16 - Шәууал, 1445 жыл.
     25 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ИМАМ ХУСЕЙН БИН ӘЛИ (радиаллаһу анһума)

ИМАМ ХУСЕЙН БИН ӘЛИ (радиаллаһу анһума)

Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) он екі имамның үшіншісі және имамдардың атасы. Күнясі Әбу Абдуллаһ. Лақаптары шәһид және сәйид. Хижреттің төртінші жылы, шабан айының төртінде, сейсенбі күні Мәдинада дүниеге келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оның есімін Хусейн (радиаллаһу анһ) деп қойды. Бұл туралы бұған дейін жазылған болатын.

Хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) мүбәрәк жүзінде сондай нұр жарқырайтын еді, тіпті қараңғы түнде бір жерге отырса, мүбәрәк маңдайынан және жүзінен жарқыраған нұрдың жарығымен жол көрінетін. Ол мүбәрәк кеудесінен аяғына дейін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты ұқсайтын. Ал хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) мүбәрәк кеудесінен басына дейін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұқсайтын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Хусейн менен, мен де Хусейнненмін, Аллаһу та'ала Хусейнді жақсы көргенді жақсы көреді» деді.

Ибн Аббас (радиаллаһу анһума) былай риуаят еткен: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күнде таң намазын оқығаннан кейін мүбәрәк жүзін сахабаларға (радиаллаһу анһум әжмаин) бұрып отыратын. Мүбәрәк жүзін көрген әр адамның қайғысы, мұңы кетіп, шаттанатын еді. Бір күні таң намазынан кейін мүбәрәк жүзін бұрмады және хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) шақырды. Екеуі бірге мешіттен шығып кетті. Сахабалар қайда және неліктен кеткенін түсіне алмады. Екеуі бірге хазреті Фатиманың үйіне барды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Әли, сен есік алдында тұр, келгендерді ішке кіргізбе» деп бұйырды. Рауслуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өзі ішке кірді. Сол кезде хазреті Хусейн туылған еді. Періштелер құттықтау үшін келген болатын. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) шыдай алмай, хазреті Әлидің үйіне келді. Есік алдына келіп «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайда?» деп сұрады. Хазреті Әли іште екенін айтқан соң «Рұқсат бер, мен де кірейін» деді. «Расулуллаһ қазір бос емес» деген жауап алған соң «Мені де ішке кірмесін деп саған бұйрық берді ме?» деп сұрады. Хазреті Әли «Жоқ, бірақ төрт жүз жиырма төрт мың періште келді» деп жауаптады. Хазреті Әбу Бәкір бұған таңқалып, күте бастады. Кейін хазреті Омар келді. Хазреті Әли оған да дәл осылай айтты. Одан кейін хазреті Осман және басқа да сахабалар (радиаллаһу анһум әжмаин) келді. Хазреті Әли оларға да дәл осыларды айтты. Біраздан соң Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыртқа шығып, хазреті Әлиге бүкіл сахабаларды ішке кіргізуін бұйырды. Әуелі хазреті Әбу Бәкір, кейін барлық сахабалар ішке кірді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сәлем берді. Хазреті Әлидің періштелердің санын айтқаны туралы сөз қозғалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиден «Періштелердің санын қайдан білдің?» деп сұрады. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Періштелер топ-топ болып келе жатқан еді. Әрқайсысы бір тілде сөйлеген және сандарын айтқан еді» деп жауап берді. Расулуллаһ: «Аллаһу та'ала ақылыңды арттырсын, йа, Әли!» деп дұға етті».

• Ибн Аббас (радиаллаһу анһ) былай риуаят еткен: «Бір күні сахабалардың (радиаллаһу анһум әжмаин) бір жамағатымен бірге Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында отырған едік. Бір кісі келіп, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алма берді. Расулуллаһ алманы мүбәрәк қолында ұстап тұрды. Хазреті Хасан мен хазреті Хусейн (радиаллаһу анһума) сонда еді. Алмаға қарап тұрған еді. Расулуллаһ алманы біреуіне беріп, екіншісін ренжіткісі келмеді. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, «Йа, Мұхаммед (алейһиссалам), екеуін күрестір, қайбірі жеңіп шықса, алманы соған бересің» деді. Расулуллаһ екеуіне күресуді бұйырған соң олар күресе бастады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ұста, ей, Хасан» деген еді. Мен «Йа, Расулаллаһ, Хасанға ұста дедіңіз бе?» деп сұрадым. Сонда ол «Жәбрейіл алейһиссалам Хусейнге ұста деп жатыр» деді. Бір риуаят бойынша хазреті Фатима да сол жерде еді. «Йа, Расулаллаһ, үлкеніне айттыңыз ба, әлде кішісіне ме?» деп сұрады. «Міне, Жәбрейіл алейһиссалам Хусейнге жақтасып жатыр» деді. Күрес ұзады, екеуі бір-бірін жеңе алмады. Жәбрейіл алейһиссалам жәннаттан бір алма әкелді. Екеуіне бір-бір алмадан беріп, оларды қуантты».

