8 - Шәууал, 1445 жыл.
     17 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ХАЗРЕТІ ОСМАН ЗИННУРӘЙН (радиаллаһу анһ)

ХАЗРЕТІ ОСМАН ЗИННУРӘЙН (радиаллаһу анһ)

Хазреті Османның күнясі Ибн Абдуллаһ, ал лақаб аты Зиннурәйн. Бұл лақаб Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі қызына үйленуі себебімен берілген. Расулуллаһ алдымен қызы хазреті Руқайяны, ал оның қайтыс болуынан кейін қызы хазреті Умму Гүлсүмді хазреті Османмен некелестірді. «Тағы бір қызым болса, оны да Османға берер едім. Адамдардың ешбіріне пайғамбардың екі қызымен некелесу нәсіп болмаған» деген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тағы хазреті Осман туралы «Ол есепсіз жәннатқа кіреді» деген. Хазреті Осман Мәдинаға жарты фәрсах қашықтықта орналасқан Рума құдығын Әбу Абдуллаһ бин Мәндарадан отыз мың ақшаға сатып алды. Оны жөндетіп, мұсылмандардың тегін қолдануына арнады. Тәбук соғысында күн өте ыстық еді. Тамақ пен көлік өте аз еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мына әскерді кім жабдықтайтын болса, ол жәннатқа кіреді» деді. Мұны естіген хазреті Осман он мың динар әкелді. Мұны көрген Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Осман, Аллаһу та'ала сенің өткен және келетін, басқа риуаятта, жасырын және ашық күнәларыңды кешірсін» деді. Басқа хадис шәрифте хазреті Осман туралы «Біліп қойыңдар, аспандағы періштелер ұялатын адамнан мен де ұяламын» деген.

Шумақ:

Аллаһқа және Расулына дұшпан адам өз-өзіне дұшпан,

Неткен ұятсыз еді, ұятшыл Зиннурәйнге дұшпан болғандар.

 

Әмир-ул мүминин хазреті Омар (радиаллаһу анһ) хижреттің жиырма үшінші жылы Зүл-хиджа айында намаз оқып жатқанда Муғира бин Шубәнің (радиаллаһу анһ) құлы Әбу Лулу Фируз тарапынан жараланды. Шәһид болатынын аңғарылды. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) шәһид болмай тұрып жаралы күйде жатқанында былай деді: «Халифалыққа ең лайықты адамдар мыналар. Расулуллаһ көз жұмарында оларға разы болған. Олар: Осман, Әли, Зубәйр, Талха, Абдуррахман бин Ауф және Сад бин Әби Уаққас (радиаллаһу анһум әжмаин)». Бұл алты кісі хазреті Омар жерленген соң халифа сайлау үшін жиналды. Хазреті Зубәйр «Мен Әлиге (радиаллаһу анһ) бағынамын» деді. Сад бин Әби Уаққас «Мен Абдуррахман бин Ауфқа бағынамын» деді (ридуануллаһи алейһим әжмаин). Соңында халифа сайлау міндетін Абдуррахман бин Ауфқа тапсырды. Абдуррахман бин Ауф хазреті Әлидің қолын ұстап «Аллаһтың кітабы, Расулуллаһтың сүннеті және шәйхайнның (хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омардың) ұстанымы бойынша амал етесің бе?» деп сұрады. Хазреті Әли «Шамам жеткенше амал етемін» деп жауаптады. Кейін хазреті Османның қолын ұстап дәл солай сұрады. Хазреті Осман Абдуррахман бин Ауф қалағандай жауап берді. Бұл сұрақты екеуіне де үш реттен қойды. Бірдей жауап алды. Кейін хазреті Османға бағынып, оны халифа ретінде таңдады. Сахабалар да хазреті Османға бағынды (ридуануллаһи алейһим әжмаин). Сыпайылық пен ар-ұят сұлтаны хазреті Османның (радиаллаһу анһ) ізгіліктері мен кереметтерінің шегі жоқ.

• Бір күні сахабалардың (алейһимурридуан) бірі хазреті Османның үйіне бара жатқан еді. Жолда бөтен әйелге қарады. Османның (радиаллаһу анһ) үйіне барғанда «Сендерге не болды, көздеріңде зинаның әсері бар күйде менің үйіме келесіңдер?» деді. Ал басқа риуаятта «Араларыңдағы біреуге не болған, жолда зина жасап осында келіпті?» деді. Ол сахаба «Біздің арамызда зина еткен ешкім жоқ» деп еді, хазреті Осман (радиаллаһу анһ) «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Көздер де зина жасайды» деген» деді. Сонда әлгі сахаба «Ей, мүминдердің әмірі, Расулуллаһтан кейін уахи келе ме?» деп сұрады. Ол «Жоқ, бұл уахи емес, бұл сенімді парасат. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мүминнің парасатынан сақтаныңдар. Өйткені ол Аллаһтың нұрымен қарайды» деген» деп жауаптады. [«Қиямет және Ахирет» кітабының 158-ші бетіне қараңыз!].

