15 - Шәууал, 1445 жыл.
     24 - Сәуір, 2024 жыл.   


АЛТЫНШЫ БӨЛІМ

Асхаби кирамнан (ардақты сахабалардан) және әймма-и изамнан (ұлы имамдардан) (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) хабар берілген пайғамбарлық дәлелдер мен сүйіншілер:

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларының (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) және әһли бәйтінің (отбасының, ұрпағының) (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин) басқа үмбеттерден үстем және ізгі екеніне сену діни міндет және ислам ақидасынан саналады. Сәләф-и салихинның олар туралы риуаят еткен хадис шәрифтеріне және оқиғаларына сенеміз. Дұрыс екеніне сенеміз. Олардың арасында орын алған келіспеушіліктер мен қақтығыстар туралы үндемейміз, сөйлемейміз. Омар бин Абдулазиз (рахметуллаһи алейһ) айтқан: «Аллаһу та'ала біздің қолымызды олардың қанына тигізбегеніндей, біз де оларға тіл тигізбейміз. Олардың істері туралы сөйлемейміз, Аллаһу та'алаға қалдырамыз». Олардың кейбірі кейбірінен абзал болса да, істерінің мән-жайын іздестірмейміз. Мұны олардың жоғары білімдеріне және үстем ақылдарына қалдырамыз. Өйткені олар не істеген болса да, олардан қандай әрекет шыққан болса да, ол іс-әрекеттің бір хикметі бар және ол сүннет-и сәнияға сай. Олар – хидаят ұстанушылар және адасушылықта бірікпейді. Кейбір мәселелерде қанша бір сөзге келмей, келіспеушілікке түскен болса да, олар жоғары ижтиһадтары, Хаққа берілуі және дінге беріктігі себебімен орын алған. Қиямет күні олар бұл істері үшін есепке тартылмайды. Керісінше өз ижтиһадтары бойынша амал еткені үшін сауапқа кенеледі. Олар – Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатына қатысу және дін таратуда Расулуллаһқа көмекші болу абыройына ие таңдаулы адамдар. Олардың үстемдіктері Құран кәрімде хабар берілген.

Аллаһу та'ала [Фәтх сүресінің 18-ші аятында] «Ағаш астында саған сөз берген мүминдерге Аллаһу та'ала әлбетте разы», [Фәтх сүресінің 29-шы аятында] «Мұхаммед (алейһиссалам) Аллаһтың Расулы. Оның қасындағылар (сахабалар) кәпірлерге қарсы өте дөрекі, өз араларында өте мейірімді. Оларды рукуда және сәждеде (намаз оқып жатқанда) көресің. Олар Аллаһтан рақым және разылық сұрайды...», [Тәубе сүресінің 100-ші аятында] «Жақсылық жарысында озған мухажирлер мен ансарларға және оларға жақсы ергендерге Аллаһ разы болды. Олар да Аллаһқа разы...» делінген.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Жұлдыздар аспандағыларға пана. Мен сахабаларыма панамын. Ал сахабаларым үмбетіме пана. Қайбіріне ерсеңдер, хидаятқа жетесіңдер. Сахабаларыма тіл тигізбеңдер! Үмбетімнен кімде-кім Ухуд тауындай алтын садақа берсе, сахабаларымның бір муд (муд – өлшем бірлігі, екі уыс шамасы) арпа садақасына берілген сауапқа жете алмайды».