• Риуаят бойынша, бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Жәбрейіл алейһиссаламнан «Аспаннан мұнда қалай келесің?» деп сұрады. Ол «Қанатымның астында дұға бар. Ол жерде Хасан және Хусейн деп жазылған. Осы екі есімнен күш-қуат аламын» деп жауаптады.

• Бір күні хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында отырған еді. Анасына қайтқысы келді. Ол кезде жаңбыр жауып тұрған болатын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұға етті, хазреті Хусейн үйіне жеткенше жаңбыр тоқтады.

• Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) намаз оқып жатқан еді. Құлағына бір баланың жылағаны естілді. Намазын тез оқып бітіріп, сыртқа шықты. Бұл әрекетінің себебін сұрағанда «Бір баланың жылағанын естідім. Оны Хусейн деп ойлап қалдым» деп жауап берді. Кейін «Аллаһым, Хусейнді жылатқанды кешірме!» деп дұға етті.

• Умму Харис (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында отырғанда «Йа, Расулаллаһ! Түс көрдім, қорықтым» дедім. «Не көрдің?» деп сұрағанында, «Сіздің мүбәрәк денеңізден бір кесек ет кесіп алып, маған қосқан екен» дедім. «Жақсы түс көрдің. Фатиманың ұлы туылады, ол сенімен бірге қалады» деді. Біраз уақыттан кейін хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) дүниеге келді».

• Риуаят етілуі бойынша, бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Хусейнді оң тізесіне, ұлы хазреті Ибраһимді сол тізесіне отырғызды. Жәбрейіл алейһиссалам келіп «Аллаһу та'ала бұл екеуін бірге саған қалдырмайды, бірін алады. Екеуінен бірін таңда» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Егер Хусейн қайтыс болса, одан айрылудан менің қайғыруыммен қатар Әли мен Фатима да қайғырады. Егер Ибраһим кетсе, бәрінен көп мен қайғырамын. Олар қайғырғанша мен қайғырайын» деді. Үш күннен кейін хазреті Ибраһим қайтыс болды. Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасына әр келген сайын «Қош келдің, ей, ұлым Ибраһимді пида еткен адамым» дейтін.

• Умму Сәләмә (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір түні менің үйімде еді. Сыртқа шықты, ұзақ уақыттан соң қайтып келді. Мүбәрәк шашы ұйпа-тұйпа және шаң еді. Мүбәрәк қолында бір нәрсе ұстап тұрды. Мен «Йа, Расулаллаһ! Бұл не жағдай, не болды?» деп сұрадым. «Бұл түні мені Иракта Хусейн және оның ұрпағынан бір топ шәһид етілетін Кербела деген жерге апарды. Олардың қанын жинадым, қолымдағы сол жинағаным» деді. Мүбәрәк қолындағын маған беріп «Мұны сақтап қой» деді. Қолынан алдым, қызыл түсті топырақ еді. Бір ыдысқа салып, аузын жауып қойдым. Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) Иракқа жорыққа шыққанда күнде сол ыдысты шығарып, қарап жылайтынмын. Мухаррам айының оныншы күні таңертең қарасам, ыдыстағы топырақта жаңа қан байқадым. Хазреті Хусейннің шәһид етілгенін түсініп, әбден жыладым. Бірақ дұшпандар бүлік шығармасын деп жасырдым. Қайтыс болуы туралы хабар келді, сол күні шәһид етілген екен. Хижреттің алпыс бірінші жылы мухаррам айының онында, «Ашура» күні, сенбі еді. Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) елу жеті жыл, бес ай өмір сүрді».

• Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) айтып берді: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Жәбрейіл алейһиссаламмен бірге отырған еді. Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) ішке кірді. Жәбрейл алейһиссалам «Бұл кім?» деп сұрады. Расулуллаһ «Ұлым» деп оны бауырына басты. Жәбрейіл алейһиссалам «Оның шәһид болуы жақын» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Оны кім шәһид етеді?» деп сұрағанда Жәбрейіл алейһиссалам: «Сенің үмбетің шәһид етеді. Қаласаң, қайда шәһид етілетінін саған айтайын» деді. Кербела тарапын ишара етіп, біраз қызыл топырақ алды. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрсетіп, «Мына топырақ – шәһид етілетін жерінің топырағы» деді».

• Имам Зәйнәл Абидин (рахметуллаһи алейһ) айтып берген: «Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) Куфаға бара жатқанда жолда тұрақтаған әр жерімізде Яхия бин Зәкәрия (алейһимассалам) туралы айтатын. Бір күні: «Дүниенің төмен және қадірсіздігінің бірі – хазреті Яхияның (алейһиссалам) мүбәрәк басының Бәни Исраилдың қадірсіз бір әйеліне сыйлық ретінде апарылуы!» деді».

• Саид бин Жубәйр (радиаллаһу анһ) Ибн Аббастан (радиаллаһу анһума) былай риуаят етеді: «Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Аллаһу та'аладан «Яхия бин Зәкәрия (алейһимассалам) өлтірілгені үшін жетпіс мың адамның көзін құрттым. Сенің ұлың [хазреті Хусейн] үшін екі рет жетпіс мың адамды құртамын» деген уахи келді».

• Хазреті Хусейнді (радиаллаһу анһ) өлтіргендерден және олардың достарынан басына бәле келмей және масқара болмай өлгені жоқ. Абдулмәлик бин Умәйр айтып берген: «Убайдуллаһ бин Зиядты Куфада зәулім сарайда отырғанын көрдім. Әмир-ул мүминин хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) мүбәрәк басы алдында еді. Кейін Убайдуллаһ бин Зиядтың шабылған басын Мұхтардың алдында көрдім. Мұхтардың басын Зубәйрдың ұлы Мусабтың алдында, Мусабтың басын Абдулмәлик бин Мәруанның алдында көрдім. Бұл оқиғалардың барлығы аз уақыта, бір ғасырдың ішінде орын алды».

• Сенімді адамдардың бірі былай айтып берді: «Убайдуллаһ бин Зиядтың және оның достарының шабылған бастары Куфа мешітіне қойылды. Мен де сонда едім. Ол жақта отырғандар «Келді! Келді!» деп айқайлады. Қарасам, бір жылан келіпті. Бастардың арасынан жүріп, Убайдуллаһ бин Зиядтың мұрнының тесігінен ішке кірді. Біраздан соң шығып, көзден ғайып болды. Кейін адамдар қайтадан «Келді! Келді!» деп айқайлады. Әлгі жылан тағы келіп, алдыңғыдай істеді. Бұл жағдай көп қайталанды».

• Риуаят етілуі бойынша, Шәмр бин Зилжуш хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) жүктерінің арасынан біраз алтын тауып алды. Бір бөлігін қызына әшекей жасату үшін зергерге берді. Зергер алтынды отқа қойғанда алтын балқып жоқ болып кетті. Шәмр мұны естігенде зергерді шақырып алып, қалған алтынды да оған беріп, көзінше отқа қоюын талап етті. Зергер алтынды отқа қойғанда тағы балқып жоқ болып кетті. Ештеңе қалмады.

• Риуаят етілуі бойынша, хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) бірнеше түйесін сол опасыздар сойып пісірген болатын. Еті ащы болғаны сонша, ешбірі бір кесегін де жей алмады. Уахиб (радиаллаһу анһ): «Хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) мүбәрәк басын тасыған түйені де сойды. Оның еті тым ащы болған еді. Етті отқа тастап жағып жіберді» деп айтып берген.

• Сенімді адамдардың бірі айтып берген: «Тай тайпасының бір адамынан «Жындардың хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) үшін зарлап жылағанын естіген екенсіңдер, рас па?» деп сұрадым. Ол «Иә, тайпамыздағы бәрі естіді. Кімнен сұрасаң да айтып береді» деп жауап берді. «Мен сенен естігім келді» деп едім, «Олар былай деген еді» деп, мына мағынадағы өлеңді оқыды:

Расулуллаһ сипаған маңдайдың нұрымен барлық жер жарықтанады,

Оның әкесі Әли, ал атасы барлық аталардан үстем және қайырлы.