• Әмир-ул мүминин хазреті Осман (радиаллаһу анһ) шәһид болатын күнінің түнінде түсінде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрді. Ол «Ей, Осман, ертең бізбен бірге ауыз ашасың» деді. Таңертең құлдарына бүлік шығарушыларға қарсы тұруға тыйым салды. Өйткені ол шәһид болу бақытына қауышқысы келген еді. Абдуллаһ бин Рияһ және Әбу Қатада (радиаллаһу анһума) былай айтып берген: «Біз хазреті Османның (радиаллаһу анһ) үйі қоршауға алынған кезде қасында едік. Қақтығыс күшейген кезде хазреті Османның құлдары қылыштарын қолдарына алды. Хазреті Осман оларға «Кім қылышын қынға салса, сол азат болсын» деді. Біз сыртқа шықтық. Жолда Хасан бин Әлимен (радиаллаһу анһ) кездестік. Онымен бірге хазреті Османға қайтып келдік. Хазреті Хасан «Ей, мүминдердің әмірі! Сіздің бұйрығыңызсыз мен мұсылмандарға қылыш көтермеймін. Сіз хақ халифасыз. Бұйрық беріңіз, бұл пәлекетті басыңыздан алып тастайын» деді. Хазреті Осман хазреті Хасанға «Ей, бауырымның ұлы, үйіңе қайт, үйіңде отыр. Аллаһу та'аланың бұйрығы қандай болса, сол орындалады. Мен қан төккім келмейді. Бұл түні түсімде Расулуллаһты көрдім. «Соғысатын болсаң, жеңіске жетесің. Егер соғыспасаң, шәһид болып, ертең түнде менімен бірге ауыз ашасың» деген. Мен Расулуллаһпен ауыз ашқым келеді» деді».

«Фасл-ул Хитаб» кітабының авторы былай жазған: «Бұл жағдай шынайы махаббат дәрежесінде дерттерге, бәле-жалаға көнудің белгісі. Халилуллаһ Ибраһим алейһиссаламды катапультаға салып, отқа лақтырған кезде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, «Не қалауың бар?» деп сұрағанында, ол «Бар, бірақ саған емес [«Хасбияллаһ уә нимәл уәкил», яғни маған Аллаһым жеткілікті. Ол жақсы уәкіл, көмекші]» деген.

• Хазреті Османның (радиаллаһу анһ) шәһид етілген күні Жухжан бин Саид Ғифари Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұра болып қалған аса таяқты хазреті Османның қолынан тартып алып, тізесімен сындырмақшы болды. Мұны көргендер «Қой, сындырма!» деп айқайлады. Ол адамның тізесінің буынында ауру пайда болды. Бір жыл өтпей сол аурудан өлді.

• Сенімді адамдардың бірі былай айтып берді: «Бір күні қағбаны тауаф етіп жүрген едім. Бір соқыр адам да тауаф жасап жүрді және «Йа, Расулаллаһ, мені кешір, бірақ кешірмейтініңе күмәнім жоқ» деген еді. Мен «Субханаллаһ! Бұл киелі жерде осындай сөздер айтып жүрсің!» дедім. Сонда соқыр кісі: «Хазреті Османның үйі қоршауға алынған күні бір досым екеуіміз егер хазреті Осман шәһид болса, бетін шапалақпен ұрамыз деп ант еттік. Ол шәһид болды, досым екеуіміз хазреті Османның үйіне кірдік. Басы жұбайының тізесінде еді. Досым жұбайына «Оның бетін аш» деді. Жұбайы «Не істемекшісіңдер?» деп сұрады. Ол «Бетін шапалақпен ұруға ант іштім» деді. Хазреті Османның жұбайы «Оның Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбаттасқанын және екі қызымен неке құрғанын білмейсің бе?» деп, тағы бірнеше ізгіліктерін атап шықты. Досым ұялып, кері шегінді. Ал мен ол сөздерге мән бермедім. Жақындап, бір шапалақ тартып жібердім. Жұбайы маған «Аллаһу та'ала сенің күнәларыңды кешірмесін, қолдарың қурап қалсын, көзің көрмей қалсын!» деді. Сол үйден шықпай тұрып-ақ қолдарым істемей, көздерім көрмей қалды. Күнәларымның кешірілмейтініне де күмәнім жоқ!» деп айтып берді».