Имран бин Хусайн (радиаллаһу анһ) риуаят еткен хадис шәрифте былай делінеді: «Барлық уақыттардың, дәуірлердің халқының ең қайырлысы, ең жақсысы – менің дәуірімнің халқы [яғни сахабалардың барлығы]. Одан кейін екінші дәуірдің, кейін үшінші дәуірдің мұсылмандары». Бұл хадис шәрифті Бұхари, Мүслим және Тирмизи (рахимәһумуллаһ) хабар берген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифте: «Мені көрген немесе мені көргендерді көрген мұсылманды тозақ оты жақпайды» деді. Бұл хадис шәрифті Тирмизи (рахметуллаһи алейһ) хабар берді. Басқа хадис шәрифте: «Мені көргендер неткен бақытты, сахабаларымды жақсы көргендер неткен бақытты, өйткені олар сендердің ең қайырлыларың» делінген. Сахабалардың жүректері Аллаһу та'алаға қауышқан және Онда фәни болған. Олар сөйлегенде ақиқатты айтады. Үкім берген кезде әділетпен үкім шығарады. Аллаһу та'ала [Араф сүресінің 181-ші аятында] «Жаратқандарымыздан бір үмбет бар – хақты көрсетеді және сонымен үкім береді» деді. Сахабалардың ізгілігі туралы Абдуллаһ ибн Омар (радиаллаһу анһума) былай деген: «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейін бұл үмбеттің ең үстемі – хазреті Әбу Бәкір. Кейін хазреті Омар, кейін хазреті Осман, кейін хазреті Әли». Сәфина (радиаллаһу анһ) риуаят еткен хадис шәрифте Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Менен кейін халифалық отыз жыл сүреді. Одан кейін патшалар билік құрады» деген. Әбу Дауд (рахметуллаһи алейһ) «Китаб-и Сүнән» атты кітабында Ибн Омардан риуаят етіп былай хабар берді: «Үммет-и Мұхаммедтің пайғамбарлардан кейін ең қадірлісі – хазреті Әбу Бәкір. Одан кейін хазреті Омар. Одан кейін хазреті Осман. Одан кейін хазреті Әли (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин)». Мұхаммед бин Ханафия айтқан: «Әкем хазреті Әлиден (радиаллаһу анһ) «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейін бұл үмбеттің ең қайырлысы кім?» деп сұрадым. «Хазреті Әбу Бәкір» деп жауаптады. «Одан кейін кім?» деп сұрадым, «хазреті Омар» деді. Хазреті Османды айтатынын ойлап, одан кейін кім келетінін сұрамай, «Одан кейін сіз бе?» деп сұрадым. Ол «Мен мұсылмандардың бірімін» деп жауап берді». Мұны Бұхари және Әбу Дауд (рахимәһумаллаһ) риуаят етті.

• Сувәйдә ибн Ғафәлә (радиаллаһу та'ала анһ) былай айтып берген: «Хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) айттым: «Бір топ шииттерге кезіктім. Олар хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар (радиаллаһу анһума) туралы сөйлесіп, оларды жамандап отыр еді. Егер олар сенің жүрегіңде ол екеуі туралы жасырғаныңды білмесе, олай сөйлемейтін еді». Бұл сөзімді естіген хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Ондай нәрсені жүрегімде жасырудан Аллаһу та'алаға сыйынамын. Жүрегімде олар туралы жақсы ойдан басқа ештеңе жоқ. Өйткені олар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ең жақын екі досы және екі уәзірі» деді. Кейін жылап, көзі жасаурап, қолымнан ұстап орнынан тұрды. Ақ сақалын ұстап, мұңды және ойлы күйде мінберге шықты. Адамдар жиналған соң орнынан тұрды. Қысқа бірақ өте күшті хұтба оқыды: «Кейбір адамдарға не болып жүр, құрайштың екі үлкені және мұсылмандардың әкелеріндей болған хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар (радиаллаһу анһума) туралы олардың абыройына жараспайтын сөз айтып, бұл сөзді маған қатысты қылып жатыр! Бұл сөзді айтқандар жазаланады. Аллаһу та'алаға ант етемін, ол екеуін тек қана мүминдер жақсы көреді. Күнәһар және төмен адамдардан басқасы оларды жек көрмейді. Сендердің араларыңда оларға тең кім болуы мүмкін? Оларды жақсы көрген мені жақсы көрген болады. Оларды жек көрген мені жек көрген болады. Мен оларды жек көретіндерден аулақпын. Біліп алыңдар, бұл үмбетте Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейін адамдардың ең үстемі Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ). Исламға одан көп қызмет еткен ешкім болмаған. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ең сүйікті ол еді. Расулуллаһтан кейін бұл үмбетте Аллаһу та'ала дәргейінде Әбу Бәкірден қадірлі, қайырлы, дүние мен ахиретте одан үстем ешкім жоқ. Сондай-ақ Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және Әбу Бәкір Сыддықтан (радиаллаһу анһ) кейін бұл үмбетте адамдардың ең қайырлысы Омар-ул Фаруқ, кейін Осман Зиннурәйн (радиаллаһу анһума). Одан кейін мен. Олар туралы мені айтты деп шығарған өтіріктеріңнің бәрін жоққа шығарамын. Сендердің бұл мәселеде Аллаһу та'ала алдында ешқандай дәлелдерің жоқ. Өзім үшін, сендер үшін және басқа барша мұсылман бауырларым үшін истиғфар айтамын» деді».

