да ең басты мақсаты – қаланың ең үлкен шіркеуі еді. Мұсылмандар ислам қаласы екенінің рәмізі ретінде қару, қылыш күшімен жаулап алған қалаларының ең үлкен шіркеуін мешітке айналдырып, басқа шіркеулерге тиіспейтін еді. Стамбұлды жаулап алғанда да солай болған еді.

Бұл екі қолбасшы бір сәтте екі тараптағы екі есіктен сол шіркеуге кірді. Сөйтіп шіркеудің қақ ортасында бір-бірімен кездесті. Осындай үлкен жеңіске жеткендеріне қуанып, бірін-бірі құттықтап құшақтасты. Халид бин Уәлид хазрет шіркеуді мешітке айналдырғысы келді. Бұл ұсынысқа хазреті Әбу Убәйда қарсы келді:

- Ей, Халид! Білмейсің бе, бейбіт жолмен алынған қаланың шіркеулеріне тиісуге болмайды!

- Білемін, бірақ мен осы жерге дейін қарумен, күш қолданып келдім.

- Ал мен бейбіт жолмен осында келдім.

- Мейлі, онда қалай істейміз, ей, Әбу Убәйда?

- Шіркеудің жартысы шіркеу болып қалсын, қалған жартысын мешітке айналдырамыз! Өйткені, мешіттің жартысы қару қолданып, жартысы бейбіт жолмен алынды.

Халид бин Уәлидтің бұл шешімге ешқандай қарсылығы болмады. Тіпті Әбу Убәйда бин Жәррах хазретке алғысын айтты.

Бұл оқиғадан кейін шіркеудің жартысы мешітке айналды. Мәлик бин Мәруан дәуіріне дейін солай келді. Мәруан шіркеуді толықтай мешітке айналдырды. Христиандар бұған разы болуға мәжбүр болды.

Жылдар өткен соң әділеттігімен танылған Омар бин Абдулазиз халифа болды. Христиандардың алдыңғы қатарлылары жиналып, осы жағдайды айтып алдына келді. Халифа олардың өтінішін тыңдап, бұл мәселені қазыға тапсырды. Қазы мынадай шешім қабылдады:

- Мешіттің жартысы сендерге қайта шіркеуге айналдыру үшін қайтарылады!

Мұны естіген мұсылмандар қазыға былай деді:

- Тақсыр, шығарған үкіміңізге еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ дініміз бойынша қолданылмайтын ғибадатханалар шағым түскен кезде жабылу керек. Шамда және басқа қалаларда қолданылмайтын көп шіркеу бар. Олай болса, біз де олардың жабылуын талап етеміз.

Христиандар осындай күтпеген нәтижеге не істерін білмей сасып қалды. Өзара ақылдасып, өтініштерінен бастартты.