• Хазреті Осман Зиннурәйн (радиаллаһу анһ) шәһид етілгенде жындар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітінің төбесінде үш күн жылады. Жоқтау айтып қайғырды.

• Ади бин Хатәм (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Хазреті Осман бин Аффан (радиаллаһу анһ) шәһид етілген күні біреудің «Ибн Аффанға шаттық, рахаттық, бақыт пен жәннаттағы сансыз ниғметтерін және Раббының разылығын сүйіншілеңдер» дегенін естідік. Айналамызға қарадық, бірақ ешкімді көре алмадық».

• Хазреті Осман бин Аффан (радиаллаһу анһ) шәһид етілгенде бүлікшілердің ұрыс-керісінен үш күн жерлене алмады. Ғайыптан мынадай дауыс естілді: «Оны жерлеңдер, жаназасын оқымаңдар. Ол кешірімге бөленді және жаназасы оқылып қойды».

• Хазреті Османды (радиаллаһу анһ) үш күннен кейін жақындары жерлеуге Бақи мазарына апарды. Арттарынан бір қара нәрсе келе жатқанын көріп, қорқып кетті. Қара нәрсе жақындағанда бәрі мәйітті қалдырып, жан-жаққа қашты. Сол кезде қара нәрседен мынадай дауыс естілді: «Қорықпаңдар, біз жерлеуге сендермен бірге қатысу үшін келдік». Жерлеуге қатысқандардың кейбірлері ант етіп, олардың періштелер екенін айтқан еді.

• Бір қажылық керуені қажылық маусымында хазреті Османның (радиаллаһу анһ) қабірін зиярат етуге келді. Араларындағы біреуі менсінбей зиярат етпеді. Керуен сау-саламаттықпен қайтып бара жатқанда бір жыртқыш жануар керуеннің ішіне кіріп, әлгі адамды паршалады, бірақ етін жемеді. Керуендегілер ол адамның хазреті Османға (радиаллаһу анһ) құрметсіздік еткені үшін осындай жағдайға тап болғанын түсінді.

• Бір күні Әбу Зәр Ғифаридың (радиаллаһу анһ) қасында хазреті Осман (радиаллаһу анһ) туралы айтылып жатқан еді. Ол «Мен ол туралы жақсылықтан басқа ештеңе айтпаймын» деді де, былай айтып берді: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйінен шығып, жүре бастады. Мен де Расулуллаһтың артынан жүрдім. Ол бір жерге барып отырды. Оған жақындап, сәлем бердім де, алдында отырдым. «Ей, Әбу Зәр, не үшін келдің?» деп сұрады. Мен «Аллаһу та'ала және Расулы жақсырақ біледі» дедім. Сол кезде хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) келіп, Расулуллаһтың оң жағына отырды. Одан да не үшін келгенін сұрады. Ол «Аллаһ және Расулы жақсырақ біледі» деді. Кейін хазреті Омар (радиаллаһу анһ) келді. Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) оң жағына отырды. Расулуллаһ одан да не үшін келгенін сұрады. Ол да «Аллаһ және Расулы жақсырақ біледі» деді. Одан кейін хазреті Осман (радиаллаһу анһ) келді. Хазреті Омардың оң жағына отырды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жерден жеті немесе тоғыз жұмыр тас алды. Мүбәрәк қолында ұстады. Тастар мүбәрәк қолында тәсбих ете бастады. Дауыстарын бал арасының ызыңындай естіген едім. Расулуллаһ тастарды жерге қойды, дауысы тоқтады. Кейін хазреті Әбу Бәкірдің қолына берді. Тастар оның қолында да тәсбих етті. Ол да жерге қойды. Тастардың дауысы тоқтады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тастарды алып хазреті Омардың қолына берді. Тастар оның қолында да тәсбих етті. Ол да жерге тастады, тастардың тәсбих дауысы тоқтады. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тастарды алып, хазреті Османның қолына берді. Тастар оның қолында да тәсбих етті. Жерге қойғанында тәсбих дауысы тоқтады.»

• Ансар сахабалардың (радиаллаһу анһум) бірі Мүсәйләмә-тул Кәззаб өлтірілген күні шәһид болған еді. Бәрі өлілердің арасынан оны іздеген еді. Өлілердің бірінен мынадай дауыс естілді: «Мұхаммед (алейһиссалам) Аллаһтың Расулы. Әбу Бәкір – сыддық, Омар-ул Фаруқ – шәһид, Осман Зиннурәйн – жұмсақ мінезді және мейірімді».