Қорыта айтқанда сахабалар (радиаллаһу анһум әжмаин) арасында ол төрт тұлға қадір-құрмет, сый-сияпат және ізгілік, баршаның құрметі мен қошеметін алу, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) халифалары болу тұрғысынан, мухажир сахабалардың үлкендері және исламға көмектесуде ең алдындағы таңдаулы тұлғалар. Олардың ұлылығын ақылмен түсіну мүмкін емес. Оларды үстем және жоғары дәрежелі деп білу, құрметтеу және қадірлеу ижмамен (ғұламалардың сөзбірлігімен) бекітілген. Сәләф-и салихинның жолы осы. Мұның сыртындағы жолдар нәпсіге еру, бидғат және адасушылық болып табылады. Адасушылық жолына түсуден әрдайым Аллаһу та'алаға сыйынамыз.

Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) халифалық мәселесінде ижтиһад етті және ижтиһады дұрыс шықты. Ол кездері халифа болуға одан лайықты ешкім жоқ еді. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) ижтиһадында қателесті.

Ибраһим Ханафидың (рахимәһуллаһу та'ала) айтуынша, Хасан бин Әли (радиаллаһу анһума) халифалықты хазреті Муауияға тапсырғанда жақтастарының бірі оған «Ей, мүминдерді қор қылған» деп шақырды. Хазреті Хасан (радиаллаһу анһ): «Мен мүминдерді қадірлі қылдым. Әкем Әлиден (радиаллаһу анһ) естігенмін, «Муауияның (радиаллаһу анһ) халифалығына қарсы шықпаңдар. Өйткені менен кейін бұл міндетті ол мойнына алады. Оны жоғалтқан кездеріңде бастар шабылып жерге түскенін көресіңдер» деген еді».

Хасан Басри (рахметуллаһи алейһ) хазреті Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) былай дегенін риуаят етеді: «Бір күні Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім. Қасында хазреті Хасан бар еді. Ол адамдарға қарай бара жатты, адамдар да оған қарай келе жатты. Сол кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Менің мына ұлым сәйид. Аллаһу та'ала ол арқылы мұсылмандардың екі үлкен жамағатының арасын татуластырады деп үміттенемін» деді». Мұны Имам Бұхари хабар берген.

Сахабалардың (ридуануллаһи алейһим әжмаин) балалары әкелерінің оларға берген жақсы тәрбиесінің себебімен қадірлі және үстем. Күмәнсіз хазреті Фатиманың (радиаллаһу анһа) балалары хазреті Әбу Бәкірдің, хазреті Омардың, хазреті Османның балаларынан және хазреті Әлидің хазреті Фатимадан (радиаллаһу анһум әжмаин) болмаған балаларынан үстем. Өйткені олар Аллаһу та'ала күнәдан тазалаған пәк ұрпақ. Аллаһу та'ала оларды тап-таза қылды. Олар Расулуллаһтың әһли бәйті (жанұясы). Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Әһли бәйтім Нұх пайғамбардың (алейһиссалам) кемесі секілді. Оған мінгендер құтылады» деген.

Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) былай хабар берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Кусуа атты түйесінің үстінде хұтба айтып жатқанда: «Ей, адамдар! Сендерге екі нәрсе қалдырамын. Аллаһу та'аланың кітабын және әһли бәйтімді. Оларға жүгінсеңдер адаспайсыңдар» дегенін естідім». Тағы Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ал-и Мұхаммедті (жанұясын) жақсы көру сыраттан өтуге себепші» деген. Өйткені Расулуллаһ сырат көпірінде болады.

