25 - Шәууал, 1445 жыл.
     4 - Мамыр, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ИМАМ ЖАФӘР САДЫҚ (радиаллаһу анһ)

ИМАМ ЖАФӘР САДЫҚ (радиаллаһу анһ)

Имам Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) он екі имамның алтыншысы. Күнясі Әбу Абдуллаһ. Әбу Исмаил деген де күнясі бар. Лақаптарының ең әйгілісі Садық. Имам Мұхаммед Бақырдың ұлы. Анасы Умму Фәрмуда. Умму Фәрмуда хазреті Әбу Бәкірдің немересі Қасым бин Мұхаммедтің қызы. Ал Умму Фәрмуданың анасы Әсма бинти Абдуррахман бин Әбу Бәкір әс-Сыддық (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин). Осы себепті Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) «Әбу Бәкір Сыддық мені екі мәрте дүниеге әкелді» дейтін. Бұл сөзімен әрі тегі жағынан, әрі рухани жағынан жақындығын меңзеген болатын. Өйткені, тасаууф жолында оның екі шежіресі болып, бірі әкесі Имам Мұхаммед Бақырға, одан Имам Зәйнәл Абидинге, одан хазреті Хусейнге, одан хазреті Әлиге жетеді. [Бұл жол – «Уилаят жолы»]. Екінші шежіресі анасының әкесі Қасым бин Мұхаммед бин Әбу Бәкірге жетеді. Одан Салман Фарисиге, одан хазреті Әбу Бәкір Сыддыққа жетеді. [Бұл жол – «Нубуввәт жолы»]. Хазреті Исаның (салауатуллаһи алә нәбийина уә алейһи) «Адам екі рет туылмайынша [яғни уилаят мәртебесіне де жетпейінше], әлеми мәләкутқа жол таппайды» деген сөзі осы мағынаның ишарасы.

Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) Мәдинада хижреттің сексенінші жылы дүниеге келді. Хижреттің сексен үшінші жылы рабиул әууәл айының жиырма жетісінде дүйсенбі күні туылғаны да айтылған. Хижреттің жүз қырық сегізінші жылы ражаб айының ортасында дүйсенбі күні Мәдинада қайтыс болды. Қабірі «Бақи» мазарында, әкесі Мұхаммед Бақырдың, атасы Имам Зәйнәл Абидиннің және көкесі Хасан бин Әлидің (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) қабірлерінің қасында орналасқан. Аллаһу та'ала сый-сияпатына бөлеген және құрметті, абыройлы қылған сол қабірде жатқан қадірі биік тұлғаның сауабын арттырсын!

Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) Әһли бәйттің ұлыларынан және ғалымдарынан болған. Оның жүрегіне қонған білімдер мен фәйздердің көптігі сонша, ақылдың түсінуге шамасы жетпейтін білімдер мен марифеттер одан жетіп келген. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ): «Біздің біліміміз ғабир, мәзбур, жүректерге нукәт. Құлақтарға нақр. Бізде қызыл жәфр, ақ жәфр және хазреті Фатиманың (радиаллаһу анһа) Мусхафы бар. Сондай-ақ бізде адамдар мұқтаж болған барлық нәрселерді өзінде қамтыған бір кітап бар» деді. Сонда мұны естіген адамдар одан бұл сөздерді түсіндіріп беруін сұрады. Жауап ретінде: «Ғабир – келешек туралы мәліметтер, мәзбур – өткен уақытқа қатысты мәліметтер. Ал жүректегі нукәт – аян. Құлақтарда нақр – періштелердің сөйлесуі, өздері көрінбейді, сөйлегендері естілмейді. Қызыл жәфр – Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қару-жарақтары орналасқан қорап. Әһли бәйт біздің басымызға өткенге дейін ол қорап мәлім болмайды. Ақ жәфр – Мұса алейһиссаламның Таураты, Иса алейһиссаламның Інжілі, Дауд алейһиссаламның Забуры және Аллаһу та'аланың бұларға дейін жіберген кітаптары орналасқан қорап. Хазреті Фатиманың Мусхафы – онда қияметке дейін келетін патшалардың есімдері мен сөздері бар. Жамиаға келер болсақ, ол ұзындығы жетпіс зра’ (өлшем бірлігі) болып, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оны тікелей өзі айтып хазреті Әлиге жаздырған. Уаллаһи хазреті Әли оған қияметке дейін адамдар мұқтаж болған жаралаудың жазасы, бір және жарты қамшы ұруға дейін бәрін жазып қойған және «Менен айрылғанға дейін менен кейін сендерге ешкім айтпайтын нәрселерді менен сұрап алыңдар» дегені айтылған» деді. Қысқасы, оның мүбәрәк тілінен шыққан ақиқаттар, хикметтер, нәзік мәселелер, теңдесіз сөздер, кәшф пен яқин иелері таңдаулы адамдар арасында мәшһүр. Үлкен ғұламалардың және таңдаулы адамдардың кітаптарында жазылған. Санауға келмейтіндей және түсіндіре алмайтындай көп. Бұл кітапта оның үстем хәлдері, ғажайыптары, кәшф пен кереметтері қысқаша баяндалған.