 

Хазреті Хусейнді (радиаллаһу анһ) шәһид еткен опасыздың бірі Мәдинада хұтбаға шығып, сүйінші бергендей сөйледі. Сол түні Мәдинада бір дауыс естілді. Бірақ дауыстың иесі көрінбеген еді, мына мағынадағы өлең оқыды:

Ей, Хусейнді шәһид еткен надандар,

Сендерге ғибрат болсын азаппен сүйіншіленгендер.

Аспандағылар сендерге қарғыс айтады,

Бүкіл пайғамбарлар мен періштелердің барлығы.

Ей, Дауд нәби тілімен қарғыс алғандар,

Иса бин Мәриәм да сендерді қарғайды.

 

Рум аймағында соғысқа қатысқандардың бірі айтқан: «Рум халқының шіркеулерінің бірінде мына мағынадағы өлең жазылып тұрғанын көрдім:

Қалайша үміттенеді шәһид еткендер Хусейнді,

Қиямет күні оның атасының шапағатына.

 

Бұл өлеңді көрген ғази айтқан: «Мұны кім жазған деп сұрадым, олар білмейміз деді».

Бұл пақыр [Ламии Чәләби] бұл шумақты былай аударған:

Жаза күні шапағатшыдан қалай күтеді,

Олар қорлық пен жапа берді ұрпағына.

Кәусәр суын қай бетімен сұрайды,

Мұртазаның ұрпағы сусыз өлгенде қолында.

• Зәйд бин Әркам (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Ибн Зияд хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) мүбәрәк басын әкеліп, Куфаның бүкіл аудандарында кездіруін бұйырған болатын. Мен үйімнің терезесінен қарап тұрдым. Мен жаққа келгенде мүбәрәк басынан естідім, «Сен Асхаби Кәһф пен Асхаби Рақимды біздің ғибратқа лайық белгілерімізден деп ойладың ба?» деген «Кәһф» сүресінің тоғызыншы аяти каримасын оқыған еді. Мұны естігенде төбе шашым тік тұрды. «Уаллаһи, бұл сенің басың, ей, Расулуллаһтың ұлы! Сенің ісің тым ғажайып» деп айқайладым.

• Риуаят етілуі бойынша, Мамәр және Зухри (рахимәһумуллаһ) Абдулмәликтің мәжілісінде еді. Уәлид олардан «Хазреті Хусейн шәһид етілген күні Құдыстың тастары не күйде еді, кім біледі?» деп сұрады. Зухри (рахметуллаһи алейһ) «Маған мынадай хабар келді» деп айтып берді: «Алған әр тастың астында таза қан көрген. Бірі «Хазреті Хусейн шәһид етілген күні қан жауды. Барлық жеріміз қан болды. Аспан бізге қаншама күн қан түсінде көрінді» деп айтып берген».

Абдуллаһ бин Аббастан (радиаллаһу анһума) былай риуаят етілген: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілуден үш жүз жыл бұрын төрт жағында жазуы бар тас табылды.

Бір жағында былай жазылған еді:

«Қалай күтеді шәһид еткендер Хусейнді,

Қиямет күні оның атасынан шапағатты».

Басқа жағында:

Қайыр ексе кімде-кім, қуаныш өнімін алады» деп жазылған еді.

Ал басқа жағында:

«Жамандық еккен болса, өкініш өнімін алады» деген еді.

Басқа жағында:

«Күмәнсіз жәннатта Әли, Хасан және Хусейн (радиаллаһу анһум) үшін сүтті өзен бар» деп жазылған еді».

• Мұхаммед бин Риях былай айтып берді: «Бір соқыр кісіні көрдім. Адамдар оның айналасына жиналып, көр болуының себебін білгілері келген еді. Соқыр кісі былай айтып берді: «Біз он адам болып хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) шәһид етілген күні бірге едік. Бірақ мен оған мүлде оқ атпадым, қылыш көтермедім және шәһид етілуіне разы емес едім. Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) шәһид етілген соң үйге келіп, құптан намазын оқып жаттым. Түсімде бір адамды көрдім, қасыма келіп «Тұр, Мұхаммед алейһиссаламға жауап бер» деді. «Оның және менің арамызда ештеңе жоқ» деген болсам да мені жетектеп Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына апарды. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім. Бір жазық жерде қайғылы күйде отырған еді. Қасында қолында отты қылышы бар періште тұрған еді. Мен жақындап сәлем бердім. Сәлеміме жауап қайтармады. Ұзақ уақыттан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басын көтеріп, маған «Менің құрметімді түсірдің, абыройымды таптадың және хақымды жедің» деді. Мен «Йа, Расулаллаһ! Мен оған оқ атпадым, ештеңе істемедім» дедім. «Иә, рас айтасың. Бірақ сен солардың арасында едің» деді. Кейін «Кел, жақында» деді. Мен жақындадым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында леген бар еді. Қанға толы еді. «Бұл ұлым Хусейннің қаны» деді. Сол қанды көзіме жақты. Оянғанымда көзімнің нұры кетіп, соқыр болып қалдым!».