Ибн Малик Исмаил бин Абдуллаһ бин Жафәр Тайярдан, ол хазреті Әлиден (радиаллаһу та'ала анһум) былай хабар берді: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) аспаннан түскен рахметке (жаңбырға) қарап, «Кім маған дұға етеді?» деп сұрады да, екі рет қайталады. Хазреті Зейнеп (радиаллаһу анһа) «Мен дұға етемін, йа, Расулаллаһ» деді. Сонда Ол «Олай болса, Әлиге, Фатимаға, Хасанға және Хусейнге дұға ет» деді. Кейін хазреті Хасанды оң жағына, хазреті Хусейнді сол жағына, хазреті Әли мен хазреті Фатиманы алдына тұрғызды. Олардың үстін қалың шапанмен жауып, былай деді: «Әр пайғамбардың әһли бәйті бар. Бұлар менің әһли бәйтім». Басқа риуаят бойынша «Бұлар менің әһли бәйтім. Менің әһли бәйтім ең жақсы» деді. Зейнеп (радиаллаһу анһа) «Йа, Расулаллаһ, мен де сіздердің араларыңызға кірейін» деп еді, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Сен орныңда тұра бер. Сен иншаллаһ қайырға қауышасың» деді». «Айн-ул мәани» кітабында осы хадис шәрифке қатысты: «Расулуллаһ та (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол шапанның астына кірді. Сол кезде Жәбрейіл (алейһиссалам) келіп, олармен берекеттену үшін ол да шапанның астына кірді» делінген. Ал «Кәшф-ус Саләби» кітабында былай жазылған: «Аллаһу та'ала [Ахзаб сүресінің 33-ші аятында]: «...Ей, әһли бәйт! Күмәнсіз Аллаһ сендердің рижстен (күнәдан) аулақ болғандарыңды қалайды» деген».

Аллаһым! Бізді қате сенімнен, бос нәрселермен айналысудан сақта! Бізге барлық нәрсенің ақиқатын көрсет. Жүректерімізде әулад-и Расулға (пайғамбарымыздың ұрпағына) және сахабаларға деген махаббатын берік қыл. Бізге Әһли сүннет уәл жамағат сенімін ұстанып өлуді нәсіп ет. Қиямет күні бізді сыддықтармен, шәһидтермен бірге тірілте көр. Күмәнсіз, Сенің құдіретін бәріне жетеді.

Имам Ахмед бин Ханбалға (рахметуллаһи алейһ): «Ей, имам, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларынан (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) көп керемет хабар берілмеген. Алайда әулиелерден көп кереметтер хабар берілген. Мұның себебі не?» деген сұрақ қойылды. Ол жауап ретінде: «Олардың имандары сондай мықты еді, кереметтермен, таңғажайып құбылыстармен көрсетуге, дәлелдеуге қажеттілік жоқ еді. Бірақ өзгелердің имандары олардың имандарының дәрежесінде емес еді. Осы себепті олар керемет көрсету арқылы имандарын күшейтті» деді.

Үлкен әулие Шихабуддин Сухрауарди (қуддиса сиррух) айтқан: Аллаһу та'ала сүйікті құлдарының иманын күшейту үшін оларға сый ретінде кереметтер береді. Олардан да жоғары тұратын кейбір құлдар бар, олардың жүректерінен перде алынған, батындары (ішкі дүниесі) яқинға (толық сенімге) және марифетке жеткен. Ондай құлдардың яқиндары мен марифеттері күшею үшін ғажайыптарға, кереметтерге қажеттілігі жоқ. Сол себепті Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларынан кереметтер аз хабар берілген. Ал кейіннен келген әулиелерден көп кереметтер байқалды. Өйткені сахабалардың (алейһимурридуан) Расуллуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатына қатысудың берекетімен, уахидің түскеніне, періштелердің келіп-кеткеніне куә болғаны себебімен батындары (ішкі дүниелері) нұрланды. Ахиретті көргендей болды. Дүниені қадірлемейтін болды. Нәпістері тазаланды. Исламға лайықты болмаған әдеттердің бәрін тастады. Жүрек айналары жарқырады. Оларға нәсіп болған жоғары дәрежелердің себебімен олардан көп керемет көрінуіне қажеттілік қалмады. Өйткені имандары өте күшті болғандар хикметтерге толы әлемнің әр түйірінде Аллаһу та'аланың құдіретін, басқалар көрмейтіндерді көреді.