• Халифа Мансур Рәбиге: «Имам Жафәр Садық маған келсін» деді. Шақырған соң ол келді. Халифа Мансур «Егер сені өлтірмесем, Аллаһ мені өлтірсін! Түрлі қулықтармен фитна шығарып, мұсылмандардың қанын төккің келген екен» деді. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) ант етіп, «Мен ондай ештеңе істемедім, істегім де келмейді. Егер сондай хабар алған болсаңыз, ол өтірікшінің сөзі. Аллаһу та'ала сақтасын, сіз айтқанды мен істемеймін. Юсуф алейһиссаламға зұлымдық жасалды, ол кешірді. Әйюб алейһиссалам дертке душар болды, ол сабыр етті. Сүлейман алейһиссаламға көп нәрсе нәсіп болды, ол шүкір етті. Олар пайғамбар, сіздің тегіңіз де олардан келеді» деді. Мансур мұны естігенде «Дұрыс айтасың. Жоғары шығайық» деп бөлмесіне шақырды. Кейін «Бұл айтқандарымды маған пәленше айтты» деді де, сол адамды шақырды. Ол келген соң «Сен бұл сөздерді Жафәр Садықтың өзінен естідің бе?» деп сұрады. Ол адам «Иә, өзінен естідім» деді, сонда «Ант етесің бе?» дегенде «Иә» деп былай ант етті: «Биллаһилләзи лә илаһа илла һу алимулғайби уәшшәһәдәти (Өзінен басқа құдай болмаған, жасырын және ашық барлығын білетін Аллаһқа ант етемін)» деді. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) ол адамға «Былай ант ет» деді: «Бәрайту мин хаулиллаһи уә қууатиһи уәлтәжәту илә хаули қууати лақад фәалә кәзә уә кәзә Жафәр уә кәзә уә кәзә Жафәр (Аллаһтың күш-қуаты мен құдіретінен шығып, өз күш-қуатым мен құдіретіме сенген болайын, Жафәр былай былай деді және былай былай істеді)». Ол адам басында бұлай ант еткісі келмеді. Бірақ кейін солай ант етті де, сол мезетте құлап, өліп қалды. Халифа Мансур «Мынаның өлісін аяғынан сүйреп сыртқа шығарып тастаңдар» деді.

• Рәби былай айтып берген: «Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) халифа Мансурға келген кезінде ернін жыбырлатып бір нәрсе оқыған еді. Мансурдың ашуы ақырындап басылды. Тіпті оны қасына шақырып, күлімдеп, жылы сөйледі. Ол жақтан кеткен соң Жафәр Садықтан (радиаллаһу анһ) «Халифа сізге қатты ашуланған еді, сіз ерніңізді жыбырлатып бір нәрсе оқығаныңызда ашуы басылып қалды. Қай дұғаны оқыған едіңіз?» деп сұрадым. «Атам хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) дұғасын оқыдым. Ол: «Йа уддәти индә шиддәти уә йа ғауси индә қурбәти ухрусни биайникәлләти ләтәнаму уә әкфини бин рукникә әлләзи лә йәраму» [Ей, қиналғанда сүйенерім, ей, қиналғанда нағыз медетім! Әрдайым көріп тұратын қасиетіңмен мені қорға және шексіз құдіретіңмен маған көмектес!] деген дұға» деп жауап берді. (Рәби: «Бұл дұғаны жаттап алдым. Қай кезде басыма қиындық келсе, осы дұғаны оқып құтылатынмын» деген). Кейін «Әлгі өлген адамға неліктен өз антынан басқа ант айтқыздыңыз?» деп сұрадым. «Құл Аллаһу та'аланы уахданиятпен және ұлылықпен зікір етсе, Аллаһу та'ала ол құлына мейіріммен және қорғанышпен қарайды және жазасын кешіктіреді. Ол адамға естігеніңдей ант айтқыздым, көргеніңдей Аллаһу та'ала оның жазасын тез берді» деп жауап берді».