• Юнус бин Яхия әкесінен, ол атасынан былай риуаят еткен: «Меккеде бір кісіні көрдім. Дене мүшелері қисайып кеткен еді. «Ей, адамдар! Мені Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) баласына апарыңдар» деген еді. Бірнеше кісі оған барып «Не сұрап тұрсың?» деді. Ол «Мен пәленшемін» деп еді, «Жоқ, өтірік айтасың, ол адамның дене мүшелері сау және жүзу сұлу еді. Ал сенің жүзің қара, мүшелерің қисық» деді. Ол «Уаллаһи, мен пәленшемін, айтып берейін, тыңдаңдар» деп былай айта бастады: «Мен хазреті Хусейннің түйесіне қарайтын адам едім. Бір жерге тұрақтаған болатынбыз. Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) қажетін өтеу үшін бір жерге отырғанында парсы патшасының қызы Шәһр Бануға үйленгенде сыйлық ретінде келген белдігіне көзім түсті. Сұрап алғым келді, бірақ айбатынан сұрай алмадым. Кербелаға жеттік. Әлгі зұлымдық басталып, оны шәһид етті. Олар шәһидтердің денелерін тастап кеткен еді. Біз Куфаға қайтпақшы едік. Бірден ойыма әлгі белдік келді. Кері қайтып, шәһидтер жатқан жерге бардым. Хазреті Хусейннің мүбәрәк басы кесілген, қан ішінде жатқан еді. Белдігін шешіп алғым келді. Ол оң қолын көтеріп, маған сондай ауыр соққы берді, мүшелерім шашылып кетті деп ойладым. Кейін мүбәрәк қолымен белдігін ұстады. Аяғымды мүбәрәк кеудесіне қойып, белдікті әбден тарттым, саусақтары ашылмады. Сол кезде пышағымды шығарып, мүбәрәк саусақтарын кестім. Кейін сол қолымен ұстады. Оны да кестім. Сол кезде бірнеше аттының келгенін көрдім. Мұрныма хош иістер сезілген еді. Оларды көріп, «Инна лиллаһ уә инна илайһи ражиун» дедім. Келгендер «Шәһидтердің арасында тірі қалғандары бар ма?» деп іздеп жүрген еді. Мен не істерімді білмей, қорыққанымнан жерге жата қалдым. Алдынан біреу келіп «Мен Мұхаммед Расулуллаһпын (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)» деген еді. Артынша біреуі «Мен Хамза бин Абдулмутталибпын» деген еді. Тағы бірі «Мен Жафар Тайярмын», басқа бірі «Мен Әли бин Әбу Талибпын», басқа бірі «Мен Хасан бин Әлимін», тағы бірі «Мен Фатима-туз Зәхрамын» деген еді. Бәрі келіп, хазреті Хусейн үшін жылады. «Ей, сүйікті ұлымыз, көзіміздің нұры, сенің шабылған басыңа жылайық па, әлде кесілген қолыңа, жарақаттанған денеңе, тұтқындалған ұлыңа жылайық па?! Сені шәһид еткен екен, қолдарыңды не үшін кесті?» деген еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Сүйікті ұлымның басын әкеліңдер» деді. Сол мезетте хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) басын қолында көрдім. Мүбәрәк басын денесіне қойып еді, хазреті Хусейн тіктеліп отырғанын көрдім. Расулуллаһ оны құшақтап, жылап, «Ей, ұлым, сені аш және сусыз күйде шәһид етті, саған ас пен су бергенде, Аллаһу та'ала да оларды аштық пен шөл күні тойдырып, су беретін еді» деді. Кейін «Йа, Хусейн, сені шәһид еткенді білемін, бірақ қолдарыңды кім кесті?» деп сұрады. Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) мені көрсетіп, «Міне, мына өлтірілгендердің арасында тығылып жатқан адам кесті» деді. Маған «Ей, шақи (тозақтық), тұр! Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жауап бер!» дегенді естідім. Орнымнан тұрып, алдына бардым. «Ей, Аллаһтың дұшпаны, неліктен менің сүйікті ұлымның қолын кестің?» деп сұрады. Мен «Йа, Расулаллаһ, мен оны шәһид етуге тырыспадым» дедім. Сонда «Саусақтарын кесу одан жаман» деді. Кейін маған «Ей, Аллаһтың дұшпаны, Аллаһу та'ала денеңді қисайтсын» деп дұға етті. Содан кейін дене мүшелерімнің қисайып кеткенін көрдім» деді. Мұны тыңдағандар оған лағнет айтып қарғады».