Әулиелердің кереметі олардың қалауының тысында пайда болады. Керемет хысси (сезілетін) және рухани болып екіге бөлінеді. Қатардағы адамдар сезілетін кереметтен басқасын білмейді. Мысалы халық арасында керемет дегенде адамның ойын оқу, өткенді айтып беру және келешектен хабар беру, судың бетімен жүру, ауада ұшу, бір жерден басқа жерге бір мезетте бару, адамдардың көзінен ғайып болу, дұғасының дереу қабыл болуы секілді кереметтер айтылады. Тек қана осы кереметтер байқалған адамдарға әулие дейді. Олардың ғибадаттарды орындайтынына, исламның және тасаууфтың әдебін ұстанатынына қарамайды. Ондай сенімнен Аллаһу та'алаға сыйынамыз.

Рухани кереметке келер болсақ, оларды тек Аллаһу та'аланың таңдаулы құлдары ғана біледі. Исламның әмірлеріне толықтай бағыну, Аллаһтың марифетіне кенелу, қайырымдылыққа ұмтылу, мойнына міндет болған істерді атқаруға құлшыну, көркем мінез иесі болу, жүректен кек, қызғаныш, жаман ой және басқа да жаман мінездердің кетуі, қолындағы барын беру, менмендікті тастау, Аллаһу та'аланың алдындағы міндеттерін орындау, әрбір тынысында Аллаһты ұмытпау секілді жағдайлар рухани кереметке жатады. Бұларда мәкр мен истидраж болмайды. Олардың бәрі сөзінде тұрудың, мақсатының дұрыстығын және тағдырға разы болуды көрсетеді. Осындай адамдармен муқарраб періштелер бірге болады.

Халық білетін, керемет ретінде көрген нәрселерде жасырын мәкр болуы мүмкін. Егер ол керемет болса, нәтижесінің тура жол немесе тура жолға себеп болуы қажет болады. Болмаса ол керемет емес. Нәтижесі тура жол болса, амалдардан рахат алу, ғибадаттардың марапатына және амалдардың нәтижесіне қолжеткізу мүмкін. Егер адам өзінен керемет пайда болғанын қаласа, ахиретте есепке тартылуы мүмкін.

Сезілетін кереметтердің ешбірі рухани кереметке қосылмайды. Сондықтан да сахабалардан (радиаллаһу анһум әжмаин) сезілетін кереметтер көп хабар берілмеген. Бірақ рухани кереметтері көп хабар берілген. Бұл тұрғыда әулиелер олардың дәрежесіне жете алмаған. Тіпті олар сахабалардың уилаятынан фәйз алған.

Әулиелердің кереметтері хақ. Хақ екені Құран кәрімде айтылған. Аллаһу та'ала [Али Имран сүресінің 37-ші аятында] «...Зәкәрия ғибадатханаға кірген сайын оның алдында бір тағам болатын. «Ей, Мәриям! Бұл ас саған қайдан келді?» деп сұрағанында ол: «Аллаһ тарапынан келді. Өйткені Аллаһ қалағанына сансыз ризық береді» деп жауаптады» деді.

Тәфсир ғалымдары бұл аяти кариманың тәфсирінде былай дейді: «Хазреті Зәкәрия (салауатуллаһи уә сәләмуһу алә нәбийина уә алейһи) хазреті Мәриямға кірген сайын оның алдында жаздыгүні қыстық жемістер, қыстыгүні жаздық жемістер көретін. Хазреті Мәриямның пайғамбар емес екені бірауыздан хабар берілген. Бұл аяти карима әулиелердің кереметін жоққа шығаратындарға қарсы нағыз дәлел. Ал хадис шәрифтерден және басқа хабарлардан санауға келмейтіндей өте көп дәлел бар.