• Халифа Мансур есік қарауылына «Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) келген кезде маған кірмей тұрып оны өлтір» деп бұйрық берді. Жафәр Садық бір күні халифа Мансурға келіп, кіріп, қасына отырды. Қарауыл ішке кіріп, оны халифа Мансурдың қасында көріп, таңқалды. Біраздан соң Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) кетіп қалды. Мансур қарауылды шақырып, «Саған қандай бұйрық берген едім?» деді. Қарауыл ант етіп, «Жафәр Садықты сіздің қасыңызда отырған кезде ғана көрдім. Кіргенін де, шыққанын да байқамадым» деді.

• Халифа Мансурдың жақындарының бірі былай айтып берген: «Бір күні Мансурға кірген едім. Оның ойланып отырғанын көрдім. «Ей, мүминдердің әмірі, неліктен ойланып отырсыз?» деп сұрадым. Ол «Әһли бәйттен көп адам өлтірдім. Бірақ олардың басшысын қалдырдым» деді. «Ол кім?» деп сұрағанымда «Жафәр бин Мұхаммед» деді. «Ол Аллаһу та'алаға ғибадат етумен ғана айналысады. Дүниелікке мүлде мән бермейді ғой» деп едім, маған «Сен оның халифа болғанын қалайсың, бірақ ол болмайды. Мен әрі кетсе осы түні оны ойлай беруден құтылғым келеді» деді. Кейін баскесерді шақырды. Баскесерге «Жафәр Садықты осында шақырамын. Келгенінде қолымды басыма қойған кезде оны өлтір» деп бұйрық берді. Кейін Жафәр Садықты (радиаллаһу анһ) шақыртты. Мансурдың қасына келгенінде мен де онымен бірге бардым. Ернін жыбырлатып бір нәрсе оқыған еді, не оқығанын түсіне алмадым. Мансурдың сарайына қарадым, теңіздің толқынында тербеліп тұрған кеме секілді шайқалған еді. Мансурды көрдім, жалаң аяқ, басы ашық, бүкіл денесі дірілдеп Жафәр Садық хазретті күтіп алды. Қолынан ұстап, оны өз тағына отырғызды. Кейін «Расулуллаһтың ұрпағы, не үшін келдіңіз?» деп сұрады. Жафәр Садық хазрет «Мені шақырған екенсіңдер, сол үшін келдім» деді. Мансур «Не қалайсыз, айтыңыз, бұйрығыңызды орындайын» деді. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) «Мен өзім қаламайынша мен шақырмаңдар. Өз қалауыммен келемін» деп кетіп қалды. Кейін Мансур төсегіне жатып, түннің жарымына дейін ұйықтады. Намаздарын өткізіп алды. Оянған соң қазасын оқыды. Мені шақырып алып былай деді: «Жафәр Садық қасыма келгенде айдаһар көрдім. Аузын ашқан, бір ерні жерде, бір ерні сарайымның төбесінде еді. Маған анық сөзбен «Егер Жафәр Садыққа (радиаллаһу анһ) тиісетін болсаң, сені және сарайыңды жұтамын» деді». Мен «Бұл сиқыр ғой» дегенімде «Жоқ, олай айтпа, бұл исми ағзам дұғасының қасиетінен. Ол дұға Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жетіп келген. Бұл дұғамен не тілесе де орындалатын» деді».