• Уақиди (рахметуллаһи алейһ) былай риуаят еткен: «Малғұн Шимир хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) мүбәрәк басын кескеннен кейін қапшыққа салып, үйіне әкетті. Қапшықты жерге қойып, үстіне дорба қойды. Әйелі түнде сыртқа шыққанда сол дорбадан нұр шығып, аспанға көтерілгенін көрді. Қасына жақындағанда астынан бір дауыс естіді. Дереу күйеуі Шимирге барып, жағдайды айтып берді де, оның астында не бар екенін сұрады. Шимир малғұн «Бір харижи адамның басы. Язидке апарамын, маған көп ақша береді» деп жауаптады. Әйелі «Есімі кім?» деп сұрады. «Хусейн бин Әли» дегенде әйел айқайлап жіберді де, есінен танып құлады. Есін жиған соң күйеуіне «Ей, мәжусиден де жаман адам! Аллаһтан қорықпадың ба? Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабірінде ренжіттің. Әлемдердің сәйидінің көз нұрының басын кестің» деді. Кейін жылап Шимирден кетіп қалды. Шимир ұйықтап қалған кезде хазреті Хусейннің мүбәрәк басын алып сүйді де, бөлмесіне апарып қойды. Басқа әйелдерді де шақырды. Есіктерді жауып, бәрі жылады. Түннің бір кезінде әйелді ұйқы басып, ұйықтап қалды. Түсінде үйінің қақ бөлініп, жан-жақты нұр жапқанын көрді. Ақ бұлттың ішінен екі ханым келді. Хазреті Хусейннің басын алып жылады. «Ол екі әйел – хазреті Хадиша мен хазреті Фатима (радиаллаһу анһ)» деген дауыс естілді. Кейін жүзі айдай жарқыраған бір адам келді. «Ол – Мұхаммед алейһиссалам» делінді. Оң жағында хазреті Хамза, Жафар Тайяр және басқа да сахабалар бар еді. Бәрі жылап, хазреті Хусейннің басын сүйді. Хазреті Хадиша мен хазреті Фатима Шимирдің әйелінің қасына келіп, «Сенің біздегі хақың көп, не қалайсың?» деп сұрады. Ол «Егер қабылдасаңыздар, жәннатта сіздермен бірге болайын» деді. Сонда «Аллаһу та'ала істеріңді оң қылсын, сені күтеміз» деді. Шимирдің әйелі оянып, түсін сол жердегі әйелдерге айтып берді. Таңертең күйеуі Шимир келіп, хазреті Хусейннің мүбәрәк басын сұрады. Әйелі бермей қойды. «Бұдан былай сенімен тұра алмаймын, талақ бер, ажырасайық» деді. Шимир талақ беріп, ажырасты. Бірақ ол сонда да «Өлсем де бермеспін» деп мүбәрәк басын бермей қойды. Шимир әйелді өлтіріп, хазреті Хусейннің мүбәрәк басын алды». Хазреті Хусейн хижреттің алпыс бірінші жылы мухаррам айының онында, жұма күні шәһид етілді.

Әһли бәйт имамдарының бір бөлігі баяндалды. Қалғандары Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрмеген болса да, сол алтын шежіренің кереметтерін және үстем хәлдерін аталарынан кейін баяндаған жөн болар. Ғалымдар, әулиелер және әһли яқин ізгіліктері мен қадір-қасиеттері себебімен оларды «Алтын шежіре» деп атаған. Он екі имамның хикаялары баяндалған соң кейбір сахабалардың оқиғалары да баяндалатын болады.