Бұл дүниеде бәрі жағдайына шағымданудаБұл дүние рахаттық пен бақыт орны емес. Бір күн бақыт тапсақ, бірнеше күн бақытсыз боламыз. Өзіміздің ешқандай қиыншылығымыз болмаса да, жақындарымыздың бірінің қиыншылығы қынжылтады. Хасан Басри хазрет айтқан: «Дүниеде рахаттық күтпе, көретін болсаң, оны олжа деп біл. Жолдан ақша тауып алғандай». Егер дүние рахаттық мекені болса, бәрінен көп пайғамбарлар бұған бөленетін еді. Алайда бәрінен көп қиыншылықты, қайғы-қасіретті олар көрген. Адам алейһиссалам ғасырлар бойы көз жасын төкті. Нұх алейһиссаламды бәрі мазақтап, келеке қылды. Кемені соққан кезде қандай қиыншылықтар көрді. Ибраһим алейһиссалам отқа тасталды, оны өртемекші болды. Өзінің жалғыз ұлын құрбандыққа шалу әмір етілді. Бұл ең ауыр емтихан. Балаңды біреуге бауыздат немесе таудан таста десе, оңайрақ болар еді. Бірақ бұйрық – өз қолыңмен құрбандыққа шал. Иса алейһиссаламның паналайтын үйінің болмауы және кедейлікте өмір сүруі. Яһудилерден, пұтқа табынушылардан көрген қорлығы мен азаптары. Біздің пайғамбарымыздың (алейһиссалам) көрген қиыншылықтары бәрінен көп еді. Таиф жорығында көрген қорлығы, балалардың тас жаудыруы, мүбәрәк аяқ киімінің қанға толуы және оларды қарғамауы. Ухуд соғысында ең сүйікті көкесі хазреті Хамза және басқа да сахабалар шәһид болуы секілді өте ауыр қиыншылықтар. Демек, сүріп жатқан өміріміз зауықтанатын, рахаттанатын жер емес. Ниғметтерінің өзінде қарапайым ләззат жоқ. «Тісім болсын, бірақ ауырмасын» дей алмаймыз. Дүниеде рахат күту сағымнан су күтуге ұқсайды. Өкініштен басқа ештеңе бермейді. Бір адам досына дұға етіп, «Аллаһ саған дүниеде еш қиыншылық көрсетпесін!» деп тілейді. Досы «Сен менің өлгенімді тілейді екенсің» дейді. Дүниеде өмір сүріп, қиыншылық көрмеу мүмкін бе? Рахатқа қалай жетеміз, өзгере беретін тұрақсыз өмір сүріп жатырмыз. Ешкім өзіне сенімді емес. Бәрі өз жағдайына шағымданады, көрген ниғметтерін азсынады, көзі басқасына түсе береді. Көзін тек қана топырақ тойдырады. Барлық адамда қорқыныш бар. Өлімнен қорқу, аурудан қорқу, кедейліктен қорқу, сүйіктілерінен айрылып қалудан қорқу. Бітпейтін қорқыныш! Қорқынышпен өткен өмірдің не қызығы бар? Бір хадис шәрифте айтылады: «Мұсылман – неткен нәсіпті адам: ниғметке бөленгенде шүкір етеді, сауап алады. Ауруға, қиыншылықтарға душар болғанда сабыр етеді, тағы сауап алады». Сабыр ететін болсақ, қиыншылықтарымыз азаяды, жеңілдейміз, оның үстіне үлкен сауап аламыз. Сабыр етпесек, ауруымыз, қиыншылықтарымыз артады, күнәһар боламыз... |