• Ибн Жәузи (рахметуллаһи алейһ) «Сафуә-тус сафуа» атты кітабында өз риуаятымен Ләйс бин Садтан былай хабар берген: «Бір қажылық маусымында Меккеде едім. Екінді намазын оқыған соң Әбу Қубәйс тауына шықтым. Ол жақта бір кісі дұға етіп отырған еді. Демі біткенше «Йа, Рабби, йа, Рабби» деді. Кейін демі таусылғанша «Йа, Раббәһу, йа, Раббәһу» деді. Кейін демі біткенше «Йа, Рабби, йа, Рабби» деді. Тағы демі біткенше «Йа, Аллаһ, йа, Аллаһ» деді. Кейін «Йа, Хай, йа, Хай» дей бастады және демі біткенше айтты. Кейін демі таусылғанша «Йа, Рахим, йа, Рахим» деді. Кейін демі біткенше «Йа, Әрхамәррахимин» деді. Жеті рет осылай істеді. Кейін «Аллаһым, мен жүзім қалаймын және мына екі киімім де ескіріп қалды» деді. Дұғасы біте сала бір себет жүзім және екі киім қасында пайда болғанын көрдім. Алайда ол кезде жүзімнің мезгілі емес еді. Жүзімді жей бастағанында мен «Мына жүзімге мен де ортақпын» дедім. «Неге?» деп сұрағанында «Сен дұға еткенде мен «Әмин» деп тұрғанмын» деп жауаптадым. Ол «Мейлі, мұнда кел» деді, мен жақындап отырдым, бірге жедік. Жүзімнің сүйегі жоқ еді. Тойғанша жедім. Ондай жүзім жеген емеспін. Қанша жесек те, себеттегі жүзім мүлде азаймаған еді. Кейін ол маған «Мына екі киімнен қалағаныңды таңдап ал» деді. «Қажет емес» деп едім, «Онда сен бұрылып отыр, мен киіп алайын» деді. Мен бұрылып отырдым, киімдердің бірін изар (көйлек), бірін рида (шапан) ретінде киді. Ескі киімдерін қолына алып кетті. Мен де артынан жүрдім. «Сай» ауданына бардық. Ол жақта біреу алдынан шығып, «Ей, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) немересі, мені киіндірші. Аллаһу та'ала да сені киіндірсін» деді. Ол қолындағы ескі киімдерін оған берді. Мен әлгі адамның артынан жетіп алып, «Мына киімді саған берген адам кім?» деп сұрадым. «Жафәр бин Мұхаммед (радиаллаһу анһ)» деп жауап берді. Кейіннен Жафәр Садық хазретті тапқым келді. Одан хадис шәриф тыңдау үшін қанша іздесем де, таба алмадым».

• Дауд бин Әли бин Абдуллаһ бин Аббас деген кісі Имам Жафәр Садықтың (радиаллаһу анһ) құлдарының бірін өлтіріп, мал-мүлкін алып қойды. Жафәр Садық хазрет Даудқа барып, «Құлымды өлтірдің, мал-мүлкімді тартып алдың. Саған қарғыс айтсам не істейсің?» деді. Дауд бин Әли «Мені қарғаймын деп қорқытып жатырсың ба?» деп мазақ қылды. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) үйіне барып, бүкіл түнін ғибадатпен өткізді. Сәре уақытында Дауд бин Әлиге қарғыс айтқаны естілді. Бір сағат өтпей Дауд бин Әли өлтірілді.

• Әбу Басир былай айтып берді: «Мәдинаға барған болатынмын. Қасымда күңім бар еді. Таңертең ғұсыл құйыну мақсатымен моншаға бару үшін сыртқа шықтым. Бір топ адамдың Имам Жафәр Садықты (радиаллаһу анһ) көруге бара жатқанын көрдім. Мен де оларға қосылдым. Барып, алдына кірдік. Ол маған қарап «Ей, Әбу Басир, пайғамбарлардың және ұлдарының алдына жүніп (ғұсылсыз) күйде кіруге болмайтынын білмейсің бе?» деді. Мен «Сізді көруден мақұрым қалмайын деп осы күйде келдім» дедім. Кейін ендігәрі олай істемейтінімді айтып тәубе еттім де, сыртқа шықтым».

• Бір адам былай айтып берген: «Бір досым бар еді. Халифа Мансур оны қамауға алған болатын. Бір қажылық маусымында Арафатта екінді намазынан кейін Жафәр Садық хазретті көрдім. Қамаудағы досымды сұрады. Мен «Әлі қамауда» дедім. Сол кезде қолын жайып, досыма дұға етті. Біраздан соң ант етіп, «Досыңды арапа күні екінді намазынан кейін босатты» деді».

• Бір адам былай айтып берген: «Меккеде киім сатып алған едім. Өзіме кебін болсын деп өлгенге дейін сақтамақшы болдым. Арафаттан Муздәлифаға барғанымызда ол киімімді жоғалтып алдым, қатты мұңайдым. Таңертең Минаға барғанда Мәсжид-и Хифте отырған едім. Сол кезде біреу келіп, «Сені Жафәр Садық хазрет шақырып жатыр» деді. Барып, сәлем бердім де, алдына отырдым. Маған «Қаласаң саған бір киім берейін, қайтыс болғаныңда саған кебін болады» деді. Мен «Жақсы болады, онсыз да киімімді жоғалтып алған едім» дедім. Қызметшісі бір киім әкелді. Дәл жоғалтқан киімімдей еді. «Мынаны ал да, Аллаһу та'алаға тапсыр» деді».

• Бір кісі былай айтып берген: «Бір күні Имам Жафәр Садықпен (радиаллаһу анһ) бірге Мәдинаға бара жатқанда бір әйел балаларымен бірге жылап отырған еді. Алдарында өліп қалған сиыр жатқан болатын. Жафәр Садық хазрет «Бұл не?» деп сұрады. Әйел «Біз мына сиырдың сүтімен күн көріп жүрген едік. Енді өліп қалды. Не істерімізді білмей қалдық» деді. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) әйелге «Аллаһу та'ала мына сиырды тірілткенін қалайсың ба?» деп сұрады. Әйел «Мына қайғым жетпей тұрғандай, мені мазақ қылып тұрсың ба?» деді. «Жоқ, мазақ қылмадым» деп мүбәрәк аяғын сиырдың өлігіне тигізді. Сиыр тіріліп, аяққа тұрды. Ол кезде Жафәр Садық хазрет көпшіліктің арасына кіріп, көзден ғайып болды. Әйел мұны істеген адамның кім екенін түсінбей қалды».

• Тағы бір кісі былай айтып берген: «Имам Жафәр Садық хазретпен бірге қажылыққа кетіп бара жатқан едік. Бір қураған құрма ағашының түбіне тұрақтадық. Мүбәрәк ернін жыбырлатып бір нәрсе оқыды. Не оқығанын түсіне алмадым. Кейін құрма ағашына қарап «Аллаһу та'аланың құлдарының ризығынан саған аманат еткендерін бізге жегіз» деп бұйырды. Ағаш Жафәр Садық хазретке қарай иілді. Үстінде жас құрма шоқтары тұрған еді. Маған «Кел, бисмиллаһпен мына құрманы же» деді. Құрманы жедім. Өмірімде сондай тәтті және әдемі құрма жеген емеспін. Ол жерде ауылдық біреу бар еді. Бұл жағдайды көріп: «Өмірімде мұндай сиқыр көрмеппін» деді. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) ол адамға «Біз пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұрагеріміз. Біздің арамызда сиқыршы және көріпкел болмайды. Біз дұға етеміз, Аллаһу та'ала дұғамызды қабыл етеді. Қаласаң, дұға етейін, Аллаһу та'ала сені итке айналдырсын» деді. Ауылдық адам надандық танытып, «Иә» деді. Жафәр Садық хазрет дұға етті, адам сол мезетте итке айналды да, үйіне кетті. Жафәр Садық хазрет маған «Оның артынан бар» деп бұйырды. Артынан бардым, ол үйіне кірді. Балаларына барып, құйрығын ойнатып тұрды. Балалары оны таяқпен қуып жіберді. Мен Жафәр Садық хазреттің алдына барып, жағдайды айтып бердім. Кейін ит те келді, жерде аунап, көзінен жас аққан еді. Жафәр Садықтың (радиаллаһу анһ) оған жаны ашып, дұға етті. Ол қайтадан бұрынғы қалпына енді. Одан «Айтқандарыма сендің бе?» деп сұрады. Адам «Мың рет сендім, мың рет» деді».

• Бір кісі былай айтып берді: «Бір жамағатпен Жафәр Садық хазреттің сұхбатында отырған едік. Мен: «Аллаһу та'ала Ибраһим алейһиссаламға [«Бақара» сүресінің 260-шы аятында]: «...Төрт құс ал, оларды өзіңе үйрет, кейін оларды бөлшектеп, әр таудың үстіне бір бөлшектен қой, кейін оларды шақыр, жүгіріп саған келеді...» деді. Ол құстар бір тұқымдас құстар ма, әлде әр түрлі құстар болды ма?» деп сұрадым. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) бұл сұрағыма «Ол құстарды дәлме-дәл сендерге көрсеткенімді қалайсыңдар ма?» деді. Біз «Иә, қалаймыз» деп едік, «Ей, тауыс!» деп шақырды, бір тауыс құсы келді. «Ей, қарға!» дегенінде бір қарға келді. «Ей, көгершін!» деп еді, бір көгершін келді. Кейін «Ей, сұңқар!» деп шақырды, бір сұңқар құсы келді. Ол төрт құстың бастарының кесілуіне бұйрық берді. Паршалап бөліп, еттері бір-біріне араласып кетті. Бастарын қалдырды. Тауыс құсының басын алып «Ей, тауыс!» деді. Бір кезде тауыс құсының еті мен сүйегі басқа құстардың бөлшектері арасынан ажырап, өз басына қосылды, жан бітіп, бұрынғы қалпына енді. Қалған үш құс та дәл солай тіріліп кетті».

• Тағы былай айтылған: «Бір кісі Жафәр Садық хазретке он мың ақша әкелді. «Мен қажылыққа барамын, мына ақшаға маған бір үй алыңыз. Қажылықтан қайтқан соң бала-шағаммен бірге сол үйде тұрамын» деді. Ол адам қажылықтан қайтқан соң Жафәр Садық хазреттің алдына келді. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) оған: «Саған жәннаттан бір зәулім сарай алдым. Көршілеріңнің біріншісі Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), екіншісі хазреті Әли (радиаллаһу анһ), үшіншісі және төртіншісі хазреті Хасан мен хазреті Хусейн (радиаллаһу анһума). Бұл үшін саған құжат жаздым» деді. Мұны естіген әлгі адам: «Мен бұған разымын» деді. Үйіне барған соң ауырып қалды. Жафәр Садық хазрет жазып берген құжатты көрсетіп, «Өлетін болсам, мына құжатты қабіріме салыңдар» деп өсиет айтты. Қайтыс болғанында жақындары сол құжатты қабіріне салды. Ертеңіне таңертең құжатты адамдар қабірдің үстінен тауып алды. Құжаттың артында «Жафәр бин Мұхаммед (радиаллаһу анһ) берген уәдесін орындады» деп жазылған еді».

• Бір адам Жафәр Садық хазреттен Аллаһу та'аланың оған көп мал-мүлік беріп, көп қажылық жасауы үшін дұға етуін сұрады. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) ол адамға «Йа, Раббым, бұған елу қажылық жасайтындай мал-мүлік бер» деп дұға етті. Ол адам елу рет қажылыққа барды. Елу бірінші рет қажылыққа бара жатқанында Жухфә деген жерде ғұсыл құйынып жатқанында сел келіп, ол сол жерде қайтыс болды.

• Хазреті Зәйд (радиаллаһу анһ) шәһид етіліп, дарға асылды. Хаким бин Аббас Кәлби хазреті Әлиді және хазреті Зәйдті жамандаған екі шумақ өлең оқыды. Жафәр Садық хазрет бұл өлеңді естігенде қолын жайып, «Аллаһым, мына өтірікші адамға иттеріңнің біреуін жібер» деп дұға етті. Умәйя ұлдары Хаким бин Аббас Кәлбиді Куфаға жіберді. Жолда бір арыстан оған шабуылдап, паршалап тастады. Бұл оқиға Жафәр Садық хазретке хабар берілгенде ол сәждеге жығылып, «Аллаһу та'алаға шүкір, бізге уәде еткенін орындады